Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 25 қыркүйектегі № 1018 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Владимир Сергеевич Школьникке Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы     
Үкіметінің            
2014 жылғы 25 қыркүйектегі 
№ 1018 қаулысымен       
мақұлданған           

Жоба             

Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрікменстан үкіметтері,
      тату көршілік қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға деген ұмтылысқа сүйене отырып;
      Каспий теңізі табиғи кешенінің бірегейлігін, ұтымды пайдаланылуы Тараптар мемлекеттерінің орнықты дамуы үшін айрықша маңызды мәні бар оның елеулі табиғи-ресурстық және экономикалық әлеуетін атап өте отырып;
      Каспий теңізі деңгейінің мезгіл-мезгіл ауытқуынан туындайтын ерекше гидрометеорологиялық жағдайын, сондай-ақ оның алабындағы осы қызметті гидрометеорологиялық қамтамасыз етудегі артып келе жатқан қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін Тараптардың ұлттық метеорологиялық және гидрологиялық қызметтерінен (бұдан әрі – ҰМГҚ) қосымша күш-жігерді талап ететін шаруашылық қызметтің жандандырылуын назарға ала отырып;
      Каспий теңізінің жай-күйіне теріс әсер етуі мүмкін климаттың жаһандық және өңірлік ықтимал өзгерістеріне байланысты алаңдаушылық білдіре отырып;
      Тараптар мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктерінің бірі ретінде Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның (Тегеран Конвенциясы) маңыздылығын атап өте отырып;
      осы өңірдегі экологиялық, экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешуді қамтамасыз ету үшін Каспий теңізінің жай-күйі туралы гидрометеорологиялық ақпарат алу мен алмасудың өңірлік жүйесін құру және дамыту қажеттілігін атап көрсете отырып;
      Тараптардың Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы күш-жігерін біріктіруге және тығыз ынтымақтастық ұйымдастыруға деген берік шешімін білдіре отырып;
      Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйымның (ДМҰ) және ЮНЕСКО Үкіметаралық Мұхиттану Комиссиясының (ҮМК) қолдауымен жүзеге асырылатын тәжірибені қоса алғанда, басқа да су кеңістіктеріндегі гидрометеорология саласындағы халықаралық ынтымақтастық тәжірибесін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер қолданылады:
      «Каспий теңізінің жай-күйі» – бірнеше сағаттан бірнеше он жылдыққа дейінгі уақыт көлемінің ауқымындағы Каспий теңізі мен оған құятын өзендердің сағаларында болатын физикалық құбылыстар мен процестерді сипаттайтын гидрометеорологиялық (метеорологиялық, мұхиттану және гидрологиялық) параметрлер кешені;
      «Каспий теңізінің жай-күйін бақылау» – Каспий теңізі мен оған құятын өзендердің сағаларында болатын физикалық құбылыстар мен процестерді сипаттайтын гидрометеорологиялық параметрлер кешенін өлшеу және көзбен шолып бақылау;
      «бақылау желісі» – Каспий теңізі жай-күйін бақылаудың стационарлық және жылжымалы (қалқымалы) теңіз пункттерінің жүйесі;
      «Каспий теңізінің жай-күйі туралы ақпарат» – Каспий теңізінің жай-күйін бақылаудың нақты (уақыттың белгілі бір кезінде тікелей өлшенген) және жалпыланған (режимдік-климаттық) деректері және болжамдары;
      «Каспий теңізінің жай-күйі туралы ақпарат алу» – Каспий теңізінің жай-күйінің жалпыланған (режимдік-климаттық) деректерін және болжамдарын алу мақсатында Каспий теңізінің жай-күйін бақылау, бақылау деректерін жинау және өңдеу жөніндегі қызмет;
      «Каспий теңізінің жай-күйі туралы ақпаратты алу мен алмасудың өңірлік жүйесі» – Тараптар мемлекеттеріне тиесілі Каспий теңізінің жай-күйі туралы бақылау желілерінің және ақпаратты бақылау, өңдеу мен тарату техникалық құралдарының жиынтығы.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары теңіздегі тіршілік әрекеті қауіпсіздігін және экономикалық қызметті орнықты дамытуды қамтамасыз ету мүдделерінде Каспий теңізінің жай-күйі туралы ақпарат алу мен алмасудың кешенді өңірлік жүйесін құру және дамыту болып табылады.

3-бап

      Осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу мүдделерінде Тараптар:
      жағалаулардағы, аралдардағы және сағалардағы станциялар мен бекеттерді қамтитын ұлттық бақылау желілерінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда, жаңа станцияларды және /немесе бекеттерді ашады;
      гидрометеорологиялық параметрлерді бақылау әдістеріне қатысты ДМҰ/ЮНЕСКО ҮМК-ның халықаралық танылған стандарттарын қолданады, есептеу жүйелерін келісуді және реперлерді таңдауды жүргізеді және басқа да негіз қалаушы қағидаларды белгілейді, теңіздегі және жағалаулардағы станциялар мен бекеттердегі гидрометеорологиялық жұмыстар жөніндегі ұлттық басшылықты келіседі;
      Каспий теңізінің жай-күйі туралы ақпаратты жинаудың, сақтау мен таратудың ұлттық жүйелеріне келісілген талаптарды белгілейді;
      Каспий теңізінің жай-күйі туралы жалпыланған (режимдік-климаттық) деректерді қамтитын анықтамалық материалдарды дайындайды;
      Каспий теңізінің жай-күйіне қатысы бар параметрлерді бақылаудың дерекқорларын жобалайды және қалыптастырады;
      Каспий теңізінің жай-күйі туралы ақпаратты бейнелейтін бірыңғай геоақпараттық жүйенің негіздерін әзірлейді;
      теңіз деңгейінің әр алуан күні бұрынғы ауытқуларының болжамын қоса алғанда, Каспий теңізінің жай-күйін болжау әдістерін жетілдіреді;
      атмосфера мен теңіздің шекаралық қабатындағы ағындарды қоса алғанда, Каспий теңізінің су теңгерімі элементтерін бағалау мен кешенді талдау әдістерін жетілдіреді;
      Каспий теңізінің гидрометеорология саласындағы кадрларды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру жөніндегі шараларды өзара үйлестіреді.

4-бап

      Осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізуге және ережелерін іске асыруға бағытталған Тараптардың қызметін құрылатын, бұдан әрі Комитет деп аталатын Каспий теңізінің гидрометеорологиясы жөніндегі үйлестіру комитеті үйлестіреді.
      Комитет:
      а) бұдан әрі Бағдарлама деп аталатын Каспий теңізінің гидрометеорологиясы жөніндегі үкіметаралық кешенді бағдарламаны әзірлейді және бекітеді;
      b) осы Келісім мен Бағдарламаны іске асыру бойынша Тараптардың күш-жігерін үйлестіреді және біріктіреді;
      c) Тараптарға өз қызметі туралы ақпарат береді;
      d) Тараптардың қарауына осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті шараларға қатысты ұсынымдар енгізеді;
      e) Тараптар ҰМГҚ-ларының Каспий теңізінде жұмыс істейтін компаниялармен, сондай-ақ Бағдарламаны іске асыруға және осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізуге мүдделі халықаралық ұйымдармен және бағдарламалармен ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді;
      f) осы Келісімнің ережелерін орындауға байланысты басқа да мәселелерді қарайды;
      g) осы Келісімнің орындалуын тұрақты негізде бақылайды.

5-бап

      Әрбір Тарап Комитетке (Тараптардың ҰМГҚ құрамынан) бір-бірден өкіл тағайындайды. Тараптың өкіліне ілесіп Комитет сессияларына сарапшылар мен кеңесшілер бара алады.
      Комитеттің шешімдері бірауыздан қабылданады.
      Комитеттің төрағасы мен төрағасы орынбасары Тараптар мемлекеттер атауларының ағылшын әліпбилік ретімен ротация қағидаты бойынша Комитет мүшелерінің құрамынан екі жыл мерзімге тағайындалады.
      Комитеттің сессиялары Тараптар мемлекеттерінің атауларынан ағылшын әліпбилік ретімен жыл сайын Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында өткізіледі. Кезектен тыс сессиялар Комитет мүшелерінің бірінің, оның басқа мүшелері қолдаған өтініші бойынша, ұйымдастырылуы мүмкін.
      Комитет өз функцияларын орындау үшін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына қайшы келмейтін өз рәсімдеу қағидалары мен қаржылық қағидаларын белгілейді.
      Комитеттің ресми тілдері Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік тілдері, сондай-ақ ағылшын тілі болып табылады. Комитеттің жұмыс тілдері ағылшын және орыс тілдері болып табылады.
      Комитет Хатшылығының функцияларын, өкілі Комитет төрағасы болып табылатын, Тараптың ҰМГҚ-сы орындайды.

6-бап

      Осы Келісім мен Бағдарламаны іске асырудағы Тараптың қатысуына байланысты шығыстарды әрбір Тарап арнайы келісімдердің негізінде мүдделі халықаралық ұйымдар мен компаниялар бөлген қосымша қаражатты тарта отырып, өз бетінше көтереді.

7-бап

      Осы Келісімнің негізінде Тараптар ынтымақтастығы шеңберінде алынған бірлескен жұмыстар нәтижелеріне зияткерлік меншікті қорғау және оған құқықтарды бөлу Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және олардың зияткерлік меншік саласындағы қолданылатын халықаралық шарттар бойынша міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мен қолдануға қатысты Тараптар арасындағы келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

9-бап

      Осы Келісімнің ешбір ережесі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздер нәтижелерін алдын ала айқындаушы ретінде түсіндірілмейді.

10-бап

      Кез келген Тарап Келісімге түзетулер ұсына алады. Мұндай түзетулер Тараптардың бірауыздан шығарған шешімі бойынша қабылданады. Түзетулердің күшіне енуі Келісімнің өзі күшіне енуі сияқты рәсімнің орындалуын талап етеді. Осы Келісімге түзетулер осы Келісімнің 14-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

11-бап

      Осы Келісімге ешқандай ескертулер жасауға жол берілмейді.

12-бап

      Иран Ислам Республикасы осы Келісімнің Депозитарийі болып табылады. Депозитарий Тараптарды осы Келісімнің күшіне ену күні туралы, сондай-ақ оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік ресімдерді орындағаны туралы тиісті Тараптардан жазбаша хабарландыруларды алғаны туралы ақпарат береді.

13-бап

      Осы Келісім жалғыз данада жасалды, ол Депозитарийге сақтауға тапсырылады. Әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдеріндегі Келісім мәтіндері теңтүпнұсқалы болып табылады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

14-бап

      Осы Келісім Депозитарий дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап тоқсаныншы күні күшіне енеді.
      Тараптардың әрқайсысы Депозитарийді бұл туралы хабардар ете отырып, осы Келісімнен шыға алады. Бұл Тарап үшін осы Келісім Депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап 12 ай өткенге дейін қолданыста болады.
      Осыны КУӘЛАНДЫРУ үшін төменде қол қойғандар, Тараптардың оған тиісінше уәкілеттік берілген өкілдері, осы Келісімге қол қойды.

      201_ жылғы "___" ________ қаласында жасалды.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін

      Иран Ислам Республикасының Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

      Түрікменстан Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады