«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының
жобасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29
қарашадағы № 1261 қаулысына
БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
«Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамаға қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 желтоқсандағы № 711 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі - Заң жобасы) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Заң жобасы мүгедектерге Қазақстан Республикасының Конституциясында, сонымен қатар Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық келісімшарттарда бекітілген азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және өзге де құқықтары мен бостандықтарын басқа адамдармен тең дәрежеде іске асыру бойынша мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасы 24 нормативтік құқықтық актіге, оның ішінде 4 Кодекске өзгерістер енгізеді. Заң жобасын қабылдаудың негізгі міндеттері мыналар:
мүгедектерге кедергісіз ортаны қалыптастыру үшін, оның ішінде медициналық қызметтерді ұсыну саласында жағдай жасау;
мүгедектерге ақпаратты қолжетімді нысанда ұсынуды қамтамасыз ету;
инклюзивті білім беруді және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету жүйесін дамыту;
есту қабілеті бұзылған мүгедектердің (кохлеарлық имплантациядан кейінгі есту-сөйлеу қабілетін оңалтуды дамыту, ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну нормаларын ұлғайту) және жүріп-тұруы қиын мүгедектердің (міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормасын ұлғайту) өмір сүру сапасын жақсарту және т.б.
Заң жобасын қабылдау Қазақстанда тұрып жатқан 627 мың мүгедекке және олардың отбасыларына олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға және қорғауға қосымша кепілдіктер береді.
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрлігі