Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2016 жылға арналған кредит берудің негізгі талаптары туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 197 қаулысы.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 180-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2016 жылға арналған кредит берудің негізгі талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;

      2) кредиттік шарттар талаптарының орындалуын бақылауды;

      3) бюджеттік кредиттердің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, өтелуін және оларға қызмет көрсетілуін бақылау мен мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен сенім білдірілген өкілмен (агентпен) тапсырма шартын жасассын.

      4. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары:

      1) түпкі қарыз алушылармен кредиттік шарттар жасассын;

      2) тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне кредиттердің игерілуі туралы ақпарат берсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 8 сәуірдегі
№ 197 қаулысымен
бекітілген

Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2016 жылға арналған кредит берудің негізгі талаптары

      1. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушылар) кредиттер беру үшін мынадай негізгі талаптар белгіленеді:

      1) қарыз алушылардың Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне (бұдан әрі – кредитор) мәслихаттардың 2016 жылға арналған облыстық бюджеттерде, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдерін ұсынуы;

      2) 75 000 000 000 (жетпіс бес миллиард) теңге сомасындағы кредиттер қарыз алушыларға жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға жылдық 0,01 %-дық сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 (жиырма) жыл мерзімге беріледі;

      3) негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең 6 (алты) жылдан аспауға тиіс;

      4) кредиттерді игеру кезеңі кредиттер кредитордың шотынан аударылған сәттен бастап есептеледі және 2017 жылғы 10 желтоқсанда аяқталады.

      2. Кредиттерді беру, өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі қосымша талаптар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады