Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға жіберу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 4 желтоқсандағы № 1309 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 623 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.08.2015 № 623 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 22-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға жіберу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2013 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 1309 қаулысымен   
бекітілген       

Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық
авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық
стандарттарын қолдануға жіберу
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға жіберу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға жіберу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидалар мемлекеттік және эксперименттік авиацияның әуе кемелеріне қолданылмайды.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындайтын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттары қолданылады.
      Азаматтық авиация ұйымы мәлімдеген азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымның авиациялық стандарты мәлімделген авиациялық стандарт болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын
азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық
стандарттарын қолдануға жіберу тәртібі

      4. Мәлімделген авиациялық стандарттарды қолдануға жіберу үшін азаматтық авиация ұйымдары (бұдан әрі – өтініш беруші) уәкілетті органға еркін нысандағы өтініш жібереді:
      Өтінішке мынадай құжаттар:
      1) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының көшірмесі (ұшуды орындау немесе авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәлік) немесе азаматтық авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйым сертификатының көшірмесі;
      2) мәлімделген авиациялық стандарттар қолданылатын және ұшу жарамдылығының ұсталуын бақылауды қамтамасыз ететін мемлекетте тіркелген әуе кемелерін пайдалану жөніндегі (азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы болып табылатын өтініш беруші үшін) құжаттар көшірмелері;
      3) мәлімделген авиациялық стандарттарға жауап беретін ұйымдық құрылым сипаттамасының көшірмесі;
      4) халықаралық тәуелсіз аудиторлық ұйым жүргізген мәлімделген авиациялық стандарттарды қолданудың сәйкестігіне аудитті бағалау нәтижелерінің көшірмелері;
      5) мәлімделген авиациялық стандарттардың талаптарына сәйкес әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын ұстау және/немесе техникалық қызмет көрсетуді орындау жөніндегі құжаттардың көшірмелері;
      6) мыналар:
      ұшуды жүргізу;
      ұшу жарамдылығын, техникалық жай-күйі мен жабдықты инспекциялауды (бақылауды) да көздейтін пайдаланушының әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру және авиациялық техникасын жөндеу рәсімдері;
      мәлімделген авиациялық стандарттарға сәйкес авиациялық персоналдың дайындығын жүргізу жөніндегі нұсқаулық;
      7) ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі жөніндегі құжаттардың көшірмелері;
      8) сапаны бақылау жүйесі жөніндегі құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.
      Жоғарыда көрсетілген құжаттардың барлық көшірмелері өтініш берушінің қолымен және мөрімен куәландырылады.
      5. Мәлімделген авиациялық стандарттар қолдануға жіберудің немесе жіберуден бас тартудың негізі уәкілетті органның күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қабылданатын шешімі болып табылады.
      6. Шешім оң болған жағдайда, уәкілетті орган өтініш берушіні жарамдылық уақыты бойынша шектелмейтін мәлімделген авиациялық стандарттарды қолдануға жіберу туралы жазбаша хабардар етеді.
      7. Егер:
      1) өтініш беруші ұсынған құжаттар осы Қағидалардың 4-тармағының талаптарына сәйкес келмеген;
      2) өтініш беруші көрсететін қызметтер (жұмыс түрлері) авиациялық стандарттарды қолдануға мәлімделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда жіберуді беруден бас тартылады.
      8. Мәлімделген авиациялық стандарттарды қолдануға жіберуден бас тартылған кезде өтініш берушіге бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады