Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 сәуірдегі № 313 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2013 жылғы 7 қыркүйекте Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2014 жылғы 2 сәуірдегі
№ 313 қаулысымен 
бекітілген    

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт
мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

(2014 жылғы 18 сәуірде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 3, 29-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі,
      1967 жылғы 27 қаңтардағы Айды және басқа да аспан денелерін қоса алғанда, ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі мемлекеттер қызметінің қағидаттары туралы шарттың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы бірлесіп қатысатын, ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі басқа да көпжақты шарттар мен келісімдер ережелерін ескере отырып,
      бейбіт мақсаттарда ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы тең құқықтық, әріптестік пен өзара мүдделер негізінде ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға және дамытуға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім құқықтық және ұйымдастырушылық негізді құрайды, сондай-ақ бейбіт мақсаттарда ғарыш кеңістігін зерттеу мен пайдалану саласындағы өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты жүзеге асырудың нақты салалары мен нысандарын айқындайды.

2-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын сақтай отырып және әрбір Тарап мемлекеттерінің мүше болып табылатын басқа да халықаралық шарттары бойынша тиісті міндеттемелерін орындауына нұқсан келтірместен жүзеге асырылады.

3-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай:
      ғарыштық байланыс және онымен байланысты ақпараттық технологиялар мен көрсетілетін қызметтер;
      Жерді қашықтықтан зондтау;
      ғарыш аппараттарын, басқа да ғарыш техникасын, құралдарын және жиынтықтаушы бұйымдарын әзірлеу және жасау;
      жерүсті ғарыш инфрақұрылымын құру және дамыту;
      ғарыш аппараттарын ұшыру;
      ғарыш кеңістігінің ғылыми зерттеулері;
      ғарыштық техника мен технологияларды құру жөнінде бірлескен қызметтен алынған нәтижелерді қолдану;
      ғарыш қызметінің экологиялық қауіпсіздігі;
      Тараптар арасындағы жазбаша нысандағы өзара уағдаластық бойынша айқындалатын басқа да салаларда жүзеге асырылады.

4-бап

      Осы Келісімнің 3-бабында санамаланған салалардағы ынтымақтастық мынадай нысандарда:
      ғарыш қызметі саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жоспарлау және іске асыру;
      бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;
      кадрларды даярлау және ғалымдармен, инженерлермен және басқа да мамандармен алмасу, олардың Тараптар айқындаған консультацияларға, бірлескен зерттеу жұмыстарына және жобаларға қатысуына жәрдемдесу;
      ғылыми және техникалық ақпаратпен, арнайы білімдермен, эксперименттік деректермен, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерімен және ғарыш техникасы мен технологияларының әр түрлі салаларындағы ашық қолжетімділіктегі материалдармен өзара алмасу;
      бірлескен симпозиумдар, конференциялар, семинарлар, көрмелер және ғарыш тақырыбындағы басқа да шаралар өткізу;
      Тараптар арасындағы жазбаша нысандағы өзара уағдаластық бойынша айқындалатын басқа да нысандарда жүзеге асырылады.

5-бап

      1. Тараптардың осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық жөніндегі жұмысты үйлестіруге жауапты атқарушы органдары (бұдан әрі - атқарушы органдар):
      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі;
      Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасы Ұлттық ғарыш әкімшілігі болып табылады.
      2. Өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес Тараптардың атқарушы органдары осы Келісім шеңберінде бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін қосымша ынтымақтасушы ұйымдар (бұдан әрі – ынтымақтасушы ұйымдар) тағайындай алады.

6-бап

      1. Тараптар және олардың атқарушы органдары бейбіт мақсаттарда ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласында екі мемлекеттің де ұйымдары мен кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
      2. Ғарыштық қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастықтықтың нақты бағыттарын әзірлеу, осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында пайда болатын жұмыстарды үйлестіру және мәселелерді шешу мақсаттарында, Тараптар бейбіт мақсаттарда ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Қазақстан-Қытай комиссиясын құрады (бұдан әрі – Комиссия). Комиссия мүшелерін Тараптардың атқарушы органдары тағайындайды. Комиссия қызметінің тәртібі, оның құзыреті мен өкілеттіктері Тараптардың атқарушы органдарымен келісілген Комиссия туралы ережеде айқындалады.
      3. Тараптар бір-біріне Тараптар мемлекеттерінің тиісті салалардағы заңнамаларымен, бірлескен ғарыштық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті басқа да ақпаратпен таныстыруда өзара жәрдемдеседі әрі консультациялық көмек көрсетеді.

7-бап

      Осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен қызметті қаржыландыруды әрбір Тарап өздерінің тиісті қаржы қаражатының болуына қарай қамтамасыз етеді.

8-бап

      1. Тек бір Тараппен немесе оның атқарушы органымен немесе оның ынтымақтасушы ұйымдарымен осы Келісім шеңберінде жұмыстарды орындау барысында жасаған немесе сатып алған зияткерлік меншік осы Тарапқа немесе оның атқарушы органына немесе оның ынтымақтасушы ұйымдарына тиесілі.
      2. Егер Тараптар басқа туралы келіспесе осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен қызметтің нәтижелері Тараптардың зияткерлік меншігі болып табылады.
      Егер Тараптар немесе олардың атқарушы органдары немесе ынтымақтасушы ұйымдары осы Келісімнің шеңберінде жұмыстарды орындаған кезде зияткерлік меншікті бірлесіп жасаған немесе сатып алған жағдайда, Тараптар немесе олардың атқарушы органдары немесе ынтымақтасушы ұйымдары осындай зияткерлік меншікке бірлескен құқықтарды ресімдеу тәртібін айқындайтын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес оны пайдалану мен қорғау мәселелерін айқындайтын бөлек құжатты жасаса алады.
      3. Осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын Тараптардың бірлескен қызметтерінің нәтижелерін Тараптардың бірде-бірі екінші Тараптың жазбаша келісімінсіз сатуға, лицензиялауға, жалдауға, беруге, ашуға, көшіріп алуға, қайта шығаруға, көрсетуге немесе өзге де жолмен үшінші Тарапқа таратуға құқығы жоқ.

9-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес өздерінің атқарушы органдары арқылы осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен қызметке қатысты ақпарат пен деректерді өзара алмасуға жәрдемдеседі.
      2. Бір Тараптың немесе оның атқарушы органының, немесе оның ынтымақтасушы ұйымының екінші Тараптан немесе оның атқарушы органынан, немесе оның ынтымақтасушы ұйымынан алған ақпаратты беруші Тараптың немесе оның атқарушы органының немесе ынтымақтасушы ұйымының жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа жариялауына немесе беруіне болмайды.

10-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі жұмыстарды орындау барысында мүлікті, технологияны, ақпаратты және деректерді кез келген беру Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес және әрбір Тарап мемлекетінің тиісті халықаралық-құқықтық міндеттемелеріне нұқсан келтірмей жүзеге асырылады.

11-бап

      Әр Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес, атап айтқанда өз мемлекетінің аумағына кіруін және шығуын ресімдеу бойынша осы Келісімнің шеңберінде қызметкерлермен алмасуға жәрдемдесу жөнінде шаралар қабылдайды.

12-бап

      1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты даулар немесе келіспеушіліктер туындаған жағдайларда Тараптар өздерінің атқарушы органдары немесе осы Келісімнің 6-бабына сәйкес құрылатын Комиссия арқылы, оларды достық реттеуге қол жеткізу үшін консультациялар мен келіссөздер жүргізеді.
      2. Егер Тараптардың атқарушы органдары немесе Комиссия дауды реттей алмаса, ол дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер жолымен шешіледі.

13-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жазбаша түрде ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 5 (бес) жыл бойы қолданылады және, егер Тараптардың бірде-бірі оның қолданысын ағымдағы бес жылдық кезеңнің аяқталуына дейін 6 (алты) айдан кешіктірмей осы Келісімнің қолданысын тоқтату жайындағы өзінің ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен тоқтатпаса, осы Келісімнің қолданысы одан кейінгі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      3. Әр Тарап жазбаша нысанда дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы хабарлау арқылы оның қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады. Осы Келісім сондай хабарлама алынған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
      4. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда оның ережелерінің, егер Тараптар өзгеше туралы уағдаласпаса, осы Келісімнің әрекет ету кезеңінде басталған барлық аяқталмаған бағдарламалар мен жобаларға қолданылуы жалғаса береді.
      2013 жылғы 7 қыркүйекте Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.

      Қазақстан Республикасының    Қытай Халық Республикасының
      Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады