Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында қаржы саласында ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасу туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 қазандағы № 572 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2014 жылғы 23 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында қаржы саласында ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасу туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі

Б. Сағынтаев



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 қазандағы № 572 қаулысымен бекітілген

Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында қаржы саласында ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасу туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі және Беларусь Республикасының Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Ресей Федерациясының Орталық банкі,
      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 70-бабының ережелерін негізге ала отырып,
      қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында,
      өзара тиімді ынтымақтастықты өзінің қолдау ниеті туралы мәлімдей отырып,
      Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің, Халықаралық есеп айырысу банкінің, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ), Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығының, Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындаудың маңыздылығын ұғына отырып,
      қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың және инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ұмтылысты бөлісе отырып,
      ақпарат алмасу тәртібін айқындау және оны қаржы нарықтары саласындағы ықпалдасу процестерін тереңдету мақсатында пайдалану, сондай-ақ қаржы нарығы қатысушыларының құқықтарын қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) уәкілетті органдары арасында құпия ақпарат алмасуды қамтамасыз ету қажеттілігін тани отырып,
      Тараптар қолданатын құпия ақпаратты қорғау тәсілдері мен деңгейін балама және барабар деп тани отырып,
      төмендегілер туралы келісті:
 

1-тарау. Жалпы ережелер

  1-бап. Анықтамалар

      Осы Келісімде мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
      "сұрау салынатын орган" – мүше мемлекеттің осы Келісімге сәйкес атына ақпарат беру туралы сұрау салу жіберілетін уәкілетті органы;
      "сұрау салушы орган" – мүше мемлекеттің осы Келісімге сәйкес ақпарат беру туралы сұрау салу жіберетін уәкілетті органы;
      "құпия ақпарат" – мүше мемлекеттің уәкілетті органына келіп түсетін, өз өкілеттіктерін іске асыру шеңберінде оның иелігінде болатын, мемлекеттік немесе мүше мемлекеттің заңнамасымен оған теңестірілген құпия (мемлекеттік құпия) болып табылмайтын, қолжетімділігі шектеулі және мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес құпия ретінде қаралатын ақпарат;
      "бас (негізгі) ұйым" – бір мүше мемлекеттің дауыс беретін акциялардың (үлестердің) 50 пайызынан астамын тікелей немесе жанама түрде иеленген (сатып алған) және (немесе) басқа мүше мемлекеттің қаржы ұйымының шешімдер қабылдауына ықпал етуге мүмкіндігі бар заңды тұлға не бір мүше мемлекеттің басқа мүше мемлекеттің аумағында осы басқа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес филиалы, өкілдігі бар (құратын) қаржы ұйымы;
      "трансшекаралық ұйым" – мүше мемлекеттің аумағында құрылған (құрылатын), басқа мүше мемлекеттің заңды тұлғасы дауыс беретін акциялардың (үлестердің) 50 пайызынан астамын тікелей немесе жанама түрде иеленген (сатып алған) және (немесе) шешімдер қабылдауына ықпал етуге мүмкіндігі бар қаржы ұйымы және (немесе) бір мүше мемлекеттің басқа мүше мемлекеттің аумағында осы басқа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрған (құратын) филиалы, өкілдігі;
      "уәкілетті орган" – мүше мемлекеттің осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаржы нарығын, қаржы ұйымдарын (қаржы нарығының жекелеген салаларын) реттеуді және (немесе) қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктері бар органы;
      "қаржы ұйымы" – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаржы нарығында қаржылық қызметтер ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      "қаржылық көрсетілетін қызметтер" – банктік көрсетілетін қызметтер, сақтандыру көрсетілетін қызметтерін және сақтандыру қызметтеріне жататын көрсетілетін қызметтер, бағалы қағаздар нарығында көрсетілетін қызметтер қамтылатын қаржылық сипаттағы көрсетілетін қызметтер;
      "қаржы нарығы" – мүше мемлекеттердің банктік көрсетілетін қызметтер нарығы, сақтандыру көрсетілетін қызметтері және сақтандыру қызметтеріне жататын көрсетілетін қызметтер нарығы, бағалы қағаздар нарығы.

2-бап. Келісімнің нысанасы

      1. Осы Келісімнің нысанасы бір мүше мемлекеттің уәкілетті органдарының ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасу бойынша басқа мүше мемлекеттің уәкілетті органдарымен өзара іс-қимылы шеңберінде туындайтын қатынастар болып табылады.
      2. Уәкілетті органдар ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасуды оны пайдалану және тарату тәртібіне мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген талаптарды ескере отырып жүзеге асырады.
 
 

       2-тарау. Қаржы нарығында ақпарат алмасу және уәкілетті органдардың өзара консультациялары

3-бап. "Интернет" ақпараттық-коммуникациялық желісіндегі ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету тәртібі

      1. Уәкілетті органдар осы баптың 2-тармағында көзделген ақпаратқа қолжетімділікті: тоқсан үшін – есепті тоқсаннан кейінгі күнтізбелік 60 күннен кешіктірмей, жылдың қорытындысы бойынша – есепті жылдан кейінгі күнтізбелік 120 күннен кешіктірмей "Интернет" ақпараттық-коммуникациялық желісіндегі өздерінің ресми сайттарында (бұдан әрі – ресми сайттар) арнайы бөлінген бөлімде қамтамасыз етеді.
      2. Уәкілетті органдардың ресми сайттарында қаржы нарығының жай-күйі және қаржы ұйымдарының қызметі туралы мынадай ақпарат орналастырылады (мүше мемлекеттердің әрқайсысы бойынша):
      1) егер мұндай жобалар мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тұлғалардың шектеусіз тобына жария етілсе, қаржы ұйымдарының қызметі және қаржылық қызметтер көрсету мәселелеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары;
      2) мүше мемлекеттің қаржы ұйымдары және тіркелген трансшекаралық ұйымдары туралы жалпы ақпарат, ол мынадай мәліметтерді қамтиды:
      тиісті қаржы нарығы;
      трансшекаралық ұйымдардың атаулары;
      рұқсаттардың және (немесе) лицензиялардың (мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің) түрі және берілген күні;
      3) банктік көрсетілетін қызметтер саласында:
      тұтастай алғанда банктердің, оның ішінде трансшекаралық ұйымдардың активтері;
      тұтастай алғанда банктердің, оның ішінде трансшекаралық ұйымдардың міндеттемелері;
      тұтастай алғанда банктердің, оның ішінде трансшекаралық ұйымдардың меншікті капиталы;
      4) сақтандыру көрсетілетін қызметтері саласында:
      тұтастай алғанда нарық бойынша сақтандыру ұйымдарының, оның ішінде трансшекаралық ұйымдардың жиынтық активтері;
      тұтастай алғанда нарық бойынша сақтандыру ұйымдарының, оның ішінде трансшекаралық ұйымдардың меншікті капиталы;
      тұтастай алғанда нарық бойынша сақтандыру ұйымдарының, оның ішінде трансшекаралық ұйымдардың сақтандыру резервтері;
      тұтастай алғанда нарық бойынша сақтандыру ұйымдарының, оның ішінде трансшекаралық ұйымдардың сақтандыру сыйлықақылары;
      тұтастай алғанда нарық бойынша сақтандыру ұйымдарының, оның ішінде трансшекаралық ұйымдардың сақтандыру төлемдері;
      5) бағалы қағаздар нарығы саласында – бір мүше мемлекет эмитенттерінің басқа мүше мемлекеттердің ұйымдасқан бағалы қағаздар нарығында айналымға жіберілген бағалы қағаздары бойынша мәмілелердің саны мен көлемі;
      6) уәкілетті органдар жеке уағдаласа алатын және мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін алмасу туралы өзге де ақпарат.
      3. Еуразиялық экономикалық комиссия осы баптың 2-тармағында көзделген ақпаратты жинауды жүзеге асырады және оны уәкілетті органдардың өз ресми сайттарында орналастыру мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында жинақталған ақпаратты орналастыруды жүзеге асырады.
      4. Уәкілетті органдар осы баптың 2-тармағында көзделген ақпаратты өз ресми сайттарында орналастыруға жауапты құрылымдық бөлімшелер туралы мәліметтерді осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияға ұсынады.
      Басқа жауапты бөлімшелер тағайындалған немесе өзге де өзгерістер болған жағдайда, уәкілетті органдар бұл туралы тиісті өзгерістер енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияға хабарлайды.
      Уәкілетті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-біріне және Еуразиялық экономикалық комиссияға хабарлайды.
 

4-бап. Уәкілетті органдардың өзара консультациялары

      1. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес уәкілетті органдар қаржы нарығы саласында өздерінің құзыретіне (өкілеттіктеріне) кіретін мынадай мәселелер бойынша өзара консультацияларды және пікірлер алмасуды жүзеге асыратын болады:
      1) өз мемлекеттерінің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, қадағалау және бақылау саласындағы заңнамасы және нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, сондай-ақ халықаралық тәжірибені және ең озық халықаралық практиканы ескере отырып, өз мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіру бағыттары;
      2) салымдарға, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру мәселелерін қоса алғанда, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың және инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйелерін дамыту;
      3) мүше мемлекеттердің құқық қолдану практикасы туралы ақпарат алмасу;
      4) уәкілетті органдар қызметкерлерінің техникалық дағдыларын жақсарту және біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар, біліктілік курстарын, жұмыс кездесулерін ұйымдастыруға жәрдемдесу;
      5) тұтастай алғанда қаржы нарығында және аталған нарықта жұмыс істейтін жекелеген қаржы ұйымдарының қызметінде туындайтын тәуекелдерді анықтау және бағалау, тәуекелдерді басқару жүйесін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды жетілдіру;
      6) мүше мемлекеттер халқының қаржылық сауаттылығын арттыруға жәрдемдесу, сондай-ақ қызметтер көрсетуге, оның ішінде қаржы омбудсмені институты арқылы қызмет көрсетуге байланысты дауларды сотқа дейін шешу институттарын құру және дамыту;
      7) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қаржы ұйымдарында басшы лауазымындағы адамдардың және қаржы ұйымдарын басқаруға қатысатын өзге де адамдардың біліктілігі мен іскерлік беделіне қойылатын талаптарды жетілдіру;
      8) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, қадағалау және бақылау барысында туындайтын өзге де мәселелер.
      2. Уәкілетті органдар қаржы нарығын реттеу, қадағалау және бақылау мәселелері бойынша пікір алмасуды, оның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия жанындағы Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитет шеңберінде жүзеге асырады.
 

3-тарау. Қаржы нарығы аясында ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасу

5-бап. Қолданылу саласы

      1. Уәкілетті органдар өз құзыреті (өкілеттіктері) шегінде кез келген уәкілетті органның мынадай ақпаратты қоса алғанда, барынша толық көлемдегі сұрау салуы бойынша ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасуды жүзеге асырады:
      1) мемлекеттік тіркеу, лицензияда (рұқсатта) көзделген қызмет, басқа мүше мемлекетте тіркелген қаржы ұйымының акцияларын (қатысу үлестерін) иеленуге келісім беру немесе келісім беруден бас тарту, банк тобының (банк холдингінің), банк конгломератының құрамы, бас (негізгі) ұйымды басқару құрылымы (органдардың құрамы), бас (негізгі) ұйымды басқару және ішкі бақылау жүйесі, акционерлер (қатысушылар), үлестес тұлғалар, филиалдар, өкілдіктер, сондай-ақ оларға қатысты басқа мүше мемлекеттің қаржы нарығында жұмыс істейтін ұйымның жарғылық капиталға басымдықпен қатысуына байланысты, не жасалған шартқа сәйкес, не көрсетілген ұйымдардың басқару органдары қабылдайтын шешімдерді өзгеше түрде айқындау мүмкіндігі бар ұйымдар;
      2) трансшекаралық ұйым ашу туралы шешім қабылдауға қажетті ақпарат, оның ішінде бас (негізгі) ұйымның қаржылық жай-күйі туралы мәліметтер;
      3) қаржы ұйымдарының қызметін қадағалау және бақылау, олардың пруденциялық нормативтерді сақтау мониторингі;
      4) бас (негізгі) ұйымға және трансшекаралық ұйымға, сондай-ақ тұрақты трансшекаралық операцияларды жүзеге асыратын қаржы ұйымдарына қатысты жүргізілген тексерулер және олардың нәтижелері;
      5) бас (негізгі) ұйымға, трансшекаралық ұйымға не оларда басшылық лауазымындағы тұлғаларға қатысты ықпал ету шараларын және санкцияларды қолдану;
      6) қаржы ұйымдарының, оның ішінде бағалы қағаздар эмитенттерінің мүше мемлекеттердің ақпаратты жария етуге қатысты заңнамасын сақтау мониторингінің нәтижелері;
      7) инсайдерлік ақпаратты заңсыз пайдалану, нарықпен айла-шарғы жасау нысанында ұйымдасқан сауда-саттықта теріс пайдалануды болдырмау, анықтау және жолын кесу, заңға қарсы немесе өзге де заңсыз операцияларды, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға байланысты операцияларды, сондай-ақ реттелуі уәкілетті органдардың құзыретіне (өкілеттігіне) кіретін қаржы нарығындағы өзге де бұзушылықтарды анықтау;
      8) мүше мемлекеттердің сақтандыру нарықтарында трансшекаралық сақтандыру және қайта сақтандыру операцияларын жүргізу;
      9) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес уәкілетті органдардың құзыретіне (өкілеттіктеріне) жататын өзге де ақпарат.
      2. Егер осы Келісімде көзделген ақпарат сұрау салынатын органның мемлекетінде тікелей бар болса немесе алынуы мүмкін болса, осы орган сұратылатын ақпаратты толық көлемде алуға көмек көрсету үшін барлық күш-жігерін қолданатын болады.
      3. Уәкілетті орган құпия ақпаратты ұсыну туралы сұрау салуды (бұдан әрі – сұрау салу) өзінің функцияларын жүзеге асыру мақсатында ғана жібере алады.

6-бап. Құпия ақпарат алмасу тәсілдері

      Уәкілетті органдар құпия ақпарат алмасуды жазбаша нысанда, көзбе-көз консультациялар нысанында және Тараптар мүдделі болған жағдайда жазбаша нысанда кейіннен ықтимал растай отырып, қорғалған байланыс арналары бойынша электрондық нысанда жүзеге асырады.
      Тараптар құпия ақпарат алмасу тәсілін пайдалануды Тараптар мүдделі болған жағдайда екіжақты негізде келіседі.
 

7-бап. Құпия ақпарат ұсыну туралы сұрау салудың мазмұны

      1. Сұрау салуда мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
      1) сұрау салушы органның атауы;
      2) сұрау салынатын органның атауы;
      3) осы Келісімге сілтеме;
      4) сұрау салу жіберуге негіз болған фактілердің сипаттамасы;
      5) құпия ақпарат сұратылатын субъектілердің атауы;
      6) сұрау салудың мақсаттарын баяндау;
      7) сұрау салынған құпия ақпараттың сипаттамасы;
      8) болжамды түрде сұратылатын ақпарат бар адамдар туралы мәліметтер (бар болса);
      9) сұратылатын құпия ақпаратты алу кезінде қажетті сақтық шаралары туралы мәліметтер;
      10) ережелері сұратылатын ақпаратқа қатысты фактілермен бұзылатын нормативтік құқықтық актілерге сілтеме;
      11) сұрау салушы орган өкілдерінің сұрау салуды орындауға қатысу қажеттілігі туралы мәліметтер;
      12) сұрау салуды орындауға қажетті өзге де мәліметтер.
      2. Сұрау салуға сұрау салушы органның басшысы не басшының орынбасары қол қояды.
      3. Алынған сұрау салудың төлнұсқалығына немесе мазмұнына қатысты күмән туындаған кезде сұрау салынатын орган осы сұрау салудың жазбаша нысанда жіберілгенін растауды сұратуға құқылы.
 

8-бап. Уәкілетті органдардың сұрау салуды орындау кезіндегі өзара іс-қимылы

      1. Сұрау салынатын орган қажет болған жағдайда, егер бұл сұрау салынатын орган мемлекетінің заңнамасына қайшы келмейтін болса, сұрау салушы органның өкілдерінің сұрау салуды орындауға қатысуына рұқсат етуі мүмкін.
      2. Уәкілетті органдар трансшекаралық ұйымдардың қызметін реттеу, қадағалау және бақылау мәселелері бойынша құпия ақпарат (пікірлер) алмасуды кездесулер, бірлескен кеңестер, келіссөздер жүргізу, сондай-ақ осы мақсаттарда мүше мемлекеттерге қызметкерлерді жіберу арқылы жүзеге асыруға құқылы.
 

9-бап. Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салу келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде сұрау салынатын орган мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен орындалады. Сұрау салуды мерзімінде орындауға кедергі келтіретін немесе кешіктіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, сұрау салынатын орган сұрау салу келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе кешіктіретін себептерді көрсете отырып, сұрау салушы органның атына бұл туралы хабарлама жібереді.
      2. Сұрау салуға жауап, оның ішінде сұрау салуды орындаудан бас тарту сұрау салушы органға жазбаша нысанда ұсынылады.
 

10-бап. Сұрау салуды орындаудан бас тарту

      1. Сұрау салынатын орган мынадай:
      1) сұрау салуды орындау сұрау салынатын орган мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келген;
      2) сұрау салынатын орган мемлекетінің құзыретті органдары сұрау салу жіберілген фактілерге немесе адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалған не көрсетілген адамдарға немесе көрсетілген фактілер бойынша сұрау салынатын орган мемлекетінің құзыретті органдары санкциялар қолданған (сұрау салушы орган болжанатын санкциялар осындай құқық бұзушылықтар үшін жаза болып табылмайтын негіздемелер ұсынған жағдайларды қоспағанда);
      3) сұрау салу осы Келісімнің 7-бабында белгіленген талаптар бұзыла отырып жасалған;
      4) сұратылатын ақпаратты беру сұрау салынатын орган мемлекетінің егемендігіне залал келтіруі немесе ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғауы мүмкін жағдайларда сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуға құқылы.
      2. Сұрау салуды орындаудан бас тартқан немесе ішінара бас тартқан кезде сұрау салынатын орган сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей бас тарту (ішінара бас тарту) себептерін көрсете отырып, сұрау салушы органның атына бұл туралы хабарлама жібереді.

11-бап. Уәкілетті органдардың өз бастамасымен ұсынатын ақпараты

      Кез келген уәкілетті орган өз бастамасымен басқа уәкілетті органнан сұрау салу болмаған кезде, оның пікірінше, тиісті реттеуші, қадағалау және бақылау функцияларын жүзеге асыру кезінде басқа уәкілетті орган үшін пайдалы болуы мүмкін ақпаратты ұсына алады немесе ұсынуды қамтамасыз ете алады. Бұл ретте осы Келісімнің ережелері, егер осы бапқа сәйкес ақпаратты ұсынушы уәкілетті орган ақпаратты беру осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатынын көрсеткен болса, қолданылатын болады.

12-бап. Ақпаратты пайдалану

      Сұрау салушы орган осы Келісім шеңберінде алынған құпия ақпаратты сұрау салуда көрсетілген мақсаттарда ғана пайдалана алады.

13-бап. Ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету

      1. Осы Келісімнің 5-бабына сәйкес көрсетілген құпия ақпарат бұл ақпаратты ұсынған уәкілетті органның жазбаша келісімінсіз қандай да бір үшінші тарапқа берілмейді.
      2. Уәкілетті органдар осы Келісімді орындау мақсатында берілетін құпия ақпаратқа қол жеткізуге рұқсаты бар адамдар санын осындай хабардар адамдардың тобын мұндай ақпаратқа қол жеткізу қызметтік міндеттерін орындау үшін қажетті қызметкерлермен және мамандармен ғана шектей отырып, барынша қысқартады.
      3. Сұрау салынатын орган сұрау салуға жауап дайындаған кезде бүкіл ұсынылатын ақпарат немесе оның бөлігі сұрау салынатын орган мемлекетінің заңнамасына сәйкес құпия болып табылатынын хабарлайды.
      Сұрау салушы орган құпия ақпаратпен жұмыс істеген кезде өзінің құпия ақпаратына қатысты пайдаланылатын қорғау шараларын қолданады.
      4. Осы баптың 1-тармағында және 3-тармағының екінші абзацында көзделген талаптарды бұзғаны, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес алынған құпия ақпаратты заңсыз пайдаланғаны үшін сұрау салушы орган, оның қызметкерлері мен мамандары өзінің құпия ақпаратын жария еткені үшін сұрау салушы орган мемлекетінің заңнамасында көзделген жауаптылықта болады.
      5. Кез келген Тарап құпия ақпаратты қорғау талаптары мен тәртібін өзгерту туралы шешім қабылдаған жағдайда, осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы бұл өзгерістер туралы басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына хабарлайды.
      6. Осы Келісімнің қолданылу кезеңінде берілген немесе алынған құпия ақпаратқа қатысты осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, осы Келісімнің 12-бабында және осы бапта көзделген оны пайдалану және қорғау жөніндегі шаралар құпия ақпаратты берген уәкілетті орган олардың күшін жою туралы тиісті хабарлама бергенге дейін қолданыла береді.

14-бап. Ақпарат алуға байланысты шығыстар

      Егер уәкілетті органдар өзге тәртіпті келіспесе, олар осы Келісімді өз мемлекетінің аумағында орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді.
      Сұрау салынатын орган осы Келісімге сәйкес сұрау салуды орындауға байланысты елеулі шығыстарға ұшырауы мүмкін деп санаған жағдайда, уәкілетті органдар сұрау салуды орындауға шығындарды бөлу туралы әділ шешім қабылдау мақсатында алдын ала консультациялар өткізу туралы уағдаласады.
 

4-тарау. Қорытынды ережелер

15-бап. Өзгерістер енгізу

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

16-бап. Осы Келісімге қосылу шарттары

      Осы Келісімге қосылатын мемлекет мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген құпия ақпаратты қорғау деңгейіне балама болатын құпия ақпаратты қорғау деңгейін қамтамасыз етеді.

17-бап. Даулы мәселелерді шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар, уәкілетті органдар арасындағы даулар консультациялар және келіссөздер жүргізу арқылы, оның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияның жәрдемдесуімен шешіледі.
      Егер дауды Тараптар, уәкілетті органдар даудың бір тарапы даудың басқа тарапына жіберген консультациялар және (немесе) келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш келіп түскен күннен бастап 6 ай ішінде реттемесе, дау тараптарының кез келгені осы дауды Еуразиялық экономикалық одақтың Сотына қарау үшін бере алады.

18-бап. Келісімнің басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Келісім мүше мемлекеттер қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын әрбір Тараптың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

19-бап. Осы Келісімнің күшіне енуі

      1. Осы Келісім депозитарий дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап, бірақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енетін күннен ерте емес күшіне енеді.
      2. Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіреді.
      2014 жылғы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.

Беларусь
Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь
Республикасының
Ұлттық банкі үшін

Қазақстан
Республикасының
Үкіметі үшін

Қазақстан
Республикасының
Ұлттық Банкі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Орталық банкі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады