Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы хаттаманың жобасы «Қазақстан Республикасы үшін Хаттама Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылатын болады» деген ескертпемен мақұлдансын.
2. 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 20 қарашадағы
№ 1213 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында
тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі туралы келісімге
өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесіне (бұдан әрі - Ереже) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1) «Терминдер мен ұғымдар» деген 1-бөлімде:
мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
«тауардың шығу тегі туралы құжат - тауардың шығу тегі туралы сертификат немесе тауардың шығу тегі туралы декларация;
тексеруші (верификациялаушы) орган - тауардың шығу тегі туралы құжаттарды беру негізділігін, оларда қамтылған мәліметтердің дұрыстығын бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ өндірушілердің осы Ережелерде көзделген тауарлардың шығарылған елін айқындау критерийлерін орындауын тексеруді жүзеге асыруға арналған Келісімге қатысушы мемлекет уәкілеттік берген мемлекеттік орган.»;
2) «Еркін сауда режимін ұсыну» деген 5-бөлімде 5.1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5.1 Егер:
а) тауар Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің резиденті мен Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің резиденті арасындағы шарт/келісімшарт негізінде Келісімге қатысушы мемлекеттің бірінің кедендік аумағынан әкетілсе және Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің кедендік аумағына әкелінсе. Осы Ереженің 8.5 және 8.6-тармақтарында көрсетілген жағдайларда, мұндай шарт тауар әкетілгеннен кейін жасалуы мүмкін;
б) тауарға меншік құқығы сыртқы сауда шартына/мәмілесіне сәйкес, сондай-ақ Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда Келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті болып табылатын тұлғаға тиесілі болса;
в) тауарды Келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті - жеке тұлға Келісімге қатысушы мемлекеттің бірінің кедендік аумағынан Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің кедендік аумағына (аумағынан) әкетсе (әкелсе);
г) тауар аумақтары арқылы тауарды жеткізу жүзеге асырылатын елдердің кеден органдары құжат жүзінде растаған, кедендік бақылауда тұрған немесе үшінші елдердің аумағы арқылы алып өтілетін жағдайларды қоспағанда, Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағынан шығарылмаса. Бұл ретте тауардың сақталуы мен қайта тиелуін қамтамасыз ету жөніндегі операцияларды қоспағанда, тауар өзгеріссіз жағдайда болуы тиіс және оған қандай да бір операциялар жүргізілмеуі тиіс;
д) тауар осы Ережеде белгіленген тауарлардың шығарылған елін айқындау критерийлеріне сәйкес келсе;
е) тауарға қатысты осы Ереженің 6.1 немесе 6.2-тармақтарына сәйкес тауардың шығу тегі туралы құжат ұсынылса, тауар Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарында еркін сауда режимін пайдаланады.»;
5.2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5.2. Егер осы Ереженің 5.1-тармағының (а)-(д) тармақшаларында көзделген шарттардың тым болмаса біреуі орындалмаса, уәкілетті орган өтініш берушінің (декларанттың) өтініші бойынша тауарды әкетуші елдің ұлттық заңнамасына сәйкес тауарлардың шығу тегі туралы жалпы нысандағы сертификаттар береді (СТ-1 аббревиатурасынсыз). Осы жағдайда Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарында тауардың еркін сауда режимін пайдалануы мүмкін емес»;
3) «Тауарлардың шығарылған елін растау» деген 6-бөлімде 6.2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6.2. Еркін сауда режимін ұсыну мақсатында әкелінетін тауардың шығарылған елін растайтын құжат ретінде Келісімге қатысушы мемлекетте шығарылатын және тауарлардың бір партиясында декларацияланатын мұндай тауарлардың жалпы құны 5000 (бес мың) АҚШ долларына балама сомадан аспаса, тауардың шығу тегі туралы декларация берілуі мүмкін.
Тауарлардың жалпы құны АҚШ долларынан өзгеше валютада декларацияланған жағдайда, валюта сомасын АҚШ долларымен қайта есептеу үшін әкелуші елдің ұлттық заңнамасына сәйкес кеден органы кеден декларациясын тіркеген күніндегі валюта бағамы қолданылады.
Тауардың шығарылған елін растайтын құжат ретінде тауардың шығу тегі туралы декларация берілсе және мұндай декларацияда тауардың шығарылған елі туралы мәлімделген мәліметтер дұрыс емес болып табылатынын білдіретін белгілер анықталған жағдайда, әкелуші елдің кеден органының дәлелді талабы бойынша СТ-1 нысанындағы сертификат ұсынылады.
Тауардың шығу тегі туралы құжаттарды тапсыру міндетті болып табылмайтын жағдайлар Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.
Тауардың шығу тегі туралы декларациялардың көшірмелері, сондай-ақ олармен байланысты тауардың шығу тегін растайтын кез келген құжаттар тауардың шығу тегі туралы декларация жасалған күннен бастап экспорттаушыда кемінде 3 жыл сақталады.»;
4) «Сертификат берудің қосымша жағдайлары» деген 8-бөлімде 8.1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8.1. СТ-1 нысанындағы сертификат өтініш берушінің (декларанттың) жазбаша өтініші негізінде тауар әкетілгеннен кейін берілуі мүмкін. Бұл жағдайда өтініш беруші (декларант) уәкілетті органға қосымша кеденнің тиісті белгісі бар, тауардың нақты әкетілгенін растайтын тауардың ілеспе құжатын өткізеді. Бұл ретте кеден органының белгісі сертификат берілген күнге қарағанда анағұрлым ертерек күнмен қойылуға тиіс.
Электрондық декларациялау кезінде шекараны кесіп өткені туралы кеден органының электрондық хабарламасы ұсынылуы мүмкін. Егер Келісімге қатысушы мемлекеттен тауарды әкету кезінде кедендік декларациялау қолданылмайтын болса, уәкілетті органға осындай Келісімге қатысушы мемлекеттің аумағынан тауарды жөнелту туралы куәландыратын құжаттар ұсынылады.
Жоғарыда көрсетілген жағдайларда СТ-1 нысанындағы сертификаттың 5-бағанында «Кейіннен берілді» деп көрсетіледі.».
2-бап
Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап 60 күннен кейін уақытша қолданылады және оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейіннен орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2014 жылғы «____» _______ ________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әр мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.
Әзербайжан Ресей
Республикасының Үкіметі Федерациясының Үкіметі
Үшін үшін
Армения Тәжікстан
Республикасының Үкіметі Республикасының Үкіметі
үшін үшін
Беларусь Түрікменстан
Республикасының Үкіметі Үкіметі
үшін үшін
Қазақстан Өзбекстан
Республикасының Үкіметі Республикасының Үкіметі
үшін үшін
Қырғыз Украина
Республикасының Үкіметі Үкіметі
үшін үшін
Молдова
Республикасының Үкіметі
үшін