Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 8 қарашадағы № 1181 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2014 жылғы 8 қарашадағы
№ 1181 қаулысымен 
мақұлданған    

Жоба

Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай
қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге
асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария
еткені үшін жауаптылық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы
      2010 жылғы 9 желтоқсандағы Бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді (бұдан әрі - Бәсекелестік туралы келісім) және 2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартты (бұдан әрі — Комиссия туралы шарт) негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісім Бәсекелестік туралы келісімді іске асыру шеңберінде, құпия ақпаратты қорғауға байланысты және Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия), Тараптардың мемлекеттік билік органдары, Тараптардың заңды және жеке тұлғалары қатысатын қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Келісім Тараптардың заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік сырларға) жататын ақпаратты қорғауға байланысты қатынастарға қолданылмайды.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      «ақпарат» - берілу нысанына қарамастан мәліметтер (хабарламалар, деректер);
      «құпия ақпарат» - осы Келісімнің 1-бабының 2-тармағына нұқсан келтірілмейтін, Тараптардың нормативтік құқықтық актілерімен қорғалатын ақпараттың барлық түрі;
      «құпия ақпаратты иеленуші» — заңды негізде құпия ақпаратқа ие және осы ақпаратқа қолжетімділікті шектеген тұлға;
      «құпия ақпаратты қорғау» - осындай ақпараттың құқыққа сыйымсыз жария етілуіне, қолжетімділігіне, жойылуына, өзгертілуіне, көшірме жасалуына және оған қатысты өзге де құқыққа сыйымсыз әрекеттерді болғызбауға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қабылдау;
      «құпия ақпаратты жария ету» - осы Келісімнің 3-бабы 5-тармағының екінші абзацында көзделген жағдайды қоспағанда, соның нәтижесінде құпия ақпарат кез келген мүмкін болатын нысанда (ауызша, жазбаша, өзге де нысанда, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып) құпия ақпаратты иеленушінің жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға мәлім болатын әрекеттер (әрекетсіздік);
      «құпия ақпаратқа қолжетімділік» - құпия ақпаратты алу және оны пайдалану мүмкіндігі.
      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар Бәсекелестік туралы келісімде және Комиссия туралы шартта белгіленген мағыналарда қолданылады.

3-бап

      1. Бұзылуы екі және одан да көп Тараптың аумағында трансшекаралық нарықтарда бәсекелестікке теріс әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру шеңберінде Комиссия пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау мақсатында, (Комиссия) Бәсекелестік туралы келісімнің IV бөліміне (бұдан әрі - бәсекелестік қағидалары) және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (Комиссия) 2012 жылғы 19 желтоқсандағы № 29 шешімімен бекітілген Нарықты трансшекаралыққа жатқызу критерийлеріне сәйкес, егер:
      1) иеленушісінің келісімінсіз үшінші тұлғалардың құпия ақпаратқа қолжетімділігі жоққа шығарылса;
      2) Комиссияның құпия ақпаратты оны жария етуді болғызбайтындай етіп пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етілсе, Комиссия жеткілікті дәрежеде ақылға қонымды деп танылатын осындай ақпаратты қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды.
      2. Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шаралар:
      1) құпия ақпаратқа қол жеткізу тәртібін және онымен жұмыс істеу тәртібін бұзу мүмкіндігінің алдын алуды;
      2) құпия ақпаратқа санкцияланбаған қол жеткізуді және (немесе) оны осындай ақпаратқа қол жеткізуге құқығы жоқ тұлғаларға беруді болғызбауды;
      3) құпия ақпаратқа санкцияланбаған қол жеткізуді уақытылы байқауды және оның жолын кесуді;
      4) құпия ақпараттың қорғалу деңгейінің қамтамасыз етілуіне тұрақты бақылауды;
      5) нәтижесінде олардың жұмыс істеуі бұзылатын, құпия ақпаратты өңдеудің техникалық құралдарына әсер етуге жол бермеуді;
      6) құпия ақпаратқа рұқсат алған адамдарды және осындай ақпарат берілген немесе ұсынылған адамдарды есепке алуды қамтамасыз етуге тиіс.
      3. Бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру шеңберінде Комиссия пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау рәсімдері Комиссия туралы шартқа сәйкес Комиссия Кеңесі бекітетін, Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібімен (бұдан әрі - таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібі) белгіленеді.
      4. Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібінде ережелер, оның ішінде:
      1) құпия ақпаратты қамтитын кіріс және шығыс құжаттармен жұмыс істеуді;
      2) құпия ақпаратты қамтитын құжаттарды есепке алуды, сақтауды және беруді;
      3) құпия ақпаратты талқылаған кезде кеңестерде іс қағаздарын жүргізуді;
      4) құпия ақпаратты қамтитын бәсекелестік қағидаларының (оның ішінде істерді қарауға қатысушы адамдардың) бұзылуы туралы істердің материалдарымен танысуды;
      5) құпия ақпаратты жария етпеу туралы міндеттемелердің және таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібінің бұзылу фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізуді;
      6) құпия ақпаратқа рұқсат алған адамдарды және осындай ақпарат берілген немесе ұсынылған адамдарды есепке алуды регламенттейтін ережелер қамтылуға тиіс.
      5. Бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру шеңберінде Комиссия Тараптардың заңды және жеке тұғаларынан, құзыретіне бәсекелестік (монополияға қарсы) саясатты іске асыру кіретін Тараптардың мемлекеттік билік органдарынан (бұдан әрі - уәкілетті органдар) және Тараптардың өзге де мемлекеттік билік органдарынан алған құпия ақпаратты, Комиссия осындай ақпарат ұсынылған мақсаттарда ғана пайдалана алады.
      Тараптардың заңды және жеке тұлғаларынан және Тараптардың мемлекеттік билік органдарынан алынған құпия ақпаратты Комиссияның үшінші тұлғаларға беруі, уәкілетті органдарға осындай ақпаратты Бәсекелестік туралы келісімге сәйкес өздеріне жүктелген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында беру жағдайын қоспағанда, оны иеленушінің жазбаша келісімімен ғана мүмкін болады.
      Комиссияның бір Тараптың уәкілетті органынан алынған құпия ақпаратты басқа Тараптың уәкілетті органына беруі - мұндай ақпаратты ұсынған уәкілетті органның жазбаша келісімімен ғана мүмкін болады.
      6. Егер осындай ақпаратқа оны иеленуші адамдардың белгісіз бір тобына еркін қолжетімділік берген болса, ақпарат құпиялық мәртебесін жоғалтады.

4-бап

      1. Бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру кезінде:
      1) Комиссия Алқасының мүшелері құпия ақпаратқа толық көлемде қол жеткізе алады;
      2) Комиссия қызметкерлері өздерінің лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті көлемде құпия ақпаратқа қол жеткізе алады.
      2. Бәсекелестік қағидаларының бұзылуы туралы өтініштерді (материалдарды) қарау, бәсекелестік қағидаларын бұзушылыққа тергеп-тексеру жүргізу, бәсекелестік қағидаларын бұзу туралы істерді қарау, сондай-ақ бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылауды іске асыруға байланысты өзге де рәсімдік әрекеттерді орындау шеңберінде, құпия ақпаратқа қолжетімділігі бар Комиссия қызметкерлерін бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелеріне жетекшілік ететін Комиссия Алқасының мүшесі айқындайды.
      3. Комиссия Алқасының мүшелеріне осы Келісім арқылы лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты өздеріне мәлім болған құпия ақпаратты жария етпеу туралы міндеттеме жүктеледі.
      Комиссия қызметкерлері еңбек шартына міндетті қосымша болып табылатын, лауазымдық міндеттерін орындауына байланысты өздеріне мәлім болған құпия ақпаратты жария етпеу туралы міндеттемеге қол қоюға және оны сақтауға міндетті.

5-бап

      Комиссияға жіберілетін және Комиссия жіберетін құпия ақпаратты қамтитын материалдық жеткізгіштерге және құжаттарға «Құпия» не «Коммерциялық құпия», «ҚБПҮ» белгісі қойылады.
      Тараптар материалдық жеткізгіштерді «Коммерциялық құпия» (Тараптардың жеке және (немесе) заңды тұлғалары белгілейтін), «ҚБПҮ» (Тараптардың мемлекеттік органдары белгілейтін) белгісімен Комиссияға жіберген жағдайда, осы жеткізгіштер «Құпия» белгісі бар деп танылады.
      Тарап «Құпия» белгісі бар материалдық жеткізгіштерді Комиссиядан алған жағдайда, осы жеткізгіштер «Коммерциялық құпия» (Тараптардың жеке және (немесе) заңды тұлғалары үшін), «ҚБПҮ» (Тараптардың мемлекеттік органдары үшін) белгісі бар деп танылады.
      Құпия ақпаратты қамтитын материалдық жеткізгіштерді, құжаттарды Комиссияға беру және Комиссиядан жөнелту пошта байланысы (тапсырыстық немесе бағалы пошта жөнелтімдері), сондай-ақ фельдъегерлік байланыс немесе қолма-қол беру арқылы жүзеге асырылады.

6-бап

      1. Құпия ақпаратты жария етуге себепші болмаған және соған әкеп соқпаған Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібін бұзу Комиссия туралы шартқа сәйкес Комиссияның кінәлі қызметкерлерін тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылады.
      2. Лауазымдық міндеттерін атқаруға байланысты мәлім болған, құпия сипаттағы мәліметтерге жатқызылған мәліметтерді лауазымдық міндеттерін атқаруға байланысты емес мақсаттарда жария ету және пайдалану:
      Комиссия туралы шартта белгіленген тәртіппен Комиссия Алқасы мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      Комиссия қызметкерін жұмыстан босату нысанында тәртіптік жаза қолдану;
      кінәлі адамдарды азаматтық-құқықтық, сондай-ақ әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылады.
      3. Өздеріне қатысты иммунитеттен бас тарту немесе оны алып тастау туралы шешім қабылданған Комиссия Алқасының мүшелері мен Комиссия қызметкерлері мынадай тәртіппен әкімшілік, азаматтық-құқықтық және/немесе қылмыстық жауаптылыққа:
      құпия ақпаратты жария еткен адамның тұрғылықты жері бойынша азаматтық-құқықтық жауаптылыққа;
      құқық бұзушылық жасаған адам азаматы болып табылатын Тараптың заңнамасына сәйкес, осы Тараптың қылмыстық заңнамасында көзделген қылмыстық жауаптылыққа;
      құқық бұзушылық жасаған адам азаматы болып табылатын Тараптың заңнамасына сәйкес, осы Тараптың әкімшілік заңнамасында көзделген әкімшілік жауаптылыққа да тартылуы мүмкін.
      4. Комиссия Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібін бұзу фактілерін анықтау және оның жолын кесу мақсатында Тараптармен ынтымақтасады.
      Тараптар құпия ақпаратты жария етуге байланысты істер бойынша Тараптар мемлекеттерінде сот төрелігін іске асыру мүдделеріне орай Комиссиямен ынтымақтасады.

7-бап

      1. Уәкілетті органдар өздері Комиссиядан алған құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етеді және өз Тараптарының заңнамасына сәйкес оны жария еткені үшін жауаптылықта болады.
      Уәкілетті органдардың Комиссиядан алған құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беруі Комиссияның жазбаша келісімі бойынша ғана мүмкін болады.
      2. Уәкілетті органдардың арасында құпия ақпарат алмасу Бәсекелестік туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      1. Осы Келісімге өзгерістер енгізу Тараптардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
      2. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға (байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі, ал бір Тарап басқа Тараптарға жіберген, консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми өтіну келіп түскен күннен бастап 6 айдың ішінде келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына беріледі.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап немесе Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібі қолданысқа енгізілген күннен бастап, осы күндердің қайсысы кешірек болуына байланысты күшіне енеді.

      20 ___ жылғы «____» _____________ _______________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі болғандықтан, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

    Беларусь                     Қазақстан            Ресей
  Республикасы                 Республикасы        Федерациясы
    үшін                          үшін               үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады