"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыртқы барлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 қарашадағы № 1274 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыртқы барлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С.Ахметов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыртқы барлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. «Жедел-iздестiру қызметi туралы» 1994 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., № 13-14, 199-құжат; 1995 ж., № 24, 167-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 1998 ж., № 24, 436-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 8, 53-құжат; № 17-18, 245-құжат; 2002 ж., № 4, 32-құжат; № 15, 147-құжат; № 17, 155-құжат; 2004 ж., № 18, 106-құжат; № 23, 142-құжат; № 24, 154-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 6-7, 32-құжат; № 17, 83-құжат; № 24, 121-құжат; 2010 ж., № 10, 48-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 20, 158-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; 2013 ж., № 1, 2-құжат):
      12-баптың 4-тармағында:
      бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Барлау ақпаратын алу мүддесінде Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін және күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары және Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі Қазақстан Республикасының аумағында байланыс қызметтері мен құралдарын беретін жеке және заңды тұлғалардың стационарлық аппаратурасына қосылуды болғызбайтын телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыруға құқылы.»;
      алтыншы бөлік алып тасталсын.
      2. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., № 24, 157-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 10, 108-құжат; № 12, 184-құжат; 1998 ж., № 23, 416-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 8, 233-құжат; № 23, 920-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 20, 257-құжат; 2002 ж., № 6, 72-құжат; № 17, 155-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 7, 32-құжат; № 10, 48-құжат; 2011 ж., № 1, 3, 7-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; № 8, 63-құжат; 2013 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 10-құжат; № 14, 72-құжат):
      13-бап мынадай мазмұндағы 17-2) тармақшамен толықтырылсын:
      «17-2) сыртқы барлаудың өзге де субъектілерінің және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшiлерiнiң жеке басын, олардың бөлiмшелерiнiң, үй-жайлары мен көлiк құралдарының ведомстволық тиесілілігін, сондай-ақ жасырын көмекшілердің жеке басын шифрлеу мақсатында осы органдар үшін басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдардың дайындау және (немесе) ресімдеу тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалатын құжаттарын дайындау және (немесе) ресімдеу;».
      3. «Сыртқы барлау туралы» 2010 жылғы 22 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 10, 46-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; № 8, 63-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат):
      2-баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) осы Заңның 6-бабының 2) тармақшасында көзделген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары.
      Құзыретіне барлау қызметін жүзеге асыру кіретін ұлттық қауіпсіздік органдары қызметтерінің, бөлімшелерінің және қызметкерлері санаттарының тізбесін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды;
      3) осы Заңның 6-бабының 3) тармақшасында көзделген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары жатады.»;
      6-баптың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары:
      шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері мен ұйымдарының, қылмыстық қоғамдастықтардың (қылмыстық ұйымдардың) және жекелеген адамдардың Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау және өзге де қызметіне қарсы іс-қимыл саласында;
      экстремизмге және террористік қызметке қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ шекаралық саясат және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын, аумақтық сулары (теңіздері) мен континенталды қайраңын күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында;
      Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде шифрленген және радиотехникалық құралдар мен әдістерді пайдалана отырып, шифрленген, құпияланған, кодталған және арнайы байланыстың өзге де түрлері саласында;
      3) ұлттық қауіпсіздіктің әскери құрамдасының мүдделерінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары:
      әскери, әскери-саяси, әскери-экономикалық және әскери- техникалық салаларда, сондай-ақ өзге де салаларда;
      халықаралық террористік және экстремистік ұйымдарға қарсы іс-қимыл жасау саласында;
      радиоэлектрондық құралдар мен әдістерді пайдалана отырып, шифрленген, құпияланған және арнайы байланыстың өзге де түрлері саласында жүзеге асырады.»;
      9-бапта:
      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «9) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзге де күштерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасу. Өзара іс-қимыл жасасу тәртібі сыртқы барлау органының Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады, ал Қазақстан Республикасының ұйымдарымен меншік нысанына қарамастан келісімде белгіленеді;»;
      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «11) ақпараттық жүйелерді және ақпараттық ресурстарды, арнайы техникалық құралдарды, байланыс жүйелерін, арнайы мақсаттағы телекоммуникациялар желілерін, деректерді беру жүйелерін, ақпараттың техникалық арналар арқылы таралып кетуінен қорғау құралдарын, оларға бағдарламалық қамтамасыз етуді, қару-жарақты және жарақтануды әзірлеу, сатып алу, жасау (криптографиялық қорғау құралдарын қоспағанда), іске қосу және пайдалану, шифрлеу және шифрді ашу жұмыстарын ұйымдастыру. Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және меншік нысанына қарамастан ұйымдарымен, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен және ұйымдарымен шарттар, келісімшарттар жасасу;»;
      мынадай мазмұндағы 20-1), 20-2) және 20-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      «20-1) сыртқы барлау органы қызметкерлерінiң жеке басын, бөлiмшелерiнiң, үй-жайлары мен көлiк құралдарының ведомстволық тиесілілігін немесе сыртқы барлау органына жасырын негізде көмек көрсететін азаматтардың жеке басын шифрлеу мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде пайдалану үшін дайындау және (немесе) ресімдеу тәртібін сыртқы барлау органының басшысы айқындайтын Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде пайдалану үшін басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан ұйымдардың құжаттарын дайындау және ресімдеу;
      20-2) басқа мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан ұйымдарға сыртқы барлау органына құжаттардың және қызметтік куәліктердің бланкілерін, оларды толтыру үлгілерін беру туралы орындалуы міндетті сұрау салулар жіберу;
      20-3) сыртқы барлау органы басшысының немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адамның жедел-қызметтік жұмыс материалдарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жария сипат берілгенге дейін оларға қолжетімділікті шектеуді қамтамасыз ететін өкімдік қызметі арқылы барлау қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды, барлау және өзге де жедел-іздестіру қызметін жүргізу кезінде, осы қызметтің нәтижелері көрсетілетін материалдарды іске асыру кезінде астыртын әрекет етуді сақтау, сондай-ақ ақпарат көздерін құпиясыздандыруға жол бермеу бойынша қажетті шаралар қолдану;»;
      9-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «9-1-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының құзыреті
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының құзыретіне осы Заңның 8-бабында көзделген ережелерден басқа, осы Заңның 9-бабының 2) – 4), 7), 10), 14), 16), 20-1), 20-2), 20-3) және 26) тармақшаларын қоспағанда, осы Заңның 9-бабының ережелері жатады.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады