Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы
2014 жылғы 14 қарашада Бухарестте жасалған Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы адамдарды ұстап беру туралы
ШАРТ
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Румыния
егемендікті және теңдікті өзара құрметтеу негізінде, қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екі мемлекет арасында құқықтық ынтымақтастық жөніндегі өзара тиімді іс-қимыл жасауға ниет білдіре отырып,
осы мақсатқа адамдарды ұстап беру мәселелеріндегі бірлескен әрекеттерді белгілейтін екіжақты шарт жасасу арқылы қол жеткізу мүмкін екендігін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Ұстап беру міндеттемесі
Әрбір Тарап осы Шарттың талаптарына сәйкес ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды, соттауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында өзінің аумағындағы Сұрау салушы Тарап іздестіріп жатқан кез келген адамды екінші Тарапқа ұстап беруге міндеттенеді.
2-бап
Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар
1. Осы Шарт мақсатында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп екі Тараптың да ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын және оларды жасағаны үшін кемінде бір (1) жылға бас бостандығынан айыру түріндегі немесе неғұрлым қатаң жазаны көздейтін қылмыстар танылады.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу оған қатысты ұстап беруге әкеп соғатын кез келген қылмыс үшін сот үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болған жағдайда, онда ұстап беру, егер адам кемінде алты (6) айға бас бостандығынан айыруға немесе неғұрлым қатаң жазаға сотталған жағдайда ғана мүмкін болады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қылмысты айқындау кезінде Тараптар заңнамаларының осы қылмысты құрайтын іс-әрекетті осыған ұқсас қылмыстардың санатына жатқызуының немесе осы қылмысты бірдей немесе әртүрлі терминологиямен белгілеуінің маңызы болмайды.
4. Кеден, салық заңнамаларын және валюталық реттеу саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты қылмыстарға қатысты ұстап беруден Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасындағыдай осыған ұқсас салықтық және кедендік нормалар немесе валюталық реттеу саласындағы норма көзделмейді деген негізде бас тартылмайды.
5. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалса, ұстап беру, егер Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында дәл осындай мән-жайларда оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жаза көзделсе, жүзеге асырылады. Ұстап беру, егер Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы мұндай шарттарды көздемесе де жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу екі Тараптың да ұлттық заңнамаларымен әрқайсысы жазаланатын, бірақ олардың кейбіреулері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген белгілерді қамтымайтын екі немесе одан да көп қылмыстарға қатысты болса, онда Сұрау салынатын Тарап барлық қылмыстарға қатысты адамды ұстап беруге рұқсат етуге құқылы.
3-бап
Бас тарту үшін міндетті негіздер
Егер:
а) Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда көрсетілген қылмысты саяси қылмыс болып табылады деп санаса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс. Сондай-ақ, егер Сұрау салынатын Тарап жалпы қылмыс үшін ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп жатқан адамды нәсілдік белгісі, діни сенімі, ұлты, жынысы, әлеуметтік мәртебесі, этностық тиесілігі, саяси көзқарасы немесе оның осындай фактілерге қатысы бойынша айыптау немесе жазалау мақсатымен байланысты деп пайымдауына негіздер бар болса;
b) егер Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтындығы, ал тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер бермесе ғана, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыс Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша өлім жазасымен жазаланатын болса;
с) Сұрау салынатын Тарап қылмысы үшін іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тарапта адамның негізгі құқықтарын құрметтеуді, оның ішінде қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттерден қорғалуды қамтамасыз етпейтін жазалауға немесе кез келген өзге де әрекетке немесе әрекетсіздікке ұшыратады деп пайымдауға негіздері бар болса;
d) адамды ұстап беру туралы сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес ескіру мерзімінің өту салдарынан не Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өзге де негіз бойынша қылмыстық қудалауды бастау не үкімді орындау мүмкін болмаса, ұстап беруден бас тартылуы тиіс. Сұрау салынатын Тарап ескіру мерзімдерін есептеу кезінде Сұрау салушы Тараптың аумағында осы мерзімдерді үзуге немесе тоқтата тұруға байланысты кез келген мән-жайларды ескеруге тиіс;
е) ұстап берілуі сұратылып отырған адамға қатысты Сұрау салынатын Тараптың аумағында нақ сол әрекет үшін заңды күшіне енген сот үкімі немесе қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылса;
f) ұстап беру туралы сұрау салу түскен адамға Сұрау салынатын Тарап пана берсе;
g) Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру оның мемлекетінің егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де мүдделеріне нұқсан келтіреді немесе оның конституциясына қайшы келеді деп санаса;
h) ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың әдеттегі қылмыстық құқығында ұқсастығы жоқ әскери қылмыс үшін сұратылып отырса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс.
2. Осы Шарттың мақсаттарына орай мынадый қылмыстар саяси болып есептелмейді:
а) адамды өлтіру, ұрлау немесе адамға немесе оның бостандығына басқа да қатер төндіру;
b) мемлекет немесе үкімет басшысын немесе олардың отбасы мүшелерін өлтіруге, ұрлауға немесе олардың өміріне, денсаулығына немесе бостандығына басқа да елеулі қатер төндіру, соған талпыну немесе сыбайлас ретінде қатысу;
с) геноцид, соғыс кезінде жасалған қылмыстар, бейбітшілік пен адамзатқа қарсы қылмыстар;
d) Тараптар халықаралық шарт негізінде ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс деп қарауға міндеттеме ретінде қабылдаған басқа да кез келген іс-әрекеттер.
3. Егер Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағы d) тармақшасының негізінде адамды ұстап беруден бас тартуға ниеттенсе, ол Сұрау салушы Тараппен кеңесуге тиіс.
4-бап
Бас тарту үшін факультативтік негіздер
Мына мән-жайлардың кез келгенінің негізінде:
а) егер оған қатысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу түсетін қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес оның юрисдикциясына жатса және іздестіріліп жатқан адам ұстап беру туралы сұрау caлу түскен дәл сол қылмыс үшін тергеуде болса немесе оны Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары сот тәртібімен қудалайтын болса;
b) егер Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлық дәрежесін және Сұрау салушы Тараптың мүдделерін назарға ала отырып, адамды ұстап беру іздестіріліп жатқан адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе өзге де жеке басының мән-жайларына орай ізгілік түсініктерімен үйлеспейді деп есептесе, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін. Осы жағдайларда адамды ұстап беруден бас тартудың орнына Сұрау салынатын Тарап ұстап беру іздестіріліп жатқан адам үшін ауыр зардаптар әкеледі деп пайымдауына себептер жойылғанға дейін ұстап беруді кейінге қалдыруға құқылы. Бұл үшін шешімді қабылдаудан бұрын Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараппен кеңесуге тиіс;
с) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салынатын Тараптың аумағынан тыс жерде жасалып, бірақ Сұрау салынатын Тараптың мүдделеріне қарсы бағытталса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.
5-бап
Өз азаматтарын ұстап беру
1. Әрбір Тарап өз азаматтарын ұстап беруден бас тартуға құқылы.
2. Өз азаматын ұстап беруден бас тартылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша осы адамды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауға тартуға немесе Сұрау салушы Тараптың заңды күшіне енген сот үкімін орындауға тиіс. Осы мақсат үшін Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 6-бабында көрсетілген орталық органдар арқылы қылмыстық істі, сот актілерін, дәлелдемелерді және оның иелігінде бар басқа да кез келген құжаттарды және ақпаратты береді.
3. Сұрау салынатын Тарап осындай сұрау салу бойынша қолданылған іс-қимылдар туралы және іс бойынша талқылау қорытындылары туралы Сұрау салушы Тарапқа уақтылы хабарлайды.
4. Егер ұстап берілетін адам оны бергенге дейін Сұрау салынатын Тараптың азаматтығын алса, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша осы баптың 2-тармағының ережелерін қолдануға тиіс.
6-бап
Тараптардың орталық органдары
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
2. Мыналар:
Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
Румыния үшін — Румынияның Әділет министрлігі орталық органдар болып табылады.
3. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
7-бап
Адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар
1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалуға және мыналарды:
а) іздестіріліп жатқан адамның аты мен тегін, туған күнін, жынысын, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін және оның жеке басын және орналасқан жерін сәйкестендіруге септігін тигізуі мүмкін кез келген басқа да ақпаратты, сондай-ақ бар болса, тану деректерін, фотосуретті және саусақ іздерін;
b) қылмыс жасалған күнді және орнын көрсете отырып, оған байланысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыстың мән-жайлары туралы ақпаратты;
с) ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмысты сипаттайтын және ол үшін жазаны белгілейтін тиісті заңның мәтінін;
d) қылмыс үшін қылмыстық қудалаудың немесе жазаны орындаудың мерзімін шектеуге қатысты тиісті заңның мәтінін және оның сұрау салуда көрсетілген қылмысқа қатысты қолданылуы бойынша ақпаратты;
е) оған қатысты ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалғанда, мұндай қылмыстар бойынша Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясын көздейтін тиісті заңның мәтінін қамтуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына қосымша ұстап беру туралы сұрау салуға:
а) егер сұрау салу қылмыстық қудалауға байланысты болса, Сұрау салушы Тараптың судьясы немесе орталық органы куәландырған қамаққа алу туралы шешімнің/сот ордерінің көшірмесін;
b) егер сұрау салу үкімді орындауға байланысты болса, Сұрау салушы Тараптың судьясы немесе орталық органы куәландырған, заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесі, жазаның өтелген және өтеуге жататын бөлігі туралы анықтама қоса беріледі.
3. Егер адам сырттай сотталған болса, осы баптың 2-тармағы b) тармақшасының талаптарына қосымша сұрау салу адамның сот талқылауы кезінде болмаған мән-жайлары туралы ақпаратты, сондай-ақ, егер ондайлар бар болса, растайтын құжаттарды қамтуға тиіс.
8-бап
Қосымша ақпарат
1. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салуға ілеспе және Сұрау салушы Тарап ұсынған ақпарат Сұрау салынатын Тараптың осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап қосымша ақпарат беруді сұратуға құқылы. Сұратылатын қосымша ақпарат осындай сұрау салу алынған кезден бастап алпыс (60) тәулік ішінде берілуге тиіс.
2. Егер іздестіріліп жатқан адам қамақта болса және сұратылатын қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзетпен қамаудан босатылуы мүмкін. Дегенмен мұндай босату бұдан әрі қосымша ақпарат түскенде іздестіріліп жатқан адамның қайта қамаққа алынуына және ұстап берілуіне кедергі келтірмеуге тиіс.
3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен қамаудан босатылса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы үш (3) тәулік ішінде Сұрау салушы Тарапты хабардар етуге тиіс.
9-бап
Құжаттардың және аудармалардың жарамдылығы
1. Тараптардың орталық органдарының мөрімен куәландырылған құжаттар іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімінде бұдан әрі сертификаттаусыз, түпнұсқалылығын анықтаусыз және заңдастырусыз жарамды болуға тиіс.
2. Іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалуға және ағылшын тіліндегі куәландырылған аудармасымен қоса берілуге тиіс.
10-бап
Шешім
1. Сұрау салынатын Тарап өзінің шешімі туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлай отырып, ұстап беру туралы сұрау салу бойынша осы Шартқа және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешім қабылдайды.
2. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруден бас тартса, бас тартудың себептері Сұрау салушы Тарапқа хабарланады.
3. Ұстап беруден формалды негіздер бойынша бас тартылған жағдайда, Сұрау салушы Тарап іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды жолдауға құқылы. Ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды жолдау кезінде сол формалдылықтар ескерілуге тиіс.
4. Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына экстрадициялауға келісімін берген жағдайда Сұрау салушы Тараптың алдын ала қамаққа алу туралы сұрау салуы бойынша ұстап беруді қанағаттандыруға құқылы.
11-бап
Арнайы қағида
1.1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілетін адам:
а) ол бойынша ұстап беру жүргізілген кез келген қылмыстан не егер мұндай қылмыс ұстап беруге әкеп соқтырса, атауы басқа, бірақ ұстап беру қанағаттандырылған қылмыс секілді дәл сол әрекетке немесе әрекетсіздікке негізделген қылмыстан немесе онша ауыр емес қылмыстан; немесе
b) ұстап берілгенге дейін жасалған және Сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша айыппұлмен немесе бір жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланатын кез келген қылмыстан; немесе
с) ұстап берілгеннен кейін жасалған кез келген қылмыстан; немесе
d) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органынан ұстап берілген адамды қылмыстық қудалауға немесе соттауға келісім алынған кез келген қылмыстан басқасы үшін ұсталмайды, қылмыстық қудаланбайды немесе сотталмайды. Осы мақсатта:
(і) Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттарды жолдауды сұрата алады;
(іі) Сұрау салынатын Тарапта сұрау салу қаралып жатқанша, ұстап берілген адамды Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары жүз сексен (180) тәуліктен аспайтын кезеңге қамаққа ала алады; және
(ііі) егер Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамды қамаққа алу үшін шаралар қабылдамаса, осы Шарттың 7-бабы 2-тармағының а) тармақшасында көзделгендей, қамаққа алу туралы шешімнің/сот ордерінің көшірмесін ұсыну қажет етілмейді. Мұндай жағдайда ұстап берілген адам қылмыстық қудалауға тартылуы мүмкін, бірақ Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары бұған келісімін бермегенінше іс Сұрау салушы Тараптың сотына берілмейді. Егер адам Сұрау салушы Тарапта сотталған болса, осы баптың 1-тармағы b) тармақшасының ережелеріне сәйкес келетін үкімді қоспағанда, үкім орындалмайды.
2. Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз, осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды Сұрау салушы Тарап оны ұстап бергенге дейін жасаған кез келген қылмысы үшін үшінші мемлекетке қайта экстрадицияламайды немесе бермейді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтары, егер:
а) адам ұстап берілгеннен кейін Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалса және өз еркімен қайта оралса; немесе
b) аталған адамның Сұрау салушы Тараптың аумағынан еркін кету мүмкіндігі болған кезден бастап қырық бес (45) күн ішінде оны жасамаса, ұстап берілген адамның ұсталуына, қылмыстық қудалануына, сотталуына немесе оны үшінші мемлекетке қайта экстрадициялауға немесе беруге кедергі жасамауға тиіс.
12-бап
Ұстап беру мақсатында қамаққа алу
1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша іздестіріліп жатқан адам оны ұстап беру туралы сұрау салу алынғанға дейін қамаққа алынуы мүмкін.
2. Алдын ала қамаққа алуға сұрау салу тікелей орталық органдар арасында жолдануға тиіс.
Алдын ала қамаққа алуға сұрау салу мыналарды:
а) іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасын;
b) егер белгілі болса, іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жерін;
с) қылмыстың қысқаша сипаттамасын, оның жасалу уақыты мен орнын;
d) қылмыстық заңның қолданылатын ережелерін;
е) іздестіріліп жатқан адамға қатысты қамаққа алу туралы шешімге/сот ордеріне немесе сот үкіміне сілтемені; және
f) іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу осы Шартпен белгіленген мерзімде ұсынылатынына кепілдемені қамтуға тиіс. Алдын ала қамаққа алуға сұрау салуды Тараптардың орталық органдары коммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып, тікелей бере алады. Сұрау салудың түпнұсқасы осымен бір мезгілде поштамен жолдануы қажет.
3. Сұрау салынатын Тарап алдын ала қамаққа алу жөнінде сұрау салуды қараудың нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлауға міндетті.
4. Егер Сұрау салынатын Тараптың орталық органы адамды қамаққа алған күнінен бастап алпыс (60) тәулік өткеннен кейін ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, қамаққа алынған адам босатылады. Адамды босату, егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды кешірек алса, экстрадициялау мақсатында оны қайта қамаққа алуға кедергі келтірмеуге тиіс.
13-бап
Бірнеше мемлекеттер жолдаған ұстап беру немесе беру туралы сұрау салулар
1. Егер Сұрау салынатын Тарап бір немесе одан да көп мемлекеттен, оның ішінде Сұрау салушы Тараптан да дәл сол немесе әртүрлі қылмыстар үшін дәл сол бір адамды ұстап беру туралы сұрау салуды алса, Сұрау салынатын Тарап осы адамды қайсы мемлекетке ұстап беретінін өз қалауы бойынша айқындайды.
2. Егер Румыния дәл сол немесе әртүрлі қылмыстар үшін дәл сол бір адамға қатысты Қазақстан Республикасынан ұстап беру туралы сұрау салуды, сондай-ақ Қамаққа алу туралы Еуропалық ордерге негізделген беру туралы сұрау салуды алса, онда оның құзыретті органдары іздестіріліп жатқан адам қайсы мемлекетке ұстап берілетінін немесе тиісінше берілетінін айқындайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес шешім қабылдауда Сұрау салынатын Тарап мынадай барлық тиісті элементтерді қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей:
а) сұрау салулардың халықаралық шарттар негізінде жолданғанын;
b) әрбір қылмыстың жасалған орнын;
с) Сұрау салушы мемлекеттердің мүдделерін;
d) қылмыстардың ауырлығын;
e) жәбірленушінің азаматтығын;
f) іздестіріліп жатқан адамның тұрғылықты жерін;
g) сұрау салушы мемлекеттер арасында бұдан әрі ұстап беру мүмкіндігін; және
h) сұрау салушы мемлекеттерден сұрау салуларды алудың хронологиялық ретін ескеруге тиіс.
14-бап
Ұстап берілетін адамды беру
1. Егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырса, Тараптар іздестіріліп жатқан адамды беруге қатысты күнін, орнын және кез келген басқа да тиісті мәселелерді дереу келіседі. Сұрау салушы Тарапқа іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру мақсатында қамақта ұсталу кезеңінің ұзақтығы туралы хабарланады.
2. Ұстап берілетін адамды беру үшін уақыт кезеңі Сұрау салушы Тарап ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешімді алған күнінен бастап қырық (40) күнді құрайды.
3. Егер Сұрау салушы Тарап осы баптың 2-тармағында көрсетілген кезең ішінде ұстап берілетін адамды қабылдамаса, Сұрау салынатын Тарап ол адамды дереу босатады және осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы адамға қатысты дәл сол қылмысы үшін ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды қабылдамауы мүмкін.
4. Тараптарға байланысты емес ұстап берілетін адамды беруге немесе қабылдауға кедергі келтіретін мән-жайлар кезінде Тараптардың орталық органдары берудің жаңа күнін және басқа да қажетті шарттарын келісуге тиіс.
5. Егер беруден кейін ұстап берілетін адам қылмыстық қудалаудан жасырынып немесе сот үкімін орындаудан жалтарып, Сұрау салынатын Тараптың аумағына қайта оралса, Сұрау салынатын Тарап оны ұстап беру туралы жаңа сұрау салу негізінде қайта экстрадициялауға құқылы. Бұл жағдайда ұстап беру туралы сұрау салуға осы Шарттың 7-бабында санамаланған құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
6. Үйқамақты қоса алғанда, ұстап беру мақсатындағы күзетпен ұстау мерзімі Сұрау салушы Тарапта шығарылған сот үкімін орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.
15-бап
Ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру
1. Егер Сұрау салынатын Тарапта іздестіріліп жатқан адамға қатысты ұстап беру сұратылып жатқан қылмыстан өзге қылмысты жасағаны үшін қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса немесе ол жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы шешім қабылдағаннан кейін оны беруді сот талқылауы аяқталғанға дейін немесе сот үкімі толық орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай кейінге қалдыру жағдайында Сұрау салынатын Тарап бұл жөнінде Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
2. Дегенмен, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салушы Тарапқа орталық органдар арасында өзара келісілген шарттармен уақытша беруге құқылы. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болатын кезең ішінде қамауда күзетпен ұсталады және Сұрау салынатын Тарапқа орталық органдармен мерзімде қайтарылады. Адамды күзетпен ұстау мерзімі Сұрау салынатын Тарапта шығарылған сот үкімін орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.
3. Ұстап берілген адамды беру адамның денсаулық жағдайына байланысты оның өміріне қауіп төндіретін немесе денсаулық жағдайын нашарлататын кезде де кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өзінің құзыретті денсаулық сақтау мекемесі берген медициналық кеңейтілген есепті ұсынуы қажет.
16-бап
Мүлікті алып қою және беру
1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында табылған, қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе дәлелдеме ретінде қызмет ететін кез келген мүлікті алып қоюы, тәркілеуі және беруі тиіс. Мұндай жағдайда мүлік мүмкіндігінше Сұрау салушы Тарапқа ұстап берілген адамды беру уақытында беріледі.
2. Сұрау салынатын Тараптың келісімімен осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлік Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша тіпті адамды ұстап беру мүмкін болмаған жағдайда да беріледі.
3. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлікті өзінде уақытша қалдыруға немесе оны қайтару шартымен беруге құқылы.
4. Алып қойылған немесе тәркіленген мүлікті Сұрау салушы Тарапқа беру Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың құқықтарына нұқсан келтірілмей жүзеге асырылады. Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тарап, егер Тараптар басқаша уағдаласпаса, алынған мүлікті сот талқылауы аяқталғаннан кейін бір (1) ай ішінде осы тараптардың осындай мүлікке құқықтарына мөлшерлес етіп дереу және өтеусіз қайтарады.
17-бап
Транзит
1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей екінші Тарапқа үшінші мемлекет ұстап берген адамды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат етуге құқылы.
2. Бұл үшін Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа орталық органдар арқылы не аса шұғыл жағдайларда Интерпол арқылы тасымалданушы адамның жеке деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және істің қысқаша мән-жайларының баяндалуын қамтитын транзит туралы сұрау салуды жолдайды. Транзит туралы сұрау салуға адамның ұстап берілгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
3. Сұрау салынатын Тарап өз аумағынан тасымалданушы адамды қамауда күзетпен ұстауға тиіс.
4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінің аумағында қону жоспарланбаса, транзитке рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспарланбаған қону болған жағдайда, транзитті жүзеге асырушы мемлекет бұл жөнінде транзит мемлекетін дереу хабардар етеді және транзит мемлекеті осы баптың 2-тармағымен көзделген транзит туралы сұрау салуды күту барысында тасымалданушы адамды он бес (15) тәулік мерзімінде күзетпен ұстауға тиіс.
18-бап
Шығыстар және өкілдік ету
1. Сұрау салынатын Тарап өз аумағында адамды Сұрау салушы Тарапқа экстрадициялау мақсатында қамаққа алуға байланысты шығыстарды, осы Шарттың 16-бабында көзделген мүлікті алып қоюға және сақтауға байланысты шығыстарды, сондай-ақ ұстап беру процесінде пайда болуы мүмкін шығыстарды көтереді.
2. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарап берген ұстап берілетін адамды және кез келген мүлікті тасымалдауға байланысты шығыстарды көтереді.
3. Сұрау салынатын Тарап өз аумағында консультацияларды, заңдық көмекті және өзінің соттарында өкілдікті қамтамасыз етеді және ұстап беру рәсімдерінен туындаған кез келген талқылауларда Сұрау салушы Тараптың мүдделеріне өкілдік етеді.
19-бап
Нәтижелер туралы хабарлау
Сұрау салушы Тарап қылмыстық қудалау, сот талқылауы туралы не ұстап берілген адамға қатысты шығарылған сот үкімінің орындалғаны туралы ақпаратты не ұстап берілген адамды үшінші мемлекетке кері экстрадициялау туралы ақпаратты береді. Осыған байланысты Сұрау салушы Тараптың орталық органы тиісті шешімдердің көшірмелерін береді.
20-бап
Басқа да халықаралық шарттармен арақатынасы
Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын, ал Румыния үшін де оның Еуропалық Одаққа мүшелігінен туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
21-бап
Келіспеушіліктерді реттеу
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктер Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
22-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн өткеннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын, осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
3. Осы Шарт өз қолданысын Тараптардың бірі кез келген Тараптың өзінің Шарт қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап бір жүз сексен (180) күн өткеннен кейін тоқтатады.
4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде адамдарды ұстап беру бойынша басталған іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде болады.
5. Осы Шарттың қолданысы ол күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстарға да қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
Бухарестте 2014 жылғы «14» қарашада әрқайсысы қазақ, румын және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Шартты түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы үшін Румыния үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың ағылшын және румын тілдеріндегі мәтіні берілген.