Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныстық және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 желтоқсандағы № 1052 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2015 жылғы 8 шілдеде Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныстық және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2015 жылғы 24 желтоқсандағы 
№ 1052 қаулысымен      
бекітілген         

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныстық және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

(2016 жылғы 7 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 2, 32-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына өз адалдықтарын растай отырып,
      1992 жылғы 22 ақпандағы Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы мемлекетаралық қатынастардың негізгі қағидаттары мен бағыттары туралы декларацияның ережелерін ескере отырып,
      өзара құрмет пен сенім, тең құқықтық пен өзаралық қағидаттарының негізінде ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар ынтымақтастықты ұлттық заңнамалары шеңберінде және өз халықаралық міндеттемелеріне сәйкес мынадай салаларда жүзеге асырады:
      1) қорғаныс саясаты мен қауіпсіздік;
      2) қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу;
      3) қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу және оған қызмет көрсету;
      4) қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу, шығару және жаңғырту;
      5) бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға қатысу және ізгілік көмек көрсету мәселелері жөніндегі консультациялар;
      6) әскери оқу-жаттығуларды өткізу;
      7) тылдық қамтамасыз ету;
      8) әскери білім және даярлау;
      9) әскери медицина;
      10) әскери ғылыми қызмет пен әскери тарих;
      11) қарулы күштердегі мәдени және спорт жұмысы;
      12) Тараптар өзара келіскен ынтымақтастықтың басқа да салалары.

2. Ынтымақтастықтың нақты салаларын іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары жеке шарттар жасасуы мүмкін.

2-бап

      Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
      1) Тараптар өкілдерінің ресми сапарлары;
      2) Тараптар делегацияларының жұмыс кездесулері;
      3) шарттар мен келісімшарттар жасасу;
      4) әскери-техникалық бағдарламаларды әзірлеу;
      5) тәжірибе алмасу және консультациялар өткізу;
      6) оқыту жобаларына, тағылымдамаларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысу;
      7) әскери оқу-жаттығуларға қатысу;
      8) конференциялар мен семинарларға қатысу;
      9) қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу, шығару, жөндеу және жаңғырту саласында бірлескен кәсіпорындар құру;
      10) құжаттамамен және ғылыми еңбектермен алмасу;
      11) көрмелер және басқа да мәдени іс-шаралар;
      12) Тараптар өзара келіскен ынтымақтастықтың басқа да нысандары.

3-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру бойынша уәкілетті органдар:
      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
      Үндістан Тарапынан – Үндістан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.
      2. Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

4-бап

      1. Осы Келісімнің шеңберінде Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген іс-шараларды айқындауға және үйлестіруге уәкілетті Қазақстан-Үндістан қорғаныстық ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен жұмыс тобын (БЖТ) құрады.
      2. БЖТ жыл сайынғы негізде Тараптардың уәкілетті органдарының келісуі бойынша кезекпен Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында отырыс өткізеді. Кездесулерге қатысты күн тәртібі, ұйымдастырушылық және әкімшілік мәселелер өзара келісу негізінде шешілетін болады.
      3. Осындай кездесулер барысында қабылданған шешімдер келісілген хаттамалармен ресімделетін болады.

5-бап

      1. Осы Келісімнің негізінде Тараптар екіжақты қорғаныстық ынтымақтастықтың жылдық жоспарын әзірлейді.
      2. Тараптар ағымдағы жылғы 15 қарашаға келесі жылға арналған Жылдық жоспардың жобасына қосу үшін ұсыныстар алмасады.
      3. Жылдық жоспар іс-шаралардың атауын, оларды жүзеге асыру нысандарын, өткізу мерзімдері мен орындарын, делегация мүшелерінің санын және іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты басқа да ақпаратты қамтиды.

6-бап

      1. Құпия ақпаратпен алмасу құпия ақпаратты өзара қорғау туралы жеке халықаралық шарттың негізінде жүзеге асырылады.
      2. Тараптар осы Келісім бойынша ынтымақтастық барысында алынған құпия ақпаратты қорғауды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етуге міндеттенеді.
      3. Тараптар осы Келісім бойынша ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты осы ақпаратты берген Тарапқа зиян келтіруге пайдаланбауға міндеттенеді.
      4. Тараптар ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты,
қару-жарақ пен әскери техниканы оларды берген Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.

7-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру бойынша шығыстарды дербес көтереді.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды өзара келіссөздер және/немесе консультациялар арқылы шешеді.

10-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ол осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және жеке хаттамалармен ресімделеді.

11-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, егер бір де бір Тарап ағымдағы бес жылдық кезеңнің аяқталуына дейін кемінде алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты оның күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар етпесе, келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату Тараптар арасында оларға қатысты басқа уағдаластық болған жағдайларды қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде бұдан бұрын басталған бағдарламалар мен жобаларды орындауға әсер етпейді.
      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 2002 жылғы 3 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумды алмастырады.

      2015 жылғы «8» шілдеде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, үнді, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде айырмашылықтар туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтінінің күші басым болады.

      Қазақстан Республикасының       Үндістан Республикасының
             Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады