Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 30 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2015 жылғы 31 тамызда Бейжіңде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2016 жылғы 27 қаңтардағы
№ 30 қаулысымен     
бекітілген       

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісім

(2016 жылғы 2 наурызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 4, 57-құжат)

      Бұдан әрі бірлесіп «Тараптар», ал жеке алғанда «Тарап» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі
      екі мемлекеттің басшылары арасында қол жеткізілген индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаластықтардың маңыздылығын мойындай отырып;
      екі мемлекеттің дамуын ынталандыру үшін индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңызды мәнін ескере отырып;
      екіжақты инвестициялық ынтымақтастықта қол жеткізілген жоғары бағалы нәтижелерді негізге ала отырып, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары мен өзара ниетті терең ұғына отырып;
      Қазақстан мен Қытай арасында инвестицияларды және сауданы үйлесімді дамытуды ілгерілету, Қазақстан мен Қытайдың қатысуымен экспортқа бағдарланған өнім шығару бойынша бірлескен өндірістер құру және олардың өнімін халықаралық нарыққа шығару мақсатында;
      Тараптар достық консультациялар арқылы төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Екіжақты ынтымақтастық тепе-теңдік және өзара пайда, экономикалық тиімділік және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық аясында жобаларды қолдау қағидаттарына негізделеді.

2-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына, оның ішінде экологиялық талаптарына сәйкес мынадай:
      1) құрылыс материалдарының, оның ішінде цемент, табақ шыны және басқалардың өндірісі;
      2) болат құю өнеркәсібі, металлургияның басқа салаларында;
      3) түсті металлургия;
      4) мұнай және газ өңдеу;
      5) химия өнеркәсібі;
      6) машина жасау;
      7) электр энергетикасы;
      8) автомобиль жолдары мен теміржолдарды және әуе көліктерінің инфрақұрылымын салу;
      9) жеңіл өнеркәсіп, жүн өндірісі және басқалар;
      10) ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу;
      11) көлік логистикасы;
      12) туризм;
      13) тамақ өнеркәсібі;
      14) халық тұтынатын тауарлар өндіру салаларында;
      15) Тараптардың келісуі бойынша кез келген басқа да салаларда заманауи және қолданбалы технологияларды пайдалана отырып, индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
      Тараптар мемлекеттерінің кәсіпорындары тиісті инвестициялық жобаларды ұлттық заңнама нормаларына және жоба орналасқан мемлекеттің рәсімдеріне сәйкес іске асыратын болады.

3-бап

      Тараптар осы Негіздемелік келісімнің орындалуына жауапты индустрияландыру және инвестициялар саласындағы Ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру комитетін (бұдан әрі – Комитет) құрады.
      Комитетті тең төрағалар басқарады:
      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі;
      Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының Даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы.
      Комитет құрамына қажет болған кезде Тараптар мемлекеттерінің басқа да мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері кіруі мүмкін.
      Әрбір Тараптан Комитеттің дербес құрамын Тараптар өздері жеке қалыптастырады және басқа Тарапқа ұсынады.

4-бап

      Комитет:
      1) индустрияландыру және инвестициялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындауы;
      2) жоғарыда аталған ынтымақтастық салаларында іске асыру әдістерін және одан әрі қадамдарды, оның ішінде индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты ынталандыру бойынша ұсыныстарды зерделеу және ұсыну әдістерін өзара келісу бойынша қалыптастыруы;
      3) осы Негіздемелік келісім аясында жүзеге асырылатын қызмет қорытындыларын қарауы;
      4) индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық бойынша ірі жобаларға бастамашы болуы және қолдауы;
      5) жобаларды іске асыру үшін екі елдің кәсіпорындарын қаржыландыру мәселесінде өз қаржы институттарына жәрдем көрсетуі және қолдауы;
      6) осы Негіздемелік келісім аясында индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық бойынша отырыстарды, форумдарды, семинарларды, жобалардың таныстыруларын және басқа да іс-шараларды өткізуі;
      7) осы Негіздемелік келісім аясында іске асырылатын бірлескен жобаларды іске асыру бойынша мониторинг жүргізуі мүмкін.

5-бап

      Осы Негіздемелік келісім аясында Тараптар арасындағы байланыстар және жұмыстарды үйлестіру үшін Комитеттің мына хатшылықтары жауапты болып табылады:
      Қазақстан тарапының хатшылығы – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитеті;
      Қытай тарапының хатшылығы – Қытай Халық Республикасы Даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитетінің Шетелдік инвестицияларды пайдалану және шетелге инвестициялау департаменті.
      Комитет хатшылықтарының міндеттері:
      1) осы Негіздемелік келісім аясында индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі отырыстарды, форумдарды, семинарларды, жобалардың таныстыруларын және басқа да іс-шараларды дайындау;
      2) Комитет алға қойған міндеттерді іске асыру бойынша, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және бірлескен жоспарларына, сала перспективасына, жобалар жөніндегі ақпаратқа байланысты мәселелер бойынша байланыстарды орнату және ақпарат алмасу;
      3) жобаларды ілгерілету бойынша өзара ұсыныстар туралы Комитетке хабарлау;
      4) индустрияландыру және инвестициялар саласындағы жобаларды іске асыру процесінде туындайтын мәселелерді уақтылы үйлестіру және шешу.
      Комитет хатшылықтарының функциялары басқа органдарға берілген не Комитет хатшылықтарының ресми атаулары өзгерген жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бұл туралы бір-біріне уақтылы хабарлайды.

6-бап

      Тараптар жоғары деңгейде өңделген тізбелерді және перспективалы жобалар тізбесін әзірлеу мен жаңарту үшін – Комитет хатшылықтарына, сондай-ақ әріптестер іздестіруде, мониторинг жүргізуде кәсіпорындарға жәрдемдесу және жобалардың іске асырылу барысы туралы Комитет хатшылықтарына уақтылы хабарлау үшін жауапты етіп Қазақстан тарапынан «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-ны және Қытай тарапынан Қытайдың шетелде индустрияны дамыту қауымдастығын айқындайды.
      Жобаларды іріктеу кезінде әріптестердің болуы және олардың қатысу нысаны, қаржыландыру дайындығының дәрежесі, жобаларды іске асыру кестесі және жергілікті қамтудың болуы ескеріледі.

7-бап

      Тараптар жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық аясында визаларды ресімдеу мәселесі бойынша өзара іс-қимыл жасау кезінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес бір-біріне қажетті жәрдем көрсетеді.

8-бап

      Тараптар, егер өзгеше жеке келісілмеген болса, осы Негіздемелік келісім аясында ынтымақтастықты жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өздері көтереді.

9-бап

      Осы Негіздемелік келісімді түсіндіру не орындау барысында туындаған кез келген келіспеушіліктер бірлескен консультациялар арқылы шешіледі.
      Осы Негіздемелік келісім Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар шеңберінде қандай да бір ережелерді немесе уағдаластықтарды қозғамайды.

10-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Негіздемелік келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөліктері болып табылады.

11-бап

      Осы Негіздемелік келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2015 жылғы 31 тамызда Бейжің қ. әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды.
      Осы Негіздемелік келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде қайшылықтар туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегі мәтiнге жүгiнетін болады.

      Қазақстан Республикасының   Қытай Халық Республикасының
           Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады