"Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластерінің қамқоршылық кеңесін құру туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 1152 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің қамқоршылық кеңесін құру туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

«Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің
қамқоршылық кеңесін құру туралы

      «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің қамқоршылық кеңесі құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің қамқоршылық кеңесі туралы ереже;
      2) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің қамқоршылық кеңесінің құрамы бекітілсін.
      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының Қамқоршылық кеңесін құру туралы» 2013 жылғы 17 сәуірдегі № 548 Жарлығы;
      2) «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының Қамқоршылық кеңесін құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 17 сәуірдегі № 548 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 705 Жарлығы.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                          Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2014 жылғы « »       
№ Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН    

«Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің
қамқоршылық кеңесі туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің қамқоршылық кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерін (бұдан әрі - инновациялық кластер) дамыту және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында инновациялық кластерді басқаруды жүзеге асырады.
      2. Кеңес қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

2. Кеңестің негізгі функциялары

      3. Кеңестің негізгі функциялары:
      1) инновациялық кластерді дамытудың стратегиялық міндеттерін айқындау;
      2) кәсіпкерлерді, кәсіпкерлер қауымдастықтарын (одақтарын) шоғырландыру;
      3) инновациялық кластер қатысушыларының шетелдік әріптестермен ынтымақтастығын дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
      4) қатысушылардың жобаларын іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздеу;
      5) қаржыландырылуы жүргізілген сараптама қорытындылары бойынша дербес кластерлік қордың (бұдан әрі - Қор) мүлкі есебінен жүзеге асырылатын қатысушылардың жобаларын айқындау;
      6) Қордың ұсынуы бойынша инновациялық кластер қатысушыларының тізбесіне заңды тұлғаларды енгізу;
      7) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасы Заңында және осы Ережеде көзделген өзге де функциялар болып табылады.

3. Кеңестің құқықтары

      4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде Кеңестің:
      1) инновациялық кластерді дамытумен байланысты мәселелер бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге;
      2) консультациялар жүргізуге, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан ақпарат сұратуға және алуға;
      3) проблемалық мәселелерді талқылауға қатысу үшін кәсіпкерлерді, мамандарды, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқығы бар.

4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

      5. Кеңестің дербес құрамын Кеңестің жұмыс органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      6. Кеңестің құрамы мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің өкілдері қатарынан қалыптастырылады.
      7. Кеңес төрағасы Кеңеске жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның отырыстарында төрағалық етеді, Кеңес мүшелерінің арасында тапсырмаларды бөледі, Кеңес жұмысының жоспарларын бекітеді, Кеңес отырыстарының күн тәртібін айқындап, хаттамаларына қол қояды, Кеңес мүшелерінің оның қызметін жетілдіру және Кеңестің құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарын қарайды, нормативтік құқықтық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларында және осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Кеңес төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын Кеңес төрағасының орынбасары атқарады.
      8. Кеңес хатшысы Кеңес жұмысының ағымдағы және перспективалық жоспарларының жобаларын, оның отырыстарына материалдарды дайындауды жүзеге асырады, төрағаның қарауына отырыстардың күн тәртібінің жобасын енгізеді, қорытындыларды талап ететін материалдарды Кеңестің сарапшылық кеңесіне немесе тиісті мемлекеттік органдарға жібереді, Кеңестің шешімдері бекітілген күннен бастап бір аптаның ішінде хаттаманың көшірмесін және өзге де қажетті материалдарды Кеңес мүшелері мен басқа да мүдделі тұлғаларға жібереді, осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      9. Кеңестің жұмыс органы Қор болып табылады.
      10. Кеңестің жұмыс органы:
      1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
      2) Кеңес ұсыныстарының орындалуын мониторингтеуді жүзеге асырады;
      3) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының өтетін жері, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;
      4) Кеңестің жұмыс жоспарларының іске асырылуын бақылауды қамтамасыз етеді.
      11. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.
      12. Кеңестің кезектен тыс отырысы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша шақырылады.
      13. Кеңес мүшелері оның отырыстарына алмастыру құқығынсыз қатысады.
      14. Кеңес шешімдері отырысқа қатысушы Кеңес мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады. Талқыланатын мәселе бойынша дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
      15. Кеңес мүшесі немесе мүшелері қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, өзінің ерекше пікірін білдіруге құқылы.
      16. Кеңес шешімдері төраға қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

5. Кеңес қызметін тоқтату

      17. Кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негізінде тоқтатады.

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2014 жылғы « »       
№ Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН    

«Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің
қамқоршылық кеңесінің құрамы

Назарбаев                    - Қазақстан Республикасының
Нұрсұлтан Әбішұлы              Президенті, төраға

Исекешев                     - Қазақстан Республикасының
Әсет Өрентайұлы                Инвестициялар және даму министрі,
                               төрағаның орынбасары

Сағадиев                     - Қазақстан Республикасының
Ерлан Кенжеғалиұлы             Инвестициялар және даму
                               вице-министрі, хатшы

Сәрінжіпов                   - Қазақстан Республикасының Білім
Аслан Бәкенұлы                 және ғылым министрі

Есімов                       - Алматы қаласының әкімі
Ахметжан Смағұлұлы

Бишімбаев                    - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы
Қуандық Уәлиханұлы             холдингі» акционерлік қоғамының
                               басқарма төрағасы (келісім бойынша)

Төлеушин                     - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы
Қаныш Аманбайұлы               холдингі» акционерлік қоғамының
                               басқарушы директоры - басқарма
                               мүшесі (келісім бойынша)

Құлыбаев                     - Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер
Тимур Асқарұлы                 палатасы төралқасының төрағасы
                               (келісім бойынша)

Байсейітов                   - «Центр Кредит Банкі» акционерлік
Бақытбек Рымбекұлы             қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы
                               (келісім бойынша)

Машкевич                     - «Еurasian Resources Group s.а.r.l.»
Александр Антонович            Директорлар кеңесінің төрағасы
                               (келісім бойынша)

Огай                         - «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі
Эдуард Викторович              шектеулі серіктестігінің басқарма
                               төрағасы (келісім бойынша)

Өтемұратов                   - Қазақстан Теннис федерациясының
Болат Жәмитұлы                 президенті (келісім бойынша)

Рақышев                      - «SАТ & Соmраnу» өнеркәсіптік холдингі
Кеңес Хамитұлы                 Директорлар кеңесінің төрағасы
                               (келісім бойынша)

Рахымбаев                    - «Вuild Investments Group» акционерлік
Айдын Жұмәділұлы               қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы
                               (келісім бойынша)

Анна-Мария                   - «Suez Environment и SIA-Partners»
Идрак                          компаниясының аға кеңесшісі (келісім
                               бойынша)
Фрэнк Монстрей               - «Nosturm Oil and Gas» Директорлар
                               кеңесінің төрағасы (келісім бойынша)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады