Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы ұсыныс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 23 желтоқсандағы № 1388 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы ұсыныс енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Жоба

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы
әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
шарт

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы
      өзара құрметке, сенімге және Тараптардың мүдделерін ескеруге негізделген өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,
      Тараптардың қарулы күштерін, басқа да әскерлерін, әскери құралымдарын, құқық қорғау және арнаулы органдарын қару-жарақ пен әскери техниканың перспективалы үлгілерімен жарақтандырудың және олардың жауынгерлік қабілеттілігін қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді жоспарлау жүйесін құра отырып,
      Тараптардың қарулы күштерінің, басқа да әскерлерінің, әскери құралымдарының, құқық қорғау және арнаулы органдарының мүддесінде әскери мақсаттағы өнімді жасау, шығару, жөндеу, жаңғырту, қызмет көрсету және кәдеге жарату саласындағы Тараптардың ғылыми-техникалық және өндірістік-технологиялық әлеуеттерін қолдай отырып,
      Тараптардың қорғаныс қабілеттілігін нығайту қажеттілігіне сүйене отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Шарттың мақсаты әскери-техникалық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты Тараптардың тең құқықтық қағидаты негізінде жүзеге асыру және дамыту болып табылады.

2-бап

      Осы Шарт шеңберінде Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастықты мынадай:
      қару-жарақты, әскери техниканы, құжаттаманы, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, зияткерлік қызмет нәтижелерін, оның ішінде оларға ерекше құқықтарды (зияткерлік меншікті) және әскери-техникалық саладағы ақпаратты қамтитын әскери мақсаттағы өнімдерді, сондай-ақ Тараптардың заңнамасымен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылатын кез келген басқа да өнімді өзара жеткізуді жүзеге асыру;
      қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау;
      Тараптардың заңнамасына сәйкес Тараптардың уәкілетті органдарының келісуі бойынша әскери мақсаттағы өнімді әзірлеу, шығару, жөндеу, жаңғырту және кәдеге жарату жөніндегі бірлескен кәсіпорындар, өндірістер құру;
      қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру мүддесінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық, оның ішінде бірлескен жұмыстарды жүргізу;
      қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау және бірегейлендіру, Тараптардың қарулы күштерін, басқа да әскерлерін, әскери құралымдарын, құқық қорғау және арнаулы органдарын метрологиялық қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл;
      әскери және әскери-техникалық кадрларды даярлау және оқыту;
      қару-жарақ пен әскери техника көрмелерін өткізу;
      қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің бірлескен сынақтарын өткізу салаларында;
      Тараптар арасында уағдалыстықтарға қол жеткізілетін әскери-техникалық ынтымақтастықтың өзге де салаларында жүзеге асырады.

3-бап

      Осы Шартты іске асыру мынадай:
      халықаралық шарттар жасасу;
      әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бағдарламаларды әзірлеу;
      Тараптардың заңнамасына сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары және/немесе уәкілетті ұйымдары арасында келісімшарттар жасасу;
      әскери-техникалық ынтымақтастықтың нақты мәселелері бойынша консультациялар өткізу, мамандарды шақыру, тәжірибе және ақпарат алмасу нысандарында жүзеге асырылады.

4-бап

      Осы Шартты іске асыру бойынша Тараптардың уәкілетті органдары:
      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
      Ресей тарапынан – Ресейдің Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федералдық қызметі болып табылады.
      Уәкілетті органдардың атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

5-бап

      Тараптардың әскери-техникалық ынтымақтастыққа қатысушы уәкілетті ұйымдары:
      Қазақстан тарапынан – мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің, басқа да әскерлерінің, әскери құралымдарының, құқық қорғау және арнаулы органдарының мүддесінде әскери мақсаттағы өнімге қатысты тиісті қызмет түріне құқығы бар ұйымдар;
      Ресей тарапынан – қарулы күштердің, басқа да әскерлердің, әскери құралымдардың, құқық қорғау органдарының және арнаулы қызметтердің мүддесінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысының мемлекеттік тапсырыс берушісі функцияларын орындауға уәкілеттілік берілген федералдық атқарушы билік органдары және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнімге қатысты қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыруға құқығы бар Ресей Федерациясының ұйымдары болып табылады.

6-бап

      Әскери мақсаттағы өнімді жеткізу, әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету Тараптардың уәкілетті органдары және (немесе) уәкілетті ұйымдары жасасатын келісімшарттар бойынша жүзеге асырылады. Әскери мақсаттағы өнімді әкелу (әкету) Тараптардың уәкілетті органдары бекітетін тізбелер бойынша жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында осы Шартты іске асыру, тізбелерді жасау және бекіту, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді әкелу (әкету) тәртібі Тараптардың тиісті нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.

7-бап

      Әскери мақсаттағы өнімді жеткізуге, әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге келісімшарттар жасасуды Тараптардың уәкілетті органдары және (немесе) уәкілетті ұйымдары Тараптардың уәкілетті органдарымен келісілген нысан бойынша бір Тараптан екінші Тарапқа жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімнің тізбесін бекіту туралы Тараптың уәкілетті органынан хабарлама алғаннан кейін жүзеге асырады.
      Көрсетілген тізбелерге ұсыныстарды әскери мақсаттағы өнімді сатып алуға мүдделі Тараптың уәкілетті органы сол Тараптың уәкілетті ұйымдарының өтінімдері негізінде жасайды. Содан кейін бұл тізбелер жеткізуші Тараптың уәкілетті органына беріледі, ол сұрау салынған жеткізулерді жүзеге асыру мүмкіндіктерін негізге ала отырып, екі ай мерзімде және қажет болған жағдайда өз Тарапының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісу бойынша жеткізілетін өнімнің тізбесін жасайды, бекітеді және оны екінші Тараптың уәкілетті органына бекіту үшін жолдайды.
      Әскери мақсаттағы өнім тізбелері әскери мақсаттағы өнімді жеткізуге келісімшарттарды жасайтын Тараптардың уәкілетті органдарының атауларын, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімнің номенклатурасын, көлемін және оны жеткізудің жоспарланатын мерзімдерін қамтиды.
      Бекітілген әскери мақсаттағы өнім тізбелерінен үзінді көшірмелерді Тараптардың уәкілетті органдары Тараптардың тиісті уәкілетті ұйымдарына оларға қатысты бөлігінде жолдайды.

8-бап

      Егер тиісті келісімшарттарда өзгеше ескерілмесе, Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа өз ұлттық қарулы күштеріне, басқа да әскерлеріне, әскери құралымдарына, құқық қорғау және арнаулы органдарына арналғандағыдай дәл сондай сипаттамаларда және дәл сондай жиынтықтарда не Тараптар келіскен сипаттамалар мен жиынтықтарға сәйкес әскери мақсаттағы өнімді жеткізуді жүзеге асырады.
      Баға өз ұлттық қарулы күштерінің, басқа да әскерлерінің, әскери құралымдарының, құқық қорғау және арнаулы органдарының мүддесінде тапсырыстарды орындау кезінде әскери мақсаттағы өнімді жеткізетін (жұмыстарды орындайтын, қызметтер көрсететін) Тараптың әскери мақсаттағы өнімге баға белгілеуді реттейтін заңнамасына сәйкес қалыптастырылады.

9-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары және (немесе) уәкілетті ұйымдары арасындағы өзара есеп айырысу тәртібі Тараптардың әрқайсысының заңнамасында айқындалады, бұл ретте төлемдер валютасы келісімшарттарда айқындалады.

10-бап

      Осы Шарт шеңберінде әскери мақсаттағы өнімді жеткізген Тарап оның бар болуы мен мақсатты пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыруға құқылы, оның тәртібі жекелеген халықаралық шартта айқындалатын болады.
      Осы Шарт шеңберінде әскери мақсаттағы өнім жеткізілген Тарап осы өнімді жеткізген Тарапқа жеткізілген әскери мақсаттағы өнімнің бар болуына және мақсатты пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

11-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Шарт шеңберіндегі әскери-техникалық ынтымақтастық барысында пайдаланылатын және алынған зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықтарды қорғауды 2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы екі жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында зияткерлік қызметтің пайдаланылатын және алынған нәтижелеріне құқықтарды өзара қорғау туралы келісімге сәйкес қамтамасыз етеді.

12-бап

      Осы Шарт шеңберіндегі ынтымақтастық нәтижесінде алынған ақпаратты Тараптардың кез келгенінің мүддесіне нұқсан келтіру үшін пайдалануға болмайды.
      Осы Шарт шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын және (немесе) Ресей Федерациясының мемлекеттік құпиясын құрайтын мәліметтерді беру және қорғау 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын және (немесе) Ресей Федерациясының мемлекеттік құпиясын құрайтын мәліметтерді қамтитын әскери мақсаттағы өнімді жеткізуге келісімшарттарды жасасу Тараптардың әрқайсысының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Тараптар осы Шарт шеңберінде алынған немесе ие болған әскери-техникалық ынтымақтастық туралы ақпаратты екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.
      Тараптар бірлескен жұмыстарды жүргізу кезінде таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты бере алады. Осындай ақпарат жеткізгіштерге «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі қойылады.
      Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты алған Тарап өзінің заңнамасына сәйкес оның қорғалуын және қолданылуын қамтамасыз етеді.
      Тараптар арасындағы таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты беру фактілері құжат түрінде тіркеледі.
      Нақты келісімшарттар бойынша Тараптар арасындағы ынтымақтастық фактісін немесе ынтымақтастық туралы басқа да мәліметтерді құпияда сақтау қажеттілігі туралы ақпаратты бір Тарап екінші Тараптың назарына алдын ала жеткізеді және (немесе) осы Шарттың шеңберінде жасасылатын келісімшарттарда ескеріледі.
      Тараптар өкілдерінің әскери объектілерге немесе әскери-өнеркәсіптік кешеннің кәсіпорындарына кіруі Тараптардың заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

13-бап

      Осы Шарт бойынша жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімнің сапасын бақылау және оны қабылдау Тараптардың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

14-бап

      Тараптардың бірде-біреуі әскери мақсаттағы өнімді жеткізуші Тараптың алдын ала жазбаша рұқсатынсыз үшінші тарапқа, оның ішінде халықаралық ұйымдарға және шетелдік заңды және жеке тұлғаларға осы Шарт шеңберінде алынған әскери мақсаттағы өнімді сатпайды және бермейді.

15-бап

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

16-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда Тараптар өзгеше уағдаластыққа қол жеткізбесе, Тараптар осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды өздері дербес көтереді.

17-бап

      Осы Шартқа Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

18-бап

      Осы Шартты түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар және келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешетін болады.

19-бап

      Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Шарт бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде-біреуі тиісті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын екінші Тарапты осы Шарттың қолданысын тоқтату туралы өзінің ниетін жазбаша хабарламаса, автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      Осы Шарттың қолданысын тоқтату ол қолданған кезеңде осы Шарттың шеңберінде уәкілетті органдар және (немесе) уәкілетті ұйымдар жасасқан келісімшарттардың орындалуын қозғамайды.
      Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Шарттың 101112 және 14-баптарында көзделген міндеттемелер өз күшінде қалады.
      Осы Шарт күшіне енген күннен бастап 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім өз қолданысын тоқтатады.

      20__ жылғы «___» ____________ _____________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

Қазақстан Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады