Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы мәдениет салаcындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 18 қарашадағы № 919 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы мәдениет салаcындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы мәдениет салаcындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2015 жылғы 18 қарашадағы 
№ 919 қаулысымен     
мақұлданған        

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі
      теңдік және өзара сыйластық қағидаттары негізінде екі ел арасында мәдениет саласындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуды қалай отырып,
      мәдениет саласындағы ынтымақтастық екі мемлекет арасындағы достық пен өзара түсіністіктің дамуына жағдай жасайтынына сенімді бола отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар мәдениет саласындағы ынтымақтастықты өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дамытады.

2-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарында өткізілетін халықаралық музыка, театр конкурстары мен кинофестивальдар туралы ақпаратпен алмасуды жүзеге асырады.

3-бап

      Тараптар мәдени, ғылыми және білім беру мақсаттарында өз мемлекеттерінің мемлекеттік кітапхана, мұрағат және мұражай қорларына өзара қол жеткізуге жәрдемдеседі.

4-бап

      Тараптар мәдениет мәселелері бойынша ақпаратпен, әдебиетпен, әдіснамалық және статистикалық зерттеулермен, мерзімді баспа басылымдарымен алмасуды жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

5-бап

      Тараптар әр мемлекеттің мәдени және көркем мұрасын қорғау, қалпына келтіру және реставрациялау саласындағы ынтымақтастықты нығайтады және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің мәдени мұрасына өзара қол жеткізуге жәрдемдеседі.

6-бап

      Тараптар халықаралық құқық нормаларына және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әрбір Тарап мемлекетінің мәдени құндылықтарын заңсыз әкелуді, әкетуді және оларға меншік құқықтарын заңсыз беруді болғызбау жөніндегі шараларды қабылдайды.

7-бап

      Тараптар мәдени өмірін, халықтардың тарихи байланыстарын жария ету мақсатында өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тікелей байланыстар, ақпараттық материалдармен алмасу арқылы өз мемлекеттерінің мәдениет мекемелері арасындағы тең және өзара тиімді ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

8-бап

      Осы Келісімде көзделген барлық қызмет түрлері Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады және қаржыландырылады. Бұл ретте, егер әрбір жеке жағдайда шығындарды қаржыландырудың өзге тәртібі айтылмаса, осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды әр Тарап дербес көтереді.

9-бап

      Тараптар халықаралық құқық нормаларына және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қажеттілігіне қарай мәдени бағдарламалар мен бірлескен жобаларды әзірлейді.

10-бап

      Осы Келісім өздері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және, егер Тараптардың бірі кезекті мерзімнің аяқталуынан кемінде алты ай бұрын оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жібермесе, келесі бес жылдық кезеңдерге ұзартылады.

      20__ жылғы «____» __________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, дари және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру бойынша даулар туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының   Ауғанстан Ислам Республикасының
              Үкіметі үшін                Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады