Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 шілдедегі № 800 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Карпович Божкоға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.09.2014 № 971 қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2014 жылғы 19 шілдедегі
№ 800 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының
Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше
жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі
      екі халық арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды нығайтуға ұмтыла отырып,
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне жәрдемдесе алатынын мойындай отырып,
      төтенше жағдайлардың Тараптардың мемлекеттері үшін қауіп төндіретінін сезіне отырып,
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың Тараптар мемлекеттері үшін пайдасын ескере отырып,
      Тараптардың біреуінің күштерімен және құралдарымен жою мүмкін емес төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігін және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында осыдан туындайтын екі мемлекеттің үйлесімді іс-қимылдарының қажеттілігін назарға ала отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы рөлін ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      1) сұрау салушы тарап - басқа Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтініш беретін Тарап;
      2) ұсынушы тарап - басқа Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтінішін қанағаттандыратын Тарап;
      3) уәкілетті орган - осы Келісімді іске асыруға байланысты жұмыстарға басшылық ету және оларды үйлестіру үшін Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын орган;
      4) көмек көрсету жөніндегі топ - сұрау салушы тарапқа жіберу үшін арнайы құрылған және көмек көрсетуге арналған мамандар тобы, оның ішінде әскери персонал;
      5) төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға залал келтіруге, қомақты материалдық шығынға және адамдардың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, табиғи немесе өзге де зілзаланың салдарынан белгілі бір аумақта қалыптасқан жағдай;
      6) төтенше жағдайлардың алдын алу - төтенше жағдайлардың туындау қауіп-қатерін мүмкін болғанынша барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаға келтірілетін залал мен материалдық шығындар мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
      7) төтенше жағдайды жою - төтенше жағдай туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залал мен материалдық шығындар мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймағын оқшаулауға, оған тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;
      8) төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай орын алған аумақ;
      9) азаматтық қорғаныс - бұл басқару органдарының мемлекеттік жүйесі мен бейбіт және соғыс уақытында халықты, шаруашылық жүргізу объектілері мен ел аумағын қазіргі заманғы зақымдау құралдарының зақымдаушы (қиратушы) факторларының, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерінен қорғау мақсатында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар жиынтығы;
      10) авариялық-құтқару жұмыстары - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған табиғи ортаны қорғау, төтенше жағдайларды оқшаулау және оларға тән қауіпті факторларды жою немесе барынша төмен деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;
      11) жарақ - көмек көрсету жөніндегі топтың материалдары, техникалық және көлік құралдары, керек-жарақтары мен жеке керек-жарақтары;
      12) қамтамасыз ету материалдары - төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен халықтың арасында тегін бөліп беруге арналған материалдық құралдар.

2-бап
Уәкілетті органдар

      Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай уәкілетті органдарды тағайындайды:
      1) Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
      2) Тәжікстан тарапынан - Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитеті.
      Тараптар өздерінің уәкілетті органдарының атауларындағы өзгерістер және олардың функцияларының басқа органдарға берілгендігі туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.09.2014 № 971 қаулысымен.

3-бап
Ынтымақтастық нысандары

      Қызмет осы Келісімге сәйкес Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады және Тараптардың әрқайсысының қажетті қаражатының болуына негізделеді. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мыналарды:
      1) қауіпті техногендік және экологиялық процестердің, табиғи құбылыстардың мониторингін ұйымдастыру мен жүргізуді;
      2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың мониторингі және оларды болжау туралы ұдайы ақпарат алмасуды;
      3) халықты төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша дайындауды ұйымдастыруда тәжірибе алмасуды;
      4) төтенше жағдайларды жою кезінде тиісті мемлекеттік органдарды ұйымдастыру мен үйлестіруді;
      5) өнеркәсіптік авариялардың, апаттар мен табиғи зілзалалардың салдарынан болуы мүмкін ластануларға байланысты қоршаған табиғи орта мен халыққа төнген қауіп-қатерді бағалауды;
      6) табиғи зілзалаларды болдырмауды және жоюды;
      7) ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлауды, әзірлеуді және жүзеге асыруды, ғылыми-техникалық әдебиетпен және зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасуды;
      8) ақпарат, мерзімді басылымдармен, әдістемелік және басқа да әдебиетпен, бейне- және фотоматериалдармен, сондай-ақ технологиялармен алмасуды;
      9) бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу мен жаттығуларын ұйымдастыруды;
      10) бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындауды;
      11) екінші Тарап мемлекетінің жоғары оқу орындарында мамандар даярлауды, тағылымдамадан өтушілермен, оқытушылармен, ғалымдармен және мамандармен алмасуды;
      12) төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсетуді;
      13) үшінші елден немесе үшінші елге осы Келісімге қатысушы елдің аумағы арқылы жеткізілетін гуманитарлық жүгін өткізуге жәрдемдесу;
      14) уәкілетті органдармен келісілетін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы басқа да қызметті көздейді.

4-бап
Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдары, өзге де ұйымдары, жеке тұлғалары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

5-бап
Тараптардың өкілдерін қабылдау шарттары

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, жіберуші тарап төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге тікелей байланысты емес, осы Келісімнің 3-бабында белгіленген қызметке қатысу кезінде өз өкілдерінің межелі пунктке дейін жол жүру, өз өкілдерінің тұру және тамақтану шығыстарын көтереді.
      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, қабылдаушы тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу мен жаттығулар ұйымдастыру, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында жіберуші тарап өкілдерінің жүріп-тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.

6-бап Көмек көрсету

      Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмекті мынадай тәртіппен көрсетеді:
      1) Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде көмекті дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салу негізінде көрсетеді. Шұғыл болған жағдайда мұндай сұрау салу ауызша жүзеге асырылады және барынша қысқа мерзімде одан әрі жазбаша расталуға жатады;
      2) сұрау салуда төтенше жағдайдың сипаты, қажетті көмек түрлері мен көлемі туралы барлық ақпарат болуға тиіс;
      3) сұрау салуды алған Тараптың сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқығы бар, бұл ретте көмек көрсетуден бас тарту туралы шешімді қабылдау құқығы ұсынушы тарап мемлекетінің аумағында болжанатын қауіптердің, жасалып жатқан жұмыстар мен көмек көрсету жөніндегі бос топтардың бар болуына негізделуі мүмкін;
      4) сұрау салуды алған Тарап сұрау салуды барынша қысқа мерзімде қарайды және сұрау салушы тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамын, сарапшылардың мамандықтарын көрсете отырып, көмек көрсету мүмкіндігі, нысаны, көлемі, шарттары және әкелінетін жарақ пен құтқару керек-жарағы туралы хабарлайды. Төтенше жағдай аймағына келу үшін пайдаланылатын көлік түрі және мемлекеттік шекарадан кесіп өту жоспарланатын пункт те көрсетіледі.

7-бап
Көмек түрлері

      Төтенше жағдайларды жоюға көмек көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру, қамтамасыз ету материалдарын жіберу жолымен не өзге де сұралатын нысанда көрсетіледі.
      Көмек көрсету жөніндегі топтар төтенше жағдай аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындайды.
      Көмек көрсету жөніндегі топтарға басшылық етуді осы топтардың жетекшілері арқылы сұрау салушы тараптың уәкілетті органы жүзеге асырады.
      Сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының жетекшілеріне төтенше жағдай аймағында және нақты жұмыс учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы ақпарат береді, қажет болған кезде осы топтарды аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ қауіпсіздікті, жедел медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді, олардың іс-қимылдарын үйлестіруді жүзеге асырады.
      Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру 72 сағат бойы төтенше жағдай аймағында дербес іс-қимыл жүргізу үшін жеткілікті болуға тиіс. Жарақ қорлары біткеннен кейін сұрау салушы тарап көрсетілген топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

8-бап Көмек көрсету жөніндегі топтардың мемлекеттік шекараны кесіп
өту шарттары және олардың сұрау салушы тарап мемлекетінің
аумағында болу режимі

      Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын 2000 жылғы 30 қарашадағы Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге қосымшада көрсетілген Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің аумақтарына келуге, кетуге, транзиттік жол жүруге, жүріп-тұруға және онда болуға арналған құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттар бойынша халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді.
      Топ жетекшісінде көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің тізімі және ұсынушы тараптың уәкілетті органы берген, оның өкілеттігін растайтын құжат болуға тиіс.
      Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болу уақытында сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті. Бұл ретте олар ұсынушы тарап мемлекетінің еңбек, қылмыстық және әкімшілік заңнамасы және оған байланысты мәселелер саласындағы заңды құзырында болады. Көмек көрсету жөніндегі топ құрамына кіретін әскери персоналға ұсынушы тарап мемлекетінің әскери қызметшінің, оның ішінде еңбек құқықтық қатынастары мен әлеуметтік-экономикалық кепілдіктер бөлігіндегі мәртебесін реттейтін заңнамасының іс-әрекеті қолданылады.
      Көмек көрсету жөніндегі топтардың жүріп-тұруы, олардың жарақтарын және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, темір жол, су немесе әуе көлігімен жүзеге асырылады.
      Көрсетілген көлік түрлерін көмек көрсету үшін пайдалану тәртібін тиісті мемлекеттік органдармен келісім бойынша уәкілетті органдар айқындайды.

9-бап
Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуге арналған
жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелу және әкету

      Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін және ұсынушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары кедендік баждардан, алымдардан және салықтардан босатылады.
      Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын кедендік ресімдеу көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамы, әкелінетін немесе әкетілетін жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесі көрсетілетін уәкілетті органдар беретін хабарламалардың негізінде басымдық тәртіппен жүргізіледі.
      Көмек көрсету жөніндегі топтарға жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарынан басқа, қандай да бір тауарларды тасымалдауға тыйым салынады.
      Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақ сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуге жатады. Егер айрықша жағдайларға орай жарақты әкету мүмкін болмаса, ол келісілген жағдайларда сұрау салушы тараптың уәкілетті органына көмек ретінде өтеусіз берілуі мүмкін. Бұл жағдайда берілетін жарақтың түрлерін, санын және орналасқан жерін көрсете отырып, сұрау салушы тараптың құзыретті органдарын хабардар ету қажет.

10-бап
Әуе кемелерін пайдалану

      Ұсынушы тараптың уәкілетті органы сұрау салушы тараптың уәкілетті органына әуе кемелерінің типі мен тану белгілерін, бағытын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, ұшу және қону орны мен уақытын көрсете отырып, оларды көмек көрсету үшін пайдалану шешімі туралы хабарлайды.
      Сұрау салушы тарап өз мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке ұшуға рұқсат береді.
      Ұшулар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы және Тараптар мемлекеттері белгілеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап
Шығыстарды өтеу

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейді.
      Сұрау салушы тарап кез келген сәтте оған көмек көрсету туралы өз сұрау салуын алуы мүмкін. Бұл жағдайда ұсынушы тарап оған келтірілген шығыстарға өтемақы алуға құқылы.
      Шығыстарды өтеу, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, ұсынушы тараптан бұл туралы талап түскеннен кейін дереу жүргізіледі.
      Ұсынушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің сақтандырылуын қамтамасыз етеді. Сақтандыруды ресімдеу бойынша шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға енгізіледі.
      Ұсынушы тарап әуе кемелерінің ұшқаны, қонғаны, әуеайлақта тұрғаны және одан ұшқаны үшін ақы төлеуден, сондай-ақ аэронавигациялық қызметтерге ақы төлеуден босатылады.
      Ұсынушы тарап әуе кемелерінің отынға және оларға техникалық қызмет етуге кеткен шығыстарды өтеу туралы мәселе әрбір нақты жағдайда жеке шешілетін болады.
      Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, олардың осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

12-бап
Залалды өтеу

      Сұрау салушы тарап оның мемлекеті аумағында адамдар қаза болған немесе олар жарақат алған, жеке меншігі бүлінген немесе жойылған, қоршаған табиғи ортаға залал келтірілген жағдайда ұсынушы тарапқа кінә тақпайды. Сұрау салушы тарап адамдар қаза болған немесе жарақат алған, сондай-ақ осы Тараптың жабдығы не басқа меншігі жойылған немесе оған залал келтірілген жағдайларда, егер мұндай залал осы Келісімді іске асыруға байланысты міндеттерді орындау барысында келтірілсе, ұсынушы тарапқа өтемақы төлейді. Өтемақы мөлшері әрбір нақты жағдайда жеке айтылады.
      Егер ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімді іске асыруға байланысты міндеттерді орындау кезінде заңды немесе жеке тұлғаға залал келтірсе, онда Сұрау салушы тарап залалды өз мемлекеттің заңнамасына сәйкес өтейді.
      Көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі қасақана немесе өрескел ұқыпсыздығымен келтірген зиянды ұсынушы тарап өтеуге тиіс.

13-бап
Ақпаратты пайдалану

      Егер уәкілетті органдар жазбаша нысанда өзгеше келіспесе, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде жүргізілген қызметтің нәтижесінде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен ұйғарымдарының негізінде пайдаланылады.
      Ақпарат берген тараптың және оның өкілдерінің алдын ала жазбаша келісуімен осындай Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес үшінші тараптарға берілуі мүмкін.

14-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

15-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

16-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы оның күші тоқтатылғанға дейін басталған, бірақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайтын болады.

      201_ жылғы « » ________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін қолданылатын болады.

      Қазақстан Республикасының       Тәжікстан Республикасының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады