Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік уағдаластыққа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2014 жылғы 22 мамырдағы № 534 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік уағдаластықтың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік уағдаластыққа қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2014 жылғы 22 мамырдағы
№ 534 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік уағдаластық

      Осы Әріптестік туралы негіздемелік уағдаластық (бұдан әрі – Негіздемелік уағдаластық) бұдан әрі жекелеп «Тарап» және бірлесіп «Тараптар» деп аталатын – Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет) мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі (бұдан әрі – ЕҚДБ) арасында жасалады.
      Мақсаты елдердің ашық нарықтық экономикаға өтуіне және ЕҚДБ жұмыс істейтін елдерде жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу болып табылатын, ЕҚДБ-ның халықаралық құқыққа сәйкес 1990 жылғы 29 мамырдағы ЕҚДБ құру туралы келісіммен (бұдан әрі – ЕҚДБ келісімі) құрылған халықаралық қаржы институты екенін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;
      Үкімет тұрақты өсу мен дамуды қамтамасыз ету үшін экономикалық реформалар процесін, оның ішінде шетелдік және жергілікті инвестицияларды ынталандыру, құрылымдық реформаларды жүргізу және экономиканы әртараптандыру арқылы күшейтуге ниет танытып отырғанын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП.
      Осыған байланысты Үкімет экономиканың басым секторларын дамыту мақсатында ЕҚДБ-мен байырғы әріптестікті күшейтуге ниетті.
      ЕҚДБ мен Үкімет экономикалық дамуға жәрдемдесу мақсатында, оның ішінде инвестициялық құралдарды, инвестициялық гранттарды, техникалық көмек пен саяси диалогты пайдалану есебінен ынтымақтастықты күшейтуге негіз болатын осы Негіздемелік уағдаластыққа қол қоюға ниет танытып отырған ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП.
      Осымен Тараптар төмендегілер жөнінде уағдаласты:

      1-бөлім. Мақсаты

      1.1. Осы Негіздемелік уағдаластықтың мақсаты (i) экономиканың шикізат емес секторларына басым түрде инвестициялар тарту; (ii) қаржы секторын дамыту; (iii) жеке кәсіпкерлікті және инновацияларды дамыту; (iv) шағын және орта бизнесті дамыту; (v) институционалдық дамыту және адами капиталды дамыту; (vi) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру және тұрақты өңірлік дамуды қамтамасыз ету арқылы Қазақстан экономикасын әртараптандыру мен жаңғыртуға жәрдемдесу мақсатында Тараптар арасындағы ынтымақтастықты айрықша емес негізде күшейту болып табылады.
      Реформалар жүргізу үшін Үкімет тиісті институционалдық база құрып, рұқсат беру жүйесін оңтайлауды (оның ішінде еңбек қатынастарына рұқсат берулерге қатысты), ашық нормативтік құқықтық базамен қамтамасыз етуді, меншік құқығын қорғауды, инвестициялық дауларды шешу жүйесін жетілдіруді, халықаралық мақұлданған нормалар мен практикаға сәйкес келетін сот жүйесінің дамуын қамтамасыз етуді, кедендік және салықтық әкімшілендірудің ашық жүйесін, сондай-ақ инвесторлар үшін тең жағдайлар жасауды қоса алғанда, қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуалды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізетін болады.

      2-бөлім. Ынтымақтастық салалары

      2.1. Осы Негіздемелік уағдаластық шеңберіндегі ынтымақтастық салаларын Тараптар ішкі қағидалар мен рәсімдерді ескере отырып бірлесіп айқындайтын болады. Тараптар Осы Негіздемелік уағдаластықта көзделген шараларды іске асыруға қатысу үшін басқа халықаралық қаржы институттарын тарта алады.
      2.2. Осы Негіздемелік уағдаластық шеңберінде Тараптар мынадай салаларда ынтымақтастық жасайды:
      (i) қаржы секторын дамыту;
      (ii) экономикадағы жеке сектордың рөлін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, іскерлік ахуалды дамыту;
      (iii) инновацияларды ынталандыру;
      (iv) инвестицияларды тарту және мемлекеттік-жекешелік әріпетестікті дамыту;
      (v) тұрақты және экологиялық өңірлік дамыту;
      (vi) диалог және институционалдық реформалар жүргізуге жәрдемдесу;
      (vii) энергия тиімділігін арттыру және жасыл экономиканы дамыту.
      2.3. Үкімет ЕҚДБ мен басқа мүдделі тараптардың ынтымақтастығымен және қолдауымен 2.2-бөлімде айқындалған салалардағы реформаларды жүргізуге бағытталған даму бағдарламаларын (бұдан әрі – бағдарламалар) әзірлейтін болады.
      2.4. Бағдарламаларды іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканы әртараптандыруға, оның ішінде осы Негіздемелік уағдаластықтың 2.2-бөлімінде көрсетілген бағыттар бойынша жәрдемдесу үшін Үкімет бөлетін жалпы сомадан алдын ала 500 миллиард теңге мөлшерінде қаржыландырылатын болады. Жоғарыда көрсетілген қаражаттан бөлу тетіктері жеке негізде және Тараптар арасындағы жекелеген келісімдерге сәйкес айқындалады.
      2.5. ЕҚДБ Директорлар кеңесі қабылдаған Қазақстанға арналған елдік стратегия шеңберінде және оның құралдары арқылы және ЕҚДБ-ның ішкі қағидаларына, рәсімдері мен келісулеріне сәйкес ЕҚДБ: (i) бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға консультациялық қолдау мен техникалық көмек көрсетуді ұйымдастырады; (ii) жедел қолдау көрсетеді; (iii) ішкі рәсімдер мен қағидаларға сәйкес қарыздар береді және басқа қаржылық қолдау көрсетеді (ЕҚДБ-ның Қазақстандағы соңғы операцияларының жылдық көлемі шамамен 550 миллион АҚШ долларын құрады); ЕҚДБ болашақта осы Негіздемелік уағдаластыққа сәйкес Үкімет тарапынан жобалық сұраныс пен қоса қаржыландырудың оң әсерінің өсуі негізінде өз операцияларының жыл сайынғы көлемінің ұлғаюын күтеді; (iv) мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға қолдау көрсетеді; (v) ЕҚДБ-ның ішкі саясатына, рәсімдері мен қағидаларына сәйкес ЕҚДБ жетекшілігімен жүргізілетін жобаларға мониторинг пен олардың іске асырылуын бағалауға қолдау көрсетеді; және (vi) даму бойынша басқа әріптестермен және мүдделі тараптармен ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      3-бөлім. Іске асыру тетіктері

      3.1. Үкімет осы Негіздемелік уағдаластық үшін құрамына, өзгелерден басқа Үкімет пен ЕҚДБ өкілдері кіретін Үйлестіру кеңесін құрады. Аталған кеңес саясаттың түйінді шараларын шолу және бағдарламалардың іске асырылуын қадағалау функцияларын орындайды, сондай-ақ шешімдер қабылдаудың тиімді процесіне жәрдемдеседі.
      Үйлестіру кеңесінің құрамы мен функциялары мүдделі тараптармен келісім бойынша айқындалады.
      3.2. Үйлестіру кеңесінің барлық шешімдері, осы Негіздемелік уағдаластыққа сәйкес іске асырылатын операциялар мен қызмет (i) ішкі саясатқа, рәсімдер мен Тараптардың келісуіне және (ii) Тараптар арасында жекелеген құқықтық келісімдер және/немесе ЕҚБД мен операциялар бенефициары арасында келісімдер жасасуға жатады.
      3.3. Үкімет министрліктердің/агенттіктердің қатысуымен бағдарламалардың іске асырылуын үйлестіретін іске асыру топтарын құрады. Топтардың құрамы мүдделі тараптармен келісім бойынша айқындалатын болады.

      4-бөлім. Тараптардың міндеттемелері

      4.1. Осы Негіздемелік уағдаластық Тараптардың кез келгені үшін қаржыландырумен байланысты ешқандай міндеттемелерді жүктемейді. Кез келген осындай міндеттеме осы Негіздемелік уағдаластыққа сәйкес Тараптар енгізуі мүмкін жекелеген келісімдерде көрсетілуі тиіс. Мұндай міндеттемелер мен келісімдер тиісті ішкі келісуге, Тараптардың саясаты мен рәсімдеріне жатады. Осы Негіздемелік уағдаластық Тараптардың кез келгені үшін екінші Тарапқа басымдық жағдай беруге арналған міндеттемелерді жүктемейді.

      5-бөлім. Осы Негіздемелік уағдаластықтың күшіне енуі, оған
өзгерістер енгізу, қолданысын тоқтату тәртібі және басқа мәселелер

      5.1. Осы Негіздемелік уағдаластық Тараптар қол қойған сәттен бастап күшіне енеді және 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады. Осы Негіздемелік уағдаластықтың қолданылу мерзімі Тараптардың өзара келісімі бойынша жазбаша түрде ұзартылуы мүмкін. Тараптардың кез келгені Негіздемелік уағдаластықты екінші басқа Тарапқа жазбаша хабарлама жіберу арқылы бұза алады.
      5.2. Тараптардың жазбаша келісімі арқылы Осы Негіздемелік уағдаластыққа түзетулер енгізілуі мүмкін.
      5.3. Осы Негіздемелік уағдаластықтың қандай да бір ережесін түсіндіруден немесе қолданудан/немесе соған байланысты туындаған кез келген дау консультациялар арқылы бейбіт түрде шешілетін болады.
      5.4. Осы Негіздемелік уағдаластықтағы ештеңе ЕҚБД келісімі, халықаралық конвенциялар немесе кез келген қолданылатын заңдар шеңберінде ЕҚБД ұсынған кез келген артықшылықтардан, иммунитеттер мен жеңілдіктерден бас тарту немесе оларды өзгерту ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН әрқайсысы өзінің уәкілетті өкілі арқылы әрекет ете отырып, Тараптар 2014 жылғы мамырдың __ Қазақстан Республикасының Астана қаласында осы Негіздемелік уақдаластықты ағылшын, қазақ және орыс тілінде жасасты, бұл ретте ағылшын тілінің басым күші бар.

      Қазақстан Республикасының             Еуропа Қайта Құру және
      Үкіметі үшін                          Даму Банкі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Уағдаластықтың ағылшын тіліндегі мәтіні қоса берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады