Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мексика Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 990 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мексика Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мексика Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2014 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 990 қаулысымен     
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мексика Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мексика Құрама Штаттарының Үкіметі,
      екі мемлекеттің арасындағы екі жақты қатынастар мен ынтымақтастықтың дамуына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттар иелерінің сапарларын жеңілдетуге мүдделілікті ескере отырып,
      төмендегі туралы келісті:

1-бап

      1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспортының иелері және Мексика Құрама Штаттарының дипломатиялық және ресми паспортының иелері басқа Тарап мемлекетінің аумағына күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезең ішінде визасыз келе алады, кете алады және транзитпен өте алады.
      2. Егер Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспортының иелері немесе Мексика Құрама Штаттарының дипломатиялық және ресми паспортының иелері басқа Тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен асатын мерзімге қалуға ниет білдірсе, басқа Тарап мемлекетінің аумағына кіргенге дейін тиісті визаны алулары тиіс.

2-бап

      1. Басқа Тарап мемлекетінің аумағындағы дипломатиялық өкілдіктердің немесе консулдық мекемелердің қызметкерлері болып табылатын кез келген Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, жарамды дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелері басқа Тарап мемлекетінің аумағына кіру үшін визаны алдын ала алудан босатылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес басқа Тарап мемлекетінің аумағына кірген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде тиісті Сыртқы істер министрлігінде аккредиттелуі тиіс.
      3. Бұл рәсім қабылдаушы Тараптың қолданыстағы ұлттық заңнамасының ережелеріне сәйкес бірге тұратын, жарамды дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттарды иеленетін олардың отбасы мүшелеріне қолданылады.

3-бап

      1. Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген бір Тарап мемлекетінің азаматтары, дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттардың иелері басқа Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
      2. Бір Тарап мемлекетінің азаматтарының, дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттар иелерінің басқа Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасының ережелеріне сәйкес мемлекеттік шекараның рұқсат етілген өту пункттері арқылы басқа Тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге және транзитпен өтуге құқығы бар.

4-бап

      Тараптардың әрқайсысы басқа Тарап мемлекетінің болуы қолайсыз деп танылған азаматының, атап айтқанда, қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығына және ұлттық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне қауіп төндіруі мүмкін адамдардың өз аумағына келуінен бас тарту, болуын қысқарту немесе тоқтату құқығын өздерінде қалдырады.

5-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматы басқа Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспортын жоғалтқан жағдайда, дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме тиісті шаралар қабылдау және жаңа жарамды дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспортты не жол жүру құжатын беру үшін қабылдаушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарын шұғыл хабардар етеді.

6-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар осы Келісім күшіне енгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды паспорттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
      2. Дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттарға қатысты қандай да бір өзгерістер болған жағдайда, Тараптар бұл туралы басқа  Тарапты хабардар етеді және олар қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей тиісті үлгілерді жібереді.

7-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша, не толық немесе ішінара тоқтата тұру құқығын өздерінде қалдырады.
      2. Басқа тарап осы Келісімді тоқтата тұру туралы шешім күшіне енгенге дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей, бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда екінші Тарапты хабардар етеді.
      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген, басқа мемлекеттің аумағындағы Тараптар мемлекеттері азаматтарының, дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттар иелерінің құқықтарын қозғамайды.

8-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы және дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

10-бап

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламасы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген кезеңге жасалды.
      3. Тараптардың әрқайсысы кез келген уақытта басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы күнтізбелік 90 (тоқсан) күн бұрын жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.

      2014 жылғы «__»____________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының                Мексика Құрама
           Үкіметі үшін                   Штаттарының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады