Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіповке Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 945 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері
арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері (бұдан әрі – Тараптар деп аталатын),
Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттердің тең құқықтық және өзара құрметтеу қағидаттарына негізделген ынтымақтастықты кеңейтуге, достық қатынастарды дамытуға және нығайтуға ұмтыла отырып,
2002 жылғы 7 маусымдағы ШЫҰ Хартиясының, сондай-ақ ШЫҰ-ның басқа да құжаттарының ережелерін басшылыққа ала отырып,
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастықты жетілдіру қажеттілігінің маңызы зор екенін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастықты мынадай бағыттар бойынша дамытады:
- қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
- өмір туралы ғылым;
- ауылшаруашылық ғылымдары;
- наножүйелер және материалдар;
- ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар;
- энергетика және энергия үнемдеу;
- Жер туралы ғылым, оның ішінде сейсмология және геология;
- және басқа да өзара келісілген ынтымақтастық салалары.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында аталған бағыттар бойынша ынтымақтастық ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес екі жақты да, көп жақты негізде де мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
- ғылыми-техникалық зерттеулер ұйымдастыру;
- бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру;
- ШЫҰ шеңберінде өткізілетін ғылыми конференцияларды, семинарларды және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу;
- ғылымның түрлі салаларында инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу;
- ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасу;
- сарапшылармен және ғалымдармен алмасу;
- Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша айқындалатын басқа да ықтимал нысандар.
3-бап
Тараптар ұлттық заңнамаға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес осы Келісімді іске асыру барысында алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды қорғауды қамтамасыз етеді.
4-бап
Осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген бірлескен іс-шараларды, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды өткізу, қаржыландыру шарттары әрбір нақты жағдайда Тараптар мемлекеттерінің мүдделі ұйымдарымен келісіледі.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру бойынша ынтымақтастықты үйлестіруді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылым және техника министрліктері мен ведомстволарының басшылары кеңесінің шешімімен құрылған және оның Жұмыс регламентіне сәйкес жұмыс істейтін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобы жүзеге асырады.
6-бап
Осы Келісімнің жекелеген ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамаларға қол қояды.
7-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Осы Келісім Тараптардың өздерінің мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты даулы мәселелер мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, олар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықтың жұмыс тілдері орыс және қытай тілдері болып табылады.
11-бап
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және әрбір қол қойған Тараптың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім, егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, кейінгі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.
12-бап
Осы Келісім өз күшіне енгеннен кейін ШЫҰ-ның мүшесі болған кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық.
Қосылған мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Депозитарий қосылған мемлекетке қатысты осы Келісімнің күшіне енген күні туралы Тараптарды хабардар етеді.
13-бап
Тараптардың кез келгені дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнен шығудың болжамды күнінен 90 күн бұрын депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий тиісті хабарламаны алған күннен бастап 30 күн ішінде осы ниет туралы басқа Тараптарды хабарландыруға міндетті.
Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату соған сәйкес жүзеге асырыла бастаған, бірақ оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін аяқталмаған қызметті қозғамайды.
14-бап
Осы Келісімнің депозитарийі ШЫҰ Хатшылығы болып табылады, Хатшылық Келісімнің түпнұсқасын алғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде оның расталған көшірмесін Тараптарға жолдайды.
2013 жылғы « » қыркүйекте Бішкек қаласында орыс және қытай тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін