"Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 тамыздағы № 457 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы

      Қазақстан Республикасының дамуына, мемлекеттілігінің қалыптасуы мен егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі тағайындалсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары;
      2) «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                          Н.Назарбаев

      Астана, Ақорда, 2016 жылғы
                №

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2016 жылғы     
№ Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН     

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары

      1. Осы Қағидалар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен (бұдан әрі – мерекелік медаль) наградтау тәртібін реттейді.
      2. Мерекелік медальмен Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары және шетел азаматтары наградталады.
      3. Мерекелік медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар енгізеді.
      4. Мерекелік медальді Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады.
      Мерекелік медальді Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша сондай-ақ:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы;
      2) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ Мемлекет басшысы осыған уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар тапсыра алады.
      Наградталған адамға медальмен қоса белгіленген үлгідегі куәлік табыс етіледі.
      5. Мерекелік медальді тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі және наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентінің наградтау туралы Жарлығы жария етіледі.
      6. Мерекелік медаль сол жақ омырауға тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары болған жағдайда олардан кейін орналасады.
      7. Мерекелік медальдің табыс етілгендігі туралы наградтауға арналған тізімге тиісті жазба жазылады.
      Табыс етілмеген медальдар мен олардың куәліктері қайтарылу себептері көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Ордендер қоймасына қайтарылады, бұл туралы тізімдерге тиісті белгі қойылады.
      Жүргізілген наградтаулардың есебін, сондай-ақ мерекелік медальдардың тапсырылу барысы туралы есептелікті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2016 жылғы     
№ Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН     

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы

      «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі (бұдан әрі – мерекелік медаль) диаметрі 34 мм дұрыс шеңбер нысанында болады.
      Мерекелік медальдің бет жағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы логотипі орналасқан. Төменгі бөлігінде ұлттық ою бейнесі орналасқан.
      Мерекелік медальдің сыртқы бетінің ортаңғы бөлігінде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» бедерлі жазуы орналасқан.
      Мерекелік медаль сары түсті металдан (жезден) дайындалады.
      Мерекелік медаль құлақша мен шығыршық арқылы көгілдір түсті лентамен қапталған ені 32 мм және биіктігі 50 мм болатын тағанға жалғанады.
      Мерекелік медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады