"Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 1393 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С. Ахметов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру мен iске асырудың құқықтық негіздерiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары;
      2) жас отбасы – ерлi-зайыптылардың екеуi де жиырма тоғыз жасқа толмаған отбасы не баланы (балаларды) ата-аналарының жиырма тоғыз жасқа толмаған бiреуi тәрбиелеп отырған толық емес отбасы;
      3) жас маман – жиырма тоғыз жасқа толмаған, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу бітірген және көрсетілген білім беру ұйымдарын өзі бітірген күннен бастап білімі туралы құжатта көрсетілген мамандық және (немесе) ұқсас мамандық бойынша үш жылдан аспайтын уақыт жұмыс істеп жүрген Қазақстан Республикасының азаматы;
      4) мемлекеттiк жастар саясаты – мемлекет жүзеге асыратын және жастарды дамытуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, ұйымдық және құқықтық шаралар жүйесі;
      5) жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – берілген өкілеттіктер шегінде мемлекеттік жастар саясатын үйлестіруді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      6) мемлекеттік жастар саясатының субъектілері – қызметі жастарды тәрбиелеу, оқыту және дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және азаматтар, оның ішінде жастар;
      7) «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың есептері, әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелері, статистикалық деректер негізінде қалыптастырылатын және орталық және жергілікті деңгейде мемлекеттік жастар саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды қамтитын мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы баяндама;
      8) Республикалық форум – өңірлік форумдарда сайланған жастардың уәкілетті өкілдерінің жыл сайынғы және жалпыұлттық деңгейде мемлекеттік органдар мен жастардың арасындағы өзара іс-қимылдың тиісті деңгейін қалыптастыру мақсатында өткізілетін форумы;
      9) Өңірлік форум – өңірлік деңгейде мемлекеттік органдар мен жастардың арасындағы өзара іс-қимылдың тиісті деңгейін қалыптастыру мақсатында өткізілетін жастардың уәкілетті өкілдерінің жыл сайынғы форумы;
      10) жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым – мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін қажетті объектілер (үйлер, құрылыстар, ғимараттар), сондай-ақ жас азаматтардың денсаулығын сақтау, оларға білім беру, оларды тәрбиелеу, әлеуметтік қызмет көрсету, физикалық, рухани және адамгершілік тұрғысынан дамыту, олардың жұмыспен қамтылуын және олардың қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік және өзге де ұйымдар жүйесі;
      11) ерікті қызмет – әлеуметтік маңызы бар қызметтер көрсетуге жастардың ерікті түрде қатысуының материалдық және өзге де пайда түсіру мақсатын көздемейтін, азаматтардың жеке тұлғасының өсуіне және дамуына ықпал ететін нысаны;
      12) «Дарын» мемлекеттік сыйлығы – талантты және дарынды жастарды қолдауға бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыйлығы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар
             саясаты саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Мемлекеттік жастар саясатының мақсаты, міндеттері
             және қағидаттары

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатының мақсаты жастардың толыққанды рухани, мәдени, білім алып, кәсіптік және тәни дамуы, сәтті әлеуметтенуі үшін жағдайлар жасау және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатының мiндеттерi:
      1) қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету;
      2) саламатты өмір салтын қалыптастыру;
      3) жастардың құқықтық мәдениетін жоғарылату;
      4) жастарды жұмысқа орналастыру үшін жағдайлар жасау;
      5) жастарға және жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту;
      6) жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
      7) жастардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін ашу;
      8) мемлекеттік жастар саясатын ғылыми-зерттеу тұрғысынан қамтамасыз ету және оның нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;
      9) халықаралық байланыстарды және жастар кәсіпкерлігін дамыту болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты:
      1) қазақстандық патриотизм;
      2) тарихи, мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтардың басымдығы;
      3) азаматтық, жауапкершілік, еңбекқорлық;
      4) тағаттылық, этносаралық және конфессияаралық келісім;
      5) кішіге қамқор болуға, аға буынды құрметтеуге сайып келетін ұрпақтар сабақтастығы;
      6) отбасылық құндылықтардың басымдығы;
      7) жастардың мемлекеттік қолдау алуға құқықтарының заңдылығы мен теңдігі;
      8) жастардың тән саулығын сақтау және қорғау;
      9) жастарды дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға жастар ұйымдарын жаппай тарту;
      10) мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырудағы және іске асырудағы ғылыми, кешенді және дәйекті тәсіл;
      11) ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау және барлық мүдделі тараптардың ресурстарын тарту қағидаттарына негізделеді.

2-тарау. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары

      4-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар
             саясатының негізгі бағыттары

      1. Мынадай:
      1) білім және ғылым;
      2) денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт;
      3) жастар мен жас отбасылар еңбегі, оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету;
      4) мәдениет және ақпарат, конфессияаралық келісім және этносаралық тағаттылықты қалыптастыру;
      5) қазақстандық патриотизм сезімін нығайту және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру;
      6) жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық мәдениетті жоғарылату;
      7) халықаралық ынтымақтастықты, жастар кәсіпкерлігін, талантты жастарды дамыту салаларындағы мемлекеттік қолдау шаралары Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары болып табылады.
      2. Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын іске асыру мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жүзеге асырылады.

      5-бап. Білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қолдау

      Білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қолдау:
      1) жастардың тегін негізгі орта және жалпы орта білім алуын қамтамасыз ету;
      2) жастардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орта білімнен кейін, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейін мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін білім алуын қамтамасыз ету;
      3) жастардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуы және шетелде тағылымдамадан өтуі үшін жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылады.

      6-бап. Денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт
             саласындағы мемлекеттік қолдау

      Денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік қолдау:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз ету;
      2) аурулардың профилактикасы, жастардың саламатты өмір салтын қалыптастыру, оның ішінде темекі шегудің, нашақорлық пен маскүнемдіктің профилактикасы үшін жәрдемдесу және жағдайлар жасау;
      3) жастардың саламатты өмір салтын насихаттау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
      4) жас ұрпақтың репродуктивтік денсаулығын қолдау;
      5) жастардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануы үшін қажетті жағдайлар жасау;
      6) балалар-жасөспірімдер, жеткіншектер клубтарының желісін, мектеп және студенттер лигаларын дамыту;
      7) балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің барлық түрлері мен үлгілерінің, балалар мен жастардың сауықтыру лагерьлерінің, мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған мамандандырылған топтар мен мектептердің, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің санын ұлғайту және оларды нығайту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту;
      8) Қазақстан Республикасында жастар арасындағы спорттық қозғалыстың өсуіне ықпал ететін жастардың спорт ұйымдарын халықаралық спорттық қоғамдастыққа интеграциялау, олардың халықаралық ынтымақтастығын дамыту;
      9) жастарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық-бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жастар мен студенттер спартакиадаларын өткізу арқылы жүзеге асырылады.

      7-бап. Жастар мен жас отбасылардың еңбегі, оларды
             жұмыспен қамту, әлеуметтік қамтамасыз ету
             саласындағы мемлекеттік қолдау

      Жастар мен жас отбасылардың еңбегі, оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік қолдау:
      1) өмірде қиын жағдайға тап болған жас мамандардың, жастар мен жас отбасылардың құқықтарына және әлеуметтік қорғалуына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепілдік беру;
      2) жастардың кәсіптік бағдар алуына және жұмысқа орналасуына (жұмыспен қамтылуына) жәрдем көрсету, оның ішінде еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа мамандықтар бойынша қайта оқытуды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыру;
      3) өнеркәсіптік кәсіпорындар, ғылыми институттар базасында өндірістік, ғылыми-зерттеу, кәсіптік практикадан өту;
      4) еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган арқылы жұмыс істейтін, бос орындар туралы ақпаратты қамтитын «Жастардың еңбек биржасы» бірыңғай ақпараттық порталы арқылы бос орындардың (бос жұмыс орындарының) бар-жоғы, мамандық алу мүмкіндігі туралы хабардар ету;
      5) тұрғын үй құрылысы бағдарламалары шеңберінде тұрғын үй беру;
      6) ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген жас мамандарға жағдайлар жасау;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда, бала туу, бала асырап алу негізінде жастар қатарынан оқып жүргендерге ұзақтығы үш жылға дейін академиялық демалыс беру;
      8) жастардың жазғы демалысын ұйымдастыру және оларды сауықтыру жүйесін дамыту;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жастардың практикасын ұйымдастыру;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жас отбасына жоғары оқу орындарында оқып жүрген кезеңде білім беру ұйымының жатақханасынан бөлме түрінде тұрғын үй-жай беру арқылы жүзеге асырылады.

      8-бап. Мәдениет және ақпарат, конфессияаралық келісім
             және этносаралық тағаттылықты қалыптастыру
             саласында жастарды мемлекеттік қолдау

      Мәдениет және ақпарат, конфессияаралық келісім және этносаралық тағаттылықты қалыптастыру саласындағы мемлекеттік қолдау:
      1) ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына тарту арқылы жастарға эстетикалық тәрбие беру үшін жағдайлар жасау;
      2) мәдени құндылықтарға еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету;
      3) Қазақстан халқының мәдени мұрасын насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге жәрдемдесу;
      4) мамандандырылған интернет-порталдардың, жастардың бастамаларын қолдауға арналған айдарлардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      5) мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік жастар саясаты саласында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу;
      6) тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына қарамастан, жастардың бойында өзара төзімділік пен сыйластықты тәрбиелеу;
      7) Қазақстанның барлық этностарының тілдерін қолдануды кемсітпей, тыныс-тіршіліктің барлық салаларында мемлекеттік тілді дамыту және белсенді пайдалану үшін жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылады.

      9-бап. Қазақстандық патриотизм сезімін нығайту және
             белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру
             саласындағы мемлекеттік қолдау

      Қазақстандық патриотизм сезімін нығайту және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру саласындағы мемлекеттік қолдау:
      1) ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және құндылықтар негізінде қазақстандық патриотизм сезімін тәрбиелеу, шетелдегі қазақстандық жастардың лайықты имиджін қалыптастыру;
      2) бүкіл қазақстандық сәйкестікті және ұлттық бірлікті нығайту жөнінде шаралар қабылдау;
      3) жастардың санасы мен сезімінде Қазақстан халқының өткен тарихын, мәдени мұрасы мен салт-дәстүрін құрметтеуді қалыптастыру;
      4) жастарды мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне тарту және қоғамдық-саяси қызметке, мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне қатыстыру арқылы мемлекет пен жастар мақсаттарының ортақтығын қалыптастыру;
      5) жастардың бойында өзі, өзінің жақындары, өзінің отбасы үшін әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру және дәстүрлі отбасы құндылықтарын ілгерілету;
      6) жастардың бойында ерікті қызметтің құндылықтарын қалыптастыру;
      7) жастардың бойында қызметтік міндеттерді орындау кезінде қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін жеке қаһармандық, жауынгерлік айбын көрсетуге құрметпен қарауды қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

      10-бап. Жастар арасында экологиялық мәдениетті
              қалыптастыру, құқықтық мәдениетті жоғарылату
              саласындағы мемлекеттік қолдау

      Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық мәдениетті жоғарылату саласындағы мемлекеттік қолдау:
      1) жастардың бойында экологиялық мәдениетті, қайта жаңартылмайтын табиғи ресурстарға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға жағдайлар жасау;
      2) қоршаған ортаның ластануын болғызбауға және ластану деңгейін төмендетуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
      3) жастардың бойында Қазақстан Республикасының заңдарын құрметтеу сезімін қалыптастыру, құқықтық білім мен құқықтық мәдениет деңгейін жоғарылату;
      4) құқықтық ақпараттың қолжетімділігін, ақпараттық-анықтамалық жүйелердің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      5) жастар ортасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендету бойынша жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылады.

      11-бап. Халықаралық ынтымақтастықты, жастар кәсіпкерлігін
              және талантты жастарды дамыту саласындағы
              мемлекеттік қолдау

      Халықаралық ынтымақтастықты, жастар кәсіпкерлігін және талантты жастарды дамыту саласындағы мемлекеттік қолдау:
      1) халықаралық гуманитарлық, білім беру, ғылыми-техникалық бағдарламалар шеңберінде жастар байланыстарын дамыту;
      2) халықаралық аренада қазақстандық жастардың жағымды имиджін жасау және оны халықаралық жастар қозғалысына интеграциялау;
      3) халықаралық жастар ұйымдарында және жобаларында Қазақстан өкілдігін кеңейту, Қазақстан жастарының халықаралық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету;
      4) Қазақстан Республикасы жастарының шетелдегі қазақ диаспоралары жастарының өкілдерімен байланыстарын кеңейту;
      5) жеке кәсіпкерлікті қолдау орталықтары, бизнес-инкубаторлар, технологиялық парктер, индустриялық аймақтар және жеке кәсіпкерлік инфрақұрылымының басқа да объектілері шеңберінде жастардың кәсіпкерлік қызметін ұйымдастыру;
      6) шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеудің және таратудың оңайлатылған тәртібін белгілеу;
      7) шағын кәсіпкерлікке кредит беру бағдарламаларын кеңейту;
      8) шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін инвестициялар тарту;
      9) жастарды кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқыту, шарттық негізде оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты дамыту;
      10) талантты жастардың және жас ғалымдардың кәсіби жетістіктерін танымал ету;
      11) жастар арасынан шыққан аса көрнекті ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық шеберханаларын, мектептерін және бірлестіктерін құруға жәрдемдесу;
      12) жас ғалымдар және олардың әзірлемелерін практикаға енгізу, талантты және дарынды жастардың шығармашылық, зияткерлік және инновациялық қабілеттерін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау;
      13) ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсенді қатысатын және ғылыми жұртшылық таныған талантты жастар үшін мемлекеттік ғылыми стипендиялар бөлуді қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.

      12-бап. Жастардың құқықтары мен міндеттері

      1. Жастардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары бойынша мемлекеттік қолдауға, оның ішінде:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік медициналық мекемелерде тегін медициналық қызметтің көрсетілуіне;
      2) репродуктивтік денсаулықты қолдауда жәрдем алуға;
      3) білім беру ұйымдарында тегін негізгі орта, жалпы орта білім алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім алуға;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алушыларға арналған ай сайынғы мемлекеттік стипендияны алуға;
      5) жергілiктi өкiлдi органдардың шешімi бойынша бiлiм беру ұйымдарының күндiзгi оқу нысанында білім алушылар мен тәрбиеленушiлер үшiн қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңiлдiкпен жүруге;
      6) жастар қатарынан орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізiнде білім алушылар үшін қалааралық темiржол және автомобиль көлiгiнде (таксиден басқа) қысқы және жазғы каникулдар кезеңiнде жеңiлдiкпен жүруге;
      7) мемлекеттік спорттық-сауықтыру және мәдени-ағарту ұйымдарына жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша жеңілдікті шарттарда баруға;
      8) құқықтық, психологиялық, педагогикалық мәселелер, сондай-ақ отбасылық және жыныстық тәрбиелеу мәселелері бойынша консультациялар түрінде әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді, мүгедектерді, әскери қызметтен босатылған әскери қызметшілерді, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, арнаулы білім беру ұйымдарынан және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарынан оралған адамдарды, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, маскүнемдіктен емделген адамдарды, адамның иммунитет тапшылығы вирусы жұққан және ЖИТС-пен ауыратын адамдарды оңалту бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
      9) ерікті қызметті жүзеге асыруға;
      10) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бірлестіктерге кіруге;
      11) дене шынықтырумен және спортпен, оның ішінде кәсіптік қызмет ретінде айналысуға;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да құқықтары бар.
      2. Жастар:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен абыройын құрметтеуге;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, Қазақстан Республикасы халқының тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін және рухани құндылықтарын құрметтеуге;
      3) табиғатты қорғауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға;
      4) еңбекке қабілетсіз ата-аналарына қамқор болуға;
      5) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қабылдауға міндетті.

      3-тарау. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік жастар
               саясаты саласындағы құзыреті

      13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын әзірлейді және оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
      2) мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына сәйкес мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыруды, іске асыруды және үйлестіруді қамтамасыз етеді;
      3) жыл сайын 20-шы желтоқсанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Президентіне «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын енгізеді;
      4) Республикалық жастар форумы туралы ережені және Өңірлік жастар форумы туралы үлгілік ережені бекітеді;
      5) ақшалай сыйақы беру тәртібі мен мөлшерін бекітеді, сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру бойынша номинацияларды айқындайды;
      6) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      14-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын негізгі бағыттар бойынша іске асыру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін мониторингілеуді және үйлестіруді жүзеге асырады;
      2) орталық және жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік жастар саясаты саласында әдістемелік басшылық жасайды;
      3) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз етеді, оның жұмыс жоспарына және дербес құрамына ұсыныстар енгізеді;
      4) орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар дайындаған мемлекеттік жастар саясаты саласындағы есептерді талдауды қамтамасыз етеді;
      5) «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын әзірлейді және баспа басылымдарында жариялайды;
      6) мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық, әдістемелік және ғылыми қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      7) жастардың ерікті қызметін қалыптастырады және дамытуға жәрдемдеседі;
      8) Республикалық жастар форумы туралы ережені және Өңірлік жастар форумы туралы үлгілік ережені әзірлейді, Республикалық жастар форумын өткізуді қамтамасыз етеді;
      9) Жастардың өңірлік ресурстық орталығы туралы үлгілік ережені бекітеді;
      10) мемлекеттік жастар саясаты саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуды жүзеге асырады;
      11) «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қызметін ұйымдық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      15-бап. Орталық мемлекеттік органдардың құзыреті

      Орталық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары бойынша іске асырады;
      2) жастардың бастамаларына, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру арқылы қолдау көрсетеді;
      3) жастар ұйымдары өкілдерінің азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қатысуын қамтамасыз етеді;
      4) мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы туралы ақпаратқа қолжетімділікті, жастарды хабардар етуді қамтамасыз етеді;
      5) ерікті қызметті дамытуға жәрдемдеседі;
      6) «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасына қосу үшін мемлекеттік жастар саясаты саласындағы есепті уәкілетті органға ұсынады;
      7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      16-бап. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың
              құзыреті

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органы өз құзыреті шегінде:
      1) жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы туралы есептерін тыңдайды;
      2) барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы Жастар ісі кеңесінің қызметіне қатысады;
      3) жылына кемінде бір рет мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу мәселелері жөнінде жария тыңдау өткізеді;
      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.
      2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті атқарушы органы өз құзыреті шегінде:
      1) өңірде мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын іске асырады;
      2) облыстық, қалалық, аудандық атқарушы органдардың мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіреді және оған мониторинг жүргізеді;
      3) зерттеулер мен әлеуметтанушылық сауалнама жүргізу арқылы, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өзекті проблемаларды анықтау және шешу, мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру үшін жастардың қажеттіліктеріне мониторинг және бағалау жүргізуді қамтамасыз етеді;
      4) мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші орган құрады және оның қызметін қамтамасыз етеді;
      5) жастар ұйымдарының әлеуметтік маңызы бар бастамалары мен жобаларын қолдау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асырады;
      6) жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді, еңбек нарығының және жас мамандарды жұмысқа орналастыру практикасының мониторингін ұйымдастырады;
      7) ерікті қызметті дамыту мен техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарында Жастар ісі комитеттерін құруға жәрдемдеседі;
      8) Жастардың өңірлік ресурстық орталығының, жастардың денсаулық орталығының қызметін қамтамасыз етеді және үйлестіреді;
      9) жұмыспен қамту саласында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру кезінде жастардың жұмыс күшінің ерекшелігін, оның ішінде жұмыспен уақытша қамтылмаған кезеңде әлеуметтік қолдау шараларын айқындау кезінде жастардың неғұрлым аз қорғалған топтарының мүдделерін есепке алуды жүргізеді;
      10) «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасына қосу үшін мемлекеттік жастар саясаты саласындағы жыл сайынғы есепті уәкілетті органға ұсынады;
      11) мемлекеттік жастар саясаты саласындағы есепті Өңірлік жастар форумының талқылауына енгізеді және Өңірлік жастар форумын жыл сайын өткізуді қамтамасыз етеді;
      12) жастар және балалар-жасөспірімдер ұйымдарының желісін дамытуға, сондай-ақ жастардың қызығушылығы бойынша клубтардың қызметіне жәрдемдеседі;
      13) білікті жас мамандарды жұмыспен қамту және оларды өңірлерге тарту үшін жағдайлар жасайды;
      14) қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, әскерге шақыру жасына дейінгі жастармен жұмыс істеу, отбасы құндылықтарын, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттау, тағаттылықты, ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, жастар арасындағы экстремизм мен терроризмнің профилактикасы бойынша шаралар қабылдайды;
      15) бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру, маскүнемдіктің, темекі шегудің профилактикасы бойынша шаралар қабылдайды;
      16) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

4-тарау. Мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру, іске асыру

      17-бап. Мемлекеттік жастар саясатының субъектілері

      Мемлекеттік жастар саясатының субъектілеріне:
      1) жастар;
      2) мемлекеттік органдар;
      3) жергілікті өзін-өзі басқару органдары;
      4) жастар және балалар-жасөспірімдер ұйымдары;
      5) қоғамдық бірлестіктер және қауымдастықтар;
      6) меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдар;
      7) барлық дейгейдегі әкімдер жанындағы Жастар ісі кеңесі;
      8) жастардың қызығушылықтары бойынша клубтар;
      9) техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарындағы Жастар ісі комитеті;
      10) «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жатады.

      18-бап. Барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы Жастар ісі
              кеңесі

      1. Барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы Жастар ісі кеңесі – тиісті деңгейдегі әкім басқаратын, өз қызметін мемлекеттік жастар саясатын іске асыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган.
      2. Барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы Жастар ісі кеңесі өз құзыреті шегінде жастарға үндеу қабылдай алады, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру және іске асыру туралы ұсынымдар әзірлей алады.

      19-бап. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы

      1. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласында жүйелі негізде және инновациялық ғылыми тәсілдерді пайдалана отырып ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құрылады.
      2. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының құзыретіне:
      1) жастар арасында әртүрлі зерттеулер жүргізу;
      2) мемлекеттік жастар саясаты саласында ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;
      3) жастардың жағдайын жақсарту, мемлекеттік жастар саясатының тиімді нормативтік құқықтық базасы үшін ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу кіреді.
      3. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының:
      1) мемлекеттік органдардан, жастар субъектілерінен функцияларды жүзеге асыру және өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
      2) белгіленген тәртіппен шетелдік ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
      3) ғылымды және ғылыми зерттеуді дамыту мәселелері жөніндегі іс-шаралар өткізуге;
      4) баспа қызметін жүзеге асыруға құқығы бар.
      4. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметін қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен жүргізіледі.

      20-бап. Техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру
              ұйымдарындағы Жастар ісі комитеті

      Техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарындағы Жастар ісі комитеті – қызметі студенттік қоғамдық қозғалысты шоғырландыруға, оның әлеуетін қоғамның әлеуметтік-экономикалық өзгерістерінде неғұрлым толық пайдалануға, халықаралық, республикалық, жергілікті және басқа да студенттік ұйымдармен байланыстарды дамытуға бағытталған консультативтік-кеңесші орган.

      21-бап. Жастардың қызығушылықтары бойынша клубтар

      Жастардың қызығушылықтары бойынша клубтарды жастардың қызығушылықтарын білдіру және қанағаттандыру, өңірлік (аудандық, қалалық, селолық) деңгейде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін мәдени ойын-сауық, танымдық, дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткізу үшін заңды тұлға құрмай, аула, шығармашылық, зияткерлік клубтар түрінде жастар өкілдері құрады.

      22-бап. Жастармен жұмыс саласындағы ұйымдар

      1. Жастармен жұмысты жүзеге асыратын ұйым – жастардың бос уақыты мен сауықтыруды, оларды әлеуметтік және психологиялық қолдауды, олардың азаматтық тұрғыдан қалыптасуын қамтамасыз ететін, қосымша білім беру мен кәсіптік даярлау, жастарды қоғамдық пайдалы қызметке жастарды тарту бойынша қызметтер көрсететін, Заңда белгіленген тәртіппен тіркелген коммерциялық емес ұйым.
      2. Жастармен жұмыс саласындағы ұйымдардың түрлері:
      1) жастардың ресурстық орталығы;
      2) жастарға арналған әлеуметтік қызметтер.
      3. Жастардың ресурстық орталығы – жергілікті деңгейде жастарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуға жәрдемдесу, жастарға психологиялық, білім беру, профилактикалық, ақпараттық, консультациялық, әдіснамалық және құқықтық қызметтер көрсету үшін жергілікті атқарушы орган құрған мемлекеттік мекеме.
      Жастардың ресурстық орталықтары қызметінің негізгі бағыттары:
      1) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік көмек;
      2) жастарға психологиялық, білім беру, профилактикалық, консультациялық, құқықтық қызметтер көрсету;
      3) жас отбасыларға әлеуметтік көмек;
      4) жастарды еңбек және оқыту ұжымдарында құқықтық қорғау;
      5) мінез-құлқы девиантты кәмелетке толмаған адамдарға, қадағалаусыз және баспанасыз қалған кәмелетке толмаған азаматтарға әлеуметтік көмек;
      6) жұмысқа орналасу, білім алу және кәсіптік даярлау, бос уақыт, туризм және спорт салаларындағы өз құқықтарын іске асыру мүмкіндіктері туралы жастарды құқықтық насихаттау, хабардар ету;
      7) жастардың бос уақытын тұрғылықты жері бойынша мағыналы ұйымдастыру, оның ішінде жасөспірімдер мен жастардың аула клубтарын ашу және қолдау;
      8) жастардың жұмысқа орналасуы мен еңбекпен қамтылуына жәрдем көрсету;
      9) жастардың кәсіпкерлік қызметін қолдау және дамыту;
      10) жастардың өзін-өзі басқару нысандарын дамытуға жәрдем көрсету болып табылады.
      Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын қызмет шеңберінде жастардың ресурстық орталықтарының жастарға көрсететін әлеуметтік қызметтері тегін ұсынылады.
      4. Жастарға арналған әлеуметтік қызметтер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі іс-шараларды жүзеге асыратын жеке, қоғамдық немесе корпоративтік, сондай-ақ қоғамдық бірлестік нысанында құрылған, өмірде қиын жағдайға (адам өздігінен еңсере алмайтын, тіршілікті объективті түрде бұзатын жағдайға: мүгедектік, ауру, жетімдік, аз қамтылғандық, жұмыссыздық, жалғыздық және т.б.) тап болған жастарға әртүрлі көрсетілетін қызметтер мен көмек ұсынатын коммерциялық емес ұйымдар.
      Әлеуметтік қызметтер жұмысының негізгі бағыттары:
      1) мүмкіндігі шектеулі, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан, мінез-құлқы девиантты, өмірде қиын жағдайға тап болған жастарға көмек көрсету;
      2) кәмелетке толмаған және басқа да жас азаматтарға психологиялық-педагогикалық, заңдық көмек көрсету, консультация беру;
      3) жастардың құқыққа қарсы іс-қимылының профилактикасы;
      4) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарынан және ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдарынан оралған жастар қатарындағы адамдарды, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, маскүнемдіктен емделген адамдарды, адамның иммунитет тапшылығы вирусы жұққан және ЖИТС-пен ауыратын адамдарды әлеуметтік қалпына келтіру (оңалту) болып табылады.

      23-бап. Жастар ұйымдары

      Жастар ұйымы – негізгі мақсаты жастардың әлеуметтік, мәдени, білім алу қажеттіліктерін шешуге жәрдемдесу болып табылатын, заңды тұлғалардың қауымдастығы (одағы), жеке, қоғамдық немесе корпоративтік қор, сондай-ақ мүшелерінің (қатысушыларының) кемінде жетпіс бес пайызы жастар өкілдері болып табылатын қоғамдық бірлестік нысанында құрылған қоғамдық бірлестік.

      24-бап. Балалар-жасөспірімдер ұйымдары

      Балалар-жасөспірімдер ұйымдары – негізгі мақсаты он сегіз жасқа толмаған жастарды жан-жақты дамыту, өскелең ұрпақтың әлеуетін дамыту, патриоттық және азаматтық жауапкершілік сезімі жоғары жеке тұлғаны қалыптастыру бойынша мүдделі тараптардың күш-жігерін шоғырландыру болып табылатын қоғамдық бірлестіктер.

      25-бап. Жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым

      1. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің құрылуын және жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
      2. Мемлекеттік органдардың жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің мақсатын өзгерту, оларды тарату туралы шешім қабылдау тәртібі тиісті мемлекеттік органның немесе органдардың арнайы құрылған сарапшылық комиссиясының жастардың тыныс-тіршілігін, білім алуын және тәрбиеленуін, тәни, рухани және адамгершілік тұрғыдан дамуын қамтамасыз ету үшін мұндай шешімдер қабылдаудың салдарын бағалауы жөніндегі іс-шараларды көздейді.
      3. Жастар ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен ғимараттарды, құрылыстарды және өздерінің жарғылық мақсаттарын жүзеге асыру үшін қажетті өзге де мүлікті пайдалануға тегін ала алады.
      4. Жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымның мемлекеттік меншіктегі объектілерінің жұмыс істеу тәртібі, оларды материалдық және қаржылай қолдау шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

      26-бап. Жастардың республикалық және өңірлік форумдары

      1. Жастар форумы республикалық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейлерде өткізіледі және жүзеге асырылады.
      2. Республикалық жастар форумы:
      1) орталық мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдары арасындағы диалог пен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      2) мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын және оны іске асыру барысын талқылауды қамтамасыз етеді;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.
      3. Республикалық жастар форумының отырысында «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы талқыланады, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың есептері тыңдалады және олардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру және іске асыру бойынша ұсынымдар енгізіледі.
      4. Облыстық, қалалық, аудандық деңгейлердегі жастар форумы:
      1) жергілікті атқарушы органдар мен жастар ұйымдары арасындағы диалог пен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      2) облыстық, қалалық, аудандық деңгейлерде жастардың мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын талқылауын қамтамасыз етеді;
      3) жастар форумының отырысында мемлекеттік жастар саясаты саласындағы есеп талқыланады және оның қорытындысы бойынша өңірлік деңгейдегі мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру және іске асыру бойынша ұсынымдар енгізіледі.

       27-бап. Мемлекеттік жастар саясатын қаржылай қамтамасыз
               ету

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты:
      1) республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша;
      2) жеке және заңды тұлғалардың ерікті мүліктік жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер;
      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін жағдайлар жасау есебінен қаржыландырылады.

      28-бап. Жастардың Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік
              жастар саясатын қалыптастыруға, іске асыруға
              қатысуы

      1. Жастар әлеуметтік, мәдени, білім беру және құқықтарды, заңды мүдделерді қорғауға, қажеттіліктерді қанағаттандыруға, сәтті әлеуметтендіруге, мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру мен іске асыруда орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, меншік нысанына қарамастан, заңды тұлғалармен, бизнес-құрылымдармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға бағытталған өзге де міндеттерді өз бетінше шешу мақсатында:
      1) жастар және балалар-жасөспірімдер ұйымдарын;
      2) ерікті ұйымдарды;
      3) кәсіптік одақтарды;
      4) балалар-жасөспірімдер, жастар, студенттік спорт лигаларын;
      5) жастардың шығармашылық одақтарын;
      6) қызығушылықтары бойынша жастар клубтарын құрады және олардың қызметіне қатысады.
      2. Мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру мен іске асыруға тікелей тарту мақсатында жастар мен жастар ұйымдарының орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалармен, бизнес-құрылымдармен өзара іс-қимыл жасауы олардың өкілдерінің:
      1) республикалық, облыстық және қалалық (аудандық) деңгейлердегі жастар форумына;
      2) жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы туралы есептерін тыңдау кезінде жергілікті өкілді органдардың отырыстарына;
      3) барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы Жастар ісі кеңесінің қызметіне;
      4) техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарының жастар ісі комитеттерінің жұмысына қатысуы арқылы жүзеге асырылады.
      3. Жастар мен жастар ұйымдары мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға тікелей қатысу мақсатында қызмет жоспарларына, нормативтік құқықтық актілер мен бағдарламалардың жобаларына мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлей алады және оларды:
      1) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесіне;
      2) уәкілетті органға, орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына;
      3) техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарындағы жастар ісі комитеттеріне қарау үшін енгізе алады.
      4. Жастар әлеуметтік, мәдени, білім беру және құқықтарды, заңды мүдделерді қорғауға, қажеттіліктерді қанағаттандыруға, табысты әлеуметтендіруге, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған өзге де міндеттерді шешу үшін жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды пайдалана алады, жастарға арналған әлеуметтік қызметтен көмек пен көрсетілетін қызметтерді ала алады.
      5. Ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жастар мен жастар ұйымдары мемлекеттік органдардан мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша ақпарат сұрата алады, уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар құрған, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық ресурстарды пайдалана алады, оның ішінде «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасына, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы есептерге қол жеткізе алады.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 16, 95-құжат; 2007 ж., № 10, 69-құжат, № 20, 152-құжат; 2010 ж., № 22, 130-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат, № 11, 102-құжат; 2013 ж., № 14, 72, 75-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады