"Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі тұжырымдаманы бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 1027 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі тұжырымдаманы бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С. Ахметов

Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі тұжырымдаманы бекіту туралы

      Республиканың құрылыс саласын дамыту, құрылыстың орнықты жоғары мәдениетін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі тұжырымдама бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                           Н. Назарбаев

      Қазақстан Республикасы
      Президентінің   
      2013 жылғы     
      № Жарлығымен 
      БЕКІТІЛГЕН   

Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі тұжырымдама Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалауды пайымдау 1. Ағымдағы жағдайды талдау

      1. Қазіргі уақытта құрылыс саласындағы заңнама «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы»,  «Техникалық реттеу туралы»Қазақстан Республикасының заңдарынан, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесінен және басқа нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      Құрылыс қызметінің негізгі түпкілікті өнімдерінің – ғимараттар мен басқа да салынған құрылыстардың қауіпсіздігі құрылыс саласындағы техникалық реттеу жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл геологиялық, табиғи-климаттық, технологиялық және пайдалану ортасының бірегей жағдайларында жердің нақты учаскесін кейіннен пайдалану үшін құрылыс қызметіне қатысушылардың ұжымдық және келісіп күш сала отырып шығаратын күрделі, көпқұрауышты бірегей өнімдері болып табылатын ғимараттар мен құрылыстардың сипаттамасымен негізделген.
      2. Өткен ғасырдың 90-жылдарында құрылыс нормалары мен қағидаларының үлкен бөлігін өңдеу жүзеге асырылған болатын. 2004 жылы күшіне енген «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы елдің нормативтік базасын қайта құрылымдау және саудадағы, соның ішінде құрылыс саласындағы кедергілерді жою мақсатында әзірленді.
      Бірақ күтілген нәтижеге бірқатар объективтік себептерге байланысты қол жеткізілген жоқ:
      1) Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңдарындағы өнімдер мен процестерді қамтамасыз ететін құқықтық реттеудің сәйкес келмеуі салдарынан. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңындағы нормативтердің (нормалар, ережелер, стандарттар және басқалар) міндетті сақталу мәртебесі бар. Сонымен қатар, «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы техникалық регламенттерден басқа стандарттар мен өзге де нормативтердің ерікті мәртебесін белгілейді;
      2) құрылыс саласын дамыту бойынша нарықтық қатынастар талаптары позициясының және әлемдік техникалық деңгейдегі жетістіктердің құрылымы және мазмұны бойынша құрылыс саласының ескірген нормативтік-техникалық базасы қайта қаралмаған.
      3. 2009 жылы техникалық реттеудің шетелдік тәжірибесін, соның ішінде бірқатар экономикалық дамыған елдердің (Австралия, Ұлыбритания, Еуропалық Одақ елдерінің, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Жапония) құрылыс саласының нормативтік базасын, сондай-ақ Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы және Украинаның тәжірибесін зерттеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді.
      Талдау техникалық нормалаудың Еуропалық жүйесі бойынша ғимараттар мен құрылыстардың тіреуіш конструкцияларын жобалаудың бірыңғай әдістемесі және төзімділік пен үнемділік аспектілерін ескере отырып, өрт болған жағдайда тетіктік беріктік, тұрақтылық және қауіпсіздік бөлігіндегі екі талапқа сәйкес келуін растайтын дәлелдеу тәсілі ретінде Еурокодтарды қолдану және пайдалану көзделетінін көрсетті.
      4. Кеден одағы шеңберінде 2010 жылғы 18 қарашадағы «Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы» келісім бойынша «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент жобасы әзірленді. № 305 Еуропалық Регламентке ұқсас талаптарды сақтауды ұйғарылған әдістен нормалаудың параметрлік әдісіне өтуге бағытталған мемлекетаралық нормативтік құжаттар және стандарттар жүйесін құру жолымен қамтамасыз ету көзделген.
      5. Әлемнің әр түрлі өңірлеріндегі елдер сауда-экономикалық қатынастарға кіру және капиталды, еңбек ресурстарын, өнімдерді және қызметтерді кедергісіз ауыстыру және пайдалану үшін техникалық реттеудің ұлттық жүйелерін үйлестіріп отыр. Ғимараттар мен құрылыстардың конструкцияларын жобалау бойынша есептердің бірыңғай қағидаттарының құрылысқа (кейіннен 305/2011 регламентін қабылдай отырып, 89/106 Еуропалық директивасы) қойылатын бірыңғай базалық талаптарын белгілеу бойынша Еуропалық одақтың бағдарламасы айрықша ауқымды болып табылады (еурокодтар). Еурокодтар құрылыс материалдары мен бұйымдарына (CEN) арналған еуропалық үйлестірілген стандарттар жиынтығында қолданылады.
      6. ТМД елдері (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Украина) техникалық реттеудің еуропалық жүйесін енгізудің түрлі кезеңдерінде тұр.
      Сонымен қатар, ТМД және Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі (БЭК) интеграциялық процестер келісу саясатын жүргізу және техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттарын белгілеу қажеттілігін туғызды. ЕО қатысушы елдерінің мысалы бойынша мемлекетаралық келісімдерді орындау үшін «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентінің жобасы әзірленді. Техникалық регламент талаптарын орындау мақсатында қолданылатын мемлекетаралық нормативтік құжаттар тізімі ЕО және ДСҰ интеграциялануды ескере отырып, КО қатысушы елдердің ұлттық нормативтік құжаттарын үйлестіру негізінде қалыптасады.
      Тұтастай алғанда, кеден одағы, ЕурАзЭҚ және ТМД бойынша құрылыстағы техникалық реттеудің бірыңғай тәсілдері мен қағидаттарын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы құрылыс саласының техникалық реттеу жүйесін реформалау Кеден одағы, ЕурАзЭҚ және ТМД бойынша Еуропалық әдістермен (еурокодтар) және мемлекетаралық нормативтік құжаттармен үйлестірілген құрылыс саласының жаңа нормативтік базасын құру жолымен жүзеге асырылуы қажет, ол параметрлік нормалауды енгізуден тұрады.
      7. Бұрыннан бар нормалау жүйесі нормалаудың ұйғарылған әдісіне – бекітілген құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНжЕ), стандарттарға (МЕМСТ) сәйкес объектілерді жобалау және салу талаптарын қатаң сақтауға негізделген, бұл басқа (балама) нұсқаларды қолдануға жол бермейді, инновациялық (жаңа) жобалау шешімдерін тартуға кедергі болады. Бұл шетелдік және отандық инвестицияларды тартуды және құрылыс саласындағы ғылыми-техникалық әзірлемелер мен шешімдерді тежейді.
      8. Еуропалық елдерде ғимараттар мен құрылыстарды пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын ғана қатаң сақтауға бағытталған нормалаудың параметрлік әдісі қолданылады, ал басқа параметрлер құрылыс процесіне қатысушы субъектілердің шешімі бойынша қаралады.
      Осыған байланысты, нормалаудың параметрлік әдісі құрылыс саласындағы техникалық регламенттің параметрлік талаптарын сақтау әдістеріне негізделген құрылыс шешімдерін таңдауға рұқсат береді.
      Осылайша, жоғарыда аталған материалдарды талдау нәтижелері бойынша:
      1) экономикасы дамыған елдердің және Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің, ЕурАзЭҚ және ТМД мүшелерінің техникалық реттеу жүйелеріне тән жалпы қағидаттар мен тәсілдер айқындалды;
      2) Қазақстанның құрылыс саласының қолданыстағы техникалық реттеу жүйесін Еуропалық одақтың экономикасы дамыған елдерінің, сондай-ақ Кеден одағының, ЕурАзЭҚ және ТМД қатысушы мемлекеттердің ұқсас жүйелерімен салыстырғанда түбегейлі айырмашылықтар анықталды;
      3) ұйғарылған әдістен экономикасы дамыған елдерде, соның ішінде нормалаудың еуропалық жүйесінде қабылданған қазіргі параметрлік әдіске кезең-кезеңімен өтуді жүзеге асыру ұсынылып отыр.
      Бұл ретте Қазақстан Республикасындағы нормалаудың қолданыстағы қатаң ұйғарылған әдісінің еуропа елдерінде және әлемнің көптеген басқа елдерінде қабылданған икемді параметрлік әдіске сәйкес келмеуі орын алады.
      Осыған байланысты, Қазақстанда 2010 жылы «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті, еурокодтарға ұқсас құрылыс нормалары (ҚР ҚН EN) әзірленді және бекітілді, оларға ұлттық қосымшаларды қалыптастыру аяқталып келеді. Құрылыс материалдары мен бұйымдарына стандарттарды үйлестіру (ҚР ҚН EN) және параметрлік нормалау қағидаттарының негізінде ғимараттар мен құрылыстар және инженерлік жүйелер бойынша нормативтерді әзірлеу жүзеге асырылады.
      9. Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуі құрылыс өндірісі көлемінің артуына, тікелей шетелдік инвестициялар түсімінің артуына ықпал етті. Шетелдік жобалау құжаттамасын пайдалана отырып әзірленген объектілердің құрылысы олардың бейімделуі арқылы және нормативтік құжаттарда айырмашылықтар болғандықтан арнайы техникалық шарттарды (АТШ) әзірлеу арқылы жүзеге асырылды.
      Алайда, қолданыстағы ҚНжЕ қалай және неден салу қажеттігіне нақты нұсқау береді, бұл нұсқаулар қандай мақсатты көздейтіні және нәтижесінде объект қалай жұмыс істейтіні түсіндірілмейді. Жобалаушы, құрылысшы, инспектор ҚНжЕ нұсқауларын мүлтіксіз орындауға міндетті. Егер ҚНжЕ жылдар бойы немесе он жылдап жаңартылмаса, нормаларда инновациялар мен жаңа материалдарды енгізуге кедергі болатын ұйғарылған құрылыс шешімдері консервацияланады.
      10. Құрылыс материалдары мен бұйымдарының отандық стандарттарының үйлестірілу қарқынының төмендігі қаржыландырудың жетіспеуіне негізделген.
      Отандық құрылыс ғылымы – инновация мен нормативтерді жетілдіру үшін платформа ретінде республикадағы ғылымды жалпы қаржыландырудың 0,01% (50 млн. теңге) қалдықты қағидаты бойынша қаржыландырылады, бұл елдің ЖІӨ құрылыс үлесін қарама-қарсы қояды (10 %-ға дейін). Адамның тұру ортасы мен тіршілік етуінің жасанды ортасын қалыптастыру мен ұстау мемлекеттің маңызды басымдығы болып табылатынына қарамастан, дей тұрғанмен жоғары ғылыми-техникалық комиссияларда және ұлттық ғылыми кеңестерде саланың ғалымдары жоқ. Бұл салалық бағдарламалар мен жобаларды бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру бойынша өтінімдерді қорғауды қиындатады, тәжірибе көрсеткендей бұл процесті болашағы жоқ сияқты етіп көрсетеді.
      11. Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі интеграцияланған процестерді нығайту нәтижесінде құрылыс нарығында өңірлік бәсекелестіктің өсуіне жергілікті өндірушілердің әлсіз дайындығы. Бұл келешекте импорттың өзінің артықшылығын сақтап қалатын инновациялық өнім туралы айтпағанда, дәстүрлі жергілікті құрылыс өнімін де қозғайды. Осы жаһандық сынақтарға қарсы тұру үшін тиімді қорғау тетіктері әзірленбеген.
      12. Құрылыс индустриясында үйлестірілген стандарттарды енгізу бойынша жүйелі шараларға тиісті назар аударылмайды, себебі әкімшілік кедергілер объектілер құрылысының мерзімдерін арттырады және саланың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді.
      Құрылыс сапасын жақсарту бойынша жеке міндеттерді шешуден қауіпсіз және сапалы материалдық ресурстардың және білікті адами ресурстардың қол жетімділігін, жұмысқа қабілетті және тиімді техникалық реттеу жүйелерін құруды білдіретін құрылыс мәдениетін үздіксіз арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жүйелі шараларға толығымен өту қажет.
      Осылайша, техникалық реттеу жүйесінің және экономикасы дамыған елдердің құрылыс саласындағы нормативтік база тәжірибесін талдау отандық жүйенің барынша артта қалғанын және қайта құру қажеттілігін көрсетті, онсыз Қазақстанның әлемнің экономикалық жүйесіне ықпалдасуы проблемалы болып табылады.

2. Түйінді проблемалар

      13. Ағымдағы жағдайды талдау нәтижелері бойынша мынадай түйінді проблемалар айқындалды:
      1) нарықтық экономиканың жаңа жағдайларында, соның ішінде Кеден одағы, ЕурАзЭҚ шеңберінде құрылыс саласының нормативтік-техникалық базасын дамыту үшін қолданыстағы заңнамалық негіздің жетілмегендігі;
      2) алдыңғы қатарлы шетелдік, оның ішінде еуропалық елдердің озық нормалау жүйелеріне сәйкес келмейтін нормалаудың, стандарттаудың және сәйкестікті бағалаудың ескірген әдістерінің қолданылуы;
      3) Қазақстан Республикасындағы нормалаудың қолданыстағы қатаң ұйғарылған әдісінің еуропа елдерінде және әлемнің көптеген басқа елдерінде қабылданған икемді параметрлік әдіске сәйкес келмеуі;
      4) қолданбалы құрылыс ғылымын, инновацияларды дамытуда ынталандыру және қолдау көрсету және құрылыс өндірісіндегі жаңа технологиялар мен техниканы енгізу болған жоқ, құрылыстағы нормалар мен стандарттарды әзірлеу процестерінде ғылыми қолдаудың жетіспеушілігі;
      5) құрылыс индустриясының отандық кәсіпорындарының және құрылыс материалдары, бұйымдары өндірісінің кейін қалған және энергияны көп қажет ететін технологиялары әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапалы құрылыс өнімін өндіру үшін мүмкіндік бермейді;
      6) құрылыс материалдары мен бұйымдарының отандық стандарттарының төменгі үйлесу қарқыны қаржыландырудың жетіспеушілігіне негізделеді;
      7) халықаралық стандарттардың талаптарын енгізуге жәрдемдесу үшін қажет жаңа нормативтерді әзірлеу процесінде ведомствоаралық үйлестірудің жетіспеушілігі;
      8) техникалық ЖОО білім беру бағдарламаларында құрылыстағы нормативтік база және техникалық реттеу бойынша пәндерге жеткіліксіз назар аударылады.

3. Құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі тұжырымдаманың қажеттілігін негіздеу

      14. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасы жүйесін реформалау жөніндегі тұжырымдама Кеден одағы, ЕурАзЭҚ және ТМД елдері, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіру бойынша мемлекеттік саясат шеңберіндегі ықпалдастық процестерін ескере отырып, Қазақстанның экономикасын еуропалық және әлемдік қауымдастыққа ықпалдастыру мақсатында әзірленді.
      Қазақстанның экономикасы дамыған әлем елдерінің тәжірибесі мен жүйелерін және процестерді үйлестіруі, ДСҰ-ға кіруі және Кеден одағын құруы арқылы әлемдік экономикалық жүйеге ықпалдасуға ұмтылуы тұрақты даму және әлемдік экономикаға ықпалдасу қағидаттарының негізінде елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды есепке ала отырып, экономика саласының қайта құрылу және қайта бағдарлау қажеттілігін туындатты.
      15. Осы тұжырымдаманы қабылдаудың негіздемесі ел мүддесін қорғауға бағытталған құрылыс заңнамасы, құқықтық және техникалық нормалау, стандарттау, сертификаттау, сәйкестікті бағалау, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы саясатын жетілдіру, соның ішінде жылжымайтын мүлік объектілері қауіпсіздігінің және кәсіпорындардың экспорттық бағдарының жоғарғы сапасын қамтамасыз ету мақсатында құрылыс саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігі болып табылады.
      Сонымен қатар, құрылыс саласы ірі және экономиканың тігінен және көлденеңінен ықпалдасатын салаларының бірі болып табылады, осыған байланысты құрылыс саласының нормативтік базасын реформалауды салааралыққа жатқызу қажет.

4. Реформалаудың жалпы параметрлері

      16. Құрылыс саласының нормативтік саласын реформалау тұжырымдамасы Қазақстан Республикасындағы саланың индустриялық саясатын қоса алғанда, реформалау мүмкіндіктері мен кезеңдерінің пайымын ұсынады.
      Тұжырымдамада өңірлік және әлемдік интеграцияланатын процестерді ескере отырып, құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың негізгі мүмкіндіктері мен болжамды сценарийлері көрсетіледі.
      Техникалық реттеу жүйесі Қазақстанда құрылыстың жоғарғы мәдениетін құрудың, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың іргетасы ретінде қарастырылады.
      17. Нормативтік база реформасы бойынша түйінді әрекет ету құрылыс қызметіне қатысушылардың және тұтынушылардың экономикалық және әлеуметтік мүдделерінің тұрақты балансына жету үшін тоғыстырылуы қажет.
      Реттеу субъектілеріне ұсынынатын экономикалық және шығармашылық еркіндік деңгейі реттелетін субъектілердің барабар әлеуметтік сана сезімімен және кәсіби этика нормаларын сақтаумен бір уақытта нығаюы қажет.
      18. Осы тұжырымдаманың негізінде ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, осы қағидаттарды іске асырудың әртүрлі нысандары кезінде техникалық реттеу қағидаттарын үйлестіру арқылы өңірлік және әлемдік әлеуметтік жүйеге Қазақстанның құрылыс саласын терең ықпалдастыру жатыр.
      Мемлекеттік билік органдары мен жеке сектор мамандарының тығыз ынтымақтастығына, кәсіби мүдделерді және құрылыс қызметі өнімдерін тұтынушылардың мүдделерін білдіретін барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен жеке сектор ұйымдарының тікелей қатысуына ерекше назар аудару қажет.
      FIDIC (инженер-консультанттардың халықаралық федерациясы) құжаттарының үлгісіндегі келісімшарттар нысаны мен халықаралық стандарттарды пайдалану мүмкіндігін қарау қажет.
      Құрылыстың техникалық реттеу жүйесінің жетістікке жету жолы тұжырымдаманы іске асыру құралдары арқылы, соның ішінде құрылыстың сметалық құнының қымбаттауына жол бермейтін нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу арқылы жүргізілетін болады.
      Құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттері
      19. Тұжырымдаманың мақсаты еліміздің құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық базасын еуропалық және әлемдік стандарттармен үйлестіру және жетілдіру арқылы еліміздің экономикалық әлеуетін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
      20. Тұжырымдаманың міндеттері:
      1) нарықтық экономиканың жаңа жағдайларындағы, соның ішінде Кеден одағы, ЕурАзЭҚ шеңберінде құрылыс саласын дамыту үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық негізін жетілдіру және алдыңғы қатарлы шетелдік, соның ішінде еуропалық елдердің озық нормалау жүйелеріне сәйкес келмейтін нормалаудың, стандарттаудың және сәйкестікті бағалаудың ескірген әдістерін жою, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы нормалаудың қолданыстағы қатаң ұйғарылған әдісінен еуропа елдерінде және әлемнің көптеген басқа елдерінде қабылданған икемді параметрлік әдіске өту;
      2) қолданбалы құрылыс ғылымын, инновацияларды дамытуда ынталандыру және қолдау көрсету және құрылыс өндірісіндегі жаңа технологиялар мен техниканы енгізу, құрылыстағы нормалар мен стандарттарды әзірлеу процестеріне ғылыми қолдау көрсету;
      3) құрылыс индустриясының отандық кәсіпорындарының технологиясын және құрылыс материалдарын, бұйымдарды өндіруді жетілдіру;
      4) тетік беріктігі, өрт қауіпсіздігі, денсаулық (адам және жануар) және қоршаған орта қауіпсіздігі, шудан қорғау, энергияны үнемдеу және жылуды сақтау, сондай-ақ еуропалық нормалау әдістері бар (Еурокодтар) құрылыс материалдары мен бұйымдарының отандық стандарттары бойынша «Ғимараттар мен құрылыстардың және іргелес аумақтардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентінің нормаларын үйлестіру.

5. Іске асыру кезеңдері және күтілетін нәтижелер

      21. Бірінші кезең: дайындау (2013 - 2014 жылдар)
      ҚР ҚН EN құрылыс нормаларының жиынтығын, құрылыс нормаларын және ғимараттар мен құрылыстарға арналған ережелер жинағын, инженерлік жүйелерді, құрылыс нормаларын сүйемелдейтін сілтеме стандарттарды үйлестіру және еурокодтарға ұқсас ережелер жинағын, сондай-ақ Қазақстанның климаттық, геологиялық, табиғи-климаттық, сейсмологиялық және басқа ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, оларға ұлттық қосымшаны әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр.
      БЭК және КО рәсімдерінің дайын болуына байланысты Беларусь, Қазақстан Республикаларының және Ресей Федерациясының ұлттық нормативтік құжаттары негізінде құрылыстағы мемлекетаралық нормативтік құжаттарды қалыптастыру басталады.
      Жобалаушылар мен құрылысшылардың тиісті кадрлық әлеуетін дайындау мақсатында жаңа оқу-білім беру бағдарламалары (нормативтер) және кәсіби стандарттар әзірленетін болады.
      22. Екінші кезең: 2015 жылдан бастап техникалық реттеудің жаңа жүйесіне өту және техникалық реттеудің ескі және жаңа жүйелерінің 2020 жылға дейін «қатар әрекет ету кезеңі».
      Қатар әрекет ету кезеңі – бұл Қазақстан Республикасының құрылыс саласының әрекет етуші кадрлары мен кәсіпорындарының әлеуетін пайдаланудың мәжбүрлі шарасы.
      2015 – 2020 жылдары университеттер және салалық институттар Қазақстанның климаттық, геологиялық, табиғи-климаттық, сейсмологиялық және басқа ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, еуропалық нормалар мен стандарттарға бейімдеу, жаңа технологияларды, материалдарды, бұйымдарды және конструкцияларды игеру, құрылыс саласындағы инновацияларды әзірлеу бойынша ғылыми зерттеулер кешенін жүргізетін болады, сондай-ақ техникалық реттеудің жаңа жүйесін пайдалану бойынша студенттерді оқытуды бастайды.
      «Қатар әрекет ету кезеңі» жаңа нормативтік базаны практикалық мақұлдау, соның ішінде оларды енгізудің тұрақты және тиімді процесін құру, мамандардың кәсіби деңгейін үздіксіз арттыру, даярлау және қайта даярлауды қамтамасыз ету кіреді.
      «Қатар әрекет ету кезеңінің» соңына қарай техникалық реттеудің жаңа жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін барлық ұлттық қосымшалар қабылдануы қажет.
      23. Үшінші кезең: жаңа нормативтік базаны түзету және қолдану тәжірибесін қорыту (2021 – 2025 жылдар).
      2021 – 2025 жылдары реформаның айқын нәтижелері алынып, жинақталатын болады.
      24. Күтілетін нәтижелер:
      1) құрылыстың жоғарғы мәдениеті және адамның өмір сүруі мен тіршілік етуіне қолайлы жасанды орта;
      2) еуропалық және әлемдік экономикалық жүйеге отандық құрылыс саласын терең және тұрақты ықпалдастыру;
      3) жобалаушыларды және құрылысшылардың құрылыс материалдары мен конструкцияларды өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
      25. Индикаторлар:
      1) Еуропалық одақ елдерінің, Кеден одағы, БЭК мемлекеттерінің ұқсас жүйелерімен кемінде 90 % үйлестірілген құрылыс саласының жаңа нормативтік-техникалық базасын құру;
      2) 2015 жылмен салыстырғанда құрылыс саласына шетелдік инвестицияларды тарту деңгейін 2020 жылға қарай 30 %-ға дейін арттыру;
      3) 2020 жылға қарай инновациялық технология бойынша жұмыс істейтін құрылыс индустриясы кәсіпорындарының үлесін арттыру.

Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын
реформалаудың негізгі қағидаттары және жалпы тәсілдері

      1. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың қағидаттары.

      26. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың негізгі қағидаты ұлттық ерекшеліктерді ескеріп, есептердің бірыңғай қағидаттарын қолдана отырып (еурокодтар), қатаң ұйғарылған әдістен еуропа елдерінде қабылданған икемді параметрлік әдіске өту болып табылады. Ұлттық нормативтер өңірлік және халықаралық нормативтердің ескіргендерін жаңарту немесе бейімдеу әдісімен әзірленеді.
      27. Реформа:
      1) құрылымдық;
      2) кешенді;
      3) салааралық;
      4) жүйелі;
      5) мақсатты;
      6) кезең-кезеңімен;
      7) қайталамайтын;
      8) ғылыми негізделген;
      9) Қазақстан Республикасының барлық әкімшілік-аумақтық құрылымдарын қамтитын ауқымды болуы тиіс.
      28. Құрылыс саласының жүйесін реформалауды Қазақстан Республикасының құрылыс саласының реформасын әр кезеңнің нәтижелерін тактикалық және стратегиялық мақсаттарына сәйкес бағалай отырып, кезең-кезеңімен жүргізу болжанып отыр.
      Реформаның нормативтік құқықтық актілерде бекітілген тұрақты теориялық және әдіснамалық негізі болуы қажет.
      Реформаның нәтижелері өлшенетін және берілген өлшемге сәйкес келуі сандық және/немесе сапалық бағалануы қажет. Өлшемдерге сәйкес келмейтін нәтижелер белгіленген мерзімдерде түзетілуі қажет.
      Реформаның тереңдігін, кеңдігін, ауқымдылығын және күрделілігін ескере отырып, ресурстарды жоспарлауды және жұмылдыруды қоса алғанда, реформаны дайындауға және іске асыруға мұқият дайындық жүргізу қажет.

      2. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың жалпы тәсілдері

      29. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың жалпы тәсілдері:
      1) зерттеу, сынақ жүргізу, сондай-ақ EN стандарттарын түрлендіру жолымен индикативтік коэффициенттерді (ұлттық анықталатын параметрлерді) таңдау қажет болатын есептердің бірыңғай қағидаттарын енгізу;
      2) Қазақстанның көрсеткіштері үшін тиімді Кеден одағы шеңберіндегі құрылыстың нормативтік құжаттарының мемлекетаралық жүйелерін енгізу. Бұл ретте сынау жабдығын ішінара ауыстыру, өндірісті ішінара жаңғырту қажет болады;
      3) озық шетелдік тәжірибені және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, құрылысты техникалық реттеудің (нормативтік база, бақылау және қадағалау жүйесі, сәйкестікті бағалау жүйесі) барлық жүйелі компоненттерін параметрлік үлгіге өткізу. Құрылыс нормалары (ҚН) функционалдық талаптарды және жұмыс сипаттамаларына қойылатын талаптардан, техникалық регламенттің базалық талаптарын дамытатын және нақтылайтын нормативтік талаптардан тұрады. Қағидалар жинағы (ЕҚЖ) – құрылыс шешімдерінің мақұлданған құралы ретінде көрінетін ерікті қолданылатын қолайлы шешімдер. Бұл ретте ҚН құрылымы оларды өзекті жағдайда ұстауды жеңілдетеді және арзандатады, себебі маңызы бар мағыналы мақсаттар мен функционалдығы іргелі болып табылады және жиі қарауды және өзгертуді қажет етпейді. Қағидалар жинағы құрылыс саласының жаңа жетістіктерін есепке ала отырып, уақытында жаңартылатын болады;
      4) Қазақстанның құрылыс нормалары адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау, адамдардың қауіпсіздігін қорғау бойынша ең төменгі талаптардан тұруы қажет және кедергілер келтіретін басқа да мақсаттармен, сондай-ақ қолайлы шешімдердің әдісі шеңберінде құрылыс құнының артуымен ауыртпалық түсірмеуі қажет. Барлық инновациялық шешімдер, соның ішінде инженерлік жүйелер бойынша баламалы шешімдер әдісінің щеңберінде іске асырылуы мүмкін. Баламалы шешімдерді бағалау рәсімдері қолжетімді ашық және болжамды болуы қажет;
      Ол үшін:
      техникалық реттеу қағидаттарын іске асырудың түрлі нысандарын, соның ішінде нормалаудың еуропалық әдістеріне (еурокодтар) сәйкес келетін ғимараттар мен құрылыстарды, салу бойынша құрылыс заңнамасын сақтау құралдарын таңдау еркіндігін құру;
      отандық ғылыми зерттеулер және инновация негізінде ұлттық нормативтердің өзектілігін жолға қою қажет.
      5) ЕО жалпы қабылданған ғимараттар мен құрылыстардың тіреуіш конструкцияларын жобалау қағидаттары есептерінің бірыңғай қағидаттарына өту – 10 еурокодтың 58 бөлігін аударуды, олардың ажырамас бөлігі болып табылатын ұлттық қосымшалардың және мыңнан астам сілтеме стандарттарды әзірлеуді қажет етеді. Ұлттық қосымшаларда Қазақстан аумағының табиғи-климаттық әсері және жергілікті құрылыс материалдарының индикативтік параметрлерінің құрамы басым. Жобалау үшін көрсетілген құжаттар жеткіліксіз, жобалаушылардың Еуронормалар негіздерін және оларды іске асыру бойынша практикалық ұсыныстарды игеруіне ықпал ететін нормативтік-техникалық нұсқаулар пакеті жасалып жатыр;
      6) ғимараттар мен құрылыстардың энергия тиімділігін нормалаудағы Еуропалық одақ тәжірибесін енгізу (EPBD-2010 ғимараттарының энергиялық сипаттамасы бойынша Еуропалық директива (Energy Performance of Building Directive). Директива EN 40-тан астам стандарттарымен, соның ішінде ғимараттағы жалпы энергия тұтынуды сипаттайтын, жекелеген инженерлік жүйелер мен жалпы ғимараттың энергия тұтынуын есептеу әдістерін белгілейтін, ғимараттың жылытылуы мен салқындатылуына жүктемелерді, ғимараттың жұмыс істеу шарттарын таңдау ережелерін анықтайтын, ғимараттардың энергетикалық тиімділігін таңбалау мен сертификаттаудың мониторингі мен анықталуын қамтамасыз ететін стандарттарымен қуатталады.
      Қолданыстағы құрылыстық нормативтік базаны ескере отырып, ұлттық стандарттарды үйлестіру «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ғимараттар мен құрылыстардың энергия тиімділігін сертификаттауды қамтамасыз ететін нормативтік әдістемелік қамтамасыз етуді құрады;
      7) еуропалық нормалауды (еурокодтарды) есепке ала отырып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша «жасыл» және энергетикалық тиімді құрылыс нормативтік базасын құру: құрылыс қоқысын қайта бөлу, ғимараттар мен құрылыстарды жақсарту.

      3. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалауды іске асыру құралдары

      30. Тұжырымдама елдің құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық базасының қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құрылыс объектілерінің сапасын арттыруға негізделген еуропалық және әлемдік стандарттармен (еурокодтармен) үйлестірілген жаңа жүйесін құруды ұйғарады.
      31. Құрылыс саласының жаңа нормативтік базасында қолданылуы міндетті екі компонент айқындалған:
      1) реттеу субъектілерінің барлығының орындалуы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік-техникалық құжаттардан тұратын құрылыс заңнамасы;
      2) ерікті нормативтік-техникалық құжаттар – қағидалар жинағы, құрылыс заңнамасының ажырамас бөлігі болып табылмайтын және ерікті қолдануға арналған нормативтік-техникалық құралдар мен стандарттар.
      32. Тұжырымдамадағы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалауды іске асыру құралдары Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай техникалық реттеу қағидаттары мен ережелері туралы келісімге сәйкес келеді.
      «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентінің жобасы № 305/2011 Еуропалық парламент регламентімен келісілген негізгі базалық талаптардан тұрады, ал құрылыс нормаларындағы міндетті қолдану – ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздік сипаттамасының нақты талаптарынан тұрады. Ерікті қолдануға арналған қағидалар жинағында міндетті талаптарды орындауды қамтамасыз ету бойынша міндеттерді шешу тәсілдері келтірілген. Ерікті қолдануға арналған стандарттарда өнімге қойылатын техникалық талаптар мен сынақ әдістері келтірілген.
      33. Ұлттық нормативтік-техникалық құжаттар құрылыстағы мемлекетаралық нормативтік құжаттар жүйесімен келісіледі, бұл КО және БЭК-тегі жобалау мен салудың бірыңғай нормативтік базасын қалыптастыру мақсатында мүдделі мемлекеттермен бірге оны қалыптастыру үшін негіз болып табылады.
      34. Құрылыстағы нормативтік-техникалық жүйе мына бөлімдерді (топтарды):
      1) ұйымдастыру құжаттарын;
      2) сенімділік мен тетіктік қауіпсіздіктің негізгі ережелерін;
      3) өрт қауіпсіздігін;
      4) қолайсыз әсерлерден қорғауды;
      5) жоспарлау және құрылыс салуды;
      6) әр түрлі мақсаттағы ғимараттарды;
      7) әр түрлі мақсаттағы құрылыстарды;
      8) ғимараттар мен құрылыстардың ішкі инженерлік жүйесін;
      9) құрылыс конструкцияларын, ғимараттар мен құрылыстардың негіздерін, іргетастарын;
      10) құрылыс материалдары мен бұйымдарын қамтиды.
      35. Тұжырымдама «Кеден одағының техникалық регламентіндегі баға сәйкестігінің үлгілік сызбасын қолдану (растау) тәртібі туралы ережемен» келісілген құрылыстағы сәйкестікті бағалау жүйесін құруды көздейді.
      36. Ғимараттар мен құрылыстардың сәйкестігін бағалау ұлттық заңнаманың және Кеден одағына мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес мына нысанарда жүргізілетін болады:
      1) орындаушы инженерлік іздестірулер мен жобалау жұмыстары нәтижелерінің дұрыстығын және сәйкес келуін декларациялайды;
      2) объектілер құрылысының жобалау құжаттамасына мемлекеттік немесе мемлекеттік емес сараптама жасау;
      3) құрылыста пайдалану үшін тапсырыс берушінің (құрылысшының) жобалау құжаттамасын бекіту;
      4) қолданылатын құжаттаманы, материалдарды, бұйымдарды және қажетті сынақтарды қоспағанда, олар орындайтын құрылыс және монтаждау жұмыстарын орындаушының құрылыстық бақылауы;
      5) тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) жасырын жұмыстар нәтижелерін бақылауы, сынақтан өткізуі және кезең-кезеңімен қабылдауы;
      6) құрылысты жүзеге асыратын тұлғаның тапсырыс берушіге (құрылыс салушыға) құрылыс процесі мен орындалып жатқан құрылыс және монтаждау жұмыстарының сәйкестігін декларациялауы;
      7) құрылысты авторлық қадағалау;
      8) құрылысқа мемлекеттік бақылау;
      9) тапсырыс берушінің (құрылысшының) объектіні қабылдауы;
      10) объектінің және (немесе) оның бөліктерінің пайдалану барысындағы жай-күйін тексеру және диагностикалау;
      11) пайдаланылуын мемлекеттік қадағалау және қайта жоспарлаулар мен конструкциялық өзгерістерді келісу;
      12) объектіні жою бойынша мемлекеттік бақылау.
      Құжаттаманы декларациялау, сараптау, бақылау және қадағалау қабылдау, бекіту және рұқсат беру бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды орындау тәртібі ұлттық заңнамамен және Кеден одағына мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      37. Жобалауда қайталап қолдануға арналған жобалау құжаттамасы мен бағдарламалық құралдарды ерікті сертификаттау, құрылыс және монтаждау жұмыстарын ерікті сертификаттау көзделеді.
      38. Құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестігін бағалау келесі нысандарда жүзеге асырылады:
      1) өндірісті, материалдар мен бұйымдарды техникалық бақылау;
      2) құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестігін міндетті растау;
      3) айналымдағы құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестігін мемлекеттік қадағалау.
      Құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестігін міндетті растау мағлұмдау нысанында жүзеге асырылады. Құрылыс материалдары мен бұйымдарын ерікті сертификаттау көзделеді.
      Құрылыста қолдану үшін жарамдылығын растау нысанында жаңа құрылыс материалдары мен бұйымдарының сәйкестіктері бағалануы тиіс.
      39. Техникалық реттеу субъектілерінің сәйкестігін бағалау мамандарды, зертханаларды және сертификаттау жөніндегі органдарды, білім беру бағдарламаларын лицензиялау мен сертификаттауды, құрылыс өнімінің сәйкестігін бағалауды жүзеге асыратын сынақ зертханаларының жаңаларын құру және қолданыстағыларын техникалық жарақтандыруды жетілдіру сияқты схемаларды көздейді.
      Техникалық реттеу объектілері мен субъектілерінің сәйкестігін бағалау мемлекеттік және нарықтық тетіктерді үйлестіретін болады. Баламалы шешімдер әдісінің шеңберінде орындалған объектілер бағалау үшін бәсекелі ортаға беріледі.

      Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру:
      1) Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалаудың кешенді жоспарын қабылдау жолымен;
      2) мыналар:
      - «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      - «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      - Қазақстан Республикасының Техникалық регламенті және құрылыс саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілері арқылы болжанады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады