"Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы келісімінің күшін жою туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 3 наурыздағы № 168 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы келісімінің күшін жою туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С. Ахметов

Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің
экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразия экономикалық қоғамдастығына (ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартты 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты және 1997 жылғы 22 қазандағы Кеден одағын қалыптастыру кезіндегі тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімді негізге ала отырып,
      бірыңғай экономикалық және кедендік кеңістіктің тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыла отырып,
      бір-бірімен және үшінші мемлекеттермен теңгерімделген, өзара тиімді сауда және ғылыми-техникалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуді қалай отырып,
      жаппай қырып-жою қаруы мен оны зымырандық жеткізу құралдарын таратпау қағидаттарына өздерінің адалдықтарын растай отырып,
      өз мемлекеттерінің ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз етудің қажеттілігіне сүйене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінде жаппай қырып-жою қаруы мен оны зымырандық жеткізу құралдарын, өзге де қару-жарақтар мен әскери техника түрлерін жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін шикізаттардың, материалдардың, жабдықтардың, технологиялар мен қызметтердің жекелеген түрлеріне (бұдан әрі «экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялар» деп аталады) қатысты сыртқы экономикалық қызметті реттейтін үйлестірілген нормалар мен қағидалардың жиынтығын және осы нормалар мен қағидалардың біркелкі қолданылуын қамтитын экспорттық бақылаудың бірыңғай тәртібін белгілеуді қамтамасыз етеді.

2-бап

      Тараптар осы Келісімге және өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес олардың жаппай қырып-жою қаруы мен оны зымырандық жеткізу құралдарын таратпау, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы халықаралық шарттар бойынша өз мемлекеттерінің міндеттемелері үшін залалсыз экспорттық бақылаудың бірыңғай тәртібін іске асыруды қамтамасыз етеді.
      Тараптар экспорттық бақылауды жүзеге асыруға уәкілетті өз мемлекеттерінің органдарын (бұдан әрі «Тараптардың уәкілетті органдары» деп аталады) айқындайды және бұл туралы басқа Тараптарды осы Келісімнің депазитарийлері арқылы хабардар етеді.

3-бап

      Экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерін реттейтін халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес келетін экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың үлгілік тізімдерін ЕурАзЭқ-тың Интеграциялық Комитеті әзірлейді және оларды үкіметтердің басшылары деңгейінде ЕурАзЭқ-тың Мемлекетаралық Кеңесі бекітеді.
      Тараптар лицензиялауды немесе мемлекеттік реттеудің өзге де нысанын, сондай-ақ ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттердің аумағынан тысқары шығарылатын тауарлар мен технологияларды кедендік бақылауды және кедендік ресімдеуді көздейтін, үлгілік тізімдерге қосылған тауарлармен және технологиялармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асырудың рұқсат ету тәртібін белгілеуді қамтамасыз етеді.

4-бап

      Тараптар сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларының осы тауарлар мен технологиялар жаппай қырып-жою қаруы мен оның зымырандық жеткізу құралдарын жасау кезінде қолданылуы мүмкін деп болжам жасауға негіздері болса не осы туралы тараптардың уәкілетті органдары немесе өз мемлекеттерінің өзге де құзыретті органдары ақпарат берсе, үлгілік тізімдерге қосылмаған тауарлар және технологиялармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыруға рұқсат ету тәртібін белгілеуді қамтамасыз етеді.

5-бап

      Тараптар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің 3 және 4-баптарында көрсетілмеген тауарлар мен технологиялардың сыртқы экономикалық операцияларын жүзеге асыруға рұқсат ету тәртібін енгізуі мүмкін.
      Бұл ретте, осындай шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдаған Тарап осы Келісімнің депозитарийлері арқылы басқа да Тараптарға осы туралы ақпарат береді.

6-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды әкетумен байланысты сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыруға рұқсатты (әкетуге арналған рұқсат) мемлекеттің аумағы олар үшін осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрақты орналасқан жер (тұрғылықты жер) болып табылатын Тараптың уәкілетті органы сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларына береді.
      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттердің аумағынан тысқары әкетуге рұқсат беру туралы өтінішке аумағынан осындай әкетуді жүзеге асыру болжанатын ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекетті көрсете отырып, экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың шығу елін куәландыратын құжаттар қоса беріледі.
      Басқа Тарап мемлекеті аумағынан жүзеге асырылатын экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттердің аумағынан тысқары шығаруға рұқсат берген кез келген Тараптың уәкілетті органы осындай рұқсаттың берілгені туралы сол басқа Тараптың уәкілетті мемлекеттік органын хабардар етуі тиіс.
      Тараптардың әрқайсысының уәкілетті органы шығу елі басқа Тарап мемлекеті болып табылатын экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттердің аумағынан тысқары шығаруға рұқсатты осы басқа Тараптың уәкілетті органының жазбаша рұқсатынсыз беруге құқығы жоқ.
      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың шығу елі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қабылданатын тауарлардың шығу елін айқындау қағидасына сәйкес айқындалады.

7-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттердің аумағынан тысқары шығаруға рұқсат беру туралы шешімдерді қабылдау кезінде Тараптардың уәкілетті органдары мыналарды:
      жаппай қырып-жою қаруын және оны зымырандық жеткізу құралдарын таратпау, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы өз мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелерін;
      ұлттық қауіпсіздік мүдделерін;
      көрсетілген тауарлар мен технологияларды пайдалану мақсаттарын;
      жаппай қырып-жою қаруын және оны зымырандық жеткізу құралдарын тарату қаупімен байланысты тәуекелдерді;
      өз мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген өзге де факторларды ескереді.

8-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлармен және технологиялармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыруды бақылау тәртібіне қойылатын жалпы талаптарды және әкетуге арналған рұқсаттың біріздендірілген нысанын ЕурАзЭқ-тың Интеграциялық Комитеті осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1 жыл ішінде Тараптардың ұсыныстары негізінде әзірлейді және оны үкіметтердің басшылары деңгейінде ЕурАзЭқ-тың Мемлекетаралық Кеңесі бекітеді.
      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларын экспорттық бақылауға жататын тауарлармен және технологиялармен сыртқы экономикалық операцияларды жүзеге асыруды бақылау тәртібінің жалпы талаптарына сәйкестендіруді және әкетуге арналған рұқсаттың біріздендірілген нысанын енгізуді олар бекітілген күннен бастап алты ай ішінде қамтамасыз етеді.

9-бап

      Кез келген Тараптың уәкілетті органы берген әкетуге арналған рұқсат ЕурАзЭқ-қа мүше барлық мемлекеттердің аумақтарында қолданыста болады.
      Тараптар осы Келісімнің депозитарийлері арқылы әкетуге арналған рұқсатқа қол қоюға уәкілетті лауазымды тұлғалардың тізімдерімен, сондай-ақ мұндай құжаттар куәландырылатын қолтаңбалардың және мөрлер бедерлерінің үлгілерімен алмасады.

10-бап

      Тараптардың әрқайсысының уәкілетті органы өз мемлекетінің заңнамасында көзделген негізде экспорттық бақылауға жататын тауарларды және технологияларды әкетуге рұқсат беруден бас тартуға, сондай-ақ оларға берілген рұқсаттарды жоюға, қолданысын тоқтата тұруға немесе шарттарын өзгертуге құқылы.
      Басқа тарап мемлекетінің аумағынан жүзеге асыру жоспарланған экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттердің аумағынан тысқары әкетуге арналған рұқсатты жою туралы, сондай-ақ мұндай рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру немесе шарттарын өзгерту туралы шешім қабылдаған әрбір Тараптың уәкілетті органы сол басқа Тараптың уәкілетті органын бұл туралы ақпараттандырады.

11-бап

      ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттердің аумағынан әкетілетін экспорттық бақылауға жататын тауарларды және технологияларды кедендік ресімдеу және кедендік бақылау ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттердің кеден ісі туралы заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте, мұндай тауарлар мен технологияларға кедендік ресімдеу жүргізудің қажетті шарты қандай да бір Тараптың уәкілетті органы берген әкетуге арналған рұқсаттың бар болуы болып табылады.
      Сыртқы экономикалық қызметтің қатысушысына кедендік ресімдеуді жүргізу кезінде әкетуге арналған рұқсаттың кедендік ресімдеу жүзеге асырылатын ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттің мемлекеттік тіліндегі куәландырылған аудармасы ұсынылды.

12-бап

      Тараптардың әрқайсысының уәкілетті органы әкетуге арналған рұқсатты ресімдеу кезінде осы Келісімнің 6-бабында көзделген шарттар орындалмаса немесе 7-бабында көрсетілген факторлар толық көлемде ескерілмеген болса, экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялардың өз мемлекетінің аумағынан ЕурАзЭқ-қа мүше елдердің аумағынан тысқары әкетілуін тоқтата тұруға құқылы. Бұл ретте, әкетуге рұқсат берген Тараптың уәкілетті органымен ол осы Келісімнің 10-бабына сәйкес шаралар қабылдауы үшін консультация жүргізілуі тиіс.
      Егер әкетуге рұқсат берген Тараптың уәкілетті органы оны күшінде қалдырса, экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды ЕурАзЭқ-қа мүше елдердің аумағынан тысқары шығару, мемлекет аумағынан әкету жүзеге асырылатын Тараптың уәкілетті органы осы баптың үшінші бөлімінде көзделген іс-қимылдарды қабылдау құқығын пайдаланған жағдайларды қоспағанда, дереу жүзеге асырылады.
      Кез келген Тараптың уәкілетті органы егер, мұндай әкету ұлттық мүдделерге зиян келтіруі мүмкін, не оның мемлекетінің жаппай қырып-жою қаруы мен оны жеткізудің зымырандық құралдарын таратпау, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы халықаралық міндеттемелеріне қайшы келді деп тапса, тіпті, басқа Тараптың уәкілетті органы берген тиісінше ресімделген әкетуге арналған рұқсат бар болса да, өз мемлекетінің аумағы арқылы экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды әкетуге кедергі жасауға құқылы. Бұл ретте экспорттық бақылауға жататын тиісті тауарлар мен технологиялар оларды әкетуді жүзеге асыруды жоспарлаған сыртқы экономикалық қызмет қатысушысының қарамағында қалады, ал әкетуге рұқсат берген Тараптың уәкілетті органы қабылданған іс-қимылдар туралы дереу ақпараттандырылуы тиіс.

13-бап

      Экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологиялар ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттің аумағынан ЕурАзЭқ-қа мүше екінші мемлекеттің аумағына еркін қозғалады.
      Экспорттық бақылауға жататын кейбір тауарлар мен технологияларға қатысты кез-келген Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес олардың өз мемлекетінің аумағынан ЕурАзЭқ-қа мүше басқа мемлекеттің аумағына қозғалысына мынадай ерекше жағдайларда:
      бұл жаппай қырып-жою қаруымен оларды жеткізудің зымырандық құралдарын таратпау сондай-ақ, экспорттық бақылау саласындағы халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерін орындау үшін немесе мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда;
      олардың соңғы баратын жері ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттер аумағынан тысқары орналасқаны белгілі болған жағдайда шектеулер енгізе алады.
      Осы бапқа сәйкес шектеулер енгізу шешімін қабылдаған Тарап бұл туралы осы Келісімнің дипозитарийлері арқылы басқа Тараптарды хабардар етуі тиіс.

14-бап

      Тараптар осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін тиісінше шаралар қабылдайды.
      Осы мақсатта әрбір Тарап өз уәкілетті органдарына тиістіөкілеттіліктер береді, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы өз мемлекетінің заңнамасын нақты бұзушылық түрлеріне жауапкершілік белгілеу үшін қажетті іс-қимылдар қабылдайды.
      Тараптар экспорттық бақылау саласындағы өз мемлекеттерінің заңнамасын бұзушылықтарды айқындауда және жолын кесуде ынтымақтасады және бір-біріне жәрдем көрсетеді.

15-бап

      Тараптар экспорттық бақылау саласында ақпараттар алмасу мақсатында сарапшылар деңгейінде, оның ішінде осы Келісімді орындау үшін қабылданған ұлттық нормативтік құқықтық актілер туралы ұдайы консультациялар жүргізеді.

16-бап

      Әрбір Тарап ЕурАзЭқ-қа мүше мемлекеттер аумағынан тысқары шығарылатын экспорттық бақылауға жататын тауарлар мен технологияларды әкету туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді. Мұндай ақпаратты тек ғана экспорттық бақылауды жүзеге асыру мақсатында Тараптар қолданады және экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерін реттейтін халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда ғана осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттерге берілетін болады.
      Қандай да бір Тараптың оған осы Келісімнің шеңберінде берілген ақпаратты үшінші Тарапқа беруі мұндай ақпарат берген Тараптың келісімі бойынша ғана жүзеге асырылады.

17-бап

      Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 21-бабына сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

18-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты даулар мүдделі Тараптардың консультациялар мен келіссөздер жүргізуі жолымен шешіледі.

19-бап

      Осы Келісімнің қолданылуы қару-жараққа және әскери техникаға, сондай-ақ әскери мақсаттағы өзге де өнімге қатысты Тараптың сыртқы экономикалық қызметінде қолданылмайды.

20-бап

      Кез келген Тарап Келісімнен шыққанға дейін ниеті туралы алты айдан кешіктірмей депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.
      Осы Келісімнің депозитарийі ЕурАзЭқ-тың Интеграциялық Комитеті болып табылады.

21-бап

      Осы Келісім ЕурАзЭқ-тың бірыңғай кедендік аумағын құру туралы халықаралық шарт күшіне енген күнінен бастап күшіне енетін осы Келісімнің 9-бабының бірінші бөлігінен, 10-бабының екінші бөлігінен, 11-13-баптарынан басқа, депозитарий оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы бесінші хабарды алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2003 жылғы 23 қазанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқалық данада жасалды. Түпнұсқалық данасы, осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетінде сақталады.

      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

      Қырғызстан Республикасының Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

      Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін

      Осы мәтін теңтүпнұсқалы және 2003 жылғы 28 қазанда Мәскеу қаласында Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің м.а. С.С. Сидороский, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Д.К.Ахметов, Қырғызстан Республикасының Премьер-Министрі Н.Т.Танаев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы М.М. Касьянов және Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі А.Г. Акилов қол қойған Еуразия экономикалық қоғамдастығы Мемлекетаралық Кеңесінің № 139 Келісімінің толық көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
      Түпнұсқалық данасы Еуразия экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетінде сақталады.

      ЕурАзЭҚ бас хатшысының орынбасары Е. Н. Ворсин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады