"Мемлекеттік қызметшілердің және дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1147 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Мемлекеттік қызметшілердің және дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Мемлекеттік қызметшілердің және дипломатиялық қызмет
персоналының іссапарға баруының кейбір мәселелері туралы

      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына, «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-1 және 15-2-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік органдарға, халықаралық және өзге ұйымдарға іссапарға бару қағидалары;
      2) Мемлекеттік қызметшілердің өзге мемлекеттік органдардан Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне іссапарға бару қағидалары бекітілсін.
      2. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
20 жылғы « »   
№ Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН    

Дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік органдарға,
халықаралық және өзге ұйымдарға іссапарға бару
қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік органдарға, халықаралық және өзге ұйымдарға іссапарға бару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 15-1-бабына сәйкес әзірленді және дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік органдарға, халықаралық және өзге ұйымдарға іссапарға бару тәртібін айқындайды.
      2. Дипломатиялық қызмет органдарының міндеттерін шешу үшін дипломатиялық қызмет персоналы мемлекеттік органдарға, халықаралық және өзге ұйымдарға іссапарға баруы мүмкін.
      3. Іссапарға барған адамның дипломатиялық қызмет персоналы мәртебесі, сондай-ақ Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы мен әлеуметтік қорғалуы сақталады.
      4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) уәкілетті орган – мемлекеттік қызметшіні Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, халықаралық және өзге ұйымдарына іссапарға бару тәртібімен жұмысқа жіберетін, Қазақстан Республикасының сыртқы саясат саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы;
      2) қабылдаушы мемлекеттік орган немесе ұйым – іссапарға бару тәртібімен жіберілген дипломатиялық қызмет персоналын жұмысқа қабылдайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы немесе халықаралық және өзге ұйымдары;
      3) іссапарға барған дипломатиялық қызмет персоналы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, халықаралық және өзге ұйымдарға іссапарға бару тәртібімен жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналы қатарындағы мемлекеттік қызметші.
      5. Дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруы Сыртқы істер министрінің ұсынысы бойынша және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірінші басшыларымен келісу бойынша:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдарға – Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның уәкілеттік беруі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының шешімі негізінде;
      2) Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының аппараттарына – Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасы аппараты Басшысының шешімі негізінде;
      3) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарына, халықаралық және өзге ұйымдарға – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің немесе оның уәкілеттік беруі бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының шешімі негізінде жүзеге асырылады.
      6. Дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруы олардың жазбаша келісімі болған, олар тиісті лауазым үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе халықаралық және өзге ұйымдардың жарғыларында және өзге құжаттарында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келген, сондай-ақ осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген тәртіп сақталған кезде жүзеге асырылады.
      7. Іссапарға барған дипломатиялық қызмет персоналы өзінің қызметі бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және дипломатиялық қызмет саласындағы заңнамасын, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, сондай-ақ халықаралық және өзге ұйымдардың жарғылары мен өзге де құжаттарын басшылыққа алады.
      8. Дипломатиялық қызмет персоналының халықаралық ұйымдарға іссапарға баруы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе халықаралық ұйымдардың жарғысында және өзге құжаттарында көзделген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
      9. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік органдарға және өзге ұйымдарға іссапарға бару мерзімі үш жылдан аспауға тиіс.
      Уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органының немесе өзге ұйымының, сондай-ақ іссапарға баратын дипломатиялық қызмет персоналының келісімі болған кезде көрсетілген мерзім ұзартылуы, бірақ бір жылдан асырылмай ұзартылуы мүмкін.
      10. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе халықаралық ұйымдардың жарғыларында және өзге құжаттарында өзгеше көзделмесе, дипломатиялық қызмет персоналының халықаралық ұйымдарға іссапарға бару мерзімі бес жылдан аспауға тиіс. Көрсетілген мерзім ұзартылуы, бірақ бір жылдан асырылмай ұзартылуы мүмкін.
      11. Мемлекеттік органдарға іссапарға баратын дипломатиялық қызмет персоналының жалақысы және өзге де төлемдері қабылдаушы мемлекеттік органның қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      12. Халықаралық және Қазақстан Республикасының өзге ұйымдарына баратын дипломатиялық қызмет персоналын қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      13. Іссапарға барған дипломатиялық қызмет персоналын көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту:
      1) мемлекеттік органдарға барғанда – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады;
      2) халықаралық және Қазақстан Республикасының өзге ұйымдарына барғанда – Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, халықаралық және Қазақстан Республикасының өзге ұйымдарының жарғылық және өзге құжаттарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

2. Дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының
мемлекеттік органдарына және өзге ұйымдарына іссапарға
бару тәртібі

      14. Уәкілетті орган дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына немесе өзге ұйымына іссапарға баруының орындылығы туралы тиісті мемлекеттік органға немесе Қазақстан Республикасының өзге ұйымына негізделген хат жібереді.
      15. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы немесе өзге ұйымы күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органның хатын қарайды және дипломатиялық қызмет персоналын іссапарға баруына келісу не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      16. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органының немесе өзге ұйымының оң шешімі болған кезде уәкілетті орган осы Қағидалардың
5-тармағында көрсетілген жоғары тұрған тиісті мемлекеттік органға дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруы қажеттігі туралы хат жібереді.
      17. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген лауазымды адамдар уәкілетті органның хатын қарайды және қарау қорытындысы бойынша дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына немесе өзге ұйымдарына іссапарға баруына келісу не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген лауазымды адамдардың шешімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қабылданады.
      18. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген лауазымды адамдардың оң шешімі болған кезде уәкілетті орган қабылдаушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына немесе өзге ұйымына іссапарға жіберу ұсынылатын кандидатқа қатысты мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) лауазымға ұсыну;
      2) өмірбаян;
      3) қызметтік тізім.
      19. Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органы немесе өзге ұйымы осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде ұсынылған кандидатураның іссапарға баруын келіседі не келісуден бас тартады және уәкілетті органды қабылданған шешім туралы хабардар етеді.
      Ұсынылатын кандидаттың іссапарға баруын келісуден бас тартылған кезде уәкілетті орган Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органының немесе өзге ұйымының жауабын алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде басқа кандидатура ұсынады.
      20. Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органының немесе өзге ұйымының дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруын келісуі туралы хатының негізінде уәкілетті орган жауап алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына немесе өзге ұйымына іссапарға баруы туралы бұйрық шығарады. Іссапарға бару туралы бұйрықтың көшірмесі не үзінді көшірмесі, сондай-ақ дипломатиялық қызмет персоналының жеке ісінің көшірмесі Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органына немесе өзге ұйымына жіберіледі.
      21. Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органының немесе өзге ұйымының лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамы іссапарға бару туралы бұйрықтың көшірмесін не үзінді көшірмесін, сондай-ақ дипломатиялық қызмет персоналының жеке ісінің көшірмесін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына немесе өзге ұйымына іссапарға бару тәртібімен лауазымға тағайындау туралы бұйрық шығарады.

3. Дипломатиялық қызмет персоналы іссапарының аяқталу тәртібі

      22. Дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік органдарға және Қазақстан Республикасының өзге ұйымдарына іссапарының аяқталуына:
      1) осы Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында көрсетілген іссапарға бару мерзімінің өтуі;
      2) іссапарға барған дипломатиялық қызмет персоналын келіскен кезде уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органының немесе ұйымының келісілген шешімі;
      3) іссапарға барған дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін не лауазымда одан әрі болуымен үйлеспейтін теріс қылық жасауы негіз болып табылады.
      23. Дипломатиялық қызмет персоналының іссапар мерзімі аяқталған кезде Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органы немесе өзге ұйымы іссапардың аяқталуы тәртібімен оны атқарған лауазымынан босату туралы шешім қабылдайды, бұл туралы уәкілетті органды шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді.
      24. Осы Қағидалардың 22-тармағының 2)-3) тармақшаларында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының қабылдаушы мемлекеттік органы немесе өзге ұйымы дипломатиялық қызмет персоналының іссапарын мерзімінен бұрын аяқтау туралы және оны атқарған лауазымынан босату туралы шешім қабылдайды, бұл туралы уәкілетті органды шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
      25. Уәкілетті орган дипломатиялық қызмет персоналы іссапарының аяқталуы туралы хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:
      1) осы Қағидалардың 22-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда – дипломатиялық қызмет персоналын бұрын атқарған лауазымына тағайындау не уәкілетті мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған немесе оның құрылымында басқа да өзгерістер болған жағдайда өзге ұқсас лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдайды;
      2) осы Қағидалардың 22-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда – іссапарға барған дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады