Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузияның Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 наурыздағы № 246 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузияның Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Ғұсман Кәрімұлы Әміринге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузияның Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    С. Ахметов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2014 жылғы 19 наурыздағы
№ 246 қаулысымен   
мақұлданған     

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузияның Үкіметі
арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік
көмек туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузияның Үкіметі,
      кеден ісі саласындағы ынтымақтастық арқылы Тараптар арасындағы достық қатынасты нығайтуға ниет ете отырып;
      Тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамасын бұзу, олардың экономикалық, сауда, қаржылық, әлеуметтік және мәдени мүдделерінің қауіпсіздігіне залал келтіретінін назарға ала отырып;
      сыртқы сауда операцияларын жүзеге асыру кезінде алынатын кедендік төлемдер мен салықтардың дәл есептелуін қамтамасыз етудің, сондай-ақ тыйым салул, шектеу және бақылау жөніндегі шараларды тиісті түрде орындаудың маңыздылығын назарға ала отырып;
      кеден заңнамасын сақтау және кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы күрес Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарының ынтымақтастығы кезінде неғұрлым табысты жүзеге асырылуы мүмкін екендігіне көз жеткізе отырып;
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      а) «кеден органы»:
      - Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетін;
      - Грузияның Үкіметі үшін: Грузияның Қаржы министрлігінің басқаруындағы ашық құқықты заңды тұлғаны – Кірістер қызметін; ал жедел-іздестіру әрекеттерін және кедендік құқық бұзушылықтарды тергеуді жүзеге асыруға қатысты – Қаржы министрлігінің Тергеу қызметін білдіреді;
      б) төлеу туралы талап қою – кез келген кедендік төлемдер, салықтар, өсімпұлдар және Тараптар мемлекеттерінің аумағында оларды алуды жүзеге асыру мүмкін болмайтын көрсетілген төлемдерге байланысты басқа сомалар;
      в) кеден заңнамасы орындалуын қамтамасыз ету тікелей Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарына жүктелген Тараптардың тауарларды әкелу, әкету, өткізу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерінің жиынтығы;
      г) кедендік құқық бұзушылық – кеден заңнамасын кез келген бұзу немесе мұндай бұзуға әрекет жасау;
      д) ақпарат – электрондық тасығыштардағы мәліметтерді қоса алғанда, өңделген немесе өңделмеген кез келген мәліметтер және құжаттар, есептер және кез келген нысандағы басқа хабарлар немесе олардың куәландырылған көшірмелері;
      е) лауазымды тұлға – кеден органының қызметкері;
      ж) тұлға – жеке және/немесе заңды тұлға;
      з) дербес деректер – жеке басы белгілі немесе белгіленуі тиіс жеке тұлға туралы кез келген деректер;
      и) сұрау салушы кеден органы – жәрдем көрсету туралы сұрау салуды ұсынатын Тарап мемлекетінің кеден органы;
      к) сұрау салынатын кеден органы – оған жәрдем көрсету туралы сұрау салумен жүгінген Тарап мемлекетінің кеден органы;
      л) жеткізу тізбегі – тауардың шығарылған жерінен оның соңғы межелі орнына дейін кедендік шекара арқылы тауарларды өткізуге байланысты процестер;
      м) аумақ – Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында айқындалған мәнде қолданылады.

2-бап
Келісімді қолдану аялары

      1. Тараптар кеден заңнамасын сақтау және кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды тергеу және жолын кесу, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағында жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың мемлекеттері өз кеден органдарының қатысуымен бір-біріне әкімшілік көмек көрсетеді.
      2. Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының олардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерін қозғамайды.
      3. Осы Келісімнің шеңберіндегі жәрдемді екі Тарап Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары құзыреттерінің шегінде көрсетеді.

3-бап
Ақпарат алмасу

      1. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары алынған сұрау салудың негізінде немесе өз бастамасы бойынша бір-біріне кеден заңнамасын тиісті түрде қолдануға және кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды тергеу мен оларға қарсы күреске ықпал ететін ақпаратты бере алады. Мұндай хабарлама мынадай ақпаратты қамтуы мүмкін:
      а) кеден заңнамасындағы өзгерістер туралы;
      б) кедендік бақылаудың жаңа техникалық құралдарын және кедендік бақылаудың нысандарын пайдалану туралы;
      в) кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігі расталған жаңа әдістері мен құралдары туралы;
      г) қару-жарақты, жарылғыш және радиоактивті заттарды, сондай-ақ қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін басқа да заттарды заңсыз өткізу туралы;
      д) елеулі тарихи, мәдени немесе археологиялық құндылықты білдіретін заттарды өткізу туралы;
      е) сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында кеден заңнамасын бұзған не кеден заңнамасын бұзуға күдікті тұлғалар туралы;
      ж) сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында кедендік құқық бұзушылықтарды жасау кезінде пайдаланған немесе пайдаланылды деген күдік бар көлік құралдары мен басқа заттар туралы;
      з) Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарына көмек көрсететін басқа кез келген мәліметтер мен статистикалық ақпаратты.
      2. Сұрау салу бойынша сұрау салынатын кеден органы сұрау салушы кеден органына мынадай ақпаратты ұсынады:
      а) сұрау салушы Тарап мемлекетінің кедендік аумағына әкелінген тауарлар сұрау салынған Тарап мемлекетінің кедендік аумағынан заңды түрде әкетілген болып табыла ма;
      б) сұрау салушы Тарап мемлекетінің кедендік аумағынан әкетілетін тауарлар сұрау салынған Тарап мемлекетінің кедендік аумағына заңды түрде әкелінген болып табыла ма;
      в) сұрау салынған Тарап мемлекетінің кедендік аумағына заңды түрде әкелінген тауарлар орналастырылған кедендік рәсім туралы.

4-бап
Кедендік құқық бұзушылықтар туралы ақпарат

      1. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары өз бастамасы бойынша немесе сұрау салу бойынша бір-біріне кеден заңнамасын бұзатын немесе бұзуы мүмкін, сондай-ақ бұл экономикаға, денсаулық сақтауға, қоғамдық қауіпсіздікке залал келтіруі мүмкін болған кезде жасалған немесе дайындалып жатқан әрекеттер туралы ақпаратты ұсынады.
      2. Егер экспорттайтын Тарап мемлекетінің кеден органына импорттайтын тараптың шекарасын кесіп өткенге дейін кедендік құнды тауарларды, сыныптауды және шығарылған елін айқындау қағидаларын қоса алғанда, кеден заңнамасын бұзу туралы ақпарат белгілі болса, онда мұндай ақпарат импорттайтын Тарап мемлекетінің кеден органына алдын ала берілуі мүмкін.

5-бап
Автоматтандырылған ақпарат алмасу

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары автоматтандырылған режимде ақпарат алмасуға құқылы.

6-бап
Құжаттарды беру

      1. Тараптар мемлекеттерінің бірінің кеден органы басқа Тарап мемлекетінің кеден органының сұрау салуы бойынша қажетті құжаттардың көшірмелерін береді.
      Сұрау салу бойынша түпнұсқа құжаттарды беру куәландырылған көшірмелер мен фотокөшірмелер жеткіліксіз болып табылған жағдайларда жүзеге асырылады. Түпнұсқа құжаттар келісілген мерзімде сұрау салынған кеден органына қайтарылуы тиіс.
      2. Құжаттарды беру туралы сұрау салуларда істің мәні осы бапқа сәйкес жазылады.

7-бап
Бақыланатын жеткізілімдер

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары өзара келісімнің негізінде және кедендік бақылаумен кедендік құқық бұзушылықтарды тергеуге және қарсы күреске жәрдемдесу мақсатында өз мемлекетінің аумағы бойынша күдікті жүктерді өткізуге рұқсат береді. Егер мұндай рұқсатты беру Тарап мемлекеттерінің бірінің кеден органының құзыретіне енбесе, онда ол ынтымақтастық мақсатында тиісті құзыреті бар мемлекеттік органдарға жүгінеді немесе істі сондай органға немесе органдарға береді.

8-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Осы Келісімнің шеңберінде жәрдем көрсету туралы сұрау салу тікелей басқа Тарап мемлекетінің кеден органына жолданады.
      2. Сұрау салу жазбаша немесе электрондық нысанда ағылшын немесе орыс тілдерінде ұсынылуы және оны орындау үшін қажет деп саналатын кез келген ақпаратты қамтуы тиіс.
      Сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден органы электрондық құралдармен берілген сұрау салуды жазбаша растауды талап етуге құқылы.
      3. Сұрау салуда мынадай ақпарат болуы тиіс:
      а) сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден органының атауы;
      б) осы Келісімнің ережелеріне сілтеме;
      в) істің қысқаша мәні;
      г) қажет болған кезде, қосымшалар (сұрау салудың мәтінінде оларға сілтеме жасалатын құжаттардың көшірмелері), сондай-ақ келісімшарттардың, кедендік декларациялар шоттарының (инвойстарының) және ілеспе құжаттардың көшірмелері;
      д) оларды орындауға сұрау салынатын нақты әрекеттердің тізбесі;
      е) кедендік рәсімдердің түрлері;
      ж) егер олардың жеке басы белгілі болса, сұрау салу оларға қатысты тұлғалардың аты-жөндері және мекенжайлары.
      Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің кеден органында сұрау салынған ақпарат болмаған жағдайда, ол өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес оны іздеумен айналысады.
      Егер жәрдемді сұрау салынатын Тарап мемлекетінің басқа органдары көрсетуі тиіс болса, сұрау салынатын кеден органы сол органдарды және тиісті келісімді немесе шартты көрсетуі қажет.
      Осы Келісім бойынша ақпарат алмасуды Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары осы мақсаттар үшін арнайы айқындайтын уәкілетті лауазымды тұлғалар жүзеге асырады.

9-бап
Сарапшылар және куәгерлер

      Егер Тарап қаралатын кедендік құқық бұзушылыққа байланысты тиісті сұрау салумен басқа Тарапқа жүгінсе, соңғысы өз лауазымды тұлғаларын басқа Тарап мемлекетінің аумағында сот немесе әкімшілік процестерде сарапшылар немесе куәгерлер ретінде түсуге уәкілетті етуге құқылы.
      Сұрау салуда сұрау салынатын Тарап мемлекетінің кеден органының лауазымды тұлғасы қандай іс бойынша және кім ретінде түсуі қажет екені көрсетіледі.

10-бап
Лауазымды тұлғалардың Тараптар мемлекеттерінің
аумақтарында болуы

      Сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден органы арнайы тағайындаған лауазымды тұлғалар жазбаша сұрау салудың негізінде және сұрау салынатын Тарап мемлекетінің кеден органының рұқсатымен және ол қойған шарттарды сақтаған кезде, жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу және кедендік құқық бұзушылықты тергеу мақсатында:
      а) сұрау салынатын Тарап мемлекеті кеден органының офистерінде құжаттармен, сондай-ақ кедендік құқық бұзушылықтарға байланысты кез келген басқа ақпаратпен танысуы;
      б) сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында сұрау салынатын Тарап мемлекетінің кеден органының сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден органы мүддесінің саласына енетін жедел-іздестіру әрекеттерін және тергеуді жүргізу процесіне қатысуы мүмкін.
      Осы бап бойынша жәрдемдесу өз мемлекетінің ұлттық заңнамасының нормаларын сақтай отырып жүзеге асырылады.

11-бап
Сұрау салушы кеден органы лауазымды тұлғаларының сұрау
салынатын кеден органының шақыруы бойынша болуы

      1. Егер сұрау салынатын кеден органы жәрдем көрсету жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде сұрау салушы кеден органы лауазымды тұлғасының болғаны дұрыс немесе міндетті деп санаса, ол бұл туралы сұрау салушы кеден органын хабардар етуі және оның лауазымды тұлғасын шақыруы тиіс.
      Мұндай қатысу осы Келісімнің 12-бабына және сұрау салынатын кеден органы қойған шарттарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
      2. Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары лауазымды тұлғаның болатын уақытын көрсетілген мерзімдер мен шарттардан тыс ұзартуы мүмкін.

12-бап
Шақырылған лауазымды тұлғалар үшін ережелер

      1. Басқа Тарап мемлекетінің аумағына келген Тараптардың бірінің лауазымды тұлғаларының кеңесші мәртебесі болады және олардың пікірлері ұсынымдық сипатта болады.
      2. Мұндай лауазымды тұлғалардың екі Тарапқа да түсінікті тілде құжаттарды ұсыну мүмкіндігі болуы тиіс.

13-бап
Ақпаратты пайдалану және құпиялылығы

      1. Ақпаратты немесе құжаттарды берген кеден органы аталған ақпаратты немесе құжаттарды басқа органдар немесе басқа мақсаттарда пайдалануы мүмкін екендігін арнайы растайтын жағдайларды қоспағанда, осы Келісімнің негізінде алынған кез келген ақпаратты немесе құжаттарды Тарап мемлекетінің кеден органдары және тек осы Келісімнің мақсаттарында пайдалануы мүмкін.
      2. Осы Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпарат немесе құжаттар құпия болып саналады және бұл ақпарат алынған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы бойынша ұқсас ақпаратқа қолданылатын дәл осындай қорғау дәрежесін қолданады.
      3. Алынған ақпарат тек осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында ғана пайдаланылуы тиіс.
      Тараптардың бірі аталған ақпаратты басқа мақсатта пайдаланған жағдайда, мұндай жағдайд абасқа Тараптың жазбаша келісімін алу қажет.

14-бап
Дербес деректерді қорғау

      Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес алынған кез келген ақпарат Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген дәл сондай құпиялылық мәртебесін және қорғау дәрежесін қолданады.

15-бап
Ерекшеліктер

      1. Егер сұрау салынған көмекті орындау сұрау салынған Тараптың өтілу қаупіне әкелетін болса егемендігін, қауіпсіздігін, мемлекеттік саясатын не басқа кез келген маңызды ұлттық мүддесін бұзатын немесе оған қарама-қайшы келетін болса не сұрау салынған Тараптың мемлекеттік құпиясының жария етілу қаупіне әкелетін болса немесе оның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қарама-қайшы келетін болса, мұндай жағдайларда Тарап жәрдем көрсетуден бас тартуы не жағдайға қарай оны белгілі бір шарттармен ескертпе беруі мүмкін.
      2. Егер ол жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру әрекеттеріне немесе тергеуге, құқық өнідірісіне немесе сот өндірісіне кедергі жасауы мүмкін деген негізді түрде болжам болса, жәрдем көрсету кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Тараптар мемлекеттерінің бірінің сұрау салынған кеден органы сұрау салушы кеден органымен консультациялар жүргізуге құқылы.
      3. Жәрдем көрсетуден бас тартылған немесе ол кейінге қалдырылған жағдайда, Тараптар мемлекеттерінің сұрау салушы кеден органы тиісті себептері туралы жазбаша нысанда хабардар етілуі тиіс.

16-бап
Шығыстар

      1. Осы Келісімнің ережелерін орындау кезінде туындаған шығыстарды сұрау салушыТарап мемлекетінің кеден органы жабады.
      2. Мемлекеттік қызметшілерден басқа сарапшылардың, куәгерлердің және аудармашылардың шығыстарын сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден органы жабады.
      3. Егер сұрау салуды орындау елеулі көлемдегі шығыстарды талап етсе немесе ерекше сипатта болса, Тараптар мұндай сұрау салуды орындау шарттарын белгілеу және шығыстарды жабу мақсатында консультациялар жүргізеді.

17-бап
Келісімді орындау

      Осы Келісімде көзделген өзара іс-қимыл Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары арасында тікелей жүзеге асырылады.

18-бап
Дауларды шешу

      1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге байланысты туындайтын даулы мәселелерді Тарапт мемлекеттерінің кеден органдары консультациялар және өзара уағдаластық негізінде шешеді.
      2. Шешілмеген дауларды немесе басқа қиындықтарды Тараптар дипломатиялық арналар арқылы реттейді.

19-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Осы Келісімге Тараптар мемлекеттерінің өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

20-бап
Келісімнің күшіне енуі және қолданысын тоқтату

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім, егер Тараптардың бірде біреуі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде басқа Тарапты кемінде 6 (алты) ай бұрын өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы хабардар етпесе, белгісіз мерзімге жасалады.
      201 ___ жылғы «___» _________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, грузин және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Мәтіндерді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

Қазақстан Республикасының
     Үкіметі үшін

Грузияның
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады