"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 7 сәуірдегі № 326 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
З А Ң Ы Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2008 ж., № 21, 93-құжат; 2009 ж., № 23, 112-құжат; № 24, 129-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29, 32-құжаттар; № 15, 71-құжат; № 24, 146, 149, 150-құжаттар; 2011 ж., № 2, 21, 25-құжаттар; № 4, 37-құжат; № 6, 50-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 15, 125-құжат; № 16, 129-құжат; № 20, 151-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 16-құжат; № 3, 21-құжат; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 36, 41-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 94-құжат; № 18-19, 119-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 5-6, 30-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 13, 63-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 81, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; № 20, 113-құжат; № 20-21, 114-құжат; 2014 ж., № 1, 6-құжат; № 2,       10-құжат; № 2, 12-құжат; 2014 жылғы 7 наурызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      1) мазмұнында:
      мынадай мазмұндағы 120-1, 120-2 және 243-2-баптардың тақырыптарымен толықтырылсын:
      «120-1-бап. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау
      120-2-бап. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қаланың, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау
      243-2-бап. Республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астана бюджеттерінің, мемлекеттік бюджеттердің 2017 қаржы жылындағы шоғырландырылған қаржылық есептілігін жасау және ұсыну ерекшеліктері»;
      2) 3-баптың 1-тармағының 16) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «16) бюджеттік инвестициялар – заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға және (немесе) ұлғайтуға, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыру;»;
      3) 6-баптың 3-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Шоғырландырылған бюджет өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық бюджетті, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының түсімдері мен шығыстарын біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.»;
      4) 14-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қарыздарды өтеуді қоспағанда, бюджет шығыстарын шегергендегі бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті) қарыздар түсімдері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан түсетін түсімдерді есептемегенде, бюджет түсімдерінің сомасына тең.»;
      5) 32-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Бюджеттік бағдарлама мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында айқындалған стратегиялық бағыттармен, мақсаттармен, міндеттермен, нәтижелер көрсеткіштерімен немесе стратегиялық жоспарды әзірлемейтін мемлекеттік органның ережесінде айқындалған функциялармен және міндеттермен өзара байланысқан бюджет шығыстарының бағытын айқындайды және нәтиже көрсеткіштері мен бюджет шығыстарын қаржыландыру көлемін қамтиды.»;
      2-тармақтың алтыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар әкімшілері болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдармен келісім бойынша бюджеттік бағдармалалар әкімшілері бекітеді.»;
      мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2-тармақтармен толықтырылсын:
      «2-1. Жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды нысаналы трансферттер бөлетін бюджеттік бағдарламалардың жоғары тұрған әкімшісімен келісім бойынша төмен тұрған бюджеттің бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар бекітеді.
      2-2. Бюджетті нақтылау және түзету кезінде өзгерістер көзделген бюджеттік бағдарламалар бюджетті әзірлеу және бекіту кезінде осы Кодексте белгіленген талаптарды сақтай отырып қайта бекітіледі.
      Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бастамасы бойынша бюджеттік бағдарламаларға тоқсанына бiр реттен жиi емес, тоқсанның екінші айының 25-күніне дейін өзгерістер енгізуге рұқсат етіледі»;
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Бюджеттік бағдарлама жалпы нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған бюджет қаражатын жұмсаудың бағыттары нақтыланған кіші бағдарламаларға бөлінуі мүмкін.
      Бюджеттік бағдарламаның кіші бағдарламалары болған кезде, тікелей нәтиже көрсеткіштері кіші бағдарламалар деңгейінде көрінеді.»;
      5-1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебiнен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштері жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар бөлінісінде көрсетіледі.»;
      6) 33-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Бірыңғай түпкілікті нәтижеге қол жеткізу мақсатында мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру шығындары және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету, капиталды шығыстарды жүзеге асыру, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған, трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беру жөніндегі шығындар, көрсетілген шығындарды жекелеген кіші бағдарламаларға бөле отырып, бір бюджеттік бағдарламаға біріктірілуі мүмкін.»;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бірыңғай бюджеттік сыныптаманың құрамында тиісті белгі (код) беріле отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) және бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларына) бөлінеді.
      Бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларына) жатады. Бюджеттің қалған шығыстары ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) жатады.»;
      7) 45-баптың 4-2-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «4-2. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттен шығыстардың жекелеген бағыттарын жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы заңда (облыстық мәслихат шешімінде) белгіленген ең төмен көлемдерден төмен көлемде қаржыландырған жағдайда, белгіленген соманың төлемдер бойынша қаржыландырудың тиісті қаржы жылының соңындағы жиынтық жоспарының жылдық сомасынан асып түскен сомасы өткен қаржы жылының қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылының 1 наурызынан кешіктірілмей жоғары тұрған бюджетке қайтарылуға жатады.»;
      8) 46-бапта:
      10-тармақта «нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің» деген сөздер алып тасталсын:
      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «11. Жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке нысаналы даму трансфертін беру үшін ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарынан кешіктірілмей, жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламасы әкімшісі мен тиісті жергілікті атқарушы орган арасында бір қаржы жылына арналған Нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім жасалады.
      Нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім:
      шешілуіне нысаналы даму трансферттер бөлінетін мақсаттар мен міндеттерді;
      нысаналы даму трансферттерін пайдалану есебінен қол жеткізілуге тиіс тікелей және түпкілікті нәтижелерді;
      тиісті жергілікті атқарушы органның қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есепті жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне табыс етуі туралы міндеттемені;
      тараптардың шешімі бойынша айқындалатын басқа да жағдайларды қамтитын құжатты білдіреді.»;
      12-тармақ алып тасталсын;
      12-1, 13, 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «12-1. Жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламасының әкімшісі Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсынысы алынған күннен бастап республикалық бюджет нақтыланғанға немесе түзетілгенге дейін осы Кодекстің 153 және 154-баптарының талаптарына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға құжаттама ұсынылғанға дейін осы Кодекстің 79-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 2-1) тармақшасында көрсетілген аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған нысаналы даму трансферттері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органмен жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке берілетін нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім жасаспайды.
      13. Республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берілетін нысаналы даму трансферттері аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттері арасында одан әрі бөлінген жағдайда, облыстың жергілікті атқарушы органы аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы тиісті келісімдер жасасады.
      14. Жоғары тұрған бюджеттен жаңа жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған қосымша нысаналы даму трансферттері бөлінген жағдайда, осы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына немесе мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгеріс енгізілгеннен кейін бір ай ішінде жасалады.»;
      9) 48-баптың 1-тармағында:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарына сәйкес төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттерді аудармағаны үшін жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің бірінші басшысы;»;
      4) тармақшадағы «бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.» деген сөздер «бірінші басшысы;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «4-1) бюджет каражатын толық игерген кезде, нысаналы трансферттер нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әкімі, төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.»;
      10) 49-бапта:
      1-тармақта:
      18) тармақша алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 37-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «37-1) жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігін және оның телнұсқасын бергені үшін алынатын мемлекеттік баж;»;
      4-тармақта:
      2) тармақшадағы «кепілдендірілген трансферт республикалық бюджетке түсетін трансферттердің түсімдері болып табылады.» деген сөздер «кепілдендірілген трансферт;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «2-1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін нысаналы трансферт республикалық бюджетке түсетін трансферттердің түсімдері болып табылады.»;
      11) 50-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «4-1) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары;»;
      12) 51-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «4-1) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары;»;
      13) 60-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) Қазақстан Республиканың немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;»;
      14) 61-бапта:
      1 және 1-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік параметрлермен өзара байланыстырылған стратегиялық мақсаттарды ескере отырып, елдің, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың экономикалық даму параметрлерін және мемлекеттің бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясатын айқындайтын құжат болып табылады.
      1-1. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар мен Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын ескере отырып, жылжымалы негiзде бес жылдық кезеңге арналып жыл сайын әзiрленедi және мыналарды:
      1) мемлекеттiк басқарудың республикалық деңгейiнде:
      экономиканы дамытудың сыртқы және ішкі жағдайларын;
      бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салықтық-бюджеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін;
      бес жылға арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салықтық-бюджеттік саясаттың негізгі бағыттары мен шараларын;
      бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
      шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің түсімдері мен шығыстарының болжамын, бюджет тапшылығын қамтитын жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік параметрлердің болжамын;
      әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      жоспарлы кезеңге арналған республикалық басым бюджеттік инвестициялар тізбесін;
      кезекті қаржы жылына арналған шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тiзбесін;
      2) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде:
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтiк-экономикалық даму үрдістерін, басымдықтарын, нысаналы индикаторларымен көрсеткіштерін;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
      мыналарды:
      облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің түсімдері мен шығыстарының болжамын қамтитын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік параметрлерінің болжамын;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың басым бюджеттік инвестицияларының тізбесін қамтитын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік параметрлерін қамтиды.
      Нысаналы индикаторлар мен көрсеткiштер сандық және сапалық нәтижелердi айқындау үшiн түйінді бағыттар (салалар) бойынша белгiленеді, бес жылдық кезең iшiнде Қазақстан Республикасының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтiк-экономикалық саясаты осы нәтижелерге қол жеткiзуге бағытталуы тиiс.
      Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттік параметрлері облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамында аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бөлінісінде көрсетіледі.»;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын тиісінше мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мақұлдайды және ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.»;
      15) 64-баптың 1-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1-1. Жергілікті бюджеттерді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді.»;
      16) 65-баптың 1-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1-1. Жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып жүзеге асырады.»;
      17) 65-1-бапта:
      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар елдің (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық және жергілікті бюджеттердің болжамды көрсеткіштері, бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттары, жоспарлы кезеңге арналған тиісті бюджет тапшылығының мөлшері негізінде айқындайды.»;
      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Тиісті бюджет комиссиясының ұсынысын ескере отырып айқындалған лимиттер ағымдағы қаржы жылының 1 мамырына дейін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің назарына жеткізіледі.»;
      18) 67-баптың 12-1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Нысаналы салым салуға бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік өтінімнің негізділігі және бюджеттік өтінімге қатысты есеп-қисаптардың анықтығы үшін дербес білім беру ұйымының басшысы, Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.»;
      19) 68-бапта:
      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін олардың Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, аумақтарды дамыту бағдарламасының көрсеткіштеріне және қолданыстағы заттай нормаларға сәйкес келуі тұрғысынан қарайды, бұл ретте, бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстар түрлері бойынша есеп-қисап кезінде бағдар ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқоры да пайдаланылады;»;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік өтінімдерін, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын қарау қорытындылары бойынша стратегиялық жоспарлардың жобалары немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобалары, бюджеттік өтінімдер және бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындылар қалыптастырады және оларды республикалық бюджет комиссиясының қарауына жібереді.
      Жергілікті атқарушы органдардың нысаналы даму трансферттері мен бюджеттік кредиттерін беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаларға бюджеттік өтінімдер бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындылары өңірлік саясат мәселелері жөніндегі комиссияның ұсыныстары негізінде қалыптастырылатын өңірлік даму саласындағы орталық уәкілетті органның ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырылады.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын қарау қорытындылары бойынша бюджеттік өтінімдер мен бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындыларды қалыптастырады және оларды тиісті бюджет комиссиясының қарауына жібереді.»;
      5, 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға стратегиялық жоспарлардың пысықталған жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік өтінімдерді ұсынады.
      6. Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органдарға бюджеттік бағдарламалардың пысықталған жобаларын және бюджеттік өтінімдерді ұсынады.»;
      20) 75-баптың 1-тармағы үшінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын;»;
      21) 78-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Тиісті мәслихаттың сессиясында жергілікті бюджеттің жобасын талқылауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің немесе жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген адамының (адамдарының) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, жергілікті бюджеттің жобасы бойынша, сондай-ақ мәслихат уәкілеттік берген адамдарының жергілікті бюджеттің жобасы бойынша қорытындысымен қоса баяндамалары кіреді.»;
      22) 79-баптың 2-тармағы 2-1) тармақшасының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2-1) аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, осы Кодекстің 153 және 154-баптарында белгіленген жоспарлау сатыларынан өтпеген, бірақ Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсыныстары бар объектілер бойынша жоспарлы кезеңге арналған инвестициялық жобаларды, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша нысаналы даму трансферттері мен кредиттерді қоса алғанда, басым республикалық бюджеттік инвестициялардың тізбесі қоса беріледі.»;
      23) 84-баптың 7-тармақшасы алып тасталсын;
      24) 85-бапта:
      9-тармақтың екінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті бюджет комиссиясында белгіленген тәртіппен міндетті түрде қарай отырып, жергілікті атқарушы органдар қаражатты бір бюджеттік бағдарлама шеңберінде және бір облыс шегінде жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасында, сондай-ақ республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің келісімі бойынша жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасында қайта бөлуге құқылы;»
      мынадай мазмұндағы 9-1 және 9-2-тармақтармен толықтырылсын:
      «9-1. Бюджеттің атқарылуы барысында республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылына арналып бекітілген (нақтыланған) республикалық бюджетте көзделген нысаналы даму трансферттері бойынша бір бюджеттік бағдарлама ішінде өңірге ағымдағы қаржы жылына көзделген соманың он пайызынан аспайтын көлемде тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша қаражатты өңірлер арасында қайта бөлуге құқылы.
      Бюджеттің атқарылуы барысында облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылына арналып бекітілген (нақтыланған) облыстық бюджетте көзделген нысаналы даму трансферттері бойынша бір бюджеттік бағдарлама ішінде ауданға (облыстық маңызы бар қалаға) ағымдағы қаржы жылына көзделген соманың он пайызынан аспайтын көлемде тиісті аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша қаражатты аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) арасында қайта бөлуге құқылы.
      9-2. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жоспарланған тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу шартымен ағымдағы қаржы жылына арналып бекітілген (нақтыланған) жергілікті бюджетте көзделген жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасында нысаналы даму трансферттерi бойынша бір бюджеттік бағдарлама ішінде ағымдағы қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттік инвестициялық жоба шығыстарының он пайызынан аспайтын көлемде қаражатты өз бетінше қайта бөлуге құқылы.»;
      25) 94-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Түсімдердің артық (қате) төленген сомасын бюджеттен қайтару және (немесе) есепке алу салық органдарының төлем тапсырмалары негізінде жүзеге асырылады.
      Салық органдары әкімшілік ететін, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомасын, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды қоспағанда, бюджетке түсетін салықтық емес түсімдердің алынуына жауапты уәкілетті орган қорытындыны жасайды және салық органына ұсынады.»;
      26) 96-бапта:
      1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Мемлекеттік мекеме Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсынысы алынған күннен бастап республикалық бюджет нақтыланғанға немесе түзетілгенге дейін осы Кодекстің 153-бабының 7-тармағына сәйкес құжаттама мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынылғанға дейін осы Кодекстің 79-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 2-1) тармақшасында көрсетілген тізбеге енгізілген бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша міндеттемелер қабылдамайды.»;
      5-тармақтың бесінші және алтыншы бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
      «Осы Кодекстің 79-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 2-1) тармақшасында көрсетілген тізбеге енгізілген бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсынысы алынған күннен бастап республикалық бюджет нақтыланғанға немесе түзетілгенге дейін осы Кодекстің 153-бабының 7-тармағына сәйкес құжаттама мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынылғаннан кейін жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік мекеме Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсынысы алынған күннен бастап республикалық бюджет нақтыланғанға немесе түзетілгенге дейін осы Кодекстің 154-бабының 2-тармағына сәйкес құжаттама мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынылғанға дейін, осы Кодекстің 79-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 2-1) тармақшасында көрсетілген тізбеге енгізілген заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін төлеу бойынша міндеттемелер қабылдамайды.»;
      27) 104-бапта:
      4-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы заңда (облыстық мәслихаттың шешімінде) белгіленген шығыстардың жекелеген бағыттарына белгіленген соманың төлемдер бойынша қаржыландырудың тиісті қаржы жылының соңындағы жиынтық жоспарының жылдық сомасынан асып түскен сомасы қаржы жылының қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы органдардың қайтаруына пайдаланылуы мүмкін.»;
      28) 106-бапта:
      2-тармақта:
      4) тармақша алып тасталсын;
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсыныстары бар бюджеттік инвестициялар бойынша осы Кодекстің 153 және 154-баптарында көрсетілген тиісті құжаттама ұсынылмаған жағдайларда жүргізіледі.»;
      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
      «2-1. Республикалық бюджетті нақтылау республикалық бюджеттен қосымша нысаналы трансферттер бөлінген және бөлінген нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің көлемі өзгерген кезде де жүзеге асырылады.»;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Жергілікті атқарушы органның және (немесе) мәслихат депутаттарының бастамашылығы бойынша жергілікті бюджетті ағымдағы қаржы жылы ішінде тоқсанына бір реттен жиі емес нақтылауға жол беріледі.»;
      29) 107-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Республикалық бюджет комиссиясының ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы ұсынысын ескере отырып, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға басым бюджеттік инвестициялардың тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстар, стратегиялық жоспарға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын, бюджеттік бағдарлама жобасын және өзгерістер енгізу көзделетін бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік өтінімді ұсынады.»;
      30) 111-бапта:
      1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың қаулылары және өзге де нормативтік құқықтық актілер негізінде түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, кезекті қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бекітілген (нақтыланған) бюджеттің көрсеткіштерін өзгерту бюджетті түзету болып табылады.»;
      2-тармақта:
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «3-1) республикалық бюджет комиссиясында қарамастан қаражатты ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстарының көлемінен бес пайыздан аспайтын көлемде бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, республикалық бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің бюджеттік даму бағдарламалары арасында, республикалық бюджет комисссиясында міндетті түрде қарай отырып, қаражатты ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстарының көлемінен бес пайыздан он пайызға дейінгі көлемде бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, республикалық бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің бюджеттік даму бағдарламалары арасында қайта бөлу;
      5-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5-1) осы Кодекстің 151-бабының 13-тармағында көзделген;»;
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсыныстары бар бюджеттік инвестициялар бойынша осы Кодекстің 153 және 154-баптарында көрсетілген тиісті құжаттама ұсынылмаған жағдайларда жүзеге асырылады.
      Бұл ретте көрсетілген бюджеттік инвестицияларды іске асыру үшін көзделген сомалар бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшісінің бір бюджеттік бағдарламасы шеңберінде басқа бюджеттік инвестициялық жобалар арасында қайта бөлінуі мүмкін.»;
      3-тармақ мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:
      «2-2) жоғары тұрған бюджеттен нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді қосымша бөлген және (немесе) бөлінгендерінің көлемі өзгерген;»;
      31) 118-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды.»;
      32) мынадай мазмұндағы 120-1, 120-2-баптармен толықтырылсын:
      «120-1-бап. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау
      1. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылындағы бухгалтерлік баланстан, қаржы қызметінің нәтижелері туралы есептен, таза активтердің/капиталдың өзгерістері туралы есептен, ақша қозғалысы туралы есептен, түсіндірме жазбадан тұратын республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды.
      2. Бюджет түсімдері республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікте бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен көрсетіледі.
      120-2-бап. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қаланың, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау
      1. Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар тиісті қаржы жылындағы бухгалтерлік баланстан, қаржы қызметінің нәтижелері туралы есептен, таза активтердің/капиталдың өзгерістері туралы есептен, ақша қозғалысы туралы есептен, түсіндерме жазбадан тұратын облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігін жасайды.
      2. Бюджет түсімдері облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен көрсетіледі.»;
      33) 124-бапта:
      1-тармақта:
      1) тармақшаның екінші абзацы алып тасталсын;
      2) тармақшаның үшінші абзацы алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «3-1) шоғырландырылған қаржылық есептілікпен бір мезгілде берілетін бюджеттік есептілікті;»;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есепті қоспағанда, осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 3-1) тармақшаларында көрсетілген бюджеттік есептілікті жасау және табыс ету тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді.»;
      34) 127-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есептіден кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасайды және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына ұсынады.»;
      2-тармақта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) есепті қаржылық жыл бойынша мемлекеттік органдарды бюджеттік мониторингілеу және нәтижелеріне тадау жүргізу негізінде республикалық бюджеттің түсімдер бойынша атқарылуы, Қазақстан Республикасы бюджеті шығыстарының ведомстволық сыныптамасы бойынша республикалық бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы талдамалық есептен.
      Республикалық бюджеттік бағдарламаларды орындау туралы талдамалық есеп Қазақстан Республикасының бюджет шығыстарының ведомстволық сыныптамасы негізінде жасалады;»;
      3) тармақшадағы «тұрады.» деген сөз алып тасталып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      «4) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғарландырылған қаржылық есептіліктен тұрады.»;
      35) 129-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы «жазбадан тұрады.» деген сөздер «жазбадан;» деген сөзбен ауыстырылып мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      «4) облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қаланың, астана бюджетінің жылдық шоғарландырылған қаржылық есептілігінен тұрады.»;
      36) 131-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Түсіндірме жазба экономикалық ахуалында және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы, тиісті қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті баптарының орындалуы туралы талдамалық ақпараттан тұрады.»;
      37) 143-бап мынадай мазмұндағы 6-2) тармақшамен толықтырылсын:
      «6-2) жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы заңға сәйкес шығыстардың жекелеген бағыттарын жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемін бақылауды жүзеге асырады;»;
      38) 151-баптың 13 тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «13. Аса маңызды және жедел іске асыруды талап ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған, осы Кодекстің 153 және 154-баптарында белгіленген жоспарлау кезеңдерінен өтпеген бюджеттік инвестициялар Республикалық бюджеттік комиссияның оң ұсынысы болған кезде республикалық бюджет жобасына немесе ол ағымдағы қаржы жылының бірінші жартысында нақтыланған кезде нақтыланған республикалық бюджет жобасына енгізіледі.»
      39) 154-баптың 12-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің құзыретіне жатқызуға болмайтын экономиканың түрлі салаларында жобалардың іске асырылуын көздейтін, бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдинг бекітетін осы ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялар жөніндегі экономикалық қорытындының нәтижелері бойынша бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бекітеді.»;
      40) 179-баптың 5-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Егер тапсырыс шартымен өзгеше көзделмесе, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тиісті бюджет қаражаты есебінен сенім білдірілген өкілге (агентке) тапсырмаларды орындағаны үшін сыйақы төлеуді жүзеге асырады.»;
      41) 186-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Қаржылық агенттіктер мен жергілікті атқарушы органдарды бюджеттік кредиттеу кезінде бюджеттік кредитті мерзімнің соңында өтеуге жол беріледі.»;
      42) 187-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) төмен тұрған бюджеттердiң қолма-қол ақша тапшылығын жабуға бағытталатын бюджеттік кредиттерді қоспағанда, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергілікті уәкiлеттi органның бюджеттiк кредиттеудiң орындылығын айқындауын;»;
      43) 188-бапта:
      1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) қарыз алушыны, оның ішінде бар болған жағдайда, соңғы қарыз алушыны айқындауды;»;
      3-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) шет мемлекеттерді бюджеттік кредиттеу кезінде қарыз алушылар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.»;
      44) 190-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «190-бап. Бюджеттік кредитті пайдалану
      Қарыз алушы бюджеттік кредиттің қаражатын бюджеттік бағдарлама мен кредиттік шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
      Соңғы қарыз алушы бюджеттік кредиттің қаражатын бюджет заңнамасына сәйкес қарыз алушымен не сеніп білдірілген адаммен (агентпен) жасалған кредиттік шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
      Бюджеттік кредит нысаналы мақсатта пайдаланылмаған жағдайда, қарыз алушы және соңғы қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңдарына және кредиттік шарт талаптарына сәйкес жауаптылықта болады.»;
      45) 192-бапта:
      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырсын:
      «2-1. Ұлттық басқарушы холдингке республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде кредитордың шешімі бойынша бюджеттік кредитті өтеу, оның ішінде мерзімінен бұрын өтеу қарыз алушының және (немесе) түпкілікті қарыз алушының мүлкімен жүзеге асырылуы мүмкін.»;
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Бюджеттік кредит бойынша берешекті өтеу мерзімінен бұрын өтеу немесе өтеу есебінен мүлікті мемлекеттік меншікке айналдыру кезінде кредитор талаптарының мөлшері мүлік құнының сомасына кемітіледі.»;
      46) 193-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Мерзімдердің, сыйақы мөлшерлемесінің, игеру кезеңінің, валютаның өзгеруі, сондай-ақ жеңілдікті кезеңді беру немесе өзгерту бюджеттік кредитті қайта құрылымдау болып табылады.»;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Бюджеттік кредитті қайта құрылымдау:
      1) негізгі борышты өтеу және (немесе) сыйақыны төлеу мерзімдерін өзгерту;
      2) бюджеттік кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесін өзгерту;
      3) бюджеттік кредиттің берілу мақсаттарына сәйкес іс-шараларды іске асыру үшін қарыз алушы бюджеттік кредитті пайдалана алатын игеру кезеңін өзгерту;
      4) бюджеттік кредиттің валютасын өзгерту;
      5) бюджеттік кредит, кредит бойынша сыйақы және өзге де төлемдер бойынша берешекті капиталдандыру (жиынтықтау) арқылы жүзеге асырылады.»;
      47) 196-бапта:
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген таратылған қарыз алушылардың берешегі, сондай-ақ кредитордың қуынымын қанағаттандырудан бас тарту немесе ішінара қанағаттандыру туралы сот актісінің негізінде талаптар тоқтатылған қарыз алушылардың берешегі өтелді деп есептеледі және ол кредитордың есептен шығаруына жатады.»;
      5-тармақ алып тасталсын;
      48) 243-1-бап мынадай мазмұндағы үшінші, төртінші, бесінші бөліктермен толықтырылсын:
      «2014 және 2015 қаржы жылдарына арналған республикалық бюджетті бекіту және нақтылау кезінде стратегиялық жоспарларды әзірлейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік бағдарламаларды әзірлемейді.
      2014 қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттерді нақтылау кезінде әкімшілері бюджетті нақтылау кезінде өзгеріс көзделген жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдар болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды тиісті әкімдіктер бекітеді.
      2015 қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттерді нақтылау кезінде бюджеттік бағдарлама бюджеттік кіші бағдарламаларға бюджеттік бағдарламалардағы нәтижелер көрсеткіштері қолданылған жағдайда бюджет қаражатын жұмсау бағыттарын нақтылайтын кіші бағдарламаларға бөлінуі мүмкін.»;
      49) мынадай мазмұндағы 243-2-баппен толықтырылсын:
      «243-2-бап. Республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің, мемлекеттік бюджеттердің атқарылуы туралы 2017 қаржы жылындағы шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау және ұсыну ерекшеліктері
      Республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің, мемлекеттік бюджеттердің атқарылуы туралы 2017 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілік қалыптастырылмайды.».
      2. «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., № 3, 17-құжат; № 9, 86-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 10, 103-құжат; 2004 ж., № 10, 56-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 142-құжат; № 24, 144-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 13, 86, 87-құжаттар; № 15, 92, 95-құжаттар; № 16, 99-құжат; № 18, 113-құжат; № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 14-құжат; № 10, 69-құжат; № 12, 88-құжат; № 17, 139-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114, 124-құжаттар; 2009 ж., № 2-3, 9-құжат; № 24, 133-құжат; 2010 ж., № 1-2, 2-құжат; № 5, 23-құжат; № 7, 29, 32-құжаттар; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 3, 7-құжаттар; № 2, 28-құжат; № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 2, 11-құжат; № 3, 21-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 81-құжат; № 20, 113-құжат; № 21-22, 115-кұжат; 2014 ж., № 2, 10-кұжат; 2014 жылғы 22 ақпанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      31-баптың 1-тармағында:
      1-4) тармақша алып тасталсын;
      1-8) тармақшадағы «әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеп, мақұлдайды және» деген сөздер алып тасталып, «бағдарламасын» деген сөзден кейін «әзірлейді және» деген сөздермен толықтырылсын.
      3. «Концессиялар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., № 14, 88-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 24, 133-құжат; 2010 ж., № 7, 29-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 20, 151-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 15-құжаттар; 2013 ж., № 15, 76, 82-құжаттар; № 20, 113-құжат):
      23-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Концессия шарты, қосымша келісім жасалған күні концессионер жасалған шарт бойынша мiндеттемелердi орындаған жағдайда, қосымша келісім жасасу арқылы осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім шегінде тараптардың келiсiмiмен айқындалатын қосымша кезеңге ұзартылуы мүмкiн.».
      4. «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; № 17, 136-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 16-құжаттар; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 41-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 95-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 15, 82-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 10, 12-құжат; 2014 жылғы 15 наурызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      74-баптың 6 және 9-тармақтары алып тасталсын.
      2-бап. Осы Заң:
      1) 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағы 5) тармақшасының оныншы, он бірінші, он екінші абзацтарын, 6) тармақшасын, 8) тармақшасының бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он үшінші, он төртінші абзацтарын, 9) тармақшасының бірінші, екінші және үшінші абзацтарын, 23) тармақшасын және 2-тармағының бірінші, екінші абзацын;
      2) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағы 34) тармақшасының бесінші абзацын;
      3) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 31) тармақшасын, 32) тармақшасын, 34) тармақшасының жетінші және сегізінші абзацтарын және 35) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады