"Экономикалық саясат жөнiндегі кеңес құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 25 ақпандағы № 202 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 12 сәуірдегі № 349 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 3 мамырдағы № 265 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 03.05.2016 № 265 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Экономикалық саясат жөнiндегі кеңес құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 25 ақпандағы № 202 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 9, 101-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Экономикалық саясат жөнiндегі кеңестің құрамы осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Экономикалық саясат жөнiндегі кеңес туралы ереже осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2014 жылғы 12 сәуірдегі
№ 349 қаулысына  
1-қосымша      

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2003 жылғы 25 тамыздағы
№ 202 қаулысымен 
бекітілген   

Экономикалық саясат жөнiндегi кеңестiң лауазымдық құрамы

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, хатшы

Кеңес мүшелерi:

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі
Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2014 жылғы 12 сәуірдегі
№ 349 қаулысына  
2-қосымша      

Қазақстан Республикасы
Yкіметiнің     
2003 жылғы 25 ақпандағы
№ 202 қаулысымен 
бекiтілген   

Экономикалық саясат жөнiндегi кеңес туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Экономикалық саясат жөнiндегi кеңес (бұдан әрi - ЭCK) Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы консультативтiк-кеңесші орган болып табылады, Қазақстан Республикасы әлеуметтiк-экономикалық саясатының негiзгi бағыттары, экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ететін стратегияны және оны іске асыру шараларын, тетіктерін айқындау жөніндегі ұсыныстарды қарайды.
      2. ЭCK өз қызметiнде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын және осы Ереженi басшылыққа алады.

2. ЭСК-тiң мiндеттерi

      3. ЭСК-тiң негiзгi мiндеттерi:
      1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының негiзгi бағыттарын әзiрлеу және iске асыру жөнінде келiсілген тәсілдерді әзiрлеу;
      2) экономиканы және әлеуметтiк саланы дамытудың орта және ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған қағидатты маңызды мәселелерi, экономикадағы дағдарысты құбылыстардың туындауын болдырмау немесе олардың ықтимал терiс салдарын жұмсарту жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу болып табылады.

3. ЭСК-тің функциялары

      4. ЭCK қойылған мiндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта және ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрлейдi;
      2) iшкi және сыртқы факторлардың әсерiнен туындаған ел экономикасындағы дағдарысты құбылыстардың туындау ықтималдығын талқылайды және оларды болдырмау бойынша барабар шаралар әзiрлейдi.

4. ЭСК-тiң құқықтары

      5. ЭCK-тің заңнамада белгiленген тәртiппен және өз құзыретi шегінде:
      1) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің қарауына елдің әлеуметтiк-экономикалық дамуының неғұрлым өзекті мәселелерiн енгiзуге;
      2) қаралатын мәселелер бойынша ұсынымдық сипаттағы тиiстi шешiмдер қабылдауға;
      3) ЭСК құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де органдардың мамандарын тартуға;
      4) ЭСК жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

5. ЭСК-тің жұмысын ұйымдастыру

      6. ЭСК лауазымдық құрамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Бекітілген лауазымдық құрамның негізінде ЭСК-тің дербес құрамы ЭСК-тің хаттамалық шешімімен айқындалады.
      7. ЭСК төрағасы оның қызметін басқарады, ЭСК-тің отырыстарына төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды. ЭСК төрағасы болмаған кезде оның функцияларын ЭСК төрағасының орынбасары орындайды.
      8. ЭСК хатшысы ЭСК отырысы өткізілгеннен кейін хаттаманы ресімдейді. Хатшы ЭСК мүшесі болып табылмайды.
      9. ЭСК-тің мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.
      10. ЭСК отырыстары қажеттілігіне қарай ай сайын, бiрақ оның мүшелерiнің кемiнде жартысы болған кезде кемінде тоқсанына бiр рет өткiзiледi.
      11. ЭСК-тің жұмыс жоспарын тоқсан сайынғы негізде Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ ЭСК мүшелерінің ұсыныстары бойынша жұмыс органы қалыптастырады.
      ЭСК-тің кезекті отырысының күн тәртібін ЭСК төрағасымен келісім бойынша жұмыс органы қалыптастырады.
      12. ЭСК-тің отырысына материалдарды (хаттама жобасына ұсыныстар және ақпараттық-талдамалық материал) мүдделі мемлекеттік және өзге де органдар жұмыс органы айқындаған мерзімде жұмыс органына ұсынады. Материалдар уақтылы ұсынылмаған жағдайда, мәселе ЭСК отырысының күн тәртібінен алынып тасталуы мүмкін.
      13. ЭСК отырысының күн тәртібі, хаттаманың жобасы және «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар материалдарды қоспағанда, ЭСК отырысына материалдар оның мүшелеріне және шақырылғандарға электрондық түрде ғана «Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильді кеңсесі» ақпараттық жүйесі арқылы және/немесе ресми (қызметтік) электрондық мекенжайларға жіберіледі.
      14. ЭСК-тiң шешiмдерi ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға ЭСК мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру ЭСК отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдары мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, ЭСК-тiң төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.
      ЭСК мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген ЭСК-тің есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
      ЭСК отырысын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде 3 (үш) жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға және хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, ЭСК-тің хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын ЭСК-тің мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      ЭСК-тің мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде келісу немесе себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      15. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ЭСК-тiң жұмыс органы болып табылады.
      ЭСК-тiң жұмыс органы ЭСК жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде ЭСК отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар ЭСК отырысы өткізілгенге дейін 3 (үш) жұмыс күні бұрын хаттама жобасымен қоса ЭСК-тiң төрағасына және мүшелеріне жіберілуі тиіс.
      16. Дауыс беру парақтарымен қоса, ЭСК материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды жұмыс органы жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады