Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 қарашадағы № 1243 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2014 жылғы 27 қарашадағы
№ 1243 қаулысымен  
мақұлданған      

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары
және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан
әрі пайдалану тәртібі туралы келісім

(2014 жылғы 12 желтоқсанда уақытша күшіне енді - Қазақстан
Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 2, 10-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде жұмыс істейтін қазақстандық Балқаш торабын (бұдан әрі – Балқаш торабы) сақтауға, дамытуға және жетілдіруге Тараптардың мүдделілігін ескере отырып, сондай-ақ оны одан әрі пайдалануды ұйымдастыруға жаңа тәсілдерге сүйене отырып,
      1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартты,
1992 жылғы 6 шілдеде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер жасасқан Зымыран шабуылы туралы ескерту және ғарыш кеңістігін бақылау жүйелерінің құралдары туралы келісімді негізге ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің стратегиялық тұрақтылығын қолдау және әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде зымыран шабуылы туралы ескерту жүйесінің (бұдан әрі - ЗШЕЖ) және ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінің (бұдан әрі - ҒКБЖ) ерекше мәртебесін растай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңірлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін дамытудағы өзара мүдделерін қамтамасыз ету қағидаттарын ұстана отырып,
      Балқаш торабының жауынгерлік тұрғыда қызмет атқаруы қоршаған ортаға және адамдардың өміріне қауіп төндірмеуге тиіс екеніне сүйене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісім Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Балқаш торабын Ресей Тарапына беру шарттарын, сондай-ақ оны одан әрі пайдалану тәртібін айқындайды.
      Осы Келісімге қол қойылған күні Ресей Тарапының пайдалануында болған Балқаш торабы 1994 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан зымыран шабуылы туралы ескерту жүйесінің Балқаш торабын ұстау және пайдалану тәртібі туралы келісімге сәйкес осы Келісімнің шарттарында оны пайдалануды жалғастырады. Бұл ретте координаттық нүктелерінің тізбесі осы Келісімге қосымшада келтірілген, Балқаш торабы жер учаскелерінің жаңа шекаралары белгіленеді.

2-бап

      1. Тараптардың осы Келісімді іске асыру бойынша уәкiлеттi органдары:
      1) Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi;
      2) Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлiгi болып табылады.
      2. Әрбір Тарап осы Келісімді іске асырудың практикалық мәселелерін қарау үшін уәкілеттік берілген лауазымды адамды (бұдан әрі – Тараптардың уәкiлеттік берілген адамдары) тағайындайды.
      3. Тараптар Балқаш торабының жер учаскелері мен мүлкін беру және қабылдау үшін Тараптардың уәкiлеттік берілген адамдары басшылары болып тағайындалатын, Балқаш торабының жер учаскелері мен мүлкін қабылдау/беру жөніндегі бірлескен комиссияның тиісті бөліктерін қалыптастырады.
      4. Тараптар Тараптардың уәкiлетті органдарын және/немесе уәкiлеттік берілген адамдарын ауыстырғаны және/немесе қосымша тағайындағаны туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

3-бап

      1. Балқаш торабы Қазақстан Республикасының меншігі бола тұра, жылжымайтын және жылжымалы мүліктен (бұдан әрі - инфрақұрылым) және Балқаш торабының инфрақұрылымы орналасқан жер учаскелерінен тұрады.
      2. Жылжымайтын мүлік құрамына зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесіндегі міндеттерді шешуге арналған технологиялық объектілер мен қамтамасыз ету объектілері кіреді.
      Технологиялық объектілерге қолданыстағы бір «Днепр» радиолокациялық станциясы, негізгі төмендету шағын станциялары, су алу құрылыстары, құрылыстары мен коммуникациялары бар радиолокациялық станцияның инженерлік кешендері, оларға кіретін жабдық пен аппаратурасы бар байланыс және деректерді беру пункттері, әкімшілік ғимараттар мен құрылыстар, қару-жарақ пен техниканы сақтау қоймалары мен жөндеу пункттері, кірме жолдар, күзет қоршаулары мен құрылыстар жатады.
      Қамтамасыз ету объектілеріне әскери қалашықтың тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық, коммуналдық ғимараттары мен құрылыстары, медициналық мекемелері, инженерлік жүйелері мен кешендері жатады.
      3. Жылжымалы мүлік құрамына әскери табельдік және тыл мүлкі кіреді.
      4. 1991 жылғы 31 тамыздан кейін сатып алынған және Балқаш торабына жеткізілген жылжымалы мүлік, технологиялық объектілердің жабдығы мен аппаратурасы оны сатып алуды, жеткізуді, пайдалануды және жөндеуді қаржыландыруды жүзеге асырған Тарапқа тиесілі болады.
      Осындай мүлікті, технологиялық объектілердің жабдығы мен аппаратурасын жеткізу жөніндегі іс-шаралар Тараптардың уәкілетті органдарының келісуі бойынша жүзеге асырылады.
      5. Тараптардың уәкілеттік берілген адамдары осы Келісімге қол қойылған күннен бастап бір жыл ішінде осы Балқаш торабы мүлкінің құндық және сандық мәнінің мәліметтерін, санаттарын, сондай-ақ Балқаш торабы жер учаскелерінің жай-күйін санитариялық-экологиялық бағалауды қамтитын, Балқаш торабын Ресей Тарапының уәкілетті органына беру актілерін бекітеді.
      Ресей Тарапына пайдалануға берілетін Балқаш торабының жылжымалы және жылжымайтын мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағаланады.
      Балқаш торабын пайдалану мүмкін болмайтын Ресей Тарапына тиесілі жылжымалы және жылжымайтын мүлік Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес бағаланады және осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылғаннан кейін Тараптар айқындайтын шарттарда және мерзімдерде Қазақстан Тарапына беріледі.

4-бап

      1. Балқаш торабының инфрақұрылымы мен жер учаскелері Ресей Тарапына пайдалануға:
      1) Балқаш торабының инфрақұрылымы мен жер учаскелерін осы Келісімге сәйкес тек нысаналы мақсаты бойынша пайдалану;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және әскери басқару пункттеріне ЗШЕЖ-ден және ҒКБЖ-ден ақпарат беру;
      3) Тараптар уәкілетті органдарының Балқаш торабын бірлесіп пайдалануына кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыру шарттарында беріледі.
      Көрсетілген іс-шараларды іске асыру тәртібі осы Келісімнің 6-бабында айқындалған.
      2. Ресей Тарапы Балқаш торабының жер учаскелерін Тараптардың немесе үшінші елдердің өзге де жеке және заңды тұлғаларының пайдалануына бере алмайды.
      3. Балқаш торабының жерін пайдалануға және шаруашылық қызметіне байланысты салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер Қазақстан Республикасының салық және бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен есептеледі және төленеді.

5-бап

      1. Балқаш торабының жылжымалы және жылжымайтын мүлкін түгендеуді жыл сайынғы негізде Тараптардың уәкілетті органдарының бірлескен түгендеу комиссиясы жүргізеді және ол тиісті актілермен ресімделеді.
      2. Түгендеу барысында Балқаш торабының жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің жетіспегені, ұрланғаны және (немесе) бүлінгені анықталған кезде Тараптардың уәкiлеттік берілген адамдары келіскен актілер және Қазақстан Республикасының мүлкіне залал келтіру фактілері бойынша тергеп-тексеру материалдары, оның ішінде Балқаш торабының жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің жетіспеуін қалпына келтіруге және (немесе) бүлінгенін кәдеге жаратуға арналған шығыстардың есептері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.
      Анықталған және Ресей Тарапының уәкілетті органымен келісілген, Ресей тарапы келтірген Қазақстан Республикасының мүліктік шығынының орнын толтыруды Ресей Тарапының уәкiлетті органы жүзеге асырады.
      3. Осы Келiсiмнің қолданылу мерзімі өткеннен кейін, осы Келiсiмнің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Тараптардың уәкiлеттік берілген адамдары келіскен, оларда орналасқан инфрақұрылым объектілерімен Балқаш торабының жекелеген учаскелерін пайдаланудан шығару туралы ұсыныс енгізілген жағдайларда Балқаш торабының жер учаскелері мен мүлкі одан әрі мақсатты пайдалануға жарамды жай-күйінде Қазақстан Тарапына қайтарылады. Балқаш торабының мүлкі оның амортизациясы ескеріле отырып қайтарылады.
      Балқаш торабының жер учаскелері мен мүлкін қабылдауды және беруді барлық жағдайларда Балқаш торабының жер учаскелері мен мүлкін қабылдау/беру жөніндегі бірлескен комиссия жүзеге асырады.
      Пайдаланудан шығарылатын Балқаш торабы аумағының және онда орналасқан инфрақұрылым объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Балқаш торабы қызметінің салдарын жою жөніндегі іс-шаралар 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес іске асырылады.
      4. Осы Келісімнің 3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасына тиесілі және есептен шығарылуға жататын Балқаш торабының жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне билік ету барлық жағдайларда Тараптардың уәкiлеттік берілген адамдарының келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Ресей тарапы келтірген Қазақстан Республикасының мүліктік шығынын есептеу тәртібі мен көлемдері, оның ішінде тиісті шоттарды жүргізуді Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары айқындайды.

6-бап

      Балқаш торабының жұмыс істеуін және Тараптардың өзара
іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында осы Келiсiм шеңберінде:
      1. Ресей Тарапының уәкiлетті органы:
      1) Балқаш торабын қолдануды жоспарлауды жүзеге асырады және жыл сайын бірінші тоқсанда оны жұмыс істеуге қабілетті жай-күйде ұстау мақсатында Балқаш торабының құралдарында жоспарланған жұмыстар тізбесін Қазақстан Тарапының уәкілетті органының назарына жеткізеді;
      2) Балқаш торабының инфрақұрылымын пайдалануға, ұстауға және дамытуға арналған шығыстарды қаржыландырады;
      3) Балқаш торабын бірлесіп пайдалану және жауынгерлік кезекшілікті атқару үшін тағайындалған Қазақстан Тарапының командалық және инженерлік кадрларын даярлауды жүзеге асырады;
      4) 2016 жылдың соңына дейін іс-шараларды іске асырады және одан әрі Қазақстан Республикасының мемлекеттік және әскери басқару пункттеріне:
      Тараптар келіскен көлемде, зымыран шабуылы туралы автоматтандырылған құлақтандыру жүйесіндегі зымырандық жағдай;
      ақпараттық бюллетеньдерді ай сайын беру түрінде шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың ғарыш кеңістігін игеруі мен пайдалануы;
      ғарыш объектілерінің Қазақстан Республикасының қолданыстағы ғарыш аппараттарымен болжамды қауіпті жақындауы;
      Қазақстан Республикасы үшін қауіп төндіретін, жанатын ғарыш объектілерінің болжамды құлау аудандары;
      Қазақстан Республикасы аумағының үстінен шетелдік ғарыштық барлау аппараттарының ұшып өтуі туралы автоматтандырылған құлақтандыру жүйесіндегі есептеулер үшін шетелдік ғарыштық барлау аппараттары орбиталарының параметрлері туралы ақпаратты беруді жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Тарапының уәкiлетті органы:
      1) Балқаш торабын бірлесіп пайдалану және онда жауынгерлік кезекшілік атқару үшін тағайындалған Қазақстан Тарапының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы адамдарының қызметін қамтамасыз етеді;
      2) Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесінде Балқаш торабын әуе шабуылына қарсы бүркемелеуді жүзеге асырады;
      3) Балқаш торабы орналасқан аудандағы жерүсті, әуе, радиоэлектрондық, химиялық, биологиялық, метеорологиялық жағдай және төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
      3. Тараптардың уәкiлетті органдары:
      1) өзара келісу бойынша Балқаш торабын бірлесіп пайдалануға, жауынгерлік кезекшілікті қамтамасыз етуге және атқаруға арналған өз әскери құралымдарының (бұдан әрі – әскери құралымдар) құрылымын, штат санын, Балқаш торабының жауынгерлік даярлығын ұйымдастыру, күзету мен қорғау үшін қажетті қару мен оқ-дәрілердің санын және номенклатурасын бекітеді;
      2) Балқаш торабының жұмыс істеуі үшін қажетті қару-жарақ пен әскери техниканы, технологиялық жабдықты, басқа да материалдық құралдарды әкелу/әкету жоспарларын, сондай-ақ Балқаш торабының инфрақұрылымын пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған
ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жоспарларын келіседі;
      3) Балқаш торабы орналасқан ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі келісілген шараларды қабылдайды.

7-бап

      1. Балқаш торабының кезекші есептоптарының жауынгерлік кезекшілікті атқаруын ұйымдастыру, сондай-ақ Ресей Федерациясының мемлекеттік құпиясын құрайтын мәліметтерге жіберу Ресей Федерациясының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Бірлескен жауынгерлік кезекшілікті атқару тәртібі Тараптардың уәкілетті органдары бекітетін Ережеде айқындалады.

8-бап

      1. Балқаш торабында қызметті ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін экологиялық нормалар мен талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
      Балқаш торабының жер учаскелерінде халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндіретін радиоактивті, улы заттарды және басқа да өнімді кәдеге жаратуға және көмуге тыйым салынады.
      Балқаш торабының аумағында экологиялық талаптарды орындауды және табиғатты қорғау іс-шараларын бақылауды Қазақстан Тарапының қоршаған ортаны қорғау саласындағы құзыретті органымен келісу бойынша Ресей Тарапының уәкілетті органы әскери құралымының бастығы ұйымдастырады.
      2. Балқаш торабының жер учаскелерінде геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру жүргізілмейді.
      Балқаш торабының жер учаскелерінде аң аулау, балық аулау және жабайы өсетін өсімдіктерді жинау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
      3. Балқаш торабының аумағынан тыс жерде оның қызметін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты, Қазақстан Республикасының аумағындағы Ресей Федерациясы әскери құралымының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Ресей Тарапы уәкілетті органының әскери құралымы келтірген экологиялық залалдың орнын Ресей Тарапы толтырады. Бұл ретте залалдың мөлшері және оның орнын толтыру нысандары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

9-бап

      1. Осы Келiсiмнің күші қолданылатын әскери қызметшілердің және басқа да адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мәселелері 1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын Ресей Федерациясы әскери құралымдарының мәртебесі туралы келісіммен реттеледі.
      2. Осы Келiсiмнің күші қолданылатын Ресей Федерациясы азаматтарының мемлекеттік шекарадан өтуі 1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Әскери тасымалдау тәртібі және олар үшін есеп айырысу 1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мемлекетаралық әскери тасымалдауды және олар үшін есеп айырысуды ұйымдастыру туралы келісіммен айқындалады.

11-бап

      1. Тараптардың уәкілеттік берілген адамдары өзара келісу бойынша тиісті мәліметтер мен құжаттарды ұсына отырып, Қазақстан Тарапы уәкілетті органының әскери құралымы әскери қызметшілерінің, Балқаш торабының жер учаскелері мен мүлкін қабылдау/беру, түгендеу жөніндегі бірлескен комиссия мүшелерінің, Балқаш торабы мүлкінің жай-күйін бағалау жөніндегі мамандардың және экологиялық және табиғатты қорғауды бақылау жүйесінің іс-шараларын іске асыру шеңберінде әрекет ететін уәкілетті мемлекеттік органдардың Балқаш торабының технологиялық объектілеріне кіруін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
      2. Осы Келісімді іске асыру кезінде құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісіммен реттеледі.

12-бап

      Тараптар Балқаш торабында өз әскери құралымдарының қызметін жүзеге асыруға байланысты қаржылық шығыстарды дербес көтереді.

13-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуі мүмкiн.

14-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және орындауға қатысты туындаған барлық даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

15-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойылған күннен бастап он күндік мерзім өткеннен кейін уақытша қолданылады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келiсiм 5 жылға жасасылады және егер Тараптардың ешқайсысы 5 жылдық кезең және әрбір кейінгі 3 жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде 6 ай бұрын өзінің оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша нысанда хабардар етпесе, автоматты түрде кейінгі 3 жылдық кезеңдерге ұзартылады.

      2014 жылы ___________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерінде екi төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтіннің күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасының                  Ресей Федерациясының
           Yкiметi үшiн                              Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Ресей Федерациясының Үкіметі       
арасындағы Қазақстандық Балқаш      
торабын беру шарттары және оны     
зымыран шабуылы туралы           
Ресей ескерту жүйесінде одан әрі    
пайдалану тәртібі туралы келісімге 
қосымша                  

Балқаш торабы жер учаскелерінің шекараларын айқындайтын
координаттық нүктелер
ТІЗБЕСІ

Нүкте №

КЖ-42-дегі № 1 учаскенің географиялық координаттары (әкімшілік-шаруашылық аумақ, тұрғын үй аймағы, техникалық аймақ, әскери атыс орны)

Солтүстік ендік

Шығыс бойлық

градустар

минуттар

секундтар

градустар

минуттар

секундтар

1.

46

38

30

74

30

15

2.

46

38

05

74

32

10

3.

46

37

55

74

32

13

4.

46

37

03

74

32

49

5.

46

36

05

74

32

05

6.

46

35

49

74

31

47

7.

46

35

49

74

31

41

8.

46

35

50

74

31

40

9.

46

35

59

74

31

43

10.

46

36

06

74

31

12

Нүкте №

КЖ-42-дегі № 2 учаскенің географиялық координаттары (су алу құрылыстарының торабы)

Солтүстік ендік

Шығыс бойлық

градустар

минуттар

секундтар

градустар

минуттар

секундтар

1.

46

35

12

74

26

50

2.

46

35

17

74

27

04

3.

46

35

08

74

27

13

4.

46

35

01

74

26

58

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады