Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін
жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы
2015 жылғы 9 желтоқсанда Астанада жасалған Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІН
ЖАЛҒАСТЫРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
ОСЫ КЕЛІСІМНІҢ ТАРАПТАРЫ
Ядролық, радиологиялық, химиялық және биологиялық қарудың (бұдан әрі - ЖҚЖҚ) таралуынан туындайтын халықаралық қауіпке және ядролық, радиологиялық, химиялық және биологиялық материалдарды қару ретінде қолдану қаупіне АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП;
ЖҚЖҚ-ға және оларды жеткізу құралдарына байланысты технологиялардың, материалдардың және сарапшылық білімнің таралуын болдырмау қажеттілігін РАСТАЙ ОТЫРЫП;
барлық мемлекеттер үшін ядролық, химиялық немесе биологиялық қаруды және оны жеткізу құралдарын әзірлеуге, сатып алуға, жасауға, тасымалдауға, беруге немесе пайдалануға немесе оларға ие болуға ұмтылатын мемлекеттік емес субъектілерге қолдаудың қандай да бір түрлерін көрсетуден тартынуды ұйғаратын Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1540 қарарын НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП;
мемлекеттердің бірлескен көпжақты күш-жігерлері мұндай таратуды болдырмаудың тиімді құралы болып табылатынын мойындай отырып және тарату саласында қазіргі заманғы қатерлердің негізгі элементтері ретінде ғылыми зерттеулер мен инженерлік әзірлемелердің маңызды рөлін МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП;
1992 жылғы 27 қарашада Мәскеуде қол қойылған Халықаралық ғылыми-техникалық орталықты (бұдан әрі - «ХҒТО» немесе «Орталық») құру туралы келісімнің (бұдан әрі - «1992 жылғы Келісім») және 1993 жылғы 27 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған Келісімді уақытша қолдану туралы хаттаманың (бұдан әрі - Келісімді уақытша қолдану туралы хаттама) ережелерін НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП;
ЖҚЖҚ-ға қолданылатын технологияларға, сарапшылық білімге және олармен байланысты материалдар мен тәжірибеге ие елдерде ғалымдар мен мамандардың бейбіт мақсаттарда жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу қызметінде ХҒТО тарапынан қолдау мен жәрдемдесу арқылы ЖҚЖҚ-ның немесе оған байланысты материалдардың таралуына әкелуі мүмкін қызметке қатысу үшін ынталандыруларды барынша азайтудың тұрақты қажеттілігін; сондай-ақ ХҒТО-ның ЖҚЖҚ таралуын болдырмау және Келісімге қатысушы елдер арасында ғылыми ынтымақтастыққа жәрдемдесу бойынша алдыңғы кезеңдегі атқарған күш-жігерін МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП;
Орталықтың табысты қызмет етуі үшін үкіметтер, Еуропалық одақ және Атомдық энергия жөніндегі еуропалық қоғамдастық (бұдан әрі - Еуратом), үкіметтік емес ұйымдар, қорлар, академиялық және ғылыми мекемелер мен басқа да үкіметаралық және жеке ұйымдар тарапынан нық қолдаудың қажеттілігін СЕЗІНЕ ОТЫРЫП;
ХҒТО мүшелік құрамындағы жуырдағы өзгерістерді ескере отырып, ХҒТО жұмысын жалғастыруға ҰМТЫЛЫС БІЛДІРЕ ОТЫРЫП;
халықаралық ғылыми әріптестікті қалыптастыру, әлемдік қауіпсіздікті нығайту және инновациялар арқылы экономикалық өсуге жәрдемдесу мақсатында Орталықтың жұмысына қатысатын, ғалымдар мен инженерлерді, оның ішінде ЖҚЖҚ-ға немесе оны жеткізу құралдарына қолданылатын білім мен дағдыларға (оның ішінде қосарланған мақсаттағы білім мен дағдыларға) ие ғалымдар мен мамандарды ХҒТО қызметі арқылы қолдау мен ынталандыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, ХҒТО-ның құрылуы кезінен бастап өзгерген жағдайларға оның одан әрі бейімделуіне ҰМТЫЛЫС БІЛДІРЕ ОТЫРЫП; және
ғылыми ынтымақтастық арқылы ХҒТО мақсаттарын неғұрлым тиімді іске асыру қажеттілігіне орай, 1992 жылғы Келісімге негізделген, өзгерістер енгізілген және сонымен бір мезгілде Келісімді уақытша орындау туралы хаттаманың қолданысы тоқтатылған осы Келісімге қол қою есебінен ХҒТО қызметін жалғастыру туралы ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙ ОТЫРЫП,
ТӨМЕНДЕГІЛЕР ТУРАЛЫ УАҒДАЛАСТЫ:
1-БАП
(А) Бастапқыда 1922 жылғы Келісіммен үкіметаралық ұйым ретінде құрылған ХҒТО осы Келісімнің талаптарына сәйкес қызметін жалғастырады. Әрбір Тарап өз аумағында Орталықтың қызметіне жәрдемдеседі. Орталықтың өз мақсаттарын іске асыру үшін Тараптардың заңдары мен нормативтеріне сәйкес шарттар жасасу, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу және оны жою, сондай-ақ талап қою мен жауап қайтаратын процестік іс-әрекеттерді қозғау үшін мүмкіндіктері бар.
(В) Осы Келісім мәтінінде пайдаланылу кезінде мынадай терминдер төмендегідей анықтамаларға ие:
(і) «Тараптар» осы Келісім күшіне енгеннен кейін, осы Келісімге қол қойған, осы Келісімнің 17 (С) бабына сәйкес хабарламаны берген қатысушыларды, сондай-ақ осы Келісімнің 13 (В) бабына сәйкес осы Келісімге қосылған барлық және кез келген мемлекеттерді білдіреді;
(іі) «Орталықтың персоналы» Орталықта қызмет істейтін немесе келісімшарт бойынша жұмыс істейтін не Орталыққа бекітілген немесе Орталық пен бір немесе одан көп Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша оған іссапарға жіберілген жеке тұлғаларды білдіреді;
(ііі) «отбасы мүшелері» ерлі-зайыптыларды; 21 жасқа дейінгі тұрмысқа шықпаған/үйленбеген асыраудағы балаларды; 23 жасқа дейінгі орта арнаулы және жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын тұрмысқа шықпаған/үйленбеген асыраудағы балаларды; сондай-ақ дене немесе ақыл-есінің мүмкіндіктері шектеулі тұрмысқа шықпаған/үйленбеген балаларды білдіреді;
(іv) «қызмет» осы Келісімнің 2-бабына сәйкес Орталық аясында жүзеге асырылатын жобаларды және басқа да жұмысты білдіреді;
(v) Орталықтың «жобасы» субсидиялар және/немесе жабдық іске жаратылуы мүмкін әлемнің кез келген жерінде алдын ала белгілі бір уақыт ішінде жүргізілетін және осы Келісімнің 6-бабына сәйкес бекітуге жататын бірлескен қызметті білдіреді;
(vі) Басқарушылар кеңесінің «консенсусы» кворум бар болған жағдайда және осы Келісімде көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, шешім қабылданатын кездесуге қатысатын және оған дауыс беретін Басқарушылар кеңесінің барлық Тараптарының келісімін білдіреді. Кездесулерде Тараптардың кворумы және жол берілген қатысу нысандары осы Келісімнің 4-бабына сәйкес ХҒТО жарғысында айқындалады;
(vіі) «Қабылдаушы мемлекет» осы Келісімнің 9 (А) бабына сәйкес Қабылдаушы мемлекет ретінде айқындалған Тарапты білдіреді:
(vііі) «қосарланған мақсаттағы технологиялар, материалдар және сарапшылық білім» коммерциялық қолданылуы да және ЖҚЖҚ-ны немесе оларды жеткізу құралдарын әзірлеумен, жасаумен, қолданумен немесе жетілдірумен байланысты қолданылуы сияқты, тарату саласында қолданылуы да бар технологияларды, материалдарды және сарапшылық білімді білдіреді;
(ix) «қосарланған мақсаттағы білім және дағдылар» ЖҚЖҚ-ны немесе оларды жеткізу құралдарын әзірлеу, жасау, қолдану немесе жетілдіру кезінде қосарланған мақсаттағы технологияларды, материалдарды және білімді пайдалануға қолданылатын білім мен дағдыларды білдіреді; және
(x) «байланысты материалдар» тиісті көпжақты шарттармен және келісімдермен қамтылған немесе ЖҚЖҚ-ны немесе олардың жеткізу құралдарын жобалау, әзірлеу, жасау немесе қолдану үшін пайдаланылуы мүмкін ұлттық бақылау тізімдеріне енгізілген материалдарды, жабдықты және технологияларды білдіреді.
2-БАП
(А) Орталық Тараптардың аумағында орналасқан институттар мен объектілерде жүзеге асырылатын, бейбіт мақсаттарда пайдалануға арналған қызмет түрлерін әзірлейді, бекітеді, қаржыландырады және бақылайды. Жобалар осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын, ЖҚЖҚ-ға қолданылатын технологияларға, сарапшылық білімге және байланысты материалдарға ие мемлекеттерде, бұл мемлекеттер Басқарушылар кеңесіне осындай жобаларды жүзеге асыру туралы өтінішпен жүгінген және Басқарушылар кеңесі осындай жобаларды жүзеге асыруды бірауыздан мақұлдаған жағдайда, жүзеге асырылуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, мүше болып табылмайтын мемлекеттердің азаматтары болып табылатын адамдарға осы Келісімнің Тараптары болып табылатын мемлекеттердегі ХҒТО жүргізетін түрлі қызметтерге қатысуға рұқсат берілуі мүмкін.
(В) Орталықтың алдына мынадай:
(і) ЖҚЖҚ-ны және оны жеткізу жүйелерін, сондай-ақ ЖҚЖҚ-ны немесе оны жеткізу жүйесін әзірлеумен, жасаумен, қолданумен немесе жетілдірумен тікелей байланысты басты элементтер болып табылатын технологияларды, материалдарды және сарапшылық білімді (оның ішінде қосарланған мақсаттағы технологиялар, материалдар және сарапшылық білім) таратуды болдырмаудың халықаралық тетіктерін жетілдіруге жәрдемдесу;
(іі) ЖҚЖҚ-ға және оны жеткізу құралдарына қолданылатын білім мен дағдыларға, оның ішінде қосарланған мақсаттағы білім мен дағдыларға ие ғалымдар мен инженерлерге оқыту және олардың білімі мен дағдылары бейбіт қызметте пайдаланылуы мүмкін орындарға баламалы жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін ұсыну;
(ііі) ЖҚЖҚ-ны немесе оны жеткізу құралдарын жобалау, әзірлеу, жасау немесе пайдалану үшін қолданылуы мүмкін материалдарды, жабдық пен технологияларды пайдалану саласында қауіпсіздік мәдениетін және олармен жұмыс істеу саласындағы қауіпсіздік мәдениетін құруға жәрдемдесу; және
(іv) өз қызметі шеңберінде халықаралық ғылыми әріптестікті қалыптастыруға, әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға және инновациялар арқылы экономикалық өсуге; халықаралық технологиялық проблемаларды шешуге; қоршаған орта, энергетика, денсаулық сақтау және ядролық, химиялық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында іргелі және қолданбалы зерттеулерді және техникалық әзірлемелерді жүзеге асыруға және коммерциялық іске асыруға; сондай-ақ ЖҚЖҚ-ға қолданылатын технологияларға, материалдарға және тәжірибеге ие ғалымдарды халықаралық ғылыми қоғамдастыққа одан әрі тартуды көтермелеуге жәрдемдесу міндеттері қойылған.
3-БАП
Орталық өз мақсаттарына жету үшін:
(і) осы Келісімнің 2-бабына сәйкес жүргізілетін қызметті қорларды немесе басқа да қаражаттарды пайдалану арқылы дамыту және қолдау;
(іі) Орталық қызметін бақылау және осы Келісімнің 8-бабына сәйкес қаржылық тексеруді жүргізу;
(ііі) үкіметтермен, Еуропалық одақпен және Еуратоммен, үкіметаралық ұйымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, жеке ұйымдармен, қорлармен, академиялық және ғылыми мекемелермен және олармен байланысты бағдарламалармен тиісті ынтымақтастық нысандарын белгілеу, сондай-ақ олардан қаржы қаражатын және қайырмалдық алу;
(іv) егер Басқарушылар кеңесі Тарап болып табылмайтын мемлекет аумағында бөлімдер/ақпараттық бюролар құруды бірауыздан мақұлдаса, қажет болуына қарай, Тараптар болып табылатын мүдделі мемлекеттерде немесе Тарап болып табылмайтын мемлекет аумағында осындай бөлімдер немесе ақпараттық бюролар құру; және
(v) Басқарушылар кеңесінің консенсус арқылы қол жеткізетін ықтимал жалпы келісімі бойынша осы Келісімнің аясына кіретін басқа қызметпен айналысу өкілеттіктеріне ие.
4-БАП
(А) Орталықтың жарғысына сәйкес Орталықта құрамы атқарушы директор (аға атқарушы басшы болып табылатын), атқарушы директордың орынбасары және Орталық персоналының басқа мүшелерінен тұратын Басқарушылар кеңесі мен хатшылық құрылады.
(В) Басқарушылар кеңесі мыналарға:
(і) Орталықтың саясатын және рәсімнің жеке өз қағидаларын анықтауға;
(іі) хатшылықтың жалпы басшылығын және басқаруды қамтамасыз етуге;
(ііі) Орталықтың жедел бюджетін бекітуге;
(іv) Орталықтың бюджетін дайындау рәсімдерін бекітуді, шоттарды жүргізуді және оларды тексеруді қоса алғанда, Орталықтың қаржылық және басқа да істеріне басшылық етуге;
(v) қызметті бекітуге қатысты жалпы өлшемшарттар мен басымдықтарды әзірлеуге;
(vі) осы Келісімнің 6-бабына сәйкес жобаларды бекітуге;
(vіі) жарғыны және қажеттілігіне орай осы Келісімді жүзеге асыру бойынша басқа ережелерді қабылдауға; және
(vііі) өзіне Осы Келісіммен жүктелген немесе осы Келісімді жүзеге асыру үшін қажетті басқа да міндеттерді жүзеге асыруға жауапты.
(С) Басқарушылар кеңесінде шешімдер консенсус арқылы қабылданады.
(D) Тараптардың әрқайсысы Басқарушылар кеңесінде бір дауысқа ие болады және Басқарушылар кеңесінде екеуден аспайтын өкілін тағайындайды.
(Е) Тараптар Кеңеске сарапшылық ғылыми және басқа қажетті кәсіби ұсынымдарды беру үшін, Кеңеске қолдауға лайықты, бейбіт мақсаттардағы зерттеулер салалары бойынша ұсынымдар беру үшін, Кеңес сұратуы мүмкін кез келген басқа да ұсынымдарды беру үшін Тараптар тағайындайтын өкілдерден тұратын ғылыми-консультациялық комитет құруы мүмкін;
(Ғ) Осы Келісімді орындау үшін Басқарушылар кеңесі жарғы қабылдайды.
Жарғыда:
(і) атқарушы директордың, атқарушы директор орынбасарларының және басқа да негізгі лауазымдарды атқаратын тұлғалардың функциялары мен міндеттерін қоса алғанда, хатшылық құрылымы;
(іі) қызметке қатысты іріктеу, әзірлеу, бекіту, қаржыландыру, жүзеге асыру және бақылау процестері;
(ііі) Орталықтың бюджетін дайындау, шоттарды жүргізу және оларды тексеру үшін рәсімдер;
(іv) Орталықтың жобаларынан туындайтын зияткерлік меншік құқықтарына қатысты және жобаларды жүзеге асыру нәтижелерін таратуға қатысты тиісті басшылық қағидаттар;
(v) үкіметтердің, Еуропалық одақтың және Еуратомның, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың Орталықтың қызметіне қатысуын реттейтін рәсімдер:
(vі) кадрлық саясат; және
(vіі) осы Келісімді жүзеге асыру үшін басқа да қажетті шаралар айқындалады.
5-БАП
Басқарушылар кеңесі үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды не Тараптар болып табылмайтын мемлекеттерді дауыс беру құқығынсыз байқаушы ретінде Басқарушылар кеңесінің жұмысына қатысуға шақыруы мүмкін.
6-БАП
Басқарушылар кеңесі бекіту үшін ұсынылатын әрбір жобалық ұсыныс мемлекеттің немесе жұмысты жүзеге асыратын мемлекеттердің жазбаша келісімімен қоса жолданады. Жобаларды бекіту үшін сол мемлекеттің немесе мемлекеттердің алдын ала келісімінен басқа Басқарушылар кеңесінде Тараптардың консенсусы қажет.
7-БАП
(А) Басқарушылар кеңесі бекіткен жобаларды Орталық немесе Тараптар, үкіметтік емес ұйымдар, қорлар, академиялық және ғылыми мекемелер, сондай-ақ үкіметаралық ұйымдар және жеке сектордағы ұйымдар қаржыландыруы немесе қолдауы мүмкін. Бекітілген жобаларды мұндай қаржыландыру немесе қолдау кез келген нақты көрсетілген шарттар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келетін жағдайда, оларды беретін Тараптар айқындайтын жағдайларда қамтамасыз етіледі.
(В) Тараптардың Басқарушылар кеңесіндегі өкілдерінің және Орталық хатшылығы персоналының жоба бойынша субсидияларға құқығы жоқ және жоба бойынша кез келген субсидиялардан қандай да бір тікелей пайда ала алмайды.
8-БАП
(А) Орталықтың жұмыс орындалатын мемлекеттер шеңберінде:
(і) Орталыққа хабарлағаннан кейін немесе жоба бойынша келісімде көзделгендей осыған қосымша түрде Орталықтың қызметін, материалдарды, жеткізілімдерді, құралдар мен тиісті көрсетілетін қызметтерді пайдалануды және қаражаттың пайдаланылуын сол жерде тексеруді жүзеге асыруға;
(іі) кез келген есептік материалдарды немесе басқа құжаттаманы Орталықтың қызметіне, оның жобаларына және құралдарды пайдалануға байланысты, осындай есептік материалдар немесе құжаттар қайда болмаса да, Орталықтың қаржыландыру кезеңінде және одан кейінгі кезеңдерде, жоба бойынша келісімде айқындалғандай, өз талабы бойынша тексерісті немесе ревизияны жүргізуге құқығы бар.
Осы Келісімнің 6-бабында талап етілетін жазбаша келісім жоба жүзеге асырылатын мемлекеттің немесе мемлекеттердің, сондай-ақ алушы мекеменің осы тармақтың талаптарына сәйкес Орталыққа жоба бойынша ревизияны және бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті рұқсатты беруге келісімді қамтиды.
(В) Әрбір Тарап сондай-ақ толық немесе ішінара қаржыландыратын не оның аумағында іске асырылатын жобаларға байланысты Орталық арқылы келісілген осы баптың А тармағында көрсетілген құқықтарға ие;
(С) Егер жобаны жүзеге асыру шарттары сақталмайтыны белгіленсе, онда Орталық немесе қаржыландыратын үкімет немесе ұйым Басқарушылар кеңесін себептері туралы хабардар ете отырып, осы жобаның жүзеге асырылуын тоқтатуы және жоба бойынша келісімнің шарттарына сәйкес тиісті шараларды қабылдауы мүмкін.
9-БАП
(А) Орталықтың штаб-пәтері Қазақстан Республикасында орналасады және Қазақстан Республикасы (і) Басқарушылар кеңесіне Қабылдаушы мемлекет рөлін бұдан әрі орындамайтын ниеті туралы жазбаша хабарламаны Қазақстан Республикасы бергенге дейін; (іі) осындай мемлекеттің аумағында ХҒТО қызметін санкциялау мақсатында осы Келісімнің 13 (А) бабында аталған немесе осы Келісімнің 13 (В) бабына сәйкес осы Келісімге қосылған екінші Тарап Қабылдаушы мемлекеттің мирасқоры ретінде тағайындалуына болатыны туралы өтінішімен жазбаша хабарламаны Басқарушылар кеңесіне бергенге дейін; (ііі) Басқарушылар кеңесі Қабылдаушы мемлекеттің мирасқоры ретінде тағайындалуына болатыны туралы осындай Тараптың сұрау салуын қанағаттандыруды консенсус арқылы шешкенге дейін; және (іv) Қабылдаушы мемлекеттің мирасқоры ретінде тағайындалуына болатыны туралы өтініш білдіруші Тарап өзінің Қабылдаушы мемлекет ретінде тағайындалуын қабылдайтынын растап, Басқарушылар кеңесіне жазбаша хабарлама бергенге дейін Қабылдаушы мемлекет рөлін атқарады.
(В) Орталыққа Материалдық қолдау көрсету тәртібімен Қабылдаушы мемлекеттің Үкіметі өз есебінен Орталыққа лайықты қызметтік үй-жайды, сондай-ақ қызмет көрсетуді, коммуналдық қызметтер көрсетуді және осы үй-жайды күзетуді ұсынады. Қабылдаушы мемлекеттің Үкіметі мен ХҒТО Қабылдаушы мемлекет Орталыққа материалдық қолдау жасау мен үй-жайды (үй-жайларды) берудің ережелері мен шарттарын айқындайтын келісім жасасуы мүмкін.
(С) Қабылдаушы мемлекетте Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие және осы тұрғыда шарттар жасасуға, жылжымайтын және жылжымалы меншікті сатып алуға және оған билік етуге, сондай-ақ сотта талапкер және жауапкер болуға құқығы бар.
10-БАП
Қабылдаушы мемлекетте:
(і)
(а) ХҒТО алған қаражат және осы қаражаттан алынатын кез келген банктік пайыздар Қабылдаушы мемлекетте салық салуға жатпайды;
(b) Орталық және оның кез келген бөлімшелері Қабылдаушы мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес салық салуға жататын өз мүлкіне салық төлеушілер болып табылмайды;
(с) Орталықтың қызметіне берілетін немесе пайдаланылатын мүлікті, материалдарды және басқа да меншікті Қабылдаушы мемлекетке әкелуге, одан әкетуге немесе оның аумағында қандай да бір тарифтерсіз, салықтарсыз, кедендік баждарсыз, импортқа салынатын салықтарсыз, қосылған құн салығынсыз (ҚҚС) және басқа да осыған ұқсас салықтарсыз немесе алымдарсыз пайдалануға болады. Мүлік, материалдар және басқа да жылжымайтын немесе жылжымалы меншік ХҒТО тарапынан заңды тұлғаларға (басқалардан өзге, Қабылдаушы мемлекеттің ғылыми ұйымдарына) берілуі немесе өзгедей жолмен табыс етілуі мүмкін және осыған ұқсас тауарлар қандай да бір тарифтерсіз, салықтарсыз, кедендік баждарсыз, импортқа салынатын салықтарсыз, қосылған құн салығынсыз (ҚҚС), мүлік салығынсыз және осыған ұқсас салықтарсыз немесе алымдарсыз табыс етілген немесе берілген ХҒТО-ға және тұлғаларға тиесілі болуы немесе ХҒТО және аталған тұлғалар пайдалануы мүмкін.
(d) Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын Орталықтың персоналы Қабылдаушы мемлекетте жеке тұлғалардан алынатын табыс салығын төлеуден босатылады;
(е) Орталықтың жобаларына байланысты заңды тұлғалар алатын қаржы қаражаты Қабылдаушы мемлекеттің ғылыми ұйымдарын қоса алғанда, Қабылдаушы мемлекетте салық салуға жатпайды;
(f) Орталықтың жобалары шеңберінде жеке тұлғалар, атап айтқанда, ғалымдар және мамандар алатын қаржы қаражаты олардың жеке тұлғаларға салынатын салықтардың жиынтық табысына қосылмайды.
(ii)
(а) Орталықтың, Тараптардың, үкіметтердің, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың Орталықтың өз қызметін жүзеге асыруына қажетті Қабылдаушы мемлекеттің валютасынан өзге ақшалай қаражатты шектеусіз Қабылдаушы мемлекетке немесе одан аударуға құқығы бар. Әрбір адамның өзінің Қабылдаушы мемлекетке аударған жалпы сомасы шегінде ғана осындай аударымдарды жасауға құқығы бар.
(b) Орталықты және өз қызметін қаржыландыруы үшін Орталық Қабылдаушы мемлекеттің ішкі валюта нарығында өз атынан, сондай-ақ осы баптың іі тармағының (а) тармақшасында аталған құрылымдардың тапсырмасы бойынша шетелдік валютаны сатуға құқығы бар.
(ііі) Орталықтың қандай да бір қызметіне қатысатын және Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын Қабылдаушы мемлекет ұйымдарының қызметкерлері Қабылдаушы мемлекетке әкелінетін, одан әкетілетін немесе оның аумағында осындай қызметкерлердің немесе олардың отбасы мүшелерінің жеке пайдаланатын жеке мүлкіне немесе үйге қажетті заттарына қатысты қандай да бір кедендік баждар мен алымдар төлеуден босатылады.
11-БАП
(А) ХҒТО иммунитеттен біржақты бас тартатын нақты жағдайларды қоспағанда, Қабылдаушы мемлекетте юрисдикциясы мен орындалуына қатысты ХҒТО, оның активтері мен мүлкі иммунитетке ие.
(В) Орталыққа осы Келісімде көрсетілген мақсаттарда ғана артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі.
(С) Осы баптың ережелері қандай да бір мемлекеттің қолданылатын халықаралық келісімдеріне немесе ұлттық заңнамасына сәйкес өтемақылар немесе өтемдер алуға кедергі келтірмейді.
(D) Осы баптың (А) тармағында ешнәрсе де Қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына немесе Қабылдаушы мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын адамдарға сот талқылауларынан немесе талап қоюлардан босату ретінде түсіндірілмейді.
12-БАП
(А) Қабылдаушы мемлекет Қабылдаушы мемлекеттегі Орталық персоналына және олардың отбасы мүшелеріне мынадай:
(і) қылмыстық, азаматтық және әкімшілік юрисдикцияны қоса алғанда, олардың өздерінің ресми өкілеттіктері шеңберінде айтқан немесе жазған сөздеріне немесе қабылданған кез келген әрекеттеріне қатысты қамауға алынудан, ұсталудан және сот талқылауынан иммунитет;
(іі) табысқа, әлеуметтік сақтандыруға салынатын кез келген салықтардан немесе басқа да салықтардан, әдетте тауарлардың бағасына қосылатын немесе көрсетілген қызметтер үшін төленетінді қоспағанда, баждардан немесе басқа да алымдардан босату;
(ііі) әлеуметтік сақтандыруға қатысты ережелерді сақтаудан иммунитет;
(іv) иммиграциялық шектеулерден және шетелдіктерді тіркеуден иммунитет;
(v) лауазымға алғашқы кірісу кезінде - Қабылдаушы мемлекеттің кез келген тарифтерінен салықтарынан, кедендік баждарынан, импортқа салынатын салықтарынан, экспортқа салынатын салықтарынан және басқа да осыған ұқсас салықтарынан және алымдарынан бос өздерінің жиһаздары мен жеке мүлкін әкелу құқығы сияқты артықшылықтар мен иммунитеттер береді.
Осы баптың (і) тармақшасының ережелері: (а) Орталықтың персонал мүшелерімен жасалған шарттан туындайтын, ол бойынша олар Орталықтың агенті ретінде міндеттемелерді өзіне тікелей немесе жанама қабылдамаған; не (b) Қабылдаушы мемлекетте жол көлік құралынан болған қайғылы оқиғадан келтірілген зиян үшін үшінші тараптың азаматтық талап қоюына қатысты қолданылмайды.
(В) Басқарушылар кеңесінің құрамына кіретін Тараптар өкілдеріне, Қабылдаушы мемлекет үкіметінің атқарушы директорына және атқарушы директорының орынбасарларына осы баптың А және В тармақтарында тізбеленген артықшылықтар мен иммунитеттерге қосымша, әдетте, қабылдаушы тарап қатысушы мемлекеттердің өкілдеріне және халықаралық ұйымдардың әкімшілік басшыларына халықаралық құқыққа сәйкес артықшылықтар, иммунитеттер, алып қою мен жеңілдіктер береді.
(С) Осы Келісімде ешнәрсе де Қабылдаушы мемлекеттің үкіметінен өз азаматтарына немесе өз аумағында тұрақты тұратын адамдарға осы баптың А және В тармақтарында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді беруін талап етпейді.
(D) Осы Келісімде ешнәрсе де осы баптың А және В тармақтарында аталған адамдарға басқа да келісімдерге сәйкес берілетін артықшылықтарға, иммунитеттер мен басқа да жеңілдіктерге қысым жасау ретінде талқыланбайды.
13-БАП
(А) Армения Республикасы, Грузия, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасы осы Келісімнің 9 (С), 10, 11 және 12-баптарында Қабылдаушы мемлекет үшін көзделген міндеттемелерді сақтауға міндетті болады.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған қосылуды қалайтын кез келген мемлекет атқарушы директор арқылы бұл туралы Басқарушылар кеңесін хабардар етеді. Басқарушылар кеңесі атқарушы директор арқылы осындай мемлекетке осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін ұсынады. Басқарушылар кеңесі мақұлдағаннан кейін мұндай мемлекеттің осы Келісімге қосылуға құқығы болады. Мұндай мемлекет үшін осы Келісім оның қосылғандығы туралы құжатты Депозитарийге сақтауға берген күннен кейін 30 (отызыншы) күні күшіне енеді. ЖҚЖҚ қолданылатын технологияларға, сарапшылық білім мен байланысты материалдарға және тәжірибеге ие, осы Келісімге қосылу негізінде өздерінің аумақтарында ХҒТО қызметін жүзеге асыруға рұқсат алу үшін (қосылу туралы құжатта көрсетілетін) осы Келісімге қосылатын барлық мемлекеттерге осы Келісімнің 9 (С), 10, 11 және 12-баптарында Қабылдаушы мемлекет үшін көзделген міндеттемелер қолданылады.
14-БАП
(А) Осы Келісім күшіне енгенінен кейін екі жылдан соң Тараптардың қайта қарауына жатады. Осындай қарау барысында Тараптардың қаржылық міндеттемелері мен төлемдері ескеріледі.
(В) Осы баптың С тармағына сәйкес осы Келісімге қатысудан бас тартқан немесе осы Келісімге қатысудан бас тартатындығы туралы өз ниетін хабардар еткен Тарапты қоспағанда, осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін. Егер қатысудан бас тартатыны туралы хабарлама берген Тарап қатысудан өзінің бас тартуын Келісім күшіне енгенге дейін жойса, онда оған осы Келісімге енгізілген осы Тараптың қатысудан бас тартатыны туралы хабарламасы берілген күннен кейін күшіне енген кез келген өзгерістерге сәйкес міндеттемелер қолданылады.
(С) Тараптардың кез келгені Депозитарийге жазбаша хабарлама берген кезден бастап алты айдан соң осы Келісімнен шыға алады.
15-БАП
(А) Осы Келісімнің қолданылуына немесе талқылануына қатысты кез келген мәселелер немесе даулар Тараптар арасында консультациялар алуға жатады.
(В) Егер мәселені консультациялар арқылы шешу мүмкін болмаса, барлық мүдделі Тараптар, оны дауларды реттеудің келісу рәсімі, делдалдық немесе төрелік сияқты басқа да нысанына беру туралы бірлескен шешім қабылдай алады.
16-БАП
Осы Келісімде ешнәрсе де бастапқыда 1992 жылғы Келісімде көзделген үкіметаралық ұйым ретінде ХҒТО қызметін бұдан әрі жүзеге асыру үшін кедергі жасауға бағытталмаған, ол ХҒТО-ның қазіргі өңірлік бөлімшелерінің қызметін қамтиды және осы Келісімде арнайы айтылған жағдайларды қоспағанда, ХҒТО-ның келісімшарттарының, гранттарының немесе өзге де заң құжаттарының немесе келісімдерінің жарамдылығына әсер етпейді.
17-БАП
(А) Осы Келісім бір Тарап ретінде Еуропалық одақ пен Еуратомның, Армения Республикасының, Грузияның, Қазақстан Республикасының, Кырғыз Республикасының, Норвегия Корольдігінің, Корея Республикасының, Америка Құрама Штаттарының, Тәжікстан Республикасының және Жапонияның қол қоюы үшін ашық.
(В) Осы Келісім ратификациялануға, қабылдануға немесе мақұлдануға жатады. Ратификация, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
(С) Депозитарийдің осы баптың (А) тармағында санамаланған елдерден және Тараптың бірі ретінде әрекет ететін Еуропалық одақ пен Еуратомнан ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы соңғы құжатты алған күн осы Келісімнің күшіне енген күні болып табылады.
(D) Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Келісімді уақытша қолдану туралы хаттаманың қолданысы күшін жояды. Осы кезде Тараптар 1992 жылғы Келісімді уақытша қолдануды тоқтатады.
18-БАП
Орталықтың хатшылығы осы Келісімнің Депозитарий болып табылады. Депозитарийге жолданатын барлық хабарламалар атқарушы директор арқылы жіберіледі. Депозитарий, 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы вена конвенциясының 77-бабына сәйкес Депозитарийдің функцияларын орындайды.
Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
2015 жылы 9 желтоқсанда Астана қаласында ағылшын, армян, грузин, қазақ, кәріс, қырғыз, неміс, норвег, орыс, тәжік, француз және жапон тілдерінде жасалды әрі барлық елдердегі мәтіндердің күші бірдей. Екі немесе одан да көп мәтіндер арасында айырмашылықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.