Электрондық бақылау құралдарын қолдану қағидаларын, шарттары мен негіздерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 1369 қаулысы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі 137-бабының төртінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Электрондық бақылау құралдарын қолдану қағидалары, шарттары мен негіздері бекітілсін.
      2. Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінің           
2014 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 1369 қаулысымен    
бекітілген         

Электрондық бақылау құралдарын қолдану қағидалары, шарттары мен
негіздері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Электрондық бақылау құралдарын қолдану қағидалары, шарттары мен негіздері (бұдан әрі – Қағидалар) 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі (бұдан әрі – ҚПК) 137-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әзірленді және күдіктілерге, айыпталушыларға, сотталушыларға қатысты электрондық бақылау құралдарын қолдану тәртібін, шарттары мен негіздерін айқындайды.
      2. Электрондық бақылау құралдарын қолдану түріндегі қосымша шектеу әскери қызметшіні әскери бөлім басшылығының бақылауына беруді және қамақта ұстауды қоспағанда, ҚПК-нің 137-бабында көзделген бұлтартпау шаралары таңдалған адамдарға қатысты пайдаланылуы мүмкін.
      3. Электрондық бақылау құралдарын қолдануды, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының жүрген жерін тексеруді және ол туралы ақпарат алуды қылмыстық процесті жүргізетін органның басшысы айқындайтын бөлімше (бұдан әрі – бөлімше) жүзеге асырады.

2. Электрондық бақылау құралдарын қолдану тәртібі

      4. Қылмыстық процесті жүргізетін орган бұлтартпау шарасын таңдау кезінде де, осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген негіздер туындаған кезде де қосымша шектеуді қолдана алады. Бұл ретте бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулыда электрондық бақылау құралдарын қолдану туралы белгі қояды және күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға олардың мақсатын, қолдану қажеттілігін, оның ішінде оларды пайдалану қағидаларын бұзудың салдары туралы түсіндіреді.
      Кәмелетке толмаған күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға түсіндіру оның заңды өкілдерінің немесе қорғаншылық және қамқоршылық органының қатысуымен жүргізіледі.
      Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының міндеттері мен шектеулері қылмыстық-процестік заңнамада айқындалады.
      5. Электрондық бақылау құралдарын қолдану туралы мәселені шешу кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктіні, айыпталушыны денсаулығының жалпы жай-күйін және оған электрондық бақылау құралдарын қолдануға қарсы көрсетімдердің болмауын белгілеу үшін медициналық куәландыруға жібереді, сондай-ақ одан онымен бірге тұратын адамдардың денсаулығының жай-күйіне қауіптің болмауы туралы қолхат алады.
      6. Электрондық бақылау құралдарын орнату және күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға бақылауды одан әрі жүзеге асыру үшін қылмыстық іс жүргізуіндегі қылмыстық процесті жүргізетін орган электрондық бақылау құралдарын қолдана отырып, бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы шығарған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде бөлімшеге мынадай құжаттарды жолдайды:
      1) ҚПК-нің 139-бабында көзделген жағдайларда қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізетін органның мөрімен куәландырылған іс-әрекетті саралау туралы және бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулының көшірмесі;
      2) мынадай:
      жасалған қылмыс;
      күдіктінің, айыпталушының қорғаушысы;
      күдіктінің, айыпталушының, сотталушының мамандандырылған денсаулық сақтау мекемелерінің есебінде тұруы;
      іс жүргізуінде қылмыстық іс бар тергеушінің немесе анықтаушының не оны алмастыратын адамның байланыс телефондары;
      күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тұратын жері, соттылығы, жұмыс немесе оқу орны туралы ақпаратты қамтитын қылмыстық іс бойынша анықтама;
      3) ҚПК-нің 300-бабына сәйкес күдіктінің, айыпталушының, сотталушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
      7. Бөлімше осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген құжаттарды алғаннан кейін қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысын орындауға дереу кіріседі, атап айтқанда:
      1) күдіктінің, айыпталушының, сотталушының бұлтартпау шарасын орындайтын жерде электрондық бақылау құралдарын орнатуды, беруді және жандандыруды жүзеге асырады;
      2) күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен электрондық бақылау құралын қабылдау-тапсыру актісін толтырады;
      3) күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қауіпсіздік шаралары және орнатылған электрондық бақылау құралдарын пайдалану қағидалары туралы жадынаманы қол қойғыза отырып түсіндіреді. Кәмелетке толмаған күдіктілерге, айыпталушыларға, сотталушыға түсіндіру олардың заңды өкілдерінің, қорғаушысының немесе қамқоршылық және қорғаншылық органының қатысуымен жүргізіледі;
      4) қаулыны тіркеуден және күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны есепке алғаннан кейін дереу қаулыны орындауға қабылдау туралы хабарламаны қылмыстық процесті жүргізетін органға жібереді.
      8. Бөлімшенің қызметкері:
      1) күдіктінің, айыпталушының, сотталушының белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтауы туралы мониторинг пультінің деректерін пайдалана отырып, ақпаратты үздіксіз жинауды жүзеге асырады;
      2) электрондық бақылау құралдарынан техникалық ақау шыққан жағдайда, себептерді анықтау және оларды жою бойынша шаралар қабылдайды;
      3) күдіктінің, айыпталушының, сотталушының электрондық бақылау құралдарын бұзу, рұқсатсыз алып тастау, міндеттер мен шектеулерді бұзу фактілері, сондай-ақ техникалық бұзылу (жұмыс істемей қалуы және істен шығуы) туралы ақпарат алған кезде бөлімшенің бастығына және қылмыстық процесті жүргізетін органға, ал ол болмаған жағдайда – органның басшысына немесе кезекші бөлімге дереу баяндайды. Жиырма төрт сағат ішінде тиісті шаралар қабылдау үшін, оның ішінде іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру үшін қылмыстық процесті жүргізетін органға жазбаша хабарлама жолдайды;
      4) күдіктінің, айыпталушының, сотталушының электрондық бақылау құралдарын бұзғаны, ажыратқаны немесе рұқсатсыз алып тастағаны туралы сигнал келіп түскен кезде олардың жарамдылығын тексеру үшін бұлтартпау шарасын орындау орнына қызметкерлерінің шығуын дереу ұйымдастырады.
      9. Іс жүргізуінде күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты қылмыстық іс бар қылмыстық процесті жүргізетін органның сұрау салуы бойынша бөлімше жиырма төрт сағат ішінде адамның жүрген жеріне бақылауды жүзеге асыруға және жүктелген міндеттер мен шектеулерді сақтауға байланысты ақпарат береді.
      10. Мыналар:
      1) ҚПК-нің 153-бабына сәйкес бұлтартпау шарасының күшін жою немесе өзгерту;
      2) сот үкімі;
      3) күдіктінің, айыпталушының, сотталушының қайтыс болуы бөлімшенің электрондық бақылау құралын қолданудың күшін жоюы және алып тастауы үшін негіздеме болып табылады.
      11. Электрондық бақылау құралдарын пайдалана отырып, бұлтартпау шарасы қолданылған күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты тергеу реттілігі бойынша келіп түскен қылмыстық істі өз іс жүргізуіне қабылдаған кезде, сондай-ақ сот сотталушыға үкімді жариялаған кезде бөлімше күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен электрондық бақылау құралын алып тастау және орнату туралы қабылдау-беру актісін жасайды.
      12. Күдікті, айыпталушы, сотталушы электрондық бақылау құралдарын қасақана бұзғаны не жойғаны үшін залалды қылмыстық-процестік және азаматтық-процестік тәртіппен өтейді.

3. Электрондық бақылау құралдарын қолдану шарттары

      13. Электрондық бақылау құралдарын қолдануға оларды айналасындағылардың байқауынан жасыру шараларын қолдану шартымен жол беріледі және күдіктінің, айыпталушының, сотталушының баратын жерлері және олардың жүріп-тұратын жолдары, сондай-ақ жасы, денсаулығының жай-күйі, отбасы жағдайы мен өмір салты ескеріліп жүзеге асырылуға тиіс.
      14. Электрондық бақылау құралдары күдіктінің, айыпталушының, сотталушының Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұру орны болған кезде қолданылады.
      15. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының денсаулығына медициналық қарсы көрсетім болған кезде қосымша шектеу қолдануға жол берілмейді.
      16. Бөлімшенің бастығы күдіктінің, айыпталушының, сотталушының жеке басын сипаттайтын мәліметтердің негізінде оған белгіленген міндеттер мен шектеулерге сәйкес тиісті құрылғыны орнату туралы шешімді техникалық мүмкіндікке сүйене отырып қабылдайды.
      17. Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты электрондық бақылау құралдарын одан әрі қолдану техникалық себептер бойынша мүмкін болмаған жағдайда, бөлімше оларды өзге құралдармен ауыстыру бойынша шаралар қабылдайды. Бұзылу анықталған жағдайда электрондық бақылау құралдарын ауыстыруды дереу жүзеге асырады.
      18. Егер күдікті, айыпталушы, сотталушы медициналық көрсетімдер бойынша денсаулық сақтау мекемесіне жеткізіліп, ауруханаға жатқызылған болса, Бөлімше осы факті туралы қылмыстық процесті жүргізетін органға және денсаулық сақтау мекемесіне осы адамға қатысты электрондық бақылау құралдарының қолданылғаны туралы дереу хабарлайды.

4. Электрондық бақылау құралдарын қолдану негіздері

      19. Қылмыстық процесті жүргізетін органның ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат, жеке кепілгерлік, кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру, кепіл, үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасын қосымша шектеу қажеттілігі туралы белгімен қолдану туралы қаулы күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты электрондық бақылау құралдарын қолданудың негізі болып табылады.
      20. Электрондық бақылау құралдары:
      1) күдікті, айыпталушы, сотталушы өзіне қатысты қолданылатын бұлтартпау шарасына сәйкес заңнамада көзделген бір немесе бірнеше міндетті бұзған;
      2) сот оған жеткілікті негіздер болған кезде күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаттан бас тартқан;
      3) жекелеген адамдардың өміріне, денсаулығына, меншігіне қауіп туындауы мүмкін болған жағдайларда, олардың өтініштері бойынша күдіктінің, айыпталушының, сотталушының орын ауыстырғанын және жүрген жерін анықтау үшін қолданылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады