"Лотереялар және лотерея қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 қарашадағы № 1194 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Лотереялар және лотерея қызметі туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды, лотерея қызметін мемлекеттік реттеудің ұйымдық негіздерін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аралас лотерея - ұтыстың болуы немесе болмауы және оның мөлшері лотереяға қатысу үшін төлем енгізілгеннен және лотерея билеті, түбіртегі немесе өзге де құжат алынғаннан кейін тікелей де, жүлде қорының ұтыс ойыны өткізілгеннен кейін де айқындалатын ұлттық лотерея түрі;
      2) әлеуетті оператор - уәкілетті органмен лотереяны өткізу келісімшартын жасасуға үміткер заңды тұлға;
      3) бас жүлде - тираждың ұтыс ойынын өткізу барысында ойнатылмаған және Лотереяны өткізу шарттарына сәйкес бір тираждан келесі тиражға ауысатын тираждық лотереяның жүлде қорының бір бөлігі;
      4) жүлде қоры - лотерея билеттерін, түбіртектерін немесе өзге де құжаттарды өткізу, лотерея мөлшерлемелерін қабылдау есебінен қалыптастырылатын және ұтыс ойынын өткізу арқылы лотереяға қатысушылар арасында бөлінетін ақша және (немесе) өзге де мүлік;
      5) жүлде қорының ұтыс ойыны - лотерея операторы лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар таратылғаннан, лотерея мөлшерлемелері қабылданғаннан кейін өткізетін және жеңімпазды (жеңімпаздарды) анықтауға бағытталған процесс;
      6) лотереяны өткізуге арналған келісімшарт (бұдан әрі - келісімшарт) уәкілетті орган мен лотерея операторы арасында осы Заңға сәйкес жасалатын, лотереяны өткізуге арналған шарт;
      7) лотереяны өткізуге құқығын беруге арналған конкурс (бұдан әрі конкурс) - осы Заңға сәйкес уәкілетті орган ұйымдастыратын және өткізетін лотерея операторын таңдау әдісі;
      8) конкурс өткізу жөніндегі комиссия - лотереяны өткізу құқығын беруге конкурс өткізу және оның жеңімпазын анықтау мақсатында уәкілетті органы құратын алқалы орган;
      9) конкурстық құжаттама - конкурсқа қатысуға өтінім дайындау үшін әлеуетті операторға ұсынылатын және конкурсты өткізу шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді қамтитын құжаттама;
      10) лотерея - осы Заңға, лотереяны өткізу шарттарына және, егер ол лотереяны өткізу шарттарына сәйкес ұтты деп танылса, бір тарап (лотерея операторы) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізетін, ал екінші тарап (лотереяға қатысушы) ұтысқа құқық алатын шартқа сәйкес өткізілетін ойын. Коммерциялық ұйымдардың тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) сатуын ынталандыруға бағытталған жүлделердің ұтысы лотерея болып табылмайды;
      11) лотерея агенті - лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды таратуды (өткізуді), лотерея мөлшерлемелерін қабылдауды, ұтысты лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды тексеруді, сондай-ақ лотерея операторымен жасасылған шарт негізінде ұтыстарды төлеуді, беруді, ұсынуды жүзеге асыратын лотерея операторының қызметкері, дара кәсіпкер және (немесе) заңды тұлға;
      12) лотерея ақпаратын өңдеу орталығы - байланыс желілеріне қосылған және өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, қабылданған лотерея мөлшерлемелері және заттай түрде төленген, берілген немесе ұсынылған ұтыстар және оны лотерея операторынан уәкілетті органға беру туралы ақпаратты алуға, сақтауға және есепке алуға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
      13) лотерея билеті, түбіртек немесе өзге де құжат - лотереяны өткізу шарттарында көзделген, лотерея шарттарында белгіленген тәртіппен лотереяға қатысушыны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін және лотереяға қатысуға құқықты куәландыратын және лотерея операторы мен лотереяға қатысушы арасында жасалған шартты растайтын жазбаша нысандағы және (немесе) сонымен бірдей ұқсас электрондық цифрлық нысандағы құжат;
      14) лотерея жабдығы - тираждық лотереяда ұтыс ойынын өткізуге арналған құрылғы немесе құрылғылар (кездейсоқ сандардың генераторы, механикалық, электрлік, электрондық немесе өзге де техникалық құрылғылар);
      15) лотерея комбинациясы - лотереяны өткізу шарттарында көзделген, жеңімпазды (жеңімпаздарды), ұтыстың бар-жоғын және мөлшерін айқындауға мүмкіндік беретін нышандар (жазбалар, сандар, белгілер, суреттер) жиынтығы;
      16) лотереяға қатысушы - жүлде қорының ұтыс ойынына қатысуға  құқық беретін лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты иеленген әрекетке қабілетті жеке тұлға;
      17) лотерея операторы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты әрекет ететін, осы Заңға сәйкес лотерея өткізуге құқық алған және уәкілетті органмен келісімшарт жасаған коммерциялық заңды тұлға;
      18) лотереяны өткізу - лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды дайындаушымен, лотереялық және лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де жабдықтарды, бағдарламалық өнімдерді дайындаушымен шарттар (келісімшарттар) және (немесе) лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де шарттарды (келісімшарттарды) жасауды, лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды тарату мен есепке алуды, жүлде қорын ойнатуды, ұтысты лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға сараптама жасауды, лотереяға қатысушыларға ұтыстарды төлеуді, беруді немесе ұсынуды, лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де әрекеттер мен шараларды жүзеге асыруды қамтитын іс-шараларды жүзеге асыру;
      19) лотерея мөлшерлемесі - ақысы төленген бір лотерея комбинациясының құны;
      20) лотерея терминалы - лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды өткізуге және (немесе) лотерея мөлшерлемелерін қабылдауға (лотерея комбинациясын (комбинацияларын) таңдауға не енгізуге) және лотерея мөлшерлемесінің (мөлшерлемелерінің) тіркелгенін растайтын, лотереяны өткізу шарттарында көзделген құжатты беруге арналған жабдық. Лотерея терминалы, сондай-ақ төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды ескере отырып, ұтыстарды төлеуді жүзеге асыру мүмкіндігін көздей алады;
      21) лотереяны өткізуге арналған модельдік келісімшарт - уәкілетті органы бекітетін және конкурстың жеңімпазымен келісімшарт жобасын әзірлеуге негіз ретінде пайдаланатын лотереяны өткізуге арналған үлгілік келісімшарт;
      22) лотереядан аударым - лотереяны өткізуден түскен түсімнің осы Заңның 26-бабында көзделген тәртіппен жіберілетін бір бөлігі;
      23) лездік лотерея - ұтыстарды айқындауға мүмкіндік беретін ақпарат лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға оларды дайындау сатысында және олар лотереяға қатысушылар арасында таратылғанға дейін салынатын ұлттық лотерея түрі. Лездік лотереяны өткізу кезінде мұндай лотереяға қатысушы лотереяға қатысу үшін төлем енгізгеннен кейін тікелей өз ұтысының барын және мөлшерін немесе оның жоқтығын айқындайды;
      24) талап етілмеген жүлде қоры - лотереяны өткізу шарттарында белгіленген мерзімде талап етілмеген ақшалай ұтыстар, оның ішінде заттай ұтыстың ақшалай баламалары;
      25) тираж - өткізілген лотерея билеттерінің, түбіртектердің немесе өзге де іс-құжаттардың, лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүлде қорының (жүлде қорының бір бөлігінің) ұтыс ойынына қатысатын қабылданған лотерея мөлшерлемелерінің саны;
      26) тираждық лотерея - лотереяға қатысушылар арасында жүлде қорының ұтыс ойыны лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар таратылғаннан, лотерея мөлшерлемелері қабылданғаннан кейін бір мезгілде өткізілетін және оны өткізу жеке тираждарды қамтуы мүмкін ұлттық лотерея түрі;
      27) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, Қазақстан Республикасының атынан лотереяны өткізуге арналған келісімшарттарды жасауға және орындауға байланысты құқықтарды іске асыруды және лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      28) ұлттық лотерея - ұйымдастырушысы уәкілетті орган болатын және лотерея операторы осы Заңға және оны өткізу шарттарына сәйкес өткізетін лотерея түрі;
      29) ұтыс - лотереяны өткізу шарттарымен айқындалатын, лотереяға қатысушыға ақшамен төленетін, меншігіне (заттай) берілетін немесе лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жеңімпаз деп танылған лотереяға қатысушыға ұсынылатын жүлде қорының бір бөлігі;
      30) халықаралық лотерея - Қазақстан Республикасының халықаралық шартының негізінде Қазақстан Республикасының аумағын қоса алғанда, екі және одан да көп мемлекеттің аумағында ұйымдастырылатын және өткізілетін лотерея түрі.

      2-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея
             қызметі туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта халықаралық лотереяны ұйымдастыру мен өткізудің осы Заңда қамтылатыннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар
      1. Лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар:
      1) лотереяға қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету;
      2) лотереяға қатысушылардың ұтысқа мүмкіндіктерінің теңдігін болжайтын, лотереяға қатысу шарттарының теңдігін қамтамасыз ету;
      3) тиісті лотереяны өткізу шарттарын және тираждық лотереялардың жүлде қорының ұтыс нәтижелерін міндетті түрде жариялауды болжайтын жариялылықты қамтамасыз ету;
      4) лотерея операторларының өз қызметін жүзеге асыруда заңдылықты қамтамасыз етуі болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасында осы Заңда көзделген тәртіппен ұйымдастырылатын және өткізілетін лотереялардан басқа, өзге де лотереяларды ұйымдастыру мен өткізуге тыйым салынады.
      3. Лотерея түрі деп құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізуге жол берілмейді.
      4. Уәкілетті органмен келісімшарт жасаспаған тұлғалардың лотерея өткізуіне тыйым салынады.
      5. Лотереяға қатысу туралы шарт ерікті негізде жасалады және лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты берумен, лотерея мөлшерлемесін тіркеумен, лотереяны өткізу шарттарына сәйкес ресімделеді.

      4-бап. Лотереяға қатысушылар құқықтарының кепілдіктері
      1. Лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты сатып алу азаматтық-құқықтық міндеттемелердің туындауына негіз болады, оған сәйкес лотереяға қатысушы лотерея операторынан мыналарды:
      1) лотереяны өткізу шарттарын сақтауды;
      2) лотереяны өткізу шарттарына сәйкес лотерея туралы ақпарат алуды;
      3) ұтысты төлеуді, беруді немесе ұсынуды талап етуге құқылы.
      2. Лотереяға қатысушы лотерея операторының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сот тәртібімен дау айтуға құқылы.
      3. Лотерея операторының Қазақстан Республикасының заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұтқан лотереяға қатысушы туралы мәліметтерді, егер оның жазбаша келісімі алынбаса, жария етуге құқығы жоқ.
      4. Уәкілетті орган келісімшарттың қолданысын тоқтата тұрған немесе оны бұзған жағдайда, лотерея операторы лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды таратуды, лотерея мөлшерлемелерін қабылдауды тоқтатуға, бұл туралы лотереяға қатысушыларды мерзімді баспасөз басылымдары арқылы және лотерея операторының интернет-ресурсында хабардар етуге, үш ай ішінде ұтыс ойыны өткізілген тиісті лотерея бойынша ұтыстарға төлем жүргізуге, беруге немесе ұсынуға және жүлде қорының ұтыс ойыны өткізілмеген, сатылған лотерея билеттері, түбіртектері немесе өзге де құжаттар үшін ақшаны қайтаруға міндетті.

      5-бап. Лотереялардың түрлері
      1. Лотерея оны өткізу аумағына қарай ұлттық және халықаралық болып бөлінеді.
      2. Ұлттық лотерея оны өткізу тәсіліне қарай:
      1) лездік лотереяға;
      2) тираждық лотереяға;
      3) аралас лотереяға бөлінеді.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген лотереяның әрбір түріне қатысты бір ғана лотерея операторымен келісімшарт жасасуға жол беріледі.

2-тарау. Лотереялар және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеу

      6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
      2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен  және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды атқарады.

      7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
      1. Уәкілетті орган:
      1) лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
      2) лотерея қызметі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      3) лотереяны өткізу құқығын беруге конкурс өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      4) лотереяны өткізуге арналған модельдік келісімшартты әзірлейді және бекітеді;
      5) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді;
      6) конкурс өткізу жөніндегі комиссияның құрамын және ол туралы ережені бекітеді;
      7) конкурстық құжаттаманы әзірлейді және конкурс өткізуді ұйымдастырады;
      8) конкурстың жеңімпазымен келісімшарт жасасады және мұндай келісімшарттың сақталуын қамтамасыз етеді;
      9) лотерея операторларының келісімшарт талаптарын орындауына мониторингті жүзеге асырады және бақылайды;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. Лотереяны өткізу

      8-бап. Лотерея операторларына қойылатын жалпы талаптар
      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты жұмыс істейтін коммерциялық заңды тұлға ғана лотерея операторы бола алады.
      2. Лотерея операторы лотерея өткізуден басқа кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқылы емес.
      3. Лотерея операторының жарғылық капиталы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің үш жүз мың еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс.
      Конкурсқа қатысу кезінде жарғылық капитал толық көлемде қалыптастырылуға және тек қана ақшамен төленуге тиіс.
      4. Мыналар лотерея операторы ретінде әрекет ете алмайды:
      1) құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) үлестес тұлғалары уәкілетті орган басшыларының және (немесе) конкурс өткізу жөніндегі комиссия мүшелерінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары болып табылатын заңды тұлғалар;
      2) экономика саласындағы қылмысы үшін не ауырлығы орташа қасақана қылмысы, ауыр қылмысы, аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы бар және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалар тізбесіне енгізілген тұлғалар құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) үлестес тұлғалары болып табылатын заңды тұлғалар;
      3) атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган борышкерлердің тиісті тізіліміне енгізген заңды тұлғалар;
      4) қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған заңды тұлғалар;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар тізбесіне енгізілген заңды тұлғалар.
      5. Лотерея операторы келісімшарт шеңберінде лотереялардың шектеусіз санын өткізуге құқылы. Тираждық лотерея тираждарының саны шектелмейді.
      6. Лотерея операторы лотереяны лотерея операторы болып табылмайтын басқа тұлғамен бірлесіп өткізе алмайды.

      9-бап. Лотереяны өткізу үшін пайдаланылатын жабдыққа
             қойылатын талаптар
      1. Лотерея терминалдары лотерея операторына немесе лотерея агентіне меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі болуға тиіс.
      Лотерея терминалдары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексіне) сәйкес модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген бақылау-кассалық машиналармен жарақтандырылуға тиіс.
      2. Лотереяны өткізу үшін пайдаланылатын лотерея ақпаратын өңдеу орталығы Қазақстан Республикасының аумағында орналасуға тиіс.
      Лотерея ақпаратын өңдеу орталығы ақпаратты жоғалудан, ұрланудан, бұрмаланудан, жалған ақпарат жасаудан, санкцияланбаған қолжетімділіктен және оны жою, модификациялау, көшіру жөніндегі заңсыз әрекеттерден және осыған ұқсас әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
      Лотерея операторы айына кемінде бір рет есептілікті жинауды, қалыптастыруды және лотерея ақпаратын өңдеу орталығына жіберуді қамтамасыз етуге тиіс.
      Лотерея операторы лотерея ақпаратын өңдеу орталығының уәкілетті органда орналасуын және осындай орталықтың тиісті жұмысына қажетті ақпаратты (деректерді) уақтылы ұсынуды қамтамасыз етуі тиіс.
      3. Лотерея жабдығының техникалық сипаттамалары жүлде қорын ұтыс ойынына салу кезінде ұтыстарды бөлудің кездейсоқ болмауын қамтамасыз етуге тиіс.
      4. Лотерея жабдығының жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу нәтижелерін осындай ұтыс ойыны басталғанға дейін алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін жасырын мүмкіндіктері және (немесе) рәсімдері мен алгоритмдері болмауға тиіс.
      5. Лотерея жабдығы лотерея мөлшерлемесін қабылдауды қамтамасыз етпеуге тиіс, сондай-ақ лотерея терминалдарымен байланыс желісі арқылы байланыстырылмауға тиіс.

      10-бап. Лотереяны өткізу шарттары
      1. Лотереяны өткізу шарттарын лотерея операторы әзірлейді және бекітеді.
      2. Лотереяны өткізу шарттарында мынадай мәліметтер:
      1) лотереяның атауы;
      2) лотереяның түрін көрсету;
      3) орналасқан жері, банктік деректемелері, бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетілген лотерея операторының атауы;
      4) лотереяны өткізу мерзімдері;
      5) лотерея тұжырымдамасының сипаттамасы;
      6) лотереяның ұйымдастырушылық-технологиялық сипаттамасы;
      7) лотереяға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері;
      8) ұтыстарды алу тәртібі мен мерзімдері, оның ішінде бұл мерзімдер аяқталған соң алу тәртібі, сондай-ақ ұтыстық лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға сараптама  жүргізу мерзімдері;
      9) лотереяға қатысушыларды лотереяға қатысу қағидалары және жүлде қорын ұтысқа салу нәтижелері туралы хабардар ету тәртібі;
      10) лотерея билеттерін, түбіртіктерді немесе өзге де құжаттарды  тарату, лотерея мөлшерлемесін қабылдау тәртібі;
      11) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың бағасы (лотерея мөлшерлемесінің мөлшері);
      12) заттай ұтыстардың (бар болса) ақшалай баламалары;
      13) жүлде қорының жоспарланып отырған мөлшері;
      14) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу тәртібі, ұтыстарды айқындау алгоритмі, бір тираждан келесі тиражға өтетін бас жүлдені (бар болса) ұтысқа салу қағидалары қамтылуға тиіс.
      3. Лотерея операторы өзі бекіткен лотереяны өткізу шарттарының тұпнұсқа данасын оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей уәкілетті органға жіберуге міндетті.
      4. Лотерея операторы лотереяны өткізу шарттарын оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік бір күннен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

      11-бап. Жүлде қорын қалыптастыру және бөлу
      1. Лотерея операторы лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды өткізуден және (немесе) нақты лотерея мөлшерлемесін алудан түскен кіріс сомасының кемінде елу пайызы мөлшерінде жүлде қорын қалыптастыруды қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Жүлде қоры лотереяны өткізу шарттарына сәйкес қалыптастырылады. Жүлде қоры актив немесе лотерея операторының меншігі болып табылмайды.
      3. Тираждық лотереяның жүлде қоры оны ұтыс ойынына салу басталғанға дейін қалыптастырылады.
      4. Лотереяға қатысушылар алдындағы ұтыстарды төлеу, беру немесе ұсыну жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, жүлде қорына қандай да бір міндеттемелермен ауыртпалық салуға, сондай-ақ жүлде қорының қаражатын ұтыстарды төлеуден, беруден немесе ұсынудан басқа мақсатта пайдалануға лотерея операторына тыйым салынады. Жүлде қорынан лотерея операторының өзге міндеттемелері бойынша өтем алуға болмайды.
      5. Жүлде қорын (бас жүлдені) бірнеше тираж бойына жинақтап қалыптастыру қағидаты өткізу шарттарында пайдаланылатын тираждық лотереяны қоспағанда, тираждық лотереяның жүлде қоры оған қатысы бар тираж шеңберінде толығымен ұтысқа салынуға тиіс.
      6. Ұтыстарды төлеу, беру немесе ұсыну лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ұтыстарды төлеу, беру немесе ұсыну тиісті тираж өткізілгеннен кейін отыз күн мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылуға және осы тираждың (жүлде қорын ұтысқа салудың) нәтижелері жарияланған кезден бастап кемінде алты ай бойы жалғасуға тиіс. Бұл мерзім аяқталған соң талап етілмеген ұтыстар бойынша наразылықтар лотереяны өткізу шарттарында көзделген тәртіппен қабылданады.
      7. Талап етілмеген жүлде қоры келесі ойналатын лотереяның жүлде  қорын қалыптастыру үшін пайдаланылады.

      12-бап. Лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де
              құжаттарға қойылатын талаптар
      1. Лотерея билеттерінде, түбіртектерде немесе өзге де құжаттарда мынадай міндетті ақпарат:
      1) лотереяның атауы;
      2) лотерея операторының атауы, орналасқан жері, телефон нөмірлері және ақпарат-ресурсы;
      3) тираждың нөмірі немесе атауы (тираждық лотереялар үшін);
      4) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың нөмірі;
      5) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың бағасы;
      6) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу күні мен орны (тираждық лотерея үшін);
      7) ұтысты алу орны мен мерзімдері туралы деректер қамтылуға тиіс.
      2. Лотерея билеттеріндегі, түбіртектердегі немесе өзге де құжаттардағы ақпарат Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптарына сай болуға тиіс.

      13-бап. Жүлде қорының ұтыс ойынын өткізуге қойылатын
              талаптар
      1. Лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынына өткізу лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тираждық лотереяның жүлде қорын ұтыс ойынына салу өз ұтысын анықтау мақсатында осы ұтыс ойынында лотереяға қатысушы ақысын төлеген лотереялық комбинациямен салыстыруға тиіс ақпаратты лотереяны өткізу шарттарында көзделген кездейсоқ генерациялау арқылы лотерея жабдығымен жүзеге асырылады.
      3. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу кезінде лотерея операторы құрамында кемінде үш адам болатын тираждық комиссия құрады.
      Тираждық комиссияның құрамына лотерея операторының өкілі және қоғамдық бірлестіктердің (өзге де коммерциялық емес ұйымдардың) кемінде екі өкілі енгізілуге тиіс.
      4. Тираждық комиссияның міндеттері:
      1) тираждың ұтыс ойынына қатысатын лотерея билеттерінің, түбіртектердің немесе өзге де құжаттардың және (немесе) тіркелген лотерея мөлшерлемелерінің санын растау;
      2) тиражды өткізу нәтижелерін растау.
      Тиражды өткізу нәтижелерін растау тираждық комиссия мүшелерінің тираждық комиссия хаттамасына және тиражды өткізу нәтижелерінің ресми кестесіне қол қою арқылы тіркеледі.
      5. Лотереяның операторы ұтыстарды айқындау рәсімін көрсете отырып, тираждық лотереяның ұтыс ойынын телеаранада тікелей эфирде трансляциялауды немесе өзге де тәсілмен ұйымдастырылған (мұндай тәсіл мәлімделген жағдайда) трансляциялауды қамтамасыз етеді.
      6. Әрбір тираждың және лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар бойынша тираждық лотерея ұтыстарының нәтижелерін лотерея операторы көрсетілген ұтыс ойыны өткізілген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында немесе он екі сағат ішінде лотерея операторының интернет-ресурсында жариялауға тиіс.
      Ақпаратта өткізілген лотерея билеттерінің, түбіртектердің немесе өзге де құжаттардың, тіркелген лотерея мөлшерлемесінің саны міндетті түрде көрсетіледі.
      7. Тираждық лотереяны өткізу тоқтатылған жағдайда, оның жүлде қоры бас жүлдені қоса алғанда, толық ойнатылуға тиіс.
      8. Лездік лотереяның жүлде қорының ұтыс ойыны:
      1) лотереяға қатысушының лотерея билетінде, түбіртекте немесе өзге де құжатта салынған жасырын лотереялық комбинацияны дайындау кезеңінде оны анықтаудан;
      2) лотереяға қатысушы анықтаған ақпаратты лотереяны өткізу шарттарымен салыстырып-тексеруден тұрады.
      9. Лездік лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу нәтижелерін мұндай ұтыс ойыны басталғанға дейін алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін рәсімдер мен алгоритмдерді пайдалануға тыйым салынады.

      14-бап. Лотереяны тарату
      1. Лотерея операторы лотереяларды тарату үшін лотерея агенттерін тартуға құқылы.
      2. Лотерея агенті мынадай функцияларды орындайды:
      1) лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды өткізеді;
      2) лотереяға қатысушылардан лотереялық мөлшерлемелер қабылдауды жүзеге асырады және оларды лотерея операторына береді;
      3) лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды тексеруді жүзеге асырады;
      4) ұтыстарды лотерея жеңімпаздарына лотереяны өткізу шарттарында көзделген жағдайларда төлейді, береді,.ұсынады;
      5) өткізілген лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, қабылданған лотерея мөлшерлемелері мен түсімдер туралы есеп жүргізеді және есептілікті лотерея операторына ұсынады;
      6) азаматтардың лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды сатып алуына, лотерея мөлшерлемелерін жүзеге асыруына және ұтыстарды алуына еркін қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
      7) лотереяны көпшілікке таратуды жүргізеді және лотореяны өткізу шарттарын түсіндіреді;
      8) лотерея агенті мен лотерея операторы арасында жасалған лотереяны тарату туралы шартта айқындалған басқа да функцияларды орындайды.
      3. Лотерея агенттері лотерея операторының қызметкері болып табылатын лотерея агенттерін қоспағанда, лотерея операторымен жасалған шарттар болған кезде лотереяны таратуды жүзеге асыруға құқылы.
      4. Лотерея агентінің лотереядарды тарату туралы шартпен берілген лотореяларды тарату жөніндегі өкілеттіктерді үшінші тұлғаларға беруге құқығы жоқ.
      Лотерея агенттері лотерея операторы белгілеген лотереядағы лотерея мөлшерлемесінің мөлшерін және (немесе) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың бағасын өзгерте алмайды.
      5. Лотерея агенттерінің лотерея операторларымен жасалған шарттарға сәйкес лотереяларды таратуына қандай да бір рұқсаттар талап етілмейді.
      6. Лотереяны тарату Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен жүзеге асырылады. Лотерея агенттері мұндай қызмет үшін орындарды өз бетінше таңдайды.
      7. Лотерея операторы дайындаушыдан немесе лотерея агенті лотерея операторынан алынған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге құжаттар лотереяға қатысушыларға өткізілетін уақытқа дейін жиырма төрт сағаттан кем уақыт қалса, оларды өткізуге рұқсат етілмейді.
      8. Егер лотерея агенті мен лотерея операторы арасында жасалған келісімде өзгеше белгіленбесе, лотерея агенттерінің лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін лотерея операторы жауапты болмайды.

4-тарау. Лотереяны өткізу құқығын беруге конкурс өткізу

      15-бап Конкурс өткізу шарттары
      1. Конкурс өткізу туралы және оны өткізу тәртібі туралы хабарлама Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында  Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптары ескеріле отырып жарияланады.
      Барлық әлеуетті операторлар конкурсқа қатысуға өтінім берудің соңғы мерзімінен кешіктірмей конкурс өткізу тәртібіне байланысты ақпарат алуға құқылы.
      2. Конкурсты өткізу туралы хабарламада мыналар:
      1) уәкілетті органның атауы, орналасқан жері, пошталық мекенжайы, интернет-ресурсы және байланыс телефонының нөмірі;
      2) конкурстың нысанасы;
      3) конкурсты өткізудің уақыты мен орны, сондай-ақ өтінім беру мерзімі;
      4) конкурстың негізгі шарттары;
      5) лотереядан аударымдар төлеу есебінен аванстық төлемнің бастапқы мөлшері;
      6) осы Заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес лотереядан аударымды төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етудің ең төменгі мөлшері;
      7) келісімшарттық міндеттемелерді тиісінше орындау үшін әлеуетті оператордың қаржы салымдарының ең төменгі мөлшері;
      8) конкурстық құжаттаманы ұсыну тәртібі қамтылуға тиіс.
      3. Конкурсқа қатысуға өтінім беру үшін әлеуетті операторға берілетін мерзім конкурс өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап бір айдан кем болмауы тиіс.

      16-бап. Конкурсқа қатысуға өтінім беру
      1. Конкурсқа қатысуға өтінім мыналарды:
      1) әлеуетті оператор лотерея өткізу құқығын беруге конкурс өткізу қағидаларында белгіленген нысан бойынша толтырған және қол қойған конкурсқа қатысуға өтінімді;
      2) осы Заңның 8-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды;
      3) әлеуетті оператор ұсынған лотереядан аударымдарды төлеу есебіне аванстық төлемді толық көлемде төлеу міндеттемелерін орындау мүмкіндігін растайтын құжаттарды (жеке қаражаты, банк кепілдігі);
      4) әлеуетті оператор келісімшарттық міндеттемелерді тиісінше орындау үшін қаржы салымдарының мөлшерін, лотерея өткізуді бастаудың ең аз мерзімін және лотерея өткізу басталған сәтте тарату орнының ең көп санын, лотерея желісін жасау сызбасын, пайдалану жоспарланған лотерея жабдығының сипаттамасын, жоспарланып отырған түсімнің есебін және лотереядан аударымдардың болжанатын сомасын қамтитын лотерея өткізудің бизнес-жоспарын;
      5) әлеуетті оператор қол қойған, мөрленген және зақымдалмаған конвертте лотерея өткізу құқығын беру үшін лотереядан аударымдарды төлеу есебіне аванстық төлем ұсынысын;
      6) әлеуетті оператордың бірінші басшысын тағайындау (сайлау) туралы құжаттың түпнұсқасын немесе нотариалдық куәландырылған көшірмесін;
      7) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың нотариалдық куәландырылған көшірмесін;
      8) құрылтайшылар туралы мәліметті қамтитын құжатты заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген жарғының нотариалдық куәландырылған көшірмесі, үлгілік жарғының негізінде тіркелген заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаны тіркеу туралы белгіленген нысандағы өтініштің көшірмесі, хабарлама жарияланған күнге дейін күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде берілген акцияларды ұстаушылар тізілімінен көшірме үзіндінің түпнұсқасы немесе нотариалдық куәландырылған көшірмесі, хабарлама жарияланған күнге дейін күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде берілген серіктестікке қатысушылар тізілімінен көшірме үзіндінің түпнұсқасы немесе нотариалдық куәландырылған көшірмесі;
      9) әлеуетті оператордың жарғысына сәйкес әлеуетті оператор атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқылы әлеуетті оператордың бірінші басшысын қоспағанда, әлеуетті оператордың мүддесін білдіретін адамға (адамдарға) конкурсқа қатысуға берілген өтінімде қамтылған өтініш пен құжаттарға қол қою құқығы берілген сенімхаттың түпнұсқасын немесе нотариалдық куәландырылған көшірмесін;
      10) осы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес әлеуетті оператор әзірлеген тиісті лотереяны өткізу шарттарының жобасын;
      11) әлеуетті оператордың үлестес адамдары туралы мәліметті қамтитын құжатты;
      12) осы Заңның 8-бабында көзделген шектеулерді бұзудың жоқтығы  туралы әлеуетті оператордың растауын;
      13) әлеуетті оператордың осы Заңның 8-бабында көрсетілген фактілер айқындалған жағдайда, осы Заңда белгіленген тәртіппен келісімшартты бұзуға келісімін;
      14) әлеуетті оператордың уәкілетті органға әлеуетті операторды конкурс жеңімпазы деп жариялаған және онымен келісімшарт жасалған жағдайда, осы Заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес лотереядан аударымды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету есебіне банктік кепілдік беру міндеттемесін;
      15) әлеуетті оператор қол қойған ұсынылатын құжаттардың тізімдемесін қамтуға тиіс.
      Өтінімге өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың түпнұсқалары және (немесе) тиісінше куәландырылған құжаттар қоса беріледі.
      2. Әлеуетті оператордың конкурсқа қатысуға өтінімінде қамтылған міндеттемелері мен ұсыныстары ол конкурс жеңімпазы деп жарияланған жағдайда лотереяны өткізу келісімшартына қосылады.

      17-бап. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ашу
      1. Конкурс өткізу жөніндегі комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімде, уақытта және орында ашады.
      2. Конкурсқа қатысуға өтінім салынған әрбір конвертті ашу кезінде конкурс өткізу жөніндегі комиссия конкурсқа қатысуға өтінімде қамтылған құжаттар мен материалдардың тізбесі туралы ақпаратты жариялайды.
      3. Конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті оператор және (немесе) оның уәкілетті өкілі конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде аудиожазба немесе бейнетүсірілім жүргізу құқығымен қатысуға құқылы.
      Конкурс өткізу жөніндегі комиссия отырысына қатысушы адамдардың конкурс өткізу жөніндегі комиссияның қызметіне араласуға құқығы жоқ.
      4. Конкурс өткізу жөніндегі комиссия конкурсқа қатысуға арналған өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті хаттама жасайды.
      Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына конкурс өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы мен қатысып отырған барлық мүшелері, сондай-ақ конкурс өткізу жөніндегі комиссияның хатшысы қол қояды.
      5. Уәкілетті орган конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей өз интернет-ресурсында конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасының қол қойылған мәтінін жариялауға міндетті.
      Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасында қамтылған және уәкілетті органның интернет-ресурсында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып орналастырылған мәліметтер, барлық мүдделі адамдар ақы төлемей танысуы үшін қол жетімді болуға тиіс.

      18-бап. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қарау,
              конкурсқа қатысуға жіберу
      1. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қарауды конкурс өткізу жөніндегі комиссия осы Заңның және конкурстық іс-құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті операторларды анықтау және оларды конкурсқа қатысушылар деп тану мақсатында жүзеге асырады.
      2. Әлеуетті оператор, егер:
      1) ол осы Заңның 8-бабының талаптарын бұзса;
      2) оның конкурсқа қатысуға өтінімі осы Заңның және (немесе) конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейді деп анықталса;
      3) ол берген мәліметтер дәйексіз болып табылса, конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
      3. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша конкурс өткізу жөніндегі комиссия:
      1) осы Заңның және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті операторларды анықтайды және оларды конкурсқа қатысушылар деп таниды;
      2) конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттаманы ресімдейді.
      4. Конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттамаға конкурс өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы мен қатысып отырған барлық мүшелері, сондай-ақ конкурс өткізу жөніндегі комиссияның хатшысы әлеуетті операторларды конкурсқа қатысуға жіберу (конкурсқа қатысушылар деп тану) туралы шешім қабылдаған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.
      5. Уәкілетті орган конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей өз интернет-ресурсында әлеуетті операторларды конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттаманың қол қойылған мәтінін жариялауға міндетті.
      Әлеуетті операторларды конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттамада қамтылған және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған мәліметтер барлық мүдделі адамдар ақы төлемей танысуы үшін қол жетімді болуға тиіс.
      6. Конкурсқа қатысуға жіберуден бас тартуға сот тәртібімен шағымдануға болады.

      19-бап. Конкурс қорытындыларын шығару
      1. Конкурсқа қатысуға жіберілген өтінімдерді конкурс өткізу жөніндегі комиссия мынадай критерийлерді:
      1) лотереядан аударымдарды төлеу есебіне аванстық төлемнің мөлшерін (бұл ретте өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде аталған критерийдің маңыздылығы отыз пайызды құрайды);
      2) әлеуетті оператордың келісімшарттық міндеттемелерді тиісінше орындауы үшін қаржы салымдарының мөлшерін (бұл ретте өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде аталған критерийдің маңыздылығы он бес пайызды құрайды);
      3) лотереядан аударымдардың болжанатын сомасын (бұл ретте өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде аталған критерийдің маңыздылығы он бес пайызды құрайды);
      4) әлеуетті оператор осы Заңның 16-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес уәкілетті органға беруге міндетті банк кепілдігінің мөлшерін (бұл ретте аталған өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде аталған критерийдің маңыздылығы отыз пайызды құрайды);
      5) лотереяны өткізуді бастаудың ең төменгі мерзімін (бұл ретте өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде аталған критерийдің маңыздылығы бес пайызды құрайды);
      6) лотереяны өткізу басталған сәттегі тарату орындарының ең көп санын (бұл ретте өтінімдерді бағалау және салыстыру кезінде аталған критерийдің маңыздылығы бес пайызды құрайды) ескере отырып бағалайды және салыстырады.
      2. Лотерея өткізудің үздік шарттарын ұсынған әлеуетті оператор конкурс жеңімпазы деп танылады.
      Егер конкурсқа қатысуға арналған бірнеше өтінімде лотореяны өткізу шарттары бірдей болса, конкурсқа қатысуға өтінімді бұрын берген әлеуетті операторы жеңімпаз деп танылады.
      3. Конкурс қорытындыларын шығару мерзімі өтінім берілген мерзім аяқталған күнінен бастап отыз жұмыс күнінен аспауы тиіс. Конкурс қорытындыларын шығару мерзімін конкурс өткізу жөніндегі комиссияның дәлелденген шешімімен, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
      Конкурс қорытындыларын шығару туралы хаттамаға конкурс өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы мен қатысып отырған барлық мүшелері, сондай-ақ конкурс өткізу жөніндегі комиссияның хатшысы конкурс қорытындысы шығарылған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.
      4. Конкурс нәтижелері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын ресми баспа басылымдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында Қазақстан Республикасының тілдер туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, конкурс қорытындысын шығару туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жарияланады.
      5. Конкурс қорытындыларына әлеуетті (және) оператор (операторлар) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте шағым жасай алады.
      6. Конкурс жеңімпазымен осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда келісімшарт жасалады.

      20-бап. Конкурсты өтпеді деп танудың тәртібі мен
              негіздемесі
      1. Конкурс өткізу жөніндегі комиссия:
      1) өтінім екеуден аз берілген;
      2) конкурсқа қатысуға екеуден аз әлеуетті оператор жіберілген жағдайларда, конкурсты өтпеді деп таниды.
      2. Конкурсты өтпеді деп тану туралы хаттамаға конкурс өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы мен қатысып отырған барлық мүшелері, сондай-ақ конкурс өткізу жөніндегі комиссияның хатшысы конкурс өтпеді деп танылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.
      3. Конкурсты өтпеді деп тану туралы хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын ресми баспа басылымдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында Қазақстан Республикасының  тіл туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, конкурсты өтпеді деп тану туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жарияланады.

      21-бап. Конкурсты қайта өткізу тәртібі мен негіздемесі
      1. Конкурс өтпеді деп танылған жағдайда, уәкілетті орган:
      1) конкурсты қайта өткізу туралы;
      2) конкурстық құжаттаманы өзгерту және конкурсты қайта өткізу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      2. Қайталама конкурс осы Заңда конкурс өткізу үшін көзделген тәртіппен өткізіледі. Қайтадан конкурс өткізу туралы хабарлама Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, қайтадан конкурс өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, бірақ қайтадан өткізілетін конкурсқа қатысуға өтінім берудің соңғы күніне дейін кемінде күнтізбелік он күн қалғанда жариялауға тиіс.
      3. Егер уәкілетті органның осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қабылдауы лотерея өткізуге арналған келісімшарт жасасуға әкелмеген жағдайда, уәкілетті орган әлеуетті оператор берген өтінімде көрсетілген шарттарда өтінімі конкурсқа қатысуға жіберілген жалғыз әлеуетті оператормен келісімшарт жасау туралы шешім қабылдауға құқылы.

      22-бап. Конкурсты жарамсыз деп тану
      1. Осы Заңда және лотерея өткізу құқығын беруге конкурс өткізу қағидаларында белгіленген талаптар бұзыла отырып өткізілген конкурс мүдделі тұлғаның талап арызы бойынша сот шешімінің негізінде жарамсыз деп танылуы мүмкін.
      2. Мыналар:
      1) осы Заңда және лотерея өткізу құқығын беруге конкурс өткізу қағидаларында белгіленген, конкурс жеңімпазын анықтауға ықпал еткен конкурс өткізу тәртібін бұзу;
      2) уәкілетті органға оның конкурс жеңімпазы туралы шешіміне ықпал өткен дұрыс емес және (немесе) көрінеу жалған ақпарат беру фактісінің анықталуы;
      3) конкурс жеңімпазы деп танылған әлеуетті оператордың келісімшарт жасасқан күнге дейін қатысушылар не акционерлер құрамын өзгертуі;
      4) конкурс өткізу жөніндегі комиссия мүшелерінің конкурста жеңімпаз деп танылған әлеуетті операторға басқа әлеуетті операторлар алдында заңсыз артықшылық беру және (немесе) шарттарды ырықтандыру фактісінің белгілі болуы конкурсты жарамсыз деп тануға негіздеме болып табылады.
      3. Конкурс келісімшарт жасалған кезге дейін жарамсыз деп танылған жағдайда келісімшарт жасалмайды. Конкурс келісімшарт жасалғаннан кейін жарамсыз деп танылған жағдайда, конкурс жеңімпазымен жасалған келісімшарт та жарамсыз деп танылады.
      4. Конкурс осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша жарамсыз деп танылған жағдайда, мұндай конкурстың жеңімпазы болып жарияланған әлеуеттік оператор лотереядан аударымды төлеу есебіне төленген аванстық төлемді кері қайтаруды талап етуге құқылы.
      5. Осы баптың 2-тармағы 3) тармақшасының ережесі:
      1) акцияларды немесе акцияларға меншік құқығын растайтын өзге бағалы қағаздарды не конкурс жеңімпазы деп танылған заңды тұлғаны ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымдағы акцияларына айырбасталатын бағалы қағаздарды иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасау;
      2) конкурс жеңімпазы деп танылған заңды тұлғаға қатысу үлесін (акциялар пакетін) мұндай заңды тұлғалардың әрқайсында қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама бір ғана тұлғаға тиесілі болса, сондай-ақ егер қатысу үлесін (акциялар пакетін) сатып алушы мемлекетте салық жеңілдігімен тіркемеген болса, басқа заңды тұлғаның пайдасына беру;
      3) егер мұндай берудің нәтижесінде тұлға конкурс жеңімпазы деп танылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) кемінде 0,1 пайызына тікелей немесе жанама (үшінші тұлға арқылы) иелік ету құқығын иемденсе, конкурс жеңімпазы деп танылған заңды тұлғаға қатысу үлесін (акциялар пакетін) беру жағдайларында қолданылмайды.

5-тарау. Лотерея өткізуге арналған келісімшарт

      23-бап. Келісімшартты жасау, өзгерту, бұзу және оның
              қолданылу мерзімі
      1. Келісімшарт лотереяны өткізуге арналған модельдік келісімшарттың негізінде әзірленеді және оған тараптар конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей қол қоюға тиіс.
      Егер келісімшарт конкурс жеңімпазының кінәсінен белгіленген мерзімде жасалмаған болса, соңғысы өзінің келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, бұл ретте ол шеккен шығындар өтеуге жатпайды.
      2. Келісімшарт тараптар қол қойған кезден бастап күшіне енеді.
      3. Уәкілетті орган лотерея өткізуге арналған келісімшарттардың сақталуын қамтамасыз етеді.
      4. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, тараптардың келісімі бойынша келісімшартты өзгертуге болады.
      Қазақстан Республикасының Заңнамасында және (немесе) келісімшартта көзделген негіздемелер бойынша және тәртіппен тараптардың бірінің талабы бойынша келісімшарттың талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға жол беріледі.
      5. Келісімшартты тараптардың келісімі бойынша уәкілетті органның бастамасымен, сот шешімі бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) келісімшартқа сәйкес келісімшарт тарапының келісімшартты орындаудан біржақты бас тартуына байланысты бұзуға жол беріледі.
      6. Келісімшарттың қолданылу мерзімі он жылды құрайды және конкурс өткізу жөніндегі комиссияның шешімі бойынша осы Заңның 24-бабында көзделген тәртіппен екі жыл мерзімге дейін ұзартылуы мүмкін.

      24-бап. Келісімшарттың қолданылуы мерзімін ұзарту
      1. Егер лотерея өткізу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде алты ай қалғанда лотерея операторы мұндай ұзартудың себептерін негіздей отырып, уәкілетті органға келісімшарттың қолданылуы мерзімін ұзарту туралы өтінішпен жүгінсе және лотерея операторының келісімшарттық  міндеттемелерді бұзуының болмауы шартымен уәкілетті орган келісімшарттың қолдану мерзімін екі жылға дейін ұзартады.
      2. Келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтініш уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап екі айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс.
      3. Келісімшарттың қолданылу мерзімі өзгерген кезде келісімшартқа тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізіледі.

6-тарау. Лотереядан аударымдар

      25-бап. Лотереядан аударымдарды төлеу есебіне аванстық
              төлемді төлеу тәртібі
      1. Лотереядан аударымдарды төлеу есебіне аванстық төлемнің бастапқы мөлшерін уәкілетті орган конкурстық құжаттамада белгілейді.
      2. Лотереядан аударымдарды төлеу есебіне аванстық төлемнің мөлшері конкурс жеңімпазы болып танылған әлеуетті оператордың өтініміне сәйкес лотерея өткізуге арналған келісімшарт белгіленеді.
      3. Конкурс жеңімпазы лотереяны өткізуге арналған келісімшартқа қол қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде лотереядан аударымдарды төлеу есебіне аванстық төлем төлейді.
      4. Уәкілетті орган лотереядан аударымдарды төлеу есебіне аванстық төлем төлеудің уақтылылығы мен толықтығын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына және лотерея өткізуге арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асырады.

      26-бап. Лотереядан аударымдар
      1. Лотерея операторы тоқсан сайын лотерея өткізуден түскен пайда мен жүлде қоры арасындағы айырмадан он пайыз мөлшерінде республикалық бюджетке лотереядан аударымдар аударуға міндетті.
      2. Лотерея операторының лотереядан аударымдарды төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындауы қайтарып алынбайтын банктік кепілдікпен қамтамасыз етілуге тиіс.
      Лотереядан аударымдарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етудің ең төменгі мөлшерін уәкілетті орган конкурстық құжаттамада белгілейді және ол әлеуетті оператор ұйғаратын лотереядан аударымдар сомасының он пайызынан кем болмауға және отыз пайызынан артық болмауға тиіс.
      Банктік кепілдік сомасы лотерея өткізуге арналған келісімшартта конкурс жеңімпазы болып танылған әлеуетті оператордың өтініміне сәйкес белгіленеді.
      Лотерея операторы банктік кепілдікті уәкілетті органға келісімшарт жасалған кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
      Лотерея операторы ұсынатын банктік кепілдіктің қолданылу мерзімі кемінде бір жыл болуға тиіс.
      Банктік кепілдіктің қолданылуы мерзімі келісімшарттың  қолданылуы мерзімі аяқталғанға дейін аяқталған жағдайда, лотерея операторы банктік кепілдіктің қолданылуы мерзімі аяқталғанға дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей осындай кепілдік берген банктен оны қолданылуы мерзімін ұзарту туралы хатты уәкілетті органға ұсынуға не жаңа банктік кепілдікті ұсынуға міндетті.

7-тарау. Жауапкершілік және бақылау

      27-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея
              қызметті туралы заңнамасын бұзғаны үшін
              жауаптылық
      Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      28-бап. Лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау
      1. Лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
      2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау  және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

8-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      29-бап. Өтпелі ережелер
      1. Осы Заңда көзделген лотерея түрлерін өткізу құқығын беру жөніндегі конкурстарды уәкілетті орган осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш айдан кешіктірмей жариялауға және өткізуге тиіс.
      2. Лотереяларды ұйымдастыру және өткізу саласында қызметті жүзеге асыратын лицензиаттар осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап алты айдан кешіктірмей өз қызметін осы Заңға сәйкес келтіруге, оның ішінде, бас жүлделерді қоса алғанда, тиісті лотереялардың жүлде қорларын толық ойнатуға, ұтыстарды төлеуді, беруді немесе ұсынуды жүргізуге және жүлде қорының ұтысы өткізілмеген, сатылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар үшін ақшаны қайтаруға міндетті.

      30-бап. Осы заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      Осы Заң күшіне енгізілген күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізілетін осы Заңның 3-бабының 2-тармағын қоспағанда, осы Заң алғаш ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады