Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Аргентина Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 мамырдағы № 569 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Аргентина Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісімге қол қою туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Аргентина Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан оған қол қойсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің        
2014 жылғы 28 мамырдағы
№ 569 қаулысымен   
мақұлданған      

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының
Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Аргентина
Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары
туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының Үкіметі;
      өзара сыйластық қағидатына кепілдік беруді және азаматтардың өзара сапарларын жеңілдетуді қалай отырып;
      Тараптар арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту және тығыз байланыстарды нығайту мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағына бірінші келген күнінен бастап бір жыл ішінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын кезең ішінде жарамды паспорттарының иелері, бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына туристік немесе іскерлік сапар мақсатында визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда бола алады.
      2. Болу мемлекетінің тиісті ұлттық органдары аталған кезеңді бір рет және күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын кезеңге ұзартуы мүмкін.

2-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаты үшін жарамды паспорт деген мынаны білдіреді:
      а) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
      б) Аргентина Республикасы азаматының әдеттегі паспорты.
      2. Туризм екінші Тарап мемлекетінің аумағында жергілікті табыс көздерінің қаржылық міндеттемелеріне әкелуі мүмкін кіріс әкелетін қызметпен айналысуды көздемейтін ойын-сауық, танымдық, мәдени және басқа да мақсаттардағы саяхатты білдіреді.
      3. Транзит түпкілікті межелі орынға жету мақсатында бір Тарап мемлекетінің азаматтары үшін екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу мүмкіндігін білдіреді.
      4. Іскерлік сапар коммерциялық мүмкіндіктерді зерттеуге, отырыстарға қатысуға, келісімшарттарға қол қоюға, басқарушылық және әкімшілік іс-шараларды өткізуге жіберілген бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағында ақылы қызмет атқармайтын сапарларын білдіреді.
      5. Жоғарыда көрсетілген ережелерге сәйкес саяхаттап жүрген екі мемлекеттің азаматтары болу елінде ақы төленетін қызметті жүзеге асыра алмайды және ақы төленетін кәсіпті атқара алмайды.

3-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында қалуға, ақылы қызметті жүзеге асыруға, жұмысқа орналасуға, зерттеулермен, тағылымдамадан өтумен, оқумен және әлеуметтік жұмыстармен айналысуға, сондай-ақ техникалық көмек, миссионерлік, діни немесе көркем қызметті орындауға немесе осы Келісімнің 2-бабында аталғандардан басқа қызметтің өзге де түрлерін жүзеге асыруға ниет білдірген жағдайда, екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті виза ресімдеу үшін жүгінуге тиіс.

4-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген азаматтар халықаралық қатынастар үшін ашық шекараны кесіп өтудің барлық орындары арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады, транзитпен өте алады және кете алады.

5-бап

      Осы Келісімде көзделген визалық талаптардан босатылу бір Тарап мемлекетінің азаматтарын екінші Тарап мемлекетінің аумағында қысқа мерзімді болу кезінде сол Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтау міндетінен босатпайды.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы бір Тарап мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын сақтайды.

7-бап

      Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата алады. Осы Келісімді тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешім екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы кідіріссіз жолданады.

8-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңінде жарамды паспорттарын жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, аумақтан шығу мақсатында өз мемлекетінің болу мемлекеті аумағындағы дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі беретін тиісті жол жүру құжатын алуға тиіс.

9-бап

      1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы өздерінің тиісті паспорттарының үлгілерімен алмасады.
      2. Паспорттар өзгерген жағдайда, мүдделі Тарап жаңа үлгілерді олар қолданысқа енгізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын оларды қолдану туралы ақпаратпен бірге дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жолдайды.

10-бап

      1. Тараптардың жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге дипломатиялық арналар арқылы түзетулер енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 11-бабы 1-тармағында көзделген тәртіпте күшіне енеді.
      2. Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдануға байланысты келіспеушіліктер Тараптар арасында дипломатиялық консультациялар немесе келіссөздер арқылы достық жолмен шешіледі.

11-бап

      1. Осы Келісім Тараптардың өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында оның күшіне енуі үшін белгіленген талаптарды орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және әрбір Тарап дипломатиялық арналар арқылы тиісті жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады. Аталған хабарлама алынған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң осы Келісім өзінің қолданысын тоқтатады.

      2014 жылғы _________________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының             Аргентина Республикасының
           Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады