Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 маусымдағы № 362 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Төлеубекұлы Есенбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2016 жылғы 20 маусымдағы 
№ 362 қаулысымен     
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы
      Бас Ассамблеяның 2008 жылғы 24 желтоқсандағы 63/260 қарарын орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (бұдан әрі «АзТМЭӘК» деп аталады) Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшесінің (бұдан әрі «бөлімше» деп аталады) құрылғанын негізге ала отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Үкімет» деп аталады) бөлімше үшін қабылдаушы тарап болуды және бөлімше үшін кеңселік үй-жай (бұдан әрі «үй-жай» деп аталады) беруді, сондай-ақ үй-жайды пайдалануға, оған қызмет көрсетуге және оны ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ бөлімшенің бағдарламалық іс-шараларына арналған шығындарды жабу үшін АзТМЭӘК пайдаланатын ақшалай ерікті түрдегі жарнаны (бұдан әрі «жарна» деп аталады) енгізуді ұсынғанын негізге ала отырып,
      Үкімет пен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2011 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшесін құруға қатысты келісім (бұдан әрі «Штаб-пәтер туралы келісім» деп аталады) жасағанын негізге ала отырып және
      Штаб-пәтер туралы келісімнің IV бабына сәйкес Үкімет пен Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі «Тараптар» деп аталады) үй-жайға орналасу және оны пайдалану, жарна бөлу және оны пайдалану шарттарын баяндай отырып, Келісім жасауға ниет білдіргенін негізге ала отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Үкімет бөлімшенің Қазақстан Республикасында болатын бүкіл кезеңіне не Штаб-пәтер туралы келісімнің IX бабының 3-тармағына сәйкес оның қолданысы тоқтатылғанға дейін коммуналдық көрсетілетін қызметтерге шығыстарды қоспағанда, жалдау ақысынсыз, салықтарсыз және басқа да алымдарсыз бөлімшенің пайдалануы үшін автомобиль тұрағымен бірге Алматыда Тараптар бірлесіп келіскен жерде орналасқан, ауданы кемінде екі жүз жетпіс шаршы метр үй-жайды оған орналасу және оны пайдалану үшін береді.

2-бап

      1. Үкімет беретін ақшалай жарнаны АзТМЭӘК бөлімше үй-жайға орналасқанға және оны пайдаланғанға дейін оны реконструкциялау, жөндеу және дайындау үшін пайдаланатын болады. Үкімет реконструкциялау мақсатында АзТМЭӘК талап ететін жөндеу жұмыстарына және үй-жайды оған орналасу және оны пайдалану үшін дайындауға жәрдемдесу үшін күш-жігерін салады.
      2. Бөлімше үй-жайға орналасқанға және пайдаланғанға дейін Үкімет пен АзТМЭӘК өкілдері үй-жайды тексереді және үй-жайдың жай-күйін сипаттай отырып, қабылдау туралы актіге қол қояды.

3-бап

      Егер Үкіметтің уәкілетті өкілдерінің үй-жайды тексеруі, жөндеуі, оған қызмет көрсетуі және реконструкциялауы үшін қажеттілік туындаса, Үкімет бөлімшені 1 (бір) ай бұрын жазбаша нысанда хабардар етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Үкіметтің аталған уәкілетті өкілдерінің ғимаратқа кіруін қамтамасыз етеді.

4-бап

      Үкімет үй-жайдың маңындағы қызметтің Біріккен Ұлттар Ұйымының үй-жайды пайдалануына қолайсыз әсер етпеуін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.

5-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымы үй-жайдың ішінде қосымшаға (осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады) сәйкес құны осы Келісімнің 10-бабында көрсетілген жарна есебінен өтелуге тиіс тұрақты техникалық қызмет көрсету мен ағымдағы жөндеу үшін жауапты болады. Үкімет алдыңғы сөйлемде тікелей көрсетілгендерді қоспағанда, үй-жайлардағы кез келген жөндеу мен өзгерістерге, оның ішінде екі Тарап үшін де тиімді болатын ғимараттың тірек конструкцияларын, ішкі инженерлік желілерді жөндеу мен ауыстыруға, конструкциялық өзгерістер мен жөндеуге жауапты болады және оларға жұмсалатын барлық шығындар мен шығыстарды өтеуге тиіс.

6-бап

      1. Үкіметті жазбаша түрде хабардар еткеннен кейін және Үкімет келіскен жағдайда, Біріккен Ұлттар Ұйымы үй-жайдың ішінде және сыртында өзгерістер жүргізе алады, монтаждық құрылғылар қоса алады және жапсарлас құрылыс, құрылыс және конструкциялар сала алады, сондай-ақ ғимараттың сыртында және үй-жайдың өзінде бөлімшенің тутұғырларын, маңдайша жазуларын және айырым белгілерін орнатуға құқылы. Бұл ретте ғимараттың ішінде, сыртында немесе оған жанасып жатқан монтаждық құрылғылар, жапсарлас құрылыс немесе құрылыс және жылжымайтын мүліктің бір бөлігі болып табылмайтын үй-жайлар Біріккен Ұлттар Ұйымының мүлкі болып саналуға және оны құрауға тиіс. Егер көрсетілген хабарлама Үкіметке берілген күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде қарсылық алынбаған болса, онда Үкіметтің келісімі алынды деп есептеледі.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымы өз есебінен мезгіл-мезгіл орнатуы мүмкін кез келген қондырғыларға, жапсарлас құрылысқа, жиһазға, жабдыққа және монтаждық құрылғыларға Біріккен Ұлттар Ұйымының меншік және иелік құқығы болады. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымының Келісімнің қолданылу кезеңі ішінде өзінің қалауы бойынша осы объектілердің барлығын не бөлігін алып тастау немесе ауыстыру құқығы болады. Мұндай жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мұндай ауыстырулардың салдарынан болған үй-жайдың зақымдануын жоюға тиіс.

7-бап

      1. Біріккен Ұлттар Ұйымы немесе оның қызметкерлері тарапынан болған өрескел абайсыздық жағдайларын, атап айтқанда өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамаған, қоршаған ортаға залал келтірген, техникалық жабдықты пайдаланудағы бұзушылықтар кезіндегі жағдайларды қоспағанда, үй-жайдағы кез келген шығын немесе залал үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы ешбір жағдайларда жауапты болмайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы азаматтық тәртіпсіздіктер, бүліктер, вандализм, әскери іс-қимылдар, су тасқыны, жер сілкіністері немесе басқа да форс-мажорлық мән-жайлардың салдарынан үй-жайдағы кез келген шығын немесе залал үшін жауапты болмайды.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымы өз есебінен Біріккен Ұлттар Ұйымының немесе оның қызметкерлерінің меншігіндегі монтаждық құрылғыларға, керек-жарақ пен жабдыққа келтірілетін шығыннан немесе залалдан сақтандырыла алады.
      3. Үкімет үй-жайға келтірілетін шығыннан немесе залалдан өз қалауымен және өз есебінен сақтандырылуы мүмкін.

8-бап

      1. Егер үй-жай өрттің немесе қандай да бір басқа себептің салдарынан бүлінсе, Үкімет үй-жай ішінара бүлінген жағдайда осындай бүлінуді қалпына келтіреді. Егер үй-жай өрттің немесе қандай да бір басқа себептің салдарынан толық бұзылса немесе өзгеше түрде одан әрі орналасу немесе пайдалану үшін жарамсыз болса, Үкімет Біріккен Ұлттар Ұйымына артық кідіріссіз Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін жарамды басқа қолайлы және ұқсас үй-жайды осы Келісімге сәйкес үй-жай берілетін шарттарға ұқсас шарттармен береді және осы үй-жайға көшуге байланысты барлық тікелей және жанама шығыстарды өтейді. Қалпына келтірілген немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін жарамды өзге қолайлы және ұқсас үй-жай болмаған жағдайда не үй-жай Біріккен Ұлттар Ұйымының пікірінше одан әрі орналасу және оны пайдалану үшін жарамсыз болған жағдайда, Тараптардың кез келгені екінші Тараппен консультациядан кейін Штаб-пәтер туралы келісімнің қолданысын оның IX бабына сәйкес тоқтата алады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер үй-жай қолжетімсіз болып қалған не оны өндіріп алған, жарамсыз деп таныған жағдайда немесе өзге заңды тәркілеу жағдайында, не егер Үкімет жаңа үй-жай ұсынған жағдайда, Үкімет Біріккен Ұлттар Ұйымына артық кідіріссіз Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін жарамды басқа қолайлы және ұқсас үй-жайды осы Келісімге сәйкес үй-жай берілетін шарттарға ұқсас шарттармен береді және бөлімшенің осы жаңа үй-жайға көшуіне байланысты барлық тікелей және жанама шығыстарды өтейді. Бөлімше жаңа үй-жай орналасу үшін жарамды болғанға дейін үй-жайда қала береді.

9-бап

      Бөлімше үй-жайды босатқан жағдайда, Біріккен Ұлттар Ұйымы қалыпты тозуды, табиғи факторлар мен құбылыстардың әсер етуінің не форс-мажорлық мән-жайлардың салдарынан бүлінуді қоспағанда, Үкіметке үй-жайды алған кезде қандай күйде болса, сондай күйінде береді, бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымынан осы Келісімнің 6-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Келісімге сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Үкімет жүзеге асырған реконструкциялар мен өзгертулерді есепке ала отырып, үй-жайды бастапқы қалпы мен күйіне дейін қалпына келтіру талап етілмейді.

10-бап

      1. Осы баптың 2-тармағында жазылған рәсімге сәйкес Үкімет АзТМЭӘК-тің билік етуіне 2016 жылдан бастап әр жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей 100 000 (бір жүз мың) АҚШ доллары мөлшеріндегі жыл сайынғы жарнаны береді. Жарна бағдарламалық іс-шараларға арналған шығыстарды, сондай-ақ бөлімшенің институционалдық және пайдалану шығындарын өтеу үшін пайдаланылады.
      2. Үкімет осы бапта көзделген қаражатты төменде көрсетілген деректемелерге сәйкес АзТМЭӘК-нің банк шотына орналастырады:

      Шоттың атауы:        UN ESCAP Technical Cooperation Trust Fund
      Банктің атауы:       JP Morgan Chase Bank
      Шот нөмірі:          485-002051
      Банктің мекенжайы:   International Agencies Banking Group
                           1166 Avenue of the Americas, 20th Floor
                           New York, NY 10036-2708
                           USA
      Банктің АВА коды:    021000021
      Банктің SWIFT коды:  CHASUS33

      3. Үкіметтің жарналарына жинақталған кез келген пайыздар осы Келісімнің 10-бабының 1-тармағына сәйкес жарна есебіне жазылады және осы Келісімге сәйкес пайдаланылады.
      4. Егер осы Келісімнің қолданылу мерзімі өткеннен немесе Штаб-пәтер туралы келісімнің IX бабына сәйкес ол тоқтатылғаннан және көзделген міндеттемелер орындалғаннан кейін жарнаның бір бөлігі және/немесе жарнаға есептелген пайыздар қалса, онда осындай жағдайда Тараптар, егер қолдану мүмкін болса, осындай кез келген жұмсалмаған қалдықты бөлімшенің кейінгі жылдардағы институционалдық және пайдалану шығындарын өтеу үшін пайдалануға уағдаласады.

11-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің қаржылық нормалары мен қағидаларына сәйкес жоғарыда аталған қаражатты алу және оларды әкімшілік басқару үшін нысаналы қор құрады. Нысаналы қор мен одан қаржыландырылатын іс-шаралар қолданылатын нормаларға, қағидаларға және шараларға сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының әкімшілік басқаруында болады.

12-бап

      Нысаналы қорға байланысты барлық қаржы шоттары мен есептер АҚШ долларымен жүргізіледі және жасалады.

13-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының қолданылатын нормалары мен қағидаларына сәйкес нысаналы қор бөлімшенің барлық институционалдық және пайдалану шығындарын және Тараптар жазбаша түрде келісуге тиіс басқа да шығындарды өтейді.

14-бап

      1. Осы нысаналы қордан қаржыландырылатын жабдыққа, керек-жараққа және басқа да мүлікке меншік Біріккен Ұлттар Ұйымында сақталады.
      2. Үкімет тек бөлімшенің пайдалануы мақсатында берген үй-жай немесе кез келген басқа объектілер Үкіметтің меншігінде қалады.

15-бап

      1. Нысаналы қор Біріккен Ұлттар Ұйымының қаржылық нормалары мен қағидаларында, сондай-ақ қолданылатын шараларда жазылған ішкі және сыртқы аудит рәсімдеріне ғана жатады.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымы Үкіметке келесі жылдың 15 наурызынан кешіктірмей Біріккен Ұлттар Ұйымының бухгалтерлік есеп пен есептілік рәсімдеріне сәйкес дайындалған әр жылдың 31 желтоқсанын қоса алғандағы кезеңде жарнаны пайдалану туралы жыл сайынғы есепті береді.

16-бап

      Осы Келісімге кез келген уақытта Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша өзара жазбаша келісім бойынша түзетулер енгізілуі мүмкін. Осындай кез келген түзетулер жазбаша түрде жасалады, оған екі Тарап та қол қояды және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

17-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

18-бап

      1. Осы Келісім Біріккен Ұлттар Ұйымы дипломатиялық арналар арқылы Үкіметтің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап не Штаб-пәтер туралы келісім күшіне енген күннен бастап осы күндердің қайсысы кешірек болуына байланысты күшіне енеді.
      2. Осы Келісімнің қолданылуы IX баптың 3-тармағына сәйкес Штаб-пәтер туралы келісім қолданысының тоқтатылуымен бір мезгілде тоқтатылады.

      2016 жылғы «__» _________ _____________ қаласында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әрқайсысы екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін қолдану және түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының          Біріккен Ұлттар
           Үкіметі үшін                    Ұйымы үшін

Келісімге қосымша

      Тұрақты техникалық қызмет көрсету жылу, ыстық және суық сумен жабдықтау, кәріз және электрмен жабдықтау жүйелерін, үй-жайлардағы жылу, ыстық және суық сумен жабдықтау және кәріз жүйелеріндегі болмашы ақауларды жедел жоюды қоса алғанда, Алматы қаласы, Амангелді көшесі, 68а үйде орналасқан жер учаскесі мен ғимарат шекарасындағы ішкі инженерлік желілерге қызмет көрсетуді білдіреді.

      Тұрақты ағымдағы жөндеу үй-жай ішіндегі жөндеуді, атап айтқанда түйіспе қысқыштарды, жекелеген іске қосу реттегіш аппараттары мен шырақтарды, қораптар мен жәшіктердегі жекелеген түйіспе қосылыстарды, бөлгіш күш беретін және жарық түсіргіш қалқандарды, сымның ақаулы учаскелерін, бұзылған ажыратқыштар мен розеткаларды, жанып кеткен сақтандырғыштарды ауыстыруды білдіреді, олардың құны осы Келісімнің 10-бабында көрсетілген жарна есебінен жабылуы тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады