"Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 1389 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Бағалы металдар мен асыл тастар туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдар мен асыл тастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі және олардың айналымы, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкелу және әкету саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) асыл тастар - табиғи алмас, зүбәржат, лағыл, жақұт және александрит, сондай-ақ шикі (табиғи) және өңделген түрдегі табиғи інжу, бірегей кәріптас түзілімдері асыл тастарға теңестіріледі;
      2) асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сараптау (сәйкестендіру) - бағалы металдардың, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастың, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың сапалық-түстік, сандық және құндық сипаттамаларын айқындау (асыл тастар үшін), уәкілетті органның таңба бедерлерінің төлнұсқалығын тексеру;
      3) атаулы таңба - уәкілетті ұйымда тіркелген және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымды дайындаушыны куәландыратын, бағалы мегалдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымға басылатын арнайы таңба;
      4) тазартылған алтын - бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды қоспағанда, тазарту нәтижесінде құймалар, тілімдер, ұнтақтар, түйіршіктер нысанында алынған алтын;
      5) бағалы металдар - кез келген күйдегі және түрдегі алтын, күміс, платина және платина тобындағы металдар (палладий, иридий, родий, рутений және осмий);
      6) бағалы металдардың аффинаждауға жатпайтын саф түрі — аталған нақты кен орнындағы бағалы металдардың басым бөлшектерінен өз мөлшері бойынша күрт ерекшеленетін және 0,3 грамнан асатын массаға ие, бағалы металдардың минералды шикізатынан бөлінген, ішкі және сыртқы нарықтардағы айналысқа, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени мақсаттарға пайдалануға арналған және бірегей санатқа жатпайтын бағалы металдардың саф түрлері;
      7) бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар - әртүрлі көркемдік өңдеу түрлерін пайдалана отырып, асыл тастардан және табиғи не жасанды жолмен жасалған басқа материалдардан жасалған көздері бар не оларсыз, тұрмыста және (немесе) діни ғұрыптық және сәндік мақсаттар үшін түрлі әшекейлер, тұрмыстық қолданбалы заттар ретінде қолданылатын, бағалы металдардан және олардың қорытпаларынан жасалған бұйымдар;
      8) бағалы металдары бар сынықтар және қалдықтар - бағалы металдарды алу мақсатында кейіннен қайта өңдеу үшін пайдалануға болатын жөнделмейтін жарамсыздарын қоса алғанда, техникалық және тұрмыстық сипаттағы өнімді өндіру және пайдалану кезінде түзілген, құрамында бағалы металдар, сондай-ақ бағалы металды материалдардың қалдықтары, металлургиялық өндірістің аралық өнімдерінің қалдықтары бар, жарамсыз болып қалған, пайдаланылу құндылығын жоғалтқан немесе жоюға жататын бұйымдар және (немесе) олардың құрамдас бөліктері;
      9) бағалы металдар өндірісі - өндірілген кешенді кендерден, концентраттардан және құрамында бағалы металдар бар басқа да жартылай өнімдерден, бағалы металдар бар сынықтан және қалдықтардан бағалы металдарды алу, сондай-ақ бағалы металдарды аффинаждау;
      10) бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың айналымы - инвестициялық және басқа қажеттіліктер үшін тазартылған алтынды басым құқық шеңберінде мемлекеттің әкелуі, әкетуі, сатып алуы, сондай-ақ бағалы металдар мен бағалы тастарды қолдануы;
      11) бағалы металдарды және асыл тастардың айналымы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі — уәкілетті орган) - бағалы металдар мен асыл тастар айналымының саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
      12) бағалы металдар өндірісінің субъектілері - уәкілетті орган бекітетін тізбеде тұратын Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдар өндіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары;
      13) бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісінің субъектілері - бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды дайындауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер;
      14) гауһар - әртүрлі нысанда бедерленген, жылтыр қыры бар, кейіннен пайдалануға арналған өңделген табиғи алмас;
      15) гауһар өндірісінің субъектілері - гауһар дайындау мақсатында табиғи алмастарды қырлауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер;
      16) инвестициялық алтын - ұлттық немесе халықаралық сапа стандартына және мынадай талаптарға сәйкес келетін:
      алтын монеталар үшін:
      нумизматикалық құндылығы жоқ алтын монеталар;
      алтын монеталар тазалығы жалпы массасының 1000 үлесінің 900 мыңдық үлесіне тең немесе одан асатын (бұл 900-сынамаға, 900-промиллеге, 90,0 пайызға немесе 21,6 каратқа сәйкес келетін) алтын.
      Бұл ретте, алтын монета мынадай талаптардың біріне сәйкес болған кезде:
      1800 жылға дейін соғылған;
      «пруф» (рroof) сапасымен бетінің айнадай болып шығуын қамтамасыз ететін технология бойынша соғылған;
      шығарылымының таралымы 1000 данадан аспаған;
      оның нарықтық бағасы монетадағы алтын құнының 80 пайызынан асып кеткен жағдайда оның нумизматикалық құндылығы бар деп танылады.
      Монетаның құрамындағы алтынның құны алтын монетаны өткізу күніне Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы белгілеген алтынның таңертеңгі фиксингін (баға белгіленімі) көрсетілген күнге белгіленген валюта айырбасының нарықтық бағамына көбейту арқылы айқындалады.
      Қалған алтын үшін:
      мұндай алтын өлшеуіш немесе стандартты құйма және (немесе) пластина нысанында жасалған алтын;
      мұндай алтынның тазалығы лигатуралық массаның 1000 үлесінің 995 мыңдық үлесіне тең немесе одан асатын (бұл 995-сынамаға, 995-промиллеге, 99,5 пайызға немесе 23,88 каратқа сәйкес келетін) алтын;
      17) Кимберлий процесінің сертификаты - өңделмеген табиғи алмас партиясын Кимберлий процесінің сертификаттау схемасының талаптарына сәйкес келеді деп сәйкестіндіретін белгіленген нысандағы құжат;
      18) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары - өңделмеген бағалы металдар (оның ішінде құйма түріндегі Доре қорытпасы, катодты металл, мырыш шөгіндісі), бағалы металдар сынықтары мен қалдықтары, бағалы металдардың кендері мен концентраттары, түсті металдардың концентраттары және күлі, құрамында бағалы металдар бар түсті металдар өндірісінің жартылай өнімі;
      19) аффинаждау - бағалы металдарды қоспалардан және қосалқы құрамбөліктерден тазалау процесі, бағалы металдарды ұлттық және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапаға дейін жеткізу;
      20) өңделмеген табиғи алмастар — өңделмеген немесе жәй ғана арамен тілінген, сындырылған немесе рундист жағылған алмастар;
      21) Кимберлий процесінің өңделмеген табиғи алмастарды халықаралық сертификаттау схемасы (бұдан әрі - Кимберлий процесі) - өңделмеген табиғи алмасты қақтығыс аймақтарынан заңды сауда айналымына әкетуді тоқтатуға және жолын кесуге шақыратын үкіметаралық бастама;
      22) сынама - бағалы металл қорытпасының мың массалық бөліктеріндегі таза бағалы металл массалық бөліктерінің саны;
      23) сынамалық таңба — бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға салынатын, осындай бұйымдағы бағалы металл сынамасын куәландыратын белгіленген үлгідегі белгі;
      24) сынамалау — бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың сынамасын белгіленген әдістермен айқындау немесе растау;
      25) табиғи алмас - гауһар дайындау үшін пайдалануға болатын өңделмеген, сол сияқты ішінара өңделген табиғи алмас; өнеркәсіптік немесе ғылыми мақсаттарда пайдалануға жарамды, өңделмеген, сол сияқты ішінара не толық өңделген табиғи алмас, сондай-ақ бір кристалды және көп кристалды алмас құралдан рекуперацияланған алмас, түйіршік пен ұнтақтар;
      26) таңбалау - бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сынамалық таңба бедерін салу;
      27) уәкілетті ұйым — бағалы металдарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізуге, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалауға және таңбалауға уәкілетті органда аккредиттелген заңды тұлға;
      28) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен бағалы металдар құрамының шекті мәндері - құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкетуді жүзеге асыратын тұлғалар үшін уәкілетті орган белгілейтін Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеу мүмкіндіктерін (мүмкін еместігін) айқындау үшін пайдаланылатын, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларынан өнеркәсіптік алу мүмкіндігін айқындайтын зиянды қоспалардың жол берілетін мейлінше жоғары құрамы және бағалы металдардың мейлінше төмен құрамы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл
             тастар, бағалы металдар мен асыл тастардан
             жасалған зергерлік бұйымдар, құрамында бағалы
             металдар бар шикізат тауарларын әкелу және әкету
             саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкелу және әкету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше нормалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заңның қолданысы бағалы металдар мен асыл тастардың, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың өндірісі мен олардың айналымы, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкелу және әкету саласындағы қоғамдық қатынастарға таралады.
      2. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдармен, инвестициялық алтынмен азаматтық-құқықтық мәмілелер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
      3. Бағалы металдар мен асыл тастарды барлау және өндіру саласындағы қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасымен реттеледі.

2-тарау. Бағалы металдар мен асыл тастар, бағалы металдар мен
асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісін және
олардың айналымын, құрамында бағалы металдар бар шикізат
тауарларын әкелуді және әкетуді мемлекеттік реттеу

      4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бағалы металдар
             мен асыл тастар, бағалы металдар мен асыл
             тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі
             және олардың айналымы, құрамында бағалы металдар
             бар шикізат тауарларын әкелу және әкету
             саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) бағалы металдар мен асыл тастардың, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың өндірісі және олардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын бекітеді;
      3) асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын бекітеді;
      4) Кимберлий процесінің сертификаттау схемасын ескере отырып, өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету қағидаларын бекітеді;
      5) Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды орындайды.

      5-бап. Уәкілетті органның бағалы металдар мен асыл
             тастар, бағалы металдар мен асыл тастардан
             жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі және олардың
             айналымы, құрамында бағалы металдар бар шикізат
             тауарларын әкелу және әкету саласындағы құзыреті

      Бағалы металдар мен асыл тастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі және олардың айналымы, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкелу және әкету саласындағы уәкілетті орган:
      1) бағалы металдар мен асыл тастар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі және олардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) бағалы металдар және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын әзірлейді;
      3) асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын әзірлейді;
      4) Кимберлий процесінің сертификаттау схемасын ескере отырып, өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету қағидаларын әзірлейді;
      5) асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізуге, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалауға және таңбалауға уәкілетті ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      6) асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізу, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      7) зиянды қоспалардың жол берілетін шекті құрамын және бағалы металдың ең төменгі құрамын регламенттейтін, оларды қайта өңдеу мүмкіндігін, бағалы металдарды өнеркәсіптік алуды және Қазақстан Республикасында аффинаждауды айқындайтын құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларына нормативтік құжаттарды бекітеді;
      8) қайта өңдеу үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде ұсынылатын құжаттарда көрсетілген бағалы металдар мен құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларынан қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормаларын растайды;
      9) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен бағалы металдар құрамының шекті мәнін айқындау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      10) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен бағалы металдар құрамының шекті мәнін белгілейді;
      11) бағалы металдар өндірісінің субъектілерінен бас тартуды немесе уәкілетті органнан Қазақстан Республикасының аумағынан бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкетуді жүргізуге ниетті тұлғалардан осындай бас тартудың болуы туралы растаманы алу тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      12) бағалы металдар өндірісі субъектілерінің тізімін, сондай-ақ оны қалыптастыру тәртібін бекітеді;
      13) Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына бағалы металдарды, асыл тастарды, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды әкелу кезінде мемлекеттік бақылау актісін береді;
      14) Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан бағалы металдарды, асыл тастарды, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы әкету кезінде мемлекеттік бақылау актісін береді;
      15) Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан бағалы металдарды, асыл тастарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларға, сынықтар мен қалдықтарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды әкету кезінде мемлекеттік бақылау актісін береді;
      16) Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің мүмкін еместігі туралы қорытынды береді;
      17) бағалы металдар мен асыл тастарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды әкелу және әкету кезінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      18) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалы
             металдар және құрамында бағалы металдар бар
             шикізат тауарлары саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
      1) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырады;
      2) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібін айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларға Қазақстан Республикасынан әкету немесе Қазақстан Республикасына әкелу кезінде олардың сынамаларына (үлгілеріне) бақылау сынақтарын жүзеге асырады;
      4) екінші деңгейдегі банктердің құйма түріндегі алтынмен және күміспен жасайтын экспорттық операцияларына бақылауды жүзеге асырады;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      7-бап. Бағалы металдар мен асыл тастарды, құрамында
             бағалы металдар бар шикізат тауарларын бағалы
             металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік
             бұйымдарды әкелу және әкету кезіндегі мемлекеттік
             бақылау

      1. Бағалы металдар мен асыл тастарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды әкелу және әкету кезінде мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган өзге де нысандарда жүзеге асырады.
      Бағалы металдарды әкелу және әкету кезінде мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты қолданылмайды.
      2. Мемлекеттік бақылаудың өзге нысандарына:
      1) бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау;
      2) асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау;
      3) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау жатады.
      3. Бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезінде мемлекеттік бақылау:
      1) бағалы металдардың, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтардың шығу көзін айқындауды;
      2) бағалы металдармен, құрамында бағалы металдар бар сынықтармен және қалдықтармен жасалған мәмілелердің заңдылығын анықтауды қамтиды.
      4. Уәкілетті органның бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге әкету және Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелу тәртібін мемлекеттік бақылау нәтижелері мемлекеттік бақылау актісімен ресімделеді.
      Уәкілетті органның Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу тәртібін мемлекеттік бақылау нәтижелері мемлекеттік бақылауының актісімен ресімделеді.
      5. Бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау:
      1) асыл тастарды өндіру кезінде олардың сұрыптау сапасын бақылауды;
      2) ішкі нарықта өңделмеген асыл тастармен жасалатын мәмілелерді есепке алуды;
      3) асыл тастардың шығарылған жерін және оларды иелену заңдылығын тексеруді;
      4) Кимберлий процесінің өңделмеген табиғи алмастарды сертификаттаудың халықаралық схемасының сақталуын бақылауды;
      5) бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдармен жасалған мәмілелердің заңдылығын анықтауды қамтиды.
      7. Уәкілетті органның асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібін мемлекеттік бақылау нәтижелері мемлекеттік бақылау актісімен ресімделеді.
      8. Асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезінде мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      9. Құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау:
      1) шикізат тауарының шығарылған жерін тексеруді;
      2) Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігін (мүмкін еместігін) тексеруді;
      3) құрамында шикізат тауарлары бар барлық жанама бағалы металдарды ескере отырып, әкетілетін бағалы металдар құрамын және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен бағалы металдар құрамының шекті мәнін тексеруді қамтиды.
      Құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы бағалы металдар құрамына мемлекеттік бақылау сынамаларды іріктеу және әкету кезінде ұсынылған құжаттарда көрсетілген бағалы металдардың құрамымен кейінгі сынақтардың нәтижелерін салыстырып арқылы жүзеге асырылады.
      Құрамында бағалы металдар бар әкетілетін шикізат тауарларының әрбір партиясынан олардағы негізгі және жанама бағалы металдар құрамына мемлекеттік бақылау мақсатында сынамаларды іріктеу уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кедендік декларациялауға дейін жүргізіледі.
      10. Уәкілетті органның құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібіне мемлекеттік бақылауының нәтижелері құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарының әкетілетін әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісімен ресімделеді.
      11. Құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына осы елдерден әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      12. Бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды әкелу және әкету кезінде мемлекеттік бақылау кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын кеден бекеттері арқылы жүзеге асырылады.

3-тарау. Бағалы металдар мен асыл тастар, бағалы металдар мен
асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі және
олардың айналымы, құрамында бағалы металдар бар шикізат
тауарларын әкелу және әкету

      8-бап. Бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар
             шикізат тауарларын, асыл тастарды, бағалы металдар
             мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды
             Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және
             оларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету
             ерекшеліктері

      1. Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге әкету және осы елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде уәкілетті орган бағалы металдардың құрамы туралы құжаттар келісімшарт талаптарына және нормативтік техникалық құжаттамаға сәйкес келмеген жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне бағалы металдар мен құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларына (үлгілеріне) бақылау сынақтарын жүзеге асыруға өтінім жібереді.
      2. Асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде кедендік декларациялауға және кедендік тазартуға байланысты кедендік операциялар жасалғанға дейін уәкілетті ұйымдарда сараптама жүргізіледі және мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады.
      3. Асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге әкелу кезде уәкілетті ұйымдарда сараптама (сәйкестендіру) жүргізіледі және мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады.

      9-бап. Бағалы металдар өндірісі

      1. Аффинаждауға жатпайтын бағалы саф металдарды қоспағанда, бағалы металдар, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары, осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, өңдеу және/немесе аффинаждау үшін бағалы металдарды өндіру субъектілеріне келіп түсуге тиіс.
      2. Қазақстан Республикасының аумағынан құрамында бағалы металдар бар шикізатты әкетуге ниетті тұлға уәкілетті орган бекіткен тәртіппен (бұдан әрі - тәртіп) бағалы металдар өндірісінің барлық субъектілерінен тиісті бас тартуды немесе уәкілетті органнан осындай бас тартуы бар растаманы алуға тиіс.
      Бұл ретте, бағалы металдар өндірісінің субьектілерінің уәкілетті орган бекітетін тәртіпте белгіленген шарттарды орындамауы осы тармақтың мақсаты үшін бас тарту болып табылады.
      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайлар Қазақстан Республикасының аумағынан құрамында бағалы металдар бар шикізатты әкету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іске асырылады.
      4. Қажетті қайта өңдеуден өткен бағалы металдарды, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жүзеге асырылатын аффинаждау бағалы металдарға меншік құқығының ауысуына әкеп соқпайды.

      10-бап. Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін
              тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым
              құқығы

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалы металдардағы активтерін толықтыру үшін Қазақстан Республикасы тазартылған алтынды сатып алу бойынша бағалы металдар өндірісінің субъектілерімен және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалармен мәміле жасасуға басым құқыққа ие.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бағалы металдар өндірісінің субъектілерінен және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалардан бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыратын орган болып табылады.
      3. Бағалы металдар өндірісі субъектілері және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында немесе одан тыс жерлерде өндірілген тазартылған алтынды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне басым тәртіппен өткізеді.
      4. Бағалы металдар өндірісі субъектілері және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалар Ұлттық Банкке өндіріс болжамының және тазартылған алтынның сатылуының кестесін алдағы жылдың бірінші жартыжылдығына - ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына - ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін ұсынады.
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тазартылған алтынды өндіру және сату болжамын, ақша нарығының жай-күйін, ақша-кредит саясатының көрсеткіштерін және халықаралық қаржы нарықтарының конъюктурасын негізге ала отырып, алдағы жартыжылдыққа басым құқықты іске асыру шеңберінде сатып алу лимитін бекітеді не алдағы кезеңге (бір айдан жарты жылдыққа дейін) тұтастай басым құқықты іске асырмау туралы шешім қабылдайды.
      Бекітілген сатып алу лимиті шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тазартылған алтынды өндіру және сату болжамының кестесін ұсынған әрбір бағалы металдар өндірісінің субъектілерінен немесе қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иесіне айналған тұлғадан алдағы жартыжылдықта сатып алынатын тазартылған алтынның көлемін айқындайды.
      Сатып алу көлемдері не алдағы кезеңге басым құқықты іске асырудан бас тарту туралы шешім алдағы жылдың бірінші жартыжылдығына - ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына - ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін тазартылған алтын өндірісінің субъектілеріне және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғаларға жеткізіледі.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бағалы металдар өндірісінің субъектілеріне және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғаларға хабарланған сатып алу көлемдерін толығымен сатып алуға міндетті.
      Егер тазартылған алтынды өндірудің және сатудың күтілетін көлемі осы баптың 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жеткізілген тазартылған алтынды өндірудің және сатудың көлемінен асып кеткен жағдайда, бағалы металдар өндірісінің субъектілері және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тазартылған алтынды өндіру және сату болжамының өзгертілген кестесін қосымша ұсынады.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тазартылған алтынды өндіру және сату болжамының өзгерген кестесін алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде бағалы металдар өндірісінің субъектілеріне және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғаларға тиісінше тазартылған алтынды сатып алудың өзгертілген көлемін немесе өзгертілген кестеге сәйкес сатып алудың жаңа көлемінен бас тарту жіберу арқылы бұрыш хабарланған тазартылған алтынның сатып алу көлемін өзгеріссіз қалдыру туралы хабарлайды.
      6. Бағалы металдар өндірісі субъектілерінің және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иесіне айналған тұлғалардың тазартылған алтынды бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды өндіру үшін шикізат ретінде Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды өндіру субъектілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі айқындайтын лимитке жеткенге дейін сатуы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
      7. Тазартылған алтынды мемлекеттің басым құқығын іске асыру шеңберінде сатып алу көлік шығыстарын, өткізуге жұмсалатын шығындарды және Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы қабылдаған және «Лондондық сапалы жеткізілім» («London good delivery») стандарты ретінде осы ң қауымдастықтың құжаттарында белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келмейтін тазартылған алтынды сатып алған жағдайда қолданылатын сапа үшін жеңілдіктерді шегергенде, халықаралық нарықта қалыптасқан баға пайдаланыла отырып есептелген баға бойынша жүзеге асырылады.
      8. Тазартылған алтынды мемлекеттің басым құқығын іске асыру шеңберінде сатып алу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің бағалы металдар өндірісі субъектілерімен және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иесіне айналған тұлғалармен жасасқан басым құқықты іске асыру шеңберіндегі тазартылған алтынды сатып алу-сатудың жалпы талаптары туралы шарт негізінде жүзеге асырылады.
      9. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі сатып алу лимитіне қол жеткізілген жағдайларда және (немесе) осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес алдағы кезеңге басым құқықты іске асырмау туралы қабылданған шешім болған кезде бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартуға құқылы.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздемелер бағалы металдар өндірісі субъектілеріне және қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғаларға қатысты оларға хабарланған тазартылған алтынды сатып алу көлемі шегінде қолданылмайды.
      10. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттің бағалы металдар өндірісі субъектілерінен немесе қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған алтынның меншік иелеріне айналған тұлғалардан тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда, осы тазартылған алтын үшінші тұлғаларға өткізілуі мүмкін.

      11-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне
              айналдырылған бағалы металдардың сынықтары мен
              қалдықтарын аффинаждау

      1. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қабылдап алған бағалы металдардың сынықтары нен қалдықтары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің бағалы металдардағы активтеріне есепке жатқызыла отырып, тазартылған алтын құймаларына қайта өңделуге Жатады.
      2. Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарын тазартылған алтын құймасына аффинаждауға беру және аффинаждалғаннан кейін оларды алу тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
      3. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тазартылған алтын құймаларының құны бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарын қайта өңдеуге байланысты шығындар шегеріле отырып, республикалық бюджетке аударылады.

      12-бап. Инвестициялық алтын айналымының ерекшеліктері

      1. Инвестициялық алтын айналымы мақсатында жеке және заңды тұлғалар екінші деңгейдегі банктерде ашылатын металл шоттарды пайдалана алады.
      2. Инвестициялық алтынмен мәмілелерді жүзеге асырған кезде төлем мәміле жүргізу кезінде халықаралық нарықта қалыптасқан баға пайдаланыла отырып есептелген бағалар бойынша жүргізіледі.

13-бап. Уәкілетті ұйымдарды аккредиттеу

      1. Асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмасқа, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптаманы (сәйкестендіруді) жүзеге асыру, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау жүзеге асыру үшін заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмасқа, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізуге, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалауға және таңбалауға аккредиттеу қағидаларына (бұдан әрі - Аккредиттеу қағидалары) сәйкес уәкілетті органда аккредиттеуден өтеді.
      2. Заңды тұлға аккредиттеу туралы куәлікті алу үшін уәкілетті органға Аккредиттеу қағидаларына сәйкес құжаттардың қажетті тізбесін ұсынады.
      3. Уәкілетті орган аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды олар уәкілетті органға келіп түскен кезден бастап есептелетін он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
      4. Уәкілетті орган оң шешім қабылдаған жағдайда заңды тұлғаға осындай шешім қабылданған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
      5. Ұсынылған құжаттар толық болмаған және Аккредиттеу қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда уәкілетті орган құжаттар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде заңды тұлғаға жазбаша дәлелді бас тартуды береді.
      6. Уәкілетті ұйымдардың аккредиттелгені уәкілетті орган беретін аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.

      14-бап. Асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи
              алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан
              жасалған зергерлік бұйымдарға сараптамасын
              (сәйкестендіру) жүргізу, бағалы
              металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік
              бұйымдарды сынамалау және таңбалау тәртібі

      1. Асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізуді, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалауды және таңбалауды уәкілетті ұйымдар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізу, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау қағидаларында белгіленген тәртіппен өтеулі негізде жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
      Асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама. (сәйкестендіру) қорытындылары бойынша уәкілетті ұйым сараптамалық қорытынды жасайды.
      3. Жеке немесе заңды тұлғалар асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізу үшін уәкілетті ұйымға жүгінуге құқылы.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және өткізілген бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар уәкілетті ұйымдарда міндетті сынамалауға және таңбалауға жатады.
      5. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағында сынамалық таңбасыз өткізуге жол берілмейді.
      6. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалауды және таңбалауды уәкілетті ұйымдар асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізу, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
      7. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау Қазақстан Республикасында қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
      8. Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі субъектілерінің бағалы металдардан және асыл тастардан өздері жасаған барлық зергерлік бұйымдарына дайындаушы қоятын атаулы таңбасының, бедерлі таңбасының болуы міндетті.
      9. Атаулы таңба уәкілетті ұйымда техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті тіркелуге жатады.
      10. Уәкілетті ұйым тоқсан сайын тіркелген атаулы таңбалар туралы мәліметтерді техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен уәкілетті органға береді,
      11. Тіркелмеген атаулы таңбаны пайдалануға тыйым салынады.

4-тарау. Халықаралық ынтымақтастық

      15-бап. Кимберлий процесіне сәйкес өңделмеген табиғи
              алмастардың айналымын бақылау

      1. Қазақстан Республикасында Кимберлий процесінің талаптарына сәйкес өңделмеген табиғи алмастарды сертификаттау жүзеге асырылады.
      2. Өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелген кезде кедендік декларациялауға және кедендік тазартуға байланысты кедендік операциялар жасалғанға дейін уәкілетті ұйымдарда сараптама (сәйкестендіру) жүргізіледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта өңдеу бойынша операциялар жасау үшін өңделмеген табиғи алмастарды әкелуді қоспағанда, мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады.
      Өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелген кезде келу орнында кедендік операцияларды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де мәліметтермен бірге тасымалдаушы кеден органдарына сертификаттың нөмірі, оның берілген күні мен қолданылу мерзімі қамтылған өңделмеген табиғи алмастардың сертификаты туралы мәліметтерді береді. Аталған мәліметтерді беру мүмкін болмаған немесе сертификаттың қолданылу мерзімі өткен жағдайларда, өңделмеген табиғи алмастардың партиясын Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына әкелуге жол берілмейді.
      3. Өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкеткен кезде уәкілетті ұйымда өңделмеген табиғи алмастарға сараптама (сәйкестендіру) жүргізіледі және мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік бақылаушы мемлекеттік бақылау актісімен бір мезгілде сертификатты ресімдейді және береді.
      Сертификат өңделмеген табиғи алмастарды әкеткен кезде кедендік декларациялау мақсаттары үшін міндетті құжат болып табылады және оған қол қойылған күннен бастап алпыс күн ішінде қолданылады.
      4. Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге өңделмеген табиғи алмастарды қайта өңдеуге әкету Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден аумағынан тыс жерде қайта өңдеудің кедендік рәсімінде оның сомасын кейін қайтару арқылы кедендік баждың әкету төлемін қамтамасыз етуді міндетті түрде енгізу, сондай-ақ кеден аумағынан тыс жерде қайта өңдеу талаптары туралы құжатты беру шартымен, жүзеге асырылады.
      Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағында қайта өңдеу, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағынан тыс жерде қайта өңдеу кедендік рәсімдеріне орналастырылатын табиғи алмастар мен гауһарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағынан әкету және Еуразиялық экономикалық одақтың аумағына әкелу құқығы тек гауһарлар өндірісінің субъектілерінде ғана бар.
      5. Өңделмеген табиғи алмастарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету Кимберлий процесіне қатысушы елдерге ғана рұқсат етіледі.

5-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      16-бап. Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен
              асыл тастар саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін
              жауаптылық

      Қазақстан Республикасының бағалы металдар мен асыл тастардың өндірісі және олардың айналымы саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      17-бап. Өтпелі ережелер

      Қазақстан Республикасының аумағында коммерциялық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар өткізетін, сынамалау және таңбалау рәсімін етпеген бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 18 ай ішінде уәкілетті ұйымдарда міндетті сынамалауға және таңбалауға жатады.

      18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады