Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2015 жылғы 14 желтоқсанда Бейжіңде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық шеңберінде іскерлік мақсаттағы визаларды ресімдеу тәртібі туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 7 сәуірдегі
№ 193 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық шеңберінде іскерлік мақсаттағы визаларды ресімдеу тәртібі туралы келісім
(2016 жылғы 1 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 4, 71-құжат)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Тараптар деп аталады),
2015 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісімнің (бұдан әрі – Негіздемелік келісім деп аталады) 7-бабына сәйкес,
екі мемлекеттің теңдігі қағидатына сәйкес индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық шеңберінде іскерлік мақсаттағы визаларды беруді жеңілдету мәселелері жөнінде мынадай келісім жасасты:
1-бап
Осы Келісім тізбесі Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру комитетінің (Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитеті, Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасы Даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитетінің Шетелдік инвестицияларды пайдалану және шетелдерді инвестициялау департаменті) хатшылықтары әзірлейтін Қазақстан мен Қытай қатысатын және Тараптар бекітетін бірлескен өндірістер құру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жобаларға (бұдан әрі индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жобалар деп аталады) қолданылады.
2-бап
Осы Келісім индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жобалар шеңберінде келіссөздерге, келісімшарттар жасасуға, консультациялық қызметтер көрсетуге қатысатын және басқа да іскерлік мақсаттарда Қазақстан Республикасының және Қытай Халық Республикасының азаматтарына қатысты қолданылады.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитеті Қазақстан тарапынан – «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» мен Қытай тарапынан – Шетелдегі индустриялық даму жөніндегі Қытай қауымдастығын (жобалардың қатысушылары мен серіктестерінің Т.А.Ә., туған күні мен туған жерін, тұрғылықты мекенжайын, паспорт нөмірін, жоба атауын, лауазымын, визаның санатын, мәртелігі мен жарамдылық мерзімін көрсете отырып) жоғарыда аталған адамдарға «Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастыққа қатысу жөніндегі растаухат (өтінішхат)» ресімдеуге және оны бір мезгілде екінші Тарап мемлекетінің жоғарыда аталған уәкілетті ұйымдарына жолдауға жауаптылар ретінде айқындайды.
3-бап
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі екінші Тараптың Сыртқы істер министрлігінің нотасы, паспорттың түпнұсқасы, виза алуға өтінішхат сауалнамасы мен «Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастыққа қатысу жөніндегі растаухат (өтінішхат)» негізінде әрбір кірген кезде 30 күннен асырмай болу құқығымен, «индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық» деген ескертпемен 1 жылға дейінгі мерзімге көпмәртелі визалар ресімдейді.
Осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген адамдарға виза ресімдеу үшін құжаттарды Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігіне және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне Қазақстан тарапынан «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» және қытай тарапынан Шетелдегі индустриялық даму жөніндегі қытай қауымдастығы өкілдері ұсынады.
Визаларды ресімдеу мерзімдері 5 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
Жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық шеңберінде визалар ресімдеу мәселесі бойынша өзге де талаптар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес реттеледі.
4-бап
Комитет хатшылықтары индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жобалардың осы Келісімде қолданылатын тізбесінің әзірленуі мен жаңартылып отыруына және өз мемлекетінің Сыртқы істер министрлігіне уақтылы жолдауына жауапты болады.
5-бап
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі өзаралық негізде әр айдың 10-күнінен кешіктірмей Т.А.Ә., паспорттарының нөмірлері мен виза алушылар қатысушысы болып табылатын жобаның атауын көрсете отырып, дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген азаматтарына берілген визалар туралы ақпаратпен алмасады.
6-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламалары дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 күн өткен соң, бірақ Негіздемелік келісім күшіне енген күннен бұрын емес күшіне енеді.
7-бап
1. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Негіздемелік келісім қолданысын тоқтатқан күнге дейін немесе осы баптың 2-тармағына сәйкес осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күнге дейін келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.
2. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдау жолымен оның қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі тиісті хабарлама алған күннен бастап 90 күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін.
2015 жылғы «14» желтоқсанда Бейжің қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін