1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2014 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды (бұдан әрі – қорытынды) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2013 жылғы 30 желтоқсанға дейін қорытындыны дипломатиялық арналар арқылы Ресей Тарапына жіберсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 1412 қаулысымен
бекітілген
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың
және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2014 жылға
арналған жоспарлары бойынша
қорытынды
1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімнің 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Ресей Тарапы ұсынған (Ресей Федерациясы СІМ 2013 жылғы 26 қарашадағы шығ. № 17949/3дснг):
1) 2006 – 2015 жылдарға арналған Ресейдің Федералдық ғарыштық бағдарламасы, «2012 – 2020 жылдарға арналған ГЛОНАСС жүйесін ұстау, дамыту және пайдалану» федералдық нысаналы бағдарламасы, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары мен коммерциялық жобалары шеңберінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2014 жылға арналған жоспарымен;
2) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшырудың 2014 жылға арналған жоспарымен;
3) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтық ұшырудың 2014 жылға арналған жоспарымен келіседі.
Бұл ретте:
1) 2014 жылы ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Протон-М» зымыран-тасығышын пайдалану Ресей тарапының қазақстандық «КазСат-3» байланыс және тарату серігінің ұшыруын 2014 жылғы 30 сәуірден кешіктірмей қамтамасыз етуі шартымен келісіледі;
2) «Союз» үлгісіндегі зымыран-тасығыштардан бөлінетін бөлшектерінің жаңа құлау ауданын пайдалануды көздейтін ғарыш аппараттарын ұшыру тиісті халықаралық шартқа қол қойылып, ол күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылуы мүмкін;
3) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарының ұшырулары және зымыранның сынақтық ұшыруы Ресей Тарапы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі саласындағы заңнамасын сақтаған жағдайда жүзеге асырылуы тиіс.