"Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 719 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Құқықтық актілер туралы

      Осы Заң құқықтық актілерді әзірлеумен, ұсынумен, талқылаумен, қабылдаумен, тіркеумен, қолданысқа енгізумен, өзгертумен, толықтырумен, қолданысын тоқтатумен, тоқтата тұрумен және жариялаумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-бөлім. Жалпы ережелер 1-тарау. Құқықтық актілер туралы негізгі ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) құқықтық акт – республикалық референдумда, жергілікті қоғамдастықтың жиынында, жиналысында қабылданған, уәкілетті органдар қабылдаған, нормативтік немесе жеке дара билік етуші құқықтық нұсқамаларды қамтитын белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
      2) заң – аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 3-тармағында көзделген түбегейлi қағидаттар мен нормаларды белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының Парламентi, ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайтын нормативтiк құқықтық акт;
      3) заң техникасы – құқықтық актілерді ресімдеу талаптарының жиынтығы;
      4) заңнамалық акт – Конституцияға, конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлығы, кодекс, шоғырландырылған заң, заң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлығы, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжiлiсiнің қаулылары;
      5) заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлер – заңнамалық және өзге де сатысы бойынша жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде және (немесе) оларды орындау үшін және (немесе) одан әрі іске асыру үшін шығарылатын, заңнамалық актілер болып табылмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлер;
      6) заңнама – белгіленген тәртіппен қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң жиынтығы;
      7) кодекс – осы Заңның 9-бабында көзделген бiртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн құқықтық нормалар бiрiктiрiлiп, жүйеге келтiрiлген заң;
      8) конституциялық заң – Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын, Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген мәселелер бойынша не мұндай қажеттілік Конституцияның нормаларынан туындаған жағдайларда қабылданған заң;
      9) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi – нормативтiк құқықтық актiлердiң деректемелерiн және осы актiлер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәлiметтердi қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi мемлекеттiк есебiнiң бiрыңғай жүйесi;
      10) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi – олар туралы мәлiметтер Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген, қағаз жеткізгіштегі нормативтік құқықтық актілер жиынтығы және электрондық құжаттар нысанындағы нормативтік құқықтық актілердәі электрондық жүйесі;
      11) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заң – Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 3-тармағында және 91-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын заң;
      12) құқық нормасы – реттелетін қоғамдық қатынастар шеңберiнде көп мәрте қолдануға арналған, жеке-дара айқындалмаған тұлғалардың тобына қолданылатын, тұрақты немесе уақытша сипаттағы жалпыға мiндеттi ұстаным қағидасы;
      13) нормативтiк құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкiлеттi орган қабылдаған, құқық нормаларын белгiлейтiн, олардың қолданысын өзгертетiн, тоқтататын немесе тоқтата тұратын, белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат және (немесе) сонымен бірдей электрондық құжат;
      14) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімі – осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу нөмірі және деректемелері қамтылған жазбаша тізбе;
      15) нормативтiк құқықтық актiлердi кейiннен ресми жариялау – Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне сәйкестiк сараптамасынан өткен нормативтiк құқықтық актiлердi баспа басылымында жариялау;
      16) құқықтық мониторинг – заңнаманың тиімділігін бағалау және болжау, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасы заңнамасының жай-күйі және оны қолдану практикасы туралы ақпаратты ұдайы бақылау, жинау, талдау жүйесі;
      17) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейi – нормативтiк құқықтық актiнiң нормативтiк құқықтық актiлер сатысындағы өзiнiң заң күшiне қарай алатын орны;
      18) нормативтiк құқықтық актiнi ресми жариялау – нормативтiк құқықтық актiнi жалпыға бірдей мәлімет үшін қазақ және орыс тілдерінде ресми және мерзiмдi баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурста қағаз жеткізгіштегімен бірдей етіп графикалық форматта жариялау;
      19) уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, сондай-ақ осы органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесiн айқындайтын заңнамада белгiленген өз құзыретiне сәйкес құқықтық актiлер қабылдауға құқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен лауазымды адамдары (Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, әкімдер, өзге де мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар);
      20) уәкілетті ұйым – уәкілетті органдар әзірлеген және Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізуге жататын заңнамалық актілер жобалары бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің тең түпнұсқалығы бөлігінде ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйым;
      21) шоғырландырылған заң – өз сипатына қарай осы Заңның 9-бабында көзделген салалардағы кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заң;
      22) заң ұқсастығы – реттелмеген қоғамдық қатынастарға ұқсас қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдардың нормаларын қолдану;
      23) құқық ұқсастығы – реттелмеген қоғамдық қатынастарға заңнаманың мәнін, құқықтың жалпы қағидаттарын және құқықтың нақты салаларының қағидаттарын қолдану;
      24) заң жобасының тұжырымдамасы – заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесін, оны қабылдаудың мақсаттарын және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де ережелерді қамтитын құжат.
      25) нормативтік құқықтық актінің заң күші – нормативтік құықтық актінің тиісті қоғамдық қатынастарға қолданылу міндеттілігін, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге қатысты оның басымдығын немесе қатар бағыныстылығын айқындайтын сипаттамасы;
      26) жеке-дара қолданылатын құқықтық акт – жеке-дара айқындалған тұлғалардың заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын жеке дара айқындалған тұлғалар тобына (жеке және заңды тұлғаларға) қолданылатын, біржолғы не уақыт бойынша өзге де шектеулі қолдануға арналған белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат.
      27) нормативтік құқықтық актіні ресми түсіндіру актісі - осы Заңның 13-тарауында көрсетілген талаптар мен шарттарға сай келетін, нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме беретін белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
      28) нормативтік емес құқықтық акт – құқық нормаларын қамтымайтын, уәкілетті орган шығарған (қабылдаған), жеке-дара айқындалған тұлғалардың заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын не нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме беретін ресми құжат, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлай жүйесі саласындағы құқықтық акт.

      2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілері жүйесін айқындайды, нормативтік құқықтық актілердің және нормативтік емес құқықтық актілердің құқықтық мәртебесінің аражігін белгілейді.
      2. Осы Заң:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау, өзгерту және оның қолданысын тоқтату тәртібін;
      2) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қабылдау, өзгерту және олардың қолданысын тоқтату тәртібін;
      3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту және тоқтату тәртібін;
      4) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы, қылмыстық процестік және азаматтық процестік заңнамасында белгіленген жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерді қабылдау, өзгерту және тоқтату тәртібін реттемейді.

      3-бап. Құқықтық актілерге қойылатын жалпы талаптар
             Құқықтық актілердің түрлері

      1. Құқықтық актілер мынадай жалпы талаптарға сай келуге:
      1) нормативтік немесе жеке-дара билік етуші құқықтық нұсқамаларды қамтуға;
      2) осы Заңда белгіленген тәртіппен республикалық референдумда, осы Заңда белгіленген тәртіппен уәкілетті органдарда қабылдануға;
      3) айқындалмаған тұлғалар тобына немесе жеке-дара айқындалған тұлғаларға арналуға;
      4) қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталуға;
      5) субъективтік құқықтар мен заңдық міндеттердің туындауына, оларды өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталуға тиіс.
      2. Құқықтық актілер мынадай түрлерге:
      1) нормативтік құқықтық актілерге;
      2) нормативтік емес құқықтық актілерге бөлінеді.

2-тарау. Қазақстан Республикасының заңнамасы

      4-бап. Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйесі, оның
              тұтастығын қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйесін Конституция, оған сәйкес келетін заңнамалық актілер, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер, оның ішінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары құрайды.
      2. Қазақстан Республикасы заңнамасы жүйесінің тұтастығы:
      1) нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың, оларға Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңнамада және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өзгерістер мен толықтырулар енгізудің тәртібін сақтау;
      2) Қазақстан Республикасының Конституциясымен, конституциялық заңдармен және осы Заңмен бекітілген нормативтік құқықтық актілер сатысын сақтау;
      3) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты заңдарды, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау арқылы қамтамасыз етіледі.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің
              және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
              нормативтік қаулылары

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана негізделеді және барлық өзге де нормативтік қаулылар оларға қайшы келмеуге тиіс.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулыларының оларды қабылдауға негіз болған Конституцияның нормаларындағыдай заң күші болады.
      3. Конституциялық Кеңес шешімінің қабылдануына негіз болған Конституцияның нормасы өзгерген жағдайларда, бұл шешім қайта қаралады.
      4. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында сот практикасы мәселелері бойынша соттарға түсіндірмелер қамтылады.

      6-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары

      1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту және тоқтату тәртібі арнайы заңда айқындалады.
      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың оның заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады.

2-бөлім. Нормативтік құқықтық актілер 3-тарау. Нормативтік құқықтық актілер туралы
жалпы ережелер

      7-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi және туынды
              түрлерi

      1. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi және туынды актiлер болып бөлiнедi.
      2. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi түрлерiне мыналар жатады:
      1) Конституция, конституциялық заңдар, кодекстер, шоғырландырылған заңдар, заңдар;
      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзге де нормативтiк құқықтық жарлықтары;
      3) Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның палаталарының нормативтiк құқықтық қаулылары;
      4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;
      5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары;
      6) Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық қаулылары;
      7) Қазақстан Республикасы министрлірінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
      8) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
      3. Нормативтiк құқықтық актiлердiң туынды түрлерiне мыналар жатады:
      1) ереже – қандай да бір мемлекеттік органның мәртебесін және өкілеттігін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
      2) техникалық регламент - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзiрленетiн және қолданылатын өнiмдерге және (немесе) олардың өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық акт;
      3) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының сипаттамаларын, мазмұнын және нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт;
      4) мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті – мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талаптарды белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілер қызметінің тәртібін, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету процесінде өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен, халыққа қызмет көрсету орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
      5) қағида – қандай да бiр қызмет түрiн ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық акт;
      6) нұсқаулық – заңнаманың қоғамдық қатынастардың қандай да бiр саласында қолданылуын егжей-тегжейлi көрсететiн нормативтiк құқықтық акт.
      Қазақстан Республикасының заңдарында туынды түрдегі нормативтік құқықтық актілердің өзге де нысандары көзделуі мүмкін.
      4. Туынды түрдегi нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiлер арқылы қабылданады немесе бекiтiледi және олармен бiр тұтастық құрайды.
      5. Уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын, әкім уәкілеттік берген жергілікті атқарушы органдар нормативтік құқықтық актілер шығаруға құқылы емес.

      8-бап. Қазақстан Республикасының кодекстерiмен реттелетiн
              қоғамдық қатынастар

      Қазақстан Республикасының кодекстерi:
      1) бюджеттiк;
      2) азаматтық;
      3) азаматтық iс жүргізу;
      4) неке-отбасы;
      5) экологиялық;
      6) су;
      7) жер;
      8) орман;
      9) салық;
      10) кеден;
      11) еңбек;
      12) қылмыстық жазаларды орындауға байланысты;
      13) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға байланысты;
      14) қылмыстық жауаптылыққа тартуға байланысты;
      15) қылмыстық iс жүргiзу;
      16) денсаулық сақтау саласы;
      17) кәсіпкерлік саласы;
      18) жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласы сияқты біртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында қабылданады.

      9-бап. Шоғырландырылған заңдармен реттелетін қатынастар

      Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары заңнаманың құрылымын жетілдіру мақсатында қабылданады және өз сипатына қарай:
      1) мемлекеттік мүлік;
      2) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару;
      3) білім және ғылым;
      4) азаматтық қорғау;
      5) тұрғын үй қатынастары;
      6) қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау;
      7) көлік;
      8) рұқсаттар және хабарламалар;
      10) оңалту және банкроттық;
      10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы (аясындағы) кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды біріктіреді.

      10-бап. Нормативтік құқықтық актілердің сатысы

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заң күші бар.
      2. Конституцияны қоспағанда, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң заң күшiнiң арақатынасы мынадай төмендей беретiн деңгейлерге сәйкес болады:
      1) Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдар;
      2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлықтары;
      3) Қазақстан Республикасының кодекстерi;
      4) шоғырландырылған заңдар, Қазақстан Республикасының заңдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтары;
      5) Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның палаталарының нормативтiк қаулылары;
      6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;
      7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;
      8) Қазақстан Республикасының министрлерi мен орталық мемлекеттiк органдарының өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдарының нормативтiк құқықтық қаулылары;
      9) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
      3. Төменгi деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс.
      4. Туынды түрдегі нормативтік құқықтық актінің нормативтiк құқықтық актілер сатысындағы орны актінің негізгі түрінің деңгейімен айқындалады.
      5. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары осы бапта белгіленген нормативтiк құқықтық актiлердiң сатысынан тыс тұрады.

      11-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тiкелей қолданылуы

      1. Егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады.
      2. Қолданысқа енгізілген нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi.
      3. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде оның қандай да бiр құқық нормасы қосымша нормативтiк құқықтық акт негiзiнде қолданылатындығы көрсетiлсе, онда бұл норма негiзгi және қосымша нормативтiк құқықтық актiге сәйкес қолданылады.
      Қосымша нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн тиiстi қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер қолданылады.

      12-бап. Әртүрлi нормативтiк құқықтық актiлердiң құқық
               нормаларының қайшылықтары

      1. Әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.
      2. Заңдар нормаларының Қазақстан Республикасы кодекстерінің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда олар кодекстерге тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін
      3. Тең заңдық күші бар нормативтік құқықтық актілердің нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда жалпы қағидадан алып тастауды көздейтін нормативтік құқықтық актінің нормалары қолданылады.
      4. Тең заңдық күші және бірыңғай реттеу нысанасы бар нормативтік құқықтық актілердің нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда, қолданысқа кейінірек енгізілген нормативтік құқықтық актінің нормалары қолданылады.

      13-бап. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын пайдалану
               тәртібі

      1. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған кезде заң ұқсастығы немесе құқық ұқсастығы қолданылуы мүмкін.
      2. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, осы қоғамдық қатынастарға ұқсас қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары (заң ұқсастығы) қолданылады.
      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкін болмаған кезде құқық ұқсастығы пайдаланылады.
      Бұл ретте заңнаманың және құқықтың нақты салаларына қатысты қағидаттар, сондай-ақ құқықтың жалпы қағидаттары пайдаланылады.
      4. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану процесінде жаңа міндеттерді белгілеуге немесе жеке немесе заңды тұлғалардың қолданыстағы құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
      Құқық ұқсастығы мен заң ұқсастығын пайдалануға қылмыстық заңнамада, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада (құқыққа қарсы әрекеттерді белгілейтін нормалар бөлігінде) және салық заңнамасында тыйым салынады.
      Заңнаманың өзге де салалары реттейтін қатынастарда заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану ерекшеліктерін тиісті заңнамалық актілер айқындайды.

      14-бап. Мерзімдерді есептеу

      1. Заңнамада белгіленген мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе басталуы сөзсiз болатын оқиға көрсетiле отырып айқындалады. Мерзiм жылдармен, тоқсандармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
      2. Жылдармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен басталады және мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде аяқталады.
      Айлармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен басталады және мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде (күн санында) аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде аяқталады.
      Апталармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен басталады және мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде аяқталады.
      Күндермен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен басталады және белгіленген кезеңнің соңғы күнiнде аяқталады.
      Сағаттармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған оқиға басталған минуттан басталады және белгіленген кезеңнің соңғы минутында аяқталады.
      3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің өтуі оның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе оқиға басталғаннан кейінгі келесі күні басталады.
      Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, мерзімнің аяқталу күні сол күннен кейінгі таяудағы келесi жұмыс күні болып есептеледі.

4-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің
жобаларын дайындауды жоспарлау

      15-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын
               дайындау жоспары

      1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын дайындау жоспарлары бiр жылға жасалатын ағымдағы және неғұрлым ұзақ мерзiмге жасалатын перспективалық жоспарлар болып бөлiнедi.
      Перспективалық жоспарларда неғұрлым маңызды нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ дайындау уақыты бiр жылдан астам мерзiмге жоспарланатын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу көзделедi.
      2. Дайындау жоспарларында:
      1) оның деңгейiн, нысаны мен реттеу мәнiн бейнелейтін нормативтiк құқықтық актiнiң атауы;
      2) дайындау мерзiмдерi;
      3) жобаны әзiрлеуге жауапты уәкілетті органдар мен ұйымдар көрсетiледi.
      3. Егер осы Заңда және басқа да заңнамада өзгеше көзделмесе, нормативтiк құқықтық актiлердi дайындау жоспарларын тиiстi актiлердi қабылдауға құзыреттi уәкілетті органдар жасап, бекiте алады.
      4. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтық мониторингтің қорытындылары бойынша дайындалған ұсыныстары ескеріледі.
      5. Нормативтiк құқықтық актiлер жобасын дайындау жоспарларын жасайтын және бекiтетiн уәкілетті органдар жоспарларға осы актiлердiң дайындалуын бейнелейтiн басқа да көрсеткiштер енгiзуi мүмкiн.
      6. Қазақстан Республикасының Президенті шығаратын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау тәртібін және жоспарлау нысанын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      16-бап. Заңнамалық актiлердің жобаларын дайындауды
               жоспарлау

      1. Заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды перспективалық жоспарлау Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.
      2. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Парламенттің кезекті шақырылымы кезеңіне қабылданады және Парламент сессиялары бойынша заңнамалық актілер жобаларын (Парламенттің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) дайындау болжанатын заңнама саласын (аясын) көрсетеді.
      3. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Парламент Палаталарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шоғырландырылған ұсыныстары негізінде жасалады.
      4. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын Әділет министрлігі әзірлейді, Парламент Палаталарымен келісіледі және оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      5. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бір жылға жасалатын заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын бекітеді.
      6. Заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларды Әділет министрлігі әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі.
      7. Заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарлары:
      1) әзірленуі алдағы жылы болжанатын, оның деңгейін, нысанын және реттеу нысанасын бейнелейтін заң жобасының атауын;
      2) заң жобасын әзірлеу мерзімдерін;
      3) заң жобасын әзірлеуге жауапты уәкілетті органдар мен ұйымдарды қамтуға тиіс.
      8. Ағымдағы жоспарларды жасау кезінде заң жобаларын әзірлеуді бейнелейтін басқа да мәліметтер көзделуі мүмкін.
      9. Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайтын заңнамалық актілердің жобаларын дайындау тәртібін және жоспарлау нысанын Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 3-тармағында белгіленген өз құзыретіне сәйкес Парламент және оның Палаталары айқындайды.
      10. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларын дайындауға қолданылмайды.

5-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің
жобаларын дайындау және ресімдеу

      17-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын
               әзірлеушілер

      1 Президент Әкімшілігі, Үкімет, өзге де мемлекеттік органдар, олардың келісімі бойынша ұйымдар мен азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына негізделген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларының әзірлеушілері болып табыла алады.
      Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамашылығы тәртібімен дайындалатын заң жобаларының әзірлеушілері Парламент депутаттары болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен дайындалатын заң жобаларының әзірлеушілері орталық мемлекеттік органдар болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына оның Әкімшілігі, Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар енгізе алады.
      3. Өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес уәкілетті органдар өз бастамасымен немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың тапсырмалары бойынша әзірлейді.
      4. Өзге де мемлекеттік органдар, ұйымдар мен азаматтар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізуге немесе мұндай актілердің бастамашылық жобаларын уәкілетті органдардың қарауына беруге құқылы. Уәкілетті органдар оларды өздері әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары үшін негіз ретінде қабылдауы немесе олардың одан әрі әзірленуін және жобалардың қабылдануын орынсыз деп тануы мүмкін.

      18-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын
               әзірлеу тәртібі

      1. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуші уәкілетті орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өз бөлімшелеріне тапсырады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, уәкiлеттi орган нормативтiк құқықтық актінің жобасын дайындауды өзiне ведомстволық бағынысты мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе бөлiнген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, оны дайындауға шарттық негiзде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына, оның iшiнде шетелдiктерге тапсырыс бере алады.
      Уәкiлеттi орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын дайындауды бiрнеше мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, бiрнеше ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруға құқылы.
      Нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жауапты уәкілетті органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.
      Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.
      2. Уәкілетті орган заң жобасын әзірлеу басталғанға дейін оның тұжырымдамасын әзірлейді.
      Осы талап заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарының заң шығару бастамашылығы тәртібімен әзірлеу жағдайларына қолданылмайды.
      Заң жобалары тұжырымдамаларын қарау тәртібі мен оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында Заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларымен айқындалады.
      3. Заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының жобаларын және басқа да уәкілетті органдардың нормативтік құқықтық актілері жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатыстырылуы мүмкін.
      4. Бір деңгейдегі уәкілетті органдардың заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын бірнеше уәкілетті орган әзірлеуі, ал қажет кезінде қабылдауы мүмкін.
      Бірнеше уәкілетті органның заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын олар осы Заңда көзделген тәртіппен бірлесіп әзірлейді және уәкілетті органдар басшылары қол қоятын бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылдайды.
      Бірлескен нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері туынды нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органдардың негізгі нормативтік құқықтық актілері арқылы бекітіліп, онда туынды актіні қабылдауға арқау болған негізгі нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі.
      5. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен заңнамалық актінің жобасын әзірлеу тапсырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше мерзім белгілемесе, заңнамалық актінің жобасын әзірлеуді бір ай мерзімде жүзеге асырады.
      6. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 3),5), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша заң сараптамасын жүргізеді.
      7. Егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда нормативтік құқықтық актінің негізгі түрінің жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістерімен және (немесе) толықтыруларымен бірге актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.
      8. Әзірленген заңдардың жобалары мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберіле отырып, бір мезгілде уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылады.
      Конституциялық Кеңестің және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын қоспағанда, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.

      19-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін
               қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу
               мен қабылдаудың ерекшеліктері

      1. Орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса бере отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды беру үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзім жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ол келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есептердің нәтижелері қамтылуға тиіс.
      3. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелерінің шоғырландырылған пікірін білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде міндетті қосымша болып табылады.
      Сараптамалық қорытындылар қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
      4. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келісу кезінде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
      Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіспеуінің себептерін негіздей отырып, жауап жібереді. Мұндай негізделген жауаптар нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін міндетті қосымша болып табылады.
      Нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ескертпелері бар сараптамалық қорытынды берген және сарапшылық кеңестің мүшесі сарапшылық кеңестің отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда мұндай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
      Бұл ретте сарапшылық кеңестің отырыстары сарапшылық кеңестің мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы жүргізілуі мүмкін.
      5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға байланысты қызметін жүзеге асыруға дайындалу үшін жеке кәсіпкерлік субъектісіне қажетті мерзімді негізге ала отырып, белгіленуге тиіс.
      Нормативтік құқықтық актілердің қолданысқа енгізілу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс.
      6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
      7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары, олар тиісті органда немесе сарапшылық кеңес отырысында қаралғанға дейін, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.

      20-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі
               мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу

      1. Нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған кезде – оны іске асыру мақсатында қабылданатын басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуге жіберіледі.
      Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қаржы-экономикалық есептеулер қоса беріледі.
      Егер заң жобасында қамтылған құқық нормаларын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет болса (егер ондай қажеттілік болмаса, онда ол ілеспе хатта көрсетіледі), заң жобасына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органға табыс етеді.
      2. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын және Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілерінің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде келісілуге тиісті мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен дайындалған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын жағдайларда мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі.
      4. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше белгілемесе, оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертпелері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген органға хабарлауға тиіс.
      Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасының Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының келісу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзге, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға тиіс, негізделген және түбегейлі болуға, жазбаша нысанда берілуге тиіс.
      5. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуші орган алынған ескертпелер бойынша нормативтік құқықтық актінің жобасын пысықтайды, ал жұмыс тобы қабылданған және қабылданбаған ескертпелер туралы, ескертпелердің қабылданбау себептері туралы анықтама жазады. Бұл анықтама жұмыс тобын құрған мемлекеттік органға нормативтік құқықтық актінің жобасымен бірге беріледі.
      6. Жұмыс тобын құрған мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізе алады, бұлар жұмыс тобында талқылануға тиіс немесе нормативтік құқықтық актінің жобасын жұмыс тобына пысықтауға қайтарады.
      7. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеудің, келісудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      21-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң деректемелері

      Нормативтiк құқықтық актiлердiң мынадай деректемелері болуға тиiс:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы;
      2) актiнiң нысанын көрсету: Қазақстан Республикасының конституциялық заңы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлығы; Қазақстан Республикасының кодексi; Қазақстан Республикасының заңы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлығы; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы; министрдiң бұйрығы; орталық мемлекеттiк орган басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттiк органның қаулысы; мәслихаттың шешiмi; әкiмдiктiң қаулысы; әкiмнiң шешiмi; тексеру комиссияларының қаулылары; осы Заңда көзделген нормативтiк құқықтық актiнiң өзге де нысаны;
      3) осы нормативтiк құқықтық актiнiң реттеу нысанасын бiлдiретiн тақырып;
      4) нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған жерi мен жылы, күнi, айы;
      5) нормативтiк құқықтық актiнiң тiркеу нөмiрi;
      6) нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;
      7) Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген нормативтiк құқықтық актiнiң мемлекеттiк тiркелген күнi мен нөмiрiн көрсету;
      8) елтаңбалы мөр.

      22-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы

      1. Нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi құрылымдық элементтері құқық нормаларын қамтитын абзац, бөлiк, тармақша, тармақ және бап болып табылады.
      Нормативтiк құқықтық акт бабының, тармағы мен тармақшасының iшiнде бөлiк – құқықтың қисынды аяқталған, бас әрiптен басталатын азат жол арқылы бөлiнiп көрсетiлген бөлек нормасы болуы мүмкiн.
      Мәтiннiң мағыналық жағынан тұтас, бiрiншi жолда азат жол арқылы бөлiнiп көрсетiлетiн және кiшi әрiппен басталатын бөлiгi, бөлiктiң бас әрiппен басталатын бiрiншi абзацын қоспағанда, абзац деп саналады. Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелi үтiрмен аяқталады.
      Заңнамалық актiлер, әдетте, «бап» деген атауы бар баптардан тұрады, олар бөлiктi, тармақты, тармақшаны және абзацты қамтуы мүмкiн.
      Өзге де нормативтiк құқықтық актiлер олардың атауы «тармақ» деген сөзбен жазылмайтын тармақтардан тұрады, олар тармақшаларды, бөлiктердi, абзацтарды қамтуы мүмкiн.
      2. Көлемi ауқымды нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тарау – бөлiмдерге, ал бөлiмдер нормативтiк құқықтық актiнiң бөлiктерiне бiрiктiрiлуi мүмкiн. Көлем жағынан үлкен тараулар мен бөлiмдерде тиiсiнше параграфтар және кiшi бөлiмдер бөлiнiп көрсетiлуi мүмкiн.
      Нормативтiк құқықтық актiлердегi тарау, параграф, бөлім, кiшi бөлiм тиiсiнше «тарау», «параграф», «бөлім», «кiшi бөлiм» деген сөздермен белгiленедi.
      3. Кодекс, әдетте, «бөлiк» деген сөзбен аталмайтын бөлiктерге бөлiнетiн баптардан тұрады, олар араб цифрларымен нөмiрленедi.
      4. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тармағы, бабы, параграфы, тарауы, кiшi бөлiмi және бөлiмi араб цифрларымен нөмiрленедi. Нормативтiк құқықтық акт баптарының, тарауларының, бөлiмдерiнің және бөлiктерiнің нөмiрленуі тұтастай болып табылады. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауындағы параграфтар және әрбiр бөлiмдегi кiшi бөлiмдер дербес нөмiрленедi.
      5. Тармақтардағы тармақшалар және баптардағы тармақтар тиiсiнше дербес нөмiрленедi. Тармақтардағы тармақшалардың нөмiрленуi араб цифрларымен жақша арқылы мынадай түрде белгiленедi: 1), 2), 3) және одан әрi қарай.
      6. Заңды қабылдаудың мақсаттарын және оның алдында тұрған негiзгi мiндеттердi түсiндiру қажет болған жағдайларда құқық нормаларын жазудың алдынан кiрiспе бөлiк (кiрiспе) берiледi.
      Кiрiспе бөлiк (кiрiспе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларында жазылмайды.
      7. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болған жағдайда, онда олардың мәнiн түсiндiретiн бап (тармақ) берiледi. Қазақ тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылады. Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретпен сәйкес келуге тиiс.
      Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар бiртектес қоғамдық қатынастарды реттейтiн жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.
      8. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементі тиiстi нұсқауларды нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде құқық нормасының мағынасына нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған кезде ескертпемен толықтырылуы мүмкiн.
      9. Пайдалануға ыңғайлы болуы үшiн нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр бабының, тарауының, бөлiмiнің, бөлiгiнің, сондай-ақ тарау параграфының және бөлiмнiң кiшi бөлiмiнiң тақырыптары болуға тиiс.
      Бұл талап заңнамалық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заңнамалық актiлердiң баптарына қолданылмайды.
      Нормативтiк құқықтық акт бөлiктерiнiң, бөлiмдерiнiң, кiшi бөлiмдерiнiң, тарауларының және параграфтарының тақырыптары алдыңғы мәтiннен – екi, ал келесi мәтiннен бiр жоларалық интервалмен бөлiнедi.
      Нормативтік құқықтық актінің, сондай-ақ оның бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының тақырыбы нормативтік құқықтық актінің өзінің, сондай-ақ тиісті бабының, тарауының бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының реттеу нысанасын көрсетуге тиіс.
      10. Кодекстiң құрылымына мазмұн кiредi. Баптың тақырыбына өзгеріс енгізген кезде мазмұнға тиісті өзгерістер енгізу қажет.
      11. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымына қосымшалар енгiзiлуi мүмкiн.

      23-бап. Нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң мазмұны
               мен жазылу стилiне қойылатын талаптар

      1. Мемлекеттiк органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретi, функциялары мен мiндеттерi нормативтiк құқықтық актiлерде Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк рәсiмдер туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк басқару деңгейi бойынша аражiгi айқын ажыратылып белгiленуге тиiс.
      Мемлекеттiк органдардың типтiк функцияларын айқындау жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
      2. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi бiрыңғай қарiппен басылуға тиiс.
      3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларативтiк сипаттағы ережелер қамтылмауға тиiс.
      Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементінде жазылған құқық нормасы дәл осы актiнiң басқа құрылымдық элементтерiнде қайталап жазылмайды.
      Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс.
      4. Заңнамалық актіде оның мәтінінде пайдаланылатын құқықтық реттеудің негізгі қағидаттары, негізгі ұғымдар, заңнамалық акт күшіне енгізілігеннен кейінгі өзге де нормативтік құқытық актілерді қолданудың тәртібі мен шарттары белгіленуі мүмкін.
      Заңнамалық актінің өтпелі ережелерінде ол қолданысқа енгізілгенге дейін қатынастарды реттеу тәртібі көрініс табады, құқықтың жаңа нормаларына өтудің мерзімдері мен тәсілдері белгіленеді.
      Заңнамалық актінің қорытынды ережелерінде осы актіні қолданысқа енгізу туралы, күші жойылды деп тану туралы, бұрын шығарылған актінің күшін жою туралы нормалар бекітіледі. Осы актіні орындау және дамыту мақсатында, қажет болған жағдайда басқа да мемлекеттік органдардың актілерді шығаруы туралы талаптар белгіленеді.
      Осы тармақта белгіленген талаптар Парламенттің және оның Палаталарының қаулыларына қолданылмайды.
      5. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдарға не, қажет болған жағдайда олардың басшыларының атына жолдануға тиіс.
      Тапсырма беруші тұлғаға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Осы соңғы келісілген жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деген белгі көрсетіледі.
      6. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде Қазақстан Республикасы және Қазақстан атаулары тең мағынада болады.
      Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылуға тиіс.
      Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
      7. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін ерекшелеп және астын сызып көрсетуге жол берілмейді.

      24-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде сiлтеме
               жасау және қайта жаңғырту

      1. Қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актілерде жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтеріне сілтемелер жасалуы, сондай-ақ осындай актілерге сілтеме жасала отырып, жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерден жекелеген құқық нормалары қайта жаңғыртылуы мүмкін.
      2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінде оның басқа құрылымдық элементтеріне сілтемелер жасауға құқық нормаларының өзара байланысын көрсету не қайталауды болғызбау қажет болатын жағдайларда ғана жол беріледі.
      3. Мәтін жолдарына және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
      4. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құрылымдық элементке сілтеме оның рет нөмірін жазумен немесе цифрлармен (оларды белгілеу үшін сын есімдерді пайдалануға жол берілмейді) көрсету арқылы келтіріледі.
      5. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде келесі кезектілігімен осы нормативтік құқықтық актінің нысаны, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және оның тақырыбы көрсетіледі.
      Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
      Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын қоспағанда, олардың тіркелген нөмірлерін көрсету талап етілмейді.
      6. Егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінде бір нормативтік құқықтық актіге екі және одан артық сілтемелер қатарынан келтірілсе, онда осы нормативтік құқықтық актінің толық тақырыбы оған кейіннен сілтеме жасала отырып, бір рет (мәтінде бірінші аталған кезде) көрсетіледі.
      7. Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтемелер болса, онда нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болатын жағдайды қоспағанда, нормативтік құқықтық актінің мәтінінде олардың аталу ретімен берілетін қосымшалардың нөмірлері көрсетіледі.

      25-бап. Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және
               (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік
                құқықтық актілерді ресімдеу

      1. Заңдарды қоспағанда, нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің нысанына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және тақырыбына сілтеме қамтылуға тиіс.
      Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте «өзгерістер» немесе «өзгеріс» деген сөз көрсетіледі.
      2. Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, сондай-ақ жақша ішінде – олардың алғашқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында тиісті заңнамалық актінің жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не, егер заңнамалық акт көрсетілген жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзі көрсетіледі.
      Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, тіркеу нөмірі, сондай-ақ, жақша ішінде – «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» жинағында олардың алғашқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не, егер нормативтік құқықтық акт ресми жариялануға жатқызылған болса, осы Заңға сәйкес бірінші ресми жарияланған жылы, күні, айы және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
      Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
      3. Өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актімен қабылданған, бірақ қолданысқа енгізілмеген құқық нормасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы өзгерістер мен толықтырулар нормативтік құқықтық актіге енгізіледі.
      4. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
      Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
      5. Сол бір нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер және (немесе) толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық ретпен орналастырылады.
      Сол бір күннің шегінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер олардың тіркеу нөмірлеріне немесе ресми жарияланым дереккөздеріндегі құжаттардың нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.
      6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезінде ондай құрылымдық элемент жаңа редакцияда жазылады.
      Осы тармақтың талаптары заң жобаларына және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына қатысты қолданылмауы мүмкін.
      7. Жаңа құрылымдық элементтер, сондай-ақ қосымшалар нормативтік құқықтық актінің мәтініне дәл сондай соңғы құрылымдық элементтен кейінгі реттік нөмірлерімен немесе дәл сондай құрылымдық элементтер арасына нормативтік құқықтық актінің соңынан келетін сол құрылымдық элементтерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен енгізіледі, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.
      Егер нормативтік құқықтық акт қосымшамен толықтырылса, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық актіні қосымшамен немесе нормативтік құқықтық актінің туынды түрімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) енгізіледі.
      8. Құпиялылық белгісі немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін», «Баспасөзде жарияланбайды», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер тізбеге олардың тақырыбы көрсетілместен енгізіледі.
      9. Нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген ретте, оның жаңа редакциясы қабылданады.
      Заң жобаларын жаңа редакцияда ресімдеу кезінде көлемді айқындау бірлігі бап болып табылады.
      Өзге нормативтік құқықтық актіні жаңа редакцияда ресімдеу кезінде көлемді айқындау бірлігі тармақ болып табылады. Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заңдардың жобаларын қарау кезінде қолданылмайды.

      26-бап. Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды
               деп тану туралы нормативтік құқықтық актілерді
               ресімдеу

      1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты нормативтік құқықтық актілер немесе олардың құрылымдық элементтері, егер олар жаңа нормативтік құқықтық актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе оларда қамтылса, күші жойылды деп тануға жатады.
      2. Жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде, оны іске асыру үшін қабылданған төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға жатады.
      Бұл талап жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің жекелеген құқық нормаларын іске асыру үшін төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілер қабылданып, одан сол құқық нормалары алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
      Күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.
      3. Заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, сондай-ақ жақшаның ішінде – олардың бастапқы бірінші жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында тиісті заңнамалық актінің жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер заңнамалық акт көрсетілген жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзі көрсетіледі.
      Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, тіркеу нөмірі, сондай-ақ, жақша ішінде – «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» жинағында олардың алғашқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не, егер нормативтік құқықтық акт ресми жариялануға жатқызылған болса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланған жылы, күні, ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
      Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
      4. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық элементтерінің тізбесі, не нормативтік құқықтық актінің өзінде немесе оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.
      5. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
      6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде ондай элементтер алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірге нормативтік құқықтық актінің (немесе оның құрылымдық элементінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актіге сілтеме қосылады. Сақталған құрылымдық элементтердің нөмірленуі өзгермейді.
      7. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша үлкен бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге өзінің заңдық күшін сақтайтын құрылымдық элементтер туралы ескертіліп, бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
      Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша кіші бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін не онда қамтылатын құрылымдық элементтер ғана енгізіледі.
      Бұл жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі осы Заңның 25-бабының 9-тармағына сәйкес айқындалады.
      8. Басқа нормативтік құқықтық актілердің құқық нормаларын қайталайтын және жаңа құқық нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілер де күші жойылды деп танылуға жатады.
      9. Негізгі нормативтік құқықтық акті де, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген нормативтік құқықтық актілер (немесе олардың құрылымдық элементтері) де күші жойылды деп танылуға жатады. Күші жойылды деп танылуға жататын қандай да бір нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің редакциясы бірнеше мәрте өзгерген жағдайда, тізбеге негізгі нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген барлық нормативтік құқықтық актілер дербес тармақтар түрінде енгізіледі.
      Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
      10. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану көзделген басқа нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылса, бұрын қабылданған актілердің қолданысы қайта жаңғыртылмайды.
      11. Күшіне енбеген нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға болмайды. Қажет болған кезде мұндай нормативтік құқықтық актілер қабылданбауы мүмкін.
      12. Қолданылу мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтері күші жойылды деп танылуға жатпайды.
      Егер нормативтік құқықтық актіде қолданылу мерзімі өткен құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп танылуға жататын құқық нормалары қамтылса, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
      13. Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде күші жойылды деп танылуға жататын қосымша көрсетілсе, онда тізбеге осы құрылымдық элемент қана енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
      Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде қосымшаны бекітумен қатар өз күшін сақтайтын құқық нормасы қамтылса, ал қосымша күші жойылды деп танылуға жатса, онда тармақ тізбеге қосымшаға қатысты бөлігінде енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
      14. Егер нормативтік құқықтық актінің жекелеген құрылымдық элементтерінің күші толығымен, ал басқа құрылымдық элементтерінің күші ішінара жойылуға жатады деп танылса, онда ең алдымен толығымен күші жойылды деп танылуға жататын құрылымдық элементтер көрсетіледі.

      27-бап. Нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды
               ресімдеу

      1. Қосымшалар нормативтік құқықтық актінің ажырамас бөлігі болып табылады.
      2. Нормативтік құқықтық актіге берілетін графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да қосымша құжаттар қажет болған жағдайда бөлек қосымшалармен ресімделеді.
      3. Қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында қосымшаның бекітілуіне негіз болған нормативтік құқықтық акт, актінің қабылданған күні, айы, жылы және оның тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
      4. Егер нормативтік құқықтық актіге бірнеше қосымша болған жағдайда, әрбір қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оның рет нөмірі, сондай-ақ қосымшаның бекітілуіне негіз болған нормативтік құқықтық актінің түрі, актінің қабылданған күні, айы, жылы және оның тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер нормативтік құқықтық актіге қосымша біреу болса, онда ол нөмірленбейді.
      5. Құпиялылық белгісі немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін», «Баспасөзде жарияланбайды», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу осы бапқа және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      28-бап. Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
               Мәжiлiсiне енгiзу және оны қарау және кері
               қайтарып алу

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамашылығы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі және ол тек Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiнде ғана iске асырылады. Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсіне қазақ және орыс тiлдерінде, қағаз және электрондық жеткiзгіштер арқылы енгiзiледi.
      2. Заң жобасы бойынша ұсынылатын материалдарда мынадай қосымшалар болуға тиiс:
      1) жобаны қабылдаудың қажеттігі негізделген, мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері кеңінен сипатталған түсіндірме жазба, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобалары үшін – арнайы жолдау;
      2) жұмыс тобы құрылған жағдайда оның құрамы;
      3) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізілетін заң жобалары келісу рәсімінен өтпеген жағдайларды, сондай-ақ заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізілетін жағдайларды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы;
      4) осы Заңның 29-бабына сәйкес ғылыми сараптаманың қорытындысы және бар болған жағдайда өзге де сараптамалық қорытындылар, оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қорытындылары;
      5) Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын қоспағанда, егер заң жобасы мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, қаржы-экономикалық есептер, сондай-ақ, әдетте, статистикалық деректер, заңнамалық актiнi қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтiк, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары;
      Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заң жобасына заңнамалық актінің құрылымдық элементтерінің қолданыстағы және енгізілетін өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың тиісті негіздемесі бар ұсынылып отырған редакциясының салыстырма кестесі табыс етіледі.
      3. Мемлекеттік кірістердің қысқаруын немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюын көздейтін заң жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін.
      Республика Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілетін заң жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді
      4. Заң жобаларын қарау барысында Парламент енгізген тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар (олардың мазмұнын айтарлықтай өзгертетін) заң жобасын ұсынған заң шығару бастамашылығы субъектісімен келісіледі.
      5. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі өздері заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізген заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінен оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы.

6-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына ғылыми сараптама

      29-бап. Ғылыми сараптаманың міндеттері

      1. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша осы актілерде реттелетін құқықтық қатынастарға карай осы ғылыми (сыбайлас жемқорлыққа қарсы, құқықтық, лингвистикалық, экологиялық, экономикалық және басқа да) сараптама жүргізілуі мүмкін.
      Заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізіліп, ғылыми сараптама жүргізілмеуге болатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша оларда реттелетін құқықтық қатынастарға қарай ғылыми сараптама, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілуге міндетті.
      2. Ғылыми сараптама:
      1) жобаның сапасын, негізділігін, уақытылығын, құқыққа сыйымдылығын, жобада Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адам және азамат құқықтарының сақталуын бағалау;
      2) нормативтік құқықтық актінің ықтимал тиімділігін айқындау;
      3) жобаның нормативтік құқықтық акт ретінде қабылдануының ықтимал теріс салдарларын анықтау үшін жүргізіледі.
      3. Мынадай нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті тәртіпте:
      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулылары;
      2) Қазақстан Республикасының министрлерi мен орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасының республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің және өзге орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары;
      3) мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерiнің, әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулыларының, әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерiнің, ревизиялық комиссияның нормативтік құқықтық қаулылары жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілуге тиіс.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулыларының жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргiзiлмейдi.
      4. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың негізгі міндеттері:
      1) құқықтық реттеудiң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететiн нормалары мен олқылықтарын анықтау;
      2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың ықтималдығы бөлiгiнде нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын қабылдаудың салдарын бағалау;
      3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға кедергі болатын нормативтік құқықтық актілер жобаларының нормаларын ұсынымдар түрінде әзірлеу болып табылады.
      5. Қабылдау салдары экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндiруi мүмкiн заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиiс.
      6. Ғылыми сараптаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      30-бап. Сараптаманы жүзеге асыратын адамдар мен ұйымдар

      1. Нормативтiк құқықтық актiлер жобаларының ғылыми сараптамасын тиiстi бейiндегі ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары, қаралатын жобаның мазмұнына қарай ғалымдар мен мамандар арасынан тартылатын сарапшылар жүргiзедi. Сараптама жүргiзу бiр немесе бiрнеше сарапшыға (сарапшылық комиссияға) тапсырылуы мүмкiн.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары әзірлеген және Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізуге жататын заң жобалары бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығы бөлігінде ғылыми лингвистикалық сараптаманы уәкілетті ұйым жүргізеді.
      3. Жоба бойынша мамандықтары әртүрлi сарапшылардың кешендi сараптамасы немесе әр түрлi сараптаманың дербес түрлерi, ал қажет болған кезде - қайталама сараптама жүргiзiлуi мүмкiн.
      4. Жобаны дайындауға тiкелей қатыспаған ұйымдар мен адамдар сарапшылар ретiнде тартылады.
      5. Сарапшылар ретiнде басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан мамандар тартылуы мүмкiн.
      Жоба ғылыми сараптама жасау үшін шетелдік және халықаралық ұйымдарға жіберілуі мүмкін.

      31-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын
               сараптамаға жiберу кезiндегi бастамашылық

      1. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына сараптама жүргiзу туралы шешiмдi:
      1) жобаны заң шығару бастамашылығы тәртібімен Мәжіліске енгізетін Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      2) уәкілетті орган;
      3) уәкiлеттi органның лауазымды адамдары немесе құрылымдық бөлiмшелері, егер уәкiлеттi органның регламентiнде немесе өзге де заңнамада осы адамдарға және құрылымдық бөлiмшелерге мұндай құқық берiлген болса, қабылдауы мүмкiн.
      2. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы шарттық негiзде дайындалатын жағдайларда жоба сараптамасы жобаға тапсырыс берушiнiң шешiмi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.

      32-бап. Нормативтік құқықтық актілердің ғылыми
               лингвистикалық сараптамасы

      1. Ғылыми лингвистикалық сараптама заңнамалық актілер жобалары бойынша жүргізіледі.
      2. Ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізудің тәртібін және мерзімін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

7-тарау. Нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау тәртiбi

      33-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбiн
               айқындау

      1. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Заңда айқындалады.
      2. Нормативтiк құқықтық актiлердiң әр алуан түрлерiн қабылдау тәртiбiнiң ерекшелiктерi сонымен қатар:
      1) кодекстер үшін - осы Заңда айқындалады.
      Кодекстер, оларға өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бөлек отырыстарында рет-ретімен қарау арқылы кемінде екі оқылымда қабылданады;
      2) шоғырландырылған заңдар және заңдар үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Парламентi туралы, Қазақстан Республикасының Президентi туралы, референдум туралы заңнамалық актiлерде, өзге де заңнамалық актiлерде, оның iшiнде Парламенттің және оның палаталарының регламенттерiнде;
      3) Парламенттің және оның палаталарының нормативтiк қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Парламентi туралы заңнамалық актiлерде;
      4) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Президентi туралы заңнамалық актiде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң осы тәртiптi реттейтiн актiлерiнде;
      5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциясында, Үкiмет туралы заңнамалық актiде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiнде;
      6) орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Үкiметi құрамына кiретiндерiнiң де, кiрмейтiндерiнiң де, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің нормативтiк құқықтық актiлерi үшiн - Үкiмет пен осы органдар туралы заңнамалық актiлерде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарында, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң осы органдардың қызметiн реттейтiн қаулыларында;
      7) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң нормативтiк қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы заңнамалық актiлерде;
      8) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары үшiн - Қазақстан Республикасының соттары туралы заңнамада;
      9) Орталық сайлау комиссиясының (Референдум өткiзу жөнiндегi комиссияның) нормативтiк қаулылары үшiн - сайлау және республикалық референдум туралы заңнамалық актiлерде;
      10) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың және тексеру комиссияларының нормативтiк шешiмдерi үшiн - осы органдар туралы заңнамалық актiлерде, өзге де заңнамалық актiлерде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiнде айқындалады.
      3. Уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау жөнiндегi құзыретi Қазақстан Республикасының заңнамасында тiкелей көзделген жағдайларда ғана уәкiлеттi органның осы актiнi қабылдауына жол берiледi.

      34-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға
               уәкiлетті адамдар

      1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiне мына лауазымды адамдар:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, конституциялық заңдарына, кодекстерiне, шоғырландырылған заңдарына, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарына, оның iшiнде конституциялық заң күшi бар жарлықтарға немесе заңға - Қазақстан Республикасының Президентi;
      2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулыларына - Мәжiлiстiң төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжілісінің қаулыларына – Мәжіліс төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулыларына – Сенат төрағасы;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi;
      4) мәслихаттың шешiмдерiне – мәслихат сессиясының төрағасы және мәслихат хатшысы;
      5) әкімдіктің қаулыларына, әкімнің шешімдеріне - әкім;
      6) өзге де нормативтiк құқықтық актiге - оны қабылдаған (шығарған) органның басшысы қол қояды.
      2. Негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық акт арқылы нормативтiк құқықтық актiнiң туынды түрiн қабылдау кезінде уәкiлетті адам негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiге ғана қол қояды.

      35-бап. Қабылданған нормативтік құқықтық актілерге
               қатысты құқықтық мирасқорлық

      Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілген мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда, құқықтық мирасқорға өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығымен бірге нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктер ауысады.

8-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердi жариялау

      36-бап. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялаудың
               міндеттілігі

      1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Хабаршысы» ресми басылымдар болып табылады.
      2. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен конкурстық негізде осындай құқық алған мерзімді баспа басылымдарында да жүзеге асырылады.
      Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде де электрондық түрде жүзеге асырылады.
      Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) тармақшасында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қатысты ресми жариялау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурста жүзеге асырылады.
      3. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау олар күшіне енгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде казақ және орыс тілдеріндебір мезгілде жүзеге асырылуға тиіс.
      4. Нормативтік құқықтық актілердің мәтiндерiн кейiннен ресми жариялауды баспа басылымдары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және олар жариялайтын мәтіндер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне сәйкестігіне сараптамадан өткізілген жағдайда жүзеге асырады.
      Нормативтiк құқықтық актiлер мәтiндерiнiң кейiннен ресми жариялануының белгiленген тәртiбiнiң сақталуын бақылауды әдiлет органдары жүзеге асырады.
      Нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін кейіннен ресми жариялауды жүзеге асыру құқығын беру тәртібі осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген, нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін кейіннен ресми жариялау қажеттігі туралы шешімді дербес қабылдайтын ресми басылымдарға қолданылмайды.
      5. Құқық қолдану практикасында нормативтік құқықтық актілердің ресми жарияланымдары пайдаланылуға тиіс.
      6. Нормативтік құқықтық актілердің бейресми жариялануына олар ресми жарияланғаннан кейін ғана жол беріледі.

      37-бап. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге
               де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік
               құқықтық актілерін ресми жариялау

      1. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау осы Заңның
36-бабында айқындалатын тәртіппен, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурста қол қойылған түпнұсқаларға толық сәйкес келетін графикалық пішімде және/ немесе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жүзеге асырылады.
      2. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актілердің көшірмелері елтаңбалы мөрмен куәландырылған, электрондық құжат және қағаз жеткізгіш нысанында, оларды Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізіліміне енгізгеннен кейін, оларды осындай тіркеуге ұсынған органдар күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялауға жібереді.
      3. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде де электрондық түрде жүзеге асырылады.

      38-бап. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін,
               әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын,
               тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық
               қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық
               шешімдерін ресми жариялау

      1. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын,тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау осы Заңның 40-бабында айқындалған тәртіппен, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурста қол қойылған түпнұсқаларға толық сәйкес келетін графикалық пішімде және/ немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жүзеге асырылады.
      2. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актілердің көшірмелері елтаңбалы мөрмен куәландырылған, электрондық құжат және қағаз жеткізгіш нысанында, оларды Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізіліміне енгізгеннен кейін, оларды осындай тіркеуге ұсынған органдар күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялауға жібереді.
      3. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын,тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде де электрондық түрде жүзеге асырылады.

      39-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұнын толық
               жарияламауға жол бермеу

      Мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұнын ресми түрде толық жарияламауға жол берілмейдi.
      Егер нормативтiк құқықтық актiнiң едәуiр көлемдi болуына байланысты оның мәтiнi мерзiмдi баспасөз басылымының бiрнеше нөмiрiнде жарияланса, онда қазақ және орыс тiлдерiндегі нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң қорытынды бөлiгi жарияланған күн ресми жарияланған күн болып есептеледi.

      40-бап. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік
               органдардың, сондай-ақ мәслихаттардың,
               әкімдіктердің, тексеру комиссияларының және
               әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің ресми
               жариялануын бақылау

      Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ мәслихаттардың, әкімдіктердің, тексеру комиссияларының және әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің ресми жариялануын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.

9-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердiң уақыт, кеңiстiк
жағынан және тұлғалар шеңбері бойынша қолданылуы

      41-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi күшiне енгiзу және
               қолданысқа енгізу уақыты

      1. Осы тармақтың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлер оларға қол қойылғаннан кейiн күшiне енедi.
      Осы Заңның 43-бабына сәйкес әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге тиiс нормативтiк құқықтық актiлер мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
      2. Нормативтiк құқықтық актiлер мынадай мерзiмдерде:
      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерi, Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның палаталарының қаулыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары, егер актiнiң өзiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе - олар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң;
      2) Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның палаталарының қаулылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары, егер актiлердiң өзiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе - алғашқы ресми жарияланған күннен бастап;
      3) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң қаулылары - оларды қабылдаған күннен бастап;
      4) Қазақстан Республикасының министрлерi мен орталық мемлекеттiк органдарының өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары, мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерi, әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулылары, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары және әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерi, егер актiлердiң өзiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе - олар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      3. Нормативтiк құқықтық актiлерде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде нормативтiк құқықтық актiлердiң жекелеген бөлiмдерiн, тарауларын, баптарын, бөлiктерiн, тармақтарын, тармақшаларын және баптарының абзацтарын қолданысқа енгiзудiң тұтас алғанда бүкiл акт үшiн белгiленгеннен өзге мерзiмдерi көрсетiлуi мүмкiн.
      4. Бұрын жауапкершiлiкке әкеп соқпаған iс-әрекеттер үшiн заңдық жауапкершiлiк көзделетiн не бұрынғымен салыстырғанда неғұрлым қатаң жауапкершiлiк белгіленетiн нормативтiк құқықтық актiнi, бұл акт ресми жарияланғаннан кейiн он күн мерзiм өткенге дейiн қолданысқа енгiзуге болмайды.
      5. Қызметтің жекелеген түрлеріне (кіші түрлеріне) қойылатын бiлiктiлiк талаптарын және бiлiктiлiк талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін, сондай-ақ экспорты мен импорты лицензиялануға жататын жекелеген тауарлар тiзбелерiн бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлер осы актiлер ресми жарияланғанынан кейiн жиырма бiр күн мерзiм өткенге дейiн қолданысқа енгiзiлмейді.
      6. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау оларды қолданысқа енгiзудiң мiндеттi шарты болып табылады.
      7. Республиканың мемлекеттiк құпияларын немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қамтитын нормативтiк құқықтық актiлер олардың қабылданған күнiнен бастап немесе актiнiң өзiнде көрсетiлген мерзiмдерде қолданысқа енгiзiледi.
      8. Барлық нормативтік құқықтық актілерде осы баптың нормалары ескеріле отырып, оларды қолданысқа енгізу мерзімі көрсетілуге тиіс.

      42-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң керi күшi

      1. Нормативтiк құқықтық актiнiң күшi оны қолданысқа енгiзгенге дейiн пайда болған қатынастарға қолданылмайды.
      2. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi бұрын көзделген құқық бұзушылық үшiн жауапкершiлiктi жоятын немесе жұмсартатын, азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жағдайлар осы баптың 1-тармағының қағидаларына кiрмейдi.
      3. Жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын нормативтiк құқықтық актiлердiң керi күшi болмайды.

      43-бап. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк
               органдардың, сондай-ақ мәслихаттардың,
               әкімдіктердің және әкімдердің нормативтiк
               құқықтық актiлерiн олардың күшiне енуінің шарты
               ретiнде мемлекеттiк тiркеу

      1. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) тармақшасында көрсетілген нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге жатады. Мұндай тiркелу олардың күшiне енуінің қажеттi шарты болып табылады.
      Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу мыналарды қамтиды: әділет органдарының актіде құқық нормасының болуы нысанасына заң сараптамасын жүргізу және оны мемлекеттік тіркеудің қажеттігі туралы шешім қабылдау, нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін айқындау және оған мемлекеттік тіркеу нөмірі беріле отырып, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізу.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптары:
      1) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінiң және Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулыларына;
      2) мемлекеттік органның және оның құрылымдық бөлімшелерінің ішкі қызметін реттейтін және оларды қабылдаған органмен (лауазымды тұлғамен) еңбек, әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық қатынастарда тұратын адамдарға ғана қолданылатын нормативтік құқықтық актілерге;
      3) уәкілетті органдардың басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының тәртібін реттейтін және үшінші тұлғаларға қолданылмайтын нормативтік құқықтық актілерге;
      4) мемлекеттік органның мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерге;
      5) қызмет этикасының қағидаларына;
      6) мемлекеттік лауазымды иеленуге үміткерлерге (кандидаттарға) қойылатын біліктілік талаптарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілерге;
      7) мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтiк құқықтық актiлерге қолданылмайды.
      3. Егер мұндай акт:
      1) азаматтардың заңда белгiленген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірсе;
      2) заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзса;
      3) жоғары деңгейде тұрған нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келсе;
      4) нормативтiк құқықтық актiнi шығарған орган құзыретiнің шегiнен тыс болса;
      5) мүдделі органдармен келiсiлмесе;
      6) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері ұсынған сараптамалық қорытындылар түріндегі қосымшалары болмаса;
      7) мемлекеттік тіркеу қағидаларын, сондай-ақ мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу мен келісу қағидаларын бұза отырып қабылданса, әділет органдары нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттік тіркеуден бас тартады.
      Мүдделi мемлекеттiк орган мемлекеттiк тiркелуге жататын нормативтiк құқықтық актiнi тiркеуден бас тартылуына сот тәртiбiмен шағым жасай алады.
      4. Мемлекеттiк тiркелуге жататын, заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген нормативтiк құқықтық актiлерден оларды шығарған орган бас тартуға тиіс.
      5. Нормативтiк құқықтық актiлердi ресімдеу және келісу қағидаларын және оның күшін жоюды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекітедi.

      44-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылу мерзiмi

      1. Егер актiнiң өзiнде немесе оны қолданысқа енгiзу туралы актiде өзгеше көзделмесе, нормативтiк құқықтық акт мерзiмсiз қолданылады.
      2. Бүкiл нормативтiк құқықтық акт немесе оның жекелеген бөлiгi (жекелеген бөлiктерi) үшiн уақытша қолданылу мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Бұл жағдайда нормативтiк құқықтық акт немесе оның бөлiгi қандай мерзiмде қолданысын сақтайтыны көрсетiлуге тиiс. Актiнi шығарған орган бұл мерзiм өткенге дейiн актiнiң қолданылуын жаңа мерзiмге ұзарта алады немесе оған мерзiмсiз сипат бере алады.

      45-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылуын
               тоқтата тұру және тоқтату

      1. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуы белгiлi бiр мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн. Нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру жеке нормативтік құқықтық актімен жүзеге асырылады.
      2. Нормативтiк құқықтық акт (оның бөлiгi немесе бөлiктерi) мынадай жағдайларда:
      1) акт немесе оның бөлiгi (бөлiктерi) қабылданған мерзiм өткенде;
      2) бұрын шығарылған нормативтiк құқықтық актiнiң, оның бөлiктерiнiң (бөлiгiнiң) ережелерi қайшы келетiн немесе бұрын шығарылған актiнi немесе оның бөлiгiн (бөлiктерiн) қамтитын жаңа нормативтiк құқықтық акт қабылдағанда;
      3) қабылданған акт Қазақстан Республикасының Конституциясында белгiленген тәртiппен конституциялық емес деп танылғанда;
      4) осы актiнi қабылдаған орган немесе оны қабылдауға уәкiлеттік берiлген өзге де орган актiнiң немесе оның бөлiгiнiң (бөлiктерiнiң) күшi жойылды деп танығанда өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
      3. Басқа нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық актіні жариялау осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      46-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң кеңiстiк жағынан
               қолданылуы

      1. Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, орталық атқарушы және өзге де орталық уәкiлеттi органдар қабылдаған Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнің қолданылу күші, егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.
      2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, тексеру комиссиялары қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлер тиiстi әкімшілік-аумақтық бірлікте қолданылады.

      47-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тұлғалар бойынша
               қолданылуы

      1. Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнің күші заңнамалық актiлерiнде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына, сондай-ақ оның аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, шет мемлекеттердің заңды тұлғаларына, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қолданылады.
      2. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкiлдерi мен мемлекеттiк органдарының басқа да кейбiр қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi халықаралық шарттарда және халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларында (дипломатиялық иммунитет) көзделген шектерде қолданылады.

      48-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығын
               қамтамасыз ету шаралары

      1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығы мынадай:
      1) нормативтiк құқықтық актiнi Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актілеріне сәйкес келтiру;
      2) нормативтiк құқықтық актiнiң қолданысын белгiленген тәртiппен тоқтата тұру;
      3) нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық мониторингiн жүргiзу;
      4) нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу кезiнде олардың Қазақстан Республикасы Конституциясына және заңнамалық актілеріне сәйкестiгiн тексеру шараларымен қамтамасыз етiледi.
      2. Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа да заңнамалық актiлерде белгiленген құзыретке сәйкес мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi;
      2) соттар;
      3) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар;
      4) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi және оның аумақтық органдары;
      5) төмен тұрған органдар қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлерге қатысты – уәкілетті органдар;
      6) өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiсі болып табылған заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлерге қатысты - заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдаған және (немесе) олардың әзiрлеушiлері болып табылатын уәкiлетті органдар мемлекеттің нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығын қамтамасыз ететiн органдары мен лауазымды тұлғалары болып табылады.
      3. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актіде әділет органдары осы Заңның 43-бабының 3-тармағының 1-4) тармақшасында көзделген бұзушылықтарды анықтаған кезде әділет органдары тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органды бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы хабардар етеді.
      Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестікке келтіру бойынша шараларды қабылдамаған жағдайда, әділет органдары осындай нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы қорытынды шығарады және сотқа жүгінеді.
      4. Мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы ақпарат ресми жарияланым көздерінде жариялануға жатады.
      Мемлекеттік тіркелуінің күші жойылған нормативтік құқықтық акт қолданылуға жатпайды.
      Уәкілетті орган нормативтік құқықтық актінің мемлекеттік тіркелуінің күшінің жойылуына сот тәртібімен шағымдана алады.

10-тарау. Мониторинг

      49-бап. Құқықтық мониторинг

      1. Құқықтық мониторинг заңнаманың тиімділігін бағалау мен болжау, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында жүргізіледі.
      2. Уәкiлеттi органдар өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған нормативтiк құқықтық актiлердiң мониторингiн жүзеге асырады және оларға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе олардың күшi жойылды деп тану жөнiндегi шараларды уақытылы қабылдайды.
      3. Құқықтық мониторинг жүргізу кезінде уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қоғамдық және ғылыми ұйымдарды, азаматтарды тартуға құқылы.
      4. Құқықтық мониторинг жүргiзу қағидаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.

      50-бап. Нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторинг

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторинг жүргізеді.

11-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердi жүйелеу
және есепке алу

      51-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi жүйелеу

      1. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайтын уәкiлеттi органдар осы актiлердi есепке алуды және жүйелеуді жүргiзедi, өздерi қабылдаған актiлердiң ағымдағы өзгерiстер мен толықтырулардың барлығы уақытылы енгiзілетін бақылау даналарын жүргiзеді.
      2. Уәкiлеттi органдардың нормативтік құқықтық актілерді есепке алуды және жүйелеуді жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      52-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк есепке алу

      1. Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк есепке алу өзінде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзудi қамтиды.
      2. Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзуді Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.
      3. Уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне, Нормативтiк құқықтық актiлердiң эталондық бақылау банкіне енгiзу үшін нормативтiк құқықтық актiлердiң қағазға басылған және электрондық түрдегі, осы Заңның 38-бабына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған көшiрмелерiн оларды енгiзуге жауапты мемлекеттік кәсіпорынға жiбередi.
      Уәкілетті органдар осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін әділет органдары арқылы осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен жібереді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу тәртібін айқындайды.
      5. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі құқықтық ақпараттың бiрыңғай жүйесiн жасайды, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарға анықтамалық-ақпараттық жұмыста көмек көрсетедi.

      53-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердің жариялылығы

      Барлық уәкiлеттi органдар мүдделi адамдарға қабылданған нормативтiк құқықтық актiлермен, мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын құпияны қамтитындарды қоспағанда, танысуға рұқсат беруге мiндеттi.

3-бөлім. Нормативтік емес құқықтық актілер 12-тарау. Нормативтік емес құқықтық актілер
туралы жалпы ережелер

      54-бап. Нормативтік емес құқықтық актілердің түрлері

      Нормативтік емес құқықтық актілерге:
      1) нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілері;
      2) жеке қолданылатын құқықтық актілер;
      3) мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер жатады.
      Мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің түрлері мен оларды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді.

      55-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерді
               қабылдау шарттары

      1. Нормативтік емес құқықтық актілер нормативтік құқықтық актілердің негізінде және (немесе) оларды іске асыру мақсатында қабылданады.
      2. Нормативтік емес құқықтық актілерді осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген уәкілетті органдар қабылдайды.
      3. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау ерекшеліктері басқа нормативтік құқықтық актілерде белгіленуі мүмкін.

      56-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерге шағымдану

      Нормативтік емес құқықтық актілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздерде шағымдануға болады.

13-тарау. Нормативтік құқықтық актілерге ресми
түсіндірме беру актілері

      57-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме
               беру актілері туралы жалпы ережелер

      1. Нормативтiк құқықтық актiлерде түсініксіздіктер және әртүрлi түсiну, оларды қолдану тәжiрибесiнде қайшылықтар анықталған жағдайларда нормативтiк құқық актiде қамтылған нормаларға ресми түсiндiрме берiлуi мүмкiн.
      2. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беру актілері құқық нормаларын белгілемейді және Қазақстан Республикасының заңнамасындағы олқылықтардың орнын толтырмайды.
      3. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беру құқық нормаларының мазмұнын анықтау, нақтылау мақсатында ғана беріледі, құқық нормаларының мағынасын өзгерте алмайды және түсіндірме берілетін норманың шегінен аспайды.
      4. Нормативтiк құқықтық актiлерде қамтылатын нормаларға ресми түсіндірме беру, уәкілетті органдардың не жеке және заңды тұлғалардың бастамасы бойынша «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңда айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
      5. Осы Заңның 59-бабының 4-тармағында белгіленген және сот төрелігін жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, ресми түсіндірме беру актілерінде қамтылған нормаларды iске асыру кезінде, оның iшiнде оларды қолданған кезде мiндеттi сипатқа ие.

      58-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме
               берудің шарттары

      1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларына Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелеріне толық сәйкестікте түсіндірме берілуге тиіс.
      2. Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң мағынасы оларға түсiндiрме берілген кезде заңнамалық актiлерге толық сәйкестiкте ашылуға тиiс.

      59-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме
               беруді жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар,
               лауазымды адамдар

      1. Жеке не заңды тұлғалардың заңнамалық актілерді (Парламенттің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) білмеуі немесе дұрыс түсінбеуі заңнамалық актілерді не адам мен азаматтың немесе адамдардың шексіз тобының құқықтары мен бостандықтарын бұзуға әкелуі мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болғанда, прокурор заңнамалық актінің нормаларына түсіндірме береді.
      Бұл түсіндірме прокурорлық қадағалау актісі болып табылады және «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізіледі.
      2. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Үкіметтің нормативтік құқықтық актілеріне ресми түсіндірме беруді Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жүзеге асырады.
      3. Осы Заңның 47-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірмені оларды қабылдаған (шығарған) органдар немесе лауазымды адамдар береді.
      4. Мемлекеттік саясатты жүргізетін, белгілі бір салада (қызмет аясында) реттеу мен басқаруды жүзеге асыратын немесе құзыретіне тиісті мәселелерді шешу жатқызылған мемлекеттік органдар не өзге уәкілетті мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес нормативтік құқықтық актілерге түсіндірме беру олардың құзыретіне жатқызылмаған нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайға қолдануға болатындай өздерінің құзыреті шегінде түсiндiрме бере алады.
      Мұндай түсіндірме берудің міндетті заңдық күші жоқ және ұсынымдық сипатта болады.

      60-бап. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме
               беру актілерінің құрылымы

      1. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісі кіріспе, сипаттама және қарар бөліктерінен тұрады.
      2. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің кіріспе бөлігінде:
      1) нормативтік құқықтық актінің нормасына түсіндірме беретін мемлекеттік органның атауы;
      2) түсіндірме берілетін норма қамтылған нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементін, түсіндірме берілетін норманы қамтитын нормативтік құықтық актінің қабылданған күні мен нөмірін көрсете отырып, ресми түсіндірме беру актісінің атауы;
      3) нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің қабылданған жері мен күні;
      4) бастамасы бойынша нормативтік құқықтық актінің нормасына түсіндірме беріліп отырған уәкілетті органның не жеке немесе заңды тұлғаның атауы көрсетіледі.
      3. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің сипаттама бөлігі түсіндірме берілетін норманың сипаттамасы және мазмұнының талдауын қамтуға тиіс.
      4. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің қарар бөлігі нормативтік құқықтық акт нормасының мағынасы мен мазмұнын анықтайтын уәкілетті органның қорытындысын қамтуға тиіс.

      61-бап. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме
               беру актілерін жариялау

      Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерін жариялау нормативтік құқықтық акті нормаларына түсіндірме берген мемлекеттік органның (лауазымды адамның) интернет-ресурсында, сондай-ақ осы Заңның 36-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурста жүзеге асырылады.
      Сонымен қатар ресми түсіндірме беру актілері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жариялануы мүмкін.
      Осы баптың талаптары осы Заңның 59-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларда қолданылмайды.

14-тарау. Жеке қолданылатын құқықтық актілер

      62-бап. Жеке қолданылатын құқықтық актілер туралы жалпы
               ережелер

      1. Жеке қолданылатын құқықтық акт белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат болып табылады және:
      1) біржолғы не уақыт бойынша өзге де шектеулі қолдануға арналған;
      2) жеке дара айқындалған тұлғалардың тобына (жеке және заңды тұлғаларға) қолданылады;
      3) жеке дара айқындалған тұлғалардың заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырады.
      2. Жеке қолданылатын құқықтық актілер Қазақстан Республикасының заңнамасына кірмейді және нормативтік құқықтық актілерге жатпайды.

      63-бап. Жеке қолданылатын құқықтық актілерге және оларды
               ресімдеуге қойылатын талаптар

      1. Жеке қолданылатын құқықтық акт мынадай талаптарға жауап беруі тиіс:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге;
      2) оның құрылымы реттеу нысанасының толық ашылуын қамтамасыз етуге, ал мазмұны - біркелкі түсінуді және қолдануды қамтамасыз етуге, белгіленетін шаралардың мазмұнын нақты баяндауға құқықтық актінің күші қолданылатын және (немесе) оларды белгіленген мерзімдерде іске асыруға жауап беретін адамдардың тобын толық айқындауға тиіс.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезінен бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.
      3. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар қабылдаған жеке қолданылатын құқықтық актілер қайшы болған кезде, осындай актіні қабылдау құзыретіне жатқан болса, жоғары тұрған мемлекеттік органның құқықтық актісі қолданылады.
      4. Бір деңгейдегі мемлекеттік органдар қабылдаған жеке қолданылатын құқықтық актілер қайшы болған кезде, осы шешімді қабылдау құзыретіне кіретін органның құқықтық актісі қолданылады. Мүдделі адамның өтініші бойынша бір құқықтық актінің екінші актіден басымдығы туралы шешімді жоғары тұрған мемлекеттік орган немесе сот қабылдайды.
      5. Жеке қолданылатын құқықтық акт осы баптың 1-тармағында көзделген талаптардан басқа, мынадай деректемелерді:
      1) құқықтық актінің атауын;
      2) осы актінің қарау нысанасын білдіретін тақырыпты;
      3) актінің қабылданған жері мен күнін;
      4) тиісті актіге қол қоюға уәкілетті адамның (адамдардың) қолын (қолдарын);
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, органның мөрін қамтуға тиіс.
      Жеке қолданылатын құқықтық актілерді қабылдау рәсімдері, оларды ресімдеу, орындау және орындалуын бақылауды ұйымдастыру осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.

      64-бап. Жеке қолданылатын құқықтық актілердің күшіне
               енуі және қолданысын тоқтатуы

      1. Жеке қолданылатын құқықтық акт, егер онда кешірек мерзім белгіленбеген болса, қабылданған кезден бастап күшіне енеді.
      2. Жеке қолданылатын құқықтық актіде қамтылған талаптарды немесе ондағы тапсырмаларды осы құқықтық акт бағытталған адамдар орындаған кезден бастап өз қолданысын тоқтатады.
      3. Жеке қолданылатын құқықтық актінің қолданысы тоқтатылғанға дейін, осы құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оны тоқтата тұруы, өзгертуі не күшін жоюы мүмкін.
      4. Мүдделі адамдардың жеке қолданылатын құқықтық акт қолданысының күшін жою, өзгерту немесе тоқтата тұру туралы өтінішті жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа беруі тиісті шешім қабылданғанға дейін құқықтық актінің (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың қолданысын тоқтата тұру және (немесе) одан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу бойынша құқықтық актісін, сондай-ақ оның жазбаша нұсқамаларын қоспағанда) қолданысын тоқтата тұрады.

15-тарау. Өтпелі ережелер

      65-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 10) тармақшасын, 36-баптың 2-тармағының екінші бөлігін, 37-баптың 3-тармағын, 38-баптың 3-тармағын, 61-баптың екінші бөлігін қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурстан 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкін электрондық цифрлық нысанда қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
      2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған, электрондық цифрлық нысанда қалыптастырылған нормативтік құқықтық актілерді қағазға басылған нысандағы нормативтік құқықтық актілермен сәйкес келтіруді қамтамасыз етеді.
      3. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы  Заңының(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 12, 86-құжат; № 13, 100-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 13-14, 55-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; № 22, 94-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., 2014 жылғы 20 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады