Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Төлемдер және төлем жүйелері туралы 1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар
1. Осы Заң төлем жүйелерінің ұйымдастырылу және жұмыс істеуі, көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу саласында, сондай-ақ Қазақстан Республикасында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
2. Қазақстан Республикасының банктері, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, шетел банктерi (қаржы институттары) жүзеге асыратын халықаралық төлемдермен және ақша аударымдарымен байланысты қатынастар «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптар ескеріле отырып, олардың арасындағы шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларымен реттеледi. Егер халықаралық төлемдер мен ақша аударымдары жөніндегі іс-қимыл Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылса, онда мұндай қатынастар осы Заңмен, көрсетілген шарттармен және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларымен реттеледi.
3. Осы Заңның Қазақстан Республикасының банктеріне және екінші деңгейдегі банктеріне қатысты қолданылатын талаптары Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің Қазақстан Республикасында ашылған филиалдарына қолданылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем
жүйелері туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының төлемдер мен төлем жүйелері туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық банк қызметтері – клиенттің банк шотына қызмет көрсететін төлем қызметін ұсынушының бұйрық бойынша және клиенттің келісімі мен оның банк шотындағы ақша қалдықтары және (немесе) қозғалысы туралы, осы шот бойынша жүзеге асырылған төлемдер мен ақша аударымдары туралы ақпаратты және клиенттің сұратуы бойынша не клиентпен төлем қызметін ұсынушы арасында жасалған шарт бойынша өзге ақпаратты клиентке немесе үшінші тұлғаға беруі жөніндегі қызметтері;
2) ақша аударымы – төлем қызметін ұсынушының төлемді жүзеге асыруға немесе өзге мақсаттарға байланысты клиенттің ақша беру туралы нұсқауын жүйелі орындауы;
3) ақша аударымдары жүйесі – банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін келісім жасасқан төлем жүйесі операторының бағдарламалық қамтамасыз етуін пайдалана отырып, ақша аударымдары жүзеге асырылатын төлем жүйесі;
4) ақша жөнелтуші – есебінен төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын тұлға;
5) ақша жөнелтушінің банкі – ақша жөнелтушіге қызмет көрсететін банк;
6) ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі – ақша жөнелтушінің банкіне осы тапсырмада көрсетілген талаптар мен деректемелерге сәйкес өз атынан бір немесе бірнеше бенефициардың пайдасына тұрақты түрде төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру туралы ақша жөнелтушінің тапсырмасы;
7) аутсорсинг – төлем қызметін ұсынушының төлем қызметін көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажетті ақпараттық-технологиялық функцияларды атқаруды төлем қызметтерін жеткізушінің қызметті өтеулі көрсету туралы шарт негізінде үшінші тұлғаға беруі;
8) банкаралық ақша аударымдары жүйесі – қатысушылары арасындағы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шоттағы ақшаны пайдалана отырып, қатысушысының әрбір нұсқауын операциялық күн ішінде ақша аударымдарын аяқтай отырып жекелей орындау арқылы жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі;
9) банкаралық клиринг жүйесі – қатысушылары нұсқауларының көпжақты клирингі арқылы қатысушылары – банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасында төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі;
10) банк шотын тікелей дебеттеу – банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ақша жөнелтушіден ақшаны алып қоюы және оларды ақша жөнелтушінің осындай алып қою туралы алдын ала рұқсатының негізінде бенефициардың пайдасына беруі;
11) бенефициар – пайдасына төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын тұлға;
12) бенефициар банкі – бенефициарға қызмет көрсететін банк;
13) валюталау күні – төлемнің және (немесе) ақша аударымының бастамашысы төлем құжатында көрсеткен, бенефициардың банк шотына ақша аударылуға тиіс күн;
14) есептік тіркеу – төлем ұйымын төлем ұйымдарының тізіліміне енгізу;
15) жиынтық төлем тапсырмасы – бір ақша жөнелтушіден бір банкте қызмет көрсетілетін бірнеше бенефициардың пайдасына не бір банкте қызмет көрсетілетін бірнеше ақша жөнелтушіден бір бенефициардың пайдасына төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын төлем тапсырмасы;
16) жөнелтуші – нұсқау беретін ақша жөнелтуші немесе бенефициар;
17) жүйелік маңызы бар төлем жүйесі – үздіксіз жұмысы Қазақстан Республикасы қаржы нарығының тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ететін және жұмысының тоқтауы (іркілуі) Қазақстан Республикасының қаржы нарығында тәуекелдердің туындауына әкеп соғуы мүмкін төлем жүйесі;
18) жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингі – төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде туындайтын тәуекелдерді басқару, барынша азайту және болжау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асыратын қадағалау және бақылау процесі;
19) инкассолық өкім – ақша жөнелтушінің банк шотынан оның келісімінсіз ақшаны алып қою үшін пайдаланылатын төлем құжаты;
20) клиент – төлем қызметін алатын жеке немесе заңды тұлға;
21) клиринг – өзара ақша талаптары мен міндеттемелерін жинау, салыстыру және есепке жатқызу процесі, сондай-ақ осы процеске қатысушылардың таза позицияларын айқындау;
22) қайтарымсыз төлем және (немесе) ақша аударымы – кері қайтаруға жатпайтын төлем және (немесе) ақша аударымы;
23) қашықтан көрсетілетін банк қызметтері – клиенттің көрсетілетін төлем қызметтерін және көрсетілетін ақпараттық банк қызметтерін алу үшін қашықтан кіру жүйелері арқылы өзінің банк шотына кіруімен байланысты көрсетілетін қызметтер;
24) қашықтан кіру жүйесі – қашықтан көрсетілетін банк қызметтерін алу үшін клиент пен көрсетілетін төлем қызметін ұсынушы арасындағы байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялар, цифрлық және ақпараттық технологиялар құралдарының, бағдарламалық қамтамасыз етудің және жабдықтардың жиынтығы;
25) қосалқы төлем агенті – төлем агентімен төлем қызметтерін көрсету жөніндегі агенттік шарт жасасқан заңды тұлға немесе дара кәсіпкер;
26) құжаттамалық аккредитив (бұдан әрі – аккредитив) – банктің өтініш бойынша және клиенттің нұсқаулықтарына сәйкес немесе өз атынан көрсетілген бенефициарға немесе бенефициардың бұйрығы бойынша төлемді не егер аккредитивтің барлық талаптары сақталса, акцепті жүзеге асыруға және бенефициар ұсынған аударым вексельдерін төлеуге қабылдаған қайтарымсыз міндеттемесін көздейтін құжаттамалық есеп айырысу нысаны;
27) мінсіз іскерлік бедел – кәсіпқойлықты, адалдықты, алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болмауын растайтын фактілердің болуы;
28) нұсқау – клиенттің көрсетілетін төлем қызметін ұсынушыға төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру туралы, тапсырма, талап нысанында немесе электрондық төлем құралы немесе қашықтан кіру жүйесі пайдаланылған кезде клиенттің келісімі түрінде берілетін бұйрығы;
29) операциялық күн – төлем жүйелерінің операторы не көрсетілетін төлем қызметін ұсынушы нұсқауларды орындауды тоқтата тұру туралы не мұндай нұсқауларды кері қайтару туралы нұсқауларды, өкімдерді қабылдауды және өңдеуді жүзеге асыратын уақыт кезеңі;
30) өзге төлем жүйесі – жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесі болып табылмайтын төлем жүйесі;
31) идентификаттау құралы – нұсқауды жөнелтушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы немесе әріптер, цифрлар немесе символдар комбинациясынан тұратын бірегей идентификаттаушы немесе төлем қызметін жеткізуші клиентті идентификаттау үшін белгілеген және онымен келісілген өзге идентификаттаушы (дербес пароль, бір реттік (біржолғы) идентификаттау коды, биометрикалық идентификаттау құралы);
32) таза позиция – төлем жүйесіндегі есеп айырысу төлем жүйесіне қатысушылар нұсқауларының көптарапты клирингі арқылы жүзеге асырылатын жағдайда, төлем жүйесінің барлық қатысушыларының төлем жүйесінің бір қатысушысының пайдасына бағытталған нұсқауларының сомасы мен төлем жүйесінің осы қатысушысының төлем жүйесінің қалған қатысушыларының пайдасына бағытталған нұсқауларының сомасы арасындағы айырманың мәні. Таза позицияның мәні теріс болған кезде қатысушыда дебеттік таза позиция, мәні оң болған кезде – кредиттік таза позиция болады;
33) төлем – қолма-қол ақшаны және (немесе) төлем құралдарын пайдалана отырып ақшалай міндеттемені орындау;
34) төлем агенті – банкпен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен немесе төлем ұйымымен төлем қызметтерін көрсету жөніндегі агенттік шарт жасасқан заңды тұлға;
35) төлемнің және (немесе) ақша аударымының аяқталғандығы (тұжырымдалуы) – төлемнің және (немесе) ақша аударымы қатысушысының міндеттемесі орындалған деп саналатын уақыт сәті;
36) төлемнің және (немесе) ақша аударымының қатысушылары – төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша құқықтары және (немесе) міндеттері бар жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;
37) төлемнің және (немесе) ақша аударымының бастамашысы (бұдан әрі – бастамашы) – орындау үшін нұсқауды бірінші болып ұсынған тұлға;
38) төлем жүйесі – төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруды төлем жүйесі операторы және (немесе) төлем жүйесіне қатысушылар осы төлем жүйесінің операторы белгілеген рәсімдер, инфрақұрылым және қағидалар арқылы өзара іс-қимыл арқылы қамтамасыз ететін қатынастардың жиынтығы;
39) төлем жүйесінің жұмыс істеуін бағалау – осы төлем жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін айқындау мақсатында төлем жүйесінің операторы, төлем жүйесінің операциялық орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе халықаралық қаржы ұйымдары жүзеге асыратын шаралар кешені;
40) төлем жүйесінің жұмыс істеуін өзіндік бағалау – осы төлем жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін айқындау мақсатында төлем жүйесінің операторы, төлем жүйесінің операциялық орталығы жүзеге асыратын шаралар кешені;
41) төлем жүйесінің инфрақұрылымы (бұдан әрі – инфрақұрылым) – төлем жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің, ресурстардың және технологиялардың жиынтығы;
42) төлем жүйелерін қадағалау (оверсайт) – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем жүйелерінің тиімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;
43) төлем жүйесінің қатысушысы – төлем жүйесінің операторымен өзіне төлем жүйесінде қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан тұлға;
44) төлем жүйесінің операторы – төлем жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын және осындай қызметке жататын, осы Заңмен белгіленген міндеттерді орындаушы заңды тұлға;
45) төлем жүйесінің операциялық орталығы – төлем жүйесінің операторы заңды тұлғаға қатысты оның қызметін реттеу және аталған ұйымдардың құқықтық мәртебесін өзгерту туралы шешімдер қабылдау жөніндегі функцияларды жүзеге асырған жағдайда, төлем жүйесінің операторы заңды тұлға мен төлем жүйесінің операторы арасында жасалған шарт негізінде не оған өкілеттіктер беру арқылы операциялық және технологиялық функцияларды жүзеге асыруды тапсырған заңды тұлға;
46) төлем карточкасы – ұстаушысына электрондық терминалдар немесе басқа байланыс арналары арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға не қолма-қол ақша алуға не валюталарды айырбастауға және төлем карточкасының эмитенті айқындаған және оның талаптарымен басқа да операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін ақпарат қамтылған электрондық төлем құралы;
47) төлем карточкасын шығару – төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкасын беруді көздейтін төлем қызметін көрсету;
48) төлем карточкасының эмитенті – төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк немесе Ұлттық пошта операторы;
49) төлем құжаты – негізінде немесе көмегімен төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын, қағаз тасымалдағышта жасалған не электрондық нысанда қалыптастырылған құжат;
50) төлем құралы – негізінде немесе оны пайдалана отырып төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын төлем құжаты немесе электрондық төлем құралы;
51) көрсетілетін төлем қызметі – көрсетілетін төлем қызметін ұсынушының клиентке осы Заңның 12-бабына сәйкес көрсететін қызметі;
52) төлем қызметін ұсынушы – көрсетілетін төлем қызметтері нарығының төлем қызметін көрсететін субъектісі;
53) көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушысы – осы Заңда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін төлем қызметін ұсынушы;
54) көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысы – клиенттің банк шотына қызмет көрсетпейтін және клиентке өзінің қашықтан кіру жүйелері арқылы қашықтан банк қызметтерін көрсететін төлем қызметін ұсынушы;
55) көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығын мемлекеттік бақылау (бұдан әрі – көрсетілетін төлем қызметінің нарығын бақылау) – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің көрсетілетін төлем қызметтері ұсынушыларының қызметін осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер және төлем жүйелері саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауы бойынша бақылауды жүзеге асыруға бағытталған қызметі;
56) төлем қызметінің нарығы – төлем қызметтерін көрсетумен және пайдаланумен, сондай-ақ төлем құралдарын шығарумен және пайдаланумен байланысты қатынастардың жиынтығы;
57) төлем ордері – ақша жөнелтуші мен оған қызмет көрсететін банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша операцияларды жүзеге асыру және (немесе) клиенттің банк шотына қызмет көрсету кезінде пайдаланатын төлем құжаты;
58) төлем талабы – бенефициардың немесе бенефициар банкінің ақша жөнелтушінің банкіне ұсынатын, төлем құжатында көрсетілген ақша сомасын ақша жөнелтушінің банк шотынан төлеу туралы төлем құжаты;
59) төлем тапсырмасы – ақша жөнелтушінің өз банкіне осы төлем құжатында айқындалған ақша сомасын бенефициардың пайдасына аудару туралы нұсқауын көздейтін төлем құжаты;
60) төлем ұйымдарының тізілімі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өткен төлем ұйымдарының бірыңғай тізбесі;
61) төлем ұйымы – Қазақстан Республикасының осы Заңға сәйкес төлем қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғасы;
62) төлем хабарламасы – банк шотын ашпастан төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын және ақша жөнелтушінің өзіне қызмет көрсететін банкке берілген, төлем құжатында көрсетілген сомада бенефициардың пайдасына ақша аудару туралы тапсырмасы бар төлем құжаты;
63) чек – чек берушінің қызмет көрсететін банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жазбаша бұйрықта көрсетілген ақша сомасын чек ұстаушыға төлеу туралы осындай бұйрығы бар төлем құжаты;
64) чек беруші – чекті жазған тұлға;
65) чек ұстаушы – пайдасына чек жазылған тұлға, оның ішінде, егер чек оған өзіне жазылса, чек беруші;
66) шетелдік төлем жүйесі – операторы Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылатын төлем жүйесі;
67) электрондық ақша – электрондық нысанда сақталатын және электрондық ақша жүйесінде жүйенің басқа да қатысушылары төлем құралы ретінде қабылдайтын электрондық ақша эмитентінің шартсыз және қайтарымсыз ақшалай міндеттемелері;
68) электрондық ақша жүйесі – электрондық ақшаны пайдалана отырып төлемдерді және өзге де операцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдардың, құжаттаманың және ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;
69) электрондық ақша жүйесінің агенті (бұдан әрі – агент) – электрондық ақша эмитентімен не электрондық ақша жүйесінің операторымен жасалған шарттың негізінде электрондық ақшаны кейіннен жеке тұлғаларға өткізу үшін эмитенттен және ақша иелерінен - жеке тұлғалардан оны сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, Ұлттық пошта операторы және төлем агенті;
70) электрондық ақша жүйесінің операторы – электрондық ақша пайдаланылатын операцияларды жүзеге асыру кезінде қалыптастырылатын ақпаратты жинауды, өңдеуді және беруді қоса алғанда, электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шартқа сәйкес электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын айқындайтын банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы;
71) электрондық ақшаны өтеу – электрондық ақша эмитентінің ол шығарған, электрондық ақшаның иесі ұсынған не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда оларды иеленушілерге ұсынбастан өтеуге жататын электрондық ақшаны олардың номиналдық сомасына тең ақша сомасына айырбастауын жүзеге асыру көзделетін төлем қызметі;
72) электрондық ақшаны шығару – эмитенттің электрондық ақшаны жеке тұлғаға немесе электрондық ақша жүйесінің агентіне оның номиналдық құнына тең ақша сомасына айырбастау арқылы беруін көздейтін төлем қызметі;
73) электрондық ақша эмитенті – осы Заңға сәйкес электрондық ақшаны шығаруға және өтеуге құқығы бар көрсетілетін төлем қызметін ұсынушы;
74) электрондық терминал – төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын не қолма-қол ақшаны қабылдау және (немесе) беру операцияларын жүзеге асыруға, не шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға, не өзге де операцияларды жүзеге асыруға, сондай-ақ тиісті растау құжаттарын қалыптастыруға арналған электронды-механикалық қондырғы;
75) электрондық төлем құралы – төлемді және (немесе) ақша аударымын жүргізуге өкілеттігі бар ақша жөнелтушіге төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға бастамашы болуға, сондай-ақ ақша жөнелтуші мен төлем қызметін ұсынушы арасындағы шартта көзделген өзге де операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпаратты қамтитын төлем карточкасы немесе өзге де электронды жеткізгіш;
76) электрондық төлем құралын ұстаушы – төлем қызметін ұсынушымен жасалған шарттың талаптарына сәйкес электрондық төлем құралын пайдаланатын немесе иеленетін жеке тұлға.
4-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер
және төлем жүйелері саласындағы өкілеттіктері
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) төлем ұйымдарын есептік тіркеу, оның тізілімін жүргізу қағидаларын және төлем ұйымдарына қойылатын талаптарды;
2) жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесі операторларының немесе операциялық орталықтарының төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының, оның ішінде төлем жүйесі қатысушысының маңызды клиенттері жүзеге асырған көлемдері жөнінде мәліметтерді беру қағидаларын;
3) төлем карточкалары пайдаланыла отырып жүргізілетін операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын;
4) банкаралық ақша аудару жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын;
5) банкаралық клиринг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын;
6) операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидаларын;
7) банкаралық төлем карточкалары жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын;
8) Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын;
9) Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану қағидаларын;
10) Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидаларын;
11) Қазақстан Республикасы екінші деңгейдегі банктерінің вексельдерін есепке алу қағидаларын;
12) екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың аударым және жай вексельдермен операциялар жүргізу қағидаларын;
13) төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын талаптарды;
14) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық төлем қызмет көрсету және электрондық құжаттар алмасу қағидаларын;
15) электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды;
16) Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін немесе аумағына әкелінетін вексель қағазының қорғаныш дәрежелеріне қойылатын талаптарды белгілейтін қағидаларды, сондай-ақ вексель қағазына қойылатын техникалық талаптарды;
17) Қазақстан Республикасының банктерінде клиенттердің банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларын;
18) қашықтан қол жеткізу жүйелері арқылы көрсетілген төлем қызметтері жөніндегі мәліметтер ұсыну тізбесін, нысандарын, мерзімдерін және қағидаларын;
19) экономика секторларының кодтарын қолдану және төлемдер арналымы және оларға сәйкес төлемдер жөнінде мәліметтер беру қағидаларын;
20) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен банктер, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасындағы корреспонденттік қатынастарды белгілеу қағидаларын;
21) банктер арасындағы, сондай-ақ банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасындағы корреспонденттік қатынастарды белгілеу қағидаларын;
22) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің өзге де нормативтік құқықтық актілерін бекітеді.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) төлем жүйесі маңызды төлем жүйелеріне жататын көрсеткіштерді;
2) көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушылары арқылы клиенттің өзінің банк шотына қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін банк шотына қызмет көрсететін төлем қызметін ұсынушының ұйымдастыру шараларына қойылатын талаптарды;
3) төлем қызметін ұсынушы көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушыларына жататын көрсеткіштерді;
4) төлем жүйелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ұйымдастыру шараларына және бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарды;
5) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттары бойынша төлемдер және ақша аударымдары лимитінің мөлшерін;
6) банк шотының бар екені және нөмірі туралы анықтаманы және банк шоты бойынша ақша қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірмені ресімдеуге және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды белгілейді.
3. Төлемдер мен төлем жүйелері саласында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады және өзге де өкілеттіктерді іске асырады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйелерін реттеуді және қадағалауды (оверсайт) және көрсетілетін төлем қызметтері нарығын бақылауды осы Заңға және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер және төлем жүйелері саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
2-тарау. Төлем жүйелері
5-бап. Төлем жүйелеріне қойылатын негізгі талаптар
1. Төлем жүйесінің ұйымдастырылу және жұмыс істеу тәртібі оның осы төлем жүйесінің операторы белгілеген қағидаларында айқындалады.
2. Төлем жүйесінің қағидаларында:
1) төлем жүйесінің жұмыс істеу рәсімдері, оның ішінде төлем жүйесінде ақша аударымдарын жүзеге асыру, төлем хабарларының форматтарын қолдану тәртібі, төлем жүйесінің жұмыс істеу кестесі;
2) төлем жүйесінің операторы көрсететін қызметтердің және төлем жүйесінде жүзеге асырылатын операциялардың сипаты;
3) төлем жүйесіне қатысу талаптары;
4) төлем жүйесіне қатысушылардың оның операторымен өзара іс-қимыл тәртібі;
5) төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды кері қайтарып алу рәсімдері;
6) төлем жүйесіне қатысушылардың төлем жасауға қабілетсіздігін реттеу тәртібі;
7) ақпараттық қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары;
8) төлем жүйесінің қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік және осы төлем жүйесінің операторы айқындайтын өзге де талаптар Заңға сәйкес қамтылуға тиіс.
3. Төлем жүйесінің қағидаларына осы төлем жүйесіне қатысушылардың басқа төлем жүйелеріне қатысуын (оның ішінде айрықша қатысу туралы талаптар түріндегі нормаларды), сондай-ақ басқа төлем жүйелеріне осы төлем жүйесінің инфрақұрылымына қызмет көрсететін тұлғалардың (осы төлем жүйесі операторының қызметкерлері болып табылатын адамдарды қоспағанда) қызмет көрсетуін шектейтін нормаларды енгізуге тыйым салынады.
4. Төлем жүйесінің қағидалары, осы қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар, төлем жүйесі операторының тарифтері (көрсететін қызметтерінің құны) туралы және осы тарифтердің (көрсететін қызметтер құнының) барлық өзгерістері туралы мәліметтер оларды төлем жүйесінің операторы бекіткеннен кейін үш ай ішінде төлем жүйесі операторының интернет-ресурсында жариялануға жатады.
Төлем жүйесі операторының тарифтеріне (көрсететін қызметтер құнына) өзгерістерді ол осындай өзгерістерді негіздейтін қаржылық есептер негізінде енгізеді.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, төлем жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының аумағында меншікті төлем жүйесін құрғаны немесе Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік төлем жүйесінің жұмыс істей бастағаны туралы төлем жүйесінің қызметін жүзеге асыру басталған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде мынадай құжаттарды:
1) төлем жүйесі қағидаларының көшірмелерін;
2) төлем жүйесі операторының төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесін реттейтін ішкі құжаттарының көшірмелерін;
3) төлем жүйесі операторының тарифтері (көрсететін қызметтер құны) туралы мәліметтер қамтылған құжаттардың көшірмелерін;
4) төлем жүйесі операторының орналасқан жері туралы мәліметтерді;
5) төлем жүйесі операторының құрылтайшылары (акционерлері) туралы мәліметтерді;
6) атқарушы органның басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді бере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлайды.
6. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым төлем жүйесіне, оның ішінде шетелдік төлем жүйесіне қатысқан жағдайда, осы банк (осы ұйым) төлем жүйесінің операторымен төлем жүйесіне қатысу шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде негізге алынып төлем жүйесіне қатысу жүзеге асырылатын шарттардың көшірмелерін бере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осындай қатысу туралы хабарлайды.
7. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген ақпаратта:
1) төлем жүйесінің аты, оның операторының атауы мен оның заңды мекенжайы;
2) Қазақстан Республикасының аумағында меншікті төлем жүйесінің қызметі жүзеге асырыла бастаған күн немесе төлем жүйесіне, оның ішінде шетелдік төлем жүйесіне қатысу шарты жасалған күн қамтылуға тиіс.
8. Төлем жүйелерінде ақша аудару клиринг нәтижелері бойынша не бастамашының әрбір нұсқауын жеке орындау арқылы жүргізіледі.
9. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару төлем жүйесіне қатысушылардың қарсы ақша талаптары мен міндеттемелерін есепке алу процесі аяқталғаннан кейін болады.
10. Банкаралық клиринг жүйесінде клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару оған қатысушылардың ақшасын банкаралық ақша аудару жүйесінде пайдалана отырып жүзеге асырылады.
11. Бастамашының әрбір нұсқауын жеке орындау арқылы ақша аудару басқа нұсқаулар бойынша туындайтын оның құқықтары мен міндеттемелеріне қарамастан жүзеге асырылады.
12. Төлем жүйелеріне қатысушылардың төлем жасауға қабілетсіздігін реттеу тәртібі төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын аяқтау үшін ақша тарту әдістерін айқындауға тиіс.
Төлем жүйелеріне қатысушылардың төлем жасауға қабілетсіздігін реттеу тәртібіне қойылатын негізгі талаптар төлем жүйесінің операторы оларды бекіткеннен кейін бір ай ішінде төлем жүйесі операторының интернет-ресурсында жариялануға жатады.
6-бап. Қазақстан Республикасы төлем жүйелерінің түрлері,
олардың маңыздылығын айқындау өлшемшарттары мен
тәсілдері
1. Төлем жүйелері, оның ішінде шетелдік төлем жүйелері мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жүйелік маңызы бар төлем жүйесі;
2) маңызды төлем жүйесі;
3) өзге төлем жүйесі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар, маңызды және өзге төлем жүйелерінің тізілімін жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы және (немесе) Қазақстан Республикасының валюталық нарығы қатысушыларының ақшалай міндеттемелері бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізуі мақсатындағы төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүзеге асырылатын, сондай-ақ үздіксіз жұмысы Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында қажет болатын төлем жүйесі жүйелік маңызы бар төлем жүйесі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне жатқызылған жүйелерді қоспағанда, төлем жүйесін ол төмендегі кез келген:
1) осы төлем жүйесі арқылы ел аумағында жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес мөлшерде ұлттық валютамен төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүргізілетін;
2) осы төлем жүйесі арқылы ел аумағында жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде шетел валютасымен төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүзеге асырылатын;
3) осы төлем жүйесі арқылы жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүзеге асырылатын;
4) осы төлем жүйесі арқылы жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша аудару жүйелері үшін белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүзеге асырылатын;
5) осы төлем жүйесі арқылы жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде төлем карточкаларымен есеп айырысулар бойынша банкаралық төлемдер жүзеге асырылатын өлшемшарттарға сәйкес келген кезде маңызды төлем жүйесіне жатқызады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйесін мына тәсілдердің бірінің негізінде:
1) төлем жүйелерінің жұмыс істеуіне қатысты жүргізілген талдаудың қорытындылары бойынша өз бетінше;
2) төлем жүйесі операторының төлем жүйесінің белгіленген маңыздылық өлшемшарттарына сәйкес келуін растайтын құжаттар қоса берілген жазбаша өтініші негізінде жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесіне жатқызады.
5. Төлем жүйесі жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесіне жатқызылған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бес жұмыс күні ішінде:
1) осы төлем жүйесін Қазақстан Республикасының жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің тізіліміне енгізеді;
2) осы ақпаратты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында жариялайды;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, төлем жүйесінің операторына төлем жүйесінің жүйелік маңызы бар не маңызды төлем жүйесіне жатқызылғаны туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
6. Төлем жүйесі жүйелік маңызы бар не маңызды төлем жүйесіне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйесін Қазақстан Республикасының жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің тізіліміне енгізген күннен бастап жатқызылады.
7-бап. Төлем жүйелерінде төлемдердің және ақша
аударымдарының аяқталғандығы
1. Төлем және (немесе) ақша аударымы пайдасына осы төлем жүзеге асырылатын төлем жүйесінің қатысушысына ақша есептеліп берілгеннен кейін төлем жүйесінде аяқталған болып саналады.
2. Жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторы төлем жүйесінде төлемдердің және ақша аударымдарының нақты уақыт режимінде немесе ағымдағы операциялық күннің соңына дейін аяқталатынына кепілдік береді.
3. Төлем жүйесіне оның қатысушысы бастамашыға қатысты шығарылған жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану, борышкердің төлем жасауға қабілетсіздігін реттеу, оңалту рәсімін қолдану немесе борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің көшірмелерін өзі алғанға дейін жіберген төлемдері және ақша аударымдары кері қайтарып алынбайтын және түпкілікті болып табылады, орындалуға және аяқталуға жатады.
4. Соттың жеделдетілген оңалту рәсімін борышкердің төлем жасауға қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану немесе борышкерді банкрот деп тану туралы шешімінің көшірмелерін осы шешімді шығарған соттар банктерге оны шығарған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде электрондық байланыс арналарын пайдалану арқылы жібереді.
8-бап. Төлем жүйесінің операторы және қатысушылары
1. Төлем жүйесінің операторы болып табылмайтын заңды тұлғаның өз атауында оның төлем жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын көздейтін «төлем жүйесі» деген сөзді және одан туындайтын сөздерді пайдалануға құқығы жоқ.
2. Төлем жүйесінің операторы:
1) төлем жүйесінің қағидаларын белгілейді және оларды төлем жүйесі қатысушыларының сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
2) төлем жүйесі қатысушыларының (қатысушыларына) төлем және ақпараттық хабарларын өңдеуді және беруді, нұсқауларды немесе клирингті жеке орындауды жүзеге асырады;
3) төлем жүйесінің қатысушысымен төлем жүйесінде оған қызмет көрсету туралы шартты, төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қызмет көрсететін үшінші тұлғалармен шарттар жасайды;
4) төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесін айқындайды;
5) төлем жүйесі инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
6) ақпараттық қауіпсіздік және қызметтің үздіксіздігі шараларының сақталуын қамтамасыз етеді;
7) төлем жүйесі қатысушыларының оларға көрсетілетін қызметке тең және ашық қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
8) төлем жүйесі операторының қызметін басқару жөніндегі ішкі құжаттарды бекітеді;
9) төлем жүйесінің қатысушыларымен жасалған шарттар негізінде өзге де міндеттерді орындайды.
3. Төлем жүйесі операторының төлем жүйесінің операциялық орталығына операциялық және технологиялық функцияларды жүзеге асыруға тапсырма беруіне жол беріледі.
Операциялық функциялар осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген функцияларды қамтиды. Технологиялық функциялар осы баптың
2-тармағының 5) және 6) тармақшаларында көзделген функцияларды қамтиды.
4. Шетелдік төлем жүйесінің операторы төлем жүйесі қатысушыларының арасындағы ақша аударымдарын жүзеге асыруды Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен банкаралық ақша аудару жүйесі не банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қамтамасыз етеді.
5. Төлем жүйесінің қатысушылары мен операторлары өз қызметін «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын ескере отырып жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің не маңызды төлем жүйесінің операторы төлем жүйесінің жұмыс істеу процесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне:
1) төлем жүйесінің қағидаларына бекітілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәліметтерді осы өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күнге дейін бір айдан кешіктірмей;
2) төлем жүйесі операторы тарифтерінің (көрсетілетін қызмет құнының) өзгерістері туралы мәліметтерді осы өзгерістер қолданысқа енгізілген күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
9-бап. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің
операторларына арналған ең төменгі талаптар
1. Жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторы ішкі қағидаларда:
1) басқару органының өкілеттіктерін және жұмыс регламентін;
2) басқарудың жоғары және/немесе атқарушы органының өкілеттіктерін және жауапкершілігін;
3) төлем жүйесінің даму стратегиясын;
4) төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесін;
5) төлем жүйесінің қатысушыларымен және төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қызмет көрсететін үшінші тұлғалармен дауларды сотқа дейін шешу тәртібін;
6) төлем жүйесі қатысушыларының көрсетілетін қызметтің сапасына қажеттілігін қанағаттандыру бағаланатын төлем жүйелері жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету өлшемшарттарын айқындайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторы олар бекітілгеннен кейін бір ай ішінде өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
3. Төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесі:
1) тәуекелдерді анықтау, өлшеу, мониторингі және басқару;
2) төлем жүйесінің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету рәсімдерін айқындайды және төлем жүйесі операторының қызметін қалпына келтіру жоспарын қамтиды.
4. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 4), 5) және 6) тармақшаларының, 3-тармағының талаптары маңызды төлем жүйесінің операторына қолданылады.
5. Осы баптың 1-тармағының 1) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды маңызды төлем жүйесінің операторы олар бекітілгеннен кейін бір ай ішінде өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
Осы баптың 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттар және төлем жүйесіне тән тәуекелдердің тізбесін және оларды басқарудың негізгі әдістерін қоса алғанда, тәуекелдерді басқару жүйесінің негізгі талаптары төлем жүйелері қатысушыларына оларды бекіткен соң бір ай ішінде таныстырылуға жатады.
6. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы немесе операциялық орталығы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен белгіленген нысандар бойынша және тәртіппен мәліметтерді және есептерді, оның ішінде төлем жүйесі қатысушысының маңызды клиенті жүзеге асырған төлемдердің көлемдері бойынша мәліметтер береді.
7. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесі қатысушысының маңызды клиенттері мынадай өлшемшарттардың бірі бойынша айқындалады:
1) жүйе қатысушысының клиенті микроқаржы ұйымы немесе кредиттік серіктестік болып табылады;
2) төлем жүйесінің қатысушысы клиентінің осы төлем жүйесі арқылы бір жылда жүзеге асырылған төлемдер мен ақша аударымдарының жалпы көлеміндегі үлесі он немесе оннан көп пайызды құрайды.
8. Жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторы немесе операциялық орталығы оператор оған төменде көрсетілген функцияларды тапсырған кезде:
1) оның қызметіне жыл сайын аудиторлық тексеру жүргізуді қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы тексерудің нәтижелерін оны аяқтаған соң он жұмыс күні ішінде ұсынады;
2) төлем жүйелері қатысушыларының көрсетілетін қызметтердің сапасына олардың қанағаттануына қатысты қажеттілігіне талдау жүргізеді;
3) төлем жүйелерінің қатысушыларымен кері байланыс сервисінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
9. Жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторы немесе операциялық орталығы жылына бір рет, есепті жылдың соңына дейінгі мерзімде төлем жүйелері қатысушыларының көрсетілетін қызмет сапасына қанағаттану тұрғысынан оның жұмыс істеу тиімділігіне жүргізілген талдау нәтижелерін өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
10. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы төлем жүйесінің оның халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуін:
1) үш жылда кемінде бір рет – жүйелік маңызы бар төлем жүйелері бойынша;
2) бес жылда кемінде бір рет – маңызды төлем жүйелері бойынша өздігінен бағалауды жүргізеді.
Операциялық және технологиялық функцияларды жүзеге асыру жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операциялық орталығына тапсырылған жағдайда, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін өздігінен бағалауды жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы және операциялық орталығы бірлесіп жүргізеді.
Жүргізілген өздігінен бағалау нәтижелерін жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйесінің операторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйесінің операторы болған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне оны жүргізу аяқталған соң он жұмыс күні ішінде ұсынады.
11. Жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйесінің операторы төлем жүйесінің жұмыс істеуіне жүргізілген өздігінен бағалаудың негізгі нәтижелерін ол аяқталған соң бір ай ішінде өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
3-тарау. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын құқықтық реттеу
10-бап. Төлем қызметін ұсынушылар
1. Көрсетілетін төлем қызметтерін мынадай ұсынушылар:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
2) екінші деңгейдегі банктер;
3) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;
4) пошталық ақша аударымдарын жүзеге асыратын пошта операторы (бұдан әрі – пошта операторы);
5) төлем ұйымдары;
6) төлем агенттері;
7) қосалқы төлем агенттері көрсетеді.
2. Осы Заңның мақсаты үшін банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар төлем ұйымдары, төлем агенттері және қосалқы төлем агенттері ретінде қаралмайды.
11-бап. Көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушыларын
айқындау өлшемшарттары және тәсілдері
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем қызметін ұсынушыны ол мынадай өлшемшарттардың біреуіне сәйкес болған кезде көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушысына жатқызады:
1) төлем қызметін ұсынушы операторлар Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінде төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруды жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде қамтамасыз етеді;
2) төлем қызметін ұсынушы Қазақстан Республикасының аумағында және шетелде төлем карточкаларын шығару және оларды пайдалана отырып операцияларды өңдеу бойынша қызмет көрсетуді жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде қамтамасыз етеді;
3) төлем қызметін ұсынушы электрондық ақшаны шығару, өтеу және оларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын операцияларды өңдеу қызметін көрсетуді жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде қамтамасыз етеді;
4) төлем қызметін ұсынушы төлемдерді төлем карточкаларын пайдаланбай электрондық терминалдар және қашықтан кіру жүйесі арқылы төлемдерді жүзеге асыру бойынша қызмет көрсетуді жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде қамтамасыз етеді;
5) төлем қызметін ұсынушы елдің аумағында және шетелде ақшаны ақша аударымдар жүйесі арқылы аудару бойынша қызмет көрсетуді жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде қамтамасыз етеді;
6) төлем қызметін ұсынушы Қазақстан Республикасының аумағында және шетелде банктер арасында ашылған корреспонденттік шоттар арқылы төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру бойынша қызмет көрсетуді жыл бойы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде қамтамасыз етеді;
7) төлем қызметін ұсынушы мемлекеттік бюджеттен немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, әлеуметтік және өзге төлемдерді беруді қамтамасыз етеді;
8) төлем қызметін ұсынушы Қазақстан Республикасының нарығында өзге көрсетілетін қызметті ұсынушылар көрсетпейтін қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
2. Ұлттық Банк көрсетілетін төлем қызметін ұсынушыларды мынадай тәсілдердің бірі арқылы:
1) көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығына жүргізілген талдау қорытындылары бойынша дербес;
2) төлем қызметін ұсынушының белгіленген маңыздылық өлшемшарттарына сәйкестігін растайтын құжаттар қоса берілген төлем қызметін ұсынушының жазбаша өтініші негізінде көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушыларына жатқызады.
3. Төлем қызметін ұсынушыны маңыздыға жатқызған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы көрсетілетін төлем қызметін ұсынушыны маңызды төлем қызметін ұсынушылардың тізіліміне енгізеді және бес жұмыс күні ішінде төлем қызметін ұсынушыны жазбаша нысанда хабардар етеді және көрсетілген мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында жариялайды.
4. Көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушысы:
1) басқару органының құрамын, өкілеттіктерін және жұмыс регламентін;
2) басшы органның өкілеттіктерін және жауапкершілігін;
3) көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушысының қызметіне тән тәуекелдерді басқару жүйесін;
4) көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушысы мен мүдделі тұлғалар арасындағы мүдделер қайшылығын шешу тәртібін;
5) клиенттердің көрсетілетін қызметтің сапасына қанағаттандырылу мәнінің мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.
5. Көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушысының қызметіне тән тәуекелдерді басқару жүйесі:
1) тәуекелдерді анықтау, өлшеу, мониторингі және басқару рәсімдерін;
2) көрсетілетін төлем қызметтерін көрсету бойынша қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету рәсімдерін айқындайды және оның қызметін қалпына келтіру жоспарын қамтиды.
6. Көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушысы:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне өзі көрсеткен төлем қызметтері бойынша мәліметтер ұсынады;
2) көрсетілетін қызметтің сапасына бағалау жүргізуді қамтамасыз етеді және жүргізілген бағалау нәтижелерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынады.
12-бап. Көрсетілетін төлем қызметтерінің түрлері
1. Көрсетілетін төлем қызметтерінің түрлері:
1) банк шотын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын қабылдау және жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметтер;
2) банк шоттарына, оның ішінде үшінші тұлғалардың банк шоттарына есепке алу үшін қолма-қол ақшаны қабылдау бойынша көрсетілетін қызметтер;
3) ақша жөнелтушінің банк шотын пайдаланбай төлемдерді жүзеге асыру үшін қолма-қол ақша қабылдау бойынша көрсетілетін қызметтер;
4) банк шотын ашпай ақша аударуды жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметтер;
5) электрондық ақша шығару және өтеу бойынша көрсетілетін қызметтер;
6) төлем карточкаларын шығару бойынша көрсетілетін қызметтер;
7) электрондық ақшаны және төлем карточкаларын өткізу (тарату) бойынша көрсетілетін қызметтер;
8) электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалған төлемдерді қабылдау және өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтер;
9) клиент электрондық түрде бастама жасаған төлемдерді өңдеу және төлемдерді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру не осы төлемдер бойынша ақша қабылдау үшін банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қажетті ақпарат беру бойынша көрсетілетін қызметтер.
2. Көрсетілетін төлем қызметтеріне:
1) төлеушінің алдында төлем қызметін ұсынушының қатысуынсыз жүзеге асырылатын міндеттемелері бар тұлғаға (тұлғаларға) төлемді жүзеге асыратын тұлғаның (төлеушінің) қолма-қол ақша беруі бойынша көрсетілетін қызметтер;
2) банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша көрсетілетін қызметтер;
3) қайырымдылық немесе коммерциялық емес қызмет мақсатында ақша жинау және беру бойынша көрсетілетін қызметтер;
4) банк шотын пайдаланбай қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметтер;
5) көрсетілетін төлем қызметтерін көрсетуге технологиялық қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін көрсетілетін қызметтер, оның ішінде деректерді өңдеуге және сақтауға, көрсетілетін төлем қызметтерін алушыларды аутентификациялауға, сондай-ақ көрсетілетін төлем қызметтерін көрсету кезінде пайдаланылатын электрондық терминалдар мен жабдықтарды пайдалануға беруге және технологиялық қолдау көрсетуге байланысты көрсетілетін қызметтер;
6) тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін электрондық төлем құралдары эмитентінің үй-жайларында немесе тауарларды немесе электрондық төлем құралдары эмитенті көрсететін қызметтерді сатып алу үшін электрондық төлем құралдары эмитентімен жасалған шарт негізінде электрондық төлем құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын көрсетілетін қызметтер;
7) бенефициар – заңды тұлға, дара кәсіпкер және төлем қызметін ұсынушы арасындағы соңғылардың үшінші тұлғалардың қатысуынсыз төлеушілерден қабылданған төлемдер бойынша бенефициардың пайдасына ақша аударуды жүзеге асыруы кезінде ақпараттық және технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін көрсетілетін қызметтер жатпайды.
13-бап. Төлем қызметтерін көрсету
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті лицензиясынсыз немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуге алынбай Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілетін төлем қызметтерін көрсетуге тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талаптар төлем агенттерінің және қосалқы төлем агенттерінің, сондай-ақ өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасы негізінде лицензиясыз жүзеге асыратын төлем қызметін ұсынушылардың қызметіне қолданылмайды.
2. Төлем қызметтерін:
1) банк Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің клиенттердің банк шоттарын ашуға және жүргізуге және аударым операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы болған кезде осы Заңның 12-бабының 1-тармағында аталған төлем қызметтерінің кез келген түрлерін;
2) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, осы тармақшаның екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген төлем қызметін ұсынушыларды, осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 2)-4), 7)-9) тармақшаларында көрсетілген төлем қызметтерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аударым операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы болған кезде. Бұл ретте:
қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыратын ұйым, осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген көрсетілетін төлем қызметтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің клиенттердің банк шоттарын ашуға және жүргізуге лицензиясы болған кезде;
Ұлттық пошта операторы осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 2)-9) тармақшаларында көзделген көрсетілетін төлем қызметтерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі клиенттерінің банк шоттарын ашуға және жүргізуге лицензиясы болған кезде осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 1) тармақшаларында көзделген көрсетілетін төлем қызметтерін;
3) пошта операторы осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген көрсетілетін төлем қызметтерін, осы баптың 12-тармағында белгіленген талаптарды сақтай отырып, пошта ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде көрсетеді.
Пошта ақша аударымдары бойынша қызмет көрсету тәртібі «Пошта туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі;
4) төлем ұйымы осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 3), 7)-9) тармақшаларында көрсетілген көрсетілетін төлем қызметтерін есептік тіркеудің тіркеу нөмірі болған кезде;
5) төлем агенті және қосалқы төлем агенті осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 2), 3) және 7) тармақшаларында көрсетілген көрсетілетін төлем қызметтерін, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және төлем ұйымдары үшін рұқсат етілген көрсетілетін төлем қызметтерінің түрлері шеңберінде төлем қызметтерін көрсету жөніндегі агенттік шарт болған кезде көрсетеді.
3. Төлем ұйымы банкпен немесе төлем агентімен жасалған төлем қызметтерін көрсету жөніндегі агенттік шарт негізінде банктің төлем агенті не қосалқы төлем агенті ретінде төлем қызметтерін көрсету бойынша қызметті жүзеге асыруға құқылы.
Төлем ұйымы осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген көрсетілетін төлем қызметтерін көрсетілетін қызметті ұсынушымен жасалған шарт болған кезде көрсетеді.
Банкпен жасалған төлем қызметтерін көрсету жөніндегі агенттік шарт болған кезде, төлем ұйымының клиенттің банк шотын пайдаланбай, бюджетке төлемдер қабылдау бойынша көрсетілетін төлем қызметтерін көрсетуіне жол беріледі.
Шарттарда ақшаны төлем ұйымының банк шотынан көрсетілетін қызметті ұсынушының банк шотына есепке алу тәртібі, тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ төлем ұйымына төлем қызметтерін көрсеткені үшін сыйақы беру тәртібі және төлем ұйымын төлем қызметтерін көрсетуге тарту талаптары көзделуі тиіс.
4. Көрсетілетін төлем қызметі клиент пен төлем қызметін ұсынушы арасында жасалған шарт негізінде көрсетіледі, онда мынадай талаптар болуға тиіс:
1) көрсетілетін төлем қызметтерінің түрлері және жалпы сипаттамасы;
2) төлем қызметтерін көрсетудің тәртібі және ең ұзақ мерзімі;
3) алынатын алымдар мен комиссиялардың мөлшері немесе осы ақпарат қамтылған интернет-ресурсты көрсету және оларды алу тәртібі;
4) көрсетілетін төлем қызметтері туралы ақпарат ұсыну тәртібі;
5) санкцияланбаған төлемдерден қорғау әрекеттерінің тәртібі;
6) көрсетілетін төлем қызметтерін шетел валютасымен көрсету кезінде қолданылатын айырбастау бағамын анықтау тәртібі;
7) көрсетілетін төлем қызметін ұсынушының төлем қызметтерін көрсетуден бас тарту құқығы сақталатын талаптар;
8) санкцияланбаған көрсетілетін төлем қызметтері жөніндегі мәселелерді реттеу тәртібі;
9) клиенттің шартты бұзу құқығы;
10) талаптар қою және даулы жағдайларды шешу тәртібі.
Төлем қызметін ұсынушы төлем қызметтерін көрсету кезінде қажетті қосымша талаптарды көздеуі мүмкін.
5. Төлем қызметін ұсынушы осы баптың 4-тармағында көзделген шарттың талаптарын клиент үшін оларды жақсарту жағына біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы.
Төлем қызметін ұсынушы төлем қызметін ұсынушы мен клиент арасында шарт жасау күні белгіленген көрсетілетін төлем қызметтері бойынша комиссияны ұлғайту жағына біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.
Төлем қызметін ұсынушы қашықтан кіру жүйесі арқылы біржолғы тәртіппен көрсетілетін төлем қызметі бойынша оны көрсетудің міндетті талаптарымен төлем қызметін көрсеткенге дейін олардың арасында шарт жасау үшін, осы баптың 4-тармағында көзделген талаптарға сәйкес қазақ немесе орыс тілдерінде клиентке таныстыруды қамтамасыз етеді.
6. Төлем қызметін ұсынушы төлем қызметін көрсеткенге дейін қашықтан кіру жүйелері арқылы төлем қызметтерін көрсету кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, төлем қызметін ұсынушының көрсетілетін төлем қызметтері бойынша өндіріп алатын ақшалай көрсетілген комиссиясының мөлшері туралы ақпаратты клиентке ұсынуын қамтамасыз етеді.
7. Төлем қызметін ұсынушы көрсетілетін төлем қызметтерін тек клиент нұсқауының талаптары негізінде және соған сәйкес көрсетеді.
Төлем қызметін ұсынушының клиент нұсқауының талаптары мен деректемелерін өзгертуіне тыйым салынады.
8. Көрсетілетін төлем қызметін және ақпараттық банк қызметтерін алу үшін клиент оның банк шотына қызмет көрсететін төлем қызметін ұсынушысы ретінде және сол сияқты көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысы ретінде қашықтан кіру жүйесін пайдалануға құқылы.
9. Клиенттің көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысынан көрсетілетін төлем қызметтерін және ақпараттық банк қызметтерін алу құқықтарын іске асыру мақсатында клиенттің банк шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметін ұсынушы көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес клиенттің банк шотына және ақпаратына кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
Осы тармақтың талабы клиенттің банк шоттарына қызмет көрсететін және интернет-ресурс арқылы қашықтан банк қызметтерін көрсетпейтін төлем қызметін ұсынушыларға қолданылмайды.
10. Клиенттің банк шотына қызмет көрсететін төлем қызметін ұсынушы клиенттің бұйрығы бойынша және идентификаттау құралдары арқылы расталған клиенттің келісімімен үшінші тұлғаларға клиенттің банк шотының болуы, нөмірі және банк шоты бойынша операциялар туралы ақпаратты беруге тиіс.
11. Комиссияны төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасынан шегеру арқылы алу талабы бенефициар және бенефициардың төлем қызметін ұсынушы арасындағы шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, төлем қызметін көрсету үшін комиссияны төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасынан алуға тыйым салынады. Бенефициардың көрсетілетін төлем қызметін ұсынушы бенефициарға қабылданған төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасы және одан жүргізілген шегерімдер туралы хабарлайды.
12. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, төлем қызметін ұсынушы төлем қызметін көрсету кезінде мынадай:
1) «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында немесе Қазақстан Республикасы ратифицикациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жеке тұлға клиентті тиісті түрде тексеру және идентификаттауды жүргізу;
2) ақша жөнелтуші және бенефициар бойынша «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген деректемелердің төлем және (немесе) ақша аударымы туралы төлем құжатында болуы және оларды төлемнің және (немесе) ақша аударымының қатысушысына беру;
3) ақша жөнелтушіні және/немесе бенефициарды идентификаттауға мүмкіндік беретін мәліметтерді төлем қызметі көрсетілгеннен не клиенттің банк шоты жабылғаннан кейін бес жыл ішінде сақтау;
4) клиенттің идентификаттау құралдарының үшінші тұлғалардың кіруінен сақталуы талаптарын сақталуын қамтамасыз етеді.
13. Төлем қызметін ұсынушы төлем қызметін көрсеткеннен кейін (төлем карточкаларын шығару бойынша төлем қызметін қоспағанда) клиентке төлем қызметін көрсету фактісін растайтын құжатты қағаз тасымалдағышта не электрондық байланыс арналары арқылы ұсынады.
Төлем қызметін көрсету фактісін растайтын құжаттың мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
14. Төлем қызметін ұсынушы төлем қызметін көрсету кезінде алынған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді және оларды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда үшінші тұлғаларға жария етуге жол бермейді.
Төлем қызметін ұсынушы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, төлем қызметтерін көрсету кезінде дербес деректер субъектісінің келісімімен дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асырады.
15. Төлем ұйымына қызметтің мына түрлерін:
1) жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату, жалға алу және жалға тапсыру;
2) жарнамалық, маркетингтік, консультациялық және ақпараттық көрсетілетін қызметтер;
3) бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, бейімдеу, түрлендіру, техникалық қолдау;
4) электрондық терминалдарды, ақпарат өңдеуге және беруге арналған басқа құрылғыларды және жабдықтарды сатып алу, сату, жалға алу және жалға тапсыру;
5) есептеу техникасын және ақпараттық технологияларды пайдалануға байланысты қызмет, оның ішінде ақпараттық-техникалық көрсетілетін қызметтер, деректерді өңдеу және беру бойынша көрсетілетін қызметтер, дерекқорларды және ақпараттық ресурстарды құру және пайдалану;
6) логистика және курьерлік қызмет саласындағы агенттік және делдалдық қызметті орындауды қоса алғанда, осы салалардағы көрсетілетін қызметтер;
7) ақпараттық жүйелер мен желілердің қауіпсіздігін құру және қамтамасыз ету;
8) ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу және іске асыру;
9) электрондық-цифрлық қолтаңба ашық кілтінің электрондық-цифрлық қолтаңба жабық кілтіне сәйкес болуын куәландыру, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дәйектілігін растау бойынша көрсетілетін қызметтер;
10) төлем қызметін жасау шеңберінде төлемді және (немесе) ақша аударымын уақтылы аяқтау үшін қажетті қарыз (коммерциялық кредит) беру бойынша көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
Төлем қызметтерін көрсету кезінде төлем ұйымының клиенттерден алған ақшадан қарыз (коммерциялық кредит) беруге рұқсат берілмейді.
16. Төлем қызметін ұсынушы өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті ақпараттық-технологиялық функцияларды орындауды төлем қызметін ұсынушының үшінші тұлғаларға аутсорсингке беруіне рұқсат етіледі.
Төлем қызметін ұсынушы ақпараттық-технологиялық функцияларды орындауды аутсорсингке беруі кезінде ол бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етеді.
17. Ақпараттық-технологиялық функцияларды орындауды үшінші тұлғаларға аутсорсингке беруге мынадай:
1) төлем қызметін ұсынушының осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем қызметтері нарығын бақылау функцияларын жүзеге асыруына кедергі жасау тәуекелі туындаған;
2) егер үшінші тұлға төлем қызметін ұсынушының төлем қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажетті талаптарға сәйкес келмесе;
3) аутсорсинг және төлем қызметтерін көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру үшін төлем қызметін ұсынушыларға қойылатын талаптар арасында қайшылықтар болған;
4) төлем қызметін ұсынушыға төлем қызметтерін көрсету бойынша қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілген талаптарды аутсорсинг жойған немесе өзгерткен;
5) үшінші тұлға өз міндеттемелерін аутсорсинг туралы шарт бойынша тиісінше орындамаған жағдайларда жол берілмейді немесе тоқтатылады.
18. Төлем қызметін ұсынушының өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті ақпараттық-технологиялық функцияларды орындауды көрсетілетін төлем қызметін ұсынушының үшінші тұлғаларға аутсорсингке беру тәртібі төлем қызметін ұсынушының ішкі қағидаларында белгіленеді.
Төлем қызметін ұсынушы үшінші тұлғаның аутсорсинг туралы шарт бойынша міндеттемелерін тиісті түрде орындамағаны үшін жауапты болады. Төлем қызметін ұсынушы қажет болған кезде аутсорсинг туралы шартты төлем қызметтерін көрсетудің үздіксіз болуын және сапасын, сондай-ақ төлем қызметін ұсынушылардың мүддесін қамтамасыз ету талабымен бұзады.
19. Төлем қызметін ұсынушы төлем қызметін көрсету кезінде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер мен төлем жүйелері саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарды басшылыққа алады.
Төлем ұйымы осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 3) және
7) тармақшаларында көрсетілген қызметті көрсету кезінде осы баптың
12-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды орындау талап етілмейді.
14-бап. Төлем қызметтерін төлем агенттері мен қосалқы
төлем агенттері арқылы көрсету кезінде қойылатын
талаптар
1. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және төлем ұйымы төлем агенті немесе қосалқы төлем агенті арқылы төлем қызметтерін көрсету туралы агенттік шарттың негізінде клиенттерге төлем қызметтерін көрсетуге құқылы.
Төлем ұйымы төлем қызметін көрсетуге төлем агентін және (немесе) қосалқы төлем агентін тартуға, егер осындай талап көрсетілетін қызметті ұсынушымен шартта көзделсе, құқылы.
2. Төлем агенті немесе қосалқы төлем агенті төлем қызметін клиентке мынадай:
1) төлем қызметін банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе төлем ұйымының атынан көрсету;
2) осы Заңның 13-бабының 12-тармағында көзделген талаптарды орындау;
3) клиентке төлем қызметін көрсету фактісін растайтын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қажетті деректемелерді қамтитын құжатты беру;
4) төлем агентінің банкпен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен немесе төлем ұйымымен жасасқан шарттың талаптарына сәйкес, ал қосалқы төлем агентінің төлем агентімен жасасқан шартқа сәйкес, сондай-ақ төлем агенті және банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы арасында жасалған шартқа сәйкес сыйақыны өндіріп алуы;
5) осы баптың 3-тармағында көзделген ақпаратты клиентке беру талаптарын сақтау шартымен көрсетеді.
3. Төлем қызметін көрсету басталғанға дейін төлем агенті және қосалқы төлем агенті клиентке мынадай:
1) төлем қызметінің атауы және оны көрсету орнының мекенжайы;
2) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе төлем ұйымының, сондай-ақ төлем агентінің атауы, тұрған жері және бизнес идентификаттау нөмірі және төлем қызметін қосалқы төлем агенті көрсеткен жағдайда қосалқы төлем агентінің атауы, тұрған жері және бизнес идентификаттау нөмірі;
3) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензиясының нөмірі не төлем ұйымын есептік тіркеудің тіркеу нөмірі;
4) төлем агенті немесе қосалқы төлем агенті төлем қызметін көрсету кезінде клиенттен ұстайтын сыйақы мөлшері (оны өндіріп алған жағдайда);
5) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе төлем ұйымының байланыс деректері (заңды мекенжайы, телефоны) және төлем қызметтерін қосалқы төлем агенті көрсеткен жағдайда қосалқы төлем агентінің байланыс деректері (заңды мекенжайы, телефоны) ақпаратын беруді қамтамасыз етеді.
4. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы өздерінің төлем агенттерінің және қосалқы төлем агенттерінің тізілімдерін банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, төлем ұйымының ішкі құжатында белгіленген тәртіппен жүргізуге тиіс.
5. Төлем агенті банкпен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен немесе төлем ұйымымен жасалған шартта белгіленген тәртіппен тартылған қосалқы төлем агенттері туралы ақпаратты көрсетілген тізілімге қосу мақсатында банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға немесе төлем ұйымына ұсынуды қамтамасыз етеді.
6. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, және төлем ұйымы төлем агентінің төлем агенті және банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы арасындағы шартта белгіленген төлем қызметін ұсынудың талаптарын, сондай-ақ осы Заңның және төлемдер мен төлем жүйелері саласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген бақылауды жүзеге асыру тәртібі банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе төлем ұйымының және төлем агентінің арасындағы шартта не банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және төлем ұйымының ішкі қағидаларында белгіленеді.
7. Төлем агенті қосалқы төлем агентінің осы Заңның талаптарын және төлем агенті және банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе төлем ұйымының арасындағы шартта белгіленген төлем қызметтерін көрсету талаптарын сақтауына бақылауды төлем агенті және қосалқы төлем агенті арасындағы, сондай-ақ төлем агенті және банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе төлем ұйымының арасындағы шартта белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
8. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем қызметтерін көрсету жөнінде агенттік шарт жасасқан төлем ұйымы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ өзінің төлем агенттері және қосалқы төлем агенттері туралы мәліметтерді ұсынады.
Көрсетілген мәліметтердің нысаны, ұсыну тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісіне белгіленеді.
9. Төлем қызметтерін көрсету жөнінде агенттік шарт жасасқан банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы төлем қызметтерін көрсету кезінде өзінің төлем агенттерінің және қосалқы төлем агенттерінің іс-әрекеті үшін жауап береді.
15-бап. Төлем ұйымын құру
1. Төлем ұйымы ретінде тіркелмеген заңды тұлға өзінің атауында оның төлем қызметтерін ұсыну бойынша қызметті жүзеге асыруды болжамдайтын сөздерден туындайтын «төлем ұйымы» сөзін пайдалануға құқығы жоқ.
2. Төлем ұйымы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өзінің филиалдарын ашуға құқылы.
Төлем ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен өздерінің филиалдарын ашу туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлайды.
3. Төлем ұйымы бухгалтерлік есеп пен есептілікті Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізеді.
16-бап. Төлем ұйымын есептік тіркеу
1. Төлем ұйымдарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеу олардың қызметін реттеу мен қадағалау мақсатында жүзеге асырылады және төлем ұйымының төлем қызметін көрсетуі кезінде міндетті талап болып табылады. Төлем қызметін көрсету бойынша төлем ұйымының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өтпей жүзеге асырылатын қызметі заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
2. Есептік тіркеуден өту үшін төлем ұйымы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мыналарды:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын нысан бойынша өтінішті;
2) төлем ұйымының үлгілік жарғы бойынша қызметті жүзеге асырған жағдайларын қоспағанда, жарғыны;
3) төлем ұйымының көрсетілетін төлем қызметтері бойынша ақша аударымын жүзеге асыратын тиісті банкпен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен өзара іс-әрекет ету тәртібін айқындайтын құжатты;
4) төлем ұйымының мынадай:
қызмет стратегиясы, төлем қызметтерінің жоспарланған түрлері, оларды көрсету тәртібі;
төлем ұйымы бағдарға алған нарықтың бөлігі;
маркетинг жоспары (клиентураны қалыптастыру), қызметтің перспективалық даму жоспарлары;
ұйым қызметін қаржыландыру көздері;
ұйымдық құрылым, ішкі бақылау жүйесі және басқарманың құрылымы;
мүліктің және меншік капиталының мөлшері көрсеткіштерден тұратын сипаттамасынан, болжамы мен талдауынан тұратын бизнес-жоспары.
5) атауы не аты-жөні, әкесінің аты (бар болса), идентификаттау нөмірі, өтініш беру күнінің алдындағы күнгі жағдай бойынша капиталдағы үлесінің мөлшері кірген акционерлер (қатысушылар) туралы мәліметтер;
6) аты-жөні, әкесінің аты (бар болса), идентификаттау нөмірі, тұрған жері, білімі, жұмыс орны мен қызметтерінің толық тізбесі, жауапкершілік саласының сипаттамасы кіретін атқарушы орган басшысы (мүшелері) туралы мәліметтер, өтініш беру күнінің алдындағы күнгі жағдай бойынша растайтын құжаттардың көшірмелерімен қоса мiнсiз iскерлiк беделі туралы мәліметтер;
7) төлем қызметін басқару органы бекіткен төлем ұйымының қызметін жүзеге асыру қағидаларын береді.
Төлем ұйымының қызметін жүзеге асыру қағидаларының мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді;
8) тәуекелдерді басқарудың қолданылатын жүйесін, оның ішінде клиенттің ақшасын сақтауға қойылатын жалпы талаптарды;
9) ақпараттық және технологиялық құралдар, қауіпсіздік жүйелері, жоспарланған төлем қызметтерін көрсетуге қажетті бақылау тетіктері және жүйелері туралы мәліметтерді;
10) «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын орындауды қамтамасыз ететін шараларды сипаттауды ұсынады.
3. Төлем ұйымдарын есептік тіркеуден өткізу, төлем ұйымдарын төлем ұйымдарының тізіліміне қосу және оларды шығару қағидалары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем ұйымының есептік тіркеуден өтуге арналған өтінішін осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасын ұсынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзімде төлем ұйымы есептік тіркеуден өткізу кезінде төлем ұйымына тіркеу нөмірін береді, төлем ұйымдарының тізіліміне жазбаны жүзеге асырады, төлем ұйымына тіркеу нөмірін көрсете отырып, есептік тіркеуден өткені туралы хабарламаны жазбаша түрде жібереді.
Есептік тіркеуден бас тарту кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем ұйымына осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзімде бас тарту себептерін көрсете отырып есептік тіркеуден бас тарту туралы хабарламаны жазбаша түрде жібереді.
6. Есептік тіркеуден өткен төлем ұйымдарының тізілімі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады.
7. Төлем ұйымы төлем ұйымы туралы ақпаратты ұсыну кезінде өзінің тіркеу нөмірін көрсетуге міндетті.
8. Төлем ұйымы осы өзгерістер енгізілгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның негізінде есептік тіркеу жүргізілген құжаттарға енгізілген барлық өзгерістер туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлайды.
17-бап. Төлем ұйымын есептік тіркеуден бас тарту негіздері
1. Төлем ұйымын есептік тіркеуден бас тарту:
1) осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарда көрсетілуге тиіс мәліметтер толық ұсынылмаған;
2) құжаттардың толық тізбесі ұсынылмаған немесе құжаттар осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес келмеген;
3) егер төлем ұйымы атқарушы органының басшысы осы Заңның 19-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
4) егер төлем ұйымы оны әділет органдарында мемлекеттік тіркеген (қайта тіркеген) күннен бастап бір жыл ішінде есептік тіркеуден өту туралы өтініш бермеген жағдайларда жүргізіледі.
2. Есептік тіркеуден бас тартқан жағдайда заңды тұлға күнтізбелік отыз күн ішінде есептік тіркеуге қайта өтініш беруге немесе атауын өзгерту не қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдауға құқылы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қайта ұсынылған өтінішті он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
18-бап. Төлем ұйымдарының тізілімінен алып тастау
негіздері
1. Төлем ұйымы:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне көрсетілетін төлем қызметтері туралы мәліметтерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) ұсынбаған;
2) төлем ұйымын есептік тіркеу туралы шешім қабылдауға әсер ететін көрсетілетін төлем қызметтері туралы дәйексіз мәліметтерді не осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарда көрсетілуге жататын дәйексіз мәліметтерді ұсынған;
3) осы Заңның, «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер мен төлем жүйелері саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) орындамаған;
4) төлем ұйымы төлем ұйымдарының тізіліміне енгізілген күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қызметті жүзеге асырмаған немесе өз қызметін қатарынан алты айдан астам кезеңге тоқтатқан;
5) осы Заңның 17-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген мән-жайлар анықталған;
6) төлем ұйымының қызметін тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
7) төлем ұйымын заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен шығарған;
8) төлем ұйымы қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) немесе тарату арқылы өзінің қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда төлем ұйымдарының тізілімінен шығарылады. Бұл ретте төлем ұйымы төлем ұйымдарының тізілімінен шығару туралы өтініш бергенге дейін өзінің барлық міндеттемелерін орындайды. Өтінішке сонымен бір мезгілде барлық міндеттемелердің орындалуын растау туралы хат қоса беріледі;
9) төлем ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі тарапынан тексеру жүргізуге кедергі жасаған не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нұсқамаларын орындамаған;
10) төлем ұйымының өтініші негізінде, мұндай шығару көрсетілетін төлем қызметтерін алушылардың мүдделеріне нұқсан келтіруге ықпал ететін жағдайларды қоспағанда, төлем қызметтерін көрсетуден бас тартқан жағдайларда төлем ұйымдарының тізілімінен шығарылады.
2. Төлем ұйымдарын тізілімнен шығару кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бұл туралы төлем ұйымына жазбаша хабарлайды және өзінің
интернет-ресурсында жариялайды.
Хабарлама есептік тіркеуден өтуге арналған өтініште көрсетілген мекенжай бойынша жіберіледі.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем ұйымын төлем ұйымдарының тізілімінен шығару туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем ұйымын төлем ұйымдарының тізілімінен шығару туралы шешіміне шағым жасау осы шешімнің орындалуын тоқтатпайды.
4. Төлем ұйымына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің оны төлем ұйымдарының тізілімінен шығару туралы жазбаша хабарламасын алғаннан кейін төлем қызметтерін көрсетуге тыйым салынады.
5. Төлем ұйымдарының тізілімінен шығарылған жағдайда төлем ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем ұйымдарының тізілімінен шығару туралы хабарламасын алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде төлем ұйымының атауында «төлем ұйымы» деген сөз болған кезде төлем ұйымының атауын өзгерту не оны қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
19-бап. Төлем ұйымының атқарушы органының басшысына
қойылатын талаптар
1. Төлем ұйымының атқарушы органы басшысының жоғары білімі болуға тиіс.
2. Мынадай:
1) алдыңғы қызметі заңды тұлғаның банкроттығына, таратылуына себепші болған;
2) дәрменсіз борышкер болып табылған не оған қатысты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынған;
3) мiнсiз iскерлiк беделі жоқ адамды төлем ұйымы атқарушы органының басшысы етіп сайлауға және тағайындауға тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, егер:
1) адам осы баптың талаптарына сәйкес келмейтін болса;
2) төлем ұйымының атқарушы органының басшысы туралы төлем ұйымы дәйексіз мәліметтер және жалған құжаттар берсе, төлем ұйымы атқарушы органының басшысын ауыстыру туралы нұсқама шығарады.
20-бап. Төлем ұйымын қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу,
бөлу, бөліп шығару, қайта құру)
1. Төлем ұйымдарын ерікті қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімімен төлем ұйымдары акционерлерінің (қатысушыларының) шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Төлем ұйымын ерікті қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне келісуге мынадай құжаттар ұсынылады:
1) ерікті қайта ұйымдастыру туралы шешім;
2) төлем ұйымдарын ерікті қайта ұйымдастырудың көзделетін шарттарын, нысандарын, тәртібін және мерзімін сипаттайтын құжаттар;
3) ерікті қайта ұйымдастыру салдарының қаржылық болжамы;
4) қайта ұйымдастырылатын төлем ұйымдарының атқарушы органдарының басшылары қол қойған біріктіру (қосу) туралы шарт;
5) қайта ұйымдастырылған төлем ұйымдарының осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкестігі туралы аудитордың қорытындысы;
6) төлем ұйымын ерікті қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған келесі үш жылға арналған бизнес-жоспар;
7) төлем ұйымын ерікті қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған қызметті жүзеге асыру қағидалары.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы баптың 2-тармағында көрсетілген ұсынылған құжаттарды қарайды және олар ұсынылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабарлама жібереді.
4. Қайта ұйымдастырылатын төлем ұйымдары ерікті қайта ұйымдастырылған (біріктірілген, қосылған, бөлінген, бөліп шығарылған, қайта құрылған) күнінен бастап бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында тиісті хабарландыру жариялау арқылы өздерінің барлық клиенттері мен төлем қызметін ұсынушыларды жасалған өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.
5. Ерікті қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған төлем ұйымын есептік тіркеу осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
6. Қайта ұйымдастырылған төлем ұйымдарын тізілімнен алып тастау ерікті қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған төлем ұйымы төлем ұйымдарының тізіліміне енгізілген күні бір мезгілде жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) егер ерікті қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған төлем ұйымының атқарушы органының басшысы осы Заңның талаптарына сәйкес келмеген;
2) егер төлем ұйымдарын ерікті қайта ұйымдастыру көрсетілетін төлем қызметтері нарығына бақылауды жүзеге асыруға кедергі жасаған, сондай-ақ көрсетілетін төлем қызметтерін алушылардың мүдделеріне зиян келтірген жағдайларда төлем ұйымдарын ерікті қайта ұйымдастыруға келісім беруден бас тартады.
4-тарау. Төлем жүйелерін реттеу мен қадағалау (оверсайт) және
көрсетілетін төлем қызметтері нарығын бақылау
21-бап. Төлем жүйелерін реттеу мен қадағалау (оверсайт)
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайт) реттеу мақсатында:
1) төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайт) жүзеге асыру тәртібін белгілейді;
2) Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған, орындалуға міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
3) төлем жүйелері маңыздылығының өлшемшарттарын айқындайды;
4) төлем жүйесі маңызды жүйелерге жатқызылатын көрсеткіштерді белгілейді;
5) Қазақстан Республикасының жүйелік маңызы бар, маңызды және өзге де төлем жүйелерінің тізілімін жүргізу, оларды осы тізілімге қосу және одан алып тастау қағидаларын айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайт) жүзеге асыру мақсатында:
1) жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингін жүзеге асырады;
2) жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша талдауды және бағалауды, оның ішінде төлем жүйесіне қатысушы маңызды клиенттердің төлем жүйелерінің жұмысына ықпалын талдауды жүзеге асырады;
3) бағалы қағаздармен және шетел валютасымен операциялардың нәтижелері бойынша төлемдер мен ақша аударымдарын талдауды жүзеге асырады;
4) операторлардан, операциялық орталықтардан және төлем жүйелеріне қатысушылардан төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, төлем жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша, оның ішінде жүйелік маңызы бар немесе маңызды жүйелер арқылы көрсетілген төлем жүйелеріне қатысушы маңызды клиенттер жүзеге асырған төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының көлемдері жөніндегі мәліметтер алады;
5) жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйелері операторларының және (немесе) операциялық орталықтарының, оның ішінде олармен жасалған шарт бойынша төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қызметтер көрсетуге уәкілетті кез келген өзге де тұлғаның қызметін «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен осы Заңның және Қазақстан Республикасының төлем жүйелері мәселелері жөніндегі заңнамасының талаптарына сәйкестігі нысанасына тексеру жүргізеді;
6) жүйелік маңызы бар төлем жүйелері қатысушыларының ұйымдастыру шараларына және жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарды орындауын бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының жүйелік маңызы бар, маңызды және өзге де төлем жүйелерінің тізілімдерін жүргізеді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурстарында орналастырады.
3. Төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайт) жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік органдармен, төлем жүйелері операторларымен және қатысушыларымен әрі Қазақстан Республикасының өзге де қаржы ұйымдарымен, оның ішінде кездесулер өткізу арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін бағалауды жүргізген кезде шет мемлекеттердің төлем жүйелерінде орталық банктермен және өзге де қадағалау (оверсайт) органдарымен, халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ынтымақтастық туралы келісімдер (шарттар, меморандумдар) жасасу арқылы ынтымақтастық жасайды.
22-бап. Жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингі,
жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің
жұмыс істеуін талдау және бағалау
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингін, жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін талдауды жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйелерінің операторларынан, операциялық орталықтарынан және қатысушыларынан алатын ақпарат негізінде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелері жұмыс істеуінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша бағалауды қажет болған кезде жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйелерінің операторымен, операциялық орталықпен бірлесіп, халықаралық қаржы ұйымдарының мамандарын тарта отырып не оларды тартпастан жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алынған ақпаратты талдауды және тиісті есептілікті және қадағалаудың (оверсайт) өзге де нәтижелерін қалыптастыруды төлем жүйелеріне қадағалау (оверсайт) жүргізудің белгіленген тәртібіне сәйкес жүзеге асырады.
3. Жүргізілген талдаудың жиынтық нәтижелері жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады.
23-бап. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу мен
бақылау
1. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) төлем қызметін ұсынушылар мен алушылар орындауға міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
2) төлем қызметін ұсынушы көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушылары қатарына жатқызылатын көрсеткіштерді белгілейді;
3) төлем қызметін ұсынушыларды көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушыларының тізіліміне енгізу және оларды осы тізілімнен шығару қағидаларын айқындайды;
4) көрсетілетін төлем қызметтері нарығының жұмыс істеу тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлейді.
2. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын бақылау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) көрсетілетін төлем қызметтері нарығын талдауды жүзеге асырады;
2) төлем құралдарының қолданылуын талдауды жүзеге асырады;
3) көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушылары көрсететін қызметтерді талдауды және бағалауды жүзеге асырады;
4) көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушыларынан оларға көрсетілген төлем қызметтері бойынша мәліметтер алады;
5) төлем қызметін ұсынушылардан электрондық терминалдар мен қашықтан кіру жүйелері арқылы, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдер мен ақша аударымдары бойынша мәліметтерді, экономика секторларының және төлем нысанасының кодтарына сәйкес төлемдер бойынша мәліметтерді, төлемдер мен ақша аударымдары, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының жұмыс істеу мәселелері бойынша өзге де ақпаратты алады;
6) төлем ұйымдарын есептік тіркеуді жүзеге асырады;
7) төлем ұйымдарының тізілімін жүргізеді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырады;
8) көрсетілетін төлем қызметінің маңызды ұсынушыларының тізілімін жүргізеді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырады;
9) төлем қызметін ұсынушылардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
10) төлем қызметін ұсынушылардың, оның ішінде олармен жасалған шарт бойынша төлем қызметін көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті кез келген өзге тұлғаның қызметіне тексеру жүргізеді.
3. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу мен бақылаудыжүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және қаржы ұйымдарымен, оның ішінде кездесулер өткізу арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шет мемлекеттердің орталық банктерімен және көрсетілетін төлем қызметтері нарығын өзге де қадағалау органдарымен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды.
5-тарау. Төлемдер мен ақша аударымдары
24-бап. Ақша
1. Ақша құн өлшемi ретiнде қызмет етедi және төлем мен қор жинау құралы болып табылады.
2. Ақша ақша белгiлерi (қолма-қол ақша) нысанында не клиенттердің банк шоттары бойынша жазба түріндегі банктердiң ақшалай мiндеттемелерi нысанында болады.
3. Ақша белгiлерi атаулы құны (номиналы) бар банкнот және монеталар түрiнде шығарылады.
25-бап. Төлемдер мен ақша аударымдары
1. Төлемдер азаматтық-құқықтық мәмілелер талаптарының, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары мен сот шешімдерінің негізінде және соларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Төлемдер және (немесе) ақша аударымдары төлем құралдары негізінде немесе оларды пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Төлем құжаттарының нысандары, міндетті деректемелері және олардың мазмұнына қойылатын өзге де талаптар, электрондық төлемдер құралдарын пайдалану ерекшеліктері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер және (немесе) ақша аударымдары қолма-қол ақшаны пайдаланып, сондай-ақ оларды пайдаланбастан (қолма-қол ақшамен жасалмайтын төлемдер) мынадай:
1) қолма-қол ақша беру;
2) электрондық ақша беру;
3) төлем құжаттарын пайдалана отырып, ақша аудару;
4) ақшалай міндеттеме немесе ақша төлеу туралы бұйрығы бар төлем құжатын беру;
5) электрондық төлем құралдарын пайдалану тәсілдерімен жүзеге асырылады.
4. Төлемге және (немесе) ақша аударымына бастамашылық жасау:
1) бастамашының төлем құжатын көрсетуі;
2) ұстаушының электрондық төлем құралын пайдалануы;
3) бастамашының электрондық терминалдар мен өзге де құрылғылар арқылы ақша аудару үшін қолма-қол ақшаны енгізуі;
4) бастамашының төлемді қашықтан кіру жүйелері арқылы жүзеге асыруға келісімді жіберуі арқылы жүргізіледі.
5. Қолма-қол ақшамен жасалатын төлем дегеніміз төлемдi жүзеге асыратын тұлғаның заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар және (немесе) монеталар түріндегі қолма-қол ақшаны осы тұлғаның ақшалай міндеттемесі бар тұлғаға нақты беруі болып табылады.
6. Қолма-қол ақшамен жасалатын төлем ақшалай мiндеттемесi орындалып отырған тұлғаға тiкелей не делдал арқылы жүзеге асырылады.
7. Қолма-қол ақшамен жасалмайтын төлемдер және (немесе) ақша аударымдары банк шоттарын пайдалана отырып, сондай-ақ оларды пайдаланбастан теңгемен және шетел валютасымен төлем құралдарының негізінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
8. Заңды тұлғалар және олардың бөлімшелері төлем қызметін ұсынушылар арқылы жүзеге асыратын төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, заңды тұлғалардың бюджетке төлемдерді, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдерді төлеуін қоспағанда, олар банк шоттарын ашқан кезде ғана жүзеге асырылады.
9. Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем жасалатын күні қолданыста болған бір айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асатын сомаға жасалған мәміле бойынша заңды тұлғалар арасындағы төлемдер қолма-қол ақшасыз жасалатын тәртіппен ғана жүзеге асырылады.
10. Банктер «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы мемлекеттік органдарға, соттарға бюджетке төлемдер төлеумен, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды аударумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімі бойынша ақпараттандыру саласында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеумен байланысты жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы мәліметтер мен ақпаратты береді.
11. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өз қызметін жүзеге асырған орындарда осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдер қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті.
12. Қазақстан Республикасының банктері аккредитивтермен жасалатын операцияларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті лицензиясы болған кезде құжаттамалық аккредитив бойынша біріздендірілген дәстүрлерде және қағидаларда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәсілдермен және тәртіппен жүзеге асырады.
13. Бенефициардың пайдасына ақша аударуды банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша аударымдары жүйелерін пайдалану арқылы ұлттық немесе шетел валютасымен жүзеге асыра алады.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым бенефициардың пайдасына ақшаны ақша аударымдары жүйесінің форматтары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс.
26-бап. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша төлемдерді
және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру
ерекшеліктері
1. Қаржы құралдарымен мәміле бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес орталық депозитарийдің функцияларын атқаратын мамандандырылған коммерциялық емес ұйым (бұдан әрі – орталық депозитарий) клиент пен орталық депозитарийдің арасында:
1) орталық депозитарийде ашылған клиенттің банк шоты бойынша;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған клиенттің корреспонденттік шоты бойынша жасалған шарттың негізінде жүзеге асырады.
2. Клиенттің орталық депозитарийде ашылған банк шоты бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы:
1) егер осындай бұйрықты жөнелтуші клиенттің қаржы құралдарымен мәмілені тіркеуге арналған бұйрығы негізінде өзінің банк шотынан ақшаны есептен шығару құқығын орталық депозитарийге берген жағдайда, клиенттің қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге арналған бұйрығы;
2) егер ақша жөнелтуші сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарымен мәмілені тіркеуге арналған бұйрығы негізінде өзінің банк шотынан ақшаны есептен шығару құқығын орталық депозитарийге берген жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге арналған бұйрығы;
3) егер ақша жөнелтуші клирингтік ұйымның бұйрығы негізінде өзінің банк шотынан ақшаны есептен шығару құқығын орталық депозитарийге берген жағдайда, клирингтік сессия қорытындылары бойынша ақша аударуды жүзеге асыруға арналған клирингтік ұйымның бұйрығы негізінде орталық депозитарийдің қағидалар жинағына сәйкес орталық депозитарийдің төлем құжатын қалыптастыруы арқылы қаржы құралдарымен мәмілені немесе орталық депозитарийде банк шоттарындағы қаржы құралдарына байланысты өзге де операцияларды тіркеу кезінде жүзеге асырылады.
3. Қаржы құралдарымен мәміле бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру үшін немесе қаржы құралдарымен байланысты өзге де операцияларды тіркеу кезінде жүйелік маңызы бар төлем жүйесінде орталық депозитарийдің төлем құжатын орындаған кезде жүйелік маңызы бар төлем жүйесі арқылы клиент жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторына не операциялық орталығына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған өзінің корреспонденттік шотынан ақшаны есептен шығаруға келісім береді.
Орталық депозитарий жүйелік маңызы бар төлем жүйесіне орталық депозитарийдің қағидалар жинағына сәйкес:
1) егер осындай бұйрықты жөнелтуші клиенттің қаржы құралдарымен мәмілені тіркеуге арналған бұйрығы негізінде өзінің корреспонденттік шотынан ақшаны есептен шығару құқығын орталық депозитарийге берген жағдайда, клиенттің қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге арналған бұйрығы;
2) егер ақша жөнелтуші сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарымен мәмілені тіркеуге арналған бұйрығы негізінде өзінің корреспонденттік шотынан ақшаны есептен шығару құқығын орталық депозитарийге берген жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге арналған бұйрығы;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің қатысушыларына, бағалы қағаздармен қамтамасыз ете отырып, банктік қарызды берген жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге арналған біржақты бұйрығы негізінде төлем құжатын жібереді.
27-бап. Банк шоты
1. Банк шоты – клиенттің банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы ақша қозғалысын, сондай-ақ клиент пен банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның арасында клиентке банктiк қызмет көрсету жөніндегі шарттық қатынастарды көрсету және есепке алу тәсiлi.
2. Банк шоты клиент пен банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның арасында банк шотының шарты, корреспонденттік шот шарты және (немесе) банк салымы шарты жасалған кезде ашылады.
Ағымдағы немесе корреспонденттік шотты немесе банк салымы шотын ашу кезінде жасалатын шарт осы Заңның 13-бабының 4-тармағында көзделген төлем қызметін көрсету кезінде жасалатын шарт болып табылады. Клиентпен жасалатын өзге шарттарда төлем қызметтерін көрсетудің талаптарын белгілеуге рұқсат етіледі.
Клиенттің электрондық нысанда жіберілген банк шотын ашу туралы өтініші негізінде банк шоты шартын жасағанға дейін банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның клиентке жеке идентификаттау кодын тағайындауына рұқсат етіледі. Бұл ретте клиент пен банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның арасында банк шоты шарты жасалғаннан кейін банк шоты ашылды деп саналады. Клиент банк шоты шартын жасамаған жағдайда, банк Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жеке идентификаттау кодын жояды.
3. Банкке және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға:
1) егер клиенттің банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған банк шоты бойынша уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның банк шотындағы ақшаға тыйым салу немесе банк шотында шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімі, сондай-ақ үшінші тұлғалардың банк шотынан ақшаны алып қою туралы талабы болған жағдайда, оған жаңа банк шотын;
2) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган банкке және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ол туралы ақпарат берген әрекетсіз салық төлеушіге банк шотын;
3) анонимдік банк шотын немесе ойдан шығарылған атқа банк шотын;
4) «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда клиентке банк шотын ашуға тыйым салынады.
4. Осы баптың 3-тармағының 1), 2) тармақшаларының ережелері
клиент – жеке тұлғаға/әрекетсіз салық төлеушіге мемлекеттік бюджеттен жәрдемақыларды, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді немесе мемлекеттік бюджеттен және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақыларды алуға арналған банк шотын ашу жағдайларына қолданылмайды.
Банктің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерімен жасалған шарттардың және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындау шеңберінде банк шотын ашуға тыйым салуына жол беріледі.
5. Банк шоттары клиенттердің ағымдағы және жинақ шоттары, сондай-ақ банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттары болып бөлінеді.
6. Клиенттің ағымдағы шоты – банк және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банк шоты шарты негізінде ашатын банк шоты, ол бойынша:
1) банктің клиент ақшасының болуын қамтамасыз етуіне және оны пайдалануына;
2) клиенттің пайдасына ақшаны қабылдауға (есептеуге);
3) банк шоты шартында көзделген тәртіппен ақшаны үшінші тұлғалардың пайдасына аудару туралы клиенттің нұсқауын орындауға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) банк шоты шартында көзделген негіздер бойынша клиенттің ақшасын алып қою туралы үшінші тұлғалардың нұсқауларын орындауға;
5) көрсетілген шартта және осы Заңда көзделген тәртіппен және талаптармен клиенттен қолма-қол ақша қабылдауды және оған беруді жүзеге асыруға;
6) банк шоты шартында айқындалатын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төлеуге;
7) клиенттің талабы бойынша банк шоты шартында көзделген тәртіппен және мерзімдерде клиенттің банктегі ақша сомасы және жүргізілген операциялар туралы ақпаратты беруге;
8) клиентке банк шоты шартында, Қазақстан Республикасының заңнамасында және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларында көзделген өзге де банк қызметін көрсетуді жүзеге асыруға байланысты операциялар орындалады.
Клиенттің жинақ шоты – банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банк салымы шарты негізінде:
1) банктің клиентке тиесілі ақшаның болуын қамтамасыз етуіне және оны пайдалануына;
2) клиенттен немесе үшінші тұлғалардан ақшаны қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да тәсілмен қабылдауды жүзеге асыруға;
3) банк салымы шартында айқындалатын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төлеуге;
4) клиентке ақшаны банк салымы шартында және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптар бойынша, оның ішінде оларды клиенттің басқа банк шотына аудару арқылы қайтаруға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) банк салымы шартында көзделген негіздер бойынша клиенттің ақшасын алып қою туралы үшінші тұлғалардың нұсқауын орындауға байланысты операцияларды орындау үшін ашатын банк шоты.
Банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның корреспонденттік шоты – банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және оның клиенттерінің:
1) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе оның клиенттерінің пайдасына келіп түскен ақшаны қабылдауға (есепке алуға);
2) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе оның клиенттерінің міндеттемелерін орындау мақсатында банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, не үшінші тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы нұсқауын орындауға;
3) көрсетілген шартта және осы Заңда көзделген тәртіппен және талаптармен банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға корреспонденттік шоттан қолма-қол ақша қабылдау және оны беруді жүзеге асыруға;
4) корреспонденттік шот шартында көзделген басқа қызметтер көрсетуге байланысты операцияларын орындау үшін корреспонденттік шот шарты негізінде ашылатын банк шоты.
Корреспонденттік шоттар Қазақстан Республикасының банктері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының банктері мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, Қазақстан Республикасының банктері мен Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымдары арасында ашылады.
7. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген операциялар жүргізілмейтін, сондай-ақ банктегі немесе банк операцияларын жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы бухгалтерлік есептің позицияларын көрсететін шоттар, баланс шотының құрауыштары болып табылатын жеке шоттар (қосалқы позициялар), оның ішінде несиелік шоттар банк шоттары болып табылмайды.
8. Клиентке «эскроу-шот» режимінде банк шотын ашуға рұқсат етіледі.
Эскроу-шот – клиенттің үшінші тұлғаның атына клиент белгілеген талаптардың басталуына немесе оның оларды орындауына дейін банк шоты бойынша шығыс операцияларын жасауға осы тұлғаның құқығын шектей отырып ашатын ағымдағы немесе жинақ шоты.
Атына эскроу-шот ашылған тұлға клиент белгілеген талаптарды орындамаған және банк шоты шарты бойынша осындай талаптардың басталу немесе орындалу мерзімі аяқталған жағдайларда, банк эскроу-шот ашқан клиентке ақшаны қайтарады.
Эскроу-шоттағы ақша соттың шешімі бойынша ғана өндіріп алынады.
9. Клиенттердің банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы ақшасы өндіріп алынатын жағдайда, осындай өндіріп алу клиенттердің банк шоттарынан ғана жүргізіледі.
Банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттарындағы ақшаны өндіріп алу банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың өз міндеттемелері бойынша ғана жүргізіледі.
Мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін, сондай-ақ нотариус депозиті талаптарымен енгізілген ақшаны есептеуге арналған банк шоттарындағы клиенттердің ақшасын өндіріп алуға жол берілмейді.
10. Банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның тиісті шешімінің, не уәкілетті органның терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген ұйымдар мен жеке тұлғалар туралы ақпараты негізінде ақша жөнелтушінің банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салу құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның немесе сот орындаушысының тиісті шешімінің негізінде ақша жөнелтушінің банк шотындағы ақшаға тыйым салу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін, сондай-ақ нотариус депозиті шарттарымен енгізілген ақшаны есептеуге арналған банк шоттары бойынша шығыс операцияларына тыйым салуға немесе тоқтата тұруға жол берілмейді.
11. Клиенттің банк шоты бойынша шығыс операциялары уәкілетті мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы бұдан бұрын қабылдаған шешімін кері қайтарып алғаннан кейін, сондай-ақ «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жаңартылады.
Клиенттің банк шотындағы ақшасына салынған тыйым уәкілетті мемлекеттік органның немесе клиенттің ақшасына тыйым салу құқығы бар лауазымды тұлғаның немесе сот орындаушысының бұдан бұрын қабылдаған ақшаға тыйым салу туралы шешімінің күшін жою туралы тиісті жазбаша хабарламасы негізінде не банктің банк шотындағы ақшаға бұрын салынған тыйымды орындау үшін қойылған инкассолық өкімді орындауынан кейін алынады.
Ақша жөнелтушінің банкі осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен клиенттің банк шоты жабылған кезде банк шотына қойылған орындалмаған талаптарды, клиенттің банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның шешімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салу құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның немесе сот орындаушысының клиенттің банк шотындағы ақшаға тыйым салу туралы шешімдерін орындамастан қайтарады.
12. Банктің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, клиенттің банк шотындағы ақшаға тыйым салу туралы уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның шешімдері келіп түскен кездегі әрекет ету тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
28-бап. Банк шотын жабу
1. Клиенттің банк шотын жабуды клиенттің өтініші бойынша немесе осы Заңның 29 және 30-баптарында көзделген тәртіппен банк шоты шартының, банк салымы шартының қолданылуы тоқтатылған не оларды орындаудан бас тартылған жағдайларда банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым дербес жүзеге асырады.
Осы Заңның 29-бабының 2-тармағында көзделген банк шотына қойылған орындалмаған талаптар болған кезде клиенттің өтініші бойынша банк шотын жабуға рұқсат етілмейді.
2. Банк шоты шартының және банк салымы шартының қолданылуы клиент – заңды тұлғаның таратылуына байланысты оның қызметі тоқтатылған жағдайда тоқтатылады. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым Ұлттық бизнес идентификаттау нөмірлерінің тізілімінен клиент – заңды тұлғаны алып тастау туралы ақпарат негізінде оның банк шотын жабуды жүзеге асырады.
29-бап. Банк шоты шартын орындаудан біржақты бас тарту
негіздері және тәртібі
1. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банк шоты шартын орындаудан:
1) клиенттің банк шотында бір жылдам астам ақша болмаған;
2) клиенттің банк шотында (жинақ шотын, мемлекеттік бюджеттен жәрдемақыларды, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді немесе мемлекеттік бюджеттен және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақыларды есептеуге арналған шоттарды қоспағанда) бір жылдам астам ақша қозғалысы болмаған;
3) және «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес не Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерімен жасалған шарттарда тікелей көзделген жағдайларда бас тартуға құқылы.
2. Банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның:
1) банк шотына қойылатын орындалмаған талаптар немесе «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары не осындай құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімдері негізінде банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы, сондай-ақ осындай құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың немесе сот орындаушысының шешімдері негізінде клиенттің банк шотындағы ақшаға тыйым салу туралы алынбаған шешімдер;
2) клиент Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес банкке ұсынатын сыртқы экономикалық экспорттық-импорттық келісімшарттар бойынша орындалмаған талаптар болған кезде банк шоты шартын орындаудан біржақты бас тартуына жол берілмейді.
3. Банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде клиенттің банк шотында бір жылдан астам ақша болмаған және (немесе) клиент – заңды тұлға таратылған кезде банк шотын орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда клиенттің банк шотын жабуына рұқсат етіледі.
4. Банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес банк шоты шартын орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда клиенттің банк шотын жабуына рұқсат етіледі.
5. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банк шотын орындаудан бас тарту туралы хабарламаны (бұдан әрі – хабарлама) банкте бар мекенжай бойынша жазбаша түрде, электронды түрде не пошта арқылы жібереді.
6. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым клиенттің банк шотында ақша болмаған жағдайда клиентке хабарлама жіберген күннен бастап үш ай өткен соң банк шоты шартын бұзады және клиенттің банк шотын жабуды жүзеге асырады.
7. Банк және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тиісті шешімдерін, сондай-ақ банк шотындағы ақшаға тыйым салу құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың немесе сот орындаушыларының шешімдерін осы баптың 3-тармағына сәйкес шот жабылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде осы талаптарды қойған уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаларға немесе сот орындаушыларына қайтаруға тиіс.
8. Клиенттің банк шотында (мемлекеттік бюджеттен жәрдемақыларды, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді немесе мемлекеттік бюджеттен және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақыларды есептеуге арналған шоттарды қоспағанда) ақша қалдығы болған кезде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша қалдығын Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 291-бабына сәйкес нотариустың депозитіне аударуға және банк шотын жабуға құқылы.
9. Банктің банк шотын жүргізгені үшін алатын комиссиясының мөлшері осы бапта көзделген жағдайларда, банктің басқа клиенттердің банк шотын жүргізгені үшін алатын комиссиясының мөлшерінен аспауға тиіс.
10. Банк шоты шартын орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда банк, егер шарттың талаптарында банктің сыйақы төлейтіні көзделген болса, банк шоты шартын біржақты тәртіппен бұзу күніне сыйақы төлейді.
11. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, осы баптың ережелері корреспонденттік шот шарттарына қолданылады.
30-бап. Банктік салым шартын орындаудан біржақты бас тарту
негіздері және тәртібі
1. Банк «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, осы Заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен не Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерімен жасалған шарттарда тікелей көзделген жағдайларда банктік салым шартын орындаудан бас тартады.
2. Егер банктік салым шартында өзгеше көзделмесе, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік салым шартын орындаудан біржақты бас тартқан кезде банктік салым шартын орындаудан біржақты бас тарту күніне дейін кемінде бір ай бұрын банкте бар мекенжай бойынша банктік салым шартын орындаудан бас тартқаны туралы жазбаша түрде хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жібереді.
3. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым клиенттің жинақ шотында ақша болмаған кезде клиентке хабарлама жіберген күннен бастап үш ай өткен соң банктік салым шартын бұзады және клиенттің жинақ шотын жабуды жүзеге асырады.
4. Банк банктік салым шартын орындаудан біржақты бас тартқан кезде банктік салым шартында белгіленген сыйақы туралы талаптарды ескере отырып, банктік салым шартын орындаудан біржақты бас тарту күніне сыйақы төлейді.
6-тарау. Төлем құралдары
31-бап. Төлем құралдарының түрлері
Қазақстан Республикасының аумағында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде төлем құралдарының мынадай түрлері:
1) төлем тапсырмасы;
2) төлем талабы;
3) чек;
4) вексель;
5) инкассолық өкім;
6) төлем ордері;
7) төлем хабарламасы;
8) электрондық төлем құралы пайдаланылады.
32-бап. Төлем тапсырмасы
1. Ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы төлем тапсырмасын пайдалануға байланысты құқықтар мен міндеттер олардың арасында жасалған шартта белгіленеді, ал олардың нақты іске асырылуы ақша жөнелтушінің банкіне төлем тапсырмасын ұсынған кезден бастап туындайды.
2. Ақша жөнелтушінің банкі төлем тапсырмасын онда үзінді көшірмеде көрсетілген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қабылдайды. Төлем тапсырмасында валюталау күні көрсетілуі мүмкін.
3. Бір ақша жөнелтушіден бір банкте қызмет көрсетілетін бірнеше бенефициардың пайдасына төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру не ақша жөнелтушінің банкі бірнеше ақша жөнелтушінің бір бенефициардың пайдасына нұсқауларын орындау кезінде жиынтық төлем тапсырмасын пайдалануға рұқсат етіледі.
4. Қағаз жеткізгіште ресімделген жиынтық төлем тапсырмасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен пайдасына төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын төлем және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыратын ақша жөнелтуші - тұлғалардың не бенефициарлардың тізілімі қоса беріледі.
33-бап. Төлем талабы
1. Төлем талабы бенефициардың ақша жөнелтушіге осындай төлем құжатында көрсетілген сомада ақшаны төлеу туралы талабын қою үшін пайдаланылады.
2. Төлем талабын пайдалана отырып жасалатын төлемдер кезіндегі құқықтар мен міндеттер оны ақша жөнелтушінің банкіне ұсынған кезден бастап туындайды.
3. Төлем талабы осы Заңның 26-бабында көзделген тәртіппен оны ұсынған жағдайларды қоспағанда, бенефициар банкіне немесе ақша жөнелтушінің банкіне онда үзінді көшірмеде көрсетілген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде ұсынылады.
4. Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін төлем талабын қою жағдайларын қоспағанда, бенефициардың төлем талабын қою құқығы ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасында жасалатын шартта белгіленеді.
5. Жасалған қарыз шартына, кредиттік желіні ашу туралы келісімге немесе қарыз операциясы не кепіл беру фактісін растайтын өзге де құжатқа сәйкес қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін банктің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның төлем талабын пайдалануына рұқсат етіледі.
Банк және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша жөнелтушінің банкіне төлем талабын ақша жөнелтушінің банк шотынан ақшаны алып қоюға келісімі бар құжаттың негізінде ұсынады.
Қарыз бойынша берешекті өндіріп алу үшін төлем талабын қою тәртібі, сондай-ақ оған ақшаны алып қоюдың негізділігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса берудің қажеттілігі туралы талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Өндіріп алушы қарыз бойынша берешекті өндіріп алу үшін төлем талабын қоюдың негізділігі үшін жауапты болады.
6. Банк ақша жөнелтушінің өзінің банк шотынан ақша алып қоюға мынадай:
1) ақша жөнелтушімен және ақша жөнелтушінің банкі арасында жасалған шартта;
2) қарыз шартында, кредиттік желіні ашу туралы келісімде немесе қарыз операциясы не кепіл беру фактісін растайтын өзге де құжатта бар келісімі болған кезде төлем талабын ақша жөнелтушінің банк шотын тікелей дебеттеу арқылы орындайды.
7. Ақша жөнелтушінің банк шотында ақша жеткіліксіз болған кезде осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, төлемдік талап-тапсырманы орындау ақшаның банк шотына түсуіне қарай жүзеге асырылады.
Ақша жөнелтушінің акцептін талап етпейтін, ақша жөнелтуші – жеке тұлғаның ағымдағы шотына қойылған төлем талабы төлемдік-талап тапсырмасында көрсетілген барлық соманың банк шотына түсуін күтпестен, ақша жөнелтушінің ағымдағы шотындағы ақша сомасының елу пайызы шегінде және (немесе) кейіннен ақша жөнелтушінің ағымдағы шотына түсетін әрбір ақша сомасынан орындалады.
34-бап. Чек
1. Чек берушi мен банктiң чектi пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi чек берушi мен банктiң арасындағы чектердi пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайды. Чек ұстаушының құқықтары чек берушiден чекті алған кезден бастап туындайды.
2. Чекті ұстаушы чек жазылып берілген күні оны алады. Чекті ұстаушы чекті чек берушінің банкіне не чек ұстаушының банкіне ұсынады.
3. Чек берушiнiң чекті беруі орындау үшін осындай чек жазылып берiлген төлемнің аяқталуы болып табылмайды. Чекті ұстаушы чек бойынша ақшаны алған кезде чек берушінің ақшалай міндеттемесі түпкілікті орындалады.
4. Чек ұстаушыда чекте көрсетiлген сомада чек берушiнiң банкiне қойылатын ақша талабының құқығы туындайды. Чек берушiнiң банкi чек ұстаушы ұсынған чектi төлейдi не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде көзделген негіздер бойынша оны төлеуден дәлелдi түрде бас тартады.
5. Чектер жабылған және жабылмаған чектер болып бөлiнедi. Ақшамен алдын ала қамтамасыз етiлмеген чектер жабылмаған чектер болып табылады. Чек берушi банкке алдын ала енгiзген ақшамен қамтамасыз етiлген чектер жабылған чектер болып табылады.
35-бап. Вексель
Вексельдердi қолма-қол ақшасыз жасалатын төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін қолдану Қазақстан Республикасының вексель айналысы туралы заңнамасында реттеледi.
36-бап. Инкассолық өкім
1. Клиенттiң банк шотынан ақшаны оның келісімiнсiз алып қою Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негiздер бойынша және кезектiлiктiң сақталуын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгiленген тәртiппен инкассолық өкiмді пайдалана отырып жүргiзiледi.
2. Ақша жөнелтушiнiң банкiне инкассолық өкiмдi ұсынған кезден бастап төлемнің және (немесе) ақша аударымы қатысушысының құқықтары мен мiндеттерi туындайды.
3. Инкассолық өкімді мемлекеттік кіріс органдары, жеке сот орындаушылары, әділет органдары ұсынады.
4. Сот орындаушыларының инкассолық өкімдері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген нормалардың негізінде осы өндіріп алудың негізділігін растайтын атқарушылық құжаттардың көшірмелерін қағаз жеткізгіште не электрондық нысанда қоса бере отырып, ақша жөнелтушінің банкіне ұсынылады.
5. Егер атқарушылық құжаттың мәтінінде өзгеше белгіленбесе, ақша жөнелтушінің банк шотынан оның келісімінсіз ақшаны алып қоюдың негізділігін растайтын атқарушылық құжат сот орындаушысының банкке бір ғана инкассолық өкімін ұсыну үшін негіз болып табылады.
Борышкер борышты дербес ішінара төлеген және атқарушылық құжатта сот орындаушысының бұл туралы белгісі болған не бір атқарушылық парақтың негізінде бірнеше бенефициардың пайдасына борышты ортақ өндіріп алу жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, атқарушылық құжатта көрсетілген төлем және (немесе) ақша аударымы сомасы (ол бар болса) инкассолық өкімде көрсетілген сомаға сәйкес келуге тиіс.
6. Мемлекеттік кіріс органдарының инкассолық өкімдері осы өндіріп алудың негізділігін растайтын атқарушылық құжаттарсыз ұсынылады.
Мемлекеттік кіріс органдарының мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алуға арналған инкассолық өкiмдерi банктерге олардың пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өндiрiлiп алынатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының тiзiмдерiн қоса бере отырып, әлеуметтік аударымдар бойынша - міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімдерін қоса бере отырып ұсынылады.
7. Инкассолық өкiмде төлемнің мақсаты көрсетiледi және ақша жөнелтушiнiң келiсімінсіз оның банк шотынан ақшаны алып қою құқығы көзделетiн Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің атауына, күніне және нөміріне (Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің атауы, күні және нөмірі) сілтеме жасалады.
8. Ақша жөнелтушінің банк шотында ақша жеткіліксіз болған кезде мемлекеттік кіріс органдарының салық берешегін өндіріп алу туралы, жеке сот орындаушыларының және әділет органдарының атқарушылық құжаттары бойынша инкассолық өкімін орындау осындай шотқа ақшаның түсуіне қарай жүргізіледі.
9. Ақша жөнелтушiнiң келісімiнсiз оның банк шотынан ақшаны алып қоюдың негiздiлiгi үшiн инкассолық өкімнің бастамашысы жауапты болады. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ақша жөнелтушілердің келісімінсіз олардың банк шоттарынан ақшаны есептен шығаруға қарсы білдірген қарсылықтарын мәні бойынша қарамайды.
37-бап. Төлем ордері
1. Ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы, сондай-ақ ақша жөнелтушінің банкі мен бенефициар бір тұлға болып табылатын жағдайда қолма-қол ақшасыз жасалатын төлем және (немесе) ақша аударымы төлем ордері негізінде жүзеге асырылады.
2. Төлем ордерінде банктің атауы (ақша жөнелтушінің банкі мен бенефициар банкі) бір рет көрсетілуі мүмкін.
38-бап. Төлем хабарламасы
1. Төлем хабарламасы ақша жөнелтушінің банк шотын пайдаланбастан қолма-қол ақшасыз жасалатын төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылады.
2. Электрондық терминалдар арқылы ақша жөнелтушіден қолма-қол ақшаны қабылдауды төлем қызметін ұсынушыға аталған бенефициардың пайдасына төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға арналған бұйрығын білдіретін ақша жөнелтушінің өкімі негізінде төлем қызметін ұсынушы жүзеге асырады.
Төлем қызметін ұсынушы ақша жөнелтуші өкімінің талаптарына сәйкес төлем құжатын қалыптастыру арқылы бенефициардың пайдасына төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырады.
3. Банк шотын пайдаланбастан электрондық терминалдар арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде ақша жөнелтушіге деректемелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін чек беріледі.
39-бап. Электрондық төлем құралы
1. Төлемге және (немесе) ақша аударымына бастамашылық жасау үшін қажетті ақпаратты сақтауды қамтамасыз ететін электрондық жеткізгіш электрондық төлем құралы болуы мүмкін.
2. Электрондық төлем құралын пайдалану осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Электрондық төлем құралын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы идентификаттау құралы арқылы расталған электрондық төлем құралын ұстаушысының келісімі негізінде жүзеге асырылады.
4. Төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру кезінде электрондық төлем құралын ұстаушысының келісімін беру және растау тәртібі мен тәсілі электрондық төлем құралының эмитент-банкімен және электрондық төлем құралының ұстаушысы арасында жасалған шартта белгіленеді.
7-тарау. Төлем карточкасы
40-бап. Төлем карточкасын шығару және пайдалану
1. Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын шығаруды төлем карточкасын шығаруға құқығы бар Қазақстан Республикасының төлем қызметін ұсынушылар жүзеге асырады. Төлем карточкаларын шығару және пайдалану төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасының ұстаушысымен жасаған шарт негізінде жүзеге асырылады.
Төлем карточкасының эмитенті өзге де ұйымдармен бірлесіп, төлем және өзге де қызмет түрлерін ұстаушыларға оларды ұсыну үшін өздерінің арасында жасалған шарттардың тәртібімен және талаптарында төлем карточкаларын шығаруға құқылы.
Шарт жасау тәртібі мен талабы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді, оның негізінде төлем карточкаларын шығару және пайдалану жүзеге асырылады.
2. Төлем карточкасының эмитенті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн төлем карточкаларын шығарғаны туралы хабардар етеді.
3. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасының ұстаушысымен төлем карточкасын пайдалану туралы шартты жасағанға дейін төлем карточкасының ұстаушысына төлем карточкасын пайдалану кезіндегі талаптар мен қауіпсіздік шаралары туралы, наразылықтарды беру тәсілдері мен оларды қарау тәртібі туралы хабарлауға міндетті.
4. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлердегіні қоспағанда, қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бюджетпен есеп айырысудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібін қолданатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өз қызметін жүзеге асыру орындарында төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтарды (құрылғыларды) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға міндетті.
Қызметтің жекелеген түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтарды (құрылғыларды) қолданудың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлердегіні қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнайы салық режімін қолданатын және қызметін Астана, Алматы қалаларында, облыстық маңызы бар қалаларда жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар осындай жабдықтарды (құрылғыларды) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.
Осы бапта белгіленген талаптар қолма-қол ақшаны пайдаланбастан сауда операциялары, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде ақшамен есеп айырысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерге және (немесе) заңды тұлғаға қолданылмайды.
5. Төлем карточкасының эмитенті өзінің интернет-ресурсында төлем карточкасының түрлері мен оны беру шарттары туралы ақпаратты, төлем карточкасын беру туралы типтік шартты, төлем карточкасын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратты орналастырады.
6. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасының ұстаушысын төлем карточкасына қызмет көрсету үшін алынатын комиссияның мөлшері не оны төлемеген кезде берешекті есептеу туралы хабардар етеді, сондай-ақ төлем карточкасының ұстаушысына олардың арасындағы шартта көзделген тәртіппен оның төлем карточкасына қызмет көрсеткені үшін төлем карточкасы ұстаушысының комиссия төлеген фактісін растауды ұсынуын қамтамасыз етеді.
41-бап. Төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдер және
(немесе) ақша аударымдары
1. Төлем карточкасын пайдалана отырып төлем және (немесе) ақша аударымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
2. Дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемді қабылдауға келісім берген кезден бастап төлем және (немесе) ақша аударымы қатысушыларының төлем карточкаларын пайдаланумен байланысты құқықтары мен міндеттері туындайды.
Дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада төлем карточкасына қызмет көрсету жөніндегі келісімді онымен жасасқан банкке қатысты банк қабылдаған төлем сомасында ақша талабының құқығы туындайды. Аталған банкте дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның ақша талабын орындау міндеті туындайды.
3. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаған кезде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді), оларға қолма-қол ақша төлемін жасау кезіндегі сату бағасынан аспайтын бағамен сатуды жүзеге асыруға міндетті.
4. Төлем карточкасының эмитенті, төлем карточкасын ұстаушының осындай хабарламаны алудан бас тартқан (жазбаша нысанда), оның ішінде электрондық почта немесе мобильдік құрылғының болмауы себебінен бас тартқан жағдайларын қоспағанда, өздерінің арасында жасалған шартта белгіленген тәртіппен, төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операциялары жөнінде хабарлайды.
Төлем карточкасының эмитенті мен төлем карточкасын ұстаушысы арасындағы шартта осындай хабарламаны жіберудің тәсілі мен кезеңділігі, сондай-ақ төлем карточкасы эмитентінің төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операциялар жөнінде төлем карточкасының ұстаушысына хабарлағаны үшін комиссия алудың мөлшері мен тәртібі белгіленеді.
5. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын жоғалтқаны және (немесе) төлем карточкасын санкцияланбаған пайдалану жөнінде тәулік бойы хабарламаны жіберу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.
6. Төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасы жоғалған немесе төлем карточкасын санкцияланбаған пайдалану фактісін анықтаған кезде төлем карточкасының эмитентіне өздерінің арасында жасалған шартта белгіленген тәсілмен бұл жөнінде хабарлайды. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының хабарламасы негізінде оның төлем карточкасына тыйым салады.
Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушымен жасалған шартқа сәйкес санкцияланбаған операция бойынша ақшаны дербес өндірген жағдайларды қоспағанда, төлем карточкасын ұстаушы санкцияланбаған операцияны өндіртіп алу үшін төлем карточкасының эмитенті белгілеген нысан бойынша төлем карточкасының эмитентіне өтінішті ұсынады.
7. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыдан төлем карточкасы жоғалғаны және (немесе) төлем карточкасын санкцияланбаған пайдалану жөніндегі хабарламаны алғаннан кейін санкциясыз операциялар жасалған жағдайда олар үшін жауапты болады.
8. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының санкцияланбаған операцияны өндіртіп алу туралы өтініші негізінде санкцияланбаған төлемнің фактісін анықтау бойынша шараларды
қабылдайды және осындай өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде оған санкцияланбаған операция мөлшерінде ақша сомасын өтейді не өздерінің арасында жасалған шартта көзделген тәсілмен себебін көрсете отырып, санкцияланбаған операцияны өтеуден бас тарту жөніндегі хабарлама жібереді.
Үшінші тұлғалардан ақпаратты алу не тексеру жүргізу арқылы қосымша зерделеу қажет болған жағдайда, төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының өтінішін Қазақстан Республикасы ішіндегі операциялар бойынша күнтізбелік отыз күннің немесе шетелде жасалған операциялар бойынша күнтізбелік алпыс күннің ішінде қарайды
және ол бойынша шешім қабылдайды және бұл жөнінде төлем карточкасын ұстаушыға өздерінің арасында жасалған шартта белгіленген тәсілмен хабарлайды.
Төлем карточкалары эмитентінің санкцияланбаған операцияны өтеуден бас тартуы төлем карточкасын ұстаушысының төлем карточкасын пайдалану қағидаларын бұзғандығын не оның төлем карточкасын пайдалана отырып, алаяқтық операцияларға қатысқанын растайтын негіздер, белгілер немесе фактілер болған кезде жүзеге асырылады.
9. Төлем карточкасының эмитентіне төлем карточкасы жоғалғандығы немесе төлем карточкасын санкцияланбаған пайдалануы жөнінде хабарламаған жағдайда, төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын жоғалтуға немесе төлем карточкасын санкцияланбаған пайдалануға байланысты барлық тәуекелдерді көтереді.
10. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыға оның төлем карточкасын пайдаланумен байланысты құжаттарды және ақпаратты шартта белгіленген тәртіпте ұсынуға міндетті.
11. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыға жіберілген және одан алынған хабарламаларды тіркейді, сондай-ақ тиісті ақпаратты оларды жіберген және алған күннен бастап кемінде үш жыл сақтайды.
12. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының өтініштерін, оның ішінде төлем карточкасын пайдаланумен немесе оның деректемелерімен байланысты даулы жағдайлар туындаған кезде шартта белгілеген мерзімде, бірақ осындай өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын, сондай-ақ төлем карточкасы шетелде пайдаланылған жағдайда, өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзімде қарайды. Төлем карточкасын ұстаушыға өтініштерді қараудың нәтижелері туралы, оның ішінде жазбаша нысанда ақпарат (төлем карточкасын ұстаушысының талабы бойынша) жіберіледі.
13. Төлем карточкасының эмитенті ұстаушыдан алынған хабарлама негізінде немесе ұстаушы шартқа сәйкес төлем карточкасын пайдалану тәртібін бұзған кезде эмитенттің бастамасы бойынша төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдалануын тоқтата тұрады немесе тоқтатады.
14. Төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдалануды тоқтата тұруы немесе тоқтатуы төлем карточкасын ұстаушының және эмитенттің көрсетілген пайдалануды тоқтата тұрған немесе тоқтатқан кезге дейін туындаған міндеттемелерін тоқтатпайды.
42-бап. Төлем карточкаларын пайдалана отырып операциялар
бойынша банкаралық төлемдерді және ақша
аударымдарын жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасының банктері шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша олардың арасындағы төлемдерді өңдеу және олардың клирингі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының резидент банктері шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесін бұл жүйенің жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ететін операциялық және технологиялық функцияларды жүйелік маңызы бар төлем жүйесі операциялық орталығына жүктеу не арнайы ұйымды құру арқылы ұйымдастыруға құқылы.
Осындай арнайы ұйымның қызметті жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптар және төлем карточкаларының эмитент - банктерінің осы ұйыммен өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
8-тарау. Электрондық ақша
43-бап. Электрондық ақша эмитенттері, иелері және
электрондық ақша жүйесінің операторы
1. Электрондық ақша эмитенттері Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын электрондық ақша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана номиналдануы (көрсетілуі) тиіс.
2. Электрондық ақшаны банктер және Ұлттық почта операторы ғана шығаруға құқылы.
3. Мыналар:
1) электрондық ақша эмитентінен, агенттен немесе өзге де жеке тұлғалардан электрондық ақшаны алған жеке тұлғалар;
2) агенттер;
3) жеке тұлғалардан азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемақы ретінде электрондық ақшаны алған дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар электрондық ақша иелері болып табылады.
4. Электрондық ақша иесінің құқықтары электрондық ақшаны алған кезден бастап туындайды.
5. Электрондық ақша эмитенті жеке тұлға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен асатын сомада электрондық ақшаны иемденген жағдайда, оны идентификаттауды жүзеге асыруға міндетті.
Электрондық ақша эмитенті шарттың негізінде «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға электрондық ақша эмитентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша электрондық ақшаның иесі – жеке тұлғаны идентификаттауға уәкілеттік беруге құқылы.
Электрондық ақша иесін идентификаттауды электрондық ақша эмитенті электрондық ақша иесінің өзі қатысқан және өзінің жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін басқа да тәсілмен жүргізеді.
6. Электрондық ақша эмитентінің өзі немесе банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған тиісті шарттың негізінде электрондық ақша жүйесінің операторы болып табылады.
Электрондық ақша эмитентімен және электрондық ақша операторы (егер ол электрондық ақшаның эмитенті болып табылмаса) арасындағы қатынастар осы Заңда және олардың арасында жасалған шартта реттеледі.
7. Электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шарттардың талаптарына сәйкес және оған электрондық ақша эмитенті (эмитенттері) берген өкілеттіктердің негізінде оның (олардың) атынан жеке тұлғалармен, агенттермен, дара кәсіпкерлермен және электрондық ақша жүйесіне қатысушы заңды тұлғалармен шарттарды жасасуға құқылы.
Бұл жағдайда, электрондық ақша иесі электрондық ақша жүйесінің операторымен жасалған шарт осы шартты жасасу күнінен кейін электрондық ақша жүйесінің қатысушылары болған электрондық ақша эмитентін (эмитенттерін) қоса алғанда, электрондық ақша эмитенті (эмитенттері) бір жүйенің шегінде өзі (өздері) шығарған электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шартқа теңестіріледі.
8. Электрондық ақша эмитентінің электрондық ақшаны шығару жөніндегі қызметін тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
9. Электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін осы Заңда, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген талаптарды және шектеулерді ескере отырып, қамтамасыз етуге міндетті.
Электрондық ақша эмитенті және электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша иелері алдында электрондық ақшаға санкцияланбаған кіру немесе оларды санкцияланбаған пайдалану салдарынан, сондай-ақ электрондық ақша эмитентінің бағдарламалық қамтамасыз етуінің жұмысында не электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуіндегі қателер немесе іркілістер салдарынан электрондық ақша иесіне келтірілген залал үшін электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу туралы шарттың талаптарына сәйкес жауапты болады.
44-бап. Электрондық ақшаны шығару және өткізу
1. Электрондық ақша эмитенті жеке тұлғалардан немесе агенттерден растауды ұсына отырып, электрондық ақшаны шығарғаны үшін комиссиялық сыйақыны шегере отырып, өзіне қабылдайтын міндеттемелердің номиналдық құнына тең келетін сомада ақша алғаннан кейін электрондық ақшаны шығаруды жүзеге асырады.
Электрондық ақша эмитенті өзі шығарған электрондық ақшаны олардың Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы номиналдық құнына сәйкес өтеу жөніндегі шартсыз және қайтарымсыз ақшалай міндеттемені қабылдайды.
2. Электрондық ақша эмитенті электрондық ақшаны шығару жөніндегі қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлайды.
3. Электрондық ақша эмитентінің электрондық ақшаны шығару кезінде комиссиялық сыйақы алуы, сондай-ақ электрондық ақша эмитенті көрсететін қосымша қызметтер үшін ақы алуы жасалған шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Электрондық ақша эмитенті мен олардың иесі - жеке тұлға арасындағы қатынастар осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың арасында жасалған электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шартында реттеледі.
5. Электрондық ақша эмитенті немесе электрондық ақша иесі атынан әрекет ететін электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шартын жасасқанға дейін электрондық ақша жүйесіне қатысуға ниет білдірген жеке тұлғаға:
1) электрондық ақша эмитентінің және электрондық ақша жүйесі операторының атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ егер электрондық ақша жүйесінің операторы банк болып табылмаса - оның тіркеу нөмірі туралы;
2) электрондық ақшаны пайдалану талаптары жөніндегі;
3) электрондық ақша эмитентінің және (немесе) электрондық ақша жүйесі операторының электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу кезінде электрондық ақша иесінен алынатын комиссиялық сыйақыны алу мөлшері мен тәртібі туралы;
4) электрондық ақша эмитентімен немесе электрондық ақша жүйесінің операторымен байланысуға арналған ақпаратты қоса алғанда, шағым-талап беру тәсілдері мен оларды қарау тәртібі туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
6. Электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шартында осы Заңның 13-бабының 4-тармағында көзделген талаптардан басқа:
1) электрондық ақшаны шығару (сатып алу) талаптары;
2) электрондық ақшаны пайдалану үшін белгіленетін шектеулерді қоса алғанда, электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру талаптары;
3) электрондық ақша иесінің электрондық ақшаға және оларды пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға құқықтарын куәландыру тәртібі;
4) электрондық ақшаны өтеуге ұсыну тәртібі мен тәсілдері және оны өтеу тәртібі;
5) электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық ақша эмитенті мен олардың иесі арасында ақпарат алмасу тәртібі, оның ішінде электрондық ақша эмитентіне электрондық ақшаға қол жеткізуді бақылаудың жойылғаны немесе олардың санкцияланбаған пайдалануы туралы хабарлау тәртібі мен мерзімдері;
6) тараптардың өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі қамтылады.
7. Агент тараптардың құқықтары мен міндеттері, электрондық ақшаны өткізу және сатып алу тәртібі мен талаптары айқындалатын электрондық ақша эмитентімен немесе электрондық ақша жүйесінің операторымен жасалған шарттың негізінде жеке тұлғаларға электрондық ақшаны өткізуді не жеке тұлғалардан электрондық ақшаны сатып алуды жүзеге асырады.
45-бап. Электрондық ақшаны пайдалану және өтеу
1. Электрондық ақшаны оның иесі - жеке тұлға азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ электрондық ақша жүйесі қағидаларында айқындалған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін талаптармен өзге де операцияларды жүргізу үшін пайдаланады.
2. Дара кәсіпкердің және (немесе) заңды тұлғаның азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасау кезінде электрондық ақшаны төлемақы ретінде қабылдауы электрондық ақша эмитентімен не электрондық ақша жүйесінің қатысушысы болып табылатын өзге де банкпен жасалған шарттың негізінде жүзеге асырылады.
Азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау кезінде электрондық ақша жүйесінде электрондық ақшаны алған дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада электрондық ақша эмитентіне қабылданған төлем сомасында ақшаны талап ету құқығы туындайды.
3. Электрондық ақша эмитенті және электрондық ақша жүйесінің операторы «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес алаяқтықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды анықтау, сондай-ақ оның алдын алу мақсатында электрондық ақша жүйесінде ұйымдастырушылық және рәсімдік іс-шараларды қамтамасыз ету және енгізу жөніндегі шараларды қабылдайды.
Электрондық ақша жүйесінің операторы «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
Электрондық ақша эмитенті қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға банк болып табылмайтын электрондық ақша операторлары туралы мәліметтерді олармен тиісті шарт жасасқаннан кейін береді.
4. Электрондық ақшаның идентификатталмаған иесі - жеке тұлға жүргізетін бір операцияның ең жоғарғы сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспауы тиіс.
Электрондық ақшаның идентификатталмаған иесі - жеке тұлға жүргізетін бір операцияның ең жоғарғы сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспауы тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары электрондық ақшаны өтеу жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
5. Электрондық ақшаның идентификатталмаған иесі - жеке тұлғаның бір электрондық құрылғысында сақталатын электрондық ақшаның ең көп сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспайды.
6. Электрондық ақшаның эмитенті электрондық ақшаны өтеуді олардың номиналдық құны бойынша тең ақша сомасын электрондық ақша иесі - жеке тұлғаның банк шотына аудару не электрондық ақша эмитенті мен электрондық ақша иесі - жеке тұлғаның арасында жасалған шартта электрондық ақша эмитентінің немесе электрондық ақша жүйесі операторының басқа комиссиялық сыйақысы көзделмесе, оған қолма-қол ақшаны беру арқылы жүзеге асырады.
7. Электрондық ақшаның иесінен электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу кезінде комиссиялық сыйақыны, сондай-ақ электрондық ақшаның эмитенті көрсететін қосымша қызметтер үшін төлемді алу электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шартының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Егер электрондық ақшаның эмитенті мен дара кәсіпкер немесе заңды тұлға арасында жасалған шартта өзгеше мерзім көзделмесе, электрондық ақшаның эмитенті дара кәсіпкер немесе заңды тұлға азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу кезінде жеке тұлғалардан алған электрондық ақшаны олардың пайдасына электрондық ақша түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтеуді жүзеге асырады.
Дара кәсіпкер немесе заңды тұлға алған электрондық ақша осы Заңда аудару кезінде ақшаны қайтару үшін көзделген негіздер бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша жасалған азаматтық-құқықтық мәміле бұзылған жағдайда, оларды ақы төлеуші - жеке тұлғаға қайтару кезінде өтеуге жатпайды.
Егер электрондық ақша эмитенті немесе электрондық ақша жүйесінің операторы және электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта электрондық ақша эмитентінің немесе электрондық ақша жүйесі операторының басқа да комиссиялық сыйақысы көзделмеген болса, дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар иелері болып табылатын электрондық ақшаны оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасын өтеу дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.
9-тарау. Тапсырма немесе талап нысанындағы нұсқауды
қабылдау және орындау
46-бап. Тапсырма немесе талап нысанында нұсқау беру
1. Тапсырма немесе талап нысанындағы нұсқау (бұдан әрі – нұсқау) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша электрондық түрде не қағаз жеткізгіште берілуі мүмкін.
Қағаз жеткізгіштегі нұсқау белгіленген нысандағы бланкіде ресімделеді және онда мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес деректемелер;
2) қолдардың үлгілеріне және мөр бедеріне сәйкес ақша жөнелтушінің уәкілетті адамдарының қолдары мен мөрінің бедері (ол бар болса) болуға тиіс.
2. Ақша жөнелтушінің банкі нұсқауды және оны кері қайтарып алу не оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкімді өзі белгілеген операциялық күн ішінде ғана қабылдауды жүзеге асырады.
3. Егер нұсқау немесе оны кері қайтарып алу не оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкім ақша жөнелтушінің банкі белгілеген операциялық күн аяқталғаннан кейін қабылданса, онда ақша жөнелтушінің банкі осындай нұсқауды немесе өкімді келесі операциялық күннің басында алды деп есептеледі.
4. Нұсқауды, оны кері қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкімді беру:
1) байланыс пен телекоммуникацияның тиiстi электрондық арналарын пайдалана отырып, қағаз жеткізгіште жасамай-ақ, электрондық тәсілмен беру арқылы;
2) байланыс пен телекоммуникацияның электрондық арналарын пайдалану мүмкіндігі болмаған кезде электрондық жеткізгіште;
3) қағаз жеткізгіште жасалған төлем құжатының, оны кері қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкімнің түпнұсқасын ұсыну арқылы жүргізіледі.
5. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актілерінде белгiленген талаптар сақталған кезде ғана нұсқауды, оны кері қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкімді электрондық тәсілмен немесе электрондық жеткізгіште ұсынуға рұқсат етіледі.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасында пайдаланылуы қағаз жеткізгіште ғана көзделген нұсқауды электрондық тәсілмен беруге тыйым салынады.
7. Егер бастамашы банктiң клиентi болса, бастамашының банкке нұсқау беруінің тәсілдерi, тәртібі және талаптары олар арасындағы шартта көрсетiледi. Егер бастамашы банктiң клиентi болмаса, онда нұсқауды беру осы Заңның және оған сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінің нормаларына сәйкес жүргiзiледі.
8. Нұсқау, оны кері қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкім мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде жасалады. Басқа тілдерді пайдалану мүмкіндігі банк пен оның клиенті арасындағы шартта белгіленеді.
47-бап. Нұсқауды орындау
1. Банк нұсқауды қабылдаған кезде банк оның нұсқауды жасау, ұсыну тәртібіне қойылатын талаптарға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарға және (немесе) шарт талаптарына сәйкестігін тексеруге міндетті және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, нұсқауда көрсетілген талаптарды сақтай отырып ұсынылған нұсқауды орындайды не оны орындаудан бас тартады.
2. Төлем тапсырмасы, төлем талабы, төлем хабарламасы, төлем ордері арқылы ұсынылған нұсқауды ақша жөнелтушінің банкі осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқауды алған күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей орындайды.
Инкассолық өкім арқылы ұсынылған нұсқауды банк инкассолық өкімнің белгіленбеген мерзімде орындалуын, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқауды алған күннен кейінгі үш операциялық күннен кешіктірмей орындайды.
3. Бір банкте ашылған банк шоттары арасында ақша аударуды ақша жөнелтушінің банкі бір операциялық күннің ішінде жүзеге асырады.
4. Халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары нұсқауды алған күннен кейінгі үш операциялық күннен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген талаптар сақтала отырып орындалады.
5. Ақша жөнелтушінің банкі нұсқауды алған күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, бас тарту себебін көрсете отырып, нұсқауды орындаудан бас тартады.
Бенефициар банкі бас тарту себебі көрсетіле отырып нұсқауды алған операциялық күннің ішінде нұсқауды орындаудан бас тартады.
6. Ақша жөнелтуші банкінің нұсқауды орындауы үшін, ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ақша жөнелтуші оны орындау үшін қажетті ақша сомасын қамтамасыз етуге міндетті.
7. Банктің нұсқауды орындаудан бас тартуы мынадай негіздер бойынша:
1) егер шартта төлем қызметін ұсынушының клиентке осы төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру үшін кредит беру бойынша қызметтер көрсетуі көзделмесе, ақша жөнелтуші төлемді және (немесе) аударымды жүзеге асыру үшін қажетті ақша сомасын қамтамасыз етпеген кезде;
2) егер нұсқауда қолдан жасалу, түзету, толықтыру және бүліну белгілерін қамтыса, оның ішінде егер нұсқау жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта белгіленген санкцияланбаған төлемдерден қорғау iс-әрекеттері тәртібі бұзыла отырып берілсе;
3) бастамашы нұсқауды жасау және ұсыну тәртібіне қойылатын талаптарды және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) шарт талаптарында белгіленген өзге де талаптарды сақтамаған кезде;
4) «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген не Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерімен жасалған шарттарда тікелей көзделген жағдайларда;
5) ақшаны банк шотынан өндіріп алу туралы талап мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақыларды және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін, нотариус депозиті талаптарында енгізілген ақшаны аударуға арналған банк шотына ұсынылған жағдайларда;
6) санкцияланбаған төлем анықталған кезде, сондай-ақ бенефициардың пайдасына аударылатын ақшаның заңсыз алынғандығының негізделген фактілері анықталған және расталған жағдайда;
7) клиенттің банк шотындағы ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың орындалмаған шешімдері болған, клиенттің банк шоты бойынша шығыс операцияларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірінші кезекте орындалуға жататын нұсқаулар тоқтатыла тұрған кезде жүргізіледі.
8. Банктің алынған нұсқаудың мынадай:
1) егер банк бенефициарға қызмет көрсетпеген жағдайда, нұсқауды келесі банкке беру;
2) егер ақша жөнелтушінің банкі бенефициар банкі болып табылса, ақша аударымын аяқтау;
3) егер банк ақша жөнелтушіге қызмет көрсеткен жағдайда, қолма-қол ақшаны төлеу туралы бұйрықты көрсеткен бастамашыға қолма-қол ақшаны беру талаптарын орындауы нұсқауды орындау болып табылады.
9. Бенефициар банкi орындау мерзімі бенефициар банкіне келіп түскен кезде басталған, өзі орындайтын нұсқауда белгіленген ақша сомасын бенефициардың үшінші тұлғаның немесе осы банктің алдындағы міндеттемесі сомасының орнына үшiншi тұлғаның пайдасына немесе өз пайдасына, банктен ақшаны алып қоюдың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген кезектiлiгiн сақтауды ескере отырып есептеуге құқылы.
48-бап. Нұсқауды көрсетілетін төлем қызметін тысқары
ұсынушысы арқылы орындау
1. Осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген төлем қызметін тысқары ұсынушысы көрсететін төлем қызметі клиенттің көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысының қашықтан кіру жүйесі арқылы берілген және идентификаттау құралы арқылы расталған келісімінің негізінде жүзеге асырылады.
2. Клиенттің банк шотына қызмет көрсететін төлем қызметін ұсынушы көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысының қашықтан кіру жүйесі арқылы клиенттің нұсқауын алғаннан кейін, көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысына және (немесе) клиентке төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға растауды дереу жібереді.
3. Клиенттің банк шотына қызмет көрсететін төлем қызметін ұсынушы, осы Заңның 47-50-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімде санкцияланбаған төлемдерден қорғау іс-әрекеттері тәртібін сақтай отырып, көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысының қашықтан кіру жүйесі арқылы түскен клиенттің нұсқауларын орындайды.
4. Клиенттің нұсқауы белгілі бір төлем жүйесі немесе банк шотына қызмет көрсететін төлем қызметін ұсынушымен шарттық қатынастар шеңберінде көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысының қашықтан кіру жүйесі арқылы өңделген және орындалған жағдайда, төлем қызметін ұсынушымен есеп айырысулар тәртібі осы төлем жүйесінің қағидаларында немесе шарт талаптарында айқындалады.
5. Көрсетілетін төлем қызметін тысқары ұсынушысы өзінің қашықтан кіру жүйесінде жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша санкцияланбаған төлемдерді және (немесе) алаяқтық іс-әрекеттерін жүзеге асыру салдары үшін клиент пен банк шотына қызмет көрсететін төлем қызметін ұсынушы алдында жауапты болады.
49-бап. Нұсқауларды орындау мерзімдері
1. Банк нұсқауды жөнелтуші бастама жасаған күні орындауды қамтамасыз етеді.
2. Бенефициардың пайдасына ақша қабылданғанын көрсететін бенефициардың банк шотына немесе өзге шотқа ақша аудару жөніндегі нұсқауды бенефициар банкі нұсқауды алған күні операциялық күннің ішінде жүзеге асырады.
Бұл ретте, бенефициар банкі бенефициарға олардың арасындағы шартта белгіленген тәсілмен және тәртіппен бенефициардың пайдасына бенефициар банкінің корреспонденттік шотына тиісті ақша сомасын аударған кезден бастап оның банк шотындағы ақшасына қолжетімділігі туралы ақпаратты беруді қамтамасыз етеді.
3. Осы баптың нормалары мынадай:
1) инкассолық өкім арқылы ұсынылған;
2) белгіленбеген мерзімдерде орындалуға жататын;
3) валюталаудың болашақтағы күні көрсетілген;
4) негізінде халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелер бойынша есеп айырысулар жүзеге асырылатын;
5) тауарлар немесе көрсетілетін қызметтерді жеке сауда орындарынан және электрондық саудада сатып алу үшін электрондық төлем құралдарын пайдалану кезіндегі клиенттің келісімі түрінде берілген;
6) бенефициар мемлекеттік мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелерін (міндеттемелерін) тіркеу туралы хабарлама ұсынған кезде орындалуға жататын нұсқауларды орындауға қолданылмайды.
Аталған нұсқауларды орындау мерзімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарында белгіленеді.
4. Ақша жөнелтушінің банкі бас тарту себебін көрсете отырып, нұсқауды алған күні операциялық күннің ішінде нұсқауды орындаудан бас тартады.
50-бап. Валюталау күні көрсетілген нұсқауды орындау
1. Төлем құжатында көрсетілген валюталау күні төлем құжатының үзінді көшірмесінің күнінен бастап күнтізбелік он күннен аспауға тиіс.
2. Валюталау күні көрсетілген нұсқауды орындау кезінде ақша жөнелтушінің ақшасы ақша жөнелтуші банкінің ішкі баланстық шотына (транзиттік шотына) аударылады.
3. Ақша жөнелтушінің ақшасын ақша жөнелтуші банкінің арнайы транзиттік шотына аудару клиенттің нұсқауын орындау үшін осы Заңда белгіленген, бірақ осы баптың 4 және 5-тармақтарында айқындалған мерзімдерден кешіктірілмей жүзеге асырылады.
4. Ақша жөнелтуші банкінің арнайы транзиттік шотынан ақша аударымын ақша жөнелтушінің банкі (делдал банк) осы баптың 5-тармағында белгіленген тәртіппен бенефициар банктің бенефициардың банк шотына ақша есептеуге мүмкіндік беретін уақытты ескере отырып, төлем құжатында көрсетілген валюталау күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
5. Бенефициар банкі ақшаны бенефициардың банк шотына валюталау күні айқындалған операциялық күн ішінде есепке жатқызады.
Валюталау күні демалыс күніне сәйкес келсе, онда бенефициар банкі ақшаны валюталау күні айқындалған күннен кейінгі бірінші жұмыс күні бенефициардың банк шотына есепке жатқызады.
6. Ақша бенефициардың банк шотына валюталау күнінен кейінгі операциялық күні есепке жатқызылған кезде валюталау күні көрсетілген нұсқау талаптарын бұзған банк банктік шот шартында белгіленген тәртіппен жауапты болады.
51-бап. Нұсқауды кері қайтару және орындауды тоқтата тұру
1. Нұсқауды кері қайтару және нұсқауды орындауды тоқтата тұру бастамашының ақша жөнелтушінің банкіне жіберген тиісті өкімінің негізінде оны орындағанға дейін және (немесе) ақша жөнелтуші банкінің бенефициарға төлемді оның пайдасына қабылдау туралы ақпаратты жібергенге дейін жүзеге асырылады. Кері қайтару туралы өкімді орындау мерзімі, сондай-ақ оны беру тәсілі шартта және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Нұсқауды кері қайтару немесе нұсқауды орындауды тоқтата тұру туралы өкімді электрондық тәсілмен жіберу кезінде аталған өкімдердің бастамашысы мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта белгіленген қорғау іс-әрекеттерінің тәртібі сақталады.
3. Нұсқауды кері қайтару туралы өкімді уақытында алған кезде ақша жөнелтушінің банкі осы нұсқау бойынша ақша аударуды жүзеге асырмайды және оны осындай өкімді алған күннен кейінгі операциялық күннен кешіктірмей, бір мезгілде бастамашыға алынған өкімнің орындалғаны туралы хабарлама жібере отырып қайтарады.
4. Нұсқауды орындау Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ, егер ақша жөнелтушінің банкіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес уәкiлеттi мемлекеттік органның, лауазымды адамның немесе сот орындаушысының банк шотындағы ақшаға тыйым салу туралы шешімі немесе уәкiлеттi мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның ақша жөнелтушінің банк шотында немесе ақша жөнелтушінің банкінде шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiмi, сондай-ақ уәкiлеттi мемлекеттік органның, лауазымды адамның немесе сот орындаушысының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес аталған нұсқаудан бұрын орындалуға жататын ақша жөнелтушiден ақшаны алып қою туралы шешiмi ұсынылса, тоқтатыла тұрады. Ақша жөнелтушінің банкі жоғарыда көрсетілген негiздер бойынша нұсқауды орындауды тоқтата тұруға байланысты залалдар үшiн жауапты болмайды.
5. Төлемді жүзеге асыруға, нұсқауды беруге және орындауға, банктің бенефициарға ақшаны беруіне немесе бенефициардың ақшаны алуына Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық актілерінде соған уәкілеттік берілген және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер ғана бойынша мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар тыйым сала алады.
52-бап. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімін орындау
1. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімін ақша жөнелтуші белгіленген күні және (немесе) кезеңде ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасында айқындалған талаптарда бенефициардың пайдасына тұрақты төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдаланады.
2. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
3. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі ақша жөнелтушінің банкі белгілеген тәртіппен қағаз жеткізгіште не электрондық түрде ресімделуі мүмкін.
Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі қолданысының күшін жою үшін ақша жөнелтушінің банкіне ақша жөнелтушінің банкі белгілеген тәртіппен ресімделген тиісті хабарлама жіберіледі.
4. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінде төлемін ақша жөнелтуші ақша жөнелтушінің банкіне тапсыратын тауардың жеткізілгенін, жұмыстың орындалғанын немесе қызметтің көрсетілгенін растайтын бенефициар құжаттарының (растаушы құжаттар) атауы көрсетілуі мүмкін.
Бенефициардың ақша жөнелтушінің банкіне не бенефициар банкіне растаушы құжаттарды ұсыну тәртібі мен мерзімдері ақша жөнелтуші мен бенефициар арасындағы шартта белгіленеді.
5. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінің талаптарына сәйкес немесе ақша жөнелтушінің банкі растаушы құжаттарды алған кезде ақша жөнелтушінің банкі бенефициардың пайдасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен ақша жөнелтушінің атынан төлем тапсырмасын қалыптастырады.
53-бап. Нұсқауды банк шотын тікелей дебеттеу арқылы
орындау
1. Ақша жөнелтушінің банк шотын тiкелей дебеттеу мыналарға:
1) ақша жөнелтушi мен ақша жөнелтушінің банкi арасында жасалған және ақша жөнелтушінің ақшалай міндеттемелерін орындау мақсатында қойылған талаптарын орындау үшін негіз болып табылатын шартқа;
2) ақша жөнелтушi мен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған, қарыз (қарыз шарты, кредиттік желіні ашу туралы келісім немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге құжат) бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін негіздеме болып табылатын шартқа сәйкес қойылатын төлем талабын не төлем ордерін пайдалана отырып, ақша жөнелтушінің банк шотынан ақшаны есептен шығаруға берген оның алдын ала келісімі негізінде жүзеге асырылады.
2. Ақша жөнелтушi мен ақша жөнелтушінің банкi арасындағы шартта бенфициардың төлем құжаттарын орындауға ақша жөнелтушінің алдын ала келісімі көзделеді және бенефициар ақша жөнелтушінің банк шотын тікелей дебеттеу арқылы төлемді жүзеге асыру үшін төлем талабын пайдаланатын бенефициардың (атауы, идентификаттау нөмірі) және шарттың (нөмірі, күні) деректемелері көрсетіледі.
Ақша жөнелтушінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарды көрсете отырып, ақша жөнелтушінің банкіне өтініш беруіне жол беріледі.
3. Қарыз шартында, кредиттік желіні ашу туралы келісімде немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге құжатта қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу туралы талап қойылған кезде ақша жөнелтушінің өз банк шотынан ақшаны алып қоюға берген келісімі қамтылуға тиіс.
4. Қарыз бойынша берешекті өндіріп алуға арналған төлем талабын беруді қоспағанда, ақша жөнелтушінің ақшалай міндеттемесін растайтын бенефициардың құжаттары, егер осындай талап олардың арасындағы шартта көзделсе, төлем талабын ұсынған күннің алдындағы операциялық күннен кешіктірілмей ақша жөнелтушіге жіберіледі.
5. Ақша жөнелтушінің банк шотын тікелей дебеттеу арқылы төлемді жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
6. Ақша жөнелтушінің банк шотынан төлем талабының немесе төлем ордерінің негізінде банк шотын тікелей дебеттеу арқылы ақша алып қоюдың негізділігі үшін бенефициар жауапты болады.
54-бап. Ақша жөнелтушіде нұсқауды орындау үшін қажетті
ақша сомасы болмаған немесе жеткіліксіз болған
кезде нұсқауды орындау
1. Нұсқауды орындау үшін ақша жөнелтушіде сақталуы Қазақстан Республикасының заңнамасында не ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта көзделген қажетті ақша сомасы болмаған не жеткіліксіз болған кезде ақша жөнелтушінің банкі алынған нұсқауларды қабылдауға және бір жыл бойы сақтауға міндетті.
2. Бенефициар Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында көзделген қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсыну іс-қимылдарын жасамаған кезде бенефициар банкі жөнелтушінің алынған нұсқауларын қабылдауға және күнтізбелік бір жүз сексен күн бойы сақтауға міндетті.
Бенефициар осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген іс-қимылдарды орындамаған жағдайда, бенефициар банкі күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде мұндай нұсқауларды оның жөнелтушісіне орындаусыз қайтаруға міндетті.
3. Ақша жөнелтуші банкінің осы баптың 1-тармағында көзделген нұсқауларды орындауы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген кезектілікті сақтау және нұсқауларды орындауды ескере отырып, олардың банкке келіп түсу тәртібімен күнтізбелік кезектілікте жүргізіледі. Күнтізбелік кезектілік ақша жөнелтушінің банкіне нұсқаулардың келіп түсу күні мен уақытын көздейді.
4. Егер осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін ақша жөнелтушіде ақшаның жеткіліксіз болуынан немесе ақшаның болмауынан жөнелтушінің ұсынған нұсқауы орындалмаса, онда ақша жөнелтушінің банкі инкассолық өкімді қоспағанда, мұндай нұсқауды оны жөнелтушіге орындамай кері қайтаруға міндетті.
5. Қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенін жүзеге асыруға байланысты банкті қайта құрылымдау кезеңінде банк қайта құрылымдау тоқтатылғанға дейін олар бойынша міндеттемелерді банк тоқтатқан және қайта құрылымдау жоспарында бар нұсқауларды қабылдайды және сақтайды. Банкті қайта құрылымдау тоқтатылған жағдайда банк мұндай нұсқауды оның жөнелтушісіне орындаусыз қайтаруға міндетті.
Міндеттемелер тоқтатыла тұрмаған және қайта құрылымдау жоспарына кірмеген нұсқаулар осы Заңда, Қазақстан Республикасының Салық және Азаматтық кодекстерінде белгіленген тәртіппен орындалады.
55-бап. Сот актісін және сот орындаушысының қаулысын
орындау
1. Қазақстан Республикасы сотының ақша өндіріп алу туралы сот актісі, сондай-ақ сот орындаушысының жеке тұлғаның, заңды тұлғаның банк шоттарының, сондай-ақ заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар екендігі және олардың нөмірлері туралы ақпаратты сұратып алу туралы және борышкердің банктегі ақшасына тыйым салуды қолдану туралы сот санкция берген қаулысы не оның атқарушылық іс жүргізу органының аумақтық бөлімінің мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған көшірмесі осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, барлық банктерге ұсынылады
2. Банктер көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап үш операциялық күн ішінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде сотқа (сот орындаушысына) қажетті мәліметтерді жіберуге міндетті.
Мәліметтер:
1) ақша өндіріп алынатын адамдардың банк шоттарының бар екені туралы не олардың жоқ екені туралы деректерді қамтуға тиіс;
2) банк шоттары бар болған кезде банк шоттарының барлық қажетті деректемелері және осы банк шоттарында жатқан қалдықтардың мөлшері көрсетіледі.
Сот орындаушысына жіберілетін мәліметтерде тыйым салынған ақша сомасы қосымша көрсетіледі.
3. Сот (сот орындаушысы) банктерден көрсетілген мәліметтерді алып, ақшаны өндіріп алу туралы сот актісін орындау бойынша міндет жүктелетін банкті (банктерді) айқындайды және мұндай банкке (банктерге) тиісті атқару құжатын не соттың мөрімен куәландырылған оның көшірмесін қоса бере отырып, нұсқауды жібереді.
4. Егер сотта (сот орындаушысында) ақша өндіріп алынуға тиіс адамның банк шотында ақшаның бар екені туралы мәліметтер бар болса, онда сот орындаушысының тиісті атқару құжаты қоса берілген нұсқауы тікелей тиісті банкке орындау үшін ұсынылады.
5. Заңды тұлғаның банк шоттарының бар екені және нөмірлері, заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының нөмірлері туралы ақпаратты сұрату, сондай-ақ борышкердің банктегі ақшасына ақпараттық-коммуникациялық желі арқылы электрондық тәсілмен тыйым салу «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісім бойынша уәкілетті орган белгілеген форматтарда жүзеге асырылады.
10-тарау. Төлемдер мен ақша аударымдарын аяқтау
56-бап. Төлемдер мен ақша аударымдарын аяқтау
1. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын адам не бенефициар уәкiлеттік берген адам ақшаны алған кезде төлем аяқталады.
2. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, төлем құжатын беру арқылы жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын адам ақшаны алған кезде төлем аяқталады.
3. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, ақша аударымы арқылы жүзеге асырылса, онда:
1) бенефициардың пайдасына ақша түскен кезде оның банк шоты бойынша бухгалтерлік жазба жасау;
2) егер бенефициардың банк шоты жоқ болса, бенефициар банкінің бенефициарға қолма-қол ақшаны нақты беру;
3) осы Заңның 47-бабының 9-тармағында көзделген есепке жатқызу;
4) бенефициардың пайдасына ақшаның қабылданғанын көрсететін өзге шот бойынша бухгалтерлік жазба жасау арқылы ақша аударымы аяқталған кезде төлем аяқталады.
4. Ақша мiндеттемесiн немесе ақша төлеу туралы бұйрықты қамтитын төлем құжатын (чекті, вексельді) беру арқылы қолма-қол ақшасыз төлемді жүзеге асыру кезінде бенефициардың чек, вексель бойынша ақша алуы кезінде берілген төлем бойынша міндеттемені орындау аяқталады.
5. Егер төлем электрондық ақша беру арқылы жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын адам электрондық ақшаны алған кезде төлем аяқталады. Электрондық ақша жүйесінде электрондық ақшаның басқа адамның – бенефициардың пайдасына түскендігін куәландыратын олардың қабылданған сомасы туралы ақпараттың көрсетілуі электрондық ақшаны алу кезі болып табылады.
57-бап. Санкцияланбаған төлемдер
1. Егер төлемді аталған төлемді жасауға өкiлеттiгi бар адам жүргізсе және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, санкцияланған төлем болып табылады. Төлем ақша аударымы арқылы жүзеге асырылған жағдайда, егер ақша жөнелтушінің банкі нұсқауды санкцияланбаған төлемдерден қорғау iс-қимылдарының белгіленген тәртібін сақтай отырып қабылдаған болса, төлем санкцияланған болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар сақталмай жүзеге асырылған төлем немесе ақша аударымы санкцияланбаған болып табылады. Жалған төлем құралдарын пайдалана отырып жүргізілген төлемдер немесе ақша аударымдары да санкцияланбаған төлемдер немесе ақша аударымдары болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) нұсқау бастамашысы мен оны алушы арасындағы және бастамашының оларды керi қайтарып алу туралы нұсқауларға немесе өкiмдерге бастамашылық жасағаны (санкцияланғаны) туралы деректердi тексеруге және ықтимал қателердi анықтауға жасалған шартта белгiленген тиiстi нормаларды сақтау санкцияланбаған төлемдер мен ақша аударымдарынан қорғау болып табылады.
4. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе ақша жөнелтуші төлемдерді электрондық төлемдер құралдарының көмегімен жүзеге асыру кезінде санкцияланбаған төлемдерден қауіпсіздік рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді.
Қауіпсіздік рәсімдеріне талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
5. Қорғау іс-қимылдарының элементтері ретінде уәкілетті адамның (адамдардың) қолы, оның ішінде электрондық-цифрлық қолтаңбасы, мөрлер, алгоритмдер, кодтар (цифрлық, символдарды қолданумен әріптік және аралас), идентификаттаушы сөздер немесе идентификаттау кодтары, шифрлеу, биометрикалық деректер немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қорғанудың өзге түрлері пайдаланылуы мүмкін.
6. Қауіпсіздік рәсімдері төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының қатысушылары арасында жасалған шарттарда және (немесе) электрондық құжаттар беру жүзеге асырылатын электрондық құжаттармен алмасу жүйесінің жұмыс жасау қағидаларында белгіленеді.
58-бап. Төлемдер мен ақша аударымдары бойынша ақшаны
қайтару
1. Ақша аудару кезiнде ақшаны қайтару:
1) ақша аудару арқылы жүзеге асырылатын төлемнiң санкцияланбау фактiсi анықталған;
2) қате нұсқау орындалған жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Егер нұсқауда:
1) алдыңғы жөнелтушіден алынған нұсқаудың деректемелеріне сәйкес келмейтін деректемелер болса;
2) қайталап берілген болса, бастамашы жіберген нұсқау қате болып табылады.
3. Қате нұсқау немесе санкцияланбаған төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша ақшаны қайтаруды бенефициар банкі бенефициардың банк шотынан оның келісімінсіз ақша алып қоюы арқылы жүзеге асырылады.
4. Қате нұсқау немесе санкцияланбаған төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша ақшаны қайтаруды бенефициар банкі аталған факті анықталған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей бенефициардың банк шотындағы ақшаның есебінен, оның ішінде егер банк шоты бойынша уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның банк шотындағы ақшаға тыйым салу және (немесе) банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімі және (немесе) белгіленбеген мерзімдерде орындалуға жататын орындалмаған нұсқаулар болған жағдайда жүзеге асырады.
5. Бенефициардың банк шотында ақша жеткіліксіз болған не ақша болмаған жағдайда қате нұсқау немесе санкцияланбаған төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша ақшаны қайтаруды қате нұсқауға немесе санкцияланбаған төлемге және (немесе) ақша аударымына жол берген жөнелтуші Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен және мерзімдерде өз ақшасы есебінен жүзеге асырады.
6. Ақшаны қайтару қате нұсқау немесе санкцияланбаған төлем және (немесе) ақша аударымы орындалған күннен бастап үш жыл өткен соң жүргізілмейді.
7. Ақшаны қайтарған кезде ақша аударуға қатысушы әрбір жөнелтушінің (оның ішінде, делдал банктің) қате нұсқауға немесе санкцияланбаған төлемге және (немесе) ақша аударымына жол берген жөнелтуші ақшасының есебінен осындай ақша аударымына байланысты және ақшаны қайтару салдарынан шеккен нақты шығыстардың орнын толтырып алдыруға құқығы бар.
8. Қате немесе санкцияланбаған төлемдер бойынша ақшаны қайтару тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
11-тарау. Қорытынды ережелер
59-бап. Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем
жүйелері туралы заңнамасын бұзғаны үшін
жауаптылық
1. Нұсқауды орындаудан негізсіз бас тартқаны немесе нұсқауды уақытында не тиісінше орындамағаны үшін (банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың нұсқауда көрсетілгеннен басқа бенефициардың пайдасына немесе нұсқауда көрсетілгеннен басқа сомаға жасалған төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды орындауы) төлемнің және (немесе) ақша аударымының қатысушылары олардың арасындағы шартта және (немесе) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген негіздер бойынша, тәртіппен және мөлшерлерде жауаптылықта болады.
2. Егер нұсқау орындалмаса, онда алдыңғы жөнелтушіден алынған нұсқауды орындамаған немесе нұсқауды тиісінше орындамаған банк (оның ішінде, делдал банк) оның алдында жауаптылықта болады. Бұл ретте, ақша жөнелтушi ақша аударымы жөніндегі мiндеттемелерiн орындаған күннiң өзiнде, егер ақша жөнелтушi мен бенефициар арасындағы азаматтық-құқықтық мәмiле талаптарында өзгеше көзделмеген болса, ақша жөнелтушiнiң азаматтық-құқықтық мәмiле бойынша бенефициар алдындағы төлем бойынша мiндеттерi тоқтатылмайды. Егер ақша аудару бенефициар банкінің кiнәсiнен орындалмаса, ақша жөнелтуші азаматтық-құқықтық мәміле бойынша бенефициардың алдындағы төлем бойынша жауапты болмайды.
3. Егер ақша аударымдарын жасау қағидаларын бұзу төлемнің және (немесе) ақша аударымы қатысушысының бөтен біреудің ақшасын заңсыз пайдаланумен байланысты болса, мұндай қатысушы ақшасын заңсыз пайдаланған адамға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тұрақсыздық айыбын төлейді.
4. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым егер төлем жасау кезінде қорғау iс-қимылдарының
тәртібін сақтамаса, бірақ бұл ретте бенефициар ақшаны мына
жағдайларда:
1) ақша аударымы туралы нұсқауда көрсетiлген;
2) бенефициар үшiн қолайлы мерзiмде;
3) ақша аударымы туралы нұсқауда көрсетiлген сомада алса;
4) егер ақша жөнелтушiге де, бенефициарға да залал (зиян) келтiрiлмесе, ол үшiн жауаптылықта болмайды.
5. Уәкілетті мемлекеттік органдар немесе осындай құқыққа ие лауазымды адамдар шығарған банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдерді, уәкілетті мемлекеттік органдар немесе осындай құқыққа ие лауазымды адамдар және сот орындаушылары шығарған банк шоты бойынша ақшаға тыйым салу туралы шешімдерді, сондай-ақ ақшаны өндіріп алу туралы Қазақстан Республикасы сотының сот актілерін, сот орындаушысының заңды тұлғаның банк шоттарының, сондай-ақ заңды тұлғаны құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар екендігі және нөмірлері туралы ақпаратты талап ету туралы қаулыларын бұзғаны не орындамағаны үшін төлемнің және (немесе) ақша аударымының қатысушылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінде көзделген негіздер бойынша, тәртіппен және мөлшерлерде жауаптылықта болады.
60-бап. Төлем жүйелері операторлары мен қатысушыларына,
төлем қызметін ұсынушыларға қатысты ықпал ету
шараларын және санкцияларды қолдану
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде төлем жүйелерінің операторлары мен қатысушыларына, төлем қызметін ұсынушыларға осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер мен төлем жүйелері саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолданады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың шетелдік төлем жүйелеріне қатысуын, егер төлем жүйесінің одан әрі қызмет етуі немесе төлем ұйымдарының қызметі Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндірсе, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағындағы аталған төлем жүйелерінің, төлем ұйымдарының қызметін тоқтата тұрады.
3. Төлем жүйелерінің, төлем ұйымдарының қызметін, банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың шетелдік төлем жүйелеріне қатысуын жаңарту Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті төлем жүйесінің, төлем ұйымының, банктің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың операторын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жіберілген олардың қызметін жаңарту мүмкіндігі туралы жазбаша хабардар етуі негізінде олардың қызметін тоқтата тұру себебін жойғаннан кейін жүзеге асырылады.
61-бап. Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар
1. Осы Заң:
1) 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 1-бабының 3-тармағын;
2) 2017 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 13-бабының 8-10-тармақтарын, 48, 49-баптарын;
3) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 33-бабының 7-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналар белгіленсін:
1) осы Заңның 47-бабы 2-тармағының бірінші абзацы 2017 жылғы 1 маусымға дейін қолданылады;
2) осы Заңның 33-бабының 5-тармағы осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылады.
Банк және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ұсынған төлем құжаты осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін жасалған қарыз шартына, кредиттік желіні ашу туралы келісімге немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге құжатқа сәйкес төлем талабына теңестіріледі және осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен орындалуға тиіс;
3) төлемдік қызметтерді көрсету қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар, сондай-ақ төлем жүйелерінің операторлары осы Заң ресми жарияланған күннен бастап алты ай ішінде өз қызметтерін осы Заңның талаптарына сәйкестікке келтіруге тиіс.
4. «Ақша төлемi мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 177-құжат; № 24, 445-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2003 ж., № 4, 25-құжат; № 10, 49, 51-құжаттар; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 14, 55-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 13, 116-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 10, 77-құжат; № 13, 91-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат, № 11, 61-құжат; № 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; 2015 жылғы 5 тамызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 3 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 19 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті