«Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес «Шымкент МӨЗ-ін реконструкциялау және жаңғырту» басым жобасы бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгіленсін.
2. Қоса беріліп отырған «Шымкент МӨЗ-ін реконструкциялау және жаңғырту» басым жобасын іске асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру шарттары (өтініш беруші — «Қытай мұнай инженерлік-құрылыс тобының еншілес ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Оңтүстік Қазақстан филиалы) бекітілсін.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 26 қаңтардағы
№ 17 қаулысымен
бекітілген
«Шымкент МӨЗ-ін реконструкциялау және жаңғырту» басым жобасын
іске асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру
шарттары (өтініш беруші – «Қытай мұнай инженерлік-құрылыс
тобының еншілес ұйымы» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің Оңтүстік Қазақстан филиалы)
1. Аумағында басым жоба іске асырылатын әкімшілік-аумақтық бірліктің уәкілетті органына жұмыс беруші не ол уәкілеттік берген тұлға ұсынатын шетелдік жұмыс күшін тартуға өтінішке қоса берілетін құжаттар мыналарды қамтуы тиіс:
1) тегі, аты, әкесінің аты (оның ішінде латын әріптерімен), туған күні, азаматтығы, паспортының (жеке басын куәландыратын құжаттың) нөмірі, берілген күні және берген орган, тұрақты тұратын елі, шыққан елі, білімі, еңбек жөніндегі орталық атқарушы орган бекітетін Қазақстан Республикасында қолданылатын басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдардың басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына, жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына, жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына және 01-99 «Кәсіптер жіктеушісі» Қазақстан Республикасының мемлекеттік жіктеушісіне сәйкес мамандығының, біліктілігінің (лауазымының) атаулары көрсетіле отырып, тартылатын шетелдік қызметкерлер туралы мәліметтер;
2) Қазақстан Республикасының күшіне енген халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңдастырылған білімі туралы құжаттардың нотариалды расталған аудармалары (егер құжат мемлекеттік немесе орыс тілінде толтырылған болса, көшірмелері);
3) қызметкер бұрын жұмыс істеген жұмыс берушінің ресми бланкісінде қызметкердің еңбек қызметі туралы жазбаша растауы қоса берілген қызметкердің еңбек қызметі туралы ақпарат (тиісті кәсіп бойынша жұмыс өтілі жөнінде біліктілік талаптары болған кезде) немесе Қазақстан Республикасында танылатын өзге де растаушы құжаттар;
4) басым жобаны іске асыруға қатысқанын куәландыратын шарттан нотариалды расталған үзінді көшірме немесе салыстыру үшін түпнұсқасы ұсынылған көшірмесі (мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдар үшін).
2. Уәкілетті органның жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруі мынадай қатынастар сақталған кезде жүзеге асырылады:
1) «Шымкент МӨЗ-ін қайта жөндеу және жаңғырту» жобасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының саны бас мердігерлік және олардың қосалқы мердігерлік ұйымдарындағы бірінші санатқа жатқызылатын қызметкерлердің тізімдік санының 80%-ынан кем болмауы тиіс;
2) «Шымкент МӨЗ-ін қайта жөндеу және жаңғырту» жобасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының саны бас мердігерлік және олардың қосалқы мердігерлік ұйымдарындағы екінші санатқа жатқызылатын қызметкерлердің тізімдік санының 70%-ынан кем болмауы тиіс;
3) «Шымкент МӨЗ-ін қайта жөндеу және жаңғырту» жобасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының саны бас мердігерлік және олардың қосалқы мердігерлік ұйымдарындағы үшінші санатқа жатқызылатын қызметкерлердің тізімдік санының 60%-ынан кем болмауы тиіс;
4) «Шымкент МӨЗ-ін қайта жөндеу және жаңғырту» жобасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының саны бас мердігерлік және олардың қосалқы мердігерлік ұйымдарындағы төртінші санатқа жатқызылатын қызметкерлердің тізімдік санының 80%-ынан кем болмауы тиіс.
3. Шетелдік қызметкерлердің елге кіруі «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабында көзделген шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады.
4. Шетелдік жұмыс күшін тарту «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
5. Еңбек нарығында ұсыныстар болған жағдайда уәкілетті орган жұмыс беруші өкілінің қатысуымен бос лауазымға үміткер қазақстандық азаматтардың кандидатурасын қарайды. Кездесудің уақыты мен орнын уәкілетті орган белгілейді, бұл туралы жұмыс берушіге және тиісті үміткерге хабарланады.
6. Осы шарттарда реттелмеген шетелдік жұмыс күшін тартудың өзге де шарттары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 45 қаулысымен бекітілген Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидалары мен шарттарында регламенттеледі.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 26 қаңтардағы
№ 17 қаулысына
қосымша
«Шымкент МӨЗ-ін реконструкциялау және жаңғырту» басым жобасы бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота
Жобаның атауы |
Өтініш беруші |
Іске асыру орны |
Іске асыру мерзімі |
Квота (адам) |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
«Шымкент МӨЗ-ін реконструкциялау және жаңғырту» |
«Қытай мұнай инженерлік-құрылыс тобының еншілес ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Оңтүстік Қазақстан филиалы |
Шымкент қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы |
2010 – 2016 жж. |
2015 – 2016 жж.: 1245 |