"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 682 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының
Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау
туралы келісімді ратификациялау туралы

      Астанада 2010 жылғы 7 қазанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының
Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау
туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі,
      өз аумақтарында өз мемлекеттері азаматтарының капиталды, технологиялар мен білімдерді инвестициялауын көтермелеуге ниет білдіре отырып;
      өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауға және қолдауға ниет білдіре отырып;
      инвестицияларды көтермелеу және қорғау кәсіпкерлік қызметтің одан әрі дамуына ықпал етіп, сол арқылы Тараптар арасындағы экономикалық қатынастардың дамуына айтарлықтай ықпал етеді деп үміттене отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      1. «Инвестициялар» термині бір Тараптың инвесторы екінші Тараптың аумағында соңғы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес құрған немесе сатып алған активтердің кез келген түрін білдіреді және, атап айтқанда, бірақ тек бұларды емес, мыналарды:
      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлік пен кепілге салу, кепілге қою, кепілгерлік, узуфрукт сияқты басқа да мүліктік құқықтар мен басқа да құқықтарды;
      b) кәсіпорындарға қатысу үлестерін;
      с) облигациялар мен акцияларды, сондай-ақ құнды қағаздардың басқа да түрлерін;
      d) ақшалай талаптарды немесе ұлттық заңнамаға сәйкес экономикалық құндылығы бар жұмыстарды кез келген орындауды;
      е) зияткерлік меншік құқықтарын (авторлық және сабақтас құқықтар, патенттер, өнеркәсіптік үлгілер немесе модельдер, тауар белгілері сияқты), сондай-ақ гуд-виллді, техникалық үдерістер мен ноу-хауды;
      f) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес ұсынылған концессияларды қамтиды.
      Активтер инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысанның өзгеруі олардың инвестиция ретіндегі сипатын қозғамауға тиіс.
      2. «Кіріс» термині инвестициялардан алынатын сомаларды білдіреді және, атап айтқанда, бірақ тек бұларды емес, пайданы, капиталдан түсетін кірісті, дивиденттерді, пайыздық кірісті, лицензиялық төлемдер мен алымдарды қамтиды.
      3. «Инвестор» термині:
      а) Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтығы бар және екінші Тарап аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке тұлғаны;
      b) Тараптардың бірінің ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелген, құрылған немесе өзгеше түрде ұйымдастырылған және басқа Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын заңды тұлғаны білдіреді.
      4. «Аумақ» термині:
      Қазақстан Республикасына қатысты: ұлттық заңнама және халықаралық құқық нормаларына сәйкес оларға қатысты Қазақстан Республикасы егемендігін жүзеге асыратын және заңды құзырын қолданатын құрлықты, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлық, теңіз және әуе шекаралары шегіндегі мемлекет аумағын;
      Сербия Республикасына қатысты: өзінің ұлттық заңнамасына және қағидалар мен халықаралық құқыққа сәйкес Сербия Республикасы егемен құқықтары мен заңды құзырын жүзеге асыратын кеңістікті білдіреді.

2-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбір Тарап өз аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшін екінші Тараптың инвесторлары үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдеседі және жасайды әрі өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осындай инвестицияларға рұқсат береді.
      2. Тараптардың әрқайсысы инвесторларының инвестицияларына екінші Тарап аумағында әділ және тең құқықты режим, сондай-ақ толық қорғау мен қауіпсіздік беріледі. Тараптардың ешқайсысы өз мемлекетінің аумағында екінші Тарап инвесторларының инвестицияларын басқаруды, қызмет көрсетуді, пайдалануды, жүзеге асыруды немесе басқаша иелік етуді негізсіз немесе кемсіту шараларымен нашарлатпайды.
      3. Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың азаматтары инвестицияларға байланысты өз қызметін жүзеге асыруы үшін өз аумақтарында қажетті визалар мен жұмыс істеуге рұқсаттарды ұсыну үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
      4. Аумағында бастапқы инвестициялар жүргізілген Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған инвестициялардан алынған пайданы қайта инвестициялау бастапқы инвестициялар сияқты қорғауды пайдаланады.

3-бап
Ұлттық режим және барынша қолайлылық режимі

      1. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тарап инвесторлары мен инвестицияларына қайсысы қолайлырақ болатындығына байланысты ол өз инвесторлары мен инвестицияларына немесе кез келген үшінші мемлекет инвесторлары мен инвестицияларына беретін режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелері бір Тарапқа екінші Тарап инвесторларына басымдықпен режим, преференцияны немесе басымдықты міндеттейтін ретінде қаралмауы тиіс, оны соңғы Тарап мыналарға:
      а) экономикалық бірлестікке, кедендік бірлестікке, еркін сауда аймағына, валюталық одаққа мүшелігі туралы кез келген халықаралық шартқа немесе осындай бірлестіктерді құратын өзге де осындай халықаралық шартқа немесе онда кез келген Тарап қатысушы болып табылатын немесе табылуы мүмкін өңірлік ынтымақтастықтың басқа да нысанын қалыптастыратын халықаралық шартқа, немесе
      b) салық салуға толықтай немесе ішінара қатысы бар кез келген халықаралық шартқа сәйкес кез келген үшінші елге ұсына алады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері бір Тарапқа екінші Тарап инвесторларымен дауларды реттеудің осы Келісімнің 9-бабында көзделгеннен басқа кез келген тәсілдерін қолдануға мүмкіндік беретіндей қарастырылмауға тиіс.

4-бап
Залалдарды өтеу

      1. Инвестициялары екінші Тарап аумағындағы соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, төтенше жағдайдың, көтерілістің, бүліктің немесе бүліншіліктің салдарынан шығын шеккен Тарап инвесторларына бастапқы Тарап реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты бастапқы Тарап өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынатыннан қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
      2. 1-тармақтың ережелеріне залал келтірмей осы тармақта айтылған жағдайдың кез келгені уақытында екінші Тараптың аумағында мыналардың:
      а) екінші Тараптың билік органдары жүргізген олардың мүлкін реквизициялау, немесе
      b) екінші Тараптың билік органдарының олардың мүлкін әскери  әрекеттердің немесе жағдайдың қажеттілігімен талап етілмеген бұзуы салдарынан залал шеккен Тарап инвесторларына,
      реквизиция уақытында немесе олардың мүлкін бұзу салдарынан шеккен залал үшін әділ және тиісті өтемақы ұсынылады.

5-бап
Экспроприация

      1. Тараптардың бір де біреуі басқа Тарап инвесторының тікелей немесе жанама инвестицияларын экспроприацияламайды немесе мемлекет меншігіне алмайды немесе мынадай:
      (а) қоғамдық мақсатта;
      (b) кемсітпейтін тәсілмен;
      (c) тиісті заңды рәсімге сәйкес;
      (d) жедел, барабар және тиімді өтемдерді төлеумен қабылданатындарды қоспағанда, кез келген соған ұқсас шараларды (бұдан әрі - экспроприация) қабылдамайды.
      Мұндай өтем қайсысы бұрын болғанына байланысты тікелей экспроприацияға дейін немесе болатын экспроприация туралы жалпыға белгілі болғанға дейін экспроприацияланған инвестициялардың нарықтық құнына сәйкес келуге тиіс және экспроприация күнінен бастап іс жүзіндегі төлем күніне дейін төлем валютасындағы депозиттер үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша пайызды қамтуға тиіс, сондай-ақ толығымен сатылатын және еркін аударылатын болуға тиіс.
      2. Инвестициялары экспроприацияланған инвестордың осы Келісімде белгіленген қағидаттарға және аумағында инвестициялар жүзеге асырылған мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес сот органының немесе басқа да құзыретті органның оның ісін тез қайта қарауына және оның инвестицияларын бағалауына құқығы бар.

6-бап
Аударымдар

      1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тарап инвесторларына инвесторлар барлық салық міндеттемелерін орындағаннан кейін өз аумағына және одан олардың инвестицияларына байланысты сомаларды және инвестицияларға қатысты аударылатын төлемдер аударымын қамтамасыз етеді. Мұндай төлемдер атап айтқанда, бірақ тек бұларды емес, мыналарды қамтиды:
      а) инвестицияларды қолдау немесе ұлғайту үшін инвестицияланған капитал және қосымша қаражат;
      b) пайда;
      c) компанияларға берілген кредиттер бойынша борышты өтеу;
      d) инвестицияларды жалпы не жекелей жоюдан немесе сатудан алынған кіріс;
      е) осы Келісімнің 4 және 5-баптарына сәйкес төленетін өтемақы;
      f) осы Келісімнің 9-бабына сәйкес дауларды реттеу нәтижесінде туындайтын төлемдер;
      g) басқа Тараптың аумағындағы инвестицияларға байланысты өз қызметін жүзеге асыратын, Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары болып табылатын инвестор қызметкерлерінің пайдаланбаған есептеулері.
      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында айтылған аударымды аумағында инвестиция жүзеге асырылған Тарап мемлекетінің аударым күні қолданыстағы нарықтық валюта бағамы бойынша еркін айырбасталатын валютамен жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
      3. Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген аударымдарды қабылдаушы Тарап үшін айрықша жағдайлар атап айтқанда, төлем теңгерімінің қатаң қиындықтары және сыртқы қаржылық қиындықтары немесе қатерлері кезінде қабылдануы мүмкін қажет уақыт кезеңінде қабылданған қорғау шараларына қатысты өз мемлекетінің ұлттық заңнамасын тең, кемсітпей және әділ қолдану жолымен ұстап қалуы және болдырмауы мүмкін.
      4. Осы баптың 3-тармағында аталған шаралар:
      a) шараны қабылдаушы Тарап 1944 жылғы 22 шілдедегі Халықаралық валюта қорының келісімі Баптарының қатысушысы болып табылатындықтан жоғарыда аталған Баптарға сәйкес келуге тиіс;
      b) уақытша болады және жағдайлар мүмкіндік бергеннен кейін жедел жойылуға тиіс, ол туралы басқа Тарапқа жедел хабарланады.
      5. Осы бапта ештеңе Тараптар Халықаралық валюта қорының қатысушысы ретінде қабылдаған құқықтар мен міндеткешіліктерді өзгертетіндей етіп қарастырылмайды.

7-бап
Суброгация

      1. Егер Тараптардың бірі немесе оның уәкілетті органы басқа Тараптың аумағындағы инвестицияларға қатысты ұсынылған кепілдемелерге сәйкес оның инвесторлары келтірілген шығындарды өтеуге байланысты төлемдерді жүргізсе, басқа Тарап мыналарды:
      а) бірінші Тарапқа немесе оның уәкілетті органына заңға немесе заңды мәмілеге сәйкес шығындары өтелетін инвестордың кез келген құқықтары мен талаптарын беруді, және:
      b) бірінші Тараптың немесе оның уәкілетті органының осындай құқықтарды жүзеге асыруға және суброгацияға байланысты осындай талаптарды орындауға құқығы болатынын мойындауға және инвестицияларға байланысты міндеттемелерді қабылдауға тиіс.
      2. Осындай құқықтарды немесе талаптарды беру кезінде бірінші Тарап инвестордың бастапқы құқығынан немесе талаптарынан аспауға тиіс.
      3. Шығындары өтелетін инвестордың құқықтары мен міндеттемелерін суброгациялау осы Келісімнің 6-бабына сәйкес жүзеге асырылатын төлемдерді аударуға сәйкес жүргізілуге тиіс.

8-бап
Тараптар арасындағы дауларды реттеу

      1. Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мүмкіндігінше келіссөздер мен консультациялар жолымен шешілуге тиіс.
      2. Егер дауды бұлайша шешуге болмаса, мұндай келіссөздерді кез келген Тарап жазбаша түрде сұрау салған күннен бастап алты (6) ай ішінде Тараптардың кез келгенінің талабы бойынша ол төрелік соттың қарауына берілуге тиіс.
      3. Мұндай төрелік сот әрбір жеке іс үшін мынадай үлгіде құрылуы тиіс. Төрелік туралы өтінішті алғаннан кейін үш (3) ай ішінде әрбір Тарап соттың бір мүшесін тағайындайды. Содан соң бұл екі мүше Тараптар мақұлдағаннан кейін екі (2) ай ішінде тағайындалуы тиіс үшінші мемлекеттің азаматын Төраға етіп сайлауы тиіс.
      4. Егер осы баптың 3-тармағында белгіленген кезең ішінде қажетті тағайындаулар жасалмаса, кез келген Тарап, басқа кез келген келісім болмағанда, қажетті тағайындау жасауға БҰҰ Халықаралық сотының Төрағасын шақырады. Егер Төраға кез келген Тараптың азаматы болып табылса немесе өзге де мән-жай көрсетілген функцияны орындауға кедергі келтірсе, онда БҰҰ Халықаралық сотының Вице-төрағасы қажетті тағайындауларды жасауға шақырылуы тиіс. Егер БҰҰ Халықаралық сотының Вице-төрағасы кез келген Тараптардың бірінің азаматы болып табылса немесе өзге де мән-жай көрсетілген функцияны орындауға кедергі келтірсе, онда БҰҰ Халықаралық сотының шені бойынша одан дейінгі мүшесі қажетті тағайындауларды жасауға шақырылуға тиіс.
      5. Төрелік сот осы Келісім ережелерінің негізінде, сондай-ақ жалпы қабылданған қағидаттар мен халықаралық құқық нормалары негізінде шешім қабылдайды. Төрелік сот шешімді көпшілік дауыс негізінде шығарады. Төрелік соттың шешімі екі Тарап үшін де міндетті болуы тиіс.
      6. Әрбір Тарап төреліктегі өкілдікке байланысты шығыстарды көтереді. Төрағаның қызметі бойынша шығыстар және қалған шығыстар Тараптар арасындағы тең дәрежеде бөлінуі тиіс. Сот өз шешімінде шығындардың көп бөлігін Тараптардың бірі өтеуі тиістілігін айқындауы мүмкін және мұндай шешім екі Тарап үшін міндетті күшке ие болуы тиіс. Сот өз рәсімдерін өзі белгілейді.

9-бап
Инвестор мен Тарап арасындағы дауларды реттеу

      1. Тараптардың бірінің инвесторы мен басқа Тарап арасындағы соңғысының осы Келісімге сәйкес міндеттемелеріне қатысты және бірінші Тарап инвесторының инвестицияларына байланысты даулар мүмкіндігінше келіссөздер жолымен реттелуі тиіс.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында айтылған дау талап туралы жазбаша хабарламаның күнінен бастап алты (6) ай ішінде реттелмеген болса, онда дау тараптарының қалауы бойынша дау реттеу үшін мыналарға берілуі мүмкін:
      a) аумағында инвестициялар жүргізілген Тараптың құзыретті сотына, немесе:
      b) БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелік ережелеріне сай белгіленген және қолданыстағы "ad hoc" төрелік сотына берілуі мүмкін. Төрелік ережелердің 6-бабының 2-тармағына сәйкес тағайындалған уәкілетті орган Халықаралық сауда палатасының төрелік соты, немесе
      c) екі Тарап та Вашингтонда 1965 жылғы 18 наурызда қол қоюға ашылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі конвенцияның қатысушылары болып табылатын болса, онда Конвенцияның 63-бабына сәйкес төрелік сотты өткізу орны Париж қаласы/Женева қаласы болып, Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық немесе
      d) төрелік сотты өткізу орны Париж қаласы/Женева қаласы болатын, Халықаралық сауда палатасының (ХСП) төрелік соты болуға тиіс.
      3. Егер бір Тараптың инвесторы мен екінші Тарап немесе оның ведомствосы немесе мемлекеттік кәсіпорын осы шарттан туындайтын дауларды реттеу рәсімін қамтамасыз ететін инвестициялық шарт жасасса, онда тек осы рәсім қолданылатын болады.
      4. Тараптардың бірінің инвесторы осы баптың 2-тармағына сәйкес  суброгация жағдайында осы Келісімнің 7-бабына сәйкес сотқа немесе төрелік сотқа жүгіну құқығынан айырылады.
      5. Осы баптың 2-тармағына сәйкес шығарылған төрелік сот шешімінің даудың екі тарапы үшін де міндетті күші болуға тиіс. Әрбір Тарап өзінің аумағында шешімнің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

10-бап
Басқа ережелерді қолдану

      Егер кез келген Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы немесе Тараптар бір уақытта қатысушылары болған немесе болып табылатын халықаралық шарттар екінші Тарап инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға құқық беретін қағидаларды қамтыса, осы Келісімде ұсынылғаннан гөрі неғұрлым қолайлы болса, онда мұндай мемлекеттің ұлттық заңнамасы немесе халықаралық шарттар осы Келісімнен басым күшке ие болады.
      Осы баптың ережелері Тарапқа екінші Тарап инвесторымен дауларды реттеудің осы Келісімнің 9-бабында көзделгендегіден басқа кез келген әдісін қолдануға мүмкіндік беретін ретінде қарастырылмауға тиіс.

11-бап
Консультациялар

      Тараптардың өкілдері қажет болған жағдайда, осы Келісімді қолдануға қатысты консультациялар өткізе алады. Мұндай консультациялар Тараптардың бірінің ұсынысы бойынша өткізілуге тиіс. Уақыты мен орны дипломатиялық арналар арқылы келісілуге тиіс.

12-бап
Келісімнің қолданылуы

      Осы Келісімнің ережелері осы Келісім күшіне енген күнге дейін және одан кейін Тараптардың бірінің инвесторлары жүргізген инвестицияларға қолданылуға тиіс және осы Келісім күшіне енген күннен бастап қолданыста болуға тиіс, бірақ ол күшіне енгенге дейін шешілмеген кез келген өтінішке қатысты немесе инвестицияларға қатысты туындаған кез келген дауға қатысты қолданылмауға тиіс.

13-бап
Өзгерістер енгізу

      Осы Келісімге Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін түзетулер енгізілуі мүмкін. Мұндай түзетулер осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

14-бап
Келісімнің күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім он (10) жыл мерзімге жасалады және ол өткен соң автоматты түрде белгіленбеген мерзімге ұзартылады әрі дипломатиялық арналар арқылы  бірінші Тарап екінші Тараптың осы Келісімінің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап он екі ай (12) өткенге дейін күшінде болады.
      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің 1 - 12-баптарының ережелері осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап кейінгі он жылдық мерзім ішінде күшінде қалады.

      Осыны куәландыру үшін өз Үкіметтері тиісті түрде өкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      Астана қаласында 2010 жылғы 7 қазанда қазақ, серб, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін талқылауда келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.

      Қазақстан Республикасының           Сербия Республикасының
         Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

      2010 жылғы 7 қазанда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                      Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады