"Ақпараттандыру туралы" (жаңа редакция)Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 мамырдағы № 594 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Ақпараттандыру туралы» (жаңа редакция) Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Ақпараттандыру туралы (жаңа редакция)

      Осы Заң электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды құрудың, пайдалану мен қорғаудың, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау шараларын қолданудың құқықтық негiздерiн белгілейді.

1-бөлім. Ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеу
негіздері 1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
      1. Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) автоматтандыру – ақпаратты жасауды, іздестіруді, жинауды, жинақтауды, сақтауды, өңдеуді, алуды, пайдалануды, түрлендіруді, көрсетуді, таратуды және беруді оңтайландыруға арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын пайдалану процесі;
      2) ақпараттандыру – ақпараттандыру субъектілерінің қызметін автоматтандыруға бағытталған ұйымдық, әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық процесс;
      3) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, ақпараттық жүйелер, сервистік бағдарламалық өнімдер;
      4) ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышы – ақпараттандыру объектілерін сәйкестендіруге және оларға сипаттама беруге бағытталған санаттардың жүйеленген тізімі;
      5) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (бұдан әрі – ақпараттық қауіпсіздік) – электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
      6) ақпараттандыру саласындағы көрсетілетін қызметтер – ақпараттық жүйелерді құру, дамыту және сүйемелдеу, электрондық ақпараттық ресурстарды құру жөнінде көрсетілетін қызметтер;
      7) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңес – мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттандыру мәселелерін қарайтын уәкілетті орган жанындағы ведомствоаралық консультациялық-кеңесші орган;
      8) ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілер – жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтауы төтенше жағдайларға немесе Қазақстан Республикасының қорғанысы, қауіпсіздігі, халықаралық қатынастары, экономикасы, шаруашылығының жекелеген салалары инфрақұрылымы үшін немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тыныс-тіршілігі үшін айтарлықтай теріс салдарға әкеп соғатын ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның, оның ішінде «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілері;
      9) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
      10) ақпараттандыру субъектілері – ақпараттандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға қатысатын мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар;
      11) ақпараттандырудың сервистік моделі – мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторының ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуіне негізделген, аталған органдардың қызметін орталықтандырып ақпараттандыруды ұйымдастыру;
      12) ақпаратты қорғау құралы – ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге арналған және пайдаланылатын бағдарламалық қамтылым, техникалық және өзге де құралдар;
      13) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық іс-әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
      14) ақпараттық жүйе жасау – бағдарламалық қамтылымды әзірлеуге, иемденіп алуға, енгізуге, ақпараттық жүйенің техникалық құралдарының қажетті кешенін иемденіп алуға және (немесе) жалға алуға бағытталған ұйымдық және техникалық іс-шаралар кешенін іске асыру;
      15) ақпараттық жүйелерді интеграциялау – деректерді берудің Қазақстан Республикасында пайдаланылатын стандарттық хаттамалары негізінде екі және одан да көп ақпараттық жүйе арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
      16) ақпараттық жүйені дамыту – ақпараттық жүйенің жұмыс істеуін оңтайландыру және (немесе) функционалын кеңейту мақсатында өнеркәсіптік пайдалануға қабылданған ақпараттық жүйенің қосымша функционалдық талаптарын іске асыру, оны жаңғырту және (немесе) модификациялау жөніндегі іс-шаралар кешені;
      17) ақпараттық жүйені енгізу – автоматтандыру объектісі мен персоналды дайындауды, жөнге келтіріп іске қосу жұмыстарын, алдын ала және қабылдау сынақтарын жүргізуді, тәжірибелік пайдалануды қамтитын ақпараттық жүйені қолданысқа енгізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу;
      18) ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалану – ақпараттық жүйені мақсаттарына, міндеттері мен нормативтік-техникалық құжаттамасына сәйкес штаттық режимде пайдалану;
      19) ақпараттық жүйені сүйемелдеу – ақпараттық жүйені оның арналған мақсатына сәйкес ақпараттық-бағдарламалық кешенге жүйелік-техникалық қызмет көрсету арқылы пайдалануды қамтамасыз ету;
      20) ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалану – ақпараттық жүйенің жұмыс істеуіндегі кемшіліктерді анықтау мен жою және оның нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында өткізілетін ақпараттық жүйені пилоттық аймақта пайдалану;
      21) ақпараттық жүйенің аудиті – ақпараттық жүйені пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында оны тәуелсіз зерттеу;
      22) ақпараттық жүйенің өмірлік циклі – ақпараттық жүйені талдау, жобалау, әзірлеу, тәжірибелік, өнеркәсіптік пайдалануға қосу, сүйемелдеу, дамыту, пайдаланылуын тоқтату және кәдеге жарату кезеңдерінің жиынтығы;
      23) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттау (бұдан әрі – аттестаттау) – аттестаттауға жататын объектілер қорғалуының жай-күйін, сондай-ақ олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтау жөніндегі ұйымдық-техникалық іс-шаралар;
      24) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым – электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және оларға қол жеткізу мүмкіндігін беру мақсатында технологиялық ортаның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің жиынтығы;
      25) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері – ақпараттық жүйелер, технологиялық тұғырнамалар, аппараттық-бағдарламалық кешендер, телекоммуникация желілері, сондай-ақ техникалық құралдардың үздіксіз жұмыс істеуін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелері;
      26) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның ақпараттық қауіпсіздігі мониторингінің жүйесі – ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларына ден қоюды қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның (ақпараттық жүйелердің, техникалық құралдардың) меншік иелеріне, иеленушілеріне және оларды пайдаланушыларға жәрдем көрсетуге бағытталған ұйымдық және техникалық іс-шаралар;
      27) ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету – есептеу ресурстарын жалдау және (немесе) орналастыру, бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық өнімдерді, сервистік бағдарламалық өнімдерді және техникалық құралдарды пайдалануға беру жөнінде көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ осы көрсетілетін қызметтердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін байланыс қызметін көрсетудің немесе көрсетілетін қызметтердің жиынтығы;
      28) ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету каталогы – мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы ұсынатын, ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетудің егжей-тегжейлі сипаттамасы мен құны қамтылған ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетудің бірыңғай анықтамалығы;
      29) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу әдістерінің және аппараттық-бағдарламалық кешендер мен телекоммуникациялар желілерін қолдана отырып жүзеге асырылатын ақпараттық өзара іс-қимыл әдістерінің жиынтығы;
      30) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптар – электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға және оларды қорғауға қолданылатын ұйымдық-техникалық нормалар мен талаптар жинағы;
      31) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы – экономиканың бағдарламалық қамтылымды жобалаумен, оның жасалуымен және саудасымен, техникалық құралдармен, тұрмыстық электроникамен және оның құрамбөліктерімен сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуді ұсынумен байланысты саласы;
      32) ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы – ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның немесе оның жекелеген құрамбөліктерінің жұмысында жекелей немесе сериялы түрде туындайтын іркілістер, олардың тиiсiнше жұмыс iстеуiне қауіп төндiретiн және (немесе) электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз алу, көшiрмесін түсіріп алу, тарату, түрлендiру, жою немесе бұғаттау үшiн жағдай жасайтын оқиғалар;
      33) аппараттық-бағдарламалық кешен – белгілі бір түрдегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық құралдар жиынтығы;
      34) ашық деректер – машинада оқылатын түрде ұсынылған және одан әрі пайдалануға және пайдаланушылардың қайталап жариялауына арналған жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар;
      35) ашық деректердің интернет-порталы – ашық деректер бойынша сипаттау және сілтемелік ақпаратты орталықтандырылған сақтауды қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамбөлігі;
      36) бағдарламалық қамтылым – пайдалану үшін қажетті техникалық құжаттамасы бар бағдарламалардың, бағдарламалық кодтардың, сондай-ақ бағдарламалық өнімдердің жиынтығы;
      37) бағдарламалық қамтылымды сүйемелдеу – өнеркәсіптік пайдалануға берілгеннен кейін бағдарламалық қамтылымның жұмыс істеуін, оны жақсарту процесін, оңтайландыруды және оның ақаулары мен кемшіліктерін жоюды қамтамасыз ету;
      38) бағдарламалық өнім – әзірлеушілеріне қарамастан, техникалық құжаттамамен белгіленген жүйелік талаптарға сәйкес көзделген мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін тауар болып табылатын дербес бағдарлама немесе бағдарламалық қамтылымның бір бөлігі;
      39) домендiк атау – интернет желiсiнiң адрестеу қағидаларына сәйкес қалыптастырылған, белгiлi бiр желiлiк адреске сәйкес келетiн және интернет желiсiнiң объектiсiне атаулы жүгінуге арналған символдық (әрiптiк-цифрлық) белгi;
      40) еркін бағдарламалық қамтылым – құқық иеленуші пайдаланушыға бағдарламалық қамтылымға қатысты шектеусіз орнату, іске қосу және көшірмесін түсіріп алу, сондай-ақ еркін пайдалану, зерделеу, дамыту және тарату құқығын беретін ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтылым;
      41) жергілікті атқарушы органның архитектурасы – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі жергілікті атқарушы органның міндеттерін, функцияларын, ұйымдық құрылымын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым және олардың арасындағы байланысты қоса алғанда, ағымдағы және жоспарланған жағдайын сипаттау;
      42) жергілікті желі – телекоммуникациялардың басқа желілеріне қосылу нүктесіне дейін тұйық инфрақұрылымы бар және ақпаратты жіберуді және аумақтық шектелген кеңістіктегі (үй-жайдағы, ғимаратағы, кәсіпорындағы) желілік құрылғыларға бірлесіп қол жеткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін телекоммуникация желісінің бір бөлігі;
      43) жүйелік-техникалық қызмет көрсету – аппараттық-бағдарламалық кешеннің, телекоммуникациялар желілері мен ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
      44) интернет – электрондық ақпараттық ресурстарды жіберуге арналған дүниежүзілік біріктірілген телекоммуникациялар желілерінің және есептеу ресурстардың жүйесі;
      45) интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзі – интернет желісіне және (немесе) интернет желісіне шыға алатын ақпараттық желілерге, байланыс желілеріне қол жеткізу кезінде телекоммуникациялар желілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен;
      46) интернет-портал – ақпаратты, электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді кешенді ұсынуға арналған, сондай-ақ пайдаланушылардың көпшілік санының қажеттіліктеріне сай келетін басқа да интернет-ресурстарға сілтемелерді қамтитын интернет-ресурс;
      47) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік мекен-жайы және (немесе) домендік аты бар және интернет желісінде жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиовизуалдық және өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;
      48) компьютерлік сауаттылық – адамның ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен бағдарламаларды білуі және оларды күнделікті әрі кәсіби қызметінде пайдалана білуі;
      49) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасы – мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық тұғырнама;
      50) мемлекеттік органның архитектурасы – мемлекеттік органның міндеттерін, функцияларын, ұйымдық құрылымын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын және олардың арасындағы байланыстарды қоса алғанда, оның ағымдағы және жоспарлы жай-күйінің сипаттамасы;
      51) мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын;
      52) нормативтік-техникалық құжаттама – ақпараттандыру объектілерін әзірлеуге, құруға және пайдалануға, сондай-ақ олардың ақпараттандыру саласындағы белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауға жалпы міндеттерді, қағидаттар мен қағидаларды айқындайтын құжаттар жиынтығы;
      53) пайдаланушы – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін ақпараттық жүйені, бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық өнімді, интернет-ресурсты, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды пайдаланатын ақпараттандыру субъектісі;
      54) сервистік бағдарламалық өнім – мемлекеттік органдарға «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы көрсететін ақпараттық-коммуникациялық қызметті іске асыруға арналған бағдарламалық өнім;
      55) техникалық қолдау – лицензиялық бағдарламалық қамтылымның жұмыс істеу қабілеттігін қолдау жөнінде консультациялық, ақпараттық-технологиялық және өзге де қызметтер көрсету;
      56) техникалық құжаттама – бағдарламалық өнімнің, сервистік бағдарламалық өнімнің, ақпараттық жүйенің, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасының техникалық тапсырмасын, пайдалану және өзге де құжаттамасын қамтитын құжаттамалар жиынтығы;
      57) электрондық ақпараттық ресурстар – электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық жеткізгіште, интернет-ресурста және (немесе) апараттық жүйеде қамтылатын ақпарат;
      58) электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге, ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуге қол жеткізу – электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуді пайдалану мүмкіндігі;
      59) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау – электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды сақтауға бағытталған құқықтық, ұйымдық және техникалық iс-шаралар кешенiн іске асыру, заңсыз және (немесе) абайсызда қол жеткізуді және немесе оларға әсер етуді болдырмау;
      60) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның иеленушісі – меншік иесі заңда немесе келісімде айқындалған шектерде және тәртіппен электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды иелену және пайдалану құқықтарын берген субъект;
      61) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі – заңды негіздерде электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтары тиесілі субъект;
      62) «электрондық әкiмдiк» – жергiлiктi атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген және электрондық нысанда қызмет көрсетуге арналған электрондық өзара іс-қимыл жүйесі;
      63) «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы – әкімшілік-аумақтық бірліктердің әр түрін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың функциялары мен көрсететін қызметін іске асыруға стандарттық құрамбөліктер мен талаптардың, ұйымдық құрылымының, ақпараттар легінің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының сипаттамасы;
      64) электрондық жеткізгіш –ақпаратты электрондық нысанда сақтауға, сондай-ақ техникалық құралдар көмегімен жазуға немесе қайта шығаруға арналған материалдық жеткізгіш;
      65) электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъект – мемлекеттік немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда алу үшін жүгінген жеке немесе заңды тұлға;
      66) электрондық нысанда қызметтер көрсету субъектісі – мемлекеттік немесе мемлекеттік емес қызметтерді электрондық нысанда көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
      67) «электрондық үкімет» – мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген және электрондық кнысанда қызмет көрсетуге арналған өздерінің арасындағы және жеке және заңды тұлғалармен электрондық өзара іс-қимыл жүйесі;
      68) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы – «электрондық үкіметтің» жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;
      69) «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің шешімі бойынша айқындалатын заңды тұлға;
      70) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасы – ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыруға арналған технологиялық тұғырнама;
      71) «электрондық үкіметтің» архитектурасы – «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы объектілерінің сипаттамасы, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелерді жобалау мен іске асыруды басқару және үйлестіру үшін пайдаланыллатын нормативтік және техникалық талаптар кешені;
      72) «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушылар бөлмесі – «электрондық үкімет» веб-порталының өтініштерді қарайтын субъектілерге өтініш беру мәселелері, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша электрондық нысанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және өзге де көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған құрамбөлігі;
      73) «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы – «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын, «электрондық үкiметтiң» және «электрондық әкімдіктiң» архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға.
      2. Осы бапта көрсетілмеген өзге де ұғымдар осы Заңның тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
      Осы Заңда пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа салаларының ұғымдары, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, олар Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағынасында қолданылады.

      2-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру
      саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды
      мемлекеттiк реттеудiң мақсаттары мен қағидаттары

      1. Ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеудiң мақсаттары ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және оның дамуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының әлеуметтік және экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін ақпараттық қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы тауарлар өндірісінде, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде жергілікті қамтуды дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады.
      2. Ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу мынадай қағидаттарға:
      1) заңдылық;
      2) жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау;
      3) жеке және заңды тұлғалардың ақпараттандыру саласындағы қызметке қатысу және оның нәтижелерiн пайдалану құқығының теңдігі;
      4) жеке өмірге қол сұғылмаушылық;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қол жеткiзілуі шектелген электрондық ақпараттық ресурстардан басқа, мемлекеттiк органдардың қызметi туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркiн қол жеткiзу және электрондық ақпараттық ресурстарды міндетті түрде қамтамасыз ету;
      6) электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде оларды жариялы таратудың не мемлекеттік органдардың беруінің міндетті сипаты белгіленген электрондық ақпараттық ресурстардың уақтылы берілуі, объективтілігі, толымдылығы және дәйектілігі;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қол жеткiзу шектелмеген кез келген электрондық ақпараттық ресурстарды iздеу, қалыптастыру мен беру еркiндiгi;
      8) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану кезiнде жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      9) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен адал бәсекелестік саласын дамыту үшін жағдай жасау;
      10) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын орталықтандырылған басқаруды қамтамасыз ету;
      11) ақпараттандыру объектілерінің сенімділігі мен оның басқарылуын қамтамасыз ететін бірыңғай стандарттар негiзiнде Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру қағидаттарына негізделген.

      4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту, сүйемелдеу және пайдалану, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заңның қолданылу аясы болып табылады.
      2. Осы Заңның күші:
      1) ақпараттың мазмұны мен таратылу әдістеріне;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның құрылымына кіретін ұйымдар «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы объектілерімен интеграцияланбаған интернет-ресурстарды, ақпараттық жүйелерді құру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру, сондай-ақ ақпараттандыру саласында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарға;

2-тарау. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік басқару

      5-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік басқарудың
       негізгі міндеттері

      Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі міндеттері:
      1) ақпараттық қоғамды қалыптастыру мен дамыту;
      2) мемлекеттік органдардың әкімшілік реформасын іске асыру мен сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
      3) «электрондық үкіметті» және «электрондық әкімдікті» дамыту;
      4) халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру;
      5) білім беру процесінің қатысушыларына электрондық оқытудың электрондық ақпараттық ресурстарына қол жеткізуіне арналған жағдайларды қамтамасыз ету;
      6) қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту және оларды өндірістік процестерге енгізу үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
      7) ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың отандық саласын қалыптастыруға және дамытуға жәрдемдесу;
      8) ақпараттандыру саласында бірыңғай ғылыми, техникалық, өнеркәсіптік және инновациялық саясатты қалыптастыру және іске асыру;
      9) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелер мен телекоммуникация желілерін қалыптастыру, дамыту және қорғау, олардың бірыңғай ақпараттық кеңістікте өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
      10) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингі;
      11) ақпараттық қауіпсіздік оқыс оқиғалардың, оның ішінде әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, төтенше немесе соғыс жағдай енгізілген кезінде олардың алдын алу және жедел ден қою;
      12) жүйелі негізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;
      13) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасын жетілдіру;
      14) ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысу;
      15) халықаралық ақпарат алмасу және ақпаратқа қол жеткізу үшін жағдайлар жасау болып табылады.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ақпараттандыру
       саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институтын, «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторын, операторды айқындайды;
      3) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекітеді;
      4) «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды бекітеді;
      5) ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларын бекітеді;
      6) «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қалыптастыратын объектілердің тізбесін бекітеді;
      7) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның объектілерін ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызу қағидаларын және критерийлерін бекітеді;
      8) ақпараттық жүйені, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасын, сервистік бағдарламалық өнімді, мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекітеді;
      9) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың құрамына енгізілетін жеке тұлғалардың дербес деректерінің тізбесін бекітеді;
      10) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      2) ақпараттандыру саласында мемлекеттік органдар қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      3) ақпараттандыру саласында жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді және әдістемелік басшылықты жүзеге асырады;
      4) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңестің құрамын және қызметі туралы ережені бекiтеді;
      5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды әзірлейді, сондай-ақ олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      6) ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларын әзірлейді;
      7) «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қалыптастыратын объектілердің тізбесін әзірлейді;
      8) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның объектілерін ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызу қағидаларын және критерийлерін әзірлейді;
      9) ақпараттық жүйені, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасын, сервистік бағдарламалық өнімді, мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттаудан өткізу қағидаларын әзірлейді;
      10) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құру, пайдалануға беру, пайдалану, сүйемелдеу, дамыту және пайдаланылуын тоқтату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      11) ақпараттандыру объектілерін сыныптау қағидаларын және ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышын әзірлейді және бекітеді;
      12) мемлекеттік қызмет көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесінің ақпараттық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      13) «электрондық үкімет» шлюзінің, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің ақпараттық жүйелермен интеграциялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      14) мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарын ақпараттық толықтыру қағидаларын және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
      15) сервистік бағдарламалық өнімге, мемлекеттік ақпараттық жүйеге, мемлекеттiк ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйеге, ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған ақпараттық жүйеге ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      16) мемлекеттік органдар архитектурасын әзірлеу және дамыту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      17) өңірлік даму саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын бекітеді;
      18) ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ұсыныстардың және бюджеттік инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерінің салалық сараптамасын жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      19) мемлекеттік органдардың ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық тапсырмаларды және техникалық ерекшеліктерді келісу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      20) ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстардың нысандарын әзірлейді және бекітеді;
      21) ақпараттық жүйелердің аудитін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      22) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға, дамытуға және сүйемелдеуге арналған шығындарды есептеу әдістемесі мен олардың нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
      23) мемлекеттік органдар үшін ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің құнын есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
      24) орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ақпараттық технологияларды қолдану жөніндегі қызметтерінің тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
      25) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы заңнамасына сәйкес ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзiрлейді және бекiтеді;
      26) мемлекеттік органдар үшін ашық деректердің интернет-порталында орналастыруға жататын ашық деректердің тізбесін, сондай-ақ оларды беру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      27) ақпараттық-коммуникациялық қызметтердің каталогін бекітеді;
      28) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің ведомствоаралық және ведомстволық сарапатамасын жүргізу әдістемесін бекітеді;
      29) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында ақпараттандыру объектілерін мемлекеттік тіркеу қағидаларын, сондай-ақ бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдерді және бағдарламалық қамтылым туралы мәліметтерді есепке алу және сақтау тәртібін бекітеді;
      30) инвестициялар тарту жүйесін және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобаларды әзірлеу мен іске асыруды ынталандыру тетіктерін жетілдіру жөніндегі қызметті жүзеге асырады;
      31) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту үшін жағдайлар жасайды;
      32) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасын жетiлдiру бойынша ұсыныстарды пысықтайды;
      33) ақпаратты алу, көшiрмесін түсіру, тарату, түрлендіру, жою немесе бұғаттау бойынша заңсыз іс-әрекеттердi болдырмауды қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауiпсiз пайдалану мәселелерiнде электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншiк иелерiне, иеленушілері мен пайдаланушыларына жәрдемдеседі;
      34) мемлекеттік органдардың архитектурасын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын әзірлеуді, іске асыруды және дамытуды ұйымдастырады;
      35) мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың архитектурасын үйлестіруді және іске асырылуын мониторингілеуді жүзеге асырады;
      36) ақпараттық жүйелердi «электрондық үкiметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына енгізу үшiн оларды пайдалануда бiрыңғай технологиялық стандарттардың талаптарын орындау және ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларына ден қою жөнiндегi қызметтi үйлестiруді жүзеге асырады;
      37) интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      38) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің электрондық ақпараттық ресурстарын, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмыстарды орындай отырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді қорғауды және олардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мониторингі мәселелері бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      39) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпаратты қорғау құралдарын, ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін анықтау, талдау және болдырмау бөлігінде әзірлеу жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асырады;
      40) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, төтенше немесе соғыс жағдай енгізілген кезде интернет-ресурстар мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның объектілерін басқаруды жүзеге асыру;
      41) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді өнеркәсіптік пайдалануға қабылдауға қатысады;
      42) бюджеттік инвестициялық жобалардың инвестициялық ұсыныстарына және техникалық-экономикалық негіздемелеріне салалық сараптама жүргізеді, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері берген ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды қарайды және оған қорытынды береді;
      43) мемлекеттік органдардың ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуына техникалық тапсырмалар мен техникалық ерекшеліктерін келіседі;
      44) ақпараттық жүйенiң, «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасының, сервистік бағдарламалық өнімнің, мемлекеттік органның интернет-ресурсының ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгіне аттестаттау жүргізеді;
      45) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында ақпараттандыру объектілерін мемлекеттiк тіркеуді ұйымдастырады;
      46) мемлекеттік органдар үшін стандартты шешімдер ретінде қайта пайдалануға (таралымына) жататын ақпараттық жүйелердің тізбесін айқындайды;
      47) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзін және электрондық почтаның бірыңғай шлюзін дамытуды жүзеге асырады;
      48) ұлттық домендердің әкімшісін және тіркелуін айқындайды, интернет желiсiнiң қазақстандық сегментiнiң домендiк кеңiстiгiн тiркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын әзiрлейді және бекiтеді;
      49) ақпараттандыру саласындағы стандарттау және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарға қатысады;
      50) өз құзыреті шегінде ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметті ұйымдастырады, жүзеге асырады және үйлестіреді;
      51) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      52) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      8-бап. Ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңес

      1. Ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңесті уәкілетті органның бірінші басшысы басқарады және лауазымды адамдардан – мемлекеттік орган қызметінің ақпараттандырылуына жауапты мемлекеттік органдардың басшыларынан, мемлекеттік органдардың, уәкілетті органның, «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторының және ақпараттандыру саласындағы өзге де ұйымдардың өкілдерінен тұрады.
      2. Ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңес:
      1) мемлекеттік органдардың архитектурасы жобаларын қарайды және келіседі;
      2) жылына кемінде бір рет мемлекеттік органдардың архитектурасын іске асыру бойынша жұмыстардың барысы туралы «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторының есебін тыңдайды;
      3) мемлекеттік ақпараттық жүйелер құру (сатып алу) туралы мәселелерді қарайды және қорытынды береді;
      4) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері берген ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды қарайды және ұсынымдар береді;
      5) осы Заңда және ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңес туралы ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      9-бап. Орталық мемлекеттік органдардың және Қазақстан
      Республикасының Президентiне тікелей бағынатын және есеп
      беретін мемлекеттік органдардың ақпараттандыру
      саласындағы құзыретi

      Орталық мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентiне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар:
      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      2) «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;
      3) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құрады және дамытады;
      4) электрондық ақпараттық ресурстардың толықтырылуын жүзеге асырады, олардың дәйектілігі мен өзектілігін қамтамасыз етеді;
      5) уәкілетті органмен келiсім бойынша мемлекеттік органның архитектурасын бекітеді, оның өзекті болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ оны іске асыруға қажетті жағдайлар жасайды;
      6) «электрондық үкiметтi» қалыптастыратын мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға қатысады;
      7) жергілікті атқарушы органдардың өз құзыреті шегінде мемлекеттік органның қарауындағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
      8) ашық деректердің интернет-порталында мемлекеттік және орыс тілдерінде ашық деректерді орналастырады;
      9) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында ақпараттандыру объектілерін мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ ақпараттың үнемі өзектілігін және осы объектілердің нормативтік-техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін қамтамасыз етеді;
      10) әзірленген мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бағдарламалық бөлігін және олардың бастапқы бағдарламалық кодтарының (бар болса), оның ішінде осы объектілерге нормативтік-техникалық құжаттаманың электрондық көшірмелерін, сондай-ақ осы жүйелерде пайдаланылатын лицензиялық бағдарламалық өнімдер және лицензиялық бағдарламалық қамтылым туралы мәліметтерді оларды есепке алу және сақтау үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына беруді қамтамасыз етеді;
      11) қағаз жеткізгіштерде нормативтік-техникалық құжаттаманың түпнұсқаларын сақтауды қамтамасыз етеді және оларды «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторына оның сұрау салуы бойынша береді;
      12) мемлекеттік органдар үшін стандартты шешімдер ретінде қайта пайдалануға (таралымына) жататын ақпараттық жүйелер тізбесіне сәйкес ақпараттық жүйелерді қайта пайдалануды жүзеге асырады;
      13) жеке және заңды тұлғаларға есептік кезең ішінде мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жоспарлары және іске асырылу нәтижелері туралы жалпыға қолжетімді ақпаратты ұсынады;
      14) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасында меншікті интернет-ресурстарын және өздерінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволарының интернет-ресурстарын орналастырады, сондай-ақ олардың дәйектілігі мен өзектілігін қамтамасыз етеді;
      15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      10-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың ақпараттандыру
      саласындағы құзыретi

      Жергiлiктi атқарушы органдар:
      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      2) жергілікті атқарушы орган қызметінің бағыттарын ескере отырып, «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптардың сақталуын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасының енгізілуін қамтамасыз етеді;
      3) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құрады және дамытады;
      4) жергілікті атқарушы органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының толықтырылуын жүзеге асырады, олардың дәйектілігі мен өзектілігін қамтамасыз етеді;
      5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы негізінде уәкілетті органмен және өңірлік даму жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келiсім бойынша жергілікті атқарушы органның архитектурасын әзірлеп, бекітеді және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      6) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында ақпараттандыру объектілерін мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ ақпараттың үнемі өзектілігін және нормативтік-техникалық құжаттаманың электрондық көшірмелерін қамтамасыз етеді;
      7) әзірленген мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бағдарламалық бөлігін және олардың бастапқы бағдарламалық кодтарының (бар болса), оның ішінде осы объектілерге нормативтік-техникалық құжаттаманың электрондық көшірмелерін, сондай-ақ осы жүйелерде пайдаланылатын лицензиялық бағдарламалық өнімдер және лицензиялық бағдарламалық қамтылым туралы мәліметтерді оларды есепке алу және сақтау үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына беруді қамтамасыз етеді;
      8) қағаз жеткізгіштерде нормативтік-техникалық құжаттаманың түпнұсқаларын сақтауды қамтамасыз етеді және оларды «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторына оның сұрау салуы бойынша береді;
      9) мемлекеттік органдар үшін стандартты шешімдер ретінде қайта пайдалануға (таралымына) жататын ақпараттық жүйелер тізбесіне сәйкес ақпараттық жүйелерді қайта пайдалануды жүзеге асырады;
      10) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық  ол жеткізу пункттерін, оның ішінде осы қол жеткізуді ұйымдастыру үшін тұрғын емес үй-жайларды бөлу жолымен ұйымдастырады;
      11) халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру үшін жағдай жасайды;
      12) ашық деректердің интернет-порталында мемлекеттік және орыс тілдерінде ашық деректерді орналастырады;
      13) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасында меншікті интернет-ресурстарын орналастырады, сондай-ақ олардың дәйектілігі мен өзекті болуын қамтамасыз етеді;
      14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      11-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
      саласындағы ұлттық даму институты

      1. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институтын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы инновациялық қызметті ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      2. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты:
      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында ақпараттық-талдау және консультациялық қызметтер көрсетеді;
      3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін, өзге де заңды тұлғаларды, оның ішінде шетелдің қатысуымен құру немесе олардың қызметіне қатысу арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы инновациялық жобаларға инвестицияларды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды ынталандыру үшін ақпараттық, білім беру, қаржы және өзге де ресурстарды тарту мақсатында халықаралық және шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
      6) ақпараттандыру субъектілерінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында іске асырылатын инновациялық жобалар туралы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
      7) уәкілетті орган мен мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы сараптамалық қорытындыларды және (немесе) ұсынымдарды өтеусіз негізде береді;
      8) ақпарат жинауды және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдауды жүзеге асырады;
      9) тәуекел етіп инвестициялаудың инвестициялық қорларын дамытуға жәрдем көрсетеді;
      10) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту интеграторларының жетістіктерін белгілеу және бақылау арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының дамуын мониторингілеуді жүзеге асырады;
      11) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жергілікті қамтуды дамытуға жәрдем көрсетеді;
      12) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттаманы әзірлейді;
      12) уәкілетті органға техникалық, кәсіптік және жоғары білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша ұсыныстар, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы кәсіптік пәндер бойынша типтік оқу бағдарламаларының мазмұны бойынша ұсыныстар береді.

      12-бап. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы

      «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы:
      1) ақпараттандыру және ақпараттандырудың сервистік моделін енгізу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      3) «электрондық үкіметтің» архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      4) «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын әзірлейді;
      5) мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлейді, іске асырады және дамытады, сондай-ақ осыған қажетті іс-шараларды жүзеге асырады;
      6) жергілікті атқарушы органдардың архитектурасын әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
      7) мемлекеттік органдардың архитектурасын іске асыру бойынша жұмыс барысы туралы ақпараттандыру саласындағы сарапшылар кеңесі алдында жыл сайын есеп беріп отырады;
      8) ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру шеңберінде операторды және әлеуетті жеткізушілерді (мердігерлерді) мемлекеттік функциялар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандырумен байланысты мемлекеттік органдардың тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қажеттіліктері туралы хабардар етеді;
      9) мемлекеттік органдардың мемлекеттік ақпараттық жүйелерін құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық тапсырмаларды және техникалық ерекшеліктерді әзірлеуге қатысуға құқылы;
      10) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік ақпараттық жүйелерін құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық тапсырмаларды және техникалық ерекшеліктерді келісуге қатысады;
      11) сервистік бағдарламалық өнімдерге техникалық тапсырмаларды әзірлейді;
      12) оператордың мемлекеттік органдарға көрсететін ақпаратттық-коммуникациялық қызметін іске асыру үшін сервистік бағдармалалық өнімдерді жасауды, тестілеуді және дамытуды ұйымдастырады;
      13) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға және дамытуға бағытталған инвестициялық ұсыныстың, бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің және техникалық тапсырманың «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, мемлекеттік органның бекітілген архитектурасына, «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасына сәйкестігіне және мемлекеттік органдар үшін үлгілік шешімдер ретінде қайта пайдалануға (тираждауға) жататын ақпараттық жүйелер тізбесінде көрсетілген мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қайталап пайдалану мүмкіндігінің болуына сараптама жүргізеді;
      14) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қалыптастыратын ақпаратттық жүйелердің іске асырылуына және пайдаланылуына ведомствоаралық сараптама жүргізеді;
      15) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің ведомствоаралық және ведомстволық сараптамасын жүргізу әдістемесін әзірлейді;
      16) мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлеу және дамыту қағидаларына сәйкес мемлекеттік органдарда архитектураны басқару бойынша процестердің кемелдену деңгейін бағалауды жыл сайын жүргізіп отырады;
      17) ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышын қалыптастырады және жүргізеді;
      18) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту шеңберінде жобаларды басқару, сондай-ақ «электрондық-үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасын құру және дамыту функцияларын жүзеге асырады;
      19) мемлекеттік функциялар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметті автоматтандыру кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен технологиялық меморандумдар жасасады;
      20) ақпараттандыру объектілерін мемлекеттік тіркеуді, «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында аталған объектілерге нормативтік-техникалық құжаттаманы есепке алуды жүзеге асырады;
      21) өнеркәсіптік пайдалануға қабылдап алғаннан кейін әзірленген мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бағдарламалық бөлігін және олардың бастапқы бағдарламалық кодтарын (бар болса), осы жүйелерде пайдаланылатын лицензиялық бағдарламалық өнімдер мен бағдарламалық қамтылымды, есепке алуды және сақтауды, сондай-ақ сервистік бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтерді оларды есепке алу және сақтау үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына табыстауды жүзеге асырады;
      22) есепке алу және сақтау үшін берілген мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бастапқы бағдарламалық кодтарын (немесе олардың бөліктерін), үлгілік шешім ретінде қайталап пайдалану мүмкіндігінің бар екеніне қорытынды береді;
      23) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институтына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту жөнінде ұсыныстар енгізеді.

      13-бап. «Электрондық үкiметтiң»
      ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы

      «Электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы:
      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың және ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      2) өзіне бекітіліп берілген «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын, сондай-ақ оны дамыту үшін тартылған өзге де тұлғалардың инфрақұрылымын пайдалануды, сүйемелдеуді, дамытуды, мониторингілеуді, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      3) бюджет ресурстарын және мемлекеттік қаржыны басқару бойынша ақпараттық жүйені пайдалануды, мониторингілеуді, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      4) ақпараттық-коммуникациялық қызметтердің каталогына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның базасында мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетеді;
      5) өзіне бекітіліп берілген «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының тоқтаусыз және тиісінше жұмыс істеуін және қорғалуын қамтамасыз етеді;
      6) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына бекітіліп берілген бөлігінде орналастырылған мемлекеттік органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
      7) ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету кезінде мемлекеттік органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
      8) ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету каталогын қалыптастырады және жүргізеді;
      9) ақпаратық-коммуникациялық қызметтің және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтің анықталған кемшіліктеріне жедел ден қойылуын және оларды жою жөнінде шара қолданылуын қамтамасыз етеді;
      10) әлеуетті берушілердің сервистік бағдарламалық өнімдерді әзірлеуі және тестілеуі үшін «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторының сұрау салуы бойынша ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды өтеусіз негізде береді;
      11) мемлекеттік органдардың жергілікті (интернет желісіне рұқсаты бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникация желілерін «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына интеграциялауды және қосуды жүзеге асырады;
      12) мемлекеттік органдарға, олардың аумақтық бөлімшелеріне және ведомстволық бағынысты ұйымдарға, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылған өзге де ақпараттандыру субъектілеріне олардың электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелері жұмыс істеуі үшін деректер беру бойынша қызмет көрсетеді.

      14-бап. Мемлекеттік техникалық қызмет

      1. Мемлекеттік техникалық қызмет ақпараттандыру саласында мемлекеттік монополияға жатқызылған мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
      1) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникацияық тұғырнамасына, сервистік бағдарламалық өніміне, интернет-ресурсына олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестациялық зерттеу жүргізеді;
      2) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің электрондық ақпараттық ресурстарын, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің қорғалуын қамтамасыз ету мониторингін жүзеге асырады;
      3) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің электрондық ақпараттық ресурстарының, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің қауіпсіз жұмыс істеуін мониторингілеуді жүзеге асырады;
      4) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын қауіпсіз қолдану және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою мақсатында оларды мониторингілеуді жүзеге асырады;
      5) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуінің және қызметінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне орталықтандырылған мониторингілеуді жүзеге асырады;
      6) интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының электрондық почтасының бірыңғай шлюзін сүйемелдеуді жүзеге асырады;
      7) сервистік бағдарламалық өнімге, мемлекеттiк ақпараттық жүйеге, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге, ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған ақпараттық жүйеге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақ жүргізеді;
      8) сервистік бағдарламалық өнімге техникалық тапсырманы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бөлігінде келісуді жүзеге асырады;
      9) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға (дамытуға) бағытталған инвестициялық ұсыныстың, бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің және техникалық тапсырмасының ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізеді;
      10) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның ақпараттық қауіпсіздігін мониторингілеу жүйесін ұйымдастырушылық және техникалық тұрғыдан сүйемелдеуді жүзеге асырады;
      11) жоғарғы деңгейдегі қазақстандық домендік атауларға қызмет көрсететін домендік атаулар серверлерінің істен шығуға төзімділігін мониторингілеуді жүзеге асырады;
      12) өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын байланыс операторларының телекоммуникация желілерін адрестеу  және нөмірлеу жоспарларын әзірлеуді сүйемелдейді;
      13) ақпараттық жүйелердің және мемлекеттік органдардың ақпараттық-телекоммуникация желілерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпараттық қауіпсіздік қатерлерді анықтау, талдау және болғызбау бөлігінде ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу бойынша жұмысты жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік монополия субъектісі ретінде мемлекеттік техникалық қызмет жасайтын және (немесе) іске асыратын жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      3. Мемлекеттік техникалық қызмет:
      1) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникацияық тұғырнамасына, сервистік бағдарламалық өніміне, интернет-ресурсына олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестациялық зерттеу жүргізу әдестемесін әзірлейді және бекітеді;
      2) сервистік бағдарламалық өнімге, мемлекеттiк ақпараттық жүйеге, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге, ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған ақпараттық жүйеге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақ жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
      4. Мемлекеттік техникалық қызметтің лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      15-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі
      бірыңғай байланыс орталығы

      Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы:
      1) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша тәулік бойы консультация беруді жүзеге асырады;
      2) мемлекеттік органдарға көрсетілетін ақпараттық-коммуникациялық қызмет мәселелері бойынша тәулік бойы консультация беруді жүзеге асырады;
      3) жеке және заңды тұлғаларға, мемлекеттік органдарға «электрондық үкімет» мәселелері бойынша тәулік бойы консультация беруді жүзеге асырады;
      4) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметті және мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушыларда туындаған мәселелер бойынша түсініктер беру үшін операторға және өзге де құзыретті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сауал жібереді;
      5) жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер бойынша ақпаратты операторға, құзыретті мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға жүйелі негізде жіберіп отырады;
      6) көрсетілетін қызмет сапасының нашарлығы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      16-бап. Халықтың компьютерлік сауаттылығы және
      «электрондық оқыту»

      1. Мемлекет орта, техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, электрондық оқытудың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын құруды қамтамасыз етеді.
      2. Мамандардың компьютерлік сауаттылығы деңгейіне қойылатын талаптар еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келiсім бойынша тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары бекітетін кәсіби стандарттарда белгіленеді.

3-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың ақпараттандыру саласындағы
құқықтары мен міндеттері

      17-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық
      жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның
      меншік иесінің құқықтары мен міндеттері

      1. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жалға, сенімгерлік басқаруға, шаруашылық жүргізуге немесе жедел басқаруға беруге және оларға өзгеше түрде билік етуге;
      2) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды өңдеу, қорғау және оларға қол жеткізу режимі мен қағидаларын өз құзыреті шегінде белгілеуге;
      3) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, көшіру және тарату кезінде оларға иелік ету шарттарын, ақпаратық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды иелену және пайдалану шарттарын айқындауға құқылы.
      2. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау жөнінде шаралар қодануға;
      2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуді қолдануға, ұсынуға, шектеуге немесе тыйым салуға;
      3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Ақпараттық жүйенің меншік иесі, ақпараттық жүйені тұтастай мүліктік кешен сияқты иелену, пайдалану және билік ету құқықтарына ие болады.
      4. Ақпараттық жүйенің меншік иесі, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесінде өзгеше белгіленбесе, аталған ақпараттық жүйеде қамтылған электрондық ақпараттық ресурстарды көшіруге және таратуға тыйым салуға немесе шектеуге құқылы.
      5. Ақпараттық жүйенің меншік иесі аталған ақпараттық жүйеде пайдаланылатын техникалық құралдардың және (немесе) электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі болып табылмаған жағдайда, ақпараттық жүйені пайдалану және электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу тәртібі меншік иелері арасындағы келісіммен айқындалады.
      6. Ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау және қорғау, өзіне тиесілі объектілерде орналастырылған ақпараттық жүйелерді қорғау қауіпсіздігі үшін электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесі (иеленушісі) алдында жауапты болады.

      18-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар, ақпараттық
      жүйе, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым
      иеленушісінің құқықтары мен міндеттері

      1. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның иеленушісі:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды меншік иесі айқындаған шарттар негізінде иеленуге және пайдалануға;
      2) үшінші тұлғалардың электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуі және оларды пайдалануы шарттарын айқындауға;
      3) ақпараттық жүйеде ақпаратты өңдеу шарттарын айқындауға құқылы.
      2. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның иеленушісі:
      1) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесінің және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
      2) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
      3) электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қолжетімділікті осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес таратуға, беруге, шектеуге немесе оған тыйым салуға;
      4) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның иеленушісі электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау қауіпсіздігі және қорғау, өзіне тиесілі объектілерде орналастырылған ақпараттық жүйелерді қорғау үшін электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің тиісінше меншік иесі және (немесе) иеленушісі алдында жауапты болады.

      19-бап. Пайдаланушының құқықтары мен міндеттері

      1. Пайдаланушы:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасы, меншік иесі не иеленушісі айқындаған шарттарда электрондық ақпараттық ресурстарды, оның ішінде ашық деректерді алуға, пайдалануға, таратуға, тапсыруға, үшінші тұлғаларға беруге, ақпараттық жүйені пайдалануға;
      2) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, электрондық ақпараттық ресурстарда, ақпараттық жүйеде қамтылатын өзінің дербес деректерімен танысуға құқылы.
      2. Пайдаланушы:
      1) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесінің және (немесе) иеленушісінің және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
      2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің қорғалуын қамтамасыз етуге;
      3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Алушы Қазақстан Ресубликасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      20-бап. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтердің
      түрлері

      1. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер автоматтандырылу дәрежесі бойынша:
      1) толық автоматтандырылған;
      2) ішінара автоматтандырылған болып табылады.
      Қызмет көрсету процесінде қағаз құжат айналымын болғызбайтын қызмет толықтай автоматтандырылған болып табылады.
      Қызмет көрсету процесінде қағаз және электрондық құжат айналымының кезектілігін қамтитын электрондық қызмет көрсету ішінара автоматтандырылған қызмет көрсету болып табылады.
      2. Электрондық нысанда қызмет көрсету тәсілі бойынша:
      1) ақпараттық;
      2) интерактивтік;
      3) транзакциялық;
      4) композиттік болып табылады.
      Пайдаланушыларға электрондық ақпараттық ресурстар беру жөніндегі қызмет электрондық нысанда көрсетілетін ақпараттық қызмет болып табылады.
      Пайдаланушыға оның сұрау салуы немесе өзара ақпарат алмасуды талап ететін тараптар келісімі бойынша электрондық ақпараттық ресурстарды беру жөнінде көрсетілетін қызмет электрондық нысанда көрсетілетін интерактивті қызмет болып табылады. Интерактивті қызмет көрсету үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану талап етілуі мүмкін.
      Пайдаланушыға өзара ақпарат алмасуды талап ететін және төлемдерді электрондық нысанда жүзеге асырумен байланысты электрондық ақпараттық ресурстарды беру жөнінде көрсетілетін қызмет транзакциялық көрсетілетін қызмет болып табылады. Транзакциялық қызметті көрсету үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану талап етілуі мүмкін.
      Берілуі үшін электрондық нысанда қызмет алушы субъектінің сұрау салуы жеткілікті және электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану міндетті болатын өзара байланысты көрсетілетін қызметтер кешені электрондық нысанда көрсетілетін композиттік көрсетілетін қызмет болып табылады.
      3. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер өтеулі сипаты бойынша:
      1) өтеулі;
      2) өтеусіз болып табылады.
      Электрондық нысанда қызмет көрсетуші субъектіге сыйақы төлеуді көздейтін қызмет көрсету өтеулі қызмет көрсету болып табылады.
      Электрондық нысанда қызмет көрсетуші субъектіге сыйақы төлемей көрсетілетін қызмет өтеусіз қызмет көрсету болып табылады.

      21-бап. Электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде
      мәліметтер беру

      1. Электрондық нысанда қызметтер көрсеткен кезде электрондық нысанда қызметтер көрсететін субъектілер:
      1) көрсетілетін қызметтерді алушылардың төлемдері туралы мәліметтерді электрондық нысанда «электрондық үкімет» төлем шлюзінен дұрыс мәліметтер ретінде қабылдайды;
      2) жеке және заңды тұлғалар берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді электрондық нысанда «электрондық үкімет» төлем шлюзіне жібереді.
      2. Екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қызметтерді электрондық нысанда көрсететін және (немесе) оларды алатын субъектілердің сұрау салуы бойынша мынадай:
      1) банк шотының сұрау салуда көрсетілген тұлғаға тиесілігі және (немесе) мемлекеттік қызметтер электрондық нысанда көрсетілген кезде - жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шартының болуы туралы;
      2) жеке және заңды тұлғалар электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер үшін төлемдерді жүзеге асырған кезде - төлемнің сомасы, жүзеге асырылған күні, ақша жөнелтуші және алушы туралы мәліметтерді электрондық нысанда береді.

2-бөлім. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым 4-тарау. «Электрондық үкімет»

      22-бап. «Электрондық үкіметтің» жұмыс істеу мақсаттары
      мен қағидаттары

      1. «Электрондық үкіметтің» жұмыс істеу мақсаттары:
      1) мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетудің қолжетімділігін, сапасы мен жеделдігін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттік органдардың қызметінде жариялылықты арттыру, ақпараттың қолжетімділігі, қоғамдық бақылау және барлық деңгейлердегі мемлекеттік басқару мәселелерін шешуге халықтың қатысуы;
      3) мемлекеттік басқарудың әкімшілік реформасын іске асыру мен сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
      4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыру;
      5) құжаттарды қағаз түрінде пайдалануды және оларды ұсыну бойынша талаптарды қысқарту (болғызбау) болып табылады.
      2. «Электрондық үкімет»:
      1) жеке және заңды тұлғалардың барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың қызметі туралы жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттік органдардың өзге мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
      3) мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыру;
      4) мемлекеттік органдардың қызметінде, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру және электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде электрондық құжат айналымын басымдықпен пайдалану;
      5) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды жинау, жинақтау және сақтау кезінде қайталануды болғызбау;
      6) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «электрондық үкіметтің» мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қорғау қағидаттары негізінде жұмыс істейді.

      23-бап. «Электрондық үкімет» архитектурасы

      1. «Электрондық үкімет» архитектурасы «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес әзірленеді.
      2. Мемлекеттік органдар ведомстволық сараптама жүргізу әдістемесіне сәйкес мемлекеттік ақпараттық жүйелерді іске асыру, пайдалану сараптамасын жүргізеді.
      3. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы ведомствоаралық сараптама жүргізу әдістемесіне сәйкес, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қалыптастыратын ақпараттық жүйелердің іске асырылуы мен пайдаланылуына жыл сайынғы негізде сараптама жүргізеді.
      Сараптаманың нәтижелері ақпараттандыру саласындағы сарапшылар кеңесіне ұсынылады және ол ұсынымдық сипатта болады.

      24-бап. Мемлекеттік органның архитектурасы

      1. Мемлекеттік органның архитектурасын «электрондық үкімет» архитектурасының сервистік интеграторы «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға сәйкес және мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттерінің негізінде ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен және сараптамалық кеңеспен келісім бойынша әзірлейді.
      2. Мемлекеттік органның архитектурасына өзгерістер енгізу мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлеу және дамыту қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттік органдар мынадай талаптарды:
      1) мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қосқан үлесін;
      2) мемлекеттік функциялар мен олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыруды және автоматтандыруды;
      3) мемлекеттік органның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша басқа да ақпараттандыру субъектілерімен электрондық ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыруды;
      4) электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасын және тұтынушылардың оған қанағаттануын ескере отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тиімділігінің стратегиялық көрсеткіштерін әзірлеу жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
      4. Мемлекеттік орган өзінің құзіретіне кіретін стратегиялық міндеттер мен қызметі тиімділігі көрсеткіштерінің, функциялар мен көрсетілетін қызметтердің, құжаттардың, деректер мен электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында есепке алынуын, сипатталуын, сыныпталуын және өзекті болуын қамтамасыз етеді.
      5. Мемлекеттік органдар ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың ақпараттық өзара іс-қимыл жүргізуге және мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуге қажетті тиісті автоматтандырылу деңгейін қамтамасыз етеді.
      6. Мемлекеттік органдар ақпарат алмасуды орнату мақсатында «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторынан мемлекеттік ақпараттық жүйелерді «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерімен интеграциялануын жүргізу бойынша сұрау салуды алған жағдайда мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келіскен мерзімде қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайларды қамтамасыз етеді.

      25-бап. «Электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы

      1. «Электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы «электрондық үкiметтiң» архитектурасын және мемлекеттік органдардың архитектурасын дамыту жөніндегі талаптар ескеріле отырып әзірленеді.
      2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді әзірлеу және дамыту, бағдарламалық қамтылымды және (немесе) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін сатып алу «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      26-бап. Мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын
      мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру

      1. Мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның бекітілген архитектурасы негізінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік функциялар автоматтандырылу дәрежесіне қарай:
      1) толығымен автоматтандырылған функция;
      2) ішінара автоматтандырылған функция болып бөлінеді.
      Құрамына кіретін барлық процестер операциясы ақпараттық жүйелерде орындалатын мемлекеттік органның функциясы толығымен автоматтандырылған болып табылады.
      Құрамына кіретін процестер операциясының бір бөлігі ақпараттық жүйелерде орындалатын мемлекеттік органның функциясы ішінара автоматтандырылған болып табылады.
      3. Мемлекеттік функцияларды және олардын туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

      27-бап. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-
      коммуникациялық тұғырнамасы

      1. Ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру кезінде ақпараттық жүйелер, сервистік бағдарламалық өнімдер Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасында орналастырылады.
      2. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасын мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда іске асырудан басқа мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.

      28-бап. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы мен шлюзі

      1. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерге еркін қол жеткізуге арналған.
      «Электрондық үкіметтің» веб-порталын күтіп-ұстауға, жүргізуге және ақпаратпен толықтыруға қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
      «Электрондық үкіметтің» шлюзі – «электрондық үкімет» шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді интеграциялауға арналған ақпараттық жүйе.
      2. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар көрсететін ақпараттық электрондық қызметтер мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсы арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      29-бап. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі

      1. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі – төлемдерді электрондық нысанда көрсетілетін ақысыз қызметтер көрсету шеңберінде жүргізу туралы ақпаратты беру процестерін автоматтандыратын ақпараттық жүйе.
      2. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі:
      1) жеке және заңды тұлғалардың электрондық нысанда көрсететін қызметтері үшін төлемдер жүргізуге арналған сауал салуларын беруді;
      2) электрондық нысанда қызмет көрсететін субъектіні электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер үшін төлемдердің жүзеге асырылғаны туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
      3. Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар төлемдерді қабылдау және жүргізу процестеріне «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы қызмет көрсету шеңберінде қатыса отырып, осы процестерге тартылған меншікті ақпараттық жүйелердің «электрондық үкіметтің» төлем шлюзімен тікелей не банкаралық ақша аударымдары жүйесі операторының ақпараттық жүйесі арқылы интеграциялануын қамтамасыз етеді.

      30-бап. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы

      1. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы – «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына кіретін және ақпараттық қауіпсіздіктің талап етілетін деңгейін сақтай отырып, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, мемлекеттік органдардың, олардың аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілерінің жергілікті (интернет желісіне қолжетімділікке ие жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникация желілерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникация желісі.
      2. Жергілікті мемлекеттік басқару органдары, мемлекеттік органдар, олардың аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өзге  де ақпараттандыру субъектілері жергілікті (интернет желісіне қолжетімділікке ие жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік желілердің өзара іс-қимыл жасауы үшін мемлекеттік органдардың тек қана бірыңғай көлік ортасын пайдалануға міндетті.
      3. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылған жергілікті, ведомстволық және корпоративтік желілердің жалпы пайдаланылатын телекоммуникация желілеріне және басқа да телекоммуникация желілеріне қосылуына жол берілмейді.

      31-бап. Интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзі

      1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілердің меншік иелері мен иеленушілерінің жергілікті, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникация желілерінің интернет желісіне қосылуын байланыс операторлары интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзі арқылы жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік органдардың және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жергілікті, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникация желілерін интернет желісіне қосу мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылған телекоммуникация желілерімен, оның ішінде жергілікті телекоммуникация желілерімен ұштастырылмай жүзеге асырылады.
      3. Арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары жедел мақсаттарда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі интернет желісіне қосылуды интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзін пайдаланбай ұйымдастыруы мүмкін.

      32-бап. Бюджеттік ресурстарды және мемлекеттік қаржыны
      басқару жөніндегі ақпараттық жүйе

      1. Бюджеттік ресурстарды және мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі ақпараттық жүйе – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе.
      2. Бюджеттік ресурстарды және мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі ақпараттық жүйенің жұмыс істеуін Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес оператор жүзеге асырады.

      33-бап. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталы

      1. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталы – ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышына сәйкес ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға, жинауға, жинақтауға, сипаттауға, ақпараттандыруға, сақтауға және бір жүйеге келтіруге және ақпараттандыру саласында мониторингілеу, талдау және жоспарлау үшін оларды мемлекеттік органдардың одан әрі пайдалануына арналған ақпараттық жүйе.
      2. Мемлекеттік орган «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторына құрылатын мемлекеттік ақпараттық жүйе туралы мәліметтерді ұсынады және растаушы құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып, тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалануға берілгендігі туралы хабарлайды.
      Мемлекеттік ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беру жүйені «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік тіркеуге негіз болып табылады.
      3. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құру (дамыту) кезінде қайталап пайдалану үшін «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында тіркелген ақпараттандыру объектілеріне талдау жүргізеді.
       4. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау мониторингі және қауіпсіз жұмыс істеу мониторингі бойынша функциялардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптарды айқындау бөлігінде ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышын қалыптастыруға және жүргізуге қатысу үшін мемлекеттік техникалық қызметке «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталына қол жеткізуге рұқсат береді.
      5. Тіркелген ақпараттандыру объектісінің меншік иесі немесе иеленушісі ақпараттандыру объектісі туралы және ақпараттандыру объектісінің жаңартылғаны және пайдаланылуының тоқтатылғаны туралы мәліметтерді себептерін уәжді түрде баяндай отырып, ақпараттандыру объектілерін уәкілетті орган бекіткен «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына ұсынады.
      6. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы ақпараттандыру объектісі немесе ақпараттандыру объектісінің пайдаланылуының тоқтатылғаны туралы мәліметтерді алған кезде «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталына тиісінше өзгерістер енгізеді.

5-тарау. Электрондық ақпараттық ресурстар

      34-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың түрлері

      1. Электрондық ақпараттық ресурстар меншiк нысаны бойынша - мемлекеттiк және мемлекеттiк емес, қолжетiмдiлiк дәрежесі бойынша жалпыға бірдей қолжетiмдi және қолжетiмдiлiгi шектелген болып табылады.
      2. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын, сатып алынатын және жинақталатын, сондай-ақ мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер арқылы алған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк болып табылады.
      3. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын және сатып алынатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер арқылы алған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк емес болып табылады.
      4. Меншiк иесi немесе иеленушісі қол жеткізу және (немесе) пайдалану шарттарын көрсетпей беретiн немесе тарататын электрондық ақпараттық ресурстар, сондай-ақ еркін қол жеткiзуге болатын және берілу нысаны мен таратылу тәсiлiне байланысты болмайтын мәлiметтер жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
      5. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қолжетімділігіне шектеу қойылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда олардың меншiк иесi немесе иеленушісі қолжетімділігіне шектеу қойған мәлiметтердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
      Қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк құпиялардан құралатын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар және құпия ресурстар болып бөлiнедi.
      6. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік құпияға жатқызу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік құпиялардан тұратын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды құру, сатып алу, жинақтау, қалыптастыру, тіркеу, сақтау, өңдеу, жою, пайдалану, беру, қорғау егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларлар туралы заңнамасымен басқалар көзделмесе осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      7. Мемлекеттік құпияларды қамтымайтын, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қолжетімділігіне шектеу қойылған немесе олардың меншік иесі не иеленушісі қол жетімділігіне шектеу қойған электрондық ақпараттық ресурстар құпия электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
      Электрондық ақпараттық ресурстарды құпия ресурстарға жатқызу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

      35-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың құқықтық
      режимі

      1. Электрондық ақпараттық ресурстарға меншiк құқығының және өзге де мүліктік құқықтардың туындауының, өзгеруінің және тоқтатылуының негiздерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленедi.
      2. Заңды тұлғаның меншiгi болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оның мүлкiнiң құрамына кіреді.
      3. Бюджет қаражаты есебінен құрылған (сатып алынған) электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі мемлекет болып табылады.
      Мемлекеттiк органдардың қарауындағы мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар олардың құзыретiне сәйкес мемлекеттiк мүлiк құрамында есепке алынуға және қорғалуға жатады.
      4. Бағдарламалық қамтылымға, ақпараттық жүйелерге және интернет-ресурстарға меншiк құқығы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың көмегімен құрылатын және (немесе) оларда орналастырылған, басқа меншiк иелеріне немесе иеленушілеріне тиесiлi электрондық ақпараттық ресурстарға меншiк құқығын туғызбайды.
      5. Көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртiбiмен немесе ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстарды бiрлесiп пайдалану кезiнде өңделетiн электрондық ақпараттық ресурстар электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесiне немесе иеленушісіне тиесiлi болады. Бұл жағдайда жасалатын туынды өнiмнiң тиесiлiгi және пайдаланылуы келісіммен реттеледi.
      6. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамалық актілерінде айқындалатын тәртiппен оларға билiк етуге құқылы.
      7. Жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк құпияларға жатқызылған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен иеліктен шығарылуға жатады.

      36-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру
      және пайдалану

      1. Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпаратқа қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттiк қызметтерді электрондық нысанда көрсету мақсатында қалыптастырылады.
      2. Мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жөнiндегi қызметi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің электрондық-ақпараттық ресурстарды қалыптастыруын қоспағанда, бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
      3. Электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi немесе иеленушісі оларды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген шектеулердi сақтай отырып, еркiн пайдалануға және таратуға құқылы.
      4. Пайдаланушының электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалануы мен таратуы осы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің меншік иелері немесе иеленушілері белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      37-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік

      1. Қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстары жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
      Мемлекеттік органдар жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың мемлекеттік және орыс тілдерінде құрылуын қамтамасыз етеді.
      2. Қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады және оларды осы ресурстардың меншік иесі айқындайды, оның ішінде электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иелерімен және (немесе) ақпараттық жүйенің меншік иесімен және (немесе) иеленушісімен келісім жасасу арқылы айқындалады.
      3. Мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі болып табылмайтын осы жүйенің иеленушісі электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі мен электрондық ақпараттық ресурстардың басқа да меншік иелері арасында жасалатын келісім негізінде осы ресурстарға қолжетімділікті ұсынады.
      4. Электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік мынадай тәсілдердің бірі арқылы:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізуге арналған сұрау салуды ақпараттық жүйенің меншік иесіне және (немесе) иеленушісіне электрондық поштаны пайдалана отырып және сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында немесе электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі не иеленушісі белгілеген өзге де тәсілдермен беру арқылы;
      2) пайдаланушының жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге тікелей жүгінуі арқылы жүзеге асырылады.
      5. Мыналарды:
      1) мемлекеттiк құпияларды қамтитын және таратылуы шектелген нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн;
      2) төтенше жағдайлар, табиғи және техногендiк апаттар, ауа райы, санитариялық-эпидемиологиялық және азаматтардың, елдi мекендер мен өндiрiстiк объектiлердiң тыныс-тіршілігі мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi өзге де жағдайлар туралы мәлiметтердi;
      3) мемлекеттiк органдардың қызметi туралы ресми мәлiметтердi;
      4) мемлекеттiк органдардың, кiтапханалардың, мұрағаттар мен өзге де ұйымдардың ашық ақпараттық жүйелерiнде жинақталатын мәлiметтердi қамтитын мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділіктi шектеуге болмайды.
      6. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар ашық деректерді жеке және заңды тұлғаларға ашық деректердің интернет-порталы арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде беруге міндетті.
      Ашық деректердің интернет-порталының мемлекеттік және орыс тілдерінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуді «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы жүзеге асырады.
      7. Телекоммуникация желілері арқылы таралатын ақпаратты сот осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінің талаптарына қайшы келеді деп таныған жағдайда, уәкілетті мемлекеттік органдар, интернет-ресурстардың меншік иелері Қазақстан Республикасының аумағында бұқаралық ақпарат құралдары өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтата тұруға не тоқтатуға міндетті.

      38-бап. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық
      ресурстар

      1. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды ақпараттық жүйелердің меншік иелеріне немесе иеленушілеріне беру кезінде осы ресурстардың меншік иелері немесе иеленушілері ақпараттық жүйелерді пайдаланып, дербес деректерді жинауға, өңдеуге, пайдалануға, таратуға және қорғауға дербес деректер субъектілерінің келісімін алуды қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Мемлекеттік қызметті электрондық нысанда көрсеткен кезде дербес деректерді ақпараттық жүйелер арқылы жинауға, өңдеуге және пайдалануға дербес деректер субьектісінің келісімі уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған құжаттың электрондық көшірмесі нысанында немесе дербес деректер субъектісінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.
      3. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің меншік иелері немесе иеленушілері дербес деректер субъектілері «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген жағдайда дербес деректер субъектілерін дербес деректерді ақпараттық іс-қимыл шеңберінде пайдаланудың, өзгертудің және толдықтырудың барлық жағдайлары туралы «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті арқылы автоматты режимде хабардар етуге міндетті.
      4. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздерден басқа, мемлекеттік орган мемлекеттік қызмет көрсету кезінде нақты қателіктер және дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың дәлсіздіктері анықталған жағдайларда оларды жою мақсатында субъектінің немесе оның заңды өкілінің өтінішінсіз (сұрау салуынсыз) оларды өзгертуі және толықтыруы мүмкін.

6-тарау. Ақпараттық жүйелер

      39-бап. Ақпараттық жүйелердiң түрлерi

      1. Ақпараттық жүйелер меншік нысаны бойынша – мемлекеттiк және мемлекеттiк емес, қолжетiмдiлiк дәрежесі бойынша жалпыға бірдей қолжетiмдi және қолжетiмдiлiгi шектелген болып табылады.
      2. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын және (немесе) сатып алынатын, сондай-ақ мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген өзге де тәсiлдермен алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк болып табылады.
      3. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын және (немесе) сатып алынатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген өзге де тәсiлдермен алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк емес болып табылады.
      Ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерге теңестіріледі.
      4. Жалпыға бірдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
      5. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қолжетімділігіне шектеу қойылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген жағдайларда олардың меншiк иесi және (немесе) иеленушiсi қолжетімділігіне шектеу қойған электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер қолжетiмдiлiгi шектелген ақпараттық жүйелер болып табылады.
      6. Қолжетімділігі шектелген ақпараттық жүйелер:
      1) құпиялылық режимінің талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік шифрлау құралдарын және (немесе) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді өзге де қорғау құралдарын қолдана отырып қорғалуы жүзеге асырылатын мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелер;
      2) құпия ақпараттық жүйелер болып бөлінеді.
      7. Мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану, сүйемелдеу, дамыту, интеграциялау, пайдаланылуын тоқтату және қорғау егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларлар туралы заңнамасымен басқа да көзделмесе осы Заңмен сәйкес жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелер аудиті және оларды аттестаттау жүргізілмейді.

      40-бап. Мемлекеттiк ақпараттық жүйеге қойылатын талаптар

      1. Мемлекеттiк органдар мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның бекітілген архитектурасы және ақпараттандыру саласындағы сараптамалық кеңестің шешімі негізінде мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру мақсатында өздеріне жүктелген функцияларды іске асыруға бағытталған ақпараттық жүйелерді құрады.
      2. Мемлекеттік ақпараттық жүйе Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға, өмірлік циклге сәйкес және:
      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды;
      2) «электрондық үкiметтiң» архитектурасын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды;
      3) мемлекеттік органның бекітілген архитектурасының немесе жергілікті атқарушы орган архитектурасының талаптарын;
      4) шлюздер арқылы басқа да ақпараттық жүйелермен интеграциялануы (қажет болғанда);
      5) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйені мониторингілеу жүйесін мемлекеттік техникалық қызметті мониторингілеу жүйесімен интеграциялауды;
      6) еркін бағдарламалық қамтылымның басымдығын;
      7) сақтауға берілген бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдерді және бағдарламалық қамтылымды қайталап пайдалану мүмкіндігін;
      8) ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышына сәйкес сынып беруді;
      9) мүмкіндіктері шектеулі пайдаланушылардың қол жеткізуін қамтамасыз етуді ескере отырып құрылады, пайдаланылады және дамытылады.
      3. Электрондық ақпараттық ресурста қамтылған ақпарат, нормативтік-техникалық құжаттама, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйенің басқа да ілеспе құжаттары мемлекеттік және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады.
      4. Мемлекеттік ақпараттық жүйенің меншік иелері не иеленушілері және (немесе) олар уәкілеттік берген адамдар уәкілеттік органның сұрау салуы бойынша аттестаттаудан өткеннен кейін қызметінің өзгермейтіндігіне және қызметі шарттарының өзгермейтіндігіне мониторинг жүргізу үшін мемлекеттік техникалық қызметке мемлекеттік ақпараттық жүйеге қол жеткізуге рұқсат береді.

      41-бап. Мемлекеттік ақпараттық жүйені құру (дамыту)

      1. Мемлекеттік ақпараттық жүйе:
      1) автоматтандыру объектісін талдау негізінде инвестициялық ұсыныс әзірлеу;
      2) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңестің мемлекеттік ақпараттық жүйені құру (дамыту) туралы инвестициялық ұсынысын қарау;
      3) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңестің оң шешімі болған кезде бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді;
      4) ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышына сәйкес сыныпты беру;
      5) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық қорытынды алу;
      6) мемлекеттік ақпараттық жүйені құру (дамыту) бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы мемлекеттік орган басшысының бұйрығын шығару;
      7) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталын есепке алу үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына құрылатын ақпараттық жүйе туралы мәліметтерді беру;
      8) мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (дамытуға) техникалық тапсырманы әзірлеу;
      9) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық ерекшелікті әзірлеу;
      10) мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (дамытуға) техникалық тапсырманы, ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық ерекшелікті уәкілетті органмен келісу;
      11) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкес мемлекеттік ақпараттық жүйені әзірлеу және енгізу;
      12) мемлекеттік ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалануды жүргізу:
      тәжірибелік пайдалануды жүргізу рәсімдерін құжаттауды;
      ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынауды;
      техникалық құжаттамаға сараптама жүргізуді қамтиды.
      Тәжірибелік пайдалануды жүргізу мерзімі бір жылдан аспауға тиіс;
      13) мемлекеттік ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу:
      мемлекеттік ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін аттестаттауды;
      уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен қабылдау комиссиясының өнеркәсіптік пайдалануға қабылдап алу туралы актіге қол қоюын қамтиды;
      14) мемлекеттік ақпараттық жүйені «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік тіркеу;
      15) бастапқы бағдарламалық кодтарды (болған кезде), бағдарламалық өнімдер мен бағдарламалық қамтылым туралы мәліметтерді «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына есепке алу және сақтау үшін беру тәртібімен құрылады (дамытылады).
      Мемлекеттік ақпараттық жүйені құру рәсімдерін құжаттау өмірлік циклдің әрбір кезеңінде жүзеге асырылады.
      Ақпараттық жүйені тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу меншік иесінің немесе иеленушінің нормативтік құжаттарының негізінде жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік органның және жергілікті мемлекеттік органның бекітілген архитектурасы болған жағдайда мемлекеттік ақпараттық жүйені құру (дамыту) кезінде осы баптың 1-тармағы 1), 2) тармақшаларының ережелері міндетті болып табылмайды.
      3. Мемлекеттік ақпараттық жүйені дамыту өнеркәсіптік пайдалануға ақпараттық жүйе енгізілгеннен кейін жүзеге асырылады.
      4. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына бастапқы бағдарламалық кодтарды (болған кезде), бағдарламалық өнімдер мен бағдарламалық қамтылым туралы мәліметтерді есепке алу және сақтау үшін беру міндетті болып табылады және уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
      Бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдер мен бағдарламалық қамтылымды заңсыз түрлендіруге, таратуға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.

      42-бап. Мемлекеттік ақпараттық жүйені өнеркәсіптік
      пайдалану

      1. Мемлекеттік ақпараттық жүйе тәжірибелік пайдалану дұрыс аяқталған жағдайда өнеркәсіптік пайдалануға енгізіледі.
      2. Мемлекеттік ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалану кезінде:
      1) электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуы, қорғалуы, олардың іркіліс болған немесе бүлінген жағдайда қалпына келтірілуі;
      2) электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік көшіру және олардың уақтылы өзекті болуын бақылау;
      3) мемлекеттік ақпараттық жүйеге жүгінулер туралы мәліметтердің автоматтандырылған есебі, сақталуы және мезгіл-мезгіл мұрағаттандырылуы;
      4) мемлекеттік ақпараттық жүйені мониторингілеу және оның мемлекеттік техникалық қызметтің ақпараттық қауіпсіздігі оқиғаларының орталықтандырылған жүйесімен интеграциялануы қамтамасыз етіледі.

      43-бап. Мемлекеттік ақпараттық жүйені пайдаланудың
      тоқтатылуы

      1. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді одан әрі пайдалану қажеттігінің болмауы уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес оларды пайдаланудың тоқтылуына және есептен шығарылуына әкеп соғады.
      2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді одан әрі пайдалану қажеттігінің болмауы туралы шешімді мемлекеттік ақпараттық жүйе интеграцияланған ақпараттық жүйелердің меншік иелерін және (немесе) иеленушілерін, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторын пайдаланудың тоқтатылу тәртібі мен мерзімдері туралы хабардар ете отырып, меншік немесе иеленушілері қабылдайды.
      3. Есептен шығарылатын мемлекеттік ақпараттық жүйенің электрондық ақпараттық ресурстары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұрағатқа тапсырылуға жатады.
      4. Мемлекеттік ақпараттық жүйенің жабдығын есептен шығару және (немесе) кәдеге жарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      44-бап. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердегi электрондық
      ақпараттық ресурстарды өңдеу, сақтау және резервтiк
      көшiру құралдарына қойылатын мiндеттi талаптар

      1. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң жұмыс iстеу сенiмдiлiгi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
      2. Ақпараттық жүйеде қамтылатын мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды сақтауды мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың жоғалғаны, түрленгені немесе сақталуын өзге де қамтамасыз етпегені үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) келісімде белгiленген тәртiппен жауапты болатын ақпараттық жүйенiң меншік иесі не иеленушiсі не оператор жүзеге асырады және қажет болған кезде оларды қалпына келтiрудi қамтамасыз етеді.
      3. Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың резервтiк көшiрмесiн дайындауды қамтамасыз ету ақпараттық жүйенiң иеленушiсі немесе операторы үшiн мiндеттi болып табылады.
      Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын резервтiк көшiрменi дайындау және оны сақтау тәсiлi келесi резервтiк көшiрменi дайындағанға дейiн электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етуге тиiс.
      Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік көшіру мерзімділігі ақпараттық жүйеге арналған нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленеді.

      45-бап. Ақпараттық жүйелердің интеграциялануы

      1. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциялануы уәкілетті орган бекітетін «электрондық үкімет» шлюзінің, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің ақпараттық жүйелермен интеграциялану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға, қорғаныс қабілеттілігі мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік ақпараттық жүйелер «электрондық үкіметтің» шлюзіне қосылмастан интеграциялануы мүмкін.
      2. Мемлекеттік органдар «электрондық үкіметтің» мемлекеттік ақпараттық жүйелерін «электрондық үкіметтің» шлюзі арқылы интеграциялауды уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйені мемлекеттік ақпараттық жүйемен бөлек немесе өзге мемлекеттік ақпараттық жүйемен бір мезгілде интеграциялаған жағдайда қолжетімділік «электрондық үкімет» шлюзінің, «электрондық үкімет» төлем шлюзінің уәкілетті орган бекітетін ақпараттық жүйелермен интеграциялану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      46-бап. Мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланатын
      мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар

      1. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграциялануы уәкілетті орган бекітетін «электрондық үкімет» шлюзінің, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің ақпараттық жүйелермен интеграциялану қағидаларына сәйкес «электрондық үкіметтің» шлюзі немесе «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі (төлемдерді жүзеге асыру мақсатында) арқылы ғана жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарға тек меншік иелері (иеленушілер) арасындағы келісімде көрсетілген көлемде ғана қол жеткізуге рұқсаты бар.
      2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің электрондық ақпараттық ресурстары, интерфейсі, нормативтік-техникалық құжаттамасы және басқа да ілеспе құжаттары мемлекеттік және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады.
      3. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйе мемлекеттік ақпараттық жүйемен ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынаулардың, техникалық құжаттама сараптамасының оң нәтижелері және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты болған кезде интеграцияланады.

7-тарау. Ақпараттандырудың сервистік моделі

      47-бап. Ақпараттандырудың сервистік моделі

      1. Ақпараттандырудың сервистік моделі «электрондық үкіметтің» архитектурасына, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырылады.
      2. Ақпараттандырудың сервистік моделі ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету каталогына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы негізінде мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға оператордың орталықтандырылған ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді көрсетуіне негізделген.
      3. Ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету кезіндегі оператордың және мемлекеттік органдардың міндеттері мен жауапкершілігі оператор және мемлекеттік орган арасындағы келісімде айқындалады.

      48-бап. Оператордың мемлекеттік органдарға
      ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетуі

      1. Мемлекеттік органдарға оператор көрсететін ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді іске асыру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді құру және дамыту бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады.
      3. Оператор өзіне тиесілі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымда орналастырылған электрондық ақпараттық ресурстарға меншік және (немесе) иеленуші құқығын иеленбейді.
      4. Оператор уәкілетті орган бекіткен әдістеме негізінде ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтің құнын есептейді және уәкілетті органға келісу үшін ұсынады.
      5. Ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер каталогына енгізілетін ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер осы көрсетілетін қызметтерді алу түрлері мен субьектілеріне қарай жіктеледі.
      6. Мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді көрсету сапасын мониторингілеу және осы көрсетілетін қызметтерді алушыларды консультациялық сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган және оператор Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығын тартады.
      7. Оператор ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсеткен кезде «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның операторға бекітілген бөлігінде орналасқан электрондық ақпараттық ресурстардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және мемлекеттік органдар алдында оған жауапты болады.

      49-бап. Оператордың сервистік бағдарламалық өнімнің
      меншік иесімен және өзге де адамдармен өзара іс-қимылы

      Оператордың және оған ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету үшін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды және сервистік бағдарламалық өнімдерді ұсынатын адамдардың өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ақпараттандырудың сервистік үлгісін іске асыру қағидаларымен және оператор мен аталған адамдар арасындағы келісіммен реттеледі.
      2. Сервистік бағдарламалық өнімнің меншік иесі:
      1) сервистік бағдарламалық өнімді және сервистік бағдарламалық өнімге арналған нормативтік-техникалық құжаттаманы олардың арасындағы келісімге сәйкес операторға беруге;
      2) оператордың талап етуі бойынша сервистік бағдарламалық өнімді пысықтауды және дамытуды жүзеге асыруға;
      3) оператор персоналын сервистік бағдарламалық өнімді пайдалану және сүйемелдеу бойынша, сондай-ақ осы сервистік бағдарламалық өнім арқылы ұсынылатын ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметті пайдалану бойынша оқытуға міндетті.
      3. Сервистік бағдарламалық өнімнің меншік иесінің бастамасы бойынша келісім мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оператор сервистік бағдарламалық өнімді оны басқа сервистік бағдарламалық өніммен ауыстырғанға дейін пайдалануды жүзеге асыруға құқылы.

8-тарау. Ақпараттық жүйелерді сынау, сараптама, аудит жүргізу,
аттестаттау

      50-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды және
      ақпараттық жүйелер туралы мәлiметтердi құжаттандыру

      Электрондық ақпараттық ресурстарды және ақпараттық жүйелер туралы мәлiметтердi құжаттандыруды Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба, мұрағаттар, мұрағат ісі туралы заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес олардың меншiк иесi және (немесе) иеленушiсі жүзеге асырады.

      51-бап. Бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық кодты
      және ақпараттық жүйелерді сынау және техникалық
      құжаттамаға сараптама жүргізу

      1. Бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық кодты және ақпараттық жүйелерді сынау Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы нормативтік-техникалық құжаттамаларының, нормативтік-құқықтық актілерінің және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттардың талаптарына сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
      Техникалық құжаттамаға сараптама ақпараттандыру объектілері құжаттамаларының Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы нормативтік-құқықтық актілерінің және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттардың талаптарына сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
      2. Бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық кодты және ақпараттық жүйелерді сынауды және техникалық құжаттамаға сараптама жүргізуді осы Заңға және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамалық актілеріне сәйкес сынау зертханалары жүргізеді.
      Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйенің, мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің, ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған ақпараттық жүйенің бағдарламалық кодын сынауды мемлекеттік техникалық қызмет жүргізеді.
      3. Сервистік бағдарламалық өнімді, мемлекеттік ақпараттық жүйені, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйені, ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған ақпараттық жүйені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынау міндетті болып табылады және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік техникалық қызмет жүзеге асырады.

      52-бап. Ақпараттық жүйелердің аудиті

      1. Ақпараттық жүйелерді құру, енгізу және пайдалану кезеңінде осы жүйелердің меншік иелерінің немесе иеленушілерінің бастамасы бойынша ақпараттық жүйелердің аудиті жүргізілуі мүмкін.
      2. Аудит жүргізуді ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында арнайы білімі мен жұмыс тәжірибесі бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

      53-бап. Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне
      аттестаттау

      1. Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкесттікке аттестаттау міндетті түрде немесе меншік иесінің бастамасы бойынша жүргізілуі мүмкін.
      2. Мыналар:
      1) мемлекеттік ақпараттық жүйе;
      2) мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйе;
      3) ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған ақпараттық жүйе;
      4) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасы;
      5) сервистік бағдарламалық өнім;
      6) мемлекеттік органның интернет-ресурсы міндетті түрде аттестатталуға жататын объектілерге жатады.
      3. Мыналар:
      1) мемлекеттік емес ақпараттық жүйе;
      2) мемлекеттік емес интернет-ресурс аттестатталуы меншік иесінің бастамасы бойынша жүргізілуі мүмкін объектілер болып табылады.
      4. Мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйені және мемлекеттік ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалану ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты болған кезде ғана рұқсат етіледі.
      5. Аттестаттық зерттеу мерзімі аттестаттық зерттеу жүргізу шарты заңды күшіне енген күннен бастап отыз жұмыс күннен аспауға тиіс
      Егер аттестатталатын ақпараттық жүйе аумақтық жағынан бөлінген болса, аттестаттық зерттеу мерзімі қырық жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      6. Аттестаттық зерттеу актісін ескере отырып және аттестаттау комиссиясы хатттамасының негізінде уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде мына шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) аттестаттау объектісінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі аттестатын беру туралы;
      2) аттестаттау объектісінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі аттестатын беруден бас тарту туралы;
      3) өтінім берушінің анықталған сәйкессіздіктерді жоюы туралы.
      Өтінім берушінің анықталған сәйкессіздіктерді жоюы туралы шешім аттестаттауды жүргізуге өтінім бойынша бір реттен артық қабылданбайды.
      7. Аттестаттық зерттеу кезінде анықталып, шешім көшірмесін алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жойылуы мүмкін емес сәйкессіздіктер сәйкестік аттестатын беруден бас тартуға негіз болып табылады.
      8. Сәйкестік аттестаты «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасын қоспағанда, көрсетілген мерзім ішінде қорғалатын ақпараттың өңделуін қамтамасыз ететін және ақпараттың қауіпсіздігін айқындайтын аттестаттау объектісінің, аппараттық-бағдарламалық кешеннің және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың жұмыс істеуі мен функционалдылығының өзгеріссіз болуы сақталған (қамтамасыз етілген) жағдайда, аттестаттау объектісінің өнеркәсіптік пайдаланылу мерзіміне беріледі.
      9. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің, интернет-ресурсының жұмыс істеуі және функционалдылығы өзгерген жағдайда аттестаттау объектісінің меншік иесі немесе иеленушісі дамыту жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін уәкілетті органға осы Заңда белгіленген тәртіппен жүргізілген барлық өзгертулердің сипаттамасын қоса тіркей отырып, мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне, интернет-ресурсына аттестаттау жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жолдайды.
      Аттестаттау объектісінің, қорғалатын ақпаратты өңдеу технологиясының жұмыс істеуінің белгіленген шарттарының және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың орындалуына жауапкершілік аттестаттау объектісінің меншік иесіне немесе иеленушісіне жүктеледі.
      10. Уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап үш күн ішінде ақпараттық жүйенің, интернет-ресурстың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне қайтадан аттестаттау жүргізу туралы шешім қабылдау үшін аттестаттау комиссиясын шақырады.
      11. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасының ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі аттестаты бір жылға беріледі.
      12. Уәкілетті орган сәйкестік аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімді мынадай:
      1) аттестаттау объектісінің меншік иесінің немесе иеленушісінің жазбаша өтініші бар болған;
      2) «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізілген тексеріс кезінде анықталған ақпараттық қауіпсіздік талаптарына аттестаттау объектісі сәйкес келмеген;
      3) ақпараттық жүйенің жұмыс істеуі мен функционалдығы шарттары өзгерген;
      4) ақпараттық жүйені пайдалану тоқтатылған жағдайларда қабылдайды.
      13. Жаңа сервистік өнімді енгізу, сервистік бағдарламалық өнімді өзгерту «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасының сәйкестік аттестатын кері қайтарып алуға әкеп соқпайды.
      14. Сәйкестік аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімнің көшірмесі аттестаттау объектісінің меншік иесіне немесе иеленушісіне жіберіледі, ол көрсетілген шешімнің көшірмесін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сәйкестік аттестатын уәкілетті органға қайтарады.
      Сәйкестік аттестаты кері қайтарылып алынғаннан кейін объектіні аттестаттау осы Заңда және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қағидаларда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      15. Аттестаттау объектісінің меншік иесі не иеленушісі немесе уәкілеттік берілген адам уәкілетті органға жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей ағымдағы жылы аттестаттау жоспарланған объектілердің тізбесін жібереді.

      54-бап. Ақпараттандыру саласындағы сәйкестікті растау

      Ақпараттандыру саласындағы сәйкестікті растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

9-тарау. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық
жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау

      55-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық
      жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды
      қорғау мақсаттары

      1. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау:
      1) электрондық-ақпараттық ресурстардың тұтастығын және сақталуын қамтамасыз ету;
      2) қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстардың құпиялылығы режимін қамтамасыз ету;
      3) ақпараттандыру субъектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу құқығын iске асыру;
      4) электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты оларға рұқсатсыз және (немесе) абайсызда қол жеткізуге, таралып кетуіне және өзге де іс-әрекеттерге, сондай-ақ электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу, сақтау және оларды беру құралдарына рұқсатсыз және (немесе) абайсыз ықпал етуге жол бермеу;
      5) ақпараттандыру саласындағы өте маңызды ақпараттық объектілердің жұмыс істеуінің бұзылуына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты рұқсатсыз және (немесе) абайсыздағы өзге де іс-қимылдар:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарды бұғаттау, яғни ақпараттық жүйеге және электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті шектеуге немесе жабуға әкелетін іс-қимылдар жасау;
      2) электрондық ақпараттық ресурстарды, бағдарламалық қамтылымды, деректер қорын, электрондық жеткізгіштегі мәтiндiк ақпаратты рұқсатсыз және (немесе) абайсызда түрлендiру;
      3) электрондық ақпараттық ресурсты рұқсатсыз және (немесе) абайсызда көшiру, яғни ақпаратты басқа электрондық жеткізгішке көшіру;
      4) электрондық ақпараттық ресурсты рұқсатсыз және (немесе) абайсызда жою, жоғалтып алу;
      5) құқық иесiнiң рұқсатынсыз бағдарламалық қамтылымды пайдалану;
      6) ақпараттық жүйелердiң және (немесе) бағдарламалық қамтылымның жұмысын бұзу не телекоммуникация желiсінiң жұмыс iстеуiн бұзу болып табылады.
      3. Ақпараттық жүйелерді қорғау ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышына сәйкес берілген сыныпқа сәйкес жүзеге асырылады.

      56-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық
      жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды
      қорғауды ұйымдастыру

      1. Электрондық ақпараттық ресурстарды ақпараттық жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғауды:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты - олардың меншік иелері, иеленушілері және пайдаланушылары;
      2) ақпараттық жүйелерге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға, ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілеріне қатысты - олардың меншік иесі және (немесе) иеленушісі жүзеге асырады.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар:
      1) электрондық ақпараттық ресурстарға рұқсатсыз қол жеткізуді болғызбауды;
      2) егер мұндай рұқсатсыз қол жеткізуді болғызбау мүмкін болмаса, электрондық ақпараттық ресурстарға рұқсатсыз қол жеткізу фактілерін уақтылы анықтауды;
      3) ақпаратқа қол жеткізу тәртібін бұзудың қолайсыз салдарын барынша азайтуды;
      4) электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу мен беру құралдарына ықпал етуді болғызбауды;
      5) рұқсатсыз қол жеткізу салдарынан өзгертілген не жойылған электрондық ақпараттық ресурстарды жедел қалпына келтіруді;
      6) қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иелерін және (немесе) иеленушілерін қоспағанда, орын алған ақпараттық қауіпсіздік инциденті туралы мемлекеттік техникалық қызметке дереу хабарлауды қамтамасыз ететін шараларды қабылдауға міндетті.
      3. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың ережелері мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер меншік иелерінің және иеленушілерінің, сондай-ақ ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілер меншік иелерінің және иеленушілерінің қолдануы үшін міндетті.
      4. Ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілердің меншік иелері мен иеленушілері мемлекеттік техникалық қызмет қызметкерлеріне ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерді қорғау бойынша күш-жігерлерін үйлестіру үшін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның объектілеріне қол жеткізуді ұсынады.
      5. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, төтенше немесе соғыс жағдай енгізілген кезде интернет-ресурстар мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның объектілерін басқаруды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      57-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық
      жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды
      қорғау шаралары

      1. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғаудың құқықтық шараларына:
      1) ақпараттандыру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттардың талаптары;
      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы заңсыз іс-қимылдар үшін заңды жауапкершілік;
      3) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншiк иесiмен және (немесе) иеленушiсiмен жасасқан, оларда осы объектілерде жұмыс істеу, оған қол жеткiзу немесе пайдалану шарттары, сондай-ақ оларды бұзғаны үшiн жауапкершілік белгіленетін келісімдер жатады.
      2. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғаудың ұйымдастырушылық шараларына ақпаратқа, электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге (ақпараттың электрондық жеткізгіштеріне) қол жеткізу жүзеге асырылуы мүмкін аумаққа (ғимараттарға, үй-жайларға) кіру режимін белгілеу және қамтамасыз ету, сондай-ақ электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуді шектеу жатады.
      3. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғаудың техникалық (бағдарламалық-техникалық) шараларына:
      1) ақпаратты қорғау құралдарын пайдалануға мемлекеттік құпияларды қамтитын мәліметтерге қатысты – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген және (немесе) пайдалануға қабылданған, мемлекеттік құпияларды қамтитын мәліметтерді қорғау құралдарын ғана қолданумен;
      2) электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуді бақылау жүйесін пайдалану және қол жеткізу фактілерін тіркеу жатады.
      4. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғаудың техникалық шараларын пайдалану жеке және заңды тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне, сондай-ақ мемлекетке зиян келтірмеуге немесе қаупін төндірмеуге тиіс.

      58-бап. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық
      ресурстарды қорғау

      1. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған ақпараттық жүйелердің меншік иелері және иеленушілері осы Заңға, ақпараттандыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкес оларды қорғау бойынша шаралар қолдануға міндетті.
      Бұл міндет дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған кезден бастап және олардың жойылуына не иесіздендірілуіне дейін туындайды.

3-бөлім. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеу 10-тарау. Уәкілетті органның құжаттарға сараптама жүргізуі және
келісуі

      59-бап. Инвестициялық ұсынысқа салалық сараптама және
      салалық қорытынды

      1. Мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған инвестициялық ұсынысты уәкілетті органға салалық сараптама жүргізу үшін мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган жыл сайын 15 наурызға дейін енгізеді.
      2. Ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ұсынысты уәкілетті орган келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күннен аспайтын мерзімде қарайды.

      60-бап. Бюджеттік инвестициялық жобаның
      техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық сараптама
      және салалық қорытынды

      1. Мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган әзірлеген мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі салалық сараптама жүргізуге жатады және уәкілетті органның қарауына енгізіледі.
      2. Мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық қорытынды толық құжаттар топтамасы келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
      3. Егер ақпараттық жүйе ведомстволық немесе өңірлік құрам бөліктерді қамтыған болса, мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық сараптама жүргізу мерзімі елу жұмыс күніне дейін ұзартылады.

      61-бап. Салалық теріс қорытынды беру негіздері

      1. Инвестициялық ұсынысқа және (немесе) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық теріс қорытынды:
      1) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңестің теріс қорытындысы болған;
      2) уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар үшін стандартты шешімдер ретінде қайта пайдалануға (тираждауға) жататын ақпараттық жүйелер тізбесіне енгізілген ұқсас мемлекеттік ақпараттық жүйелердің (функциялары мен міндеттері қайталанған), сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйені құру (дамыту) кезінде, сақтауға орналастырылған бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдерді және бағдарламалық қамтылымды қайта пайдалану мүмкіндігінің болуына байланысты іске асыру қажеттігі болмаған;
      3) жұмыс істеп тұрған мемлекеттік ақпараттық жүйелерді дамыту мүмкіндігі анықталуына байланысты іске асыру қажеттігі болмаған;
      4) егер ұсынылған құжат мемлекеттік функциялар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметті оңтайландыруды және автоматтандыруды көздемеген;
      5) егер ұсынылған құжат «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, мемлекеттік органның бекітілген архитектурасына және (немесе) «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасына сәйкес келмеген;
      6) ұсынылған құжат стандарттарға немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес келмеген;
      7) ұсынылған құжаттың нысаны мен мазмұнына Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын талаптар бұзылған;
      8) мемлекеттік техникалық қызмет және (немесе) «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы теріс сипаттағы ұсынымдар берген жағдайларда беріледі.
      2. Инвестициялық ұсынысқа теріс салалық қорытынды осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздерден басқа ақпараттандырудың сервистік моделіне инвестициялық ұсыныс сәйкес келмеген кезде беріледі.
      3. Бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне берілетін салалық теріс қорытынды осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздерден басқа:
      1) мемлекеттік органның бекітілген стратегиялық және салалық жоспарларында бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде сипатталған жұмыстар болмаған;
      2) егер бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға, дамытуға және сүйемелдеуге арналған шығыстар нормативтерін қолданбай әзірленген жағдайларда беріледі.

      62-бап. Ақпараттандыру саласындағы техникалық тапсырманы
      келісу

      1. Мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы орган немесе электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы әзірлеген:
      1) бюджеттік қаражаттар есебінен құрылатын (сатып алынатын) мемлекеттік ақпараттық жүйеге техникалық тапсырма;
      2) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзімен немесе «электрондық үкіметтің» шлюзімен интеграцияланатын мемлекеттік ақпараттық жүйеге техникалық тапсырма;
      3) сервистік бағдарламалық өнімге техникалық тапсырма уәкілетті органмен келісілуге жатады.
      2. Ақпараттандыру саласындағы техникалық тапсырманы келісуді уәкілетті орган толық құжаттар топтамасы келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
      Егер ақпараттық жүйе ведомстволық немесе өңірлік құрам бөліктерді қамтыса, қарау мерзімі елу жұмыс күніне дейін ұзартылады.

      63-бап. Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды
      және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың техникалық
      ерекшелігін келісу

      1. Мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін осы тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге техникалық ерекшеліктер уәкілетті органмен келісілуге жатады.
      2. Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді келесі қаржы жылында сатып алуға техникалық ерекшелікті уәкілетті органның қарауына өтінім беруші жыл сайын 1 қарашаға дейін енгізеді.
      3. Уәкілетті органның ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық ерекшелікті қарауы құжаттар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
      4. Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық ерекшелікті қарау нәтижелері бойынша техникалық ерекшелікті келіскені немесе келісуден бас тартқаны туралы өтінім берушіге қорытындысы бар хат жібереді.
      5. Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық ерекшелікті келісуден бас тартқаны туралы қорытынды:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамалық актісінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, техникалық ерекшелікті тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына нұсқауларды, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жеклегене әлеуетті жеткізушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларды қамтитын талаптар болған;
      2) техникалық ерекшелікте тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтің отандық жеткізушілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасалатын талаптар болған;
      3) шеңберінде ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу жоспарланатын бюджеттік бағдарлама туралы ақпарат болмаған жағдайларда беріледі.

      64-бап. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша
      ұсыныстарға уәкілетті органның қорытындысы

      1. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі уәкілетті органның қарауына жыл сайын 1 сәуірге дейін енгізеді.
      2. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды уәкілетті орган құжаттар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарайды.
      3. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды қараудан бас тарту:
      1) ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстардың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасы талаптарына сәйкес келмеген;
      2) уәкілетті орган бекіткен белгіленген талаптарға сәйкес құжаттар ұсынылмаған жағдайларда жүзеге асырылады.
      4. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша бюджеттік бағдарламалардың іс-шараларын жоспарлау және ұсыныстарды жасау кезінде:
      1) «электрондық үкіметтің» архитектурасына және мемлекеттік органның архитектурасына сәйкес келетін мемлекеттік ақпараттық жүйелерге басымдық беріледі;
      2) мемлекеттік ақпараттық жүйелер осы Заңның 40-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
      5. Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарға қорытындыны ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңестің ұсынымдары негізінде береді.
      6. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды уәкілетті орган айқындаған бірыңғай электрондық ақпараттық ресурста орналастырады.

11-тарау. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын
дамытуды мемлекеттік қолдау

      65-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын
      дамытуды мемлекеттік қолдау

      1. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдауды Қазақстан Республикасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өндірісті ынталандыру мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты және басқа да ұлттық даму институттары жүзеге асырады.
      2. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты өз қызметін осы Заңға және Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдаудың негізгі қағидаттары:
      1) жеке кәсіпкерлік базасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту және мемлекеттік емес және мемлекеттік заңды тұлғалар арасындағы бәсекелестікті жою;
      2) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ақпараттық жүйелерді әзірлеуге тапсырыстар алу кезіндегі отандық заңды тұлғалардың басымдығы;
      3) отандық бағдарламалық қамтылым, бағдарламалық өнімдер және техникалық құралдар өндірісін дамытуды ынталандыру;
      4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығының құрылымын дамыту;
      5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығында адал бәсекелестікті қолдау.
      4. Мемлекеттік қолдау қағидаттарына сәйкес Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасында көзделген шаралардан басқа, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының өсімін ынталандыру жөніндегі шаралар мыналар болып табылады:
      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің нормативтік-әдіснамалық базасын қалыптастыру және дамыту, оның ішінде халықаралық стандарттарды енгізу;
      2) жергілікті қамтудың жоғары үлесі бар инновациялық бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық өнімдерді әзірлеуге және жеткізуге мемлекеттік (квазимемлекеттік) тапсырыстар жүйесін іске асыру және жетілдіру;
      3) жергілікті қамтудың үлесін арттыруға бағытталған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды бюджеттен тыс өтеусіз қаржыландыру;
      4) ақпараттандыру саласындағы қызмет үлесінің өсіміне бағытталған мемлекеттік ұйымдарды және квазимемлекеттік сектор субъектілерін ақпараттандыруға шығындар құрылымын үйлестіру;
      5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды венчурлық қаржыландыру және өзге де бюджеттен тыс өтеусіз қаржыландыру үшін жағдайлар жасау;
      6) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы инвестициялық тартымдылықты дамытуды ынталандыру және арттыру бойынша ұсыныстарды пысықтау.

      66-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын
      кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету

      1. Мемлекет ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы техникалық, кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды отандық және шетелдің жоғары оқу орындарында даярлау және қайта даярлау үшін жағдайлар жасайды.
      2. Саланың және өңірдің ұйымдары, ұлттық компаниялар, олардың аффилиирленген адамдары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандықтар бойынша кәсіптік, техникалық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқитындар үшін тәжірибе базасы ретінде әрекет етеді.

12-тарау. Ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      67-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру
      саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары,
      қағидаттары және нысандары

      1. Қазақстан Республикасы ақпараттандыру саласында шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен:
      1) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуды, ғылыми, кадрлық ынтымақтастық пен алмасуды қамтамасыз ету бойынша өзара әрекет ету;
      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен халықаралық (мемлекетаралық) ақпарат алмасудың тұрақты және қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу;
      3) Қазақстан Республикасының халықаралық саудаға және ақпараттандыру саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, зияткерлік қызмет нәтижелері арқылы алмасуға қатысуын жандандыру;
      4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарға немесе оларды құқыққа қарсы мақсаттарда пайдаланудағы күресте күш-жігерді шоғырландыру мақсаттарында ынтымақтасады.
      2. Ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық:
      1) өзара негізде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды адамға, қоғамға және мемлекетке зиян келтіре отырып пайдалануға тыйым салу;
      2) мемлекеттің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына қол сұғатын және мемлекеттік қызметтің саяси, экономикалық, әлеуметтік және өзге де салаларына нұқсан келтіретін іс-қимылдарға тыйым салу;
      3) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді немесе ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қылмыстық мақсаттар үшін пайдалануды болдырмау;
      4) әріптес мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты ақпарат алмасудың жеделдігі, объективтілігі және толықтығы;
      5) ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық базаны үйлесімді ету қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, оның ішінде мамандандырылған ұйымдардың қызметіне қатысуы, екіжақты және көпжақты келіссөздер мен халықаралық шарттарға қатысуы, өзара ақпарат алмасу, бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыру арқылы, сондай-ақ өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

      68-бап. Ақпараттандыру саласындағы халықаралық
      ынтымақтастықты жүзеге асыру

      1. Ақпараттандыру субъектілері халықаралық ұйымдар мен бірлестіктерге кіруге, халықаралық және шетелдік жобалар мен бағдарламаларға қатысуға құқылы.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы шетелдік немесе бірлескен кәсіпорындар құрылуы мүмкін.

13-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      69-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру
      саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      70-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу туралы растаушы құжаттары, сондай-ақ оларды жоғалтуына байланысты техникалық құжаттамасы жоқ мемлекеттік ақпараттық жүйелері бар мемлекеттік органдар осы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттауды ақпараттандыру объектілерін пайдалану жөніндегі жалпы міндеттерді, қағидаттарды және қағидаларды айқындайтын қалпына келтірілген техникалық құжаттамаларды және ақпараттық қауіпсіздік бойынша нормативтік құжаттар жиынтығын бере отырып, осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап үш жыл ішінде жүргізеді.
      2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты жоқ мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттаудан өтеді.

      71-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Ақпараттандыру туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., № 2, 13-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 15, 118-құжат; 2012 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 95-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 7, 36-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
            Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады