"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актілерінің жолын кесу үшін, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 1382 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актілерінің жолын кесу үшін, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, ішкі суларында,
аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм
актілерінің жолын кесу үшін, теңізде жүзу қауіпсіздігін
қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің
қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану
тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы

      «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актілерінің жолын кесу үшін, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану тәртібі туралы нұсқаулық бекітілсін.
      2. Осы Жарлық Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы халықаралық шарт күшіне енгеннен кейін қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында терроризм актілерінің жолын кесу үшін қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдануға қатысты нормаларды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2015 жылғы    
№ Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН    

Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, ішкі суларында,
аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм
актілерінің жолын кесу үшін, теңізде жүзу қауіпсіздігін
қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің
қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану
тәртібі туралы
НҰСҚАУЛЫҚ 1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актілерінің жолын кесу үшін, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану тәртібі туралы нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 6) тармақшасын іске асыру мақсатында әзірленді.
      2. Осы Нұсқаулықта жүзу құралы (бұдан әрі – жүзу құралы) – жүктерді, багажды және поштаны, жолаушыларды тасымалдау, балық немесе өзге де теңіз немесе өзен кәсіпшілігі, адамдарды құтқару, өзге де әскери, гидротехникалық, ғылыми, оқу-жаттығу, спорттық, ойын-сауық мақсатындағы жүзетін объектілерді тіркеу үшін пайдаланылатын өздігінен жүзетін немесе өздігінен жүзбейтін жүзу құрылысы деген ұғым пайдаланылады.
      3. Терроризм актілерінің жолын кесу үшін қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдануды Қазақстан Республикасының Президенті терроризмге қарсы операция жүргізуге қатысу үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін тарту туралы шешім қабылдағаннан кейін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүзеге асырады.
      4. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезеңінде, кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төнген, стратегиялық немесе өзге де объектілерді зақымдау (жою) қаупі сақталған кезде терроризм актісін жасау үшін пайдаланылатын әуе кемесін (жүзу құралын) зақымдауға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруын, жауынгерлік техникасы мен арнайы құралдарын қолдану туралы шешімді «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес терроризмге қарсы операцияның жетекшісі қабылдайды.
      Қару мен жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану туралы бұйрық әуе кемесінің (әскери корабльдің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бөлімшесінің) командиріне дереу жеткізіледі.
      5. Егер қорғау күзетілетін адамдарға, басқа азаматтарға, күзетілетін объектілерге немесе әскери қызметшінің өзіне қастандық жасау сипатына және қаупіне сәйкес келсе, терроризм актісінің жолын кесу үшін тартылатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері заңдарда көзделген дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды және жауынгерлік техниканы қолдануға байланысты келтірілген моральдық, материалдық залал және дене зақымы үшін жауапты болмайды.
      6. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында терроризмге қарсы операцияға қатысатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері террористерге қатысты қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды қолдану және жауынгерлік техниканы пайдалану шарттарына, тәртібі мен шектеріне қатысты бөлігінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелері қолданылады.
      7. Қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану террористер құқыққа қарсы іс-қимылдарды тоқтату туралы талаптар мен командаларды орындаған кезде тоқтатылады.

2. Терроризм актілерінің жолын кесу үшін қаруды, жауынгерлік
техниканы және арнайы құралдарды қолдану тәртібі

      8. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруы мен жауынгерлік техникасы террористерге, террористер пайдаланатын әуе кемелеріне және жүзу құралдарына:
      1) адамдардың өміріне, Қазақстан Республикасы стратегиялық объектілерінің қауіпсіздігіне қатер төнген;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында әуе, жерүсті (жерасты), суүсті (суасты) объектілеріне қолсұғушылық жасалған немесе жасауға әрекеттенген жағдайларда қолданылады.
      Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезеңінде террористерді, оның ішінде терроризм актісін жасау үшін пайдаланылатын әуе кемесін (жүзу құралын) зақымдау жолымен оларды жою туралы шешімді терроризмге қарсы операцияның жетекшісі қабылдайды.
      9. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері терроризм актісін жасайтын адамдардың қауіпті әрекеттерінің жолын кесу мақсатында дене күшін және арнайы құралдарды, оның iшiнде жауынгерлік күрес тәсілдерін, қолкiсендердi, резеңке таяқтарды, үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, қызметтiк иттердi, сондай-ақ арнайы көлiк құралдарын қолданады.
      10. Көрініп тұрған жүктілік белгілері бар әйелдер, айқын мүгедектік белгілері бар адамдар және жас балалар әскери қызметшілерге, азаматтарға және күзетілетін адамдарға олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін шабуыл жасаған, топпен шабуыл жасаған не қарумен қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа, оларға қатысты қару, жауынгерлік техника және арнайы құралдар қолданылмайды.
      11. Адамдардың өмірі мен денсаулығын, материалдық құндылықтарды және объектілерді сақтау, сондай-ақ күш қолданбастан терроризм актісінің жолын кесу мүмкіндігін зерделеу мақсатында террористермен келіссөздер жүргізуге жол беріледі. Келіссөздерді жүргізу жедел штаб басшысы осыған арнайы өкілеттік берген адамдарға тапсырылады.
      Егер террористің (террористердің) терроризм актісін тоқтатуға келіспеуі себептерінен онымен (олармен) келіссөздер мақсатына қол жеткізілмесе және адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төніп тұрса, терроризмге қарсы операцияның жетекшісі террористі (террористерді) жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
      12. Қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген террористік қауіп дәрежесіне қолданылатын шараларға сәйкес келу қағидаты, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимылдың басқа да қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
      13. Күзетілетін адамға немесе объектіге нақты қауіп-қатер төнгені анықталған және оны өзге заңды құралдармен жою мүмкін болмаған кезде террорист (террористер) терроризмге қарсы операция жетекшісінің өкімі бойынша келіссөз жүргізілмей және ескерту жасалмай жойылуы мүмкін.
      14. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актілерінің жолын кесу үшін теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі кезекші күштерінің, құралдары мен лауазымды адамдарының іс-қимыл жасау тәртібін мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде терроризм
актілерінің жолын кесу кезінде қаруды және жауынгерлік
техниканы қолдану тәртібі

      15. Терроризмге қарсы операция жетекшісінің шешімі бойынша терроризм актісінің жолын кесу кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруы мен жауынгерлік техникасы, егер:
      1) әуе кемесі жерүсті басқару пункттерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтату радиокомандаларына және (немесе) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің оған кедергі жасауға көтерілген әуе кемелерінің радиокомандалары мен көрінетін белгілеріне ден қоймаса не себебін түсіндірмей, радиокомандаларға және көрінетін белгілерге бағынудан бас тартса, көрсетілген әуе кемесін қонуға мәжбүрлеу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін;
      2) әуе кемесі қону туралы талаптарға бағынбаса және адамдардың қаза табуының не техногендік апаттың туындауының нақты қаупі төнсе, көрсетілген әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданылады.
      16. Террористердің әуе кемесін басып алғаны туралы ақпаратты алысымен Әуе қорғанысы күштері (бұдан әрі – ӘҚК) Бас командалық пунктінің (бұдан әрі – БКП) жедел кезекшісі ӘҚК құрамалары мен бөлімдерінің кезекші күштері мен құралдарын белгіленген әзірлік дәрежелеріне келтіреді.
      Қосымша радиолокациялық құралдар мен басқа да барлау құралдары іске қосылады, террористер пайдаланатын әуе кемесінің ұшу ауданында және болжамды бағыттарында көріп қадағалау бекеттерінің желісі өрістетіледі.
      17. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ӘҚК БКП жедел кезекшісінің командасы бойынша кедергі келтірілетін әуе кемелеріне ілесіп ұшу, қондыруға мәжбүрлеу немесе зақымдау жолымен ұшудың жолын кесу үшін кезекші экипаждарды әуеге көтеру жүзеге асырылады.
      18. Террористер пайдаланатын әуе кемесін көріп анықтағаннан кейін экипаж басқару пунктіне оның типін, мемлекеттік тиесілігін, борттық нөмірін, тану белгілерін, ұшу биіктігін, жылдамдығы мен бағытын баяндайды және маневр жасай отырып ілесіп ұшуды қамтамасыз етеді. Экипаждан алынған ақпарат Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ӘҚК БКП-ның жедел кезекшісіне беріледі.
      19. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, террористер пайдаланатын әуе кемелерін анықтау мәселелері бойынша ақпарат алмасу бойынша жедел өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастырады.
      20. Егер террористер пайдаланатын кедергі жасалатын әуе кемесі командаларға (белгілерге) бағынбаса және жасырынуға әрекеттенсе, кедергі жасайтын әуе кемесі ескерту оқ атуларын жасайды.
      21. Зақымдауға қару қолдану ескерту оқ атуларынан кейін жүзеге асырылады.
      22. Террористер пайдаланатын кедергі жасалатын әуе кемесінің қару қолдануы және әрекеттері туралы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің кедергі жасайтын әуе кемесі экипажының командирі дереу басқару пунктіне баяндайды, оның басшысы терроризмге қарсы операцияны жүргізу жөніндегі жедел штабқа баяндайды.
      23. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезеңінде террористер пайдаланатын кедергі жасалатын әуе кемесі ескерту оқ атуына ден қоймаған кезде терроризмге қарсы операция жетекшісінің шешімі негізінде зақымдауға қару қолданылады.
      24. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің кедергі жасайтын әуе кемесі экипажының командирі зақымдауға қару қолдану алдында:
      1) террористер пайдаланатын кедергі жасалатын әуе кемесіне осы белгілерді көруге немесе естуге мүмкіндік беретін қашықтықтан халықаралық тәжірибеде қабылданған белгілерді террористер пайдаланатын кедергі жасалатын әуе кемесіне береді;
      2) террористер пайдаланатын кедергі жасалатын әуе кемесінің қаруды және жауынгерлік техниканы қолдануының әрбір жағдайы мен мән-жайы және әрекеттері туралы бақылауды жүзеге асыратын басқару органына дереу баяндайды.
      25. Күрделі метеожағдайлар кезінде кедергі жасайтын әуе кемесі шабуылды барынша аз уақытта орындауды қамтамасыз ету үшін зымыран қару-жарағын қолданудың тиімді қашықтығына жақын оңтайлы қашықтыққа артқы жартылай сфераға шығарылады. Осы қашықтықта нысанаға қатысты 300 метрге төмендеумен (көтерілумен) оған тиісті шешім қабылдағанға дейін өз аумағында ілесіп ұшу жүзеге асырылады.
      26. Зақымдауға қару мен жауынгерлік техника:
      егер қолайсыз гидрометеорологиялық жағдайлардан осы аудандағы басқа да әуе кемелерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмесе;
      террористер пайдаланатын кедергі жасалатын әуе кемесінде террористік актілерге қатысы жоқ жолаушылар мен өзге де адамдар бар деген нақты ақпарат бар болған кезде және егер террористер пайдаланатын әуе кемесінің ұшуы Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өміріне және стратегиялық объектілерінің қауіпсіздігіне қауіп төндірмесе, қолданылмайды.
      27. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезеңінде кедергі жасайтын әуе кемелерінің зақымдауға қаруды және жауынгерлік техниканы қолдануы мүмкін болмаған жағдайда, терроризмге қарсы операция жетекшісінің шешімі бойынша террористер пайдаланатын кедергі жасалатын әуе кемесін зақымдауды ол зақымдау аймағында тұрған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да күштері мен құралдары жүргізеді.

Қазақстан Республикасының ішкі суларында, аумақтық теңізінде,
континенттік қайраңының үстіндегі су кеңістігінде терроризм
актілерінің жолын кесу кезінде қаруды және жауынгерлік
техниканы қолдану тәртібі

      28. Терроризмге қарсы операция жетекшісінің шешімі бойынша терроризм актісінің жолын кесу кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруы мен жауынгерлік техникасы, егер:
      1) жүзу құралдары Қазақстан Республикасының су кеңістігін (суасты кеңістігін) пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтатуға командаларға және (немесе) белгілерге ден қоймаса не тоқтау (су бетіне шығу және тоқтау) туралы талаптарға бағынудан бас тартса, терроризм актісінің қаупін жою мақсатында жүзу құралын тоқтауға мәжбүрлеу үшін;
      2) жүзу құралы тоқтау (су бетіне шығу және тоқтау) туралы талаптарға бағынбаса және (немесе) оны тоқтауға (су бетіне шығуға және тоқтауға) мәжбүрлеу мүмкін болмаса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайларға негізделген, оны тоқтату үшін қажетті барлық шаралар таусылса және адамдардың қаза табуының не техногендік немесе экологиялық апаттың туындауының нақты қаупі бар болса, жүзу құралын жойып жіберу арқылы оның қозғалысының жолын кесу үшін қолданылады.
      29. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері (бұдан әрі – ӘТК) БКП-ның жедел кезекшісі террористер басып алған не терроризм актісінде пайдаланылатын немесе пайдалануға жоспарланған жүзу құралдары туралы ақпаратты алысымен, кезекші корабльдердің теңізге шығуына немесе оларды хабардар етуге нұсқау береді.
      30. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ӘТК Әскери-теңіз базасы (бұдан әрі – ӘТБ) командалық пунктінің жедел кезекшісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ӘТК ӘТБ-ның күштерімен және құралдарымен Қазақстан Республикасының ішкі сулары, аумақтық теңізі, континенттік қайраңының үстіндегі су кеңістігі шегінде теңіз экономикалық қызмет объектілерінде терроризм актісінің қаупін жою және оның жолын кесу жөніндегі міндеттерді орындау кезінде, сондай-ақ теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін:
      1) террористер басып алған не терроризм актісінде пайдаланылатын немесе пайдалануға жоспарланған жүзу құралдарына тексеру жүргізу туралы тапсырма қойылған әскери корабльдердің іс-қимылдарын басқарады;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Өңірлік жағалау күзеті басқармасының, барлау органдары бөлімдері мен бөлімшелерінің жедел кезекшілерімен, Қазақстан Республикасының теңіз порттары мен теңіз экономикалық қызмет объектілері кемелерінің қозғалысын басқару жүйесінің басқару пункттерімен байланысты және ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      3) барлық іс-қимылдар туралы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ӘТК БКП-ның жедел кезекшісіне дереу баяндайды.
      31. Терроризм актісін жасау қаупі суүсті (суасты) жағдайын қадағалау және байланыстың жағалаудағы жүйесінің бекеттерінен, жауынгерлік корабльдерден және теңіздегі басқа да кемелерден алынған:
      1) жүзу құралының қозғалыс параметрлері;
      2) жүзу құралының жүзу үшін тыйым салынған және жүзу үшін уақытша қауіпті аудандар шекараларын бұзуы және оның тоқтау (су бетіне шығу және тоқтау) туралы қойылған талаптарды орындамауы;
      3) жүзу үшін тыйым салынған және жүзу үшін уақытша қауіпті аудандар шекараларында жүзу құралының кенеттен пайда болуы;
      4) Қазақстан Республикасының ішкі суларының және аумақтық теңізінің шектеріне кірген (кіріп келе жатқан) суасты қайықтары мен басқа да суасты көлік құралдарын суүстіндегі емес жағдайда анықтау туралы ақпарат негізінде айқындалады.
      32. Қаруды қолдану ескерту оқ атуларын жүргізу және зақымдауға қаруды қолдану нысанында жүзеге асырылады.
      33. Ескерту оқ атулары тоқтауға (су бетіне шығуға және тоқтауға) мәжбүрлеу мақсатында жүзу құралының алдыңғы жағына бағыты бойынша оқ ату арқылы жүргізіледі.
      34. Ескерту оқ атуларын жасаған кезде әскери корабльдің (әуе кемесінің) экипажы қарсы оқ атуды бастаған жағдайда, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
      35. Әскери корабльдердің ескерту оқ атуларын жасауы үшін атыс қаруын қолдануға артиллериялық қаруды қолдану қиын болған немесе мүмкін болмаған ерекше жағдайларда ғана жол беріледі.
      36. Әскери корабльдердің атыс қаруынан ескерту оқ атуларын жасауы кезінде:
      1) оқ ату тоқтатылатын жүзу құралынан осы оқ атуды көріп қадағалауды қамтамасыз етілетін бағытта жасалады;
      2) атыс жарқырағыш оқтармен, кезекпен жүргізіледі.
      37. Зақымдауға қаруды қолдану ескерту оқ атуынан кейін жүзеге асырылады. Мүмкіндігінше оқ ату жүзу құралының қозғалысын тоқтату мақсатында оның артқы бөлігіне қарай жасалады. Қаруды қолдану және жүзу құралының әрекеттері туралы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери кораблінің (әуе кемесінің) командирі дереу командалық пунктке баяндайды.
      38. Қарудың нақты түрлерін, оларды қолдану тәсілдерін таңдауды және оларды дұрыс басқаруды әскери корабльдің (әуе кемесінің) командирі жүзеге асырады.
      39. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери корабльдерінің (әуе кемелерінің) қаруы суүсті, суасты, оның ішінде басқарушысыз жүзу құралдарын зақымдау жолымен оларды тоқтату (қозғалысын тоқтату) үшін, олар тоқтау немесе бағытты өзгерту туралы қойылған талаптарды орындамаған, бұзушылықты тоқтату немесе оларды ұстауды басқа құралдармен жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда қолданылады.
      40. Қолайсыз гидрометеорологиялық жағдайларға байланысты осы ауданда тұрған басқа да жүзу құралдары мен әуе кемелерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген жағдайда, зақымдауға қару және жауынгерлік техника қолданылмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады