Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының арасындағы "Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда (ШЕКОА) "жасыл өсу" және көміртектің төмен шығарындылары стратегиясын дамытуға жәрдемдесу: "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасының (ЖЭТ) түйінді басқару элементтері бойынша саяси диалогты талдау және қолдау" жобасы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 324 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының арасындағы «Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда (ШЕКОА) «жасыл өсу» және көміртектің төмен шығарындылары стратегиясын дамытуға жәрдемдесу: «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының (ЖЭТ) түйінді басқару элементтері бойынша саяси диалогты талдау және қолдау» жобасы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Владимир Сергеевич Школьникке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда (ШЕКОА) «жасыл өсу» және көміртектің төмен шығарындылары стратегиясын дамытуға жәрдемдесу: «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының (ЖЭТ) түйінді басқару элементтері бойынша саяси диалогты талдау және қолдау» жобасы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2015 жылғы 25 сәуірдегі
№ 324 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда (ШЕКОА) «жасыл өсу» және көміртектің төмен шығарындылары стратегиясын дамытуға жәрдемдесу: «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының (ЖЭТ) түйінді басқару элементтері бойынша саяси диалогты талдау және қолдау» жобасы туралы келісім

      Бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» немесе бірге «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Келісімнің нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада көзделген «Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда (ШЕКОА) «жасыл өсу» және көміртектің төмен шығарындылары стратегиясын дамытуға жәрдемдесу: «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының (ЖЭТ) түйінді басқару элементтері бойынша саяси диалогты талдау және қолдау» жобасын (бұдан әрі – жоба) жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаға қатысты ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.

2-бап. Бюджеттік және қаржылық тетіктер

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-ға осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада көрсетілгендей, жобаны іске асыруға жұмсалатын шығыстарды жабуға 150000 (жүз елу мың) евро мөлшерінде жарна ұсынуға міндеттенеді.
      2. Жарна екі кезеңмен (траншпен) былайша төленетін болады:
      а. 100000 (жүз мың) евро сомасындағы бірінші жарна осы Келісімге қол қойылып, ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін бірден төленеді;
      б. 50000 (елу мың) евро сомасындағы екінші жарна 2016 жылғы 31 наурызға дейінгі мерзімде ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін төленеді.
      3. ЭЫДҰ бұл жарнаны қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасынан 6,3 % әкімшілік шығындардың өтелуін төлеуді көздейтін ЭЫДҰ өзінің қаржылық регламенттеріне және басқа қолайлы қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіреді. Шығыс жалпы қабылданған бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетіледі және ол ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

3-бап. Жұмыстардың сипаты және есептілік

      1. ЭЫДҰ жобаны осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қоса беріліп отырған қосымшада сипатталғандай жүзеге асырады.
      2. Жобаның алғашқы он екі айы аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне жазбаша нысанда жобаның орындалу барысы туралы есепті ұсынады.
      3. Жоба аяқталғаннан кейін алты айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында жоба бойынша қорытынды есепті ұсынады.
      4. Жобаның алғашқы он екі айы аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы жылдық есепті ұсынады.
      5. Жоба аяқталғаннан кейін алты айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы қорытынды есепті ұсынады.
      6. ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі шығындар туралы есепте қаржылық есеп беруге қойылатын талаптар сақталатынымен келіседі.

4-бап. Ақпарат алмасу

      Тараптар бір-біріне көмектерін және Жобаны жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты ұсынады.
      Тараптар арасындағы кез келген ақпарат алмасу мына мекенжайға жіберіледі:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі – 010000, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Қабанбай батыр көшесі, № 19 үй, тел.: + (7172) 97 68 01, эл.мекенжай: kense@mgm.gov.kz;
      ЭЫДҰ үшін: Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоратын «Жасыл Өсу» және Ғаламдық Байланыстар бөлімі, 75775, Франция, Париж Cedex 16, 2, rue Andre-Pascal, эл.мекенжай: Dianne.Fowler@oecd.org.

5-бап. Жобаның нәтижелерін қолдану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері ЭЫДҰ меншігінде қалады.
      2. Құжаттарды жіктеуге және жіктеуден шығаруға қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталатын болса, егер іске асырылса, ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін Жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін қолдануға, көшіруге және таратуға айрықша емес, қайтарып алынбайтын құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі сондай-ақ толық қорытынды есеп ретінде өз веб-сайтында орналастыра және тарата алады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажет болған жерде ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын тиісті түрде мойындайды.
      4. ЭЫДҰ осындай жарияланымның тілі мен үлгісіне қарамастан қорытынды есепті бірінші жариялау құқығын өзіне қалдырады.
      5. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін мақұлдауды қамтитын болады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің рәмізі жарияланым мұқабасының артқы бетінде немесе жоғарыда көрсетілген мақұлдаудың жанында жарияланымның ішінде орналастырылады.
      6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын, жоба барысында ЭЫДҰ ұсынған кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігінде қалады. ЭЫДҰ өз есебін дайындау мақсатында және жобаны жүзеге асыру үшін көрсетілген деректер мен ақпаратты пайдалануға және/немесе қосуға құқығы бар.

6-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімнің болуын, жарамдылығын немесе бұзылуын қоса алғанда, оны түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан туындайтын немесе осыларға қатысты келіссөздер жүргізу жолымен шешілуі мүмкін емес кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық осы Келісімді жасасу күні қолданыстағы аралық соттың тұрақты палатасының халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер үшін төрелік сотының факультативтік қағидаларына сәйкес міндетті күші бар түпкілікті төрелік талқылауымен шешіледі. Төрешілердің саны – біреу. Төреші Тараптар арасындағы уағдаластық жолымен таңдалады, егер төрелік талап етілгеннен кейін үш айдың ішінде осындай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, төреші жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес Тараптардың бірінің талабы бойынша тағайындалады. Төрелік сот Парижде, Францияда өтеді, барлық іс жүргізу мен берілетін түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.

7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ешнәрсе халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ иммунитеттері мен басымдықтарынан бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

8-бап. Өзгерістер мен толықтырулар

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап. Күшіне енуі

      1. Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және
2016 жылғы 31 желтоқсанда өз қолданысын тоқтатады. Ол екі Тарап та одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін күшінде болады және қолданылады.
      2. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндердің арасында сәйкессіздік болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып табылады.

      Қазақстан Республикасының     Экономикалық ынтымақтастық
            Үкіметінен                  және даму ұйымынан

      Владимир Школьник мырза           Саймон Аптон мырза 

      Қазақстан Республикасының     ЭЫДҰ Қоршаған орта бойынша
      Энергетика министрі            директоратының директоры

      _________________________     __________________________
      күні ____________________     күні _____________________

Энтони Дж. Ротье мырза
Атқарушы директор
_________________________
күні ____________________

Қосымша

Техникалық ұсыныс

Жалпы ақпарат

      1. Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру қоршаған ортаға әсер ететін залалды әсерлерді азайтуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етіп мемлекеттің экономикалық өсуіне әкеледі. «Жасыл экономика» секторын дамытуға негізінен жеке меншік секторлары тартылатындығы болжанғанымен жаңа технологияларды қолдау және дамытуда мемлекеттік сектордың маңызы зор. Инвестицияның басым бөлігі жаңартылған энергия көздерін дамытуға және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға, сондай-ақ газ саласы инфрақұрылымын құруға жұмсалады. Шектелген мемлекеттік ресурстарды қолжетімді жасау тәсілдерінің бірі - мемлекеттік қаржыны басқарудың нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 шілдедегі № 750 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013 - 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында мемлекеттік қолдау талап етілетін бағыттар айқындалған. Оларға, атап айтқанда: жылу жүйелері, тұрғын, мемлекеттік және коммерциялық ғимараттардың энергия тиімділігін жоғарлату іс-шаралары заманауи энергия тиімді жабдықтар мен материалдардың коммерциялық өндірісін қолдау жатады.
      3. ЭЫДҰ Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органымен тұрғын үй шаруашылығында энергия тиімділігін жоғарлату шараларына мемлекеттік инвестиция бағдарламаларын әзірлеу жұмыстарын аяқтады. Осы жоба шеңберінде ЭЫДҰ Excel базасында әдістеме және модель әзірледі, ол әлеуетті пайда табушыларда энергия тиімділігін жоғарылату шараларын қабылдауға қызығушылықгың болуы қажетті оңтайлы субсидиялау деңгейін есептеуге мүмкіндік береді. Модельде бағдарламаны іске асыру нәтижесінде қол жеткізілетін СО2 шығарындыларын азайту деңгейі есептеледі.
      4. ЭЫДҰ осы тәжірибесін және өзге құралдарын Қазақстанда «жасыл» мемлекеттік инвестиция немесе ұлттық немесе жергілікті деңгейде басқа бағдарламаларды әзірлеуге пайдалануға болады. Мұндай бағдарламаларды әзірлеу және бірінші реттік инвестицияларды айқындау БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы бойынша құрылған Климаттың жасыл қоры (GreenClimateFund) сияқты халықаралық көздерден қосымша ресурстарды тартуға ықпал жасайды. Аталған Қордың негіз қалаушы қағидаттарының бірі (стратегиялық бағыты — климаттың өзгеру салдарларын жұмсарту және климаттың өзгеруіне бейімделу) ұлттық стратегиялық басымдықтарға сүйене отырып айқындалуға тиіс ұсынылған инвестицияларға елдің толық қызығушылығы болып табылады. Ең озық үлгілі халықаралық тәжірибелерге сәйкес әзірленген және бірлескен негізде қаржыландырылатын мемлекеттік инвестиция бағдарламаларының болуы елдің Климаттың жасыл қорынан және басқа да халықаралық көздерден ресурстар алу мүмкіндігін жоғарылатады (Қазақстанда мұндай мүмкіндіктерді ашатын институционалдық тетіктер құрылғаннан кейін).

2. Жобаның мақсаттары

      5. Бұл жобаның мақсаты - «жасыл» мемлекеттік инвестиция бағдарламасын іске асыру үшін қажетті бюджет құралдарын және халықаралық қаржыландыру алу мақсатында үздік халықаралық тәжірибе үлгілеріне сәйкес оны әзірлеу бөлігінде қоршаған ортаны қорғауға және мемлекеттік қаржыны басқаруға жауапты Қазақстанның мемлекеттік органдарының әлеуетін арттыру. Инвестициялық бағдарлама көлік секторында атмосфералық ауаның ластануын төмендетуге бағытталған.
      6. Әлеуетті арттыруға инвестициялық бағдарламаны әзірлеумен және оның құнын есептеу үшін қазақстандық сарапшыларды тәжірибелік біліммен және мен құралдар жинағымен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанда жалпыұлттық және/немесе қосалқы деңгейлерде «жасыл» мемлекеттік инвестициялар бағдарламасын басқару саласында кадрларды мамандандырылған даярлауды жүргізу арқылы қол жеткізіледі.

3. Жобаның қамтуы

      7. Жоба бес негізгі қызмет түрлері бойынша ұйымдастырылады. Оларға:
      1) алдын ала шолу және талдау сатысы;
      2) бағдарлама құнын есептеу әдістемесін түзету;
      3) үздік халықаралық тәжірибе үлгілеріне сәйкес бағдарлама әзірлеу;
      4) талдамалы есепті дайындау;
      5) кадрларды даярлау жатады. Осы қызмет түрлерінің әрқайсысы төменде толық сипатталады.
      Алдын ала шолу және сараптау сатысы мынаны қамтиды:
      бағдарламаның элементтерін және қамтуын толығырақ айқындау үшін Энергетика министрлігімен консультациялар;
      Қазақстандағы негізгі мүдделі тараптардың қатысуымен жоба ұсынылатын және инвестициялық бағдарламаның қамтуы талқыланатын бірінші кездесуді өткізу. Талқылау барысында бағдарламаның негізгі элементтері айқындалады (осы кезеңде қаншалықты мүмкін болуына қарай, бірақ бұл ретте кем дегенде бағдарламаның қамтуы, мақсаттары мен міндеттері, оның әлеуетті пайда табушылары және әлеуетті жоба түрлері нақты айқындалады);
      қолжетімді материалдарды, атап айтқанда, мемлекеттік стратегиялық құжаттарды және саясат мәселелері бойынша құжаттарды, инвестиция жоспарларын, бюджет шығыстарының орта мерзімді бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі нормативтері халықаралық, мемлекеттік жарияланған және жарияланбаған есептер мен өзге де материалдарды талдау негізінде сектордағы ағымдағы жағдайды шолу;
      бағдарлама элементтерін одан әрі нақтылау және деректер мен ақпаратты жинау және әдеттегі бюджеттік қаржы бөлумен қатар, қаржыландыру мүмкіндігін айқындау үшін тиісті мемлекеттік, мемлекеттік емес және халықаралық әріптестермен бірқатар екіжақты кездесулер мен кеңестер өткізу.
      Бағдарламалардың құнын есептеу әдістемесі мынаны қамтиды:
      осы бағдарлама бойынша мемлекеттік қолдауға, сондай-ақ басқа да көздерден, оның ішінде жеке қаражат есебінен ресурстарды қолдауға сұранысты айқындау үшін нарықтағы жағдайға қысқаша шолу және бағдарламаны таңдау негіздемесі. Бұл шолу мемлекетте қолданылатын ең озық қолжетімді технологияларды талдауды, сондай-ақ ластануды азайту бірлігіне есептеуде оның құнын қамтиды;
      осы бағдарламаның құнын және әзірлеуін есептеу үшін қолданылатын бағдарлама құнын есептеу әдістемесін (бұдан бұрын ЭЫДҰ әзірлеген) түзету. Бұл Excel базасында құрылған бағдарлама құнын есептеу үлгісін нақтылауды және салыстыруды қамтиды, яғни ол бағдарламаны; бағдарламаны қаржыландыру көлемін бағалауды; әлеуетті пайда табушылардың бағдарламаны субсидиялауының оңтайлы көлемін есептеуді; жобалар типтері бойынша ең төменгі/ең жоғары қолдау көлемін есептеу бойынша шығыстарды; бағдарламаны іске асыру көрсеткіштерін айқындауды қамтиды;
      бағдарлама құнын есептеу моделін қолдану тәртібі туралы ілеспе түсіндірме жазбаны дайындау.
      Үздік халықаралық тәжірибе үлгілеріне сәйкес бағдарламаны әзірлеу мынаны қамтиды:
      «жасыл өсу» және климаттың өзгеруі және бюджет нормативтері бойынша ұлттық басымдықтарды ескере отырып, бағдарламаның негізгі элементтерін түпкілікті айқындау. Атап айтқанда, осы қызмет шеңберінде мыналар тұрғысынан бағаланатын бағдарламалар бойынша қаржыландыру үшін 1-2 әлеуетті портфель (типтер) айқындалады:
      саланың, институционалдық және нормативтік ортаның, активтердің ағымдағы жағдайының қысқаша сипаттамасы;
      ұсынылған портфельдер үшін қажетті мемлекеттік қаржыландыру жобаларының негіздемесі, мысалы, ұлттық басымдықтар тұрғысынан, жергілікті және трансшекаралық деңгейде оң экологиялық, әлеуметтік, экономикалық әсер, донорлар үшін тартымдылық;
      жобаның критерийлеріне жауап беретін географиялық орналасқан жері; жобаның негізгі типтері, оның ішінде олардың көлемдері, типтік қаржыландыру құрылымы және қаржыландырудағы қажеттілік;
      жобаның типтік меншік иелері (мысалы, өндірістік кәсіпорындар (жеке, мемлекеттік), муниципалды кәсіпорындар, муниципалитеттер, үй шаруашылығы);
      жоба портфелін қаржыландырудағы бағаланатын қажеттілік, қаражаттандыру деңгейі мен көзі;
      бағдарлама құрылымы мынаны да қамтиды:
      критерийлерге жауап беретін жобалардың типтерін және пайда табушыларды айқындау үшін қоса берілген қағидалар мен тәртіп;
      бағдарлама бойынша қаржыландыру үшін жобаларды бағалау және іріктеу критерийлері;
      қаржыландыру шарттары;
      бағдарламаны басқарудың институционалдық тетігі;
      бағдарлама құнын есептеу әдістемесін тиімдірек қолдану және моделін жетілдіру үшін қосымша деректер мен ақпарат жинау (қажет болған жағдайда).
      Талдамалық есепті дайындау мынаны қамтиды:
      есеп жобасын дайындау, оның ішінде оған мынадай элементтер кіреді:
      нарықтағы жағдайға қысқаша шолу;
      анықталған бағдарламаның сипаттамасы, оның ішінде бағдарламаның; жобалардың негізгі портфельдерінің (типтерінің) мақсаттары; бағдарламаны қаржыландыру көлемі және субсидиялаудың оңтайлы көлемі; бағдарлама бойынша қаржыландыру үшін жеке жобаларды бағалау және іріктеу қағидалары, тәртібі мен критерийлері; бағдарламаны басқарудың институционалдық тетіктері;
      бағдарлама құнын есептеу моделін қолдану тәртібі туралы ілеспе түсіндірме жазба;
      Қазақстан тәжірибесін ескере отырып, инвестициялық бағдарламаны әзірлеу және оның құнын есептеу бойынша негізгі қорытындылар және ұсынымдар;
      бағдарлама жобасы ұсынылатын және оның түпкілікті құрылымы және оны бюджеттік процеске енгізу тәртібі және әлеуетті халықаралық қаржыландыру көздеріне ұсыну келісілетін қорытынды кездесуді мүдделі тараптармен өткізу;
      Қазақстанда әріптестердің ескертулерін ескере отырып есепті қайта қарастыру.

4. Инвестициялар бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру саласында кадрлар даярлау

      8. Міндетіне «жасыл» мемлекеттік инвестициялар басқару кіретін Қазақстан Үкіметінің сарапшыларына практикалық білім мен дағды беру кадрлар даярлаудың басты мақсаты болып табылады. Кадрлар даярлау осы жоба шеңберінде нақты бағдарламаны әзірлеу тәжірибесі негізінде өткізіледі. Бұл қызмет басты екі элементтен тұрады:
      1) оқу материалдарын әзірлеу.
      Оқу курсының шеңберінде мынадай басты тақырыптар қаралады:
      инвестициялар бағдарламасының нысаналы міндеттері мен іске асыру көрсеткіштерін айқындау әдістері;
      бюджет есебінен қаржыландыратын ұзақ мерзімді инвестициялық экологиялық бағдарламалар шығынын есептеу әдістері;
      мемлекеттік инвестиция бағдарламасы бойынша қаржыландыру үшін жеке жобаларды айқындаудың, бағалаудың және іріктеудің қолданылатын әдістері;
      жоба циклын басқарудың қолданылатын әдістері;
      мемлекеттік инвестиция бағдарламасы бойынша алынған нәтижелердің жылдық негізінде бағалау және ресурстарды қайта бөлу; бағдарламаны жалпы бағалау;
      климаттың өзгеруіне байланысты ірі халықаралық қаржыландыру және осы қаржыландыруға рұқсат алуға арналған талаптар;
      нақты бағдарлама үлгісінде компьютерлерді пайдалана отырып, практикалық білім;
      2) тренинг жүргізу.
      Тренинг таныстырудың және практикалық білімнің негізінде (компьютерде) интерактивті пікірталас түрінде өтеді. Атап айтқанда, ЭЫДҰ әзірлеген мемлекеттік инвестициялар бағдарламасы құнын есептеу моделі мен әдістемесі ұсынылады және талқыланады.
      9. 3-4 күндік оқу семинары ұйымдастырылады. Семинарда 15-20 мемлекеттік лауазымды адамдар (мысалы: Энергетика министрлігі мен Қаржы министрлігінің өкілдіктері, сондай-ақ орталық және қосалқы ұлттық деңгейдегі қоршаған ортаны қорғауды басқаруға жауапты басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері) қатысады. Осы бірінші оқу іс-шарасының болашақта тұрақты кадрлар даярлаудың негізін қалау мақсаты бар. Барлық оқу материалдары ағылшын және орыс тілдерінде дайындалады.

5. Жобаны іске асырудың сипаты

      10. Жоба Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен (бұдан әрі - жергілікті үйлестіруші) тығыз ынтымақтастық жасай отырып іске асырылады. Жобаны іске асыру басталғанға дейін Энергетика министрлігіне бағдарламаның қамтуын толығырақ және қандай деңгейде (ұлттық немесе өңірлік) орындалатынын айқындау қажет. Ол шешілгеннен кейін ЭЫДҰ түрлі ұйымдардың қатысуымен бағдарламаның қамтуын одан әрі талқылау үшін мүдделі тараптармен кездесу ұйымдастырады, жұмыс осы бағдарлама және оның жекелеген элементтері шеңберінде жүзеге асырылады.
      11. Жобаны ЭЫДҮ тарапынан жоба менеджерінің басшылығымен және оның тікелей қатысуымен халықаралық кеңесшілер тобы іске асырады. ЭЫДҰ жетекші әріптесі ретінде Энергетика министрлігі ЭЫДҰ-мен қатар жобаны іске асыруда басты рөл атқарады. Министрлік елде жобаны үйлестіру үшін оның үйлестірушісін тағайындайды. Осы жобада Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің белсенді қатысуының шешуші маңызы болады.
      12. Жобаның жергілікті үйлестірушісі жобаны іске асыруға белсенді қатысады. Ол өз жұмысында басты мемлекеттік ведомстволармен жолға қойылған қатынастарға және Энергетика министрлігінің қолдауына сүйенеді.
      Жобаның жергілікті үйлестірушісі ЭЫДҰ тарапынан жобаның менеджерімен тығыз ынтымақтастықта болады. Жергілікті үйлестіруші мыналарға жауап береді:
      ақпарат көздерін айқындау, ЭЫДҰ тарапынан жоба менеджерінің сұрауы бойынша құжаттарды жинау;
      жобаға қатысты мәселелер бойынша, атап айтқанда, ЭЫДҰ сапары шеңберінде жоба қызметкерлері кездесуге тиіс негізгі мүдделі тараптарды айқындау мәселелері бойынша ұлттық органдармен өзара іс-қимыл;
      елдегі мүдделі тараптардың кездесуін ұйымдастыру;
      есептің жобасын және талдау қорытындысы бойынша есептің түпкілікті нұсқасын, оның ішінде инвестиция бағдарламасының өзін дайындауға қатысу;
      жоба қызметкерлеріне ұйымдастыру мәселелерін шешуде жәрдемдесу: жазбаша шақыруларды дайындау, визалар беруді ұйымдастыру, кездесулер өтетін орынды анықтау, кездесудің ойдағыдай өтуін қамтамасыз ету, құжаттарды мемлекеттік тілден ағылшын тіліне аударуды ұйымдастыру (қажет болған жағдайда).
      13. Жалпы жобаны дайындауды және іске асыруды ЭЫДҰ тарапынан жоба менеджері үйлестіреді. Атап айтқанда, ЭЫДҰ тарапынан жоба менеджері мыналарға жауап береді:
      жоба бойынша жұмыс атқару үшін халықаралық консультанттарды анықтау;
      жобаны іске асыруға ықпал ету үшін мемлекеттік лауазымды адамдармен қатынас жасау;
      донорлармен және халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық;
      жобаны іске асыру мерзімдерін бақылауды жүзеге асыру;
      талдау жұмысының жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін есеп жобаларын редакциялау және түсініктемелер беру;
      елдегі мүдделі тараптардың кездесулеріне қатысу.
      14. Жобаны «жасыл» мемлекеттік инвестициялардың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеуде, басқаруда және енгізуде практикалық тәжірибесі бар халықаралық консультанттардың қолдауымен ЭЫДҰ іске асырады. Консультанттарды тікелей ЭЫДҰ жалдайды. Халықаралық консультанттардың басты функциялары қажетті деректерді және инвестициялық бағдарлама жинау мақсатында Қазақстанға үш көшпелі миссияны жүргізу болады. Халықаралық консультанттарға ұлттық консультант қолдау көрсетеді; халықаралық консультанттар ЭЫДҰ тарапынан жобаның менеджеріне есеп береді.

6. Нәтижелер және қызмет мерзімдері

      15. Жобаны іске асыру 2016 жылдың соңына қарай аяқталады. Жобаның соңында мынадай басты нәтижелер алу жоспарланады:
      жоба бойынша жұмыстарды анықтау және консультанттарды тарту - 2015 жылғы қыркүйек-қараша;
      жобаны іске асыруға арналған мүдделі тараптардың кездесуі - 2016 жылғы ақпан;
      тиісті технологиялар және әлеуетті пайда табушылар нарығындағы жағдайға қысқа шолу, оларға бағдарлама бойынша қолдау көрсетіледі - 2016 жылғы сәуір;
      Excel базасында шығарылған модель және бағдарлама құнын есептеу әдістемесін қолдану тәртібі туралы ілеспе түсіндірме жазба - 2016 жылғы мамыр;
      бағдарламаны және оның басты элементтерін түсіндіру жобасы - 2016 жылғы шілде;
      талдамалық есеп жобасы -2016 жылғы қыркүйек;
      бағдарламаның түпкілікті құрылымын және талдамалық есепті ұсынуға, талқылауға және Қазақстандық әріптестермен келісуге арналған мүдделі тараптармен кездесу - 2016 жылғы қазан;
      оқу материалдарын дайындау және тренинг өткізу - 2016 жылғы желтоқсан.

7. Жобаның бюджеті

      16. Жалпы жоба бюджеті 150000 евро болып бағаланады. Баптарға бөлінген жоба бюджетінің нақты жобасы қосымшадағы кестеде көрсетілген.
      17. Қазақстан инвестициялық саясатының екінші шолуын өткізудің жалпы бюджеті 150000 евроны құрайды, ол екі төлемге бөлінген, 2015 жылы - 100 000 евро, 2016 жылы - 50000 евро.
      Бюджетті пайдалану бойынша есеп

Санаты

Ортақ есептік құны (евро)

Қызметкерлерге арналған шығын

53116

Үй-жайға жұмсалатын шығын, AT және басқа да шығыстар

6919

Консультанттар

39000

Кездесулерге және іссапарға, жарияланымдарға, аудармаға жұмсалатын шығындар

28815

ЭЫДҰ қызметкерлеріне шығындар

12000

ЭЫДҰ әкімшілік алымы (6,3 %)

9450

Шығыстардың жиыны:

150000

      *Ескертпе: бір бюджет жолындағы кез келген артық шығын жалпы бюджет шеңберінде қала отырып, бюджеттің басқа жолындағы жетіспеушілікті өтеуі мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады