Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 мамырдағы № 514 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрi Владимир Карпович Божкоға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2014 жылғы 21 мамырдағы 
№ 514 қаулысымен    
мақұлданған      

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық
Республикасының Үкiметi арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын
алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi
      2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарттың мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып, екі Мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ниет білдіре отырып,
      2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімнің мақсаттары мен міндеттеріне сүйене отырып,
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерiнiң әл-ауқаты мен ұлттық қауiпсiздiгiне жәрдемдесе алатынын мойындай отырып,
      Тараптар мемлекеттерi үшiн төтенше жағдайлардан болатын қауiпті сезiне отырып,
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың Тараптар мемлекеттерi үшiн пайдасын ескере отырып,
      Тараптардың бiрiнiң күштерiмен және құралдарымен жойылуы мүмкін емес төтенше жағдайлардың туындау мүмкiндiгiн және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында осыдан туындайтын екi мемлекеттiң үйлесiмдi iс-қимылдарының қажеттiлiгiн назарға ала отырып,
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы рөлiн ескере отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Осы Келiсiмде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келiсiмде пайдаланылатын терминдердiң мынадай мағыналары бар:
      сұрау салушы Тарап – екінші Тарапқа көмек көрсету жөнiндегi топтарды, жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын жiберу туралы өтiнiш беретiн Тарап;
      ұсынушы Тарап – екінші Тараптың көмек көрсету жөнiндегi топтарды, жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын жiберу туралы өтiнiшiн қанағаттандыратын Тарап;
      уәкiлеттi орган – осы Келiсiмдi iске асырумен байланысты жұмыстарға басшылық ету және оларды үйлестiру үшiн Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын орган;
      көмек көрсету жөніндегі топ – төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген, сұрау салушы Тарап келіскен кезде әскери персонал қосылуы мүмкін ұсынушы Тарап мамандарының (қажет болған кезде кинологиялық тобы бар) ұйымдасқан тобы;
      төтенше жағдай – адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізу объектілеріне залал келтіруге, елеулі материалдық шығынға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін аварияның, зілзаланың немесе апаттың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;
      төтенше жағдайлардың алдын алу – төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаға залал мен материалдық шығындар мөлшерлерiн азайтуға бағытталған iс-шаралар кешенi;
      төтенше жағдайды жою – төтенше жағдай туындаған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаға залал мен материалдық шығындар мөлшерлерiн азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймағын оқшаулауға, оған тән қауiптi факторлардың әрекетiн тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;
      төтенше жағдай аймағы – сұрау салушы Тарап мемлекетінің төтенше жағдай қалыптасқан аумағы;
      авариялық-құтқару жұмыстары – төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайларды оқшаулау және оларға тән қауiптi факторлардың әсерін жою немесе ең төменгі мүмкін болатын деңгейге дейiн жеткiзу жөнiндегi iс-қимылдар;
      жарақ – материалдар, техникалық және көлік құралдары, қару мен оқ-дәрілерді қоспағанда, төтенше жағдайды жоюға арналған көмек көрсету жөніндегі топтың керек-жарағы мен топ мүшелерінің жеке керек-жарағы;
      қамтамасыз ету материалдары – төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен халық арасында тегiн бөлiп беруге арналған материалдық құралдар.

2-бап
Уәкiлеттi органдар

      1. Тараптар осы Келiсiмдi iске асыру үшiн мынадай уәкiлеттi органдарды тағайындайды:
      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлiгi;
      Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының Азаматтық әкімшілік министрлігі, Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі.
      2. Тараптар өздерiнiң уәкiлеттi органдарының атауларындағы өзгерiстер туралы және олардың функцияларының басқа органдарға берiлгендiгi туралы және/немесе жаңа уәкілетті органдардың тағайындалғаны туралы дипломатиялық арналар бойынша бiрiн-бiрі дереу хабардар етедi.

3-бап
Ынтымақтастық қағидаттары мен нысандары

      Тараптар халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларын сақтай отырып, осы Келісімнің ережелеріне, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес төтенше жағдайларды жоюға дереу көмек көрсету мақсатында ынтымақтастық жасайды. Осы Келiсiм шеңберiндегі ынтымақтастық Тараптардың әрқайсысының қажеттi қаражатының болуына негiзделедi және мыналарды:
      қауiптi техногендiк процестер және табиғи құбылыстар мониторингiн ұйымдастыруды және жүргізуді;
      төтенше жағдайлардың туындау қаупі және туындауы кезінде әлеуетті қауіпті объектілердің және қоршаған ортаның жай-күйі, төтенше жағдайлардың өршу барысы мен ықтимал салдары, оларды жою бойынша қолданылатын шаралар туралы өзара құлақтандыруды;
      табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың мониторингi және болжамы туралы ұдайы ақпарат алмасуды;
      халықты төтенше жағдайлардағы iс-қимылдарға, оның iшiнде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша дайындауды ұйымдастыруда тәжiрибе алмасуды;
      төтенше жағдайларды жою кезiнде тиiстi мемлекеттiк органдардың өзара іс-қимылдарын ұйымдастыруды және үйлестiруді;
      өнеркәсiптiк авариялардың, апаттар мен дүлей зiлзалалардың салдарынан ықтимал ластануларға байланысты қоршаған орта мен халыққа келетін тәуекелді бағалау бойынша тәжірибе алмасуды;
      трансшекаралық өзендерде дүлей зілзалалардың алдын алу және туындау ықтималдығы туралы жедел құлақтандыруды;
      ғылыми-зерттеу жобаларын бiрлесiп жоспарлауды, әзiрлеуді және жүзеге асыруды, ғылыми-техникалық әдебиет және зерттеу жұмыстарының нәтижелерiн алмасуды;
      ақпарат, мерзiмдi басылымдар, әдiстемелiк және басқа да әдебиет, бейне- және фотоматериалдар, сондай-ақ технологиялар алмасуды;
      бiрлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс жиналыстарын, оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыруды;
      уәкілетті органдар арасында өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етуді;
      көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру кезінде өзара көмек көрсетуді;
      төтенше жағдайларды жою кезiнде өзара көмек көрсетуді;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында уәкiлеттi органдармен келiсiлетiн басқа да қызметті көздейдi.

4-бап
Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң мемлекеттiк органдары, өзге де ұйымдары, заңды және жеке тұлғалары арасындағы ынтымақтастыққа Тараптар жәрдемдеседi.
      2. Тараптардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдары, өзге де ұйымдары мен мекемелері осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметке қатыса алады.

5-бап
Көмек көрсету

      1. Тараптар мемлекетінің бірінің аумағында төтенше жағдай туындаған немесе оның туындау қаупі пайда болған жағдайда, осы Тарап екінші Тарапқа көмек көрсету туралы сұрау сала алады.
      2. Тараптар өз мүмкіндіктеріне сәйкес және еріктілік негізінде бір-біріне көмек көрсетеді. Көмек көрсету шарттары Тараптардың уағдаласуы бойынша айқындалады.
      3. Көмек сұрау салушы Тараптың төтенше жағдайлардың орны, уақыты, сипаты, ауқымы мен ағымдағы кездегі жай-күйі, сұратылатын көмектің басымдықтары, сондай-ақ көрсетілген немесе көрсетіліп жатқан халықаралық көмек туралы ақпарат көрсетілген жазбаша сұрау салу хатының негізінде көрсетіледі.
      4. Ұсынушы Тарап сұрау салуды қысқа мерзімде қарайды және сұрау салушы Тарапқа көмек көрсету мүмкіндігі, көлемі мен шарттары туралы хабарлайды.
      5. Сұрау салушы Тарап зардап шеккен халық арасында нәсілдік, ұлттық, діни, тілдік немесе басқа белгілері бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз қамтамасыз ету материалдарының әділ және ұтымды бөлінуін қамтамасыз етеді. Сұрау салушы Тарап көмек ретінде алынған қамтамасыз ету материалдарының мақсатқа сай пайдаланылғаны туралы ұсынушы Тарапқа хабарлайды.

6-бап
Көмек түрлерi

      1. Төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету жөнiндегi топтарды, жарақтарды, қамтамасыз ету материалдарын жiберу арқылы не өзге де сұралатын нысанда көмек көрсетiледi. Жарақтар мен құтқарушылардың киімдеріне ұсынушы Тарап мемлекетінің айырым белгілері салынуға тиіс.
      2. Көмек көрсету жөнiндегi топтарға басшылық етуді осы топтардың басшылары арқылы сұрау салушы Тараптың уәкiлеттi органы жүзеге асырады.
      3. Сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөнiндегi топтарының басшыларына төтенше жағдай аймағында және нақты жұмыс учаскелерiнде қалыптасқан жағдай туралы хабарлайды, қажет болған кезде осы топтарды аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етедi, сондай-ақ қауiпсiздiктi, медициналық жедел жәрдемді қамтамасыз етедi және олардың iс-қимылдарын үйлестiрудi жүзеге асырады.
      4. Көмек көрсету жөнiндегi топтарды жарақтандыру кемінде 72 сағат бойы төтенше жағдай аймағында дербес iс-қимылдар жүргiзу үшiн жеткiлiктi болуға тиiс. Жарақ қорлары біткеннен кейін сұрау салушы Тарап көрсетілген топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

7-бап
Көмек көрсету жөнiндегi топтарды мемлекеттiк шекарадан өткізу
шарттары және олардың сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағында
болу режимi

      1. Көмек көрсету жөнiндегi топтардың мүшелерi сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң мемлекеттiк шекарасын халықаралық қатынас үшiн ашық өткізу пункттерi арқылы өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттармен бірінші кезектегі тәртіппен кесiп өтедi. Қажет болған жағдайда сұрау салушы Тарап оларға кіру визаларын уақтылы ресімдеуді қамтамасыз етеді. Топ басшысында көмек көрсету жөнiндегi топ мүшелерiнiң тiзiмi, жарақтардың тiзбесi және ұсынушы Тараптың уәкiлеттi органы берген, оның өкiлеттiктерiн растайтын құжат болуға тиiс.
      2. Кинологиялық топтарды мемлекеттік шекарадан өткізу тәртібі және олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болу тәртібі сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында қолданылатын карантиндік қағидаларға сәйкес айқындалады.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтар төтенше жағдай аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындайды.
      4. Көмек көрсету жөнiндегi топтардың мүшелерi сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезде сол мемлекеттiң заңнамасын сақтауға мiндеттi. Бұл ретте, олар еңбек заңнамасы және онымен байланысты мәселелер саласында ұсынушы Тарап мемлекетiнiң юрисдикциясында болады. Көмек көрсету жөнiндегi топ құрамына кiретiн әскери персоналға еңбек құқықтық қатынастары мен әлеуметтiк-экономикалық кепiлдiктер бөлiгiнде әскери қызметшiнің мәртебесiн реттейтiн ұсынушы Тарап мемлекетi заңнамасының күшi қолданылады.
      5. Көмек көрсету жөнiндегi топтардың орын ауыстыруы, олардың жарақтарын және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, темiржол, су немесе әуе көлiгiмен жүзеге асырылады.
      Көрсетілген көлік түрлерін көмек көрсету үшін пайдалану тәртібін ұсынушы және сұрау салушы тараптардың уәкілетті органдары айқындайды.

8-бап
Төтенше жағдайларды жою кезiнде көмек көрсетуге арналған
жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын әкелу және әкету

      1. Жарақтарды және қамтамасыз ету материалдары ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағынан ұсынушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес шығарылады.
      2. Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына сұрау салушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес әкелінеді. Оларды төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету мақсатында және көмек көрсету жөніндегі топтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін ғана пайдалануға жол беріледі. Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын коммерциялық мақсаттарда пайдалануға тыйым салынады.
      3. Төтенше жағдайларды жою кезiнде көмек көрсету үшiн сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнетiн және ұсынушы Тарап мемлекетiнiң аумағынан әкетiлетiн жарақтар және қамтамасыз ету материалдары кедендiк баждардан, алымдар мен салықтардан босатылады.
      4. Жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын кедендiк ресiмдеу және оларға карантин көмек көрсету жөнiндегi топтардың құрамы, әкелiнетiн немесе әкетiлетiн жарақтардың және қамтамасыз ету материалдарының тiзбесi көрсетiлетiн, Тараптардың уәкiлеттi органдары беретiн хабарламалардың негiзiнде бірінші кезектегі тәртiппен жүргiзiледi.
      5. Көмек көрсету жөнiндегi топтарға жарақтардан және қамтамасыз ету материалдарынан басқа, қандай да бiр тауарларды тасымалдауға тыйым салынады.
      6. Көмек көрсету жөнiндегi жұмыстар аяқталғаннан кейiн сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнген жарақтар (толық пайдаланылғанды немесе жойылғанды қоспағанда) Тараптардың құзыретті органдары келіскен мерзімде ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағына әкетiлуге жатады.
      Жарақтарды жою немесе толық пайдалану және зардап шеккен халық арасында қамтамасыз ету материалдарын бөлу фактісі құжат жүзінде расталуға тиіс.

9-бап
Әуе кемелерiн пайдалану

      1. Ұсынушы Тараптың уәкiлеттi органы сұрау салушы Тарапқа әрбір әуе кемесінің мемлекеттік тиесілігін, ұсынушы Тараптың тасымалдаушысын, әуе кемелерінің типін, моделі мен нөмірін, тану белгілерін, шақыру белгілерін және ұшу типін, көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің санын, оның басшысының аты мен лауазымын, экипаж мүшелерінің санын, аттары мен лауазымдарын, жүктің сипатын, ұшу және қону әуежайларын, ұшудың соңғы пунктін, маршрутты қосалқы әуежайды, әуе дәліздерін, ұшу биіктігін, ұшу және қону уақытын, жердегі қызметтермен байланыс арналарының жиіліктерін, осы рейсті жүзеге асыру үшін рұқсат етілетін ең нашар ауа райы жағдайын көрсете отырып, әуе кемелерін көмек көрсету үшін пайдалану шешімі туралы хабарлай отырып, өтінімді дипломатиялық арналар арқылы алдын ала жібереді.
      2. Сұрау салушы Тараптың рұқсатымен көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке ұшуды бекітілген маршрут бойынша жүзеге асырады. Сұрау салушы Тарап көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемесінің өз мемлекетінің аумағы арқылы ұшып өтуі, сондай-ақ оның қонуы және ұшуы үшін жағдайды қамтамасыз етеді.
      3. Көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемелерінің ұшуы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы және Тараптар мемлекеттерi белгiлеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап
Шығыстарды өтеу

      1. Ұсынушы Тараптың шешімі бойынша көмек өтеусіз көрсетілуі мүмкін. Бұлай болмаған жағдайда, сұрау салушы Тарап ұсынушы Тарапқа көмек көрсетумен байланысты шығыстарды өтейді.
      2. Сұрау салушы Тарап кез келген кезде көмек көрсету туралы өз өтінішін кері қайтарып алуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, ұсынушы Тарап көмек көрсету бойынша шеккен шығыстарының өтемін алуға құқылы.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында айтылған шығыстарды өтеу Тараптардың уәкілетті органдары қол қойған көмек көрсету жөніндегі қаржы шығыстары туралы екіжақты акт негізінде еркін айырбасталатын валютада, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптан бұл жөніндегі талапты алғаннан кейін он күндік мерзімде жүргізіледі.
      4. Ұсынушы Тарап көмек көрсету жөнiндегi топтардың мүшелерiн сақтандыруды қамтамасыз етедi. Сақтандыруды ресiмдеу бойынша шығыстар көмек көрсету жөнiндегi жалпы шығыстарға қосылады.
      5. Ұсынушы Тарап әуе кемелерінің ұшып өткені, қонғаны, әуеайлақта тұрғаны және одан ұшқаны үшін ақы төлеуден, сондай-ақ аэронавигациялық қызметтерге ақы төлеуден босатылады.
      6. Отын және әуе кемелерінің техникалық қызмет көрсетуге жұмсалған шығыстар, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, көмек көрсету жөнiндегi жалпы шығыстарға қосылады.
      7. Тараптардың ынтымақтастықтың басқа нысандары бойынша шығыстары Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес немесе Тараптардың уағдаласуы бойынша жүзеге асырылады.

11-бап
Залалды өтеу

      1. Сұрау салушы Тарап адамдар қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда, сондай-ақ осы Тараптың жарағы немесе басқа меншiгi жойылған немесе оған залал келтiрiлген жағдайда, егер мұндай залал осы Келiсiмдi iске асырумен байланысты мiндеттердi орындау барысында келтiрiлсе, ұсынушы Тарапқа өтемақы төлейдi. Өтемақы мөлшерi әрбiр нақты жағдайда жеке ескеріледі.
      2. Құтқарушылар сұрау салушы Тараптың аумағында осы Келiсiмдi жүзеге асыру барысында қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда Сұрау салушы Тарап медициналық және көліктік шығыстарды төлейдi.
      3. Егер ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөнiндегi топ мүшесi сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмдi iске асырумен байланысты мiндеттердi орындау кезiнде заңды немесе жеке тұлғаға залал келтiрсе, онда сұрау салушы Тарап залалды өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес өтейдi.
      4. Көмек көрсету жөнiндегi топ мүшесi әдейі немесе өрескел ұқыпсыздығымен келтiрген зиянды ұсынушы Тарап өтейді.

12-бап
Ақпаратты пайдалану

      Егер Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары жазбаша нысанда алдын ала өзгеше келiспесе, Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес жария етуге жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келiсiмнiң шеңберiнде жүргiзiлетін қызметтiң нәтижесiнде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегi практикасы мен нормативтік ұйғарымдарының негiзiнде пайдаланылады.

13-бап
Дауларды шешу

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және (немесе) қолдануға қатысты даулар мен келiспеушiлiктер Тараптардың уәкілетті органдары арасында келiссөздер мен консультациялар жүргiзу арқылы шешiледi.

14-бап
Басқа халықаралық шарттарға қатысы

      Осы Келісім қатысушылары Тараптар мемлекеттері болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

15-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм Тараптардың бiрінің екiншi Тараптан өзiнiң осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар жеке хаттамалармен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісім қолданысының тоқтатылуы оның қолданысы тоқтатылғанға дейін басталған, бірақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғалмайтын болады.

      201_ жылғы «___» __________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды әрi барлық мәтiндердің күші бiрдей.

Қазақстан Республикасының             Қазақстан Республикасының
     Үкiметi үшiн                          Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады