Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен Халықаралық Қаржы Корпорациясы мен Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 сәуірдегі № 426 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен Халықаралық Қаржы Корпорациясы мен Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен Халықаралық Қаржы Корпорациясы мен Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2014 жылғы 30 сәуірдегі
№ 426 қаулысымен  
мақұлданған    

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру
және Даму Банкі мен Халықаралық Қаржы Корпорациясы мен
Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі арасындағы
Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өсуіне
жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі
әріптестік туралы негіздемелік келісім

1. Алғышарттар

      1.1. Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (бұдан әрі – ХҚДБ), Халықаралық Қаржы Корпорациясы (бұдан әрі – ХҚК) және Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі (бұдан әрі – ИККА) (бұдан әрі бірлесіп «Дүниежүзілік банктің тобы» деп аталатындар), 2012 жылғы мамырда қабылданған ХҚДБ/ХҚК-ның Қазақстан Республикасымен 2012 – 2017 қаржы жылдарына арналған әріптестік стратегиясында (бұдан әрі – ӘС) қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған ынтымақтастықты күшейтуге ниетті. Экономикалық өсу барлық салаларды тең дәрежеде қозғап, халықтың неғұрлым аз қамтылған тараптарының әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында орнықты даму мен теңгерімді өсуге ынталандыруға ерекше мән бере отырып, бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Үкімет пен Дүниежүзілік банк тобының арасындағы осы Әріптестік туралы негіздемелік келісім ӘС негізінде жасалды, онда әріптестіктің негіз қалаушы қағидаттары мен Қазақстан Республикасының таяу арадағы он жылға арналған даму стратегияларын іске асырылуын қолдау үшін Тараптардың бірлескен іс-шараларының бағыттары айқындалған.
      1.2. Үкімет Дүниежүзілік банктің тобымен табысты инвестициялық жобалар мен жеке сектордың қызметін ынталандыруды; қаржы секторына қолдау көрсетуді; және аса маңызды болып табылатын Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасын (бұдан әрі – БЭЗБ) үнемі жетілдіру арқылы институционалдық әлеует пен саясатты талдауды күшейтуді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік өмірінің көптеген салаларында дерлік институционалдық әлеуетті арттыру жөніндегі жобаларды іске асыруға бағытталған ұзақ мерзімді жемісті ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Үкімет Қазақстан Республикасы халқының игілігі үшін даму нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында Дүниежүзілік банк тобымен оң ынтымақтастықты нығайтуға тілек білдірді.
      1.3. Дүниежүзілік банк тобы мемлекеттің қарқынды дамуына үлес қосқан, нәтижесінде тұрақсыз және осал өтпелі экономикасы бар елден екі онжылдықтан кейін Қазақстан кіріс деңгейі орташадан жоғары елге айналған, Үкіметпен тығыз әріптестікті бағалайды және макроэкономикалық басқару саласындағы Үкіметтің тұрақты жетістіктерін және оның құрылымдық реформаларды жалғастыруға ұмтылуын атап өтеді. Тұрақты экономикалық және әлеуметтік түрлену процесін ескере отырып, Қазақстан Республикасының тәжірибесі Дүниежүзілік банк тобының жаңа институционалдық стратегиясы үшін, сол сияқты табыс деңгейі орташа елдердің операциялық парадигмасының білім тұғырнамасы ретінде бола алады, бұл білім алмасу шеңберіндегі, сондай-ақ Дүниежүзілік банк тобына кіретін әртүрлі ұйымдардың арасындағы өзара іс-қимылдарды күшейту арқылы Дүниежүзілік банк тобының үлесін барынша арттыруға акцентті жаңғырту үшін әріптестіктің маңыздылығын атап өтеді. Бұл тәсіл Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің, Халықаралық Қаржы Корпорациясының, Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігінің және Инвестициялық Дауларды Реттеу жөніндегі Халықаралық Орталықтың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

2. Ынтымақтастықтың мақсаттары мен салалары

      2.1. Осы Әріптестік туралы негіздемелік келісім ӘС қағидаттарына негізделетін және: (і) негізінен экономиканың шикізат емес секторына инвестициялар тарту; (іі) жеке кәсіпкерлік пен инновацияларды дамыту; (ііі) шағын және орта кәсіпорындарды дамытуды ынталандыру; (iv) Қазақстан Республикасының институционалдық және адами капиталын дамыту және (v) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің және орнықты өңірлік дамуды қамтамасыз ету шараларының сапасы мен қолжетімділігін арттыру арқылы Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмсайтын күш-жігері Үкіметке қолдау көрсетуге бағытталатын болады. Бұл күш салуларды, лицензиялық-рұқсат беру жүйесін (оның ішінде жұмыс істеуге рұқсат) оңайлатуды, айқын реттеу базасын құруды, меншік құқығын сақтауды, сот-құқықтық жүйенің жұмысын халықаралық нормаларға және қағидаттарға сәйкес қамтамасыз етуді, кеден қызметі мен салықтық әкімшілендірудің айқын жүйесін, сондай-ақ барлық: отандық және халықаралық, ірі және ұсақ инвесторлар үшін тең жағдай жасауды қоса алғанда, инвестициялық және іскерлік климат жасауға акцент жасай отырып, қолайлы институционалдық және саяси контекст шеңберінде Үкімет алдын ала қабылдайтын болады.
      2.2. Осы Әріптестік туралы негіздемелік келісім шеңберінде Тараптардың келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін ынтымақтастықтың мынадай бағыттары көзделген:
      қаржы секторын дамыту;
      экономикада жеке сектордың рөлін күшейту, шағын және орта бизнесті дамыту және іскерлік ахуалды жетілдіру;
      инновацияларды ынталандыру;
      еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін еңбек дағдыларын дамыту;
      экономикаға инвестицияларды тарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту;
      өңірлердің орнықты және экологиялық дамуы;
      институционалдық реформаларды өткізуде диалогты қолдау және қолдау көрсету.
      2.3. Үкімет Дүниежүзілік банктің тобымен ынтымақтастықта және оның қолдауымен көрсетілген салалардың әрқайсысы үшін даму бағдарламаларын әзірлейді.

3. Іске асыру

      3.1. Даму бағдарламаларын іске асыру экономиканы әртараптандыруға жәрдемдесу үшін, өзгеден басқа, осы Келісімнің 2.2-тармағында тізбеленген салаларда, даму бағдарламаларын іске асыруды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Үкімет алдын ала бөлетін 500 миллиард теңге мөлшеріндегі жалпы сомадан қаржыландырылатын болады.
      3.2. Дүниежүзілік банктің тобы ӘС-тің қолданылу саласының шегінде және онда көзделген құралдарды пайдалана отырып, мыналарды: (i) даму бағдарламалары мен тиісті іс-шаралар жоспарларын әзірлеуге консультациялық қолдау және техникалық көмек көрсету (шығындарды толығымен өтей отырып); (ii) операциялық қолдау көрсету; (iii) Үкіметтің сұрау салуы бойынша және Дүниежүзілік банк тобының тиісті ұйымының Басшылығы мен Директорлар кеңесі мақұлдаған жағдайда, қарыз қаражаты мен қаржылық қолдаудың өзге түрлері (ӘС-тің қалған кезеңіне ХҚДБ-нің индикативтік инвестициялық қоржыны шамамен 2,5 миллиард АҚШ долларын құрайды); (iv) инфрақұрылым және әлеуметтік инфрақұрылым секторында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша бағдарламаны іске асыруға қолдау көрсету; (v) елдің экономикасына қаражатты енгізуді жоспарлаған жеке инвесторларға кепілдіктер; (vi) туындайтын проблемаларды тиімді шешу және одан арғы жұмысты тиісті түзету бойынша ұсыныстарды қоса алғанда, даму бағдарламаларының іске асырылу барысына қадағалау, мониторинг және бағалау жүргізуге қолдау көрсету (шығындарды толығымен өтей отырып) және (vii) дамыту жөніндегі басқа әріптестер және мүдделі тараптармен жұмысты үйлестіру бойынша қызметтерді ұсынатын болады.
      3.3. Бекітілген даму бағдарламаларының іске асырылуын қамтамасыз ету үшін олардың орындылығы осы бағдарламаларды әзірлеу кезеңінде жүргізілген тиісті бағалаумен бекітілетін болса, өзгеден басқа, мыналарды қоса алғанда, Үкімет арнайы атаулар қорын (нысаналы қорлар) құру нұсқасын қарастыра алады:
      өңірлік қор;
      инфрақұрылымдық қор;
      венчурлік қор;
      энергия тиімділігін қолдау қоры;
      өзге қорлар және т.б.

4. Институционалдық тетіктер

      4.1. Үкімет құрамына өзгелерден басқа Үкіметтің және Дүниежүзілік банк тобының өкілдері кіретін осы Әріптестік туралы негіздемелік келісімге арналған Үйлестіру кеңесін құрады. Аталған кеңес саясаттың түйінді шараларын шолу және бағдарламаның іске асырылуын жалпы қадағалау функцияларын орындайтын болады, сондай-ақ шешімдер қабылдаудың тиімді процесіне жәрдемдесетін болады.
      Осындай Үйлестіру кеңесінің құрамы мен функциялары мүдделі тараптармен келісім бойынша айқындалатын болады.
      4.2. Үкімет министрліктердің/агенттіктердің қатысуымен әрбір бағдарламаның іске асырылуын үйлестіретін іске асыру топтарын құрады. Топтардың құрамы мүдделі тараптармен келісім бойынша айқындалады.
      4.3. Тараптар осы Әріптестік туралы негіздемелік келісімнің шеңберінде көзделген бірлескен жобалар мен бағдарламалардың іске асырылуын бағалау бойынша бірлесіп күш салатын болады және олардың жоспарлы түрде іске асырылуына кедергі келтіретін жүйелі факторларды шешу жөніндегі шараларды айқындайтын болады, бұл ретте мұндай шаралардың кейбірі Үкімет пен ХҚДБ бірлесіп әзірлеген, 2012 жылғы 27 желтоқсанда күшіне енген Іс-шаралар жоспарында көзделген.

5. Жалпы ережелер

      5.1. Тараптар осы Әріптестік туралы негіздемелік келісімнің Тараптар арасындағы ынтымақтастықты күшейту тетіктерін айқындау мақсатында жасалғанын және қандай да бір нақты іс-шараға немесе жобаға қатысуға немесе оны қолдауға қатысты Тараптардың кез келгені қабылдайтын келісім немесе міндеттемені білдірмейтіні туралы келіседі. Қандай да бір нақты іс-шараны немесе бағдарламаны іске асырудағы кез-келген қолдау көрсету қолданылатын заңнама мен Тараптардың жарғылық құжаттарына сәйкес мақұлдау рәсімдері мен шарттық міндеттемелерді қабылдауға жататын болады.
      5.2. Осы Әріптестік туралы негіздемелік келісім оған Тараптар қол қойған сәттен бастап күшіне енеді және 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады. Осы Әріптестік туралы негіздемелік келісімнің қолданылу мерзімі Тараптардың жазбаша нысандағы өзара келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін. Әріптестік туралы негіздемелік келісімді Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа жазбаша хабарламаны жіберу арқылы бұза алады.
      5.3. Тараптар осы Әріптестік туралы негіздемелік келісімге байланысты туындауы мүмкін дауларды келіссөздер жүргізу арқылы бейбіт жолмен реттеудің жолдарын іздеуге міндеттенеді.
      5.4. Осы Әріптестік туралы негіздемелік келісімнің 2.2-тармағында аталған даму бағдармаларын іске асырған кезде Тараптар дамыту жөніндегі басқа әріптестермен және мүдделі тараптармен ынтымақтастықты қолдайтын болады.
      Осы арқылы Тараптар осы Әріптестік туралы негіздемелік келісімді жоғарыда белгіленген күні Астана қаласында (Қазақстан Республикасы) екі телнұсқа данада қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасасты, бұл ретте ағылшын тіліндегі нұсқа басымдық күшке ие.
 

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі үшін


Халықаралық Қаржы Корпорациясы үшін


Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні қоса берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады