Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өнеркәсіптік даму жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өнеркәсіптік даму қорына нысаналы жарналар туралы әкімшілік келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Шораұлы Сарыбайға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өнеркәсіптік даму жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының арасындағы өнеркәсіптік даму қорына нысаналы жарналар туралы әкімшілік келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 25 қарашадағы
№ 944 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өнеркәсіптік даму жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өнеркәсіптік даму қорына нысаналы жарналар туралы әкімшілік келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – «Донор») мен Өнеркәсіптік даму жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – «ЮНИДО») (бұдан әрі бірлесіп «Тараптар» деп аталады) Өнеркәсіптік даму қорына (бұдан әрі – «ӨДҚ») Донордың нысаналы жарналар беруі есебінен техникалық ынтымақтастық жобаларын жүзеге асырудағы ынтымақтастық туралы уағдаласқанын назарға ала отырып;
ЮНИДО Жарғысының 17-бабына сәйкес, Бас конференция немесе Конференция атынан өкілдік ететін Өнеркәсіптік даму жөніндегі кеңес белгiлейтiн, Қор операцияларын реттейтін жалпы саясаттың басшылыққа алынатын ережелеріне сәйкес және ЮНИДО-ның қаржылық ережелеріне сәйкес ЮНИДО-ның Бас директоры ӨДҚ нысаналы жарналарына билік ететінін назарға ала отырып;
Донор мен ЮНИДО арасында ЮНИДО осы Келісімнің талаптарына және ЮНИДО-ның қаржылық ережелері мен қағидаларына сәйкес Донор берген қаражатқа билік етуге жауапты болатыны туралы қол жеткізілген уағдаластықты назарға ала отырып;
жоғарыда айтылғанды ескере отырып, Донор мен ЮНИДО төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Донор ӨДҚ-ға жарналарды толық айырбасталатын валютада ЮНИДО-ның билік етуіне ұсынады және осы жарналарды ЮНИДО-ның мынадай шотына еврода енгізеді:
UniCredit Bank Austria AG
UNIDO Euro Account No. 0029-05107/00
IBAN AT791100000290510700
Wagramerstrasse 5, A-1400 Vienna, Austria
2. ЮНИДО есептелетін пайызды қоса алғанда, жоғарыда аталған қаражатты алу және оларды басқару үшін өзінің қаржылық ережелеріне, қағидалары мен әкімшілік нұсқауларына немесе директиваларына сәйкес қосалқы шот белгілейді. Тиісінше, персонал жалдау және оны басқару, жабдық, керек-жарақтар мен көрсетілетін қызметтер сатып алу және келісімшарттар жасасу осындай ережелерге, қағидалар мен директиваларға сәйкес жүзеге асырылады. Пайыздар Донордың нысаналы жарналарына арналған қосалқы шотына ЮНИДО-ның қаржылық ережелеріне, қағидалары мен директиваларына сәйкес есептеледі.
3. ЮНИДО-ның қаржылық қағидаларының 106.1.5-қағидасына сәйкес құрылған қосалқы шот тиісінше ЮНИДО-ның Ішкі бақылау қызметі басқармасы мен ЮНИДО-ның Сыртқы ревизоры жүргізетін тек қана ішкі және сыртқы аудиттің мәні болып табылады. Сыртқы аудит ЮНИДО-ның Қаржылық ережелерінде белгіленген рәсімдерге, ал ішкі аудит ЮНИДО-ның Ішкі қадағалау қызметі басқармасының Жарғысына сәйкес жүргізіледі.
4. Барлық қаржылық шоттар мен ведомостар еврода жүргізіледі және есеп немесе есептілік басқа валюталарда жүргізілмейді. Жазбаларды және түсімдерді және/немесе төлемдерді жүргізу мақсатында барлық операциялар түсімдердің және/немесе төлемдердің түскен күніне қолданылатын Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми айырбас бағамы бойынша еврода айырбасталады.
2-бап
1. ЮНИДО Жарғысының 17-бабына сәйкес жобаларды іріктеуді ағымдағы даму басымдықтарына сәйкес, сондай-ақ бекітілген бағдарламаға және ЮНИДО Жарғысының 17-бабында белгіленген ӨДҚ операцияларын реттейтін жалпы саясаттың басшылыққа алынатын ережелеріне сәйкес ЮНИДО мен Донор жүзеге асырады.
2. Донор жарналарынан барлық шығыстардың 13 (он үш) пайызы да төленеді, олардың есебінен Донордың ӨДҚ-ға нысаналы жарнасы есебінен қаржыландырылатын жеке жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын бағдарламалар бойынша ЮНИДО-ның қосалқы шығыстары жабылады.
3. ЮНИДО-ның тұрақты бюджетінен өзге қаржы көздері есебінен қаржыландырылатын бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, тұжырымдау, жүзеге асыру, басқару және бағалау үшін ЮНИДО ұсынатын барлық көрсетілетін қызметтер үшін ЮНИДО-ның бағдарламалар бойынша қосалқы шығыстары өтелуге тиіс.
3-бап
1. ЮНИДО осы Келісімге сәйкес ЮНИДО бекіткен барлық жобалық құжаттарды Донорға беруге міндеттенеді. ЮНИДО жобаларды ЮНИДО мен алушы үкімет арасында жасалатын жобалық құжаттарға және тиісті заңды уағдаластықтарға сәйкес жүзеге асырады.
2. Донор осы Келісімге және жобалық құжаттарға сәйкес ЮНИДО бекіткен көрсетілетін қызметтер үшін нақты шығыстарды төлеуге міндеттенеді. ЮНИДО Донормен келісілген жобалық құжаттарды негізге ала отырып айқындайтын жарналарды жеткілікті көлемде алғаннан кейін ғана жобаларды жүзеге асыруды бастайды және жалғастырады.
3. Егер ЮНИДО жобалық құжаттың құрауыштарына және/немесе бюджеттік құжаттарына тиісті жобаның мақсаттарына қол жеткізу үшін өзгерістер енгізуді қажет деп есептесе, ЮНИДО мұндай өзгерістерді жобалық құжаттағы жоба бюджетінің жалпы көлемі асып кетпеген жағдайда енгізе алады.
4-бап
Донор берген қаражатқа сатып алынған жабдық, материалдар мен керек-жарақтар ЮНИДО иелігіне өтеді. Егер тиісті жобалық құжатта өзгеше көзделмесе, жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін жобаны жүзеге асыруға қажетті жабдыққа, материалдар мен керек-жарақтарға меншік құқығы белгілі бір жобаның негізінде Донор белгілеген алушы ұйымға беріледі.
5-бап
ЮНИДО бухгалтерлік және қаржылық есептіліктің ЮНИДО-да қабылданған рәсімдеріне және техникалық ынтымақтастық саласындағы қызмет жөніндегі есептілік үшін ЮНИДО-да қабылданған форматта дайындалған мынадай есептер мен баяндамаларды:
а) қосалқы шоттан қаржыландырылатын әр жобаның іске асырылу нәтижелері туралы баяндамалармен қоса берілетін Донордың ӨДҚ-ға нысаналы жарналарының жалпы жай-күйі туралы жыл сайынғы қаржылық есепті;
b) бекітілген жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы жылдық баяндаманы;
c) жобаларды аяқтау бойынша қол жеткізілген нәтижелерді бағалауды қоса алғанда, қорытынды баяндаманы;
d) жобалардың шотына соңғы рет қаражат аударылған жылдың соңынан бастап алты ай ішіндегі аяқталған жобалардың орындалуы туралы қорытынды қаржылық есепті Донорға береді.
6-бап
ЮНИДО Донорды жарналар берілген мақсаттарға қол жеткізілгені және бекітілген жобалардың аяқталғаны туралы хабардар етеді.
7-бап
Осы Келісімнің қолданысы 11-бапта көзделгендей тоқтатылғаннан кейін қаражат ЮНИДО-ның барлық шығыстары осы қаражаттан өтелгенге дейін ЮНИДО-ның иелігінде болады. Осы Келісімнің 5-бабына (d) сәйкес аяқталған жобалардың орындалуы туралы қорытынды қаржылық есеп берілгеннен кейін жобалық шоттағы қаражаттың түпкі қалдығы Донордың ӨДҚ-дағы қосалқы шотына аударылады.
8-бап
1. Осы Келісімге Донор мен ЮНИДО арасындағы тиісті хаттамаларға қол қою арқылы толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
2. Осы Келісімде талап етілетін немесе рұқсат берілген барлық жазбаша хабарламалар мына мекенжайларға жіберіледі:
Донор үшін: Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрлігі
010000, Астана, Қазақстан
Қабанбай батыр даңғылы, 32/1
ЮНИДО үшін: Mr. Taizo Nishikawa
Deputy to the Director General
United Nations Industrial Development Organisation
Wagramerstrasse 5
P.O.Box 300
A-1400 Vienna, Austria
9-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Донордың орындағаны туралы оның жазбаша хабарламасын ЮНИДО алған күннен бастап күшіне енеді.
10-бап
Осы Келісімнен туындайтын немесе оған немесе оның бұзылуына, тоқтатылуына немесе жарамсыздығына қатысты даулар, келіспеушіліктер немесе наразылықтар (бұдан әрі – «дау») туындаған жағдайда, Тараптар мұндай дауды тікелей келіссөздер арқылы жедел шешу үшін барлық күш-жігерін салады. Даудың сипаты мен оны шешу үшін қабылдануы тиіс шаралар туралы Тараптардың бірі басқа Тарапты хабардар еткен күннен бастап алпыс (60) күн ішінде реттелмеген кез келген дау ЮНИДО-ның Бас директоры мен Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі немесе олардың тиісті түрде өкілеттік берілген өкілдері арасындағы консультациялар арқылы шешілетін болады. Әрбір Тарап осы Келісімнің ережелерінде көзделмеген кез келген мәселені немесе осы Келісімді талқылауға немесе қолдануға қатысты кез келген келіспеушіліктерді бейбіт реттеу үшін басқа Тараптың кез келген ұсынысын жан-жақты және шын пейілмен қарайтын болады.
11-бап
1. Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы басқа Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткен соң осы Келісім өз қолданысын тоқтатады.
2. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылғаннан кейін:
а) әрбір Тарап ағымдағы барлық жобалардың аяқталуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды; және
b) қосалқы шоттағы қаражаттың түпкі қалдығын ЮНИДО Донормен консультация жасап жұмсайды және ЮНИДО-ның осы Келісім бойынша тиісті міндеттемелері орындалған болып есептеледі.
2015 жылғы «___» _______ Вена қаласында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды. Нұсқалар арасында қандай да бір келіспеушіліктер болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқаның басым күші болады.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіптік даму жөніндегі
Үкіметі үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін