Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағаларын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға жіберу мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С.Ахметов
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағаларын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға жіберу мәселелері туралы
Лауазымды адамдарды іссапарға жіберу тәртібін реттеу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан
Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары (бұдан әрі - іссапарға жіберілетін адамдар) өз бастамасы бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға (оның ішінде демалыс және мейрам күндері) шығуы қажет болған жағдайда, алдын ала іссапар басталғанға дейін кемінде үш күн бұрын:
1) Қазақстан Республикасының Президентіне немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысына іссапарға шығуына рұқсат беру туралы жазбаша қолдаухат (бұдан әрі - қолдаухат);
2) іссапар қажеттілігінің негіздерін, мерзімін, мақсатын және қаржыландыру көздерін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге алдағы шығуы туралы жазбаша ақпарат енгізеді.
2. Іссапарға жіберілетін адамдардың Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуы қажет болған жағдайда, қолдаухат жіберілмейді.
Бір тәуліктен аспайтын мерзімге іссапарға шыққан кезде қолдаухат жіберу талап етілмейді - Қазақстан Республикасының Президентімен немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысымен ауызша келісу жеткілікті.
Осы Жарлықтың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жазбаша ақпаратты арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне енгізбейді.
3. Іссапарға жіберілетін адамдар іссапардан қайтып оралғаннан кейін он жұмыс күні ішінде:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне іссапардың қорытындылары туралы жазбаша есеп;
2) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне өткен іссапар туралы ақпарат жібереді.
Арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өткен іссапар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жібермейді.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев