Метрополитенмен жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1517 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 қарашадағы № 941 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.11.2015 № 941 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Метрополитенмен жолаушыларды тасымалдау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1517 қаулысымен     
бекітілген        

Метрополитенмен жолаушыларды тасымалдау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Метрополитенмен жолаушыларды тасымалдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес әзірленді және метрополитенмен жолаушыларды тасымалдау тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады:
      1) аялдау пункті – метрополитеннің жылжымалы құрамының аялдауы жүзеге асырылатын, жолаушыларды метрополитенде отырғызуға және түсіруге арналған пункт;
      2) борт журналы – нөмірленген және тігілген, мөрмен бекітілген және жергілікті атқарушы орган тіркеген, метрополитеннің жылжымалы құрамында болатын журнал, оған метрополитеннің жылжымалы құрамының рейс алдындағы техникалық тексеруден және жоспарлау-ескерту жөндеуінен өткені туралы белгілер қойылады, қолданылу мерзімі оны тіркеген күннен бастап күнтізбелік бір жылдан аспайды;
      3) жол жүру құжаты (билет) – жолаушының метрополитеннің көрсетілетін қызметтері арқылы жүруді жүзеге асыру құқығын растайтын бір реттік қолданылатын байланыссыз смарт-жетон немесе көп реттік байланыссыз смарт-карта;
      4) қол жүгі – метрополитеннің жылжымалы құрамының салонында тасымалданатын жолаушылардың жеке заттары;
      5) қозғалыс кестесі – маршруттың әрбір аялдама пункті (станциясы) бойынша метрополитеннің жылжымалы құрамының қозғалыс орны мен уақыты туралы мәліметтерді қамтитын құжат (кесте, графикалық бейне);
      6) метрополитеннің жолаушыларға қызмет көрсету бойынша кезекшісі – жолаушылардың қауіпсіз отыруын, түсуін, олардың станция бойынша біркелкі тарауын және қозғалысын қамтамасыз ететін метрополитеннің көлік кәсіпорнының қызметкері;
      7) метрополитен жолаушысы – жол жүру құжаты (билеті) бар және метрополитенде жол жүретін жеке тұлға;
      8) метрополитен – көліктің өзге түрлерінің желілерінен және жүргіншілердің оларға өту жолынан оқшауланған (бөлінген, бір деңгейдегі қиылыстары жоқ) жолдар бойынша жолаушылар мен багажды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын қалалық рельстік көлік түрі;
      9) метрополитеннің көлік кәсіпорны – жолаушыларды метрополитенмен тасымалдау, метрополитеннің жылжымалы құрамына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі қызметпен айналысатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ететін заңды тұлға;
      10) метрополитен станциясы – тұрғындарға тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге арналған қажетті құрылыстар, құрылғылар мен басқа мүлік түрлерінің кешені;
      11) метрополитеннің жылжымалы құрамы – бір немесе бірнеше мотор-вагондық секциялардан тұратын және жолаушыларды тасымалдауға арналған жылжымалы құрам;
      12) эскалатор – адамдардың бір деңгейден екінші деңгейге ауысуы үшін қозғалатын сатылары бар баспалдақ түріндегі көтеру-көлік құрылғысы.

2. Метрополитенмен жолаушыларды тасымалдау тәртібі

      3. Жолаушы жол жүру құжаты (билеті) болған кезде ғана метрополитеннің жылжымалы құрамымен тасымалданады.
      4. Жолаушылар үшін метрополитеннің жылжымалы құрамына жол жүру құжаттарын (билеттерін) сату метрополитен станцияларының кассаларында жүргізіледі.
      5. Жол жүру құжаттарын (билеттерін) сату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген тарифтер бойынша жүзеге асырылады.
      6. Төленген жолақы жолаушы жөнелту станциясындағы турникеттен өткен сәттен бастап станцияның шығу турникетінен шыққанға дейін жарамды.
      7. Жолаушыларға:
      1) өзімен бірге 7 жасқа толмаған бір баланы алып жүруге.
      Билет кассасына баланың жасын растайтын құжат ұсынылады;
      2) жеңілдікті жол жүру құжаттарымен (билеттермен) өзімен бірге 7-ден 15 жасқа дейінгі балаларды алып жүруге;
      7-ден 15 жасқа дейінгі балалардың жол жүру төлемі жол жүру құжатының (билеттің) толық құнынан 50 пайыз мөлшерінде алынады.
      3) метрополитеннің жылжымалы құрамының салонында өлшемі үш өлшем сомасы бойынша (60х40х20) 120 см және салмағы 20 кг аспайтын бір орын қол жүгін ақы төлемсіз алып жүруге;
      4) метрополитеннің жылжымалы құрамының салонында мөлшері мен салмағы осы 8-тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген параметрлерден асатын бір орын қол жүгін жол жүру құжатының (билеттің) толық құнын төлеп, алып жүруге жол беріледі.
      15 және одан үлкен жастағы жолаушылар жол жүруді жол жүру құжатының (билеттің) толық құны мөлшерінде төлейді. Жолаушының жасы жүру күніне айқындалады.
      Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің, қатысушыларының және оларға теңестiрiлген адамдардың жол жүру төлемінің тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Қол жүгін тасымалдауға белгіленген норма есебінен биіктігі 180 см аспайтын бір велосипедтен артық емес немесе құрастырылмаған күйдегі балалар, мүгедектер арбалары, өсімдіктер, көшеттер, байланған және тамыры оралған басқа да отырғызылатын материалдар сияқты қол жүгін тасымалдауға рұқсат етіледі.
      8. Турникет арқылы өткен кезде станциядағы бақылаушы қол жүгі параметрлерінің осы Қағидаларда белгіленген нормаға сәйкестігін тексереді.
      9. Жолаушыларға, сондай-ақ метрополитеннің жылжымалы құрамының салонындағы орындықтар арасында өтетін жолдарға арналған орындарда қол жүгін орналастыруға жол берілмейді.
      Жолаушы алып өтетін қол жүгін өлшеу үшін метрополитен станцияларында таразы орнатылады.
      10. Ұсақ үй жануарлары, иттер және құстар жәшіктерде, себеттерде, торлар мен контейнерлерде тасымалданады.
      Ұсақ үй жануарларын, иттерді және құстарды тасымалдау кезінде олардың иелері немесе алып жүрушілер метрополитеннің жылжымалы құрамының салонында санитариялық-гигиеналық режимнің сақталуын қамтамасыз етеді.
      Метрополитеннің жылжымалы құрамының салонында қол жүгі ретінде жабайы жануарларды тасымалдауға рұқсат етілмейді.
      11. Халыққа қызмет көрсету ерекшелігіне және метрополитеннің көліктік құрылымын күтіп-ұстау шарттарына сәйкес жолаушыларды қозғалыс кестесіне сәйкес тасымалдау мынадай кезектілікпен жүзеге асырылады:
      1) «қарбалас» уақыт кезеңдерін ескере отырып, тәуліктің барлық белгіленген кезеңінде және аптаның бес күнінде (дүйсенбіден жұмаға дейін), қолданылатын тұрақты;
      2) тәуліктің барлық белгіленген кезеңі ішінде демалыс және мереке күндерінде қолданылатын қосымша;
      3) қысқа уақыт (әдеттегі режимде қызмет көрсетуге кедергі жасайтын метрополитен желісінде күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда) қолданылатын уақытша.
      12. Жолаушыларды метрополитенмен тасымалдау кезінде:
      1) метрополитеннің жылжымалы құрамының тоқтауы және жүруі кезінде есіктердің автоматты ашылуына/жабылуына кедергі келтіруге;
      2) метрополитеннің жылжымалы құрамының қозғалысы кезінде машинисті алаңдатуға;
      3) метрополитеннің жылжымалы құрамы салонының ішкі жабдықтары мен жарақталуын бүлдіруге;
      4) станцияларда метрополитеннің жылжымалы құрамында өтетін жерлер мен вагондарда темекі тартпауға;
      5) спирттік ішімдіктер ішпеуге, метрополитеннің станцияларында және жылжымалы құрамдарында масаң күйде, сондай-ақ есірткіге масаң күйде болмауға;
      6) бақша мүкәммалын, оның ішінде жолаушыларды жарақаттау мүмкіндігін жоққа шығармайтын шаншып алғыш және кескіш заттарды тиісті қаптамасыз алып өтуге;
      7) кез келген пиротехникалық бұйымдарды алып өтуге;
      8) ашық отты пайдалануға;
      9) шаңғылар мен конькилерді қаптамасыз және тиісті буып-түюсіз алып өтуге;
      10) жануарлар мен құстарды тұмсықторсыз, шылбырсыз, торларсыз немесе арнайы контейнерлерсіз алып өтуге;
      11) метрополитеннің ғимараттарына, құрылыстарына, вагондар жабдықтарына, эскалаторларына және станцияларына мүліктік залал келтіруге;
      12) метрополитен жолында метрополитеннің жылжымалы құрамының машинист кабинасына, қызметтік және өндірістік үй-жайларға, желдетпе шахталарының киоскілеріне, тоннельдеріне және қоршалған аумаққа өз бетімен кіруге;
      13) жұмыс істемейтін эскалаторға мінуге, асылуға және заттарды эскалаторлардың тұтқаларына қоюға, кез келген затты лақтыруға, эскалаторда жүгіруге, эскалатор баспалдақтарында отыруға және эскалатор балюстрадасында «тоқта» деген жазбасы бар ажыратқышты қажетсіз қолдануға;
      14) метрополитеннің жылжымалы құрамы вагондарының есіктеріне сүйенуге;
      15) метрополитеннің жылжымалы құрамы толық тоқтағанға дейін платформа шетіндегі шектеулі сызықтан өтуге;
      16) метрополитеннің жылжымалы құрамының станциялары мен вагондарында роликті тақталарда, конькилерде және басқа ұқсас спорттық заттарда жүруге;
      17) вагонда «Жолаушы-машинист» байланысымен қажетсіз қолдануға;
      18) платформаларда жүгіруге, ақпараттық көрсеткіштерде белгіленген қозғалыс бағытын сақтамауға және рельстік жолдарға түсуге;
      19) жолға метрополитеннің жылжымалы құрамы қозғалысының бұзылуын туындататын заттарды лақтыруға жол берілмейді.
      13. Метрополитен станциясында жолаушылар метрополитеннің жылжымалы құрамының келу және кету уақыты, жолаушылардың жол жүру құны, жол жүру және көрсетілетін қызметтер шарттары, шұғыл медициналық көмек, шағымдар мен ұсыныстар кітабының орналасқан жері, билет кассаларының жұмыс режимі туралы, метрополитен станциялары үй-жайларының орналасуы, сондай-ақ метрополитенде халыққа көрсетілетін қызметтердің тізбесі туралы қажетті және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етіледі.
      Метрополитен қызметтерін пайдаланушыларға арналған барлық ақпарат тасымалдау шарттарының өзгеруіне байланысты уақтылы жаңартылып отырады. Метрополитеннің көлік кәсіпорны жолаушыларға дауыс зорайтқыш байланысты, ақпаратты визуалды тасығыштарды қолдана отырып, жазбаша және/немесе ауызша ақпарат береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады