Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 330 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2014 жылғы 2 желтоқсанда Ашхабадта жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстан Үкiметi арасындағы Теңiз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 330 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

(2015 жылғы 1 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 4, 39-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстан Yкiметi халықаралық құқық нормаларын басшылыққа ала отырып, егемендік, тең құқықтық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, өзара пайда мен өзара көмек қағидаттарына сәйкес екi мемлекет арасында теңіз көлігі саласындағы қатынастарды нығайтуды және дамытуды қалай отырып, төмендегілер туралы келiстi.

1-бап      

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн пайдаланылатын негізгі терминдер:
      «Тараптың кемесi» – осы Тараптың мемлекеттік кеме тізіліміне немесе басқа тиiстi ресми тiзіліміне енгiзiлген және осы Тараптың заңнамасына сәйкес оның мемлекетінің туын көтеріп жүзетін кез келген кеме.
      Алайда бұл терминде мыналар:
      1) коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын әскери корабльдер және басқа да кемелер;
      2) гидрографиялық, мұхиттану және ғылыми зерттеулер үшін пайдаланылатын кемелер;
      3) балық аулау кемелері және инспекциялық кемелер;
      4) Тараптардың әрқайсысының мемлекеті теңіз порттарының арасындағы каботажға және ішкі сулар бойынша кеме қатынасына арналған кемелер;
      5) лоцмандық көрсетілетін қызметтерді, сүйретіп жүзуді қоса алғанда, порттық, рейдтік және өзге де қызметтерді көрсетуге арналған кемелер;
      6) спорттық және серуен кемелері қамтылмаған.
      «Экипаж мүшесi» – кеме капитаны және кеме бортында кеменi пайдалануға немесе онда қызмет көрсетуге байланысты мiндеттердi орындаумен айналысатын, кеме рөлiне аты енгiзiлген және осы Келiсiмнiң 8-бабына сәйкес теңізшінің сәйкестендіру құжаттарын иеленетін кез келген басқа тұлға;
      «Теңіз порты» – Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында белгіленген тәртіппен арнайы бөлінген аумақ пен акваторияда орналасқан және сауда мақсатында теңізде жүзу үшін пайдаланылатын кемелерге қызмет көрсетуге арналған құрылыстар кешенi.
      «Құзыретті органдар»:
      1) Қазақстан Республикасы тарапынан – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгi;
      2) Түрікменстан тарапынан – Түрікменстан Теңіз және өзен көлігі мемлекеттік қызметі.
      2. Құзыретті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар бірін бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

2-бап      

      1. Тараптар теңіз көлігі саласындағы екiжақты ынтымақтастықты дамытуға жәрдем көрсетеді, бұл ретте тең құқықтық және өзара пайда қағидаттарын басшылыққа алады.
      2. Жүктердi тасымалдауда Тараптар өздерінің кеме жалдау, кеме қатынасы және кеме қатынасына байланысты кәсiпорындары мен ұйымдары арасындағы тығыз ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

3-бап      

      1. Тараптар:
      1) Тараптардың мемлекеттері кемелерiнің өз мемлекеттерінің теңіз порттары арасындағы теңiз арқылы тасымалдарға қатысуына, сондай-ақ паромдық тасымалдарды одан әрi дамытуға жағдай жасауға;
      2) өз мемлекеттерінің теңіз порттары арасындағы тасымалдарды дамытуды, оның ішінде терминалдар арқылы жүкті тиеп жөнелтуді және қабылдауды қиындатуы мүмкін кедергілерді жоюда ынтымақтасуға;
      3) бiр Тарап мемлекеті кемелерiнің екінші Тарап мемлекетінің теңіз порттары мен үшiншi елдердің теңіз порттары арасындағы тасымалдарға қатысуына кедергi келтірмеуге;
      4) Тараптар мемлекеттері бір мезгілде қатысушылары болып табылатын теңіздегі кеме қатынасы қауіпсіздігінің мәселелері жөніндегі халықаралық шарттар талаптарының сақтауын қамтамасыз етуге;
      5) болу мемлекетінің бақылаушы органдары өкілдерінің өздеріне жүктелген функцияларды орындауына кедергі келтірмеуге келіседі.
      2. Осы баптың ережелерi үшінші елдердің туын көтеріп жүзетін кемелердiң Тараптар мемлекеттерінің теңіз порттары арасындағы тасымалдарға қатысу құқығын қозғамайды.

4-бап      

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында қолданылатын ұлттық заңнамаларға сәйкес бір Тарап мемлекетінің кеме қатынасы компанияларына және коммерциялық ұйымдарына олардың екінші Тарап мемлекетiнің теңіз порттарына/порттарынан желiлер ашуына, сондай-ақ олардың екінші Тарап мемлекетінің аумағында өкiлдiктер немесе бiрлескен кәсiпорындар құруына қажеттi жәрдем көрсетедi.

5-бап      

      1. Әрбір Тарап порттарға еркін кіруге порттарды жүктерді тиеу және түсіру үшін, жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін пайдалануға, порттық алымдарды төлеуге, дағдылы коммерциялық операцияларды жүзеге асыруға және теңізде жүзуге арналған көрсетілетін қызметтерді пайдалануға қатысты халықаралық қатынастармен айналысатын өз кемелеріне қандай жағдайларды ұсынса, екінші Тарап мемлекетінің кемелеріне де соларды ұсынады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелері:
      1) шетелдік кемелердiң кiруi үшiн ашық емес порттарға қатысты қолданылмайды;
      2) Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің ұйымдары үшiн, атап айтқанда каботажды, сүйретіп жүзуді, лоцмандық алып өтуді және құтқаруды қоса алғанда, резервке қоятын қызметіне қатысты қолданылмайды;
      3) бір Тарапты өзінің кемелеріне ұсынылатын міндетті лоцмандық алып өту туралы қағидаларынан алуды екінші Тараптың кемелеріне қолдануға міндеттемейді.

6-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасының және порт қағидаларының шеңберінде теңiз тасымалдарын жөңiлдету және жеделдету, кемелердің негізсіз кідіруін болғызбау үшін, сондай-ақ порттардағы шекаралық, кедендiк және өзге де қолданыстағы формальдылықтарды жүзеге асыруды мүмкіндігінше жеделдету және оңайлату үшін тиісті шараларды қабылдайды.

7-бап      

      1. Тараптардың бiрi берген немесе танитын және борттағы кеме құжаттарын екінші Тарап та таниды.
      2. 1969 жылғы Кемелердi өлшеу жөнiндегі халықаралық конвенцияға сәйкес берілген кемелердi өлшеу туралы құжаттармен тиiсті түрде жабдықталған бiр Тарап мемлекетінің кемелерi екінші Тарап мемлекетінің порттарында жаңадан өлшенуден босатылады. Бұл құжаттар порттық алымдарды есептеу кезiнде негiзге алынады.

8-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы теңiзшiлердің сәйкестендіру құжаттарын таниды.
      Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасына қатысты – теңізшінің жеке куәлігі немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
      2) Түрікменстанға қатысты – Түрікменстаннан шығу және Түрікменстанға кіру үшін Түрікменстан азаматының паспорты және теңізшінің жеке куәлігі (теңізшінің паспорты) осындай құжаттар болып табылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің кемелері экипаждарының мүшелері азаматтары болып табылатын өзге мемлекеттер берген теңiзшiлердің сәйкестендіру құжаттарын әрбір Тарап таниды және мұндай құжаттарды иеленушілер осы Келiсiмнiң 9 және 10-баптарында көзделген құқықтарды, егер бұл ұлттық қауіпсіздік талаптарына қайшы келмесе ғана, пайдаланатын болады.

9-бап

       1. Осы Келісімнің 8-бабының 1-тармағында көрсетілген, кеме рөліне енгізілген құжаттарды иеленушілерге:
      1) кемелері екінші Тарап мемлекетінің портында болған кезеңде болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес жағалауға визасыз барып-келуге және порттағы қалада уақытша болуға;
      2) экипаж мүшесі ретінде өз жұмыстарын аяқтаған жерде, екінші Тарап мемлекетінің портында өз кемесін осы Тарап мемлекетінің тиісті билік орнының рұқсатымен тастап шығуға және онда экипаж мүшесі ретінде жұмысын бастау немесе жаңа жұмыс орнына жету үшін дәл сол немесе өзге портта өз Тарапы мемлекетінің кеме қатынасы ұйымдары пайдаланатын басқа кемеге болу мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен өтуіне;
      3) пайдаланатын көлік түріне қарамастан, екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруіне немесе ол арқылы өз кемесіне келу, басқа кемеге өту, өз мемлекетіне оралу мақсатында немесе осы екінші Тарап мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып, оның билік орны мақұлдаған кез келген өзге де мақсатпен жүруіне рұқсат етіледі.
      2. Теңізшінің жеке басын куәландыратын құжаттарды иеленушілер жағалауға шыққан кезде және тиісті Тарап мемлекетінің аумағында болған кезде осы портта қолданылатын шекаралық, кедендін және өзге де бақылау түрлерінің қағидаларына бағынады.     

10-бап

      1. Осы Келiсiмнiң 8-бабында көрсетілген тиісті сәйкестендіру құжаттарын иеленуші экипаж мүшесі, сондай-ақ Тарап мемлекетінің туын көтеріп жүзетін кеме экипажының басқа да мүшелері науқастануына, қызметтік немесе құзыретті билік орындары қабылдайтын өзге де себептерге байланысты екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы теңіз портына түскен жағдайларда, бұл билік орындары экипаж мүшелеріне олардың аумағында қалуға, медициналық көмек алуға немесе ауруханада жатуға немесе көліктің кез келген түрімен өзі азаматы болып табылатын  мемлекетке немесе кеме туы мемлекетіне қайтуға немесе жүк тиейтін  басқа теңіз портына баруға қажетті рұқсат береді.
      2. Тараптардың әрқайсысы өзі қаламайтың адамдардың өз мемлекетінің аумағына кіруiнен, кемеден түсуінен және аумағында болуынан бас тарту құқығын сақтайды.

11-бап

      1. Бір Тарап екінші Тараптың қайраңға отырған, зақымдалған немесе басқа да кез келген теңіз апатына ұшыраған кемесіне, оның капитанына, экипаж мүшелеріне, жолаушыларына және жүгіне өз мемлекетінің кемесіне көрсететіндей көмек көрсетеді және бұл Тарап екінші Тарап мемлекетінің тиісті құзыретті органдарын кідіріссіз хабардар етуге тиіс.
      Қоғамдық мүдделерді қозғайтын жоғарыда көрсетілген теңіз оқиғаларына және осындай оқиға кеменің опат болуына, оны қалдырып кетуге немесе адам өліміне әкеп соқтырған барлық жағдайларда, Тараптардың әрқайсысы екінші Тараппен келісім бойынша тағайындайтын құзыретті органдар тергеп-тексеру жүргізуге тиіс. Тағайындалған билік орындары тергеп-тексеру нәтижелерін екінші Тарап мемлекетінің тиісті билік орындарына барынша қысқа мерзімде хабарлауға тиіс.
      2. Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес осы баптың 1-тармағында көрсетілген кемеден түсірілген немесе құтқарылған жүк пен заттар екінші Тарап мемлекетінің аумағында пайдалануға немесе тұтынуға берілмейді деген шартпен, олардан кедендік баждар, салықтар салуға және алымдар алуға жатпайды. Мұндай жүк пен заттар кедендік бақылауға орналастырылады және мүмкіндігінше қысқа мерзімде екінші Тарап мемлекетінің аумағынан әкетіледі немесе осы мемлекеттің аумағындағы межелі пунктке жеткізіледі.

12-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдері осы Келісім ережелерінің орындалу барысын қарау және теңіз көлігінің өзара мүддені білдіретін басқа да кез келген мәселелерін талқылау үшін Тараптардың бірінің өтініші бойынша ауық-ауық, Қазақстан Республикасында және Түрікменстанда кезек-кезек кездесе алады.

13-бап

      Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

14-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген дау Тараптардың құзыретті органдарының арасындағы тікелей келіссөздер арқылы шешіледі.
      Егер келісімге қол жеткізілмесе, дау дипломатиялық арналар арқылы реттелетін болады.

15-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 17-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
       2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      2014 жылғы 2 желтоқсанда Ашхабад қаласында әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған кезде Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының          Түрікменстан Үкіметі
            Үкіметі үшін                          үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады