Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан оған қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 18 маусымдағы
№ 670 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының
Үкіметі арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы
келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталады),
Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы достық қатынастарды нығайту ниетін басшылыққа ала отырып,
Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы азаматтарының жол жүру тәртібін оңайлатуға ұмтыла отырып, және
2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелеріне арналған визалық талаптар туралы келісімді назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде қолданылатын «жол жүру құжаты» термині мыналарды білдіреді:
(а) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
(і) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
(іі) қайтып оралуға арналған куәлік.
(b) Корея Республикасының азаматтары үшін:
(і) Корея Республикасының паспорты;
(іі) қайтып оралуға арналған уақытша куәлік.
2-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің жарамды жол жүру құжаттарын иеленуші және екінші Тарап мемлекетінің аумағында еңбек немесе миссионерлік қызметпен айналысуға, оқу мекемелерінде оқуға немесе тұруға ниет білдірмеген азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, онда болу, кету және транзитпен өту үшін визалар алу талаптарынан босатылады. Әрбір осындай болудың мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға екінші Тарап мемлекетінің аумағында рұқсат етілген болуының жалпы мерзімі күнтізбелік 180 (жүз сексен) күннің ішіндегі әрбір кезеңде күнтізбелік 60 (алпыс) күннен аспауға тиіс.
3. Бір Тарап мемлекетінің жарамды жол жүру құжаттарын иеленуші және осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу үшін виза алуға тиіс.
3-бап
Осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген адамдар Қазақстан Республикасының шекарасын және Корея Республикасының шекарасын халықаралық жолаушылар қатынастары үшін ашық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді.
4-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде жарамды жол жүру құжаттарын жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, бұл туралы екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына дереу хабарлауға тиіс.
2. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде жарамды жол жүру құжаттарын жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген жеке басын куәландыратын және өз азаматтығының мемлекетіне оралуға құқық беретін жарамды құжаттардың негізінде, тиісті визалармен немесе осы мемлекеттің құзыретті органдарының басқа да рұқсаты негізінде осы мемлекеттің аумағынан тыс жерлерге шығады.
5-бап
Бір Тарап мемлекетінің жарамды жол жүру құжаттарын иеленуші және екінші Тарап мемлекетінің аумағынан форс-мажорлық мән-жайлар себебі бойынша осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде кетуге мүмкіндігі болмаған азаматтары мұндай себептердің құжаттамалық немесе өзге де сенімді растамасы болған жағдайда, осы мемлекеттің аумағында қажетті мерзім ішінде болу үшін екінші Тарап мемлекетінің аумағында виза алуға жүгінеді.
6-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде осы Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтауға және құрметтеуге міндетті.
7-бап
Бір Тарап мемлекетінің құзыретті органдары өз мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған екінші Тарап мемлекетінің азаматтарының келуінен бас тарту, қысқарту немесе олардың болу мерзімін тоқтату құқығын өзінде сақтайды.
8-бап
1. Әрбір Тарап қоғамдық тәртіпті, мемлекеттік қауіпсіздікті немесе тұрғындардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету қажеттілігі болған жағдайда, осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата тұруы мүмкін. Екінші Тарап осындай шешім туралы ол күшіне енгенге дейін 72 (жетпіс екі) сағат бұрын жазбаша түрде хабардар етіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қолдану туралы шешім қабылдаған Тарап көрсетілген шаралардың жойылғаны және осы Келісімнің қолданысын қалпына келтіру туралы жазбаша түрде екінші Тарапқа кідіріссіз хабарлайды.
9-бап
1. Тараптардың құзыретті органдары осы Келісім күшіне енгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жарамды жол жүру құжаттарының үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Тараптардың құзыретті органдары жол жүру құжаттарына өзгерістер енгізілгені туралы көрсетілген өзгерістер күшіне енгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей бір-бірін хабардар етеді және бір уақытта екінші Тараптың құзыретті органдарына өзгертілген жол жүру құжаттарының үлгілерін береді.
10-бап
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты мәселелер бойынша Тараптар арасындағы кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
11-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жолдау арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Осы Келісім екінші Тараптың осындай хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн өткеннен кейін өзінің қолданысын тоқтатады.
3. Осы Келісімге Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
201 _ жылғы « » ___________ _________________ қаласында әрқайсысы қазақ, корей және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Корея Республикасының
Республикасының Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні қоса берілген.